Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Лев Толстой. Махаббатсыз өмір сүру оңайырақ...

19.11.2018 5897

Лев Толстой. Махаббатсыз өмір сүру оңайырақ

Лев Толстой. Махаббатсыз өмір сүру оңайырақ - adebiportal.kz

Мен православиялық христиан дінінің өкілі ретінде шоқындырылдым да, осы бағытта тәрбие алдым. Балалық шағым, өскелең кезім мен жастығым осынау жалынның ішінде мұрныма түтіннің иісі де сезілместен сырғып өтіп жатты. Бірақ он сегізге толғанда, университеттің екінші жылында осы күнге дейін адамзат үйреткен дүниелерге деген сенімсіздік пайда бола бастады. Менің діни сенімнен сескенуім ғылым қоймасында жүрген кез-келген адамның санасында бар және бұдан кейін де бола беретін жағдай. Адамдар барша тіршілік атаулымен бірдей өмір сүреді, ал күллі тіршілік өзінің даму барысында әрдайым бастапқы тіршілік формаларына сүйенбек, бұл бастапқы тіршілік діни сенімге еш қатыссыз болып қана қоймай, сонымен қатар, оған өте қарама-қайшылықта қалыптасады; шындығында, діни сенім – өмірмен де, адамдардың бір-біріне деген арақатынасымен де үш қайнаса да сорпасы қосылмай, олардан тәуелсіз тыныстайтын дүние. Сонымен, менің бала кезден білетін жаттанды діни сенімім өзге адамдардың түсінігінде қалай жойылса, дәл солай өз көкірегімде де күл парша болды, бірақ менің олардан айырмашылығым оқумен жастайымнан айналысып, дамылсыз ойланудың арқасында бұл құбылыс саналы түрде қалыптасқан еді. Он алты жасымнан бастап шіркеуге баруды да, құлшылық жасауды да қойдым. Бірақ, бір қызығы мен әлденеге сенетінмін. Нақты неге сенгенімді сипаттап айта алмасам да, Құдайға сенетінімді білем, дәлірек айтқанда, мен Құдайды жоққа шығармадым. Жо-жоқ мен Христосты да, оның діни ілімін де, яки басқа діни сенімдердің ешқайсысын да жоққа шығармаймын, бірақ олардың нақты діңгегі неде екенін де түсіндіріп беруге құлқым жоқ. Және сол кездегі менің өмірімді жануарлық инстинктен бөлек, алға қарай жылжытушы жалғыз сенім – өзімді жетілдіруге деген шексіз құлшыныс болыпты. Дәл сол себепті, өмірде ұшырасқан дүниелерден мүмкін болғанның бәрін үйрене бердім, барлығын жадыма тұттым. Өзіме-өзім заңдылықтар орнатып, өмір сүру қағидаларын бекіту арқылы шыдам мен төзімнің ең биік шыңына өрмелемек болдым. Мен өз еркімді өзім тәрбиелегім келді. Мұның бәрі - адами тұрғыдан жетілудің жолдары мен адамгершілікке ұмтылу бастаулары ғана. Бірақ, көп ұзамай, Құдай алдында, өз арымның алдында асқақ болу аңсары, күллі адамзаттың алдында биіктікке қол созу тілегімен алмасты. Сонсоң, басқа адамдардың алдында биік тұру құлшынысы басқалардан озық әрі мықты болуға шексіз талпыныспен ауысқан-ды. Өзгелерден даңтырақ, маңыздырақ, рухани қайнарлырақ болуға...

Менің әріптестерім өмірді үнемі даму үстінде болатын процесс және бұл процесте ең басты рөлді – біз, яғни ойшыл адамдар иеленеміз деп есептейтін. Ойшыл адамдардың санатына суретшілер (жазушы мағынасында) мен ақындар жатқызылады. Біздің бұл өмірдегі ең басты міндетіміз – адамдарды үйрету. Мен суретшімін, ақынмын... жаздым... үйреттім... нені үйреткенімді өзім де білместен өле-өлгенше үйретумен болдым. Маған бұл үшін ақша төленді, тамақ, үй, әйел, қоғам, даңқ, бәрі-бәрі берілді. Соған қарағанда, менің үйреткен нәрсем өте жақсы болса керек...

Ал діни сенімге селкеу түсіруімнің басты себебі бұл сенімді уағыздаушылардың үнемі бір-бірімен келісімге келе алмауында еді. Олар үнемі: «Біз ең жақсы әрі пайдалы жолда жүрміз, біз үйреткен дүниелер ғана дұрыс, қалғандардікі – адасу!» - дейді. Екінші бір діни сенім өкілінің алдыңғысы жайлы пікірі де осылайша өрбімек. Бұл ғана емес, сонымен қатар, ағамның көз жұмуы да мені сан түрлі ойлардың тұңғиығына батыра берді. Ақылды, мейірімді, байыпты, бірқалыпты өмір кешкен ағам жастайынан ауырып, бір жыл бойы ауыр дерттің азабын тартып, ақыр соңында не үшін өмір сүргенін білместен, не үшін өліп бара жатқаны одан да жұмбағырақ кейіпте қалып, қинала көз жұмды. Ал бұл сұрақтарға ешқандай діни сенім де, ешқандай теория да нақты жауап бере алмайтын еді. Бірақ, бұлар – тек белгілі бір уақыт аралығында туындаған күдіктер. Ашығында, мен прогресске сенім артып өмір сүруді жалғастыра бердім.

Губерниядағы мектепте балаларға сабақ беретінмін. Оларға нақты не үйрететінімді білмесем де, білім беруді жалғастырдым. Білімсіз халықты мектепте, білімділерді әртүрлі газет-жорнал беттерінде оқытумен айналыстым. Нақты не нәрсеге үйрететініңді білмей тұрып ешкімді ештеңеге үйретуге болмайтынын онсыз да жақсы түсінетінмін, өйткені адам психологиясынан өзгелерді әртүрлі дүниелерге үйреткісі келетінін, бірақ сөз таластыру арқылы бір-бірін нақты не нәрсеге үйреткісі келетінін өздері де білмегенін жасырғандығын аңғардым. Сонсоң өзім де не нәрсеге үйрете алатынымды білмегендіктен, мектептегі балаларды, өздері нені үйренгісі келсе, сол нәрсеге баули бастағанмын. Күндердің күнінде: «Жақсы. Мен бай болайын, ақылды болайын. Пушкиннен де, Шекспирден де, Мольерден де, әлемдегі барлық жазушылардан ұлы әрі биік болайын. Ал сонсоң ше? Сонсоң не болмақ?!» - деген сұраққа тап болды. Ештеңе дей алмай, ешқандай жауап бере алмай кібіртіктеп сол жерде қала бердім...

Өмір тоқтап қалғандай... Мен жеу, ішу, ұйықы сынды әрекеттерді жасай алам. Ал жемеу, ішпеу, ұйықтамау сияқтыларды жасай алмаймын. Бар болғаны сол. Тіпті сиқыршы келіп тілектерімді орындаймын десе де, мен ештеңе тілей алмас едім. Тіптен ақиқатты тануды да қаламадым. Себебі оны онсыз да сезетінмін. Ақиқат - бұл өмірдің мәнсіздігінде секілді көрінді де тұрды...

Мен өмір сүріп келем... қайда екені белгісіз бір жаққа бара жатырмын... кенет алдымнан құз шықты да, одан өзге ештеңе жоғын ұқтым. Бірақ бұл кезде тоқтауға да, шегінуге де болмайтын еді. Өмірдің өтірігі мен жалған бақытынан, шынайы қайғысы мен шынайы өлімінен өзге ештеңесі жоғын көрмеу үшін көзді тарс жұмып алуға да дәрмен жоқ. Кенет, 30-40 жыл бойы өмір сүріп, білім алып, сананы дамыта келе, ең соңында, өмірде ештеңе жоқтығын, ештеңе болмағанын, ештеңе болмайтынын да әзер түсінген менің бұл хәліме сыртымнан қарап әлдебіреу яки әлдебір көздер күліп тұрғанын сезінгендей болдым. Ал, маған күліп қарап тұрған әлдекімнің бар-жоғынан жағдайым еш жеңілдемесі анық. Мен өлім айдаһары алдымнан күтіп тұрғанын білсем де, өмір ағашының бұтағынан ұстап алып салбырап тұрмын. Мұнша қиналысқа не үшін тап болғанымды өзім де білмеймін. Бір кездері жанымды рахатқа бөлеген араның тәп-тәтті балын жалағым келеді, бірақ, ол маған бұрынғыдай қуаныш пен ләззәт бере алмайтынын ұққандаймын. Ал ілініп тұрған бұтағымның түбін бірі ақ, бірі қара екі тышқан кеміруде... олар сырғып бара жатқан күндерім мен түндерім болса керек... бұл ешқандай ертегі де, түс те емес, өмірдің бар ақиқаты еді...

Мен малтаған тәтті бал – отбасым мен жазушылыққа деген махаббатым. Дәл қазір өзіме де беймәлім себептердің салдарынан дәмі қашқан... Отбасым – әйелім мен балаларым – олар да адам... олар да мен тұрған бұтақта. Сүйгендігімнен ақиқатты жасырып қала алмаймын. Таным көкжиегіндегі әрбір ұмтылыс онсыз да оларды осы ақиқатқа жетелемей ме? Ақиқат – өлім.

«Өнер, поэзия?..» Мақтанға мас болып жүріп, бұлар ешбір өлім қаупіне қарамастан іске асыра беруге тұрарлық іс деп өзімді сендіріп келдім. Бірақ, мұның бәрі – тәтті өтірік. Өнер – өмір бояуы, бар болғаны уақытша алданыш екен...

***

...Бір күні... мүмкін, мен бір нәрсені мүлт жіберіп алған болармын? Бір нәрсені ұқпай қалдым ба екен?.. Осыншама адамның өлетінін біле тұрып өмірді сүре беруінің соңы бос әуре болып шығуы мүмкін емес қой деген оймен ауыр ізденіске тағы түстім. Күллі ғылымнан өмірдің мәнін іздей бастадым. Ғылым атаулының бәрі әр адамдың көкейіндегі сұрақтардың жауабын беру барысында екі ірі, қарама-қайшы жартышарға бөлінбек. Бірақ екі полюсте де нақты жауап жоқ. Математика сынды бірқатарлы ғылымдар бұл сұрақты мойындамастан, өз сұрақтарын ғана алға тартып, өз жауаптарын ғана нақтылайды. Мәселен, сен «не үшін өмір сүремін?» - деп сұрасаң, олар: «сенің не үшін өмір сүретініңді біз білмейміз, әрі мұнымен айналыспаймыз. Бірақ, егер саған жарық заңдылықтары, химиялық байланыстар, дене-мүшелерінің даму заңдылықтары, өз санаңның құрылысы мен жетілуі жайлы білу керек болса, бұлардың бәріне біздің нақты әрі дәлме дәл, еш күмәнсіз жауабымыз бар», - дейді. Ал екінші жартышардағы ғылымдар сұрақты мойындайды, бірақ жауабын бермейді. Бұлар – ақылтанымдық ғылымдар, олардың ең соңғы нүктесі – метафизика.

«Әбігерлік әбігерлейді – дейді Сүлеймен – барлығы әбігерлік. Адамзатқа күн астында жасаған барлық еңбегінен келіп кетер не бар? Ұрпақтар кетеді, келеді, ал, жер ғасырлар бойы бәз қалпында қалмақ. Не бар сол болады, не жасалса сол жасалады; күн астында ештеңе де жаңалық емес; Біз - өмір сүруді қалаудан басқа ештеңе білмейміз. Шынайы өмір – өзінің жарқыраған күнімен де, самсаған өзекті жолдарымен де күллі мән-мағынадан ада болып қала бермек. Тірілер өлетінін біледі, өлгендер ештеңе де білмейді...» - дейді... Шексіз данышпандықта шексіз мұң мен қайғы жатыр.

Ал үнді даналығының өкілі Сакиа-Муни өмірден алданыш таба алмай, «Өмір дегеніміз – ұлы зұлымдық» деген қорытындыға келеді. Және барлық күш-жігерін одан босап шығуға, басқаларды да босатуға жұмсамақ болады. Бұл пікір барша үнді даналығына ортақ көрініс.

Сократ: «Біздің денеміздің өмірі – зұлымдық пен өтірікке толы. Ал бұл өмірді тоқтату – игілік болмақ, және біз соны тілеуіміз керек», - дейді. Шопенгауэр де осылай айтқан.

«Қайғыдан қашып құтыла алмау, әлсіздік, қарттық, өлім жайлы ойлармен өмір сүруге болмайды. Өзімізді өмірден, өмірдің әртүрлі мүмкіндіктерінен азат етуіміз керек», - дейді Будда.

Міне, маған дейінгі барлық жоғарғы саналар солай дейді. Өзімді алдайтын ештеңем жоқ. Бұл өмірге әлі келмеген, тумаған адам бақытты... Өлім – өмірден жақсырақ... Одан құтылу керек...

***

Менің ғылымнан, жоғарғы сана өкілдерінен тапқан жауабым – осы. Сонсоң, айналамдағы адамдарды зерттеу арқылы олардың дәл мендік һәм баршаға ортақ үрейлі жағдайдан құтылудың төрт жолын ұстанатынын аңғардым.

Бірінші жол – білместік. Бұл өмірдің зұлымдық пен мағынасыздық екенін білмеуден құралады. Өкілдері әйелдер немесе өте жас адамдар, яки өте ақымақ адамдар, Шопенгауэр, Сүлеймен, Буддалар соқтығысқан сауалдарды әлі кездестірмегендер.

Екінші жол – эпикуриялық деп аталады. Өмірдің сенімсіздігін біле тұра сәттер мен кездерге алданып күн кешу. Оны бір-ақ рет сүретіндіктен бар қызыққа қанып қалуды ойлайтындар. Бұл адамдардың ақымақтығы, оларға аталмыш, Будда айтқан, ауру, қарттық пен өлімге бір күні кез болатындықтарын ойлауға мұрша бермейді.

Үшінші жол – күш пен энергия жолы. Бұл – өмірдің негізгі арнасы зұлымдық пен мағынасыздық екенін түсініп, оны құрдымға жіберу. Мен бұл жолды дұрыс деп ойлап, солай жасағым келген болатын...

Төртінші жол – әлсіздердің жолы. Олар өмірдің не екен жақсы түсінеді әрі одан құтылу керегін де біледі. Бірақ, қорқақтық пен әлсіздіктен оны жасауға күш-қуаты жетпей, бірсарынды өмір сүре береді. Мен осы жолда едім... және осы жолда қала бердім. Тағы да өз ойларыма сүңгуге бет бұрғанмын...тағы да адасу... МЕН де, менің санам да өмірдің санасыздық екенін мойындадық. Бірақ, өмірде санадан жоғары ештеңе жоқ болса керек, онда, сана – өмірді жасаушы. Сана болмаса, мен үшін, өмір де болмас еді, яғни сана – өмірдің баласы делік. Бізді қоршағанның барлығы һәм бәрі – өмір деп аталады. Алайда, сана – өмірдің ұрығы бола тұра, осы өмірдің өзін жоққа шығармақ. Мен мұнда бір шикілік барын сездім. Өмір – мағынасыз зұлымдық, бірақ, мен өмір сүрдім, сүре де бермекпін. Шопенгауэр екеуімізге өмірді сынға алуға да, ұнамаса өзімізді өлтіруге де ешкім кедергі келтірмейді ғой. Бұл маңда маған жұмбақ тағы бір арнаның жатқандығын аңғардым... Адам өзі білмеген нәрсені ақымақтық дейді. Әрі мағынасыз деп есептейді емес пе?.. Маған дейінгі өмір сүрген қара құрым халық – күллі тіршілікті жасаушы шеберлер. Олар мені тамақ жеу, темір қазу, хайуанаттарды қолға үйрету, қыл аяғы өмір сүру сынды дүниелердің бәріне үйреткен жоқ па? Олардан тәлім алған, мен, олардың ойларымен ойланып, сөздерін қолдана отырып, «өздері – мағынасыз» екенін дәлелдемекпін! Жо-жоқ бұл жерде бірдеңе дұрыс емес...

Мен адасқан екенмін... Сүлеймен, Шопенгауэр үшеуіміз сұрақты ойымызға дәл осы жауаптардан басқа ештеңе келмейтіндей дәлдікпен қойыппыз. Мен тіпті «Ал қалған миллиардтар өз өмірлеріне қандай мағына берген? Қандай мағына беріп келді? Өз өмірлерін қалайша қоректендірді екен?» - дегенді бір де бір рет ойламаппын. Ең ақыры өмірдің мәнін одан айырылып қалып өз-өзіне қол салмақ болғандардан емес, өмірді ақырына дейін сүрген яки сүріп келе жатқан, өмірлік мән мен мағынаны өздері өндіріп келе жатқан миллиардтардан іздеуім керегін ұғынып, ой-санамды тағы да тиянақтаумен болдым. Кенет, бай да емес, ғалым да емес, қарапайым адам массаларын көріп мүлдем бөлек күйге ұшырағанмын. Анығына жүгінсек, бұл миллиардтаған жанның барлығы менің сұрағымның парқына да бармағандар деп есептеуге еш құқығым жоқ екен. Себебі олар өз сұрақтарын өздері құрастырды әрі асқан дәлдікпен сол сұрақтың жауабын да айта алады. Оқымыстылар мен даналардың жүзіндегі саналы білім өмірдің мағыналы екенін жоққа шығармақ. Ал адамдар шоғыры мен күллі адамзат бұл мағынаны сана сыртындағы білімнен табады. «Сенім» деп аталатын білім... Күллі адамзатқа ортақ саналы білімнен бөлек, басқа бір білім, санадан тыс, өмір сүруге мүмкіндік беретін білім бар – ол сенім. Адам соңғы нүктенің елес екенін сезінбесе, сол нүктеге сеніп өмір сүреді. Ал егер оның елес екенін сезсе, онда ол шексіздікке сенім артып өмір сүруі тиіс. Қайткен күнде де сенімсіз күнелтуге болмайды. Мен өзімнің ішкі жұмысымның барлық жүрісін есіме түсіріп, қатты шошындым. Адам өмір сүру үшін яки шексіздіктен бейхабар болуы тиіс, яки өз өмірінің шекті соңын шексіздікке теңестіре алатындай жағдай жасауы керек. Күллі өмірдің мәні 0=0 немесе 2=2 есебіндей болып шығуы тиіс. Мен енді кез-келген сенімді қабылдауға дайын ем, ең бастысы, ол сенім сананы мүлдем жоққа шығармаса болғаны. Өзімді қоршаған адамдар мен кітаптардан Буддизмді де, Мұхаммедтің ілімін де, күллі хрестиандықтың іргесін де оқи бастадым. Шынайы сенімге ие күллі тірі жан иелерін тергеп, сұрастыратын болып алдым. Нәтижесінде, көп адамның сенімі олардың ең басты өмірлік сұрақтарына жауап беру үшін емес, бар-жоғы өмір сүру барысында өз көңілдерін алдарқату жолында қызмет көрсететінін ұғып, тағы да қарыным ашты. Мен әрбір адам өз міндеті өзгенің еңбегін қолданып, сонымен өздерін алдарқату емес, өмірдің өзін тудыру екенін білгенін қалаймын. Әрбір адам өмірді тудырумен айналысуы керек! Барлық тірі организмдер жер бетіндегі мағына мен мәнге толы адамзат өмірін әрі қарай жалғастырып, оның тоқтап қалмауын қамтамасыз етуі тиіс. Ақиқат қашан да ақиқат болатын, 2×2=4 секілді. Бар болғаны, мен оны мойындағым келмепті, өйткені оны мойындасам өзімнің нашар екенімді мойындауға тиіс болатынымды сездім. Бірақ, дәл қазір, қарапайым өмір салтын ұстанған адамдардың ең жақсы адамдар екенін, өзімнің нашар екенімді білгенде ақиқатты үнсіз қабылдай бердім.

***

Құдайды іздеуім белгілі бір ішкі сезім негізінде жүзеге асты. Бұл ешқандай ой мен санаға қатыссыз, шынайы жүректің өзінен шыққан ізденіс еді. Өзіме жат, бөтен ортада жүріп қорқынышты, жетімдік пен жалғыздықты сезіне келе, әлдекімнің бұл ортадан құтқаратынына үміттену іспетті күй кештім. Жан ұшыра соған талпынған едім. Мен Құдайдың бар екеніне көз жеткізу мүмкін емесін білсем де (Оны маған Кант дәлелдеген), оны іздеуді тоқтатқан емеспін. Табамын деген үмітіме жармасқан қалпымда оған құлшылық жасауды қайта қолға алдым.

***

Адамзат күллі жаратылыс сырын дін арқылы емес, ой-өріс арқылы таниды. Әрине, ой арқылы емес, дін арқылы танып-білеміз деп өз-өзімізді алдарқатуға болар еді. Бірақ адам екі түрлі дінге, екі түрлі сенімге жолыққанда екеуінің бірін таңдау үшін ақыл мен санаға жүгінуіне тура келеді емес пе? Рухани күш жиынтығын адамның көңіл-қойнауына, сананы айналып өтіп, дін арқылы яки сенім арқылы құямын деу – оны ауыздан өзге дене мүшесімен қоректендіремін деп әуреге түсумен бірдей.

***

Дене де, сезім де, сана да Еріктен тыс, жеке дара іс жасай алмайды. Бұл үшеуін де тек адам еркі басқармақ. Денені ерік билеуі – адам еркінің ең төменгі даму сатысы. Ал одан кейінгі баспалдақ – өз бойымыздағы сан түрлі сезімнің барлығын өз еркімізге бағындыру. Ең жоғарғы ерік сатысы – күллі сана атаулының өз еркімізге қызмет көрсетуі. Бұл үш баспалдақтың үшеуін де бағындыру арқылы адамзат ерік көкжиегінде қалықтап, «Еркіндік» деген ұғымға жете алады.

***

Еркектер Құдайдың қалауын іске асыру мақсатына физикалық тұрғыдан да, саналы түрде де еңбектеніп, сонымен қатар жақсылыққа шексіз құлшыныс жасау арқылы да қол жеткізе алады. Ал әйелдердің құлшылық жасау жолы (оны одан басқа ешкім жасай алмайтындықтан) тек біреу ғана! Ол – бала туу. Еркектердің ісі ақиқат пен ізгілікке негізделсе, адамзат үшін әрдайым пайдалы болмақ. Ал әйелдердің бала туу, өсіру, тәрбиелу сынды ең басты әрі жалғыз қызметі, егер ол бұл істі жәй ғана өз көз-қуанышы үшін емес, болашақта адамзатқа қалтқысыз қызмет қылатын ұрпақ өсіру үшін атқарса ғана өз жемісін бермек! Сонда ғана әйел заты Құдай алдындағы өз қызметін толық атқарған болып саналады.

«Ал балалары жоқтар мен тұрмысқа шықпағандар немесе жесірлер ше?»

- Олар, онда, еркектердің сантүрлі, санқырлы жұмыстарына атсалысу арқылы Тәңірінің қалауын қанағаттандыруына болады...

***

Бір күні өзімнен «Мен шынымен де өмірдің мәні Құдайдың қалауын іске асыру екеніне сенем бе?» деп сұрадым. Кез келген нәрсені шын жүрегіңмен қалау әлемге яки өз-өзіңе деген махаббаттың күшеюі барысында іске аспай ма? Бір ғана сүйіктіме (Құдайға) жалғануды мақсат тұту арқылы мен өз-өзіме болашақ өмірді жасап жатырмын ба? Сонсоң еріксізден еріксіз бұған сенбейтінімді мойындауыма тура келді. «Онда мен не нәрсеге сенемін?» - деген сауалға бұл жолы: «Мейрімді болу, жақсы болу керек екеніне, көндігу керек екеніне, кешіру, сүю керектігіне сенемін. Бұлардың дұрыс әрі шынайы екеніне қалтқысыз сенемін», - деп жауап бердім. Мен бұларға шынымен де бар табиғатыммен сенетінмін.

***

Адамзат өз ойларымен, өзгенің ойларымен, өз сезімдерімен, өзгенің сезімдерімен (яғни өзгенің сезімдерін түсіну, оларды басқару арқылы) өмір сүреді. Ең жақсы адам – өз ойымен және өзгенің сезімдерімен күнелтетіндер. Адамның ең жаманы – өзгенің ойларымен және өзінің ғана сезімдерімен тыныстағандар. Ал енді бір адамдар өзінің де, өзгенің де ойларынан ада, өз сезімдерінен де құралақан болып келеді де, тек өзгенің сезімімен өмір сүреді. Бұлар – өз-өзінен шеттетіліп, бос қуыс боп қалған ақымақтар. Енді бір адамдар тек қана өз сезімдерімен өмір сүреді, бұлар – хайуани адамдар. Ал тек өзінің ойларына ғана сүйеніп тіршілік құрғандар – данышпандар мен пайғамбарлар. Содан соң, тек қана өзгенің ойларымен өмір сүретіндер бар. Олар – оқымысты ақымақтар.

***

Әйелдердің басты қабілеті – кімге қандай рөлдің ұнайтынын жақсы біліп, дәл тауып және сол рөлді өмір жолында қалтқысыз ойнай білуінде. Ана атану – олардың өмірінің негізі әрі табиғи болмысына тиесілі ең ұлы іс. Ал олар ана болу өмір сүруге яғни таңдаған еркегінің талғамына сай рөл ойнауға кедергі жасайды деп есептейді.

***

Махаббат – шынайы әрі баршаға ортақ болуы тиіс. Мысалы, сен жақындарыңды қалай жақсы көрсең, өзіңді де, яки сәл жақтырмайтын немесе жек көретін адамдарыңды да сол дәрежеде жақсы көруің керек. Ал тым артық сүйетін адамдарыңды тым әсіре сүюіңді тоқтат. Әлемнің барша қасіреті біреуді төменірек, енді біреуді тым артық жақсы көріп, сүюдің салдарынан болмақ.

***

Адамзат тек махаббатпен күнелтпек. Өз-өзіңді сүю – өлімнің бастауы, Құдай мен адамдарды сүю – өмірдің бастауы. Құдай дегеніміз – махаббаттың дәл өзі!!! Яки махаббатқа бөленгендер Құдайға жақындайды немесе Құдай махаббатқа малынғандардың жанында... Егер біз бір-бірімізді сүйсек, Құдай біздің жүрегімізге ұялайды, оның махаббаты кеудемізді паналайды. Кім де кім «Мен Құдайды сүйем!» дей тұра, өзінің бауырын жек көретін болса, ол – өтірікші! Сонда, күнделікті көріп жүрген өз бауырын сүймеген адам қалайша көзге көрінбейтін Құдайды сүйе алмақ? Құдай дегеніміз – махаббаттың дәл өзі... Махаббатсыз өмір сүру оңайырақ... бірақ онсыз мән-мағына болмайды...

Аударған : Қарлығаш ҚАБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар