Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Мәдениет майданының сардары...

03.04.2019 3518

Мәдениет майданының сардары

Мәдениет майданының сардары - adebiportal.kz

(Әуезхан Қодар туралы деректер)

Әуезхан Қодар 1958 жылы 12 маусым күні Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Абыла ауылында дүниеге келген. Ол – жазушы, мәдениеттанушы, көсемсөзші, философия ғылымдарының кандидаты, «Экология» Қазақстан Халық Академиясының академигі, халықаралық «Алаш» және Н.В. Гоголь атындағы «Триумф» сыйлықтарының иегері.

***

1988 жылы СССР Жазушылар Одағына мүше болып қабылданған. 1989 -1996 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы жанындағы көркем аударма және әдеби байланыс жөніндегі Бас редакциялық коллегияның редакторы қызметін атқарған. 1994 жылдан бері «Алтын ғасыр» Қазақстан халықтары мәдениетін қорғау жөніндегі одақтастықтың президенті. 1999 жылдан «Тамыр» журналының негізін қалаушысы және бас редакторы. 1999-2001 жылдары Сорос-Қазақстан халықаралық қорының Басқарма мүшесі. 2002 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы БАҚ жөніндегі кеңестің мүшесі. 2006 жылдан «Еуразиялық зерттеулер институты» Ресей-Қазақстан қоры бас директорының кеңесшісі. 2006 жылдың мамырынан – Мәдени саясат және өнертану институтының директоры. «Парасат» орденімен марапатталған.

***

Қазақ тілінде Әуезхан Қодардың екі кітабы шыққан: «Қанағат қағанаты» (1994) және «Оралу» (2006), орыс тілінде шыққандары: «Крылатый узор» (1990), «Абай (Ибрагим) Кунанбаев (1996), «Круги забвения» (1998), «Очерки по истории казахской литературы» (1999), «Степное знание: очерки по культурологии» (2002), «Зов бытия» (2006) және қазақ поэзиясының бес ғасырын қамтыған «Антология казахской поэзии в переводах Ауэзхана Кодара» (2006); ағылшын тіліне аударылғаны – «Цветы руин» (2004). Өлеңдері ағылшын, кәріс, уакраин тілдеріне аударылған.

***

Әуезхан Қодар қазақ және орыс тілдерінде жазатын билингвалист және ұлттық классиканың аудармашысы ретінде танымал. Орыс тіліне ортағасырлық жыраулардың поэзиясын, Абайдың, Мағжанның, Жұматай Жақыпбаевтың шығармаларын аударған. Қазақ тіліне Е.Замятинның «Атилла» драмасын, М. Хайдеггердің, Ж. Делездің, Х.Ортега-и-Гассеттің және «Батыс философиясы антологиясы» жинағына кірген өзге шет ел философтарын аударған (2002). Қазақ тілінде шыққан «Мәдениеттану сөздігінің» (2001) авторларының бірі. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында қазақ тіліне әлемдік мәдени танымның екі томын аударған.


***

Абай туралы пайымы:

Абайдың қазақты сынағанының бәрі ол жанашырлық пен оның болашағына алаңдау, жаңа заманда халық болып қалыптасу үшін ескі мінездерден арылса екен деген ізгі ниетпен жазылған. Ал қазіргі саясаткерлердің Абайды қолжаулық қылуға құқы жоқ. Өздері не істеді? Бізге арлылықтың, ұяттылықтың үлгісін көрсетті ме? Әзірге біз олардың тарапынан ондай ізгі дүниелер көре алмай отырмыз ғой. Ал енді бұқараның Абай айтып кеткен деп өз ұлтына тиісуге даяр тұратынына идеология кінәлі. Біз бұдан Абай көтерген этикалық деңгейге көтеріліп барып арыламыз.

***

«Мәдениет майданы» мақаласынан үзінді:

Көне түріктерді бір-ақ нәрсе таңдандырған: көз алдындағы болмыстың бар болуы. Сонымен қатар осы бар болу қасиетін олар таң атуға байланыстырған. Тас қараңғы түннен кейін шапағатын шашқан таңға олар таңданған, таңдайын қаққан, таңырқаған. Міне, осы «таңырқау» деген ұғымда «тәңірі» деген етістіктің түп-түбірі жатыр. Тәңірі — танды атырушы, осы ғажаптығымен таңырқатушы. Сол сияқты «құдай» ұғымын латынша deus, грекше theos, үндіше deva деп атаса, бұлардың бәрі div түбірінен шыққан. Ал оның мағынасы: жарық беру, жарқырау. Сонымен қатар, үндіеуропа тілдерінде осы div түбірінен удивление деген таңырқаудың славянша нұсқасы шығады. Таңырқау, грекше, «таумазейн». Аристотельдің айтуынша, көне трек философиясының өзі таңырқау үрдісінен шыққан. «Философия дегеніміз не?» атты еңбегінде М. Хайдеггер оның төмендегі сөздерін келтіреді. «Таңырқау арқылы адамдар бастапқы кезде де, қазір де философиялаудың өктем шығу тегіне, немесе, философиялаудың қайдан шыққаны және философияның адымын анықтайтын нәрсенің негізіне қол жеткізеді»

***

Қаламгердің нақыл сөздері:

1. Айтайын дегенім, материалдық жағдайды санаулы жылдарда, белгілі бір уақытта қалпына келтіруге, дамытуға болады. Ал, рухани байлығымыз жоғалса, оны қайта қалыптастыру үшін бір емес ондаған жылдар қажет етеді.

2. Біз өткенді ғана дәріптеп қоймай, бүгінгі күнді де ұмытпағанымыз жөн. Дәлірек айтсақ дәп бүгінгі күніміз ертең-ақ тарихқа айналады. Сондықтан бүгінгі күнгі айтулы азаматтарымыз жайында жазып, ел алдында көрсете білсек. Әйтпесе ертең оларды тағы да тарих қойнауынан майшаммен іздеп әуре боларымыз анық.

3. Шайтанға қосылып әулие бола алмайсың. Адамды көтеретін – тек ішкі еркіндік.

4. Бізде, егер біреуге табынса, маңдайын жарғанша табынады. Ал егер біреуді қабылдамаса, ол пақырға өмірі кешірім жоқ. Себебі біз қоғамдық сананың орташа деңгейімен санасуға ғана дағдыланғанбыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар