Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мәдіхат Төрежановтың туғанына 100 жыл

30.04.2021 708

Мәдіхат Төрежановтың туғанына 100 жыл 12+

Қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы – ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин. Сондықтан да Ыбырай Алтынсаринді «қазақ балалар әдебиетінің атасы» деп атайтыны бекер емес. Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларына арнап нақты өмірдің өзінен ойып алынған жағдаяттық (ситуациялық) шағын әңгімелер, мысал-аңыздар жазу дәстүрін қалыптастырды. Көлемі шағын болғанымен, айтар ойы айқын, баланың ойлау өрісіне сай, тәлім-тәрбиелік маңызы зор мұндай туындыларды жазу дәстүрін Ыбырай Алтынсариннің ізін қуған қазақ балалар жазушылары жалғастырды. Сондай қаламгерлердің бірі – көрнекті балалар жазушысы Мәдіхат Төрежанов. Ұлттық таным-түсінік аясында балалар өмірін арқау еткен шағын әңгімелері ХХІ ғасырдағы қазақ балдырғандарының рухани кәдесіне жарап келе жатқан жазушы Мәдіхат Төрежановтың туғанына бір ғасыр толып отыр.

Белгілі балалар жазушысы Мәдіхат Төрежанов есімі бүгіндері қалың көпшілікке кеңінен танымал деп айта алмайтынымыз анық. Журналист Азамат Есенжолдың белгілі қаламгер Табыл Құлияспен бұдан біраз жыл бұрын жасаған «Ескерусіз қалған есімдер» атты сұхбатында қарт жазушы мынадай деректерді айтқан екен: «1990-2000 жылдары Ақмола облысы бойынша Қазақстан Жазушылар одағының филиалын басқардым. Ол уақыт белгілі. Еліміз Тәуелсіздік алып жатқан тұс. Өте ауыр кезең десе де болады. Сол бір қиын шақта белгілі балалар жазушысы Мәдіхат Төрежанов дүниеден озды. Туған жұрты қаламгерді арулап жөнелтті. Ол кісі іргедегі Ақкөл ауданында өмірге келген. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды. КСРО Жазушылар одағының мүшесі. Әсіресе, жеткіншектер тақырыбына қалам тербеді. Кезінде «Бітпеген ойын», «Тең ойын», «Шегіртке мен ара», «Қанатбек пен Жанатбек», «Кім ақылды?», «Түйе қалай өз көлеңкесін жоғалтты?» секілді прозалық кітаптары жарық көрді. Балалар әдебиетінің дамуына үлес қосты. Кейбір шығармалары орыс, белорусь тілдеріне аударылды. Былайғы тіршілікте араласып, әңгімелесіп жүрдік. Сондай кездері: «Менің әкем молда болды. Онысы қызыл үкіметке жақпады. Содан үркіп, жазған шығармаларымды дәріптей алмадым. Жасқаншақ болдым», - деп айтатын. Қазір Мәдіхат туралы ешкім айтпайды. Асыл азаматтың аты ұмытылып барады.»

Мәдіхат Төрежановтың көзін көрген аға буын қаламгер осылай ашына толғанған екен. Бұл сұхбат ақпарат құралдары бетіне жарияланғаннан кейін қандай қозғау салынып, игі нәтижелерге қол жеткізілгенінен біздің хабарымыз жоқ. Бізге белгілісі: балалар жазушысы Мәдіхат Төрежановтың шағын әңгімелері балабақша тәрбиеленушілеріне арналған мәтіндік бағдарламаларда және бастауыш білім беру деңгейінің 2-4 сыныптарына арналған «Әдебиеттік оқу» пәні бағдарламасына тұрақты енгізіліп, оқытылып келе жатқандығы. Бұл да болса қаламгер есімінің ұмытылмай келе жатқанының дәлелі. Аталған сұхбатта жазушы Т.Құлиясов ақсақал жақында Башқұртстанның астанасы Уфа қаласында болғанын және ол жақта ақын-жазушыларды халықтың қатты құрметтейтініне таң қалғанын, әрбір мектепте қаламгерлерге арналған шағын музейлер барын, оларда оқырмандар конференциялары жиі өтіп тұратындығын қызыға баяндаған екен. «...Қысқасы, әрбір суреткерді қадірлей біледі. Бізде де осы үрдісті жандандыруға болады. Олар тұрған үйлерге мемориалдық тақта орнатайық. Көшелерге есімін берейік. Тіпті, қиын болмаса, кітаптарын шығаруға ұйытқы болайық. Қолжазбаларын жинап, мұрағатқа тапсырайық. Бүгінде елордада жүзден астам талантты жазушылар тұрады. Бірақ біз сөз еткен қаламгерлер сол кезде орыстанып кеткен қаладағы қазақы рухты сақтап қалды. Сол үшін де оларға алғыс айтуымыз қажет. О дүниеге кеткендер енді ешкіммен таласпайды. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тұлғаларды дәріптеу туралы терең ойлар айтқан. Адам мың жыл өмір сүрмейді. Асыл сөз ғана мәңгілік. Біздің де жасымыз ұлғайды. Сондықтан ақмолалық қаламгерлердің есімдері ескерусіз қалмаса екен», - деп ой тастаған екен. Расымен де кешегі Ақмола-Целиноград болып тұрған заманда қазақ рухының шырақшысындай болған, бүгіндері көбі өмірден озған қадау-қадау қаламгерлерді бүгінгі ел астанасы лайықты еске алып отыр ма осы деген сұрақ кесе көлденеңдері анық.

Ел астанасынан Көкшетауға қарай таспадай созылған қара жолдың бойында жатқан шоқылы-төбелі, орманды-нулы, өзенді-көлді, шалқар шалғын жазықты Моншақты өңірі бүгіндері Ақкөл ауданы атымен белгілі. Табиғаты ерекше көркем, топырағы құнарлы бұл өңірде кеңестік дәуірге дейін он мыңдап жылқы айдаған небір байлар шаруасын шалқытқаны тарихқа аян. Қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік орны бар көрнекті жазушы, журналист Жайық Бектұров, неміс фашистерімен соғыста қаза тапқан талантты жазушы Қазкен Төрежанов, белгілі балалар жазушысы Мәдіхат Төрежанов қатарлы қаламгерлер туып шыққан өңірдің қазақи қалпы тәуелсіздіктен бергі кезеңде жыл өткен сайын түрленіп өңейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Осы өңірдің тумасы Мәдіхат Сейітқожаұлы Төрежанов 1921 жылы 30 сәуірде бұрынғы Ақмола уезінің Моншақты болыстығы, қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданы Еңбек ауылы аумағында дүниеге келеді. Ауыл мектебінде білім алған болашақ педагог жазушының алғашқы туындылары (өлеңдері) 1938 жылы жарық көрген. Мәдіхат Төрежанов 1939-1941 жылдары Омбы облысының Шарбақкөл ауданында мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. 1941 жылы Семей педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, яғни 1941-1945 жылдары Омбы қаласындағы авиация зауытында жұмыс істейді. Соғыс аяқталып, өмір арнасына түскен уақыттан бастап ол бүкіл өмірін педагогика саласына арнайды. Ақмола облысы мұғалімдер кәсіподақ ұйымы төрағасы, Қорғалжың мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Целиноград мұғалімдер білімін жетілдіру институтында кабинет меңгерушісі болып жұмыс істей жүріп, шығармашылықпен шұғылданады. Жоғарыда атап өтілгеніндей, Ыбырай Алтынсарин дәстүріндегі, баланың түсінігіне жеңіл, ықшам әңгімелер жазады. Тұңғыш кітабы – «Әліппе» 1964 жылы жарық көреді. Әр жылдары «Кім ақылды?», «Түйе қалай өз көлеңкесін жоғалтты?», «Как верблюд свою тень потреял?», «Бітпеген ойын», «Тең ойын», «Шегіртке мен ара», «Қанатбек пен Жанатбек» қатарлы балаларға арналған прозалық кітаптарын шығарған жазушының еңбегі лайықты бағаланып «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Қазақ КСР-і Халық ағарту ісінің үздігі. Шығармалары орыс, белорус, украин тілдеріне аударылған Мәдіхат Төрежановтың «Қолғабыс», «Тәтті алма», «Қамқорлық», «Алғыс», «Мұзайдын», «Сақшылар», «Бұлбұлдың үні» т.б. шағын әңгімелері жас ұрпақтың игіліген жарап келе жатқан туындылар. Мәдіхат Сейтқожаұлы сонымен қатар бастауыш мектепте ана тілін оқыту әдістемесі бойынша көптеген мақалалар жазып жариялатады. 1996 жылы өмірден өткен педагог жазушының жары Зұлқия Дәулетбайқызының баспаға әзірлеуімен өлеңдер, әңгімелер, мақал-мәтелдер топтастырылған «Сиқырлы сыр» атты жинағы жарық көрген екен. Мүмкін, балалар әдебиетінің көрнекті өкілінің ғасырлық мерейтойы қарсаңында туып өскен топырағы Ақкөл ауданында ауқымды іс-шаралар жоспарланып, лайықты атап өтіліп жатқан да шығар. Ол тұрғысында хабарымыз жоқ.

Мәдіхат Төрежановтың саналы ғұмыры өткен жылдар – қазақ балалар әдебиетінің қарыштап дамыған кезеңі екені айдан анық. Қазіргі ондаған балалар журналының жұмыла көтеріп келе жатқан жүгін бір ғана «Балдырған» қиналмастан артығымен арқалаған заман еді ғой ол кезең. Әрине, ақпараттық технология керемет дамыған қазіргі заманда бала біткенді газет-журнал, кітапқа телміртуге мүмкіндік аз. Бірақ рухани қажеттілік, сұраныс қашанда бар. Балалар өздеріне лайық деп танылған жақсы туындыны оқиды, көреді, тыңдайды. Тек осы тұрғыда ата-ана, тәрбиеші, ұстаздардан бастап мемлекеттік деңгейдегі жүйелі, кешенді іс атқарылуы тиіс.

Мұндай істі мемлекет қолға алуға бекінді деуге болатын шығар. Оның дәлелі – Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлованың 2021 жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялауы. Осыған орай елімізде балалар әдебиетіне көңіл бөлініп, қыруар қаржы бөлініп, осыған сәйкес көптеген шаруалар жоспарланып, біраз істің басы қайырылып жатқанынан ақпарат құралдары арқылы таныспыз. Осы орайда айтпағымыз: Мәдіхат Төрежанов сияқты аға буын балалар жазушыларының еңбегі де осы орайда ескерілсе деген ой еді. Иә, ол кісілер өмір сүрген замандағы, тіпті оны айтасыз, 2000-2010 жылдардағы балалардың ой өрісі, талғам-түсінігінен қазіргі балдырғандардыкі мүлдем басқа. Бірақ қазіргі балақайлардың талғам-танымы мүлдем басқа, олар қабылдай қоймауы мүмкін деп арғы мыңдаған жылдардан келе жатқан фольклорды айтпағанда, үш ғасыр жүзінде жинақталған балаларға арналған авторлық туындылардан бас тартпаймыз ғой. Дәстүр жалғастығының алтын арқауын үзуге болмайды, әрине. Бала – қай заманда да бала. Олардың қимыл-әрекеті, ойынында әр заманның даму мүмкіндігіне сай өзгешеліктер болуы мүмкін. Бірақ сол мұзайдын, адамдардың бір-біріне қамқорлық жасауы мен қолғабыс тигізіп алғысқа бөленуі де, алма дәмінің тәттілігі де өзгермек емес. Демек, Мәдіхат Төрежанов туындылары да бүгінгі және болашақта өмірге келетін қазақтың талай-талай балдырған буындарының рухани азығы бола берері сөзсіз. Балалар кітабы жылында жазушының бір немесе бірер туындысы иллюстрациялы түрде жарық көрсе, Табыл Құлияс ақсақал армандағанындай, өмір бойы қызмет еткен кешегі Ақмола-Целиноград, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласында Мәдіхат Төрежанов есімін мәңгі есте қалдырарлықтай қадамдар жасалса қандай ғанибет болар еді. Үміт – ертеңнің еншісінде.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар