Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Мағиза Құнапияқызы. Сағағына ілінген өмір семген...

15.11.2020 6616

Мағиза Құнапияқызы. Сағағына ілінген өмір семген 12+

Мағиза Құнапияқызы. Сағағына ілінген өмір семген - adebiportal.kz

Күз дегенің...

Жерге түскен жемістер,

солған гүлім.

Айтып жатыр,бір мезгіл болғандығын.

Көңілшектеу жапырақ тез сарғайып,

Сабырлысы сездірмес тоңғандығын.

Жиі-жиі бұлт бізге жуықтайды.

Көлге бала жүзуге құнықпайды.

Жылтыр сөзі секілді кейбіреудің,

Көрінгенмен күн көзі,жылытпайды.

Сағынышты есіңе сала жүрер,

Сарғаюдың азабын дала білер.

Жәндік біткен тығылад жер қойнына,

Қайтқан құс пен қалған құс-бәрі әбігер....

Мезгіл осы дыбысын білдірмеген,

Одан ешкім қашуға үлгермеген.

Күз-солғындау бояудың жиынтығы,

Күз дегенің-шертпе күй,күмбірлеген!

Қызыл жапырақ

Көшіп жатыр бір дәурен,өтіп жатыр басымнан.

Сыңғырлатып керуенін ұзап барад қасымнан.

Күз дегенің не тәйір,

Қоштастым ғой сізбен де.

Көкірегіне бір түйір қызыл жапырақ жасырған.

Әбілхаят-сөзіңіз, шырайыма сән берген,

Кезді ұмыту тым қиын,сол сезіммен тербелген.

Кетерімді ескертіп,Ай айтқанда бір хабар,

Елестейді бейнеңіз , мұңға батып, сенделген.

Қоштаспаңыз ешкіммен, келген кезде тағы күз.

Балқарағай мезгілдің шемішкесін шағыңыз.

Сәл жымиып еске алып,естемесін өткеннің,

Сарғаймасын бір түйір қызыл жапырағыңыз...

Қазан айы

Сағағына ілінген өмір семген,

Көз үйреніп күзге де,көңіл сенген.

Арша менен Шыршаның жайы бөлек,

Тасты жарып шыққан соң, өміршең бе ең?!

Қайтқан құсқа сыңсыған, "сабыр";десіп,

"Осы жерден көктемде табыл"десіп.

Тас төбеңнен сағыныш төгілгенде,

Бақтың ішін кезсең бір,сағым кешіп.

Жез бен Алтын, бұл шақтың туысы ма?

Қазан-жылдың көл-көсір ырысы ма?

Құшағыма сыймаған қуаныштай,

Төгіледі жемістер; уысыма...

Күн-бағбан,бұл шақты тұрған баптап,

Бұрынғыдан жүрісін жылдамдатпақ.

"Сұғанақ қыс; сұқ қолын малмасын" деп,

Жауып қойдым "Қазанға" жырдан қақпақ!

Ерте, ерте, ертеде

Күн сығалап қарайтұғын теректен,

Арал,Өзен...

Еске түсті кенеттен.

Толқындарды, жағаны ұрып, мені өпкен,

Күнде үйге тасушы едім, шелекпен.

Жетегінде кетіп арман,үміттің,

Өтелмеген, парыз барын ұмыттым.

Бұлағына, бұрымымды өсіріп,

Шуағына, тал бойымды жылыттым.

Тәнге көйлек жабыстырған жаңбырдың,

Әуресімен, бірге тоңған жан құрбым.

Бұлт қалжыңын, көтере алмас ерке едім,

Тас үйлердің, арасында қаңғырдым...

Ұлар аулап, шешіп атам кісесін,

Ұшқаным жоқ, жегенменен құс етін.

Мені «адасып кетпесін» деп ақ тұман,

Ақ боз үйдің іргесіне түсетін.

Тау жаңғырып, қойылғанда есімім,

Ашқан едім, сенде өмір есігін.

Қайтып келер, жыл құсын да қимайсың,

Қайтпайтұғын бар ма бізге кешірім?!

Ей,бұлттар

Бір жұтым суға шөлдеген қан тамыр сынды,

Аспанды ары итерген Хантәңір сынды,

Кім түсінеді,Ей,бұлттар!

Жерге ынтық сенің,

Бір сәтке тыным таппаған арпалысыңды?!

Бақтардан, таудан, өзенен,қыр-белестерден,

Құстардан,аңнан,жануар,үндеместерден,,,

Аспанға қарай ұшатын аппақ тілектер,

Оларға бұлай айтуға кім кеңес берген?!

Алыстап кетпей,от шардың тартылысынан,

Жан бітіп мың бір сәуленің шарпылысынан.

Күнге «алғыс»,бұлтқа жауатын «рахмет»сөзі,

Көктем оятқан тірліктің, әр тынысынан.

Бұлағай шақтар,тең келмес басқа күндерім,

Орманда құс боп сайрадым, бақта гүлдедім.

Бұлттаған күннің көл-көсір ырыздығы бар,

Бұл бұла сәтке өкпе артпа, аспаным менің!

Қағынды келген

Төзімді тауысып,бұл індет сабырды жеңген,

Қаншама боздақ, жамылғы жамылды жерден....

Аспанның дағы көз жасы тиылмай қойды-ау,

Шілденің аты биылғы -"Қағынды келген".

Сезінсең- жасыл,төр жайлау,қарасаң-мөлдір.

Едені-таулар, ол жердің,төбесі-зеңгір.

Сүзеген ала сиырды сауарда апам,

";Қағынды келгір!"дейтұғын "Қарасан келгір!"

Әр тынысыңды, жусанның ұрады демі,

Бәрінен мөлдір жайлаудың бұлағы ма еді?

Ала сиырды өзгеден сүзеген қылған,

Жақында туған, өзі өңдес бұзауы еді.

Болғанмен арық, сүтті еді, шелек толатын,

Бұзауға деген мейірі ерек болатын.

Сауатын мезгіл жеткенде, маңында оның,

Адам да, мал да жүрмеуі керек болатын!

Айыр мүйізбен өзгені, келген басынып,

Бұзауын солай емізген елден жасырып,

Беткейде тұрған жайылып түлікті көрсе,

Қуалап, сүзіп қайтатын, белден; де асырып.

Бір табын сиыр сол малдан құраған еді,

Қолқалап талай танысы сұраған еді

Көзге ыстық малды сатпауға бекінді атам,

Соғымға сойды,өкпесі дін-аман еді....

Қалдырдық қанша, жылдар мен айларды кейін,

Сағынышыма бұл сәтте, байланды үрейім.

Қайуанға айтқан сол қарғыс сәл қиыс кетіп,

Адамға тміп кетті ме?

қайдан білейін...

Қарағай,қайың,жас талдар...

іргеден көшті.

Куәсі болдық,қайғылы,дүрбелең көштің.

Шыққан жеріне бұл пәле қайтадан қайтып,

Шілдемен келген "қағынды" шілдемен кетсін!

Бір әуен бар

Топырақтай гүл тозаңын жасырған,

Күн сезімін аңсаған.

Күткен едім,жолығатын сол күнді,

Қайда жүрсең болшы аман!

Жай тозаңнан гүлге айналу оңай ма?

Мейір керек шуақты.

Қажеті жоқ жалғандық пен көлгірлік,

Болсын сезім тұрақты.

Қанаттары гүлмен өңдес көбелек,

Келер ұшып ғайыптан.

Қанатынан бейіш нұры себелеп,

Уайымнан айыққан.

Билесе тек бақыттылар билесін,

Таласпаңдар,құлшынып.

Екі сезім таба алмаса үйлесім,

Өтер іштей тұншынып.

Күйсандықта ойналмаған бұрын еш,

Бір әуен бар.

Қинайды.

Жабықтырды,тым көңілсіз бүгін кеш,

Келер күн не силайды?


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар