Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
«Махамбеттің басы» және «Сүйіктім Венера»...

04.12.2020 5852

«Махамбеттің басы» және «Сүйіктім Венера» 12+

«Махамбеттің  басы» және «Сүйіктім Венера» - adebiportal.kz

(эстетикалық эссе)

Тақырыптағы сөздер картинаның атауы яғни ерекше көркем-кескіннің мәнісі еді.

Әлдебір күні біздің редакцияға үстіне режиссерлерге тән киім саналатын алмалы-салмалы қалтасы алды-артын толтырған бір түрлі күрте киген, аяғында табаны қалың бәтеңке, басында шашының жартысын ғана жасырған төбесінде шошайған үрпегі бар киіз қалпақты егделеу адам келіп кірді.

Мұнда әдетте сырттан келушілер аз болмайтындықтан бәріне назар аудара бермей етіміз үйренсе де мына өзгеше кісіге бірден қарай қалдым. Жалпақтау беті жүдеу қаны қашқан болса да етектілеу келген мұрыны мен сәл жымиыстан көрініп тұрған тістері пішініндегі жүдеулікті көлегейлеп көңілді кескін танытып тұрғандықтан сырт көзге аса жайдары көрінді. Аласы көптеу шуақты қоңыр көздері әдетте есіктен кірген адамдардай отырғандарға қарай қалмады.

Өте жылдам бүкіл бөлмені төбеден еденге, қабырғалардан есікке дейін сәл сәтте шыр айналдыра шолып үлгерді. Сонсоң, түкпір-түкпірде өз-өз нәрселерін жазып отырған журналистерді де тегіс бір байқап өтті. Келесіде, түрі аппақ қардай, аз ашылған ернінен әдемі тістері көріне жылы жымиған, жарқыраған үлкен көздерімен қабырғаға қиғаштай қарап ойланып отырған жас журналист қызға біраз бөгеле қарап тұрды.

Сонсоң ғана, өзіне назар сала қарап отырған маған көз тікті де жаныма таяп келді. Қолын ұсынды, саусақтары мен алақаны өте жұмсақ екенін байқадым.

«Отырыңыз аға!» - деп, бір бұрыштағы орындықты әкеліп үстеліме жақын қойдым. Жүзіме біраз барлай қарап отырып, «осы жігітке айтуға болатын сияқты» деген ниеті пішінінен анық байқалып, бөлмемізге келгелі алғаш рет тіл қатты.

«Баурым, менің жасым екіні кемітсе елуге түседі, сегізді қосса алпысты алқымдайды. Дүниеге суретшінің көзімен ғана қараймын...» - деп, күліп қойды. Уақыт десе, жаным шыққандай шырқырап отыратын жауапты хатшылық әдетіммен: «Аға, бәрін бөгелмей айта беріңіз! Сұхбатқа айналдырған кезде жайнатып жібереміз. Міне, дикто...» соңғы сөзімді жұтып қалдым «міне, диктофон да дайын, бәрін жазып аламын» деп, айтпақшы едім, кейбір адамдар диктофон десе тартынып қалатыны есіме түсе кетті. Суретші ағамыз алғашқы сөзіндегідей-ақ бүкіл әңгімесін астармен, жасырын мағынамен, қызық тұспалмен... айтатын әдеті бар ерекше адам екен.

Енді, сондағы есімде анық қалғандарды өте ықшам баяндайын дедім. Суретші ағамның қызық әңгімесі өз архивімде екі беті толы касетаға да жазылып сақталған еді, оны іздеп табу да қажет емес сияқты.

«Суретшілер мектебінде оқып жүргенімде біздің бөлімде бірге оқып жүрген орыс қызы маған қатты үйір болып кетті. Қасымнан қалмайды, басқа қыздардай бұл бозбала маған қалай қарайды екен дейтін әдепкі сақтық, сыңай байқау деген атымен жоқ. Ойына не келіп тұрса маған сонысын емін-еркін айта береді. Онысы өзіне жарасып та тұр.

Мені көрсе болды ақсары жүзі қуаныштан қызғылт тарта жайраңдап, тұнық көгілдір көзі ешбір аңдаусыз жайнай қарап елпілдеп кетеді. Кешеден бері сабақта, көшеде, үйде не сезіп не ойлағанын, көргенін айта жөнеледі, сөйлесе болды күлкі үйіріліп тұратын еріндері бүкіл сөздерін әрлендіріп не айтса да көңілді көтеретіндей қызықты, құлаққа жағымды етеді. Жалықтырмайды, жас бойжеткеннің ішкі сезім қуанышын әнге айналдырған әуен секілді бойды балқытып, айта берсе екен дегізетін күйге түсіреді.

Аты Венера еді. Алматыда аяз күшейген жаңа жылдан кейінгі бір күндері Венера екі апта бойы сабаққа келмей қалды. Ауырып қалыпты дегенді естідік. Сол күннен бері бірдеңемді жоғалтқандай құлазып жүрдім. Күнде таңертең класқа кіре сала Венера отыратын орынға өзімнің жалт қарайтынымды байқадым. Отырса ғой шіркін деген бір үміт жалт етеді. Бос тұрған орынды көргенде кеудемде лап етіп жанған бір шырақ жалп етіп сөнгендей көңілсіз отыра кетем.

Келесі бір күні көңілім күпті болып, Венера келді ме, жоқ па деп ойланып келе жатқанымды байқағанда өзіме өзім таңданып, іштей ұялып қалғандай болдым. Сонда да ол ойымды өзімнен қуып шыға алмайтын сияқтымын. Венера келген болса екен, деген үміт жетегімен кіріп келгенімде оның өз орнында отырғанын көріп, солай жалт етіп қарап күліп жібергенімді де аңдамаппын.

Орнымда тұрып қалдым, бұрындары ол кластағы балалардың не деп әжуә қылғанын да елең қылмай тастан секірген лақтай ойнақтап жаныма жүгіріп келуші еді. Кейде мектеп сыртында жүргенде кішкене баладай мойыныма асылып, иығыма шығып алатыны да бар-ды. (Соңында Венераның ол қылығын кластағылар елең қылмай кеткен-ді)

Бұл жолы тек көгілдір көздері қуана жаудырап, аппақ болып бозарған өңіне сәл қуаныш ұялағандай қарап отыра берді. Келмеді. Мен бұл қалай дегендей оған жымия қараған қалпы сұраулы жүзбен өз орныма келіп жайғастым.

Ішкі дүниемде бір тыныштық орнап, Венера келмеген күндері көкірегімде соғып тұратын суық жел тоқтағандай, жарқырап күн шыққандай халге келгенімді байқаймын. Венара артқы партада отырушы еді. Арқама ыстық күннің шуағы түскендей денем жадырап артыма бұрылып қарғанымды өзім де сезбей қалдым. Венера да келгелі менен көз айырмаған секілді, қараған сәтте-ақ көзіміз түйісті. Қуаныштан үнемі жайнап тұратын мөлдір көздерінен сезілген сәл бір кірбіңді қалт жібермей байқап қалдым.

Үзілісте ол ақырын жүріп қасыма келді де жұп-жұмсақ ақ саусақтарымен қолымнан келіп ұстады. Көз шарасына жас үйіріліпті. Таңғалып қарап қалдым. Бұрынғыдай жайнаңдап көңілдене сөйлейтін шамасы болмай тұрғанын салқындау тартқан, әлсіз саусақтарынан сезіп тұрмын.

Сөйтсем былай болған екен. Венера іші қатты түйнеп ауырып жедел жәрдеммен дәргерханаға түсіпті. Өті түйнеген деп, бір күн бойы дәрі қабылдап ертеңінде ғана соқырішек екені анықталып хирургия жасатқан. Сөйтіп, соқырішек ішіне жарылып кеткендіктен жағдайы өте ауыр болыпты. Әлденеше күн ыстығы түспей кейде есі шығасылы-кіресілі халге дейін барған.

«Сонда дейді, сен бір келсе ғой, шіркін...» деп ойлаумен болдым. Қасымда үнемі мамам болды, әкем Мәскеуге ғылыми еңбек қорғауға кеткендіктен келе алмады. Сені келсе ғой деп үздіксіз ойлағандықтан ба, бір күні ыстығым қатты көтерілгенде сенің атыңды қайта-қайта атап шақырған сияқтымын.

Мамам «сен бір қазақ баланың атын көп айта бердің ол кім?» деп сұрағанда, сенің атыңды мамамның ауызынан естігенде өзің келгендей қатты қуанып кеттім ғой... Ұялыңқырап «класта қасымда отыратын ұлды айтқан шығармын мама, өйткені ол жанымда отыратындықтан үнемі оның атын айтып үйреніп кетіппін» деп едім, мамам сәл жымиып, «қазақ бала ма, жақсы бала ма?!» деп маған бір қуақы көзбен қарап күліп қойды. Мен басымды иізеп, «иә, мама өте жақы» деп, айтып қалғанымды да байқамай, «өте» деген сөзді қосқаныма ыңғайсызданып қалдым.

Бірақ, дәл сол сәттен бастап сен менің қасыма келгендей көз алдыма елестей бердің-елестей бердің. Сонда бойым сергіп қатты ауырғанымды ұмытып, жазыла бастағандай болдым...» Осылайша, Венера екеуіміз жанымыз ең жақын адамдарға айналып қызықты студенттік күндеріміз таусылмайтын қуаныштармен өтіп жатты.

Көзді-ашып жұмғанша Суретшілер мектебінің соңғы курсына да келіп қойған едік. Көктемнің шуақты күндері алдағы таусылмас армандарымызға қанат бітіргендей жастық желікпен желпілдеп жүрген күндеріміз еді.

Сурет өнері де сөз өнерінен бір де кем емес әркімді оның желігі тәтті қиядарымен қанаттандырып айналаның бәрінен сұлулық іздеп шарқ ұрып жүретін өңкей бір әумесір секілдіміз.

Венера алғашқы курстегідей өте балаң ойнақылығын қойып сәл байсалданса да маған деген үйірлігі артпаса басылмаған-ды. Менімен кездессе болды, кішкене балалардың ойнағанындай ойына не қызық түссе соны жасайды.

Оңаша қалсақ, маңдайымды жұп-жұмсақ саусақ ұшымен шертіп-шертіп көріп, «осының ішіндегі ми қандай қызық екен, ә!» деп күлкі қылады. Мұрынымның ұшын ақырын қысып көріп, «жоқ, бұл жалпақтау болғандықтан балаларымызға менің мұрыным тарту керек» дейді, маған «бұған қалай қарайсың?» дегендей әдемі көздері сүйкімді сұраумен қадалады.

Құлағымды мыжғылайды, «а, құлақтары екеуімізге де ұқсай берсін...» Оның осындай сөздерін ойыны шығар деп, тек рахаттана күліп қоятынмын.

Мектепті аяқтауға өте аз күн қалып, дипломдарымызды күтіп жүрген күндері Венера сол ерке мінезімен саусақтарымды бір-бірден қысып ұстап: «Мына басбармақ үлкеніміз болады...» деді. Бетіме «Оған қалай қарайсың?» дегендей сыңаймен, шынайы сырын айтқандай, соған нақ жауап күткендей ыстық алақанымен бармағымды қыса түсті.

Мен күле тұрып: «Сонда, сен шынымен...?!» - дедім, сөзімнің соңын жұтып.

Венера кенет қазақша: «Иә, шынымен!» - дегенде, қуанғанымды да, таңданағаным да біле алмай, қолымды қысып тұрған аппақ кішкентай қолын екі алақаныммен аялай сипап тұрып қалдым.

Венара бұл қимылымды әлі де нақты жауап деп қабылдамағандай, бос тұрған сол қолын әкеліп менің оң қолымның сұқ саусағын қысып: «Екіншісі, осындай қыз...» деді, ортан саусағымды тағы қысып: «Үшіншісі, осындай ұл» деді, атжоқ саусағымды қысып тұрып күліп жіберді: «Оны сен айт, ұл ма, қыз ба?» деді, содан жауап күтпей шылдыр шүмекті өте аялай ұстап ақырын қысып тұрып: «Ең кішісі кенжеміз қыз...» деді.

Венера осының бәрін мүлтіксіз қазақша айтты. Оның қазақша сөйлеп үйреніп жүретінін білетінмін бірақ, дәл осылай қазақша сөйлеп кеткен алғырлығына сенерімді де сенбесімді де біле алмай, басымды шайқай күле бердім.

Әрі аяқ астынан әке болып кеткендей ғажап халіме айран-асыр болып есім шыға: «Венера, сонша көп бала ма?!» дедім. Ол маған жалт етіп таңдана қарап қалды:

«Сендер көп балалы болуды жақсы көресіңдер емес пе!» деп, айтып алды да, «Саған бала тауып бермесем не үшін келіншек болам?!» деп, ұяла жымиып тұрып, ал енді жауабыңды айтсаңшы дегендей қиыла қарады.

Сол сәтте ғана мен Венераның маған өмірлік жар болуды әлдеқашан шешіп қойған, сондай адал қыз екенін, мені жан-тәнімен жақсы көретінін ұққандай болдым да, осы күнге дейін менің ол туралы еш ойланбай жүргеніме қысылғандай, енді екі қолын да қатар қысып тұрып: «Апама айтайын сонан кейін...» дедім.

Венераның көзінен мен бұрын еш байқамаған үміт пен күдік ұшқыны қатар ұшқындап тұрып, саусақтарын босатып алып қолдарын мойыныма салып, менен бір ыстық сезім күткендей, отты демі иек астыма білініп қобалжый қарап тұрып қалған еді.

Апама бүкіл жағадайды жайып салдым. Бірақ, апамның жүзінен ешқандай жылы қуаныш белгісі байқалмады, айтқандарымды үнсіз тыңдады. Сонсоң жалғыз сөз қатты: «Қазақ қыздар құрып қалған ба!?» деді, үнінде маған деген өкпеден гөрі ашу басым сезілді.

Апамның осы сөзін естігенде ішім мұздап кеткенін байқадым. Венераның маған үмітпен қараған әдемі көгілдір көзі жалт етіп елес беріп, өзім де оны басқа ешқандай қызға айырбастамайтынымды білдім. Расымен де, өзім байқамай жүргендей болғаныммен Венераны жар етуді шын қалайтынымды іштей мойындадым.

Апамның ашуының басылуын күттім. Апам былайша мінезі жұмсақ бола тұра кейде көңіліне жақпайтын нәрсеге қатты ашуланып, біраз уақыттан кейін ештеңе болмағандай ұмытып кететін кісі еді.

Сол мінезін ойлап ертеңінде шай ішіп отырған кезде Венера әңгімесін тағы бастадым, оның бес бала тауып берем дегенін де әзілдей отырып әңгімеледім. Дәл осы сөзді естігенде апам елең етіп: «Шын солай деді ме?» деді.

Ол Венераның құр сөзі ғана емес, тіпті жалғыз мақсаты екенін де апама иландыра айттым. Апам мүлде жұмсарып, жүзі жылып:

«Ол расында, сондай жақсы қыз екен онда, бірақ...» деп, бөгелді апам. Мен, бірақтың не екенін білгім келіп тыныс алмай тым-тырыс отырып қалдым. Апам: «Әттең, ол жақсы бойжеткеннің бісмілласы жоқ қой... қайдан болады...» деді.

Аңтарылып қалдым, апам менің жүзіме әжім торлап шаршаған кейпімен қарай отырып: «Мейілі өзің біл! Бірақ, ол келіннің қолынан қайнатқан шайды ішпеймін... Енді, соғыста өлген әкеңнің қасіретін ұмыттыратын жалғыз үмітім сен түсірген келінімнің қызығын көрейін дегенімде мұндай болса...» деп, үһілей күрсініп орнынан тұрып кетті.

Апамның бүкшиіп кетіп бара жатқан түрін көргенде көкірегімді ащы өксік буып, жаным шырқырап қатты аяп кеттім. Венераның бәйкүна көгілдір жанары көз алдымнан жалт етіп елес бергенде ішім мұздап қолдарым дірілдеді.

Диплом алатын күні мектепке жиналдық. Бұрындары Венераны көруге ынтығып тұратын болсам, бүгін қанша көргім келіп сағынып тұрсам да кезігуге бата алмайтын секілдімін. Бірақ, анандай жерде жалғыз өзі оңашалана мені тағатсыздана күтіп жүргенін бірден көзім шалды.

Өйткені, өзім де оны көзіммен іздеп келе жатқам-ды. Венераны сыртынан бір көріп қалудың өзі маған қанша қуаныш әкелетінін әлдеқашан білген едім ғой.

Ол мені байқай сала жеңіл жүгіріп жаныма келді де, жып-жылы жұмсақ алақанымен оң қолымды ұстай алды: «Ал, не болды?!» дегендей бетіме қарап, сәл ентіге тыныс алған сүйкімді кеудесі бүлкілдей қозғалып көзіме көзін телмірте қарап тұрды.

Осындай әдемі, шыншыл, жарқырап тұрған көзді содан кейін өмір бойы ешкімнен кезіктіре алмаған едім. Мұндай шынайы ғажап жанарды алдаусырату қолымнан келмеді:

«Венера!» дедім. Оның атын осылай атағанымда «аяулым, жаным, қымбаттым...» деген адамның ең жақсы көретін адамына арнайтын ыстық ілеп есіп тұрған еді. Венера сол ілепті қалт жібермей сезіп, бұрындары қуаныштан қызғылт тартып құлпырып кететін жүзі ілезде оралып, көздерінде бақыттың жұлдыз жарқылы жалт-жұлт етті.

Мен болсам, келесі де күрсіне тыныс алып, кеудемді кеңейтіп алдым да, оның жұп-жұмсақ шоқтай ыстық кішкентай қолдарын екі алақаныммен аялай ұстап тұрып: «...бірақ, апам бізге рұқсат етпеді...» деп, қалай айтқанымды өзім де аңдамай қалдым.

Венера менің бұл шолақ сөзімді естігенде, құлпырған жүзі бір сәтте қураған шүперектей боп-боз болып кетті. Жұлдыздар жанып жарқырап тұрған көзі үрлеп сөндірген шамдай жалп етіп, оты өшіп жансыз құр көз-пішінге ауысты. Оның жаңа ғана бүкіл денеме от беріп тұрған ыстық қолдары сұп-суық тасқа айналғандай мұздап кетті.

Венера мұздай қолын менің алақанымнан ақырын суырып алып, екі алақанымен бетін басты да кілт бұрылып теңселе басып кетіп бара жатты. Тіп-тік әдемі екі иығы көз тартып, құлын мүсініне жарасқан мектеп бітіруге арнайы киген сәнді етегі баяу теңселіп...

Мен болсам, қозғалуға еш шамам қалмаған тас мүсін секілді, оның алыстап бара жатқан сұлбасына қадалған қалпы қала бергем-ді.

Венера дипломын да келіп алмады. Мектепте ол қыздан ғажап пейзажшы шығады деп, ұстаздар мақтайтын-ды. Табиғат туралы сурет салғанда өңдерді таңдап, оны бір-бірімен үйлестіргені бояуына жан бітіргендей құбылып, тірі табиғаттың алдында тұрғандай күйге түсіретіні оның өте талантты суретші екендігін танытушы еді-ау!

Венераны іздедім, көршілері айтты, мамасы екеуі Мәскеуге мүлде кетті, деп. Осы хабарды естігенде, жан-дүниемдегі сыршыл бір әуен қаралы күйге ауысқандай есеңгіреп, құр сүлдерім қалды. Сөйтіп, өзіме енді ешуақытта қайта табылмайтын адамнан мәңгі айырылғанымды білдім.

Көптен күткен диплом алу маған түк қуаныш болмады. Одан да қымбат бірдеңемнен жоғалтқадай күй кештім. Бозбала түрім түнеріп кеткен болар. Апам дөңгеленіп тұратын қоңыр көздерін одан ары дөңгелентіп шай үстінде маған көз тікті. Баяғыдан білем, екеуіміз ғана білетін нәрсені сұрарда солай қарайтынын.

Ақырын ғана: «Апам ұлықсат етпеді дедім, оған...» Апамның көздері тіпті дөңгеленіп шарасынан шықты, жасқа толып кетті: «Не дедің, а.а.а! Ол кінәсіз қызға солай деп айттың ба, мен рұқсат етіп едім ғой...» деді, дауысы дірілдеп. Апамның Венераға шын жаны ашығанын ұқтым.

Осы өкінішті сәтте апамды ақтап, өзімді кінәлі етіп: «Апа... егер Венераның қайнатқан шәйін ішпесеңіз, мен оны келіншек еткеннен не пайда?!» дедім.

Апам орнынан үнсіз тұрып теріс айналып кетіп бара жатқандағы әбден бүкшиген бейнесі менің тағы бір қымбатты кісіден айырғанымды жүрегіме сездіргендей кеудем қысылды.

Расында, солай болды. Апам содан бір ай уақыт өткенде қайтыс болды. Армандаған келіннің қолынан шай іше алмады. Тұлдыр жалғыз қалдым. Суретшілер Одағында біреуге көмекшілік жұмысқа тағайындалған едім.

Жұмыстан қол босай сала «Венера» деген картинамды сызуға отырамын. Бүкіл жанды болмысымен менің жан-дүниемнің бір бөлігіне айналған Венераны жанды бейнедей етіп салу үшін бүкіл қабілетімді сарқа кірістім.

Моно Лизадан бастап дүниедегі ең атақты картинаның бәрін сағаттар бойы зерделей қарап суретшілер мектебінде үйрене алмаған жүздеген тәсілдерді жете зерттедім. Бояудың құпияларына бойладым... Бұл картинаны сызу кезінде күндерден жаңылғам-ды. Ұйқы мен ояудың да орны ауысқан болатын.

Екі жыл дегенде картина дайын болды. Қызғылт көйлектің етегі дірілдей қозғалып, қыпша белі сәл ырғала, екі өрім қоңыр шашының бірі алдында, бірі артында болымсыз теңселіп, көгілдір мөлдір көздерінен жұлдыздар ұшқындай шаттана, алдағы бір бейнеге жайнай қарап қырындау тұрған Венера... Менің Венерам! Сүйікім Венера! Бірақ, Венера маған (яғни көрерменге емес басқа жаққа көз тіккен) қарамайды.

Венера көз тіккен жаққа қарағанда алыста ақ жаулықты ананың бұлдыраған сұлбасы бірден көз тартады. Ол бейне анасын сағынып жүретін әркімге өз анасындай елестеп, көзіне жас тола белгісіз анаға бір, сұлу Венераға бір қараған қалпы картина алдында қанша тұрғанын ұмытар еді.

Бұл туынды мені жас әуесқой суретшіден бірден кәсіби кәнігі шеберге айналдырған-ды. Рас, бұл Врубельдің атақты «Теңіз ханшасынан» да тартымды шыққан нағыз шедевр болатын.

Сөйтіп, бүкіл тірлігім сурет өнеріне айналды. Бәлкім, менің бозбалалық кезіме Венера тап келмесе бұл рахатынан бейнеті көп кәсіпті тастап кетер ме, едім.

Венера қыз маған әйел затының қайталанбас шынайы мінезін көрсеткен болса, «Венера» картинасы кескін өнерінің тылсымын үйретіп, мені одан ешуақытта кете алмайтындай етіп байлап тастады.

Өзімнің де өзгеше бір ішкі түйсігім қыз Венерадан айырылғаннан кейін мына дүниеде тірі жүрудің жалғыз мағынасы маған осы бейнелеу өнерінде ғана қалғанын ұқтырған-ды».

Суретші ағаның бәлкім басқа ешкімге айтпаған бұл сүйіспеншілік хикаясы өзінің кескін өнерінің шыңына жеткен шеберлігіне тікелей қатысты болған соң қаламгер ретінде маған айтқанында шәк жоқ.

Бірақ, мұндай әңгімені яки сұхбатты гәзетке беруге жол жоқ еді. Алайда, суретші «Венера» картинасын кескін өнерінің тылсым сырына жетуге жол ашқан туындысы деп санаса, «Махамбеттің басы» оның шырқау шыңына жеткізген жетістігі деп көретінін ұққам-ды.

Осындай рухани кеңістікті қамти жазылған сұхбат гәзетке кезінде шықты. Оның басылым оқырмандарына қаншалықты әсерлі болғанын білмеймін. Ал, суретші аға сұхбат мәтініне өзі қатты разы болды. Редакцияға арнайы келіп рахметін жолдады.

Одан кейін де маған үй телефонына, қызмет телефонына хабарласып тұратын болды. Бірде өзінің Суретшілер Одағындағы шеберханасына келіп кетуімді өтінді. Демалыс күні болғандықтан баруға уәде бердім. Әңгімеміз ұзақ жалғасып қалса құр отырмайық деп, литрлік қораптағы кефир-айран және қалталарға салынған бөлкелерді ала салдым.

Суретші аға Одақ ғимратының алдында күтіп тұр екен. Сатымен үшінші қабатқа көтерілдік. Биік, үлкен жарма есіктің құлыбын бұрап бір жағын ашып өзі ішке кірді. Маған мойын бұрып бір қадам шегініп жол ашты.

Шеберхана салондарын бұрындары көріп жүргенімдей елестетіп кірген мен қатты таңырқап кірген орнымнан табжыла алмай тұрып қалдым. Салон биік әрі өте кең еді, кіші-кірім спорт залы деуге тұратындай. Бірақ, осындай үлкен залда адам жүретіндей, отырып-тұратындай... кеңістік қалмаған.

Кіреберістегі бір қадам жерде ұзын үстел қойылған екен. Соның үстін бір шолып қалғанымда онда жоқ нәрсе жоқтай көрінген. Қалың-қалың альбом кітаптар қалай қойған болса солай тұр, бірі жартылай ашылған қалпы қалған, оның үстіне бір-екеуі тігінен біріне-бірі сүйеніп, келесілері бірінің үстіне бірі қиғаш я көлденең не жартылай қойыла салған, кейбірі биіктеу қабатталған кітаптың ең үстінде әзер-әзер ілініп сәл тиіп кетсе құлап түсердей халде қалтылдап тұр.

Осы ығы-жығы кітап «құрылыстардың» ара-арасыда тағы да самсаған үлкен-кіші бүйірінде нетүрлі бейнелері бар құмыралар орын алыпты. Олардың сәл алаңқай қалған жері болса сурет салуға пайдалантын дөңгелек, төртбұрыш, жұмыр не түрлі сауыттар... Сауыттардың көбінің ішіне қылқалам салынған, кейібірінің үстіне қойыла салған... адам бір қарағанда айырып білу қиын тағы нелер нәрселер қаптап жатыр.

Ары қарай қалай өтсем екен, дегендей қарсы алымдағы терезе жаққа көз тастадым. Үш үлкен терезе аралары үш-төрт қадамнан кем емес болар. Жарық түсіп тұрған терезеден басқа қабырғаларда да ине шаншар жер жоқ, сурет салуға қатысты заттар болу керек сығылысып симай тұр.

Әлгілердің арасында үлкен-кіші картиналар да көзге түседі. Екінші терезенің аралығындағы қабырғадан бері шығара орнатқан екі-үш қабатты жадағай сөренің үстіне қойылған затқа көзім түскенде тітіркеніп қалдым. Ол сөрелерде де үстелдерде тұрғандай нелер «коллекциялар» тұрса да бір мелжемділеу темір қобдиша сөре жиегінде әзер-әзер сиып сәл сыбырдан-ақ анау биіктен құлап түсердей көрініп тұрғаны қорқынышты еді.

Суретші ағам аңырып қалған маған «ау, жүрмейсің бе, енді...» дегендей ишарамен алақанын жайып салонның сонау түкпірін меңзеді. Жүруге қамдандым. Аяғымды көтеріп алға қарағанымда еденде де ине шаншар алаңқай көре алмадым.

Кездейсоқ түсіп қалған әлде әдейі солай тастағаны белгісіз не қилы кітап, кітапшалар, айқасып жатқан қалам, қарындаштар мен бояуға малшынып қатып қалған қылқаламдар...

Сәл ашық жерді көзіммен қарастыра жұқа мұздың үстінде келе жатқан адамдай адымдарымды аңдап басып суретшінің артынан ердім. Ол кісі дәл мендей бөгелмей өте епті алға кетіп барады. Бір кезде өзім құрметтейтін бір жазушының кітапбы дәл алдымда табанымның астында қалардай халде жатқанын көріп лып еткізіп іліп алып, қарсы алдымдағы үстелге қойғаным сол еді, суретші аға жалт қарап, маған түсініксіздеу бір ишара жасады.

Салон түкпіріне дейін жету үшін әлі де жүру керек... екі жағыма көз қырын ғана салуға шамам келіп, тек аяқ басар ашық жерді мұқият қадағалап алға жылжудамын.

Жан-жағымда дәл солай кіреберістегі үстелге ұқсас аласа-биік үстелдер иін-тіресіп тұр. Үстінде мен бұл күнге дейін көрмеген суретке қатысты аспап-саймандар... ал үстел қойылмаған еден алаңқайына да әлдене қабат-қабат текшеленген жұқа-қалың қағаздар, кардон, жәшіктер... төбе-төбе болып үйіліп қалған.

Ең соңында терең-терең қорым-тастар көмкерген аса қатерлі жартас қияларынан аман-есен өткен альпинстерден бетер болып, межелеген салон түкпіріне жетік-ау!

Бір қуанарлығы жеткен жерімізде бірнеше қадам алаңқай орын отыруға жарайды екен. Суретші аға ағаш креслоға жайғасты, маған орындық ұсынды. Қарсы алдында сурет салатын планшеті тұр. Дәл жанында бәлкім бояу, қылқаламдарын қоятын болу керек дөңгелек үстелше.

Тағы да қабырғаларға көз жүгірттім, дәл сондай терезе аралықтағы қабырғалар секілді мұнда да ашық қабырға қалмаған. Бірақ, бұл маңда рамкадағы сызылып біткен картиналар көбірек орын алғаны көрінеді.

Суретші аға менің таңданысты халімді айтпай түсінген секілді. «Інім, бұл көргеніңнің бәрі нағыз үйлесім!» деді, өте сенімді үнмен.

Менің көкейімдегі «осындай бей-берекет нәрсе расында үйлесім бе?!» деген пиғылымды түзеткісі келгендей, сол пікірін нақтыландырғандай: «Реттілік деген ол нағыз жасандылық, жасандылықта шынайылық болмайды, шынайылық болмаса әсемдік те, көркемдік те жоқ!» деді. Менің ол пікірін құптауым яки қарсы болуым суретші ағама керек емес тәрізді. Біраз үнсіз отырып:

«Міне, осы астаң-кестең салонда...» ақырын кеңк-кеңк күліп алды. «Қырықыншы жылда туындыларымды салумен айналысып келем. Сурет салғалы қырық сегіз жыл. Көмекшілікте сегіз жыл болғаннан кейін осы салонға қолым жетті. А, айтпақшы «Венераны» үйде салдым, апамның бөлмесінде отырып. Ал, «Махамбеттің басының» туған жері осы салон» деді. Ұйқымнан оянғандай: «Венера қайда, аға!?» дедім, суретші ағам картинаны сұрап отырғанымды ұқты. Бет-жүзі бір күңгірт тартып, бір жарқ етіп бұлт пен күннің алма-кезек аспанда алмасқанындай қуаныш пен қайғы араласқан шыраймен маған ризалық пішінде көз салып, орнынан ақырын тұрды.

Дәл тұсындағы қабырғада ілулі тұрған, бетін ақ пердемен бүркеген рамканың қасына барып пердені ысыруға оқталып тұрды да қолын тартып алды. Сонсоң құпия бір үнмен:

«Венераны, Венераның өзіне көрсетуді өмір бойы армандадым. Өзімнен кейін екінші сол көрсінші деп тілеп едім. Қырық алты жыл бойы әлі күтудемін, бірақ... Венерам мұны көре алмады.

Сонсоң, екінші адам көрді ақыры бұл картинаны. Ол Франциядан Алматыға қыдыра келген жас суретші қыз еді. Венераға өте ұқсас еді. Соны салоныма ертіп келіп пердені аштым, ол алғашында селк еткендей қатты әсерленіп картинаға қадала қарап қалды. Қозғалар емес, бір байқасам, екі көзінен жас парлап үнсіз жылап тұр екен, сонсоң иығы селкілдеп өкси жылай бастады.

Не болды деп сұрап, уатайын десем, бір ауыз французша да, ағылшынша да тіл жоқ. Жүрексіне тұрып иығына қолымды салып, қазақша «жыламашы, жаным» деп, айтып қалдым. Ол жас толы көгілдір көзі жалт етіп, маған бұрылды да маңдайын иығыма еппен қойып бір қолымен білегімнен ұстай тұрып, өксігі аралас үнмен французша әле ағылшынша әлденені айтып тұрды.

Мен баяғыда ең соңғы рет көрген Венерамның қарсы алымда тұрған сәті қайта оралғандай, тіпті Венераның өзі мені іздеп келіп қуаныштан жылап тұрғандай тіл жеткісіз бір рахатқа кенеліп, қырық жыл бойы ұмытқан қуаныш деген сезімді қайта тауып армансыз халде тұрдым ғой...»

Суретші ағамның көз шарасына жас толыпты. Жұтынып, біраз үнсіз тұрып қалды да:

«Енді, үшінші көрермен болу саған бұйырыпты...» деп, пердені ақырын бір шетке қарай жылжыта бастады. Мен перде толық сиырылған кезде денем дір етіп ғажаптана тіксініп қалдым.

Рамка дегенім әлдебір үйдің терезесі секілді елес берді де сол терезеге таяу сыртта бет-жүзі жартылай қырындау қараған, көркінің кереметтігі ішті бір сәтте өртеп өтердей сұлу қыз, кәдімгі тірі қыз белгісіз жаққа үміттене қиыла қарап тұр еді. Көзімді одан сәл тайдырып әкету – өзімді өкініштің тұманына кіргізіп кететінін сезгендей кірпік қақпай қадалып қалғанымды білем.

Бір кезде ақ перде баяу жабылып ғажап бейне көзімнен ғайып болды. Сол сәтте қимастық сезіммен терең күрсініп қалғанымды аңдадым. Сол әсерімді білдіру я білдірмеу үшін бе, еріксіз тіл қаттым:

«Аға, мынау картина дегеніңіз картина емес қой! Тірі Венераның өзі ғой! Ол әсем қыз егер қазір тірі болса, жүзінен әр тайып әже болған шығар. Ал мына Венера мәңгі жас қалпында қалыпты!» дедім.

Суретші аға басын изеген қалпы маған зерделей көз салып үнсіз тұрды.

Ағаш креслосына отырып: «Журналист інім, картинама тамаша баға бердің, рахмет! Ал, француз қыз қандай баға бергенін біле алмадым, бірақ ол картинаны көрген кезде еш ойға келмеген эмоцияға түскеніне қарағанда өте жоғары баға бергеніне күмәнім жоқ, француздар көркем суретті ең терең түсінетін халық қой...» деп, сәл ойланған соң:

«Венераны мен сол кездегі ең қымбат бояулармен салған едім, уақытқа төтеп беретін бояулар.

Міне, қырық алты жылдан бері еш қылаусыз жаңа салғандай тұр. Бірақ, одан да ұзақ сақталатын бір әдісті корейдің бір суретшісі ұсыныпты. Мен оны Венераны салып аяқтаған соң жиырма жыл өткенде естігем-ді» деп, сол жақ бұрыштағы қабырғадағы сөреде тұрған үлкен шыны сауытты маған көзімен нұсқап көрсетті.

Шамамен екі литрлік шыны сауыттың ішінде көрініп тұрған сарғыш сұйыққа көз тіктім. Суретші аға: «Оны не деп ойлайсың?» деді. Мен: «Бояудың бір түрі шығар...» деп түйіткілсідім.

Ол: «Жоқ, ол күнбағыстың таза майы. Қазір анау шыны сауытта тұрғанына осы күзде он сегіз жыл толады. Сол уақыт ол май үшін он сегізге келіп құлпырған бойжеткендей әбден кемелденген кезі. Енді, осы күзде Венераны сол маймен матасына сіңгенге дейін сылаймын, сонда ол тіпті жаңарады, өткен уақыттар оны ескірткен тұр ғой жаңарта түседі!» дегенде, дауысында бір қуаныш жаңғырығы қоса естілді.

Енді, өткенде өзім сұхбаттың тақырыбы еткен картинаның жөнін білгім келіп: «Махамбетіңіз де осы салоныңызда сақтаулы ма?» дедім.

Суретші ренішті пішінде басын шайқады: «Жоқ, ол сурет қалайша мұнда тұрды! Салынған соң кешікпей Суретшілер Одағының ұсынысы бойынша Орталық көрмеге қойылған-ды. Одан кейін де көптеген көрмелерге апарылды.

Оның тырнағына татымайтын суреттер орын иеленіп иелері сыйлық алып жатты. Ақыры, оны жетім бала секілді иесіз қалдырмайтын деп, ол жерден алып бірден Әбіш Кекілбаевтың алдына бардым.

«Әй, Әбіш!» дедім. (лауазымды адамға олай еркін сөйлеуін бірге оқығандығы ма яки жерлестігі ме, сол кезде айтқаны есімде қалмапты) «Мына картина сыйлыққа лайық па, жоқ па өзің айтшы! Сен де өнер адамысың ғой!» деп, кабинетіндегі қарсы үстелге «Махамбеттің басын» қойып бетіндегі бүркеншігін сыпырып алдым.

Батырдың басы табаққа салынулы тұр. Анау-мынау табақ емес, хан мен төреге, би мен байға ғана тартылатын сыйлы табақ. Көлемі көлдей кең, ернеуі еңселі, бүйірі толық, ондағы ою-өрнектер де қас шебердің қолымен салынғанын паш етіп көз жауын алады!

Батырдың басы осы кең табаққа әрең сиып тұр. Денесі жоқ, дене дейсіз мойыны да жоқ құр бастың өзі. Сөйте тұра бас өлмеген тірі қалпында. Оның дәлелі көзі жайнап тұр, айналаның бәрін қалт жібермей көріп тұрғаны анық.

Ал өзіне қарай қалған кім болса да зерделей қараған жанары бет-пішініңді ғана емес, жаныңның терең түкпіріндегі ойыңды да оқып тұрғандай сұмдық өткір. Сәл сәт қана қарауға шамаң жетеді, көзіңді ілезде тайдырып әкететесің. Бірақ, тағы қарауға мәжбүр етеді. Қимай қарау ма, қызыға қарау ма, бағыныштылыққа түсіп қарау ма, оны айыру қиын.

Әбіштің қатты таңқала қарағанын бет пішінінен анық көріп тұрдым. Алғашында тіксініп қалғандай көрінді. Соңынан жүзінде өкініш шырайы байқалды. Одан кейін басын изей, көзін бұлдырата терең ойға кетті.

Содан қолымды алып қыса тұрып: «Бұл сөз жоқ, жоғарғы сыйлыққа лайық туынды. Қатысты қызметкерлерге арнайы тапсырма берем, жарайсың!» деді. Бірақ, одан бері де бес жыл өтті, сыйлықтан еш хабар болмады...» деді.

Мұндай жағдайға мен суретші ағаға не айтарымды да білмедім. Есіме ілезде біраз жыл бұрын Махамбет батырдың даталы екі жүз жылдық мерейтойы өткенде артында қалған қалың елі оған мындай арнау сөздерін мың-мың мәрте айтып жатқан кезі көз алдыма оралды.

«Қазақтың қаһарман батыры, ұлтазаттық көтерілістің даңқты қолбасшысы, «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі бітер ме!!!» деп, халқына құлдық санада қалмауды, бодандықты ешқашан мойындамауды жасын жырларымен аманат етіп кеткен дауылпаз ақыны, басынан сөз асырмаған шешен, келешекті болжаған көсем, сөз жетпейтін отты сезімдерін күймен шерткен сазгер...» деген секілді.

Махамбет Өтемісұлы,

антропологиялық реконструкция жасаған Ноэл Шаяхметов. 1967 ж.

Содан беріде Махамбет туралы осындай рухтағы қаншама жыр, әңгіме-роман жазылған шығар. Бәрі айтылған болар, бірақ, мына «Махамбеттің басы» атты көркем-бейненің орны тіптен бөлек емес пе!

Өйткені, бұл ерек көркем-сурет Махамбет батыр туралы сөзбен де, күймен де жеткізе алмайтын тылсым құпияны ашқан-ды.

Ойды басқа жаққа бұру дұрыс құсады: «Аға, түс те болып қалыпты ғой, ала салған аз ғана ас-су бар еді, соны ішсек...» деп, пәкеттегі айранның бірінің аузын ашып алдына қойып, өзім бірін алып, бөлкелерді ортаға жайдым.

Суретші аға айранды қолына алып: «Осындай айранды ішпегелі де қанша жыл болғанын білмеймін...» деп, қорапты аузына таятып рахаттана жұтып: «О, қандай дәмді!» деді Мен:

«Қалайша, мұндай айран ішпейсіз?» дедім, таңданыңқырай бетіне қарап. Ол бір бөлкені қолына алып, ауызын сәл ашыңқырай бір шетінен үзіп алып, ақырын шайнап жұтты да, айраннан тағы бір ұрттап қылқ еткізіп жұтқыншағы жоғары-төмен қозғала сөйледі:

«Інім, мынандай кемел сурет салған өнер иесі май шылқытып үріп ұртап жүр деп отырсың-ау!» деп, кеңкілдей күліп алды: «Пенсиям екі бөлмелі пәтерімнің өтемақысына кетеді, қалғаны картиналар салудың шығыны... сонда тамаққа ештеңе қалмайды...»

Мен «солай ма, неге олай?» деген жылт етіп көңіліме келген екіұшты ойдың жетегімен қораптағы айранымды аузыма таятқан қалпы сұраулы жүзбен қарап қалдым. Суретші аға сөзін жалғады:

«Пәтеріме жақын Арыстан базарындағы азық-түлік сататындардың кеште өтпей қалған қалдықтарын алып кетем, содан тамақ жасаймын, көп жылдан бергі тірлігім сондай...» Сене алар емеспін, бет-жүзім түгел сұрауға толып кеткенін суретшінің жіті жанары анық байқағаны күмәнсіз. Сол күмәніме нүкте қоярдай етіп:

«Жалғызбын, өзімнен басқа ешкімім жоқ» деді. Осы сөз құлағыма жетіп, санама сұп-суық болып тигенде шошып оянғандай:

«Аға, сол қалпы үйленбедіңіз бе, сонда?!» деп, аңтарыла сұрадым. Қария суретші маған шуақты көзімен жымия қарап, басын біраз изеп-изеп отырды да: «Үйлендім... үйлендім... бірақ үйленуім бір-ақ айға жалғасты» деді.

Менің көзімнен көрініп қалған «Ол қалай болды?» деген сауалымның жауабы былай болып шықты.

«Қаланың қызы болатын, есімі Жайдарман еді. Әке-шешесі атақты «Досмұқасан» ансамбілінің бір ғажап әнінің атын қойған екен. Ондай аз сөзді, өте ретті, әрбір қозғалысы есепті, епті, тәртіпті... қызды осы өмірімде еш жерден қайта кезіктірмедім. Бір мұражайда бухгалтер болып істейді екен. Сонда бір көрме ашылып суреттерімізді апарып жүргенде алғаш көріп Жайдарманмен танысудың жөні келген.

Жайдарман адамға тіке қарамайды, көзінің қиығымен ғана көз салады. Әлдебір күні кезіккенімде «Жайдарман...» дедім өте жұмсақ үнмен, ол бетін сәл бұрып жылы жымиып көз қиығымен қарап сөзімді күтті. «Сен маған өте ұнайсың!» дегенде жүзі қызарып кетті де, басын изеді.

Солайша, ол жас сұлу менің жаңа алған екі бөлмелі пәтеріме келіншек болып түскен-ді. Өзің мына салонда көргендей онда да менің сурет құралдарым мен ол-пұлдарым шашылып жататын. Бір күні жұмыстан келсем, бөлме тап-тұйнақтай, заттарым бұрышта өз-өз ретімен қаздай тізіліп «біз қандаймыз!» дегендей жарқырап тұр!

«Жайдарман, бұлай болмайды ғой...» дедім, ренішті үнмен. Ол бетіме таңдана қарады: «Шашылып жатқан соң... реттедім» деді. Үндемедім, менің талғамымды әлі түсінбей жүр ғой, деп қоя салдым.

Сөйтіп, біраз күнде тағы да маған қатысты заттар бөлменің әр жерінде қолдан түсіп кетсе сол жерінде солайша, нені қалай қойған болсам сол қалпында тұра беретіндіктен бұрынғы «таз қалпына» қайта келе қалды. Жайдарман оған біраз күн төзгендей тиіспей жүрді.

Тағы бір күні әлгі заттарымның үйге жаңа әкелінген сөре, үстел, түмпішкелерде өз-өз қажетімен, ала салуға қолайлы ретімен... тұрғанын көрдім. «Жайдарман, айтқаным қайда?! Менің нәрселерім олай тұруға болмайды, деп...» ажырая қарадым.

Ол кейде өте таңқалғанда ғана қарайтын өткір жанарымен тамаша реттілікпен тұрған нәрселерді бір шолып: «Осылай тұрғаны әдемі емес пе!?» деді, өтініш жасағандай үнмен.

Мен басымды шайқадым. Дәл осы жағдай тағы бірнеше рет қайталанды. Соңғы ретінде мен: «Жайдарман!» дедім, қатаң дауыс шығарып, «Екеуіміз бұлайша бірге тұра алмайды екенбіз, мен кетейін...» дедім. Ол жалт қарады да: «Жоқ, онда мен кетейінші...» деді, дауысы өте аянышты еді.

Келесі күні қызметімнен кеш оралсам Жайдарман үйде жоқ екен. Шынымен, кетіп қалар деп ойлаған жоқ едім. Мүлде кетіп қалғанын көргенде кеткеніне қуанғаным әлде қатты қайғырғанымды білмей дал болдым. Бөлмеде шашылып жататын заттарым «біз бармыз уайымда!» дегендей әр-әр жерде жатқан қалпы көзіме түсті.»

Бұл хикаяны естіген мен әлдебір өкінішті көңілдің әсерімен: «О, ағатай-ау, мұныңыз қалай!? Сондай әдепті қызды қайта іздеп, ертіп келсеңіз де болатын еді ғой!» дедім. Қария суретші:

«Иә, мен оны қайта іздеуге мұршам болмады. Бірде Жайдарман Республика сарайының алдында әлдебір мереке күні маған өзі кезігіп қалды, қарсы алдымда тұрды. Сол алғашқы көрген қыз кезіндегі көзқарасы өзгермеген қалпы. Бірақ, бұл кезде жиырма жыл уақыт өтіп кеткен-ді. Жанында бойжетіп қалған өзіне ұқсас қыз бен бидай өңді бозбала еріп жүр екен. Маған көз тоқтата қарап тұрды да, құрмет көрсеткендей шырай таныта әдеппен басын изеді.»

Осылай бүкіл өмірін туынды жасауға сарп еткен қария суретшімен таныстығым оған біраз жақсы әсер еткеніне күмәнім жоқ. Өйткені, гәзет қызметінен болып уақытым үнемі есептеулі болғандықтан мен өзім ол кісімен хабарласпасам да суретші қария кешкі уақытта үйге үнемі дерлік телефон соғатын-ды.

Маған өзі әжесінен үйренген ерекше бір нәрсені ұқтырғысы келген еді. «Құранның әбжат есебі» деген менің түсінуім қиын тақырыпты қозғайтын.

Ал, мен ол кісінің көңілін ойлағандықтан: «Иә, аға құлағым сізде...» деп, қойып кезекті мақалаға дайындала беретінмін. Үйдегілер де мұны біліп алған еді, кеште телефон шырылдаса бәрі «Суретші ата!» дейтін.

Әлдебір демалыс күні өзім телефон шалдым: «Аға, үйіңізге барып шығайыншы, әлгі әбжаттың жәйін жақсылап сұрап алайын, дегем. Біз Ақсайдамыз ғой, сізге Мамырға өте жақын, тез барамын» дедім, шынында кезіккім келгендігін білдіре.

Суретші ағаның телефоннан мырс еткен күлкісі анық естілді:

«О, інім...» деп бөгеліп, қалай айтсам дегендей ойланып қалды да: «Ол пәтерге мен қазір өзім әрең кіріп-шығып жүрмін. Үйдің іші өзің көрген сурет салонынан бетер! Үйілген заттар үйдің төбесіне таяп әне-міне гүр етіп құлағалы тұр, келсең де кіре алмайсың...» деді.

Содан көп кешікпей біз баспанамызды ауыстырып кеткен едік. Телефон нөмірі өзгерген болатын, бәлкім суретші аға ескі телефонға көп хабарласқан шығар.

Одан бері де он бес жыл өте шығыпты. Қазір қария суретшінің тағдыры не болғанынан хабарсызбын.

Ол кісі есіме түссе, сол ғажап екі картина «Махамбеттің басы» мен «Сүйіктім Венера» көз алдыма елестеп көп уақыт кетпей тұрады.

Әсіресе, «Махамбеттің басы» атты көркем кескінді көрген ұлттық санасы бар адамның көкейіне нелер тылсым ойлар оянбай қоймайды. Мәселен, осы кесілген басты алдына апарып тартқанда сол басты әкелуге бұйрық берген Билеуші қандай күйге түсті екен, дегендей. Өйткені, өзіне бейтаныс адамға керемет айбатпен қарап тұрған бас өзіне қастандық жасаған адамға бұдан да үрейлі көрінгені сөз жоқ қой.

Бұл ешқашан өлмейтін «ТІРІ БАС» бәлкім сол кезде өзін өлтірттім деп мәз болған Билеушінің алдына апарылғанда айтатынын енді сөзбен емес, көзбен айтқаны анық. Көзбен айтқаны оған дейін бұл Билеушілерге сөзбен айтқанынан да өткір болғаны, оның одан әрі зәресін ұшырып, ордасынан шығып тұра қашқандай масқара еткені сөзсіз.

Өйткені, көзбен айтқан сөздері оның қап-қараңғы басына кіріп кеткендіктен енді, өз басын өзі шапса да құтыла алмайтындай күйге түсірген.

«Ей, билеуші мен өлмедім, сен өлдің! Халқының азаттығын сатқан адам өліден де өлі, халқының азаттығына жанын құрбан еткен адам тіріден де тірі!»

Осы мағынадағы жай отындай көз-сөз Билеушінің басын ғана емес, бүкіл өн-бойын күні- түні осып, жанын қинағанда... алтын тақ та, кенеусіз билік те, қолпаштаған қол-аяқ секілді сенімді нөкерлері де еш жәрдем бере алмаған.

Міне, бұл ерек көркем бейненің тек бір қырынан осындай мән-мағыналар атойлап көрініс береді, басқа қанша сыр бар екенін қаншама көзқарақты көрермен бәлкім біле жатар...

Менің айтпағым бұл да емес еді. Бұл көркем-бейненің осындай сыпатынан көрі осыны салған суретші туралы әлдеқайда көп нәрсе білетін едім. Соны жазсам деген ниет ерте туса да, одан бері де он бес жыл уақыт сырқырап өте шыққан екен.

Иә, нақтырағы бәлкім он төрт жыл бұрын шығар. Егер, сол кездегі халықаралық деген статусы бар «Қазақстан-Заман» деген гәзеттің тігіндісін ақтарып көрсе, осы «Махамбеттің басы» деген картинаны салған суретшінің сұхбатын табуға болады. Онда бүкіл ай-күн анықталар еді, бірақ оған мұрша жоқ, ал маңыздырағы осы бір ел есінен ұмыт қалған құпия суретшінің бір үзік өміріне куә болғандығымды ғана жазайын дегем.

Өйткені, бұл беймәлім суретші қазақтың Махамбеттін қайта тірілткен өнер иесі, сол үшін де ол зор құрметке ие болуға тиіс адам еді. Мынау жазба сондай бір құрметтің белгісі болсын деп, едім.

Көрнекі сурет: Сандро Боттичелли. Венераның тууы. 1482-486 жж. Фрагмент.

Абай МАУҚАРАҰЛЫ,

жазушы-журналист

Астана,

22-25 қыркүйек, 2020


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар