Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Майра Фазыл: Түн туушы...

24.03.2016 2394

Майра Фазыл: Түн туушы

Майра Фазыл: Түн туушы - adebiportal.kz

 


 

 

photo_78056.jpg

Түн


 

Автор жылады. Жастықсыз жатқан басын көрпеге үйкелей бір аударылып түсті. Бірақ көзін ашқан жоқ. Бәрібір еді, түнектен бұған сәуле түсіп тұрған жоқ қой. Ол Кейіпкерін аяп жылады. Өмір сүру керек еді. Ол өлімін тілеген жоқ, бірақ шарасыз. Оны қоштастырды. Сол уақытта өзін бақытты сезінді. Не үшін қоштасқанын білмейді. Өкінсін дегені болар, әлде солардан кетіп бара жатқанына шынымен көз жеткізгісі келді ме? Кешкісін жауын жауып кетті. Бұл жеті қабат ғимараттың қаңқасын айналып құлар орнын іздеп жүргенде үсті басы малмандай болды. Көп ойланған жоқ. Жылармын деп ойлаған. Ештеңе аңғармады да. Бір сәт өзіне таң қалды. Осылай оңай тастап кете алам деп бұрын соңды ойлаған емес-ті. Сосын мұңға берілді. Төменге қарап өзінің быт-шыт болар денесін елестетті. Жерге жетпей жүрегім жарылып кетер деп өзін-өзі жұбатып қойды. Ұшу рахатын аңсаған жоқ.


 

Ол ұйықтап бара жатты.


 

Ажалға да жан алу оңай емес. Жүрек жарылған жоқ. Ол баяғысынша бүлкілдеп жатыр. Әлсіз шыққан дем қан аралас батпаққа соғылып жоғалып жатты. Автор жымиып қойды. Тапқырлығына мәз болғаны болар. Бірақ жас самайын сыза ағып, шаш түбіне тірелгенін сезіп жатыр. Өзін құдіретті сезінсе де аяғынан ұстап қалуға шамасы жетпейтін-ді. Қайта түк те сезімсіз, арқасынан итеріп салғанда да көл-көсір болар көз жасын ойлады. Қаңқасыз, етсіз жүрек қайда бармақ? Бар күші жеткені сол еді. Көзін ашқысы келді. Қабағы кілегейленіп жабысып қалыпты. Жасты сүрткенді ұнатпаушы еді. Мүмкін ол баяғыда өлген шығар. Қаңқасын сүйретіп өзін лақтырғанда ойлағаны осы. Онда неге жүрек тоқтамайды? Бар болғаны жұдырықтай ет пе? Тарсылдап тұрғаны болмаса одан жан кеткелі қашан! Қай заман! Есіне түсіре алмады. Соңғы рет. Ұмытылыпты бәрі. Ол оң жамбасына аударылып түсіп, көрпені басынан асыра бүркенді. Рахат! Жауынды аңсады. Сол кездегі. Аспанға қарап па еді? Қараудың қажеті жоқ шығар, қазір жұлдыздар шығады ғой. Бәрібір көрінбейді. Шыдам керек. Сосын сезім. Сұп-сұр. Аяғын сілкіп қалды. Денесі дір ете қалып, шошып кетті. Ол оқыстан қара түнекке құлапты. Демі тарылып барады екен, көрпені кеудесінен итерді.


 

Содан кейін бәрін де ұмытты.


 

Оның үздік-үздік даусын төрт қабырға міз бақпастан жұта берді. Сансыз сандырақтардың тыңдарманы болған тас дуал терезеден түсер таңғы шуақты ұзақ күтті.


 

 


 

Келесі түн


 


 

Қашып жүр. Ол Кейіпкерін қуам деп шаршайтынын түсінді де қашан сабасына түскенше күтті. Ол ішінен кіжініп қойды, Мен сені бәрібір өлтірем. Қыржымдалып кеткен қолына қарады. Қай кездегі екені есінде жоқ, түсінде көрген өлген қыздың рухын есіне алды. Өзіне шағынуды білмейтін ол мазалана қойған жоқ. Бір кезде өзіне қатты таң қалды. Бірақ неге таң қалғанын қазбалай ойлауға сескеніп қалды. Мойындатқысы келді сезімін. Шын мәнінде алдағысы келетінін де түйсінді. Көңілін түсіріп алмау үшін тағы Кейіпкерін ойламаққа бекінді. Үнсіз отырды. Шошытқан сол еді. Тапжылмай бұны бақылап бағып отырды. Сынап отырған секілді. Бұрын неге байқамаған? Өне бойын әп-сәтте шылқыған тер басты. Неге қорқып отырғанын түсінген жоқ. Мұрнынан қан кетті. Сүртуге тырысқан жоқ. Ұнатпаушы еді жас пен қанды сүрткенді. Тыныштандырмайды ол бұнымен. Қан сыздықтай ерінге аялдамастан иектен төмен түсіп тырс етіп қағазға тамды.


 

 


 

Сол түн


 


 

Қан қағазға шеңбер жасай қатып қалыпты.

Терезе шынысын демімен булады. Бұлыңғыр арғы дүниені көрмекке алақанымен ысырғалы жатқанда бас бармағына қиғаштай түскен тыртыққа көңілі ауды.

Әйнектен өз орнында отырған Кейіпкерінің сұлбасын анық көрді.


 


 

 

Алдынғы түн


 

Автор түсінде көрген түсті есіне түсіре алмай қиналды. Тыныштықта шұбатылған есін бір көрпенің астына жинау мүмкін емес еді.

Шынымен Кейіпкерін өлтіріп алғанына сенгісі келмейді. Іздеп көрді.

Қабат үйді мың айналды. Шарқ ұрды. Таба алар емес.

Шалқасынан аударылып жатуға ерінді. Оған күші де жетпес еді.


 


 

 

Бұдан алты жүз алпыс алты бұрынғы түн


 

Автор бас бармағын қыршып алды. Ол енді оны сезімге тұншықтыра бастады.

Қалам сиясымен араласа ақ қағазға жайыла бастаған қан Кейіпкердің де ақ төсегін былғап жатты.

Ол жазуға елігіп алғаны сонша саусағын қалай тістеп, ауырсынғанын сезген жоқ. Әдетінше сүртуге де асыққан жоқ.


 


 

 

Түндердің бірі


 

Автор соңғы кездері бір ғана нәрсені ойлай беретінін анық түсінді. Ол Кейіпкерін іздеп, қуып, айналшықтап жүруді әлдеқашан қойған. Шын мәнінде Кейіпкер одан қашып, өлді деп бар кінәні жаба салған оңай еді. Авторды түнде түс те мазаламайтын болды. Басында жоқтап уақытын өткізгенмен, енді өзі туралы еш кедергісіз ойлай алатын мүмкіндік алғанына қуанды.


 


 

 

Көшедегі қара түн


 

Автор күңгірт тобырдың ішінен өз Кейіпкерін жазбай таныды. Үнсіз соңынан ере берген. Қайда баратынын анық сезіп, өз еркімен жеті қабат ғимаратқа қарай беттеп жүре берді.


 


 

 

Соңғы түн


 

Жиі қан, жас тама беретін қағаздар тіптен сия жұқпастан тұрғанына ұзақ болған. Бүгінде олар Автордың мағынасыз, сөнген жанарының бұлдыр шекарасы болып жатты.


 


 

 

Ақ түн


 

Адамдар аспанға қарамастан жұлдыздар жайлы айтқанға құмар-ақ. Қараса ғой, ішпыстырар қараңғы әлемге шашыла жайылған жылтырақтардан басқа ештеңе байқамас еді.

 

Түндер Автордың өзі секілді шексіз көрінетін түнек ойларын, сандырақ сөздерін, мағынасыз қимылдарын жұта берді. Алайда соның бәрі ғарыш кеңістігінде ұзақ аялдамай соры қалың Авторға өзгеріссіз қайтып келіп отырды. Ол тағдырын бұдан алты жүз алпыс алты түн бұрын шындап өзі жаза бастағанын сезінсе де ойын бекітіп соңғы нүктені нығыздай қойғанда жасаған қатерін пайымдауға көңілі болған жоқ. Бір жағынан ешқашан таусылмайтын түндерден құтылатын сәтті өзі шешкенін жұбаныш етеді.

Сол түнгі суық жаңбыр Автор Кейіпкерінің ыстық қанын еш із қалдырмастан қара балшыққа сіңіріп жіберді.

Автор жоғарыдан бәрін бақылап тұрды. Кейіпкер бұған әлсіз жымиды. Бостандығына қуанғаны болар.

Автор бір сәт оның даусын ешқашан ести алмағанын ойлады. Өкініп те қалған секілді. Бірақ оған емес.

Автордың қағазы секілді Кейіпкердің жұқа балғын ақ тәні ауадан жоғалып барады.  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар