Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Мақпал МЫСА, ақын: «Ана болу – бір бақыт, Ақын ...

31.07.2017 10126

Мақпал МЫСА, ақын: «Ана болу – бір бақыт, Ақын болу – бір бақыт»

Мақпал МЫСА, ақын:    «Ана болу – бір бақыт, Ақын болу – бір бақыт» - adebiportal.kz

Жуырда ақын қыз Мақпал Мыса Ресей Жазушылар Одағы М.Лермонтов атындағы комитеттің шешімімен балқар ақыны Керим Отаров атындағы алтын медальдің иегері атанды. Аталмыш сыйлық туралы һәм өзінің шығармашылығы жайында Мақпал Мысамен аз-кем әңгімелескен болатынбыз.

- Керим Отаров атындағы алтын медальді қалай алғаның туралы айтып берсең?... Бұған ақындарды қалай іріктеді? Сенің қандай өлеңдерің оларды тәнті етті?

Туыстас түркі дүниесі әдебиетіндегі татар, башқұрт, шуваш, балқар, ноғай, әзірбайжан, секілді халықтардың жырларын қазақшаға тәржімалап жүрмін. Бұл марапаттың берілуі арнайы ұйымдастырылып отырған жарыс емес. Осы ретте балқар халқының ұлы ақыны Қайсын Құлиевтің замандас сырлас досы Керим Отаровтың өлеңдері қолыма түсті. Ақынның табиғаты маған бірден ұнады. Өз көңіл-күйімнің пернелерін дөп басқандай болды. Әдебиетте бұрын соңды кездестiрмеген тың теңеулердi тапқанда шабытым қыза түстi. Негiзiнен ақын Ұлы Отан соғысы кезінде от пен оқтың арасында жүріп өлең жазған. Әсiресе, сол ауыр жылдардағы сүйіктісін қан майданға аттандырған жас арулар мен жетім қалған балалар, етегі жасқа толып еңбек еткен аналар жайлы жазған балладалары қатты толғандырады. Биыл 105 жасқа толған ғасырлық мерейтойы аталып өтіп, оған 13 мемлекеттен ақындар қатысқан. Ғалым Жайлыбай, Шәкизада Әбдікәрімов, Бақытжан Тобаяқов сынды ақын ағаларымызбен қоса менің де тәржімам топтастырылып, “Сәнді талдың бұтағы” деген кітап шыққан болатын. Сол мерейтойда Ресей Жазушылар Одағы М.Лермонтов атындағы әдеби комитеттің шешімімен осы алтын медаль марапатын ұсынған екен. Бұл мен үшін ғана емес, ең алдымен екі ел арасындағы әдеби байланыстың жарқын көрінісі, балқар тілін қазақша сөйлеткен тәржімаға берілген баға, сый деп түсінемін.

- Керим Отаровтан аударған бір өлеңіңді оқысақ...

Таң жұлдызы

Жолдарымда найзағайлар жарқылдап,
Естiртетiн кез болады тосын ән.
Сенiң әнiң ақ самалдай аңқылдап,
Ағысына сол әуеннiң қосылам.

Қосылам да,
Сол әлемге асығам,
Қандай ғажап менiң жастық күндерiм.
Бiр шулы ырғақ,
Бәлки ол да асыл ән -
Су астынан естiле ме бiлмедiм...

Сенiң әнiң жүрегiндей уақыттың,
Қосылуға мұрсат берген бағыма.
Жолығам ба сағатына бақыттың,
Қателiкке ұрынам ба тағы да?..

Сол бiр сезiм менi алыстан аялап,
Жоғаласың таң жұлдызы секiлдi.
Iзiмғайым ғайып мекен саялап,
Мiнезiңдi көрсетесiң не түрлi.

Шабармандар жiберемiн соңыңнан,
Желден хабар күте-күте арыдым...
Күнiң шығып,
Айың тусын оңыңнан -
Сен қайдасың, Жарығым?..
1963 ж

- Соңғы уақыттары аудармамен жиі айналысып жүрген көрінесің? Өзіңнің өлеңдерің қандай тілдерге аударылды?

Иә, аударма да шығармашылық ізденістің бір түрі. Поэзияда ұлт жоқ, жүректер ғана сөйлейтін аяулы мекен ғой. Былтырғы жылы Татарстанға барып, Қазан қаласында өткен татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың жыр мерекесіне қатысып қайттым. Сонда түркі тілдес туыс ақындармен танысып, өз ана тілімізде сөйлесіп, өлең оқыдық. Содан бері шығармашылық байланыстамыз. Башқұрттың ақын қызы Олеся Абдрахманова, тва елінен Сайлыкма Комбу, әзербайжан ақындары Акбер Гошалы, Афаг Шихлы, балқар ақыны Мүтәліп Бекбаев, қырғыздың ақын қыздары Мырзайым Айтымбетова, Рыскүл Изатова сияқты талантты ақындарымен үнемі шығармашылық байланыстамын. Соның бір көрінісі Мәскеу қаласында тұратын әзербайжан ақыны Афаг Шихлы менің өлеңдерімді әзербайжан тілінде сөйлетті. Ең алдымен өлеңдерімді орыс тіліне аударған ақын Надежда Чернова болатын. Бұл өлеңдер өткен жылы жарық көрген Қазақстан- Ресей әдеби альманахына енді.

Менің осы уақытта бір сезінгенім, мүмкіндігінше әлемдi тану керек, өзге ұлт өкілдерінің классиктерін оқып қана қоймай, алыс-жақын елдермен әдеби процес жаңаланып отырса,замандас қаламгерлермен әдеби байланыста болсақ, қазақ әдебиетінің өрлеуіне үлкен септігін тигізген болар еді деп ойлаймын.

- Қандай шығармашылық ізденісте жүрсің?

Мен осыған дейін цикльді өлеңдер, толғау, балаладалар мен екі тарихи поэма жаздым. Төртінші кітабым дайын тұр. Қазіргі уақытта әлеуметтік тақырыпта бір поэма жазып жатырмын.

- Әдебиеттен безініп кеткің келген сәт болды ма?

«Әдебиет – ол мұңайған, күйзелген сәтте пана болатын, шынайы өмірде мүмкін емес дүниені іске асыратын, кемтарды сұлуға айналдыратын, бірер минутты мәңгілікке жалғастыратын, ең аяғы өлімді жеңетін өзгеше әлем», - деп испан жазушысы Марио Варгас айтқан екен.

Өмірде безініп кеткің келетін сәттер болатын шығар өмір болған соң. Бірақ әдебиеттен безініп кету деген сөздің өзі ауыр. Өлең - жанымның өзі. Өлең мен үшін өмір. Бір күнімнің көп уақыты оймен, қиялмен өтеді десем өтірік айтпаған болар едiм. Әрине, жүректің ауырған тұстары көп болды. Біраз жылдар бұрын жаным ауырғанда мұңға беріліп жазған өлеңдерім баршылық екен. Одан қала берді сөз, көз деген де жаныңды жалаң пышақтай жаралауға әрдайым дайын тұрады. Бірақ жүректі сақтау - үлкен жауапкершілік. Жүректі аман сақтаймын деп осы бір пендәуи түсініктен өзімді арашалап қалған да өлең болатын. Мен қазiр өлеңмен бақыттымын. Жыр жазып отырған сәттерім ең аяулы сәттер.

- Оңашада өзіңе қай өлеңіңді оқисың?

- Көбінесе лирикалық өлеңдерді оқып отырамын. Бірақ:

Уақытыңды ұрлатып,

Жүрегіңді жырлатып,

Ана болу- бір бақыт,

Ақын болу-бір бақыт, - деп келетін “Сыр” деген өлеңім ақындық болмысымды, жүрек үнімді, әр нәрседен мағына іздейтін жер бетіндегі ұлы мұраттарымды еске салып тұратындай көрінеді.

Сұхбаттасқан: Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар