Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мақпал Мыса: Мен үшін қасиет атаулының бәрі туған топырақта

01.03.2019 1911

Мақпал Мыса: Мен үшін қасиет атаулының бәрі туған топырақта

Жақында «Жүз жаңа есім» жобасының екінші кезеңі қорытындыланды. Іріктелген жалынды жастардың ішінде сізді көріп қуандық. Елбасымен кездесуде «Сен менен алыстама» атты өлеңді оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөлендіңіз. Бұл кездесу қандай әсер сыйлады?

– Тәуелсіздік жылдарында еліміздің дамуына үлес қосып, жекелеген адамдардың жетістігі мен үлгі алар өмір тарихын жас ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтқан имидждік жоба биыл екінші рет өтіп отыр. «Қазақстанның жүз жаңа есімі» – білім қуған, еңбек еткен, табысқа жеткен жастар. Олардың ішінде дәрігерлер, еліміздің туын биікке көтерген спортшылар, ғалымдар мен мәдениет, қоғамдық салада көзге түскендер бар. Әрқайсысы бір тағдыр, бір-бір оқиға. Бұл жоба менің өмірімдегі, шығармашылық жолымдағы тарихи сәт болғаны сөзсіз. Алдымен онлайн дауыс беру кезеңінде мені қолдап қуаттаған еліміздің түкпір-түкпіріндегі оқырман қауымға өз ризашылығымды білдіргім келеді. Елбасының алдында тәуелсіздікпен егіз жасап келе жатқан, қолына қалам ұстаған азат ойлы жастар Алаштың рухы болып қайнаған қасиетті судың бір-бір мөлдір тамшысы екенін айттым. Ал оқыған өлеңімді түсіндіріп жатудың керегі жоқ деп ойлаймын. Өлең – ақынның өзі. Рухымыздың тазалығын, жанымыздың жарасымын тек жырдан табамыз.

– «Хантәңірдің оранып шапағына, Көктем біздің ауылдан басталады», ал бір өлеңде «Аясында Аспантау аяулы әнім, Қырдан асып барады жорғалай күн» деп жырлапсыз. Туған жеріңіз – ақиық ақын Мұқағалидің кіндік кескен мекеніне жақын деседі. Туған жер, өскен орта туралы бір ауыз сөз айта кетсеңіз.

– Иә, көркінен көз сүрінер сұлулығымен асқақ Аспантауда туып өстім. Бұл да еліміздің ұлт қадірін ұғынған бірлікті, ынтымақты қазақ даласының қаймақты жері. Мен мұнда биік таулардан қасиеттілік пен тектілікті, жұпар иісі аңқыған дала көркінен еркіндік пен ерлікті, үміт пен сенімді, белі мен белесінен бақытты болашақты жан жүрегіммен сезініп өстім. Ертелі-кеш бітпейтін тынымсыз ауыл тірлігін көріп өстім. Көгалда көбелек қуып, көз ұшында бұлдыраған сағымға қарап арман түзедім, қиял қудым. Оған «Қайнар» жайлы өлеңдерім куә.

Қайнарда туу – бір бақыт,

Жүректі жастан жырлатып.

Маңдайым тасқа тигенде

Көзімнің жасын құрғатып.

Аруана болсаң – ботамын,

Сен асқар болсаң – жотамын.

Балаңмын – барлық атағым,

Сағынышымды аялап

Өзіңе бара жатамын,

Қайнарға бара жатамын.

Отбасында бесеуміз. Үйдің сүт кенжесі болсам да, атам мен әжеме жақын боп өстім. Атамның әңгімелерін, әжемнің әу-әулайын тыңдаудан жалықпайтынмын. Бүгінде екеуі де дүниеден озды. Әкем мен анам да өнерден алыс емес. Бірінші оқырманым анам еді. Ол кісінің де өмірден озғанына бес жылдың жүзі болды. Ауылдан алыстаған емеспін, жиі барып тұрамын. Мен үшін қасиет атаулының бәрі туған топырақта.

– Әдебиетте ақын қыздардың орны бөлек. Қазіргі таңда ақын қыздардың арасында Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу сынды қаламгерлерді қалың оқырман іздеп оқиды. Осы қатарда сіз де барсыз. Жалпы, қыз жаны үшін поэзияның ауыртпашылығы мен көңілге сеп болар тұсы қандай?

– Поэзия – көркемдік көрігіне шыңдалған сыңғыры сұлу сөз өнері. Егер ол қыз баланың нәзік жүрегінен төгілсе, одан да сұлулана түспей ме? Ол тек өлең, жыр ғана емес, әсемдік, сұлулық деген ұғымдардарды да білдіреді. Ақындық өнер де дерт екені даусыз. Дүниелік ойлардан ада болған кезде ғана бұл өнердің құдірет екенін сезінесің. Ал қыздар поэзиясы көшінің көркін жоғалтқан жоқ. Уақыттың бұрқасындарында өзінен де, өлеңінен де көз жаздырмай келе жатқан «Жыр айдынының аққуы» Марфуға сынды апаларымыздың жолы – бізге даңғыл жол, үлкен өнеге. Мазасыз дүниенің мазасын қашырып, талай түнді әлдилеген ақын ару, ақын аналарымыздың қаламынан туған жырлар ел аузында. Олардың бірқатары оқырманын өзімен мұңдас, сырлас етіп, өмірге деген құштарлық, ғашықтық сияқты ғаламат сезімдерді өлеңмен өріп жүр. Әрине, қыз баланың жолы ауыр. Мұндайда Жанна Елеусіз апамыздың мына өлең жолдары еске түседі:

...ұнамайды біздегі кей Батылдық.
...ұнамайды, тағы біздік, айй, Өрлік.
Жаратқанда жанымызды – Ақын ғып!
Жаратқанын қараңызшы... Әйел ғып.

...жерде мынау кейде қара, ағы бір
табу қиын мәңгі Дауа жаныңа...
Болмысыңнан қаша алмайсың - бәрібір.
Тағдырыңнан аса алмайсың - тағы да...

Бірақ қасиет қонған ақын қыздар ақындық тағдырын аялап, жанының жарасымын жырдан тауып жүр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қуандық Шамахайұлы. Бөтен адам

– Махаббат поэзиясы – қай кезде де оқырманның сұранысына ие десек, қателеспеспіз. Жүректің түкпірінде маздаған жанартау сезім, жалынды сағыныш – ақынға шабыт сыйлары анық. Сіздің поэзияңызда осы тақырыпта бірер туындылар жазылыпты. Сіз үшін аңсап-торығудың, азабы мол аяулы махаббаттың жарасы жырмен емделе ме?

– Сөз – адам жанының емі. Ал өлең – құдірет. Ағынан ақтарылған ақынның сағынышы бөлек, жүрек мұңы да ерек. Ал, махаббат – адам өміріне бір-ақ рет келетін сый. Бақ құсы секілді қолыңа қонып, тәтті у секілді жаныңды алуға даяр тұратын тылсым. Ол кейде не «тамбай қалған мөлдір шық», не «жанбай қалған жанартау». Осы сезімдер өлеңмен өрнектелген кезде қасиеті артып биіктей түседі. Махаббатты қадіріне жеткендер ғана аялай біледі.

Екеуміз оқитын жырлар да бөлек,

Тілі – оның тағдырдың тілі,

Іздейтін едік қырдан көбелек

Жаңбырлы күні.

Екеуміздің айтатын әңгіме биік

Ұйқымды ұрлайды тағы да өлең.

Өзіңді жаңа көргендей сүйіп

Сағына берем...

– Қазіргі таңда әдеби сын тоқырап тұр. Сын болмай мін түзелмейтіні ақиқат. Сынды қалай қабылдайсыз?

– Сынның тоқырап тұрғаны рас. Алғаш рет Әмірхан Балқыбек ағамыз менің қатарластарымның шығармашылықтарына тоқталып сын мақала жазған болатын. Одан кейін жалпы сын алдыңғы буын ақын ағаларымыздың әдеби жыл қорытындыларында айтылып жатады. Жас сыншылардың арасында Бауыржан Сегізбаев, Бағашар Тұрсынбайұлы, Елдос Тоқтарбай, Қозыбай Құрман сияқты бауырларымыз аракідік жазып жүр. Меніңше, сын дегеніміз жекелеген авторлардың мінін ғана айтпай, әдебиеттің кемшіл тұстарын да айтып, жарыққа шыққан құнды туындыларды талдап зерттеп жазу керек деп ойлаймын.

Биыл «Жастар жылы». Осы жылы жас ақын-жазушылардың жаңа мүмкіндіктері ашылып, қазақ поэзиясына елеулі туындылар әкеледі деген сенімдеміз. Әрине, әр ақын өзінше жырлайды. Дегенмен, сіз үшін жас қаламгерлердің ішінде кімнің бәсі жоғары?

– Жаңа жылдан жақсылық тілей отырып, осы жылы әдебиетімізде де жаңа есімдер шығып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізетініне сенімдімін. Ақыннан кенде халық емеспіз, баймыз. Жас таланттар бар арамызда. Соныдан соқпақ іздеп жүргендер көңілге сенім ұялатады. Қатарластарымыз Ерлан, Ақберен, Мирастардан бастап, Нұртас, Батырхан, Бекзат, Файзулла, Жадыра, Айжан, Жұлдызай, Ажар сияқты жастардың өлеңдері көптің көңілінен шығып жүр. Есімдері аталмай қалғандары қаншама. Төрткүл дүниемен байланысы бар елде әдебиетіміздің де өркениеттен ойып тұрып орын алатынына сенімдімін.

Сұхбаттасқан: Біржан Ахмер


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар