Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Мақпал Жұмабай: Мен тек өлеңімнің айтқанын орындад...

11.05.2017 10222

Мақпал Жұмабай: Мен тек өлеңімнің айтқанын орындадым

Мақпал Жұмабай: Мен тек өлеңімнің айтқанын орындадым - adebiportal.kz

– Мақпал, жаңа кітабың құтты болсын. Кітаптың атын «Мақпал шер» деп қойыпсың. Неге? «Шер» сөзі ауырлау ғой. Әлде «мақпал» ұғымы мен «шердің» қатар айтылуы басқа мағына жүктей ме?

– Иә, Мақпал мен шер қосылғанда, шердің өзі басқа түрге, басқа мағынаға ие болатындай. Ауыр да болса – нәзік, терең де болса – мөлдір дүниеге айналады. Бұл бір сипаты. Ал негізінде көне түркі тілінде және қазіргі түркі халықтарының кейбірінде “шер” деген сөз “поэзия” деген мағынаны береді. Бүгінгі күні қазақ сөздері түрленіп, оу бастағы мағынасынан айырылып жатыр. Бүгінгі күні бізге “шер” сөзінің қасірет, қайғы, мұң, зар деген мағынасы жетіп отыр. Осындай сұрақтың туындауы да содан деп ойлаймын.

– Бұл кітаптың безендірілуі де бөлек екен. Менің білуімше, қазақ ақын-жазушылары дәл осындай форматта бұрын кітап шығармаған болуы керек. Кітаптағы әр өлеңге жеке суреттер беріпсің. Ол суреттерді де өзің салыпсың. Иллюстрацияны қашан үйрендің? Неге мұндай қадамға бардың?

Дүниеге сәби әкелер ана мен кітабын жарыққа шығарғысы келетін қалам иесінің ішкі сезімдері, басынан өткізетін құбылыстары ұқсас болады екен. Бірінші кітабымды шығарғанда кішкентай ғана бойжеткен едім, ал екінші жинағымды екі баланың анасы атанғанда оқырманға ұсындым. Бұл Мақпал мен ол Мақпалдың арасында он жыл жатыр. Он жылда не жаза алдым, нені түсіндім, нені айтқым келді, соны осы жинақтың өзегі етіп алдым. Тек қана кітап емес, осы он жыл бойы дамытып келе жатқан мақамды жырларымның аудио альбомын да ұсынғым келді. Осы жобаны қайтсем де жүзеге асырам деп сендім. Оңай болған жоқ. Алдымен рухтас музыкант іздедім және оны таптым. Белгілі музыкант, аранжировка жасаушы Бейбіт Ақоштың менімен бірлесе жұмыс істеуі – шығармашылық бақытым деп білемін. Міне, әр деталіне дейін ойланып, қиялымдағыдай жинақты жасай алдым.

Шындығын айтсам, маған өлеңім “тірі, жанды” болып сезіледі. Мен олардың қиналысын, қалауын, арпалысын сезінемін. Ол бірде музыка болып, бірде сурет болып бұлқынды. Сурет салуды да үйреніп, кітап иллюстрациясын жасағаным сондықтан. Кей эпизодтар көз алдыма келеді де, күндіз де, түнде де маза бермейді. Олардан тек салып қана азат боларымды білдім. Бұл арқылы ерекшеленемін деген ойым да болмады. Мен тек өлеңімнің айтқанын орындадым. Егер өлеңімнің дауысына назар салмасам, сатқындығым болар еді. Ал мені осы жолда ештеңеден тайсалмай, дүниенің сырын ашуға үйреткен жан – ол ұлым – Рахман. Алакөл жағалауынан айналасы бір сағаттың ішінде 27 жүрек тас тауып ойландырды. Ал мен төрт күн жүріп жүрекке ұқсас екі тас қана таптым. Ол маған қараған жерімнен лүп-лүп еткен жүрек көруді үйретті. Кітабыма, жалпы осы кездегі шығармашылығыма осы идеяны арқау етіп алдым.

– «Мақпалдың мақамды жырлары» деген тіркесті естісек, сенің әуенмен өрілген жырларың құлаққа жетеді. Кітаптағы барлық өлеңіңе жеке әуен шығардың ба? Алдағы уақытта мақамды жырларыңды орындап, жеке кеш өткізсем деген жоспарың бар ма?

Кітаптағы өлеңдердің басым көпшілігінің мақамы бар. Түгелге жуығының десем де болады. Дегенмен, оның бәріне музыкалық өңдеу жасап, студиялық нұсқасын әзірлеу едәуір уақыт пен қаражатты талап етеді. Сондықтан, бұл уақыттың еншісіндегі жұмыс. Оны біртіндеп жүзеге асыру жоспарым бар. Ерекше айтқым келгені, мен биыл ҚР Президенті Елбасы қорының мәдени жобалар бағытындағы грантының иегері атандым. Осы грант негізінде жаңа концептуалды альбомымды жазып жатырмыз. “Жалғызым” деп аталған ол альбом “Мақпал шермен” рухани үндес және соның заңды жалғасындай болмақ. “Жалғызым” жарық көргенде жанды дауыстағы мақамды жыр кешімді өткізу ойымда бар. Оның дайындықтарын бастап та жатырмыз.

Өлеңдерің өте қарапайым, сөйте тұра оқырманға әлдебір салмақ жүктейді. Мұндай үйлесімділік, дәлдік әуезбен көмкерілсе, өзгеше бір атмосфера пайда болатын секілді. Алдымен өлең туа ма, әлде әр өлең өзінің әуенін ала келе ме?

Өлең өзінің әуенін ала келеді. Менің түсінігімде әр өлеңнің өзіндік мақамы болады. Мен оның сезімін, иірімін, дауысын сезіп тұрамын.

Бұл процеске ерекше жауапкершілікпен қараймын. Өлеңнің жаны – сөз болса, жүрегі – музыка. Екеуі бірі бірінсіз өмір сүрмеген. Оны бөлшектеп, бүгінгі күнге бөліп-бөліп жеткізген өзіміз. Қазақ өнеріндегі синкреттілікті түсінуге, оны қайта қарастыруға шақырамын. Менің мақамды жырларым, менің әрекетім осы бағыттағы жұмыс деп түсінсеңіздер болады.

Өзің бір сұхбатыңда қазақ әдебиеті менеджментті үйрену керек, әр ақын-жазушы менеджер болуға тиіс деген сыңайда ой айтыпсың. «Бізде кітап оқылмайды» деген қасаң қағиданы қалай, қайтіп бұзуға болады?

– Қаламгер міндеті – тек жазу. Өмірдің бар палитрасын сезіну. Бойындағы әр молекуласымен дүниені тануға ұмтылу. Бірақ, біздің бүгінгі қоғам шындығы бұл шындықты жоққа шығарды. Оған бұл шындық қажет емес. "Менің міндетім – тек жазу" деп отыра берсек, өзіміздің де, әдебиетіміздің де дамуын кешеуілдетпекпіз. Сен жазушы ғана емес, агент, менеджер, үйлестіруші, кітаптасушы (жүк), есепші, өзіңе өзің демеуші, аудармашы, сатушы болуға мәжбүрсің. Басқа жол жоқ. Сөзіміздің жарық көруі, xалыққа жетуі, басылу, таралуы, қаржы әкелуі, шығарманың одан кейінгі өмірі тек саған байланысты. Дәл осы кезеңнің ащы шындығы осы. Ертең ғаламат күн туады: бір қаламгерде агент те, менеджер де, үйлестіруші де, есепші де, инвестор да, кітаптасушы да... пайда болады. Бірақ бүгін емес. Бірақ дәл қазіргі Қазақстандае мес. Сондықтан, мен бойымдағы өнерден бөлек бар білімімді, білігімді, қабілетімді осы қатып қалған проблеманы өзгертуге жұмсаймын. Жұмсап та келемін. Ұмытпасаңыздар, қоғамның кітап туралы, кітап оқу туралы көзқарасын өзгерткен, тіпті, кітап оқу мәдениетін қайта жаңғыртқан, қаламгерлерге бір үміт отын сыйлаған сүйікті www.kitap.kz-ті жасаушылардың бірімін. Осы жолдағы тағы бір нақты ісім - осы "Мақпал шер" поэтикалық жинағы деп ойлаймын.

Сіз айтқан қасаң қағиданы тек еңбекпен ғана бұзуға болады. Өз уақыты келгенде, “Мақпал шер” бойынша есебімді жариялаймын. Мұны шағын әлеуметтік зерттеу, тіпті, тәжірибе деп те қабылдасаңыз болады.

«Мақпал шер» сатылымға шықты ма?

– “Мақпал шер” жинағын әзірге онлайн maqpalsher.kz сайтынан тапсырыс беру арқылы сатып алуға болады. Бірнеше дүкен желісіне шығару үшін келісімдер жүргізіп жатырмын.

Әдебиет болған жерде, әртүрлі сыни пікір де болады. Бүгін шынайы сыни пікір айтатын орта бар ма? Біздің сынның (мысалы, әлеуметтік желідегі) деңгейін қалай бағалауға болады? Орынсыз сын, айғай-аттаннан арылу үшін қандай қасиет керек?

– Ол үшін оқырманды таңдап үйрену керек деп санаймын. Біз оқырманмен байланысты жоғалтып алғанымызды мойындауымыз керек. Осы тұста айтқым келетін бір мәселе бар: әдебиет адамдары әдетте пікірді әдеби ортадан күтеді. Біздің әдебиеттің жағдайында осы мәселе “әдебиет – әдебиет үшін” деген қағиданы тудырған сыңайлы. Арасында “оқырман бізді оқымайды” деп қойып, біріміз бірімізге айтқан пікірге мәз болысамыз. Ал оқырман сізді оқуы үшін, іздеуі үшін сіз қандай қадамдарға бардыңыз? Соңғы бес жылда тұрақты түрде шағын кештер өткізу арқылы менің көзім анық бір дүниеге жетті: оқырман қаламгердің оны өз дәрежесінде бағаламауынан шаршады, өзін оқырманынан биік қоюынан шаршады. Ең бастысы, тілдеспеуінен, пікірлеспеуінен шаршады. Оқырман пікірін айта қалса, “мен пікір айтатындай әдебиетші немесе сыншы емеспін” деп қорқақтайтын халге жетті. Шындығында өнердің иесі – халық, айналамыздағы адамдар. Біздің оқырман – саналы, біздің оқырман – ақылды, біздің оқырман – білімді. Бұған сеніңіз.

Жалғызым

Жұлдыз тамып, бір-бір үміт сөнеді.

...Көк жүзіне қарамайды ел енді...

Сен аспанды көре алмай қалдың деп,

Асфальттардан аршып алғым келеді...

Қайда барсам, қайда шықсам Ой тауы.

Ой таулардан тек мұңайып қайтамын.

Сен булығып... жылап жатыр екен деп,

Мен үнемі бесік жырын айтамын...


Діріл қақты, діріл қақты кіл айдын.

...Бұл адамдар қорықпайтын сыңайлы...

Сен құмығып... үрейленіп кетті деп,

Заманадан тек тыныштық сұраймын.


Сені көрсем, жылап-жылап жасыған,

Мен қалайша үнсіз қалам?! Басылам?!

Сен күрсініп... уайымдап қалар деп,

Мен өзіңнен көз жасымды жасырам,

Жерім менің...

Жерім менің...

Ақ кеме күткен жолаушы

Өрт болып кеудем...

Жанымда мың күйік бардай.

Қызыл да жасыл дүние қым-қуыт қандай?

О, мендік мұңның түбі жоқ.

Түбі көрінбес

Айвазовскийлік тұңғиықтардай.

Тұңғиықтарда тұншықтым.

Толқын тіледім.

9 вал ашу – жазылмаған дүр жыр едің...

Айдын бетінде мөлдіреп жатқан арым бар.

Арым бар аппақ.

Дүние-ай, неткен кір едің?!

Ой – дауа деуші ед.

Сорларым – ойдан.

Ой – даушы...

Бір асау ойға бір абыз ойым бұғаушы.

Мақпал-ау, сен ғой ғасырлық төзімдеріңмен

Ақ кеме күткен жолаушы,

Ақ кеме күткен жолаушы!

Аяу

Қаншама өмір, қаншама өмір сүрілмей,

Қанша ғасыр кірпігіміз ілінбей,

Түңілетін сәттерден де түңілмей,

Үгілетін сәттерде де үгілмей

Жақсылыққа сенеміз...

Сүрінгіміз келсе дағы сүрінбей,

Жүрек жылап жатса дағы, күлімдей,

Жанымызды, о, тілімдей, тілімдей,

Басқаларға бір азабы білінбей

Жақсылыққа сенеміз...

Мың бір мұңнан айығып та үлгермей,

Дүниеге жаңа ғана келгендей,

Жақсылыққа қайта-қайта сенген-ей

Сені аяймын, шер кеуде...

Сені аяймын, шер кеудем...


Қара жәшік

Әр адамның ішінде ешкім аша алмайтын, ешқашан ашылмайтын бір-бір «қара жәшік» бар...

Кірпігіме ілінген күннің бәрін өзіңе.

Көкіректі кернеген мұңның бәрін өзіңе.

О, алыстан мұнартқан шыңның бәрін өзіңе.

Өлеңге де айтпайтын сырдың бәрін өзіңе

Сақтап қоямын...

Өзім ғана сенетін шындығымды өзіңе.

Өзім ғана сүретін тірлігімді өзіңе.

Өзім ғана еститін күмбірімді өзіңе.

Мойындағым келмейтін сұмдығымды өзіңе

Сақтап қоямын...

Мейіріммен қараған көздің бәрін өзіңе.

Анам айтқан аяулы сөздің бәрін өзіңе.

Тағдырымды сел еткен тездің бәрін өзіңе.

Өтті деуге қимайтын кездің бәрін өзіңе

Сақтап қоямын...

Үзілейін деп тұрған төзімімді өзіңе.

Алданбауға үйреткен сезігімді өзіңе.

Мені Жерде бар еткен сезімімді өзіңе.

Мені түбі өлтірер сол сезімді өзіңе

Сақтап қоямын...

Қасіретті һәм сұлу заманымды өзіңе.

Кең даламда жаңғырған азалы үнді өзіңе.

Мөлт-мөлт етіп жас тұнған жанарымды өзіңе.

Жылап тұрып сүйетін қазағымды өзіңе

Сақтап қоямын...

Қара жәшік...

Ұйқысыздық


Көзімді жұмсам...
Мөлт-мөлт етіп жанары
Маған қарап тұрар Жылдар жаралы
Олар маған мың-мың сауал қояды
Менде жауап жоқ әлі...

Көзімді жұмсам...
Жалт-жұлт етіп көздері
Маған қарап тұрар Бала кездерім.
Оған берген уәделерім көп еді.
Солар мені тығырыққа тіреді...

Көзімді жұмсам...
Таусылып бар төзімі
Маған қарап тұарар Мұңды сезімім.
Бұл күнде мен болып алдым ақылды
Ал сезімім шарқ ұрды.

Көзімді жұмсам...
Жүзі айғыз-айғыз боп.
Маған қарап тұрар Ұлы Жалғыздық.
Күні бойы одан үнсіз қашамын.
Ал ол мені түні бойы тосады.

Көзімді жұмсам...
Лүп-лүп етіп жүрегім
Түсімде ылғи құстай ұшып жүремін.
Өз елесім маған тыным бермейді,
Менің мүлдем Елес болғым келмейді.

...Ұйықтамаймын...

Өмір иісі


Тұрғанда жаным күрсініп,
Кеткенде жаным тұншығып,
Маңдайын неге ұлымның
Иіскеймін ылғи ұмсынып?!

Аналар кешер мың күйдің
Ішінен мен де сыр түйдім:
Аңқиды екен адамнан
Бұрқырап иісі әлдидің!

Аналар ғана сезер күй,
Әкелер ғана сезер күй.
Сездірген өмір жұпарын
Құдайым неткен шебер-ді.

Азайып кетсе мейірім,
Тарылса адам пейілі.
Балаңды қысып құшаққа
Бір иіскеп көрші, бауырым!

Ізгілік кешер сәтің бұл.
Бақыттымын дер сәтің бұл.
Адам боп жаратылудың
Қасиетін ұғар сәтің бұл.

Құлағыма келіп тұнық ән...
Мені ұстап тұрған – Ұлы ән...
Ұлымды құшып отырып,
Ана бауырына тығылам!

Қарашығыма мұң сіңіп,
Жылап жатсам да ұмсынып,
Сәбидің иісі аңқыған
Сүйемін сені, Тіршілік!

Мақпал шер

Біздің жұртта бар еді бір даралық,

Қазақтардың жаны мәңгі – далалық.

Дала иісін ұмытқанда – ұрындық,

Дала мұңын ұмытқанда – жығылдық.

Тұлымшағы желкілдеген өрім қыз,

Парасатқа жеткен күнді көріңіз.

Сол аруың атқа қонар Тұмар боп,

Тауларды да күзетеді ұлар боп.

Жаңғырығы, жаңғырығы сананың –

Туған жерге келері анық Жаңа күн.

Шартарапты шарлап жүрген жаралы

Ойдың бәрі ақиқатқа барады.

Мақпал шердің көмейінен шыққаны...

Еркіндігің екендігін ұқ, қані!

Басқа айтсын тіршілігін былайғы

Сенің жаның елің үшін жылайды!

Сенің жаның елің үшін жылайды!

Әңгімелескен Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар