Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Мақсат Мәлік. Құдық басындағы екеу...

04.02.2019 7055

Мақсат Мәлік. Құдық басындағы екеу

Мақсат Мәлік. Құдық басындағы екеу - adebiportal.kz

«НұрОтан» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп өткізген «Ұлы дала» республикалық шығармашылық конкурсында проза номинациясы бойынша бірінші орын алған әңгіме.

Түнгі думаннан таң сібірлегенде үйіне жетіп, ес-түссіз сұлқ құлаған Ерденбек төсегінде дөңбекшіп жатыр. Денесі дел-сал. Басын көтере беріп еді, ту сыртынан біреу қақ шекесінен балғамен соғып өткендей, жастыққа етпетінен жата кетті. Бірер минуттан кейін тынысы тарылып, шалқасына ауысты. Қолын соза ербеңдетіп ұялы телефонын іздеді. Пердесі түріле ашылған үлкен қос терезеден күн сәулесі мейлінше төгіледі. Даңғарадай жатын бөлмеде шыбынның ызыңы естілмейді. Өлі тыныштық еңсені езіп, мең-зең күйінің қылын шертеді. Көзін уқалап, тумбочканың үстінен әрең тапқан телефонның сенсорлы бетін бас бармағымен жылжытты. Төрт-бес қоңырау түскен. Үңіліп сағатына қарады. Түскі 13:00 деп тұр. Кеше қалай қайтты, аста-төк дастарқан жайылған отырыстың ақыры немен аяқталды, ештеңе есіне түспеді. Көмекшісі қолтығынан демеп көлігіне мінгізіп, үйіне әкеліп тастамағанда, даңғазасы саябырсымаған караоке-барды қашан тастап шығарын кім білсін...

Ұйқы үйездеген көзін қайта жұмып, ауыр есінеді. Әрі-бері аунақшып тағы бірталай уақыт оздырды. Бұлай бұратылып жата бергеннен ештеңе өнбесін білген ол көрпесін дәрменсіз серпіп, төсегінен жылыстай көтерілді. Сәл болса да ащы судың уыты тарағандай. Басының ауырғаны бәсеңдеген. Әйтсе де денесін әрең тіктеп ұстады. Бойын билей алар емес. Теңселе жүріп қолын есіктің жақтауына ілді. «Әкем арақтан өлгендей, көбірек сілтеп жібергенімді қарашы» деп, өзін күстәналады. Баспалдақпен бірінші қабатқа түскісі келмеді. «Мына түріммен төмен домалап кетіп, арам қатармын» деген үрей сумаң етіп, кілт тоқтады. Айқайлап үй қызметшісін шақырған, мұны естіген жан болмады. Ерні кезеріп, тілі аузына симай қаталап барады. Не де болса тәуекел деп қабырға жағалап баспалдақпен төмен жылжыды. Бір... екі... үш... Қызыл ағаштан бедерленіп жасалған саты аттаған сайын қаша жөнелгендей таусылмайды. Бірінші қабатқа түскенде «уһ» деп бір демалып, ана басындағы қабырғаға ілінген алып теледидар әрең көрінетін қонақ бөлмені шолып өтті. «Бұларға не болған, бәрі қайда кеткен» деп қызметшінің атын тағы айқайлап айтты да, бұл үйде күтуші екеуінен басқа адам жоғын білгенде жүрегі шым ете қалды. Алдындағы былғарыдан тігілген диванның арқалығына бір қолымен сүйене ас үйге беттеді. Екі бүйірінен гүр-гүр еткен еңгезердей тоңазытқыштың есігін айқара ашып, «Боржоми» суын алды. Кенезесі кепкен көмейіне лықылдатып құйды. Бір шөлмек су жұғынына жұқпаған ол екіншісін орталағанда бір-ақ тоқтап, езуінен аққан суды жеңімен сүртті. Лезде кекіргенде көзі оттай жанып, денесін сілкіп қалды. Өзге ештеңеге зауқы соқпай, қонақ бөлмедегі диванға келіп жайғасты. Үй қызметшісі көрінбейді. Қолындағы «Боржомидың» қалғанын қотарып тастап, теледидар қосқан. Аузы-аузына жұқпаған журналист әлдебір тарихи жерлер туралы репортаж жүргізуде. Қасиетті құдық, оның түбіндегі судың кереметі жайында кеңінен көсіліп, қауғамен су тартып қояды. Бұл әңгімені қайдан естідім деп басы әңкі-тәңкі болған Ерденбек санасын шарлаған ойдың ұшын ұстай алмай әуреленді. «Қайдан естідім... Әлде галлюцинация ма екен...» Төбе басындағы құдықтың бейнесі таныс секілді. Бүгін құдықтан мықшыңдап су шығарып жатқанда оянып кеткенін есіне алды. Түс... Теледидардан көрсетілген репортаж... Екеуінің арасында қандай байланыс болуы мүмкін. Ерденбек шорт кесіп, шұғыл шешетін мінезіне басып, онсыз да шарадай күмпиген басын ауыртқысы келмеді. Қайдағы жоққа килігіп нем бар деп, қолына пульті алды да, теледидарды өшіріп тастады. Бағана асқазанға түскен боржомидан сәл есін жиғандай еді, енді қайтадан әлсірей бастады. «Адам осыншама өзін жерге тастар ма? Уланып қалмасам жарар еді» деген күдікпен көңілін жұбата алар емес. Арсыз ұйқы Ерденбекті тырнағының ұшына дейін шырмап, тереңіне сүйрейтіндей. Қалғып кетсе қайта оянбайтындай қорыққан ол диванда құрсақтағы баладай бүктетіліп, хан сарайындай зәулім үйде жалғыздықтың әуеніне елітті.

Тыныштықты ауық-ауық шырылдаған есіктің қоңырауы бұзды. Дәу де болса көмекшім шығар деп жорамалдаған ол баяу қозғала басып кілттенбеген есікті ашты. Қателеспепті. Қашан көрсең жымиып қана жүретін жайдары жүзді көмекшісі күлім қағады. Қанша жылдан жанынан ажырамаған көмекшісіне осы әдетін қойдыра алмады. «Бұл да сенің өз үйің. Ұялмай, қоңырауды баспай-ақ кіре бер» десе де тыңдамайды.

– Ерденбек Қайратович, қалыңыз қалай? Жақсы тынықтыңыз ба?

– Шүкір! Қатты ауырдым. Басым жарылып кетердей болып тұр.

– Ештеңе етпес. Қазір-ақ аттай шапқылап кетесіз. Сағат екіге мейрамханаға тапсырыс бердім. Ыстық жапон сорпасы асқазандағы удың бәрін айдап шығады.

Елпілдеген көмекші Ерденбекпен ішке еніп, қолтығына қыстырған портфелін кіре берістегі үстел үстіне ақырын қойды.

– Ерденбек Қайратович, мейрамханадан шыққасын кездесуіңіз бар. Ұмытпаңыз. Сағат 3-ке тураладым. Түстенетін жерден онша қашық емес. Өткендегі құрылысқа қатысты тендердің шаруалары, есіңізде шығар?

– Иә, есімде ғой. Олар қайда қашады дейсің? Бәрібір біздің ұсынысымызбен келіседі. Айтпақшы, үйдегі қызметші көрінбейді.

– Сенімгүл апайды айтасыз ба? Ол кісі маған бір сағаттай бұрын хабарласқан. Сіз ұйықтап жатқасын мазалауға бата алмапты. Дүкеннен керек-жарақ сатып алуға кетті.

– Бәсе... Жер жұтқандай жоқ. Жә, оны қойшы. Түнде не болды өзі? Тым-жақсы көңілді отыр едім, анау шегір көз кіріп келгеннен бастап нілдей бұзылдым. Соңы немен аяқталды?

Көмекші оның үйге таң алдында келгенін, өзі үйге дейін кіргізіп салғанын, көлікті аулаға тастап, кілтті дәліздегі ілгішке іліп кеткенін бүге-шегесіне дейін түсіндірді.

– Оны өзім де сезіп отырмын. Анау караоке-бардағы жағдайды сұрап отырмын сенен.

Көмекші бір нәрсені айтсам ба, айтпасам ба деген екі ойлы кейіппен бастығына көз тастады. Жүзінен түндегі дуылда бір шетін жағдайдың тұтанғаны аңғарылады. Ол көмекшісіне ештеңені жасырмай баяндай бер деген ишара білдірді.

– Расында да Ермек келгесін күрт өзгеріп сала бердіңіз. Мен де бір ыңғайсыздық бола ма деп тыпыршып отырдым. Бірақ, бәрін өзі бастады. Тіпті, екеуіңіз сөзге келіп қалдыңыздар. Соңында құдықтың басында кездесіп кімнің кім екенін анықтаймыз дедіңіздер.

– Құдығы несі?..

Ерденбек таң атқалы құдықтың әуресімен үшінші мәрте бетпе-бет келгеніне таң тамаша. Көмекшінің айтқандары санасында көмескі тартқан кешегі күннің елесін нобайлауға мүмкіндік берді. Кеше тым жақын араласпаса да аман-сәлемі түзу бір танысы сауда саласында ірі компаниямен келісім-шарт жасасқанын жеткізіп, соны атап өтуге караоке-барға шақырған. Басы артық ешкім болмайды дегесін көңілін қимай көмекшісін ертіп барған. Дүркін-дүркін көтерілген тост пен емен-жарқын әңгіме көңілді масайтқанда әлгі Ермектің кіріп келмесі бар ма... Сірә, танысы екеуінің арасынан ала мысық өтпесе де жұлдызы қарсы жандардай, жолдарының қиыса бермейтінін білмесе керек. Шындығында Ерденбек Ермектің алдында не үшін жазықтымын деп ойлайтын. Екеуінің дәулеті бір-бірінен кемшін түспеген. Оның алдын ешқашан кесіп өтпегені шын. Екеуінің нәпақа табатын саласы да екі бөлек. Ерденбек үнемі осының байыбына бара алмайтын. Кеше де біреудің дастарқанының шырқын бұзғандай дүңк еткізіп:

- Өмірде адамның күнәсі артқан сайын байлығы еселене ме, қалай өзі? Ерденбек бауырым, сен не ойлайсың? - деді Ермек. Көңілі кілт еткен Ерденбек оның кімді тұспалдағанын аңдап:

- Меніңше осындай әңгіме қозғаған адамның өзі күнә арқалайды. Кімнің ішіне кім кіріп шығыпты, - деп, тігісін жатқыза түйреп өткен. Содан сазарып қалған Ермек бір қаға берісте:

- Біздің Шымкенттен қашық емес, Қаратаудың етегінде қасиетті құдық бар екен. Сенесіздер ме, сол құдыққа қауға тастаған ниеті жаман, күнәсі көп адамға су шықпайды екен. Кімнің жаны кіршіксіз аппақ, соған шелек толы шөпілдеген су шығады, - дей келе, - Ерденбек бауырым, бәлкім екеуміз барып кімнің періште, кімнің күнәһар пенде екенін анықтап қайтармыз, - деді. Қызара бөрткен Ерденбек те қалыспай:

- Неге бармасқа... Арым таза. Тескен тау асып кетсем де ештеңеден қорықпай дәлелдеп бере аламын, - деп бөскен. Екеуінің тартысына концерт тамашалағандай қызу қол соққан дастарқан басындағылар олардың уәдесіне куә атанса да, екеуінің бір-бірін жеп қоя жаздайтын көзқараспен арбасқанын байқамаған еді.

Жасы елуге жақындаса да елмен бәстесіп, түбі тесік шелектей даңғыр-дұңғыр әрекетіне сәл қысылған Ерденбек бәрін есіне түсірді. Адамның басы кететіндей серт байласу емес, іштей бір мәнісі болар деді көмекшісіне беті-қолын жуып тез шығатынын айтты.

* * *

Ескі көлігін таң алакеуімнен оталдырған Сәкен үйге біресе кіріп, біресе шығып, шыр айналады. Іздеген заты жер жұтқандай жоқ. Есік алдындағы сарайды да сүзіп шықты. Аз-кем ойланып тұрды да, тапшанда қаз-қатар ұйықтап жатқан балаларына қарай аяңдады. Пыс-пыс етіп тәтті ұйқыға берілген ұлының қолында бір нәрсе ағараңдайтындай. Түнде басына киіп тастамай жүр еді, қолынан тастамай ұйықтап қалыпты ғой деген ол, аппақ тақияны ақырындап алды. Бір қағып басына киді де, көлігіне қарғып мініп үйінен ұзай берді.

Сәкеннің киелі құдық басында шырақшы болып жүргеніне көп уақыт өтпеген. Қаладан қатынайтындықтан ерте барып, кешқұрым адам аяғы басылған уақытта қайтады. Ол бүгін де күнделікті жүрісінен жаңылмай, құдық басына жеткенше асықты. Бала кезде атасынан естіген аңыз санасына сіңген Сәкеннің бар өмірі құдықтың жаратылысымен біте қайнасып кеткендей. Әйтпесе, оған осы құдықтың басына шырақшы бол деп қинаған ешкім жоқ. Тылсым күш магниттей тартқанда киелі құдықтың түбінен күмбір естіліп, мөлдір таза суынан бойына қуат дариды. Біреу сенер, біреу сенбес, үлкен-үлкен тастарды қолдан қалағандай төбе басындағы жарықтан шығатын судың сиқырына Сәкен имандай сеніп, зәредей күмән келтірген емес. Қуанатыны, қазір құдық басына келіп-кететін жұрттың қарасы көбейген. Іргедегі Түркістаннан бөлек Ресейден, Өзбекстаннан келетін саяхатшылар киелі жердің тылсымын ұғынуға ұмтылғандай іштей тәубе дейтін. Тіпті, киелі құдық басындағы шырақшылық жолын Құдайдың берген нәсібі деп есептейтін.

Шырақшы болу да еріккеннің ермегі деп ешкім айта алмайды. Күніне сан тараптан ағылатын адамдармен тілдесіп, ниет еткеннің көңілінен шығуға тырысады. Түрлі сұрақтарына жауап беріп, бала күнінен санасына сіңген, осы өлкеде шыққан кітаптардан оқыған-түйген мәліметтерін бөлісуден шаршамайтын. Кейде бар ынтасымен айтқан жайттарға сенімсіздік танытып, күдікпен қарайтындар кезігіп қалады. Ондайда Сәкен еш шамданбайтын. Күн ұзақ бар білгенін қайталаудан жалықпайтын. Әсіресе, жаз түсісімен Қаратаудың етегіндегі киелі құдықты бетке алатындардың қарасы артады. Бәрінің арманы да, тілегі де бір. Әулиелі жердің қасиетіне қанық жандар ұлтына, ұлысына бөлінбейтініне сол кезде көзін жеткізді. Бірде сонау Ресейден бір әйел келген. Шырақшы Сәкен сыр суыртпақтап отырып барлығына қанықты. Көп жылдан бері бала сүймеген жанның соңғы маңдай тірер мекені болмаса да осында ниет етіп келіпті. Құдайдың құдіреті, сол әйел кейін сәби сүйіп, шаттыққа кенелді. Сәкеннің көз алдындағы осындай оқиғалар оның киелі құдыққа деген махаббатын, аңсарын еселейтін. Бүгін де тақиясын баса киіп, ерте жолға шыққан ол келушілер күтіп қалды ма деп көлігін ызғыта түсті. Екі аралық 60 шақырымдай жол. Әне-міне дегенше жетіп қалуы тиіс. Төбеден асып түскенде тұрақта қаңтарылған шағын автобусты көрді. Он шақты адам баспалдақпен өрлеп барады. Анадайдан құланиектенген күн шапағымен тау болып үйілген шелектер жалт-жұлт етеді. Сәкен көлігін шағын автобустың жанына тоқтатты. Автобустан әлі түсіп үлгермеген жүргізушісі:

- Киелі құдық осы ма? Басында адасып кетпедік деп қауіптеніп... - деді.

- Қай жақтан келіп едіңіздер?

- Көрші облыста тұрамын. Мыналар шет елден келіпті. Тілдерін түсінбедім. Қастарында жол бастаушысы бар.

Сәкен ылдым-жылдым қимылмен жоғары қарай жүріп кетті.

* * *

Ерденбек түнеукүнгі оқиғадан бері арақты аузына татып алмады. Сол бәленің исі мұрнына келсе болды, белгісіз күш бар зейінін басқа жаққа ала қашатын. Оңды-солды отырыстар да сап тиылды. Талай дөкей «Ердеке, жүріңіз, дәм татып арқа-жарқа әңгімелесейік» деп қиылса да, «шаруаларым бар еді, ренжімеңіз» деп құтылып жүрді. Аяқ астынан оның саяқтанып, жалғыз қалатынын аңғарған көмекшісі бірде:

- Ерденбек Қайратович, бәрі дұрыс па? Ештеңеге хошыңыз келмей жүр ғой, - деп алаңдаған. Үндемеді. Көмекші де бастығын әрі қазбаламады. Тек, одан өткендегі отырыста әңгімеге арқау болған киелі құдық жөнінде кітаптар тауып беруін өтінді. Бір күннен соң қолына «Оңтүстік Қазақстанның әулие жерлері» атты шағын кітапты ұстатқан көмекшісі әлдекімге тапсырыс бергенін, бұйыртса бір-екі аптаның ішінде тапсырма орындалатынын айтты.

Сол күні кешкілік жұмыс бөлмесіне кірді де, біреулер бейберекет мазаламасын деп, ұялы телефонын сөндіріп тастады. Кішкентай кітапты парақтай бастағанда алғаш көзіне түскені – Үкаша ата. Кітапта тайға таңба басылғандай жазылған деректе Үкаша атаның пайғамбардың сахабасы болғаны, дін жолындағы шайқаста ерекше батырлығымен танылып, жаудың оғы өтпейтін, қылышы кеспейтін батыр екені келтірілген. Қандай қитұрқылыққа барса да, кәпірлер оның осал тұсын таба алмай қиналыпты. Күндердің күнінде әйелінің осал тұсы арқылы батырдың қорғансыз кезін біліп алған жаулары Үкаша ата таң намазына жығылған сәтте қылышпен басын шауып түсіреді. Осы жерге келгенде кітаптың бетін ашық күйінде қалдырған Ерденбектің көңілі бір суынып, бір ысып, бөлме ішін кезіп кетті. Бар қызығы алда секілді, қайтадан кітапқа шұқшиып, оқуға кірісті. Бұл еріксіз баурайтын тылсым әлемнің басы ғана екен. Әрі қарай кітапта домалап жатқан басты періштелер қырдың етегінен жеткізеді. Сол сәтте бас түскен жер қақ айырылып, ғайыптан пайда болған құдыққа түсіп кетеді. Содан жер астындағы өзен арқылы Меккеден бір-ақ шығыпты. Қысқа мәліметке тұшынбаса да, ғаламат күштің лебі санасын ұйытып, еріксіз иланған ол көмекші әкелетін кітаптарды күтпей-ақ интернет арқылы киелі құдық жайында іздестірді. Мол байлыққа кенелгендей, бірінен кейі бірі жыпырлап экран бетіне шыққан материалдарды құныға оқыды. Оқи отырып Астана мен Шымкенттің арасын шаң қылып күніге екі мәрте ұшақпен барып келетін, айына кем дегенде бір рет шетелге аттанатын мұның іргедегі Түркістанның түбінде бұйығы күн кешкен қасиетті жер туралы бұрын-соңды естімегінін, мүлдем бейхабарлығын біреу естісе, бетін шымшып күлетін шығар деп ойлады. Тіпті, құдық ішіндегі судың құрамын зерттеген ғалымдар оның 90 пайызы зәмзам суымен сәйкес келетінін анықтап тастапты. О, тоба, сонда бұл не сиқыр, нендей жаратылыс? Ерденбектің ішкі толқынысы ернеуінен төгілердей кілкіп, құпия кілтті іздегендей тыпыршыды. Зияратшылардың су алу үшін кезекпен шелек тастайтынын оқығанда, көз алдына бақталасы Ермек келе қалды. Ел арасында тараған аңыз бойынша күнәсі көп, арам ниетті адамдардың шелегі құрғақ қайтып, адал жандардың қауғасы бос шықпайды екен. Ойпырмай, мынау шын ба, өтірік пе? Күнә дейді... Жұмыр басты пенденің күнәдан пәгі бар ма, сірә?.. Құдық басына топталындардың кейбірі шелегі сусыз болса өкіріп жылап, өмірден безіп кетердей күйге ұрынатыны несі?.. Ерденбек ертегілер әлеміне саяхаттағандай қиялы шарықтап, қалықтаған қалпы жерге аяғы тиер емес. Түннің бір уағына шейін интернеттегі жазбаларды үтір-нүктесіне шейін шолып, киелі құдықтың бар сырына қанықты.

* * *

Шырақшы Сәкен құдық басына аялдаған адамдардың соңғы легін көзбен ұзатып тұрғанда күн ұясына қонақтады. Тақиясын шешіп қолына ұстады да, құдықтың әрі таман қалқасында, сәл еңіске қарай үйіліп жатқан шелекке жақындады. Санасаң, есебінен жаңыласың. Бәрінің сау тамтығы қалмаған, ұрылған, соғылған. Себебі, шелекті құдыққа тастағанда даңғыр етіп түсетін қауға түбіне жеткенше қапталдағы тасқа кезек-кезек соғылып, мылжа-мылжа болып шығады. Тұтқасы үзіліп, қалып қоятындары қаншама...

Сәкен құдық басын күзеткен жай ғана шырақшы емес, оның түбін тазалаған жандардың да бірі еді. Келушілер аузына үңіле қарағанда түсіріп алатын тұрмыстық заттардан бөлек құдық түбі бос шелекке толып қалатын. Алғаш тазартуға түскенде қатты жүрексініп, үрейленгені бар. Тереңдігі 28 метрге жуықтайтын құдыққа тігінен құлдилай алмайсың. Құм үстінде жорғалаған жыланның ізіндей ирек-ирек. Бұған дейін ішін тазартқан жандардың әңгімесі әрқалай. Жер астындағы кереметті көріп шыққандардың айтқаны осы жерге қатысты аңызды одан өте құлпыртып жібереді. Алаңқайдағы өзен бір қабырғадан басталып, екінші қабырғадан құбылыға қарай сіңіп кетеді дегенде шырақшының өзі таңырқаған. Енді міне, сол ғаламатты өз көзімен көріп, құдықтың түбін тазаламақ.

Әсілінде құдыққа жылына бір рет, қыз мезгілінде адам саябырсығанда түсетін. Осы сәтті тағатсыздана күткен шырақшы санаулы күн қалғанда алматылық альпинистке хабарласты. Ол кісі бұған дейін сана мәрте тазартып шыққан жан. Содан кеңес сұрап, көмегіне жүгінді. Телефон тұтқасын көтерген альпинист:

- Қай шамаға ниет етіп отырсың? - деді. Шырақшы белгіленген күнді айтқанда қуанып кеткен альпинст:

- Сол уақытта мен де Түркістанға барамын. Бәлкім бірге қимылдармыз, - деп, келетін кезін айтты. Сәкен бірден келісімін берді. Әзірге телефон арқылы тәжірибесімен бөліскен альпинист:

- Құдықтың түбіне жеткенде еш қиналмайсың. Бірақ, бір жыл бойы қалып қойған шелектерді санап отырмаған боларсың. Жаныңа тағы бір жігіт ал. Сосын шашылған шелекті жинаймын әуреленбе, бәрін өз көзіңмен көргенде талып қалмасаң болды, - деп, әзілге бұрды.

Уақыт жеткенде беліне байланған арқанмен төмен салбыраған Сәкен ойыс-ойыс тастардың арасымен қиналып, түбіне әрең аяқ тигізді. Бір үйдің көлеміндей алаңқай. Тура түскен жері құп-құрғақ. Үйіліп жатыр деген шелектің бірі жоқ. Бұл арадан қалай шелекке су толып шығатынын ойлаудың өзі ақылға қонбайды. Су дегенің тура бұған дейін естігендей 3-4 метр қашықтықта ағып жатыр. Алаңқайдың бір шетінен басталып, екінші маңдайы тірелетін шетіне жетеді де, көрінбей сіңіп кетеді. Жын ба, шайтан ба? Әлде періштенің әрекеті ме? Сонда 3-4 қадам жердегі су қалайша шелекке құйылмақ? Біреу шелегіңді көтеріп өзеннен толтырып әкеледі дейін десең, тірі жан жоқ. Құдықтың түбіне түсе сала жұмбаққа тап болған Сәкен шынымен дағдарды. Жарығын қосқан қалпы ақырын жылжып жер астындағы алаңқайдың тағы бір шетіне тақалғанда 7-8-ден бір-біріне киіліп, төңкеріліп жиналған шелекті көрді. Құдды бір мәттақан қызы бар үйдің кіре берісіндегідей көрініс. Егер біреу ұрланып бәрін реттеп, қаттап кетті дегенге салсаң, мүлде шындыққа жанаспайды. Бір жыл бойы тірі пенде түспеген тұңғиықта қай еріккен жүр дейсің?.. Жинаулы шелектерді жоғарыдан салбыраған арқанға байлап, кезек-кезек тасып тауысқан олар сол күні шешімі жоқ жұмбақтың әсерінен арылмады. Одан кейін екінші рет тазалағанда да тура сол жағдайға тап болды. Бір қызығы, Сәкен содан бері бойындағы үрейді ұмытты. Жер астындағы жұмбақ әлемнің қуаты оны көкке бір табан жақындатып, екі дүниенің адамзат түсініп болмайтын қалтарыс-бұлтарысына бойлатқандай.

...Сәкен майысқан шелектердің қолына іліккен төрт-бесеуін көтеріп, баспалдақпен еңіске қарай жүрді. Көрші кемпір ертеңгісін жолға шығар сәтте:

- Құдық басында жарамсыз бос шелек көп деп естимін. Қиындық туғызбаса 3-4 шелек әкеліп берші. Ең болмағанда отын тасырмын, - деген. Шелектерді жүк салғышқа тиегенде төңіректе көз байланды. Көлігін оталдырған ол сәл артқа жылжып, рөлін қалаға бұрды.

* * *

Сүліктей қара джиптің артқы орындығына жайғасқан Ерденбек терезені жартылай ашып, желге бетін тосты. Шымкенттен шыға бере жылдамтықты арттырған көмекшісі арасында магнитафонның құлағын бұрап, сүйікті әуеніне ауыстырып әуре. Бағана жанармай бекетіне тоқтағанда көмекшісі:

- Түк қиындығы жоқ. Бар-жоғы 160 шақырым. Бір сағаттан астам уақытта еңсеріп тастаймыз. Әрі қарай құдық басына сол уақыт шамасында жетіп барамыз, - деген, көңілін аулап. Жанармай бекетінің дүкенінен су алдырған ол:

- Бұйырған уағында жетерміз, - деп, екеуара әңгімеге нүкте қойған. Содан бері көлік жүргізіп келе жатқан көмекшісіне тіл қатпады.

...Қалада кіндік қаны тамған Ерденбек әкеден ерте айырылған. Мектеп бітіретін жылы сұм ажал шешесін де алып тынды. Анасының жаназасында жүзі сұрланып, жанарынан жас тамбаған ол тағдырдың қаумалаған теперішіне бетпе-бет жолығып, барлық ауыртпалықты осылай қасқайып қарсы алған. Оның мінез-құлқын көше тәрбиелегендіктен өжет, алған бетінен қайтпатын қайсар болып өсті. Өмірінде екі сөйлеп көрмеген. Өтірікті иттің етінен жек көрді. Бойындағы бұл қасиет өзгелердің ерекше құрметіне бөлесе кейде іскерлік жұмыс барысында кесірін тигізіп жататын.

Техникумды бітірген жылы жұрт жапатармағай саудаға ойысқанда буыны бекіп, қабырғасы қатаймаса да тайсалмастан ортасына қойып кетті. Оңтүстік өңірі әдетте сауданың қыз-қыз қайнаған, алыс-берістің ортасы емес пе, базарда самса сатудан бастап кіріспеген, басын шалмаған іс қалмады. Мақтаралдың қауынын Қазақстанның әр қаласына тасып, тіпті Ресей асырып жеміс-жидек пен көкөніс саудалады. Ақша жүрген жерде қатердің қатар қалыспайтыны бар. Арғы бетке өткенде жергілікті рэкеттерге тоналып, басы аман, бауыры бүтін елге оралғанына шүкіршілік еткен сәттері де баршылық. Бірте-бірте шаруасы түзеліп, ауызы аққа тигенде бүйірі бұлтиған қалпы құрылыс саласына ауысты. Әуелі жекеменшік үйлер тұрғызып, шығыны көп емес баспананы бағасын асыра сатып, қалтасындағы қаржысын еселеді. Бара-бара шағын компаниясының ауқымы ұлғайып, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын бастап кетті. Мемлекеттік тендерлерге қатысып, түрлі әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты байқауларда асығы алшысынан түсті. Құрылыс нарығында молынан тәжірибе жинақтаған оның компаниясы республика көлеміндегі маңызды істерге мойын созып, өзге алпауыттармен терезесі тең дәрежеде иық теңестіретін халге жетті. Бұрынғы әкеден ерте жетім қалған, енді-енді оң-солын тани бастағанда шешесі өмірден өткен, базарда кәкір-шүкір сатып тіршілігін жасаған Ерденбек бүгінде Ерекеге, кеудемсінген көк аттының өзі Ерденбек Қайратович дейтін дөкейге айналды. Әттеген-ай дейтіні, кәсіпкерлік жолда адал ақы, маңдай термен жұмыс істесең де қараулық жасамай іс өнбейтін. Ерденбек ешкімнің аузындағысын жырып, алдындағы несібесін тартып алмаса да талай қитұрқылыққа барғанын, келесім-шартқа қол қойдыру үшін кейбірінің алдын кесіп өткенін іштей білетін. Мұның барлығын «егер мен солай істемесем қарсыласым дәл соны алдыма келтіреді» деп есептейтін. Өткендегі дастархан басында Ермек буынсыз жерден пышақ ұрып, «күнәң көп шығар» деп күстаналағаны осы болуы мүмкін деп топшылады. «Шыдай тұр бәлем, кімнің кім екенін құдық басына жеткенде көрсетемін» деді өз-өзінен қос жұдырығын түйіп.

Ерденбек бұл сапар жөнінде жан баласына сыбысын білдірмей аттанып кеткен. Әсіресе, Ермектің естімегені жөн деп шешті. Киелі құдықтың құдіретіне көз жеткізгесін қауғамен су тартатын сәтін ешкімнің көрмегенін қалады. Әуелі жалғыз барып бағын сынап көрмек. Ел аузындағы әңгімеге орай күнәсінің салмағын бағамдамақ. Бір тамшы су шелегіне ілінбесе келген ізімен кері қайтады. Онда Ермектің бетіне салық қылып басқан айыбын көтеріп, арының алдында қарабет атанбақ. Сол үшін ұрланып жолға шығар алдында көмекшісіне:

- Ертең көлігіңді сақадай сай етіп қой. Түркістанға жол жүреміз. Құдық басына барамыз, - деген. Бастығының табан астында жоспары өзгеріп сала бергенін неге жорырын ұқпаған көмекшісі:

- Ертең бізде маңызды кездесулер бар. Қалай болар екен, - деген күмілжіп. Артынша Ерденбектің екінші қайталамайтын мінезіне қанық болғасын ләм-мим демеді.

- Айтсаңыз болды. Ертең таңғы 9-да келемін, - деп, қысқа қайырды.

Қаладан аттанар тұста тез-ақ жетеміз деген жолдың қысқаратын түрі көрінбейді. Ерденбек қолындағы судан бір ұрттады да, қайтадан далаға жүзін бұрды. Жегені алдында, жемегені артында, бір қоңырау шалып талай түйіннің тиегін еркін ағытатын ол отбасын ойласа жүрегі сыздайды. Әйелімен ажырасқанына 5-6 жылдың жүзі сырғанаған. Жалғыз ұлы анасының жетегінде кеткен. Жанжалдың неден шыққанын түсіну қиын. Бір-бірімен қатты кетіскені соншалық, әйелі баласымен көп кезіктірмеуге тырысып-бағады. Жалғыз ұлдың амандығы үшін жиған-тергенінің жартысын соның атына жазды. Өкініштісі, қалаған кезінде сағынышын басайын десе маңына жолай алмайды. Кіндігіңнен өсіп-өнген бала болса да бірге тұрмаған соң адамнан қашықтай түсетінін ұқты. Кездескен сәтте қанша мейірленіп бауырына басса да соңғы кездері ұлы мен арадағы қарым-қатынас суынған. Әйелі бұған қарсы тәрибелеп, отбасының шырқы бұзылуын Ерденбектен көретін секілді. Өмір белесін қол ұстасып бірге бастаған әйеліне ренжиін десе жамандыққа қимайды.

Көлік терезесін түбіне дейін түсірген ол тағы да отбасын ойлады. Жүйткіген джиптің екпінінен қақ жарылған ауа ішке лықсып, жел болып уілдейді. Гу-гу еткен есірік жел іштегі қыжылдың қолаңтасын үрлеп, көзінен ыстық жас ыршыды. «Қап... Бүгін ұлымды да ерте шығуым керек-ақ еді. Әй, қайдам... шешесі жыландай жиырылып, маңына жуытпайтын шығар. Қаланың ішінде әзер жолымыз түйісіп жүргенде Түркістанға қайтіп жіберсін. Балама қастық қылатындай әзірейіл көретіні несі?.. Жалынып аяғына жығылсам да жаныма ертуім керек еді». Сауда-саттық, кейін құрылыс компаниясының көкжиегін кеңейтіп, қадымын ілгерілетемін деген жанталастың бұрқ-сарқ қайнаған тірлігімен мына тұрған Түркістанның маңайында қандай өмір барын ұмытқандықтан қателігін баласы қайталамаса екен деп тіледі. Ол үшін ажырасқан әйелінің өктеміне мойынұсынып, қол қусырғаннан келіп-кетер пайда жоқ. Осы жолы кері қайтқасын әйелімен дұрыстап әңгімелесіп, мән-жайды ашып сөйлесуге ниеттенді. Алда-жалда арманы орындалса жарты ай бойы жұмысты ысырып тастап, баласын ертіп жолға шықпақ. Туған өлкенің тау-тасын бірге аралап, өзі де бейхабар кейбір мекеннің тарихымен таныспақ. Осы бір тәтті ой көңілін көтеріп, орындықтан ақырын төмен жылжыған денесін тіктеді. Алыстан Түркістанның сұлбасы байқалады. Жол бойы Ерденбекті жөнсіз мазаламаған көмекшісі:

- Қалаға соғып шай ішерсіз. Бәлкім ертерек болса да түстеніп аларсыз, - деп сұрады. Ол:

- Бір-екі сағатқа өліп қалмаспыз. Мүмкін болса қалға кірмей сыртынан айналып, тіке тарт, - деді бұйыра. Бұдан әрі сөзге келмеген көмекшісі:

- Жарайды. Кеше төте жолды біліп алғанмын, - деп, қайтадан магнитафонның дауысын шығарды. Біреу әдейі орайластырғандай Роза Рымбаеваның орындауындағы «Түркістан» әні қалықтайды.

...Бұлбұлы бақтарда сайраған,

Қыр гүлі құлпырып, жайнаған.

Ұл-қызы шаттығын тойлаған,

Киелі күмбезді Түркістан...

Ерденбек әннің сөзін білмесе де бұзып-жара қосылып, мұрнының астынан ыңылдады. Бұл уақытта қалаға таяған жолда көлік қарасы көбейіп, сүліктей қара джип жүрісін бәсеңдеткен болатын.

* * *

Шырақшы Сәкен таңсәріде көлігіне отырғалы жатқан. Кенет ұялы телефоны безілдеп қоя берді. Бұ кім болды екен деп экранына үңілді. Құдық басына алып баратын жол бойындағы бір ауылдың имамы екен. Қатты араласпаса да көргенде құшақ ұра амандасып, қал-жағдай білісіп тұраттын.

– Ассалаумағалейкум! Қалаңыз қалай ағасы? Бұл анау бұрылыстағы ауылдың имамын ғой.

– Уағалейкумассалам! Иә, тынып тұрмын. Аман-есенсіз бе?

– Шүкірміз. Әйтеуір таң атпай мазаңызды алып жатқаным жоқ па?

– О не дегеніңіз? Еш қысылмаңыз.

– Айыпқа бұйырмасаңыз болғаны. Бір шаруамен хабарласып тұрған жайым бар. Біздің ауылда түнде бір мектеп оқушысы қайтыс болыпты. Қиын жағдай енді... Не десем екен?

– Иманды болсын! Иә, тас түскен жеріне ауыр дегендей, ата-анасына қиын болған екен. Алдынан жарылқасын. Сонда не жағдай болыпты?

– Өзіне қол салыпты. Түнде қорада асылып тұрған жерінен табылыпты.

– Астапыралла! Өрімдей жеткіншекті не итермеледі екен.

Сәкен не айтарын білмей тосылды. Танысының тұспалдауын да түсінер емес. Өлімнің аты өлім. Есі дұрыс адам ата жауына да тілемейтіні ақиқат. Жас өлім. Елге айтуға дәтің бармайтын ыңғайсыз өлім. Телефоанның әр жағындағы танысы әңгімесін жалғастырды. - Кеше сіз жаққа оқушылар келіп пе еді?

– Иә, келген. Екі автобусқа тиелген бір топ оқушы құдық басында болып қайтты. Бәрін ұстаздары ертіп алған. Осы жақын маңайдың оқушыларымыз деген. Анық қай аулдың балалары екенін сұрай қоймаппын.

– Кеше сол құдық басындағы оқушылар арасында келеңсіз әңгіме болғанға ұқсайды. Кейбір шелегіне су ілінбегендерді өзгелері келеке қылса керек. Арты неге ұласқанын біз де толық білмейміз. Басқалардың айтуынша қайтыс болған бала да су алмақ болғанда бос шығыпты.

Шырақшы Сәкен осы аралықта әңгіменің ауанын түсінді. Кеше бір топ оқушыны ұстаздары бастап келгені рас. Түгел жоғары сыныпта оқиды екен. Кезек-кезекпен қауға тастағанда кейбірінің шелегі бос қайтқаны есінде. Ду-ду еткен оқушылар су шыққанда дүркірей қуанып, шелегі даңғырлап қайтқандарды мазақ етіп, қылжақтаған еді. Ызадан намыстанып, қызарақтап құдық басынан кері шегінген бірді-екілі оқушыны көрген. Сәкен құдықтың тарихын, аңыз-әңгімелерді айтамын деп жүріп оған соншалықты мән бермегенін есіне алды. «Бала ғой... Қазір-ақ бәрін ұмытып, достасып кетеді» деп болжаған. Соңыра таман құдықтан су шықпады деп өзін жазғыру дұрыс еместігін ескертсе де естір құлақ табылмаған-ау шамасы...

Шырақшы Сәкен телефон шалған танысымен қош айтысты да, көлігіне мініп жолға шықты. Ойы сан бөлініп, құлағында тұнып қалған оқушының өлімі есінен кетпей қойды. «Бекер болды... Су шықпағаны үшін жанын ажалға байлап беруге бола ма? Әй, баламысың деген... Гүлі ашылып, жайнағалы тұрған өмірін өзі жанбай жатып сөндірді. Ата-анасы зарлап қалды-ау. Қиын жағдай. Киелі құдықтың құдіретіне шүбә жоқ. Десе де Құдай берген өміріңді қор ететіндей басыңа не қауіп төнді» деп, кімді жазғырарын дөп баса алмады.

Шырақшы Сәкен киелі құдық төңірегіндегі «су адамның күнәсіне, ниетіне қарай шығады» деген әңгімені көптен саралап, байыбына жетпей жүрген. Оқушының өлімі санаулы минуттар ішінде көкейіндегі сол ойды қайта толқытып, ой елегінен өткізуге мүмкіндік туғызды. Екі көзімен жолға қадалып қараса да сана қатпарын шырмаған қарама-қайшы көзқарастың дұрыс-бұрысын пайымдап келеді. Ойына алғаш оралғаны «күнә дегеніміз не?» деген сұрақ.

«Жарайды, оны қойшы, анау өзін өлімге жетелеп алып барған жөспірімде қандай күнә болуы мүмкін. Бесіктен белі шықпаған баланың жазығы не? Сонда ол өздері күнә жасап, сол күнәнің өтеуінен өлердей қорқатын пенделердің құрбаны ма? Жо-жоқ... байғұс баланы үлкендер емес, қатарластары күлкі еткеннен қайғылы оқиға болды. Бірақ, қатар оқитын құрдастарының не жазығы бар? Олар бір-біріне сенің күнәң көп демек түгілі күнәнің түр-сипатынан хабары жоқ қой. Балаларды айтып мысал етіп отырған мен де ақымақ екенмін. Талай көрдім ғой, шелегі бос қайтқанда еңкілдеп жылаған кемпір-шал мен егде жастағы кісілерді. Кім күнә жасады, қандай күнә жасады, бізге беймәлім. Барлығы Құдайдың құдірет-күшіне аян. Күнәға батсақ біліп қойған жанның алдында төменшіктегенмен пенденің алдында емес, ақиретте жауап береміз».

Ол құдық басына қалай жеткенін аңғармай қалды. Ауылдардың ортасындағы бұрылыстардан қалай өткені есінде жоқ. Асфальт төселген тұраққа көлігінің тұмсығы тірелгенде су жаңа аппақ джипті көрді. Арқан бойы көтерілген күн шапағынан сүттей ақ джип жалт-жұлт етеді. Тежегішін басып, сол джиптің жанына тоқтады. Жаз мезгілінде адам саны көбейетіндіктен еп-ерте келетін жандардың әрекетіне көзі үйренген. «Кім болса да шелегім құр қайтты деп қайғырмаса екен» деді көлігінен түсіп жатып.

* * *

Екіге айырылған жолдың сол жағына бұрылғанда көмекшісі:

- Екі-үш мнутта жетеміз. Көрдіңіз бе? Ана төбеден асып түсеміз, бітті. Жол көрсеткендердің айтуы бойынша солай, - деді Ерденбекке иегін нұсқап. Сол қапталда мал ұстауға арналған баз қалып барады. Оң жағындағы төбе басында ескі бұсылған үй қалқайып тұр. Төбеден асып өткенде сайды өрлей салынған баспалдақ, оның тура алдында биіктігі екі-үш метр, күмбезді шап-шағын үйшік менмұндалайды. Сол жағында төбесі жабық, жан-жағы ашық лапас, онымен жапсарлас үй бар екен. Тұраққа жеткендерінде қатар тұрған ескі көлік пен аппақ джиптен өзге машина жоқ. Екеуі көліктен тсүіп, бойларын жазып тұрғанд көмекшісі:

- Мына аппақ джип таныс секілді. Бір жерден көргенім анық, - деді, айналшықтай қарап.

– Қайтесің, жоқтан өзгеге бас ауыртып, - деді Ерденбек жақтырмай.

Екеуі баспалдақпен көк күмбезді үйшікке өрледі. Төңіректе меңіреу тыныштық орнаған. Бір қарағанда тұрақтағы көліктен басқа тіршілік нышаны байқалмайды. Ел көшкен жұрттай. Ерденбек жоғары жеткенде үйшік дегеннің құдықтың қоршауы екенін білді. Есігі айқара ашық. Ішінен әлдекімдердің күңкілдескені естіледі. Жөткірініп алды да, «ассалаумағалейкум» деп кіріп барғанда өз көзіне өзі сенбеді. Бір қолына қауғаның жібін ұстаған Ермек отыр. Ермек ұрлығының үстінен біреу түскендей сасқалақтап, абдырап қалды. Жанындағы басына ақ тақия киген жігіт:

- Уағалейкумассалам! Келіңіз, төрлетіңіз! Қош келдіңіз, - деп асқан сыпайылық танытты. Ерденбектің шамалауынша тақиясы бар жігіт шырақшы болуы мүмкін. Қайтадан жүзін Ермекке бұрды. Қипалақтаған Ермек төмен қарай берді. Тұтығып барып аман-сәлем жоқ, қал-жағдай сұрамастан:

- Әәә, Ерденбек бауырым да келіп қалыпты ғой. Кір-кір ішке. Сырттай тар көрінгенмен бәрімізге орын жетеді, - деді, сұрланып. Ерденбек те өзін ыңғайсыз сезініп, ұрланып келген сапарына басқа-басқа емес, дәл Ермектің куә болғаны жанып қоярға жер таптырмады.

Алып қалада бастары бір қазанға симай жүрген екі дөкейдің құдықтың қалқасына айналған құрқылтайдың ұясындай үйшікте кезіккеніне ешкім де сенбес еді. Ана бір дастархан басындағы отырыста қол аласып, бірге келеміз деп уәделескен екеуі сыр білдірмеуге тырысып бақты. Ештеңден хабарсыз шырақшы:

- Сіздер таныс па едіңіздер? Құдай сәтін салып кезігіп отырғандарыңызды қарашы?!. Ниеттеріңіз ақ екен, - деді қалбалақтап. Іле-шала:

- Ермек деген деген танысыңыз ерте келген. Әуелі құдықтың тарихын, бар сырын тыңдаймын деп қасымда көп отырып қалды. Мен де тоқта демегесін көсіле беріппін. Құдыққа шелек тастағаны жаңа ғана. Алғашында түк шықпады. Екінші рет қауға тастауға болады. Міне, соны шығарғалы отыр, - деп, барлық жайтты бір демде жайып салды. Шырақшы «алғашында түк шықпады» дегенде Ермек нарттай қызарып, Ерденбекке жалтақ-жалтақ қарай берді. Сол сәтінде кеудесі керіліп, паңдана түскен Ерденбек «шоқ-шоқ, көрдің бе бәлем» деп ойлады да, өз ойынан өзі шошып, жаман ештеңе есіне алмауға тырысты. Пенделік көңілмен «Екі мәрте мүмкіндік берілгенмен кімнің шелегі суға толатыны белгісіз. Асылық ойлап тұрғанда өзім омақасып жүрмейін» деген тоқтам жасады. Ермек болса құдыққа үңіліп, қауғанның жібін ақырындап тартып жатты.

* * *

Алкөлеңкеде ұясына қона бастаған күн түннің құшағына асығатындай. Баспалдақпен төмен жылдыған үш адамның ортасындағы сөйлеп келеді.

– Апырай-а, жаз мезгілі болғандықтан күнде адам қарасы үзілмейтін. Бүгіндікке екеуіңізден басқа жан келмеді. Сіздерге тағы да қайталап айтамын, құдықтан су шықса атойлап қуанудың, шықпаса сағыңды сындырудың қажеті жоқ. Шықса – несібе, шықпаса – Алланың сынағы. Несібе үнемі төбеңнен төгіліп тұрады деп кім айтыпты?.. Құдықтан тек ниеті түзу адамға су шығады деп түсіну қате.

Шырақшыны үнсіз тыңдаған Ерденбек пен Ермек тұраққа келгесін көліктеріне отырып, жөндеріне кетті. Олардың шелегіне су ілінген-ілінбегені шырақшыға ғана аян болатын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар