Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мәңгілік Мұқағали

09.02.2021 1157

Мәңгілік Мұқағали 12+

Бүгін қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ақиқық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Туған халқының жүрегінен терең орын алған ақынның мерейтойы қазақ әдебиеті мен өнері үшін ғана емес, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани әлемі үшін маңызды болуы тиіс.

Қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы айтып, тәптіштеп түсіндіріп жатудың өзі артық. Себебі, Мұқағали Мақатаев – кешелі-бүгінгі қазақ ақындары арасындағы ең оқылымды шығармашылық иесі. Ана тілінде тілі шыққан кез келген қазақ баласынан бүгінгінің қартына дейін Мұқағали өлеңдерінен бір шумақ білмейтіні кемде-кем десек, қателеспеген болар едік. Шығармашылық адамының танымалдығы деген - осы. Сөзіміздің және бір куәсі - ғаламтор желісі. Мұқағали шығармашылығы қаншама рет ізделіп, оқылды, қандай жастың адамдары қай туындыларын көбірек іздеп оқиды т.б. деректерді ақпараттық дәуірдің статистикасы сарт еткізіп шығарып алдыңызға ұсына қоятын заман емес пе? Сонда расымен де компьютер көрсетіп отырғанындай, Мұқағали шығармашылығын жас-кәрінің бәрі оқитын болса, мұның құпиясы неде? Біздіңше, оның еш құпиясы жоқ: бүгінгі тілмен айтқанда Мұқағали өлеңдерінің барлық жастағы оқырман үшін шынайы қолжетімділігінде ғана. «Қолжетімділік» дегенде, «Мұқағали туындылары күрделі ой, көркем кестеден ада, аса қарапайым, қарабайыр жазылған, тақпақ іспетті өлеңдер» деген ой әсте тумауға тиіс. Мұқағали туындылары – кейбір ақындар сияқты айрықша тың мазмұн мен өзгеше күрделі форма іздеу жолында, шырқау биікке ұмтылып, көзкөрім алысқа шығандап шықпай-ақ, кешелі-бүгінгі қарапайым қалың қазақ оқырманының таным-түсінігіне дәлме-дәл үйлескен, шынайы сезім қалпынан құйылып түскен өлеңдер ғой. Осы тұрғыдан алғанда Мұқағали Мақатаев – шығармашылық ғұмыры мәңгілікпен ұласқан, ең бақытты ақындардың қатарында екендігі даусыз. "Мәңгілік ештеңе жоқ емес пе, мұндай жалаң мақтаудың қажеті не?" - деген ой да туар бәлкім. Бірақ, қазақ халқының, оның тілі мен ділінің Жер шарындағы ғұмыры мәңгілік болса, онда Мұқағали Мақатаев туындылары да өз ұлтымен бірге жасай беруі - заңдылық ретінде мойындалуы тиіс. Жалпы, Мұқағалидың жеке өмір сәттерімен астасқан шығармашылық ғұмыры туралы көп айтылып та, жазылып та жатады. "Естеліктер жазылар мен туралы", - демекші, жазыла да береді. Анық ақиқат – Мұқағалидың көзі тірісінде-ақ таланты жалпы жұртшылыққа танылып, әдеби ортада мойындалған ақын екендігі. Таланттың жолы қашан да оңай болмайтындығы, күншілдік пен қызғаныштың қызыл иті қарсы шабуға әрқашан дайын болатындығы да - мынау жалғанның бір кем ақиқаты ғой. Осы тұрғыдан алғанда, ақынның өмір соқпақтары туралы кейде жалған-расы күмән мен күдікке толы, аңыз бен шындық аралас астым-үстім жағдайлар айтылып жататыны болса, мұны әр кез анық айтылған ақаиқат осы деп қабылдай бермеуіміз де керек шығар. Иә, ақын жаны - күйрек те нәзік, тым әсершіл. Ақын жаны айналасында болып жатқан келеңсіздіктерге, әділетсіздік пен қиянатқа бей-жай қарамайды, оның жан-дүниесі - қоғамның барометрі іспетті. Сондықтан да әсершіл ақын жанының әділетсіздік пен дөкірлік қатарлы меңіреу күштердің әрекеті жанына батқанда шамырқанып-буырқануы түсінікті жағдай ғой. Тағы бір аңдалатын жағдай: Мұқағали туралы бұрынды-соңды жазылып, айтылып жататын естеліктерге, деректерге құлақ салып тыңдап, көз жүгіртіп бағамдағанда, оның ғаламат ақындық дарынына қоса, адамзаттың рухани құндылығы қазынасынан мол хабары бар, арғы-бергіні көп оқып, жадына тоқыған үлкен интеллект иесі, әрі талантты көркемсөз оқушы, аудармашы, қысқаша айтқанда сан қырлы тұлға болғандығы.

Ақынның көзін көріп

Бәріміздің бабамыз сөзден өлген,

Әнердің кереметін сөзбен өрген.

Мен тынбаймын солардың кегін алмай,

Сен мені салыстырма өзгелермен! –

деп өзі айтқанындай, қазақ сөзінің құдіретіне жетіп, өлмес туындылар жазып кеткен ақынның, шығармашыл жанның Жаратқаннан өзіне берілген ғұмырды қалай сүргендігі емес, халқына не берді деген маңызды емес пе? Себебі, шығармашылық шабытқа ие кез келген өнер иесінің өмірлік мақсұты – қала берді туған еліне асса әлем халқына танылып, мәңгілік көз сүйсінер, көңіл көркейтер өлмес туындылар жасап, адамзат тарихында қалу ғой. Бұл тұрғыдан алғанда Мұқағали Мақатаев – қазақ руханиятындағы аса танымал шығармашыл тұлғалардың бірі ретінде туған халқымен бірге жасап келе жатыр. Жасай да бермек.

Біздің қазіргі бір тренд - кешелі-бүгінгі көзге көрінер таланттарымызды әлемдік деңгейде алып қарастыру ғой. Өзімізде танылды ма, мойындап болдық па, оған аса мән бере бергіміз келмейді, бірден дүниежүзілік ауқымда көргіміз келеді. Дәл осы тұрғыдан алғанда, Мұқағали Мақатаев шығармашылығы әлемдік деңгейде танылуға лайық па, алыс-жуық елдерге қаншалықты танымал деген сұрақтың да қойылатыны анық. Алайда, бұл – негізі Мұқағалиға емес, бізге, қазақ халқына қатысты сұрақ болса керек. Иә, Мұқағали – сөз жоқ ерекше талантты ақын, ұлт ақыны. Оның шығармашылығында жалпыадамзаттық гуманизмге толы қаншама өлеңдер мен поэмалар бар. Олардағы ұлттық бояудың нәрі мен поэтикалық қуатын солдырмай, әлемнің жетекші тілдеріне аударып ұсына білер болсақ, Мұқағали - әлемге танымал ақын болары айдан анық. Тек бұған өз арамыздан шыққан жан-жақты шығармашылық қуатты аудармашы тұлға керектігі анық. Мұқағали туындылары - өз халқы мойындаған рухани қажетті өнім болғандықтан да, оның шығармашылығы – қосымша түсінікті де, артық мақтауды да қажет етпейді. Қолға алыңыз да, кез келген өлеңін оқи беріңіз. Онда көптеген ақындарда ұшырасып жататын, сықиып қатқан мораль немесе оқырманның миын қатырып әлдебір жұмбақшылаған ұңғыл-шұңғыл иіріміді тармақтар мен шумақтар, шолт етер қысқа қайырымдар мен өкпе өштіре шұбатылған формалар жоққа тән. Мұқағали өлеңдері қашан да «қазақтың дәл өзіндей қарапайым», қисынын тауып құйылып түсе салған көзге таныс, көңілге шуақты, мазмұны қонымды, идеясы айқын, кез келген жастағы оқырманның жүрек қылын дөп тербеп, сезім пернесін тап басатын сыршыл туындылар. Бірақ бұл пікірге қарап, Мұқағали мұралары – қарапайым ғана қара өлең үлгісімен жазылған жайдақ өлеңдер деген ойға тірелуге тағы да болмайды.

Іздемпаздық менің де бар өнерім.

Будан жасап бидай мен тары егемін.

Қазан-миым бәрін де қайнатады.

Дара қойып қазақтың қара өлеңін, -

деп ақынның өзі айтқанындай, қарапайым қара өлең ұйқасымен-ақ айтарын айтудай-ақ айтып, жазарын жеріне жеткізе, мөлдірете жазып кетудің үлгісі. Осы тұрғыдан алғанда, кез келген шығармашылық иесі, әсіресе, өз ұлтының бар болмысымен қапысыз біте қайнасып тұтаса отырып ұлтының жан дүниесін, мұң-зарын, қуаныш-шаттығын, арман-аңсарын еш боямасыз туынды тілінде сөйлете алған ақындар мен жазушылар халық жүрегінен мәңгілік орын алатыны анық. Бұған Мұқағалидың шығармашылық ғұмыры анық мысал бола алады. Өз ұлтына әбден мойындалған, етене болған шығармашыл тұлғаның өзге жұртқа танылуы да соншалықты бір маңызды емес те шығар, мүмкін. Қоғамның ілгерілеп дамуы – жаңа талғам мен түсініктерге жетелеп отырады. Бұл – шығармашылыққа да қатысты, әрине. Жеке ұлттық әдеби таным мен талғам жалпы әлемдік тенденциямен тікелей байланыста. Оқырманның сұраныс, талабы да әр дәуірдің өзіне сай өріліп шығып отыратыны – өмірдің ақиқаты.

Қазіргі қазақ әдебиеті, оның ішіндегі әрдайым авангард қазақ поэзиясының қазіргі аяқ алысы жаман емес десек болар. Арғысын айтпағанда, Абайдан бергі Мағжан, Қасым, Жұмекен, Мұқағалилардан бері қарай бұйда созған қазақ поэзиясы көшінің бүгінгі ноқта ағалары Есенғали, Тыныштықбек ағалардан кейін де қаншама тамаша талантты, аймаңдай ақындар туып шықты. Қазіргі күні тыңнан жол салмаққа ұмтылып, ізденіс жасап, әзілмен айтқанда «басын тауға да тасқа да ұрып», «қайдан шықсаң онан шық» эксперименттерге де барып жүрген батыл жастар қаншама? Ізденіс барда – ілгерілеушілік бар, жетістік бар. Бірақ, кез келген ұлттың ұлт болып қалуы үшін, оның жан дүниесі, ішкі рухани коды, шыңырау түпкі тұнығы лайланбауы керектігін, әгәрәки лайланса, ұлттың ұлт болуына үлкен қатер төнетіндігін мынау ақпараттық жаһандық дәуір анық ұқтырды. Өзіне ғана тән, әрі тек өзіне ғана қажет дара руханиятының өшпес-өлместігі жолында қалғымай қорғаныс жасап, тынымсыз күрес жасамаған ұлттың жаһандық мультимәдениетке жұтылып жоғалу қаупі – бүгінгі күннің бетпе-бет шындығы. Ендеше, күреседі екенбіз, қарсыласар қалқан-қаруымыз қаруымыз не болмақ? Жауабы да айқын: шынайы ұлттық құндылыққа меймілдеген рухани арсеналды алға шығару, бүгінгі буынның, әсіресе, жас ұрпақтың жады кеңістігін лайықты ұлттық ақпараттармен үздіксіз толықтыру.

Дәуірден дәуірге ілесіп, ұлт жадында лайықты ақпарат ретінде жасай беретін туындылардың қатарында әрдайым Мұқағали Мақатаевтың ойға қонымды, жүрекке жылы жырлары бар. «Ақшыл мұң, көкшіл сағыныштың күлгін дәмін алты қабат аспанның ар жағынан қаз қанатына іліп әкеліп ұсынатын» қазіргі қайсыбір заманауи жаңашыл ақындардың жоғарыда айтқанымыздай тарих көшіне мәңгі ілесіп, қазақ халқының жүрегіне біржолата орнығарын болашақ көрсетер. Ал, ұлт ақыны Мұқағалидың мәңгілік ғұмыры кешеден бүгінге жалғасып отыр. Халық таңдауы, замана сұрыптауы – қашан да қапысыз. Өзінің алымы мен қарымының көптеген қатарластарынан анағұрлым зор екендігін анық болса да, өзгелерге, соның ішінде «қойға мінер қойторылар шаппай бәйге алып», таланттының тасада қалғанына ақын жаны күйінгені анық қой:

...Тойланбаса тойланбасын,

He етейін.

Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.

Қаламымды берші маған, бәйбіше,

Болашаққа арыз жазып кетейін..., -

деген сарындағы өлеңдер осындай көңіл-күй мезетінде жазылған болар, сірә. Иә, шын таланттардың алдын орап, бәйгенің алдын бермеген, өз заманның сүйкімді, сүйікті жүйріктері сол қойторылардың шығармаларын бүгінгі ұрпақ оқымақ түгілі, олардың көбі ұмытылып, тарихтың шаңына көміліп үлгерген жоқ па? «Болашаққа арыз жазып кеткен» ақынның тілегі қабыл болған сияқты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар