Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Мәннан Тұрғамбаев. Шежіре...

03.01.2019 6988

Мәннан Тұрғамбаев. Шежіре

Мәннан Тұрғамбаев. Шежіре - adebiportal.kz

Мәннен Тұрғамбаев (1886-1937) - Алашорда қозғалысының көрнекті өкілдерінің бірі, журналист, сыншы. Уфадағы әйгілі "Ғалия" медресесінің түлегі. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгерген М.Тұрғамбаев "Садақ", "Қазақ", "Айқап", "Абай" т.б. алғашқы қазақ басылымдарының белсенді авторы болды. "Пайғамбар заманы" атты танымдық еңбек жазып, оны "Қазақ" газеті арқылы таратады. Каирде, Стамбулда жоғары оқу орындарында білімін жетілдіреді. Саналы ғұмырын туған халқына білім беруге арнаған Мәннен Тұрғамбайұлы 1931 жылдан бастап кеңестік биліктің қырына ілігеді. 1937 жылы 20 желтоқсанда Семейде НКВД үштігінің үкімімен ату жазасы орындалған. Жазықсыз құрбан 1963 жылы ақталған. "Абай" журналының 1918 жылы 4 ақпандағы санында басылған "Шежіре" атты мақаласын жариялап отырмыз

Шежіре деген сөзді бұл күнге шейін ата-бабалардың аттарын тізіп жазған кітап деп ұғынып келдік.

Шежіреге жүйрік кісі деп жүрген кісілерді сұрастыра бастасаң, ата-бабалардың аттарын жаттаған кісі, шежіре кітабы дегеніміз де әлгі аттарды тізіп жазған қағаз болып шығатын еді. Енді бұдан былай кісінің аттарын тізіп жазған кітапты шежіре демей, лайықты мағнада жазылған кітапты шежіре деп ұғынуымыз тиіс.

Шежіре деп: бұрынғы кісілердің хал жайын, тіршілік тұрмысын айтып, жиылып тіршілік (хият әжтмағит) айтудың ережелерін шығаруға жарарлық себептерден сөйлеген ғылымды айтады.

Еркіндік таңы атып, заман түзелген соң жалпы ғылымға жабысуға бет қойдық. Сол жабысқан ғылымымыздың бірі әрине, шежіре, бізде басқа оқу құралдары жоқ болғаны сияқты, өз тілімізде жазылған шежіре кітаптары жоқ. Енді жоқ деп қана жата бермей бар қылу жағын қарастырарлық уақыт жетті. Бұл сөзден біздің алдымызға төмендегі сауалдар қойылмақ: шежіре (тарих) анық ғылым ба? Ғылым болса, пайдасы тиерлік ғылым ба? Қай тәртіппен жазылады? Міне, осы үлкен сауалдарға жауап беріп тарихпен жалпы жұртты таныстыру ғылым иелерінің борышы деп білемін.

Мәннан Тұрғамбаев

Бұл сауалдар өздігінен босқа қойылмаған; шежірені ғылым емес, пайдасы жоқ деп тартысушылар да көп, бұл сөзді айтушылардың үлкен дәлелдері мынау: ғылым болған пәннің ережесі (қанон) болуға тиіс. Ереже мәңгі, жалпы һәм сол нәрсенің табиғатынан шығарға керек. Мысалы: екі ауылдың арасындағы ең жақын жол түзу жол; міне бұл анық ереже қашан болса да, қандай жерде жол болса да тура келеді, һәм жолдың табиғатынан шыққан. Шежіреде бұл секілді бір де ереже жоқ дейді.

Ғылым деушілердің дәлелі мынау: шежіреде ереже бар; жиылып тіршілік етуге керекті ережелердің бәрі де осы шежіреден туады. Өтірік хикаяларды көрсетіп, сөйлеп отырған шежіре – әрине ғылым емес. Оның үстіне шежіренің сүйенген ғылымдары күшті сондықтан (тарих) шежіре қатарлы ғылым дейді. Біз де осы соңғылардың сөзін дәлелді тауып, шежіре пайдалы ғылымдардың бірі деп айтамыз.

Шежіре баяндаған уақиғаларымен мінезге үлгі, ғұмырға жоба береді. Бұл беретін жобалары мынау: шежіре алдыңғы адам баласының басынан кешкен оқиғаларының куәсі. Бір ұлт төменгі сатыдан өзгемен терезесі тең болған сатыға қалай жетті, қалай озды? Төмен болған уақытта адамдарының мінезі қандай еді, ілгері басқанда қандай, мінезі қандай, қандай жол табумен ілгерледі; төмендегенде қай жақсы мінезінен айрылғанда төмендеді? Бұрынғы болған ірі адамдардың адамшылықты сүюі қандай, бұл сүйген жолдарында қажымаған қайраты, сіңірген еңбегі қандай? Мұның бәрі әр ісі бір ұлттың ұлттығын сақтауына, берісі әрбір адамның адамшылығын берік ұстауына үлкен сабақ, үлкен үлгі. Шежіре үлкен пайдалы ғылым. Жалғыз-ақ шежіре алғы анық оқиғалар жазылған, туралықтан таймаған кітап болу керек. Бір мақсатқа қызмет қылдыру ниетімен шындық жолдан шығып, қиястан жазылған шежіре ғылым емес.

Шежіре сөзінің мәнісіне қарай екіге бөлінеді: біртүрлі шежіреде алғы анық уақиғалар ғана тізіледі, екінші түрлі шежіреде уақиғалардан мағына туғызып, пәлсапа жолымен ережелер шығарып келесі өмірге айна қылып жазылған болады.

Шежіренің іргесі – алғашқы түрлісі. Екінші түрі алғашқыдан қорытылмақ. Уақиғаны баяндаған шежіре алғы расты айтып отырса, түзу мағыналар шығып, онан қорытып шығарған шежіре де дәмді, пайдалы болмақ; егер уақиғалар теріс баяндалған болса, онан мән шықпайды, іргесі берік салынбаған қабырға құлап қалмақ.

Шежіре кітабын жазушы кісілер де қылған қызметтеріне қарай екіге айрылады: біреулер жазылған шежірелерден көшіріп яки бір тілден екінші тілге аударып жазады. Енді біреулер өз тұсынан ізденіп түрлі орындарға барып, хикая, ертегілер һәм басқа да тарихқа керекті құралдарды жинап, тексеріп, бірінші шежіре кітабын жазып шығарады. Үлгі ретпен шежіре кітабын жазушыларды көшіріп жазған кісілер соңғы ретпен шежіре жазған кісілерді бұйырып жазған кісілер деп жүргіземіз. Бұл сөзден аңланады: көшіріп жазу оншама қиын емес, көшіретін кітаптағы тілді жақсы біліп, сөздің ырғағын келтіріп жаза алу жетеді.

Шежірені бұйырып жазу үлкен ауыр қызмет: шежірені өз тұсынан бұйырып жазатын кісіде шежіреге құмарлық, көрген нәрсесін тексеріп үлгі алатын сезім, қиындыққа шыдайтын қайрат, ерінбейтін мехнат сияқты көркем сипаттардың болуы тиім. Бұл сипаттардың үстіне шежіренің сүйенетін ғылымдарын білген, кемінде үш түрлі тілде жазылған кітаптарды оқи алатын болсын. Осы сипаттарға ие болған кісі бұйырып шежіре жазса қатарлы ғылым ретіне кірмек.

Шежіре жазуға қызмет ететін ғылымдар: 1. Жердің ішінен табылған нәрселерді тексеретін «ғылым табиғат аларз» (археология). 2. Сөздің жайын тексеретін ғылым «Алсіне» (лингвистика). 3. Тұрмыстың, ғұрып, ғадеттің жайын тексеретін ғылым «Ахуал мығаш» (этнография). 4. Денедегі мүшелердің жайын тексеретін ғылым «қияпыт» (антропология).

Бұйырып шежіре жазатын кісілер жоғарғы көрсетілген ғылымдарды білген соң, шежіресін жазатын ұлттың бұрынғы сақталып қалған, жазылып қалған нәрселерін, ауыз айтып жүрген хикая, ертегілерін жинап, ән-күй әдебиеттерімен әбден таныс болады. Жазуға кіріскенде өте тексеріп, анық болғанды жазып, ақылға дұрыс келетін дәлелсіз, сыйымсыз хикаяларды жазудан сақтанады.

Осындай көп бейнетпен шежіре жазып шығарған кісі әрине, ұлтқа, шежіреге зор қызмет еткен жан болып саналмақ. Бұйырып жазған жазушы болсын, шежірені бір мақсатқа қызмет қылдыру ниетімен жазбасқа керек.

Мақсатқа қызмет қылдыру үшін жазылған шежіре туралы жолдан тайып, ғылым ретінен шығып қалмақ. Шежірені жаман атты қылып ғылым ретінен шығарған кісі үлкен қиянатшы ретінде болып табылмақ.

Біздің түрік қауымының шежіресі бұрыннан жазылып келмеген. Соңғы заманда өзімізден болсын, Европа ғалымдарынан болсын бұйырып жазушылар табылып, ғылым ретіне кірерлік кітаптар шыға бастады. Өзіміздің түрік тұқымдарынан жазушылар Шахаб Елдин, Рза Един, Нәжибек, Қасымбек, Шәкәрім, Қасан Ғада, Ахметзаки, тағы бұлардан басқалар. Бұлардың ұлтына қылған ақ жүректік қызметтеріне тәңірі жарылқасын айтуға борыштымыз. Европа ғалымдарынан жазушылар: атақты Уамбри (түрік тұқымы, мажар қауымынан) түрік тарихына керекті нәрселерді жазып қалдырған. Неміс ғалымдарынан Майр (русша Радлов) да түрік тарихына керекті көп нәрселерді жазды. Орыс, француз ғалымдары да жазды.

Осы күнде Россиядағы түрік қауымдарының мектептерінде көбінесе қолданып жүрген түрік шежіресі Ахметзаки мырзаның жазған шежіресі.

Шындап кіріссек нағыз қазақ тілінде түрік шежірелері жазылады. Оқу жұмысында кешіктірмей қолға алып кірісетін қызметіміздің бірі осы. Өзімізді қатарлы ұлттан санап, ұлт мектептерін ашып отырып өз ұлтымыздың шежіресін керексіз қылсақ, үлкен ұят.

Мәнен Тұрғамбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар