Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Мануэл Бандейра: Жерге түс, шар, жерге түс......

09.06.2019 2969

Мануэл Бандейра: Жерге түс, шар, жерге түс...

Мануэл Бандейра: Жерге түс, шар, жерге түс... - adebiportal.kz

КӨБІК КӨШЕСІНДЕ

Жерге түс, шар, жерге түс,

Жерге түс, шар, жерге түс,

Көбік көшесіне түс, шар!..

Нелерді жоқ еттік осы бір кішкентай қағаз шарды жасау үшін!

Кір жуушының ұлы жасады оны –

газет терушісі және үнемі жөтелетін бала.

Жұп-жұқа қағазды алып, кесті, жабыстырды

бүктелген білтені сымдардың арасына қойды

Ұшып барады әне – кішкентай тұманды көкте

Негізінде іші ауаға оңайлықпен толтырылмады.

Теңселді, дірілдеді, түсін ауыстырды.

Көбік көшесінің кішкентай сотқарлары

Жерге түс, шар, жерге түс деп жалынып тұр енді.

Ол қолдардан құтыла салысымен

жоғары көтеріле бастады...

биіктеді...

биіктеді...

Жозенің аңқыған демімен толыпты.

Жерге түс, шар, жерге түс!

Балалар оған қалпақтарын, тастарын лақтырды

Жерге түс, шар, жерге түс!

Бір аға келіп, қалада шар ұшыруға тиым салынады деді.

Сонда да шар ұшып бара жатты...

бірте-бірте биіктеді...

Көбік көшесіне түспеді сол күйі.

Ұзақтарға... теңізге түсті, теңіздің еркін толқындарына түсті.

ТЕҢІЗ ШОШҚАСЫ

Мен алты жасқа толғанымда

сыйлыққа теңіз шошқасын алдым

ол менен қашып кетіп,

бұрышқа барып тығылатыны үшін алаңдайтынмын.

Мен оны залға алып келетінмін,

ең әдемі ең таза жерге отырғызатынмын,

ал оған бұл қажет емес еді:

бұрышқа барып отыруды қалайтын,

менің бар мейіріміме ешқандай назар аудармады.

- Мен мұның теңіз шошқасы екенін кейін түсінгенімдей

алғашқы махаббымның да ол болғанын кейін түсімдім...

БРАЗИЛИЯ ТРАГЕДИЯСЫ

Мизаэл, 63 жастағы қаржы министірлігінің қызметкері

Лапада Мария Элвираны кездестірді –

сифилис ауруын жұқтырған,

дерматитпен ауыратын қызды кездестірді,

қолында неке жүзігі бар

аштықтан тістері сақылдап тұрған қызды кездестірді.

Мизаэл Мария Элвираны көтеріп

Эстасиодағы үйіне алып келді;

ол оны венерологқа, дантиске,

тіпті маникюрге алып баратын,

ол оның барлық қалауын орындады.

Бірақ Мария Элвира ауруларынан жазыла бастағаны сол еді,

дереу өзіне көңілдес тауып алды.

Мизаэл ешқандай жанжалды қаламайтын.

Ол оны сабап яки атып, асып тастауына болар еді,

бірақ ештеңе істемеді,

жай ғана басқа үйге көшіп кетті.

Дәл осылай олар үш жыл өмір сүрді.

Мария Элвира көңілдестерімен көңіл жарастырған сайын

Мизаэл басқа үйге көшіп отырды.

Енді Мария Элвира көңілдестерінің мекен-жайлары:

Эстасио, Роша, Катете, генерал Педраның көшесі,

Олария, Рамос, Бонсуессо Вилла-Изабел,

маркиза де Супакай көшесі, Нитерой, Энкантадо,

Клаппа көшесі, сосын қайтадан

Эстасио, Тодос-ос-Сантос, Катумби,

Лаврадио, Бока-до-Мато, Инвалидос,

міне соңында Конституция көшесі –

Дәл осы көшеге келгенде Мизаэл сабырын жоғалтып,

Мария Элвираны алты жерінен атып өлтірді.

Кейіннен полиция оны

үстінде жібек көйлекпен теріс қарап жатқан жерінен тапты...

ГАЗЕТ ЖОЛДАРЫНДАҒЫ ӨЛЕҢ

Жоан Гостосо жәрмеңкеде жүк тасушы болып жұмыс жасайтын,

Вавилониядағы барак тамдарда күн кешті,

Бір күні ол «20 қараша» деп аталатын барға бас сұқты,

Ішті,

Ән айтты,

Биледі,

Содан соң, Родриго-де-Фрейтас өзеніне барды да

батып өлді.

РЕСИФИГЕ* СӘЛЕМ ХАТ

Ресифи

Венедиктің емес, Американың да емес

Батыс Үнді аралдарына кеткен тәуекелшіл саудагерлердің Мауритстады емес

еупопалықтардың Ресифисі емес,

Сүюді кейіннен үйреткен Ресифи де емес –

тәуелсіздік үшін қан кешкен жауынгерлердің Ресифисі

Тарихсыз, әдебиетсіз бір Ресифи

Әдеттегі сол Ресифи

Балалық шағымның Ресифисі

Балалық шағымда ойнаған және Дона Аниһа Виегастың үйіндегі

терезелерді сындырған көше –Бірлік көшесі

Қартайған Тотонио Родригуестің көбелек көзілдірігі мұрнының ұшына түсетін,

тамақтан кейін есіктің алдына барлығы орындықтарын шығарып әңгіме айтатын,

бір бірін жақсы көретін, күлетін еді.

Көшенің ортасында балақайлар ойнайтын,

Ұл балалар «Қоян қаш!

Тазы ұста!» деп айқайлайтын.

« Берші маған раушан гүлдің ағашын,

жана-жана күлге айналып барамын» деп қыздардың алыстан ән айтқан

дауыстары естілетін.

Кенеттен

түннің бір уақытта қоңырау үні...

Үлкендердің бірі айқайлай бастады:

Санто Антониода өрт!

Енді бірі Сао Жоседе өрт болып жатыр деді

Сао Жозеде деп тұрып алды Тотонио Родригуес

Қалпақтарын киіп шылымын тұтатты да ағалар сол жаққа қарай бетке алды,

құмыраға міндім, бірақ өрт болған жаққа бара алмадым, бала едім себебі

Бірлік көшесі...

Көшелердің неткен керемет аттары бар-тұғын, балалық шағымның көшелері

Бірінің аты –Күн көшесі еді

(Қазір бір доктордың атында шығар)

Үйіміздің артында Сағыныш көшесі бар-тын...

...ең алғаш жасырын шылым шеккен көше

Жақын маңдағы жағалауда бір көше тағы бар еді, Арай көшесі

...ең алғаш балық аулаған көше

Капибари

–Капибари

Саксанданың ұлы ағаштарының астында

қамыстан өрілген моншалар

Бір күні сол жерден жуынып жатқан жас әйелді көрдім

Жүрегім кеудеме сыймай, оны тамашалап тұрғам...

Күлді ол әйел

Ең алғаш сол кезде кей нәрселері түсінгендей болдым.

Сел! Өзен селі! Балықшылар, өлген өгіздер, иірімдерден көрінген ағаш тамырлары

Теміржол көпірінің астында банан ағаштары тербелген уақыта жаужүрек аралас қандылар,

Новенас,

Салт аттылар,

қыздың құшағында едім, шашымды сипай бастағаны сол-тұғын...

Капибари

–Капибари

Екінті сайын құшағына банан толтырып

Бірлік көшесінен қара нәсілді әлдіндегі әйел өтетін еді

Арқасында көнетоз Африка шәлісі

Бір кісі дәнін жеп тұрып қант қамысын сататын

Мидувим дейтінбіз оған, қуырылмайды ол, қайнатылатын еді

Бүкіл сатушылардың дауыстары құлағымда:

Жаңа жұмыртқа бар, арзан жұмыртқа

кәні, бір патакаға он жұмыртқа

Баяғыда болған оқиғалар бұлар, баяғыда...

Газеттермен яки кітаптармен келмеді өмір маған,

Халқымның ділімен келді, қарғыстарымен келді өмір,

Халқымның төрт жолды қарғысымен,

Бразилия тілінің өзегі, біздің қайнарымыз олар да еді,

ал біз енді не істеп жатырмыз

Біз ешқашан көрмеген, білмеген өлкелерден жіберген

жүк сандықтарымен маған өмір келді деп басқа тілдерде сөйлегіміз келеді.

Ресифи...

Бірлік көшесі...

Атамның үйі...

Бұлардың да жоғалып тынарын ойламаппын ғой,

Ол жерде не бар болса барлығы түгесіліпті

Ресифи...

Атам да өмірден қайтты...

Сүйікті Ресифи, ғажап Ресифи, Атамның үйі секілді Бразилиялы Ресифи.

Ресифи* –ақынның туған жері.

Орыс және түрік тілінен аударған: Файзулла Төлтай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар