Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Марфуға ақын өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі

28.03.2022 1377

Марфуға ақын өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі

Марфуға ақын өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі - adebiportal.kz

Қазақ поэзиясының көгінде өзінің жылуы мол шуақты жырларымен , сазды да назды, жүрек тебірентер жан дірілі мол, ойлы да парасатты, сезімге мол сыршыл өлеңдерімен көңілді арбар талантты ақындарымыздың бірі – Марфуға Бектемірова.

«Өлең деген – қайнаған қанның, қиналған жанның, толқыған көңілдің, толқынған жүректің сығындысы», - депті қазақтың ардагер ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров. Марфуға ақынның да мына жалған дүниенің бейопа тірліктеріне шамырқанып сарқанған, қамырыққан көңіл-күйінің, ішкі тегеурінінің сыр-сипатындай жүрек сығындысы дерлік жан сырына толы жырлары жетерлік. Оған ақынның:

Бәрі жалған,

Өмір – жалған, Сен – жалған,

Жүрегіме өшпес жара салған жан.

Шындық іздеп жүрген көңіл, жылама,

Не табам деп ең,

Не қалар деп ең жалғаннан ?

Бәрі кетті,

Өтті кетті, бәрі өтті...

Қорқақ етті көп қорқаулар өжетті.

Қысқалығы емес мына ғұмырдың ,

Жалғандығы ашытады өзекті,

- деген өлең жолдарын оқығанда көзіміз анық жете түседі. Ақын жаны әділетсіздікке, қиянатқа, мәстектің тұлпарға, күйкентайдың сұңқарға теңелуіне төзе алмайды. Оған мына жолдарды оқығанда көзіміз жете түседі:

Өлең не өнерің не кереңдерге,

Кереңдер жүзе алмайды тереңдерде.

Биікті қара құзғын мекендесе,

Аққулар ұшады екен төмендерде.

Ақын жаны тектілікті, өрлікті, дауылды, толқынды сүйеді. Борсыған жайдақ су емес, тыншу бермес серпінді, қимылға толы толқынды жаны сүйеді. Өмірдегі ұстанымы, өнердегі кредосы да осы дерлік. Ізгі мұраттарға толы ұмтылысты діттейді.

Мен толқынмын, жату жоқ тыныш маған,

Толқын болдым теңізде ту ұстаған.

Тентегі бар ішінде, тектісі бар,

Толқындардың бәрі де туыс маған.

Марфуға өлеңдері поэтикалық суретке, көркемдік ойлау мен суреткерлік палитраға бай, нақыш пен бояуға мол. Бірақ ол жалаң сурет, бояу емес, пәлсапалық иірім, дүниетанымдық тереңдігімен құнды, ерекше болып келеді. Өмірдің поэтикалық суреті пәлсапалық болмысымен ерекшеленеді. Ақынды оқып көрелік:

Қайта туып, қайта адам боп жаралсам,

Алар едім ең қымбатты ала алсам.

Өмір деген – жанған шам ғой, байқаусыз,

Бір үрлесең, сөніп кейде қалар шам.

Немесе:

Жапырақтар шоқ қой түскен ағаштан,

Сол шоқтармен күйдірейін қаласаң.

Есіл өмір кейде еске түседі...

Жерде жатқан жапыраққа қарасам.

Марфуғаның ақын ретіндегі серпіні, көркемдік тегеуіріні соңғы жылдары ерекше байқалуда. Оған шығыс классик ақындарының рубаяттарын еске түсіретін ақынның төрттағандары айғақ болады. Бұл төрттағандарда ақынның мынау беймаза дүниеге деген, заманға деген, қала берді адамзатқа деген ширыққан азаматтық үні, перзенттік алаң көңілі жатыр.

Астаң-кестең дүние... есіл арман,

Байлық, ақша, адамның есін алған.

Ақ көйлектей арыңды, ей адамзат,

Қандай надан, қорықпай шешіп алған ?

Риторикалық сұрау. Адамзатқа қарата айтылған. Тегеурінді азаматтық позиция, шамырыққан ақындық үн бар.

Кезінде ақын жырларына баға берген қазақтың ақиық азаматы, ақтаңгер ғалымы Ақселеу Сейдімбек былай депті: «Марфуға Бектемірова шынайы сезімнің ақыны. Оның өлеңдерінің алтын арқауы – адам, қоғам, табиғат. Түптеп келгенде, өнер атаулының тұғыры – осы үштаған. Марфуғаны да ақын ретінде бейтарап қалдырмайтын сол үштаған құбылыстан ақын Марфуға бәрін-бәрін таба да алған, тани да алған». Біздің де ғалым ағамыздың осы сөздеріне алып-қосарымыз жоқ.

Туған тіл мәселесіне алаңдаған, жаны шырқыраған көптеген ақындардың өлеңдерін білеміз. Бірақ көбінде жалаң патетикаға құрылған ащы шамырқанулар басым. Ал ақынның мына бір өлең жолына үңіліп көріңіз:

Кімге керек жасарып, құлпырғаның?

Тон ішінде білемін кім тұрғанын.

Сезбейсің-ау, сезбейсің, ел басына,

Туған тілді қорғайтын күн туғанын.

Қарапайым ғана берілген, бірақ ащы шындық! Сүйіспеншілік сезмдерді беруде де алаулату, жалаулату, күйдім-сүйдім жоқ.

Қазіргі қазақ поэзиясындағы, оның ішінде жастар поэзиясында белең алған күйдім-сүйдімге толы сүйіспеншілік тақырыбындағы жылауық та жылаңқы жырлардан ақын поэзиясы ада-күде.

Қара жер қас-қағымда болды ғайып,

Аспанға ағаштар қалды жайып.

Жылжуға шамасы жоқ шынжырланған,

Жағада жалғыз қалды соңғы қайық.

Немесе мына шумақты алайық:

Көңілім көрген кезде мұздай қалды,

Қайығың тұра-тұра мұзға айналды.

Сол қайық сағыныштай дәл мендегі,

Жүрекке жара салып, сыздайды әлі.

Аяздан тоңып келген даладағы,

Пәк сезім жүрегіме паналады.

Қаншама қар жауса да, сенің ізің

Өшпестей жатыр екен жағада әлі.

Адамға тән ең бір қастерлі сезімді, шынайы да, табиғи сезімді мөлдіретіп дәл жеткізеді. Бұл табиғи сезімдер поэтикалық сипаттағы метафоралық ойлаудан туындаған ақындық суретпен берілген. «Шынжырланып жағада жалғыз қалған соңғы қайық та», «Сол қайықтай жүрекке жара салған сағыныш», «қар жауса да өшпестей жатқан оның ізі», міне, осының бәрі-бәрі аяулы да ыстық сезімді өмірдің табиғи болмысындай дәл де шынайы өріп, құбылыстың әсерлілігін арттырып тұр.

Марфуға өлеңдерінің көрекемдік ерекшелігіне тоқтар болсақ, оның суреткерлік табиғатынан туындайтын ақындық кеңістігіндегі жазиралы алқап пен өңірлерді, табиғаты тылсым да жұмбақ қойнау-қолаттарын сүзгіден өткізердей тілдік айшықтар мен суреттеу құралдары жетерлік. Онық қай-қайсысын оқысаңыз да ақынның көркемдік әлемі қол бұлғап, шақырғандай болады. Өзіңіздің де еріксіз ұмсынғаныңызды білмей қаласыз...!

Орыс әдебиеті «күміс ғасырының» тамаша ақыны Александр Блок: «Поэзия – не торнутая красавица», - депті. Олай болса бізде ақынның жан баспаған аяулы мекені, қол тигізбес аруы іспеттес, салқын сабат, жәзиралы абат кеңістігіне көз салып көрелік:

Ақ тоным жоқ, оған да жарымадым,

Онсыз да жылытады жарығы айдың.

Ай сәулесі уқалап қолдарымды,

Аяздың да сезбедім қарығанын.

Ақ тоным жоқ, ақ боран, күтпе мені,

Ақын қазір тым тәтті түс көреді.

Тон дегенім жай сылтау мұңлы жанға,

Сол тоныңның жоқ енді түк керегі.

Ақ тоным жоқ, мүсіркеп қарады ай,

Аласұрған Арқаның боранын-ай.

Бар әлемнің жақсылығын жасар едім,

Қолымнан келер ме екен қарағым-ай ?

Бұл кеңістік – ақынның ішкі жан әлемінен туындаған тылсым кеңістік секілденеді. Ақылдың пайымы бара алмайтын иррациональды кеңістік сияқты. Осы өлең маған қалай да бір ішкі табиғатымен сыршыл ақын Мағжанның «Жиіленді қара орман» өлеңімен туыстас көрінеді де тұрады. Қалай болғанда да осы өлеңді еске түсіре беретін бір сиқырлы сыры бар сияқтана ма, қалай...?!

Екі ақынды да өздеріне тән бір тылсым мифтік кеңістік көрінбейтін нәзік жіп арқылы ортақтастырып тұрғандай. Ой да ортақ, мұң да ортақ. Мифопоэтикалық ойлау жүйелері де орайлас. Поэзиядағы мифопоэтика зерттеушісі У.Фрай: «Әрбір ақын жаратылыстан өз мифін жасауға құқылы», - депті. Екі дәуірде жасаған екі ақынның өздері жасаған ақындық мифтік кеңістіктері әлдебір ішкі тартылыс күштері арқылы тонның ішкі бауындай соншалықты жақын, соншалықты жуық.

Мағжан поэзиясындағы мына жолдар есімізге оралады:

... Мәңгі мылқау кәрі орман,

Былқ етпейді, түс көрер.

Жел мінезді ессіз жан –

Маған түрлі ой келер.

Ұйықтасам мен орман боп,

Тәтті-тәтті түс көріп.

Бетімнен тұрса жел жүріп,

«Әпсүн» оқып үшкіріп.

Марфуға ақында мұндай мифопоэтикалық ойлаудан туындайтын көркемдік иірімдер баршылық. Ақынның мына бір өлең жолдарына құлақ түрелік:

Жұлдызды түнге тамсанған арман,

Мөлдірлік көріп масайдың.

Талшыбық тәні тымықта тоңған,

Жәудіреп қарар жас айдын.

Жұлдызды түннің өзінде бір тылсым бар. Ол тылсымды «Талшыбық тәні тымықта тоңған, жәудіреп қарар жас айдын» деген жолдар тіпті құдіреттендіріп жіберген. Антропоморфизм, яки құбылысты «адамдандыру» ақынның жан түкпірінен себездейтін мифопоэтикалық ойлаудың нышаны, ұшқыны. Дей тұрсақ та ақын жаны дарашыл сипатта қала алмақ емес. Оған күйрек сезім жат. Оның жаны қоршаған ортасымен, туған елі, жерімен бірге, жүрегі елім деп соғады. Елжандылық үлкен жүрек лүпілін байқаймыз.

Мен де бір кең даланың киігі едім,

Қуанам самғай түссе биік елім.

Кеудемде ұлы халқым сен жатқанда,

Келмейді қорғансыздай күңіренгім.

Кезінде «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», « Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің қайдасың?», «Сандуғаш», «Озеро души», Мәскеу қаласында «Белый парус мечты» атты жыр жинақтарын шығарған талантты ақын Марфуға Бектемірова қазақ поэзиясының көгінде еркін самғай бастаған шағында өмірден өтіп кеткен аяулы ақын қыздарымыздың бірі. Ақынның өзі өмірден өткенімен, жыр сүйер қауым ұмытпайды. Қазақтың ақын қыздарының шығармашылық әлеміндегі жұлдызы әрқашан жоғары болсын.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар