Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Марғұлан Ақан. Бұлт үстіндегі ауыл...

05.05.2019 4048

Марғұлан Ақан. Бұлт үстіндегі ауыл

Марғұлан Ақан. Бұлт үстіндегі ауыл - adebiportal.kz

Ол ауыл туралы ешкім білмейді.

Ол ауыл туралы ешкім жазған жоқ.

Автор

- Наурызда қайда барасыңдар?

- Мен ауылға кетем.

- Мен де кетем! Қалғым келмейді қалада. Ауылға барып ақ уыздан дәм татып, қымыз сіміріп қайтқаным жақсы. Сен ше Темір?

- Мен бе..? Мен осында болатын шығармын.

- Ауылға барғаның жақсы еді ғой. Айтпақтай, осы сенің ауылың қай жақта еді?

Біраз үнсіз отырып, әр нәрсені есіне алған Темір жауап берсем бе екен, бермесем бе екен деген оймен оқталып барып, ақыры айтты-ау:

- Менің ауылым бұлт үстінде...

- Қалжыңды қатырып айтасың. Жә, айтқың келмесе ештеңе етпес. Маған салса ауылға тартар едім.

- Әрине...

Темірдің бала күнінде естіген аңызы есіне еміс-еміс оралады: «Түтіні түзу ұшқан, тыныс-тіршілігі ешкімге арызданып көрмеген, өз бақыты өзінде жатқан ауыл. Адамдары да қарапайым, қой аузынан шөп алмайтын момын жұрттың бір-ақ түнде аспанға ұшып кеткені...». Осыдан ары есінде ештеңе жоқ.

Темір жасы жиырма бестегі жігіт. Білдей бір басылымның бас редакторы. Күнделікті жаңалықтарды, танымдық ақпараттарды қалт жібермей беретін оны осы бір аңыз мазалай берді. Күнделікті әдетімен жұмысқа келді. Кабинетіне қарай бұрыла беріп еді, жас тілшінің бірі:

- Темір мырза, сізге хат келді.

- Қандай?

- Білмедім.

- Кімнен екен?

- Оны да білмедім. Тек біреу күзетшіге әкеліп тастаған екен. Сізге берсін деді.

- Түсінікті. Рақмет!

Темір өзгеше үлгідегі хатты қолына алып, кабинетіне кірді. Орындыққа отыра салып, хаттың сыртындағы «69» деген жазуға көз түсті. Тездетіп ашып, ішіндегі мәтінді оқи бастады:

«Осыдан 69 жыл бұрын көкке ұшып кеткен ауыл әлі бар. Ол жоғалып кеткен жоқ, ол ешқандай да аңыз емес. Ол дәл сол жерде, тек бұлт үстіне біткен. 69 жыл бұрын орын алған оқиғадан кейін, ғайыптан пайда болған алып саңырауқұлақ оны көкке алып шыққан. Сенбесең, кел!».

Таңертең ғана жұмысқа шығар алдында осы аңызды есіне алған Темір селк ете түсті. Үстінен біреу мұздай су құйып жібергендей, бір орында қатты да қалды. Сәйкестік пе? Мүмкін емес. Хаттың соңында шағын карта көрсетілген. Темір жеделдетіп, ұшаққа билет алды.

- Бір аптадай болмаймын. Жұмысқа бас-көз болыңдар!

- Қайда барасыз?

- Келгенде айтып беремін. Қызметкерлердің бәрі ештеңе түсінген жоқ. Қол сөмкесін көтеріп есіктен шығып кетті. Үйіне келді де шағын сөмкесін алып, киім-кешегін салып жолға кірісті.

Таң атысымен ұшаққа отырған Темірді өзіне таңсық бір жұмақ әлем күтіп тұрды. Қолына ұстаған хаты бар, ол үлкен бір сеніммен ұшты. Көкке көтеріліп, бұлт үстіне шыққан ұшақтың терезесінен сыртқа жалтақ-жалтақ қарайды. Тіпті сол жақтан басын алған жоқ. Хатта жазылған: «бұл үстінде» деген сөз есін шығарды. Ақ мамық бұлт үстіндегі жап-жазық әлемге қарап тамсанып келеді. Ауылды көріп қалатындай болады да тұрады. Алайда, ғайыптан пайда бола қалатын ауылға өзі де сенімсіз. Іштей біреудің мазағы болар деп те топшалап қояды. Әуелеп ұшқан ұшақ Семей қаласына келіп қонды. Ұшақтан түсе салып қонақ үйге қарай беттеді. Реттеліп алған соң, көп тұрмастан қайта шықты. Қолындағы хатын алып, карта тұрған бөлігін көшеде тұрған таксилерге көрсетіп түсіндіріп көрді, бірақ ешкім білмейді. Амалы таусылған Темір, шет жақта тұрған егде тартқан кісінің қасына келіп жөн сұрасып, хаттағы картаны көрсетті.

- Не үшін бара жатсың?

- Білесіз бе?

- Бұл жерді білемін. Тек бармаймын.

- Бармағаны қалай? Қанша сұрасаңыз да берейін.

- Әңгіме ақшада емес, ол жердің тылсымында.

-Тылсымы несі?

- Иә, ол жер туралы жергілікті халықтың аңыздары көп. Аңызға құдайындай сенетін халық ол жаққа аттап баспайды.

- 5 мың теңге беремін. Кеттік, көке?

- Жоқ, ренжіме бауырым!

- 10 мың көке! Үнсіз тұрған көкемнің қос қабағы көтеріліп кетті.

- Келісіп алайық, жетпей 2 км жерден қалдырып кетемін. Онсыз да ары қарай жол жоқ.

- Келістік!

Темір үрей мен үміті араласқан жүрегін қолына алып, көлікке отырды. Он мың теңгені көкесіне ұстатты. Жол бойы әңгіме басталды:

- Ол ауылды неге іздедің?

- Бала күнімде естіген аңыз бар еді. Соның ізін қуып келем.

- Қызық екен.

- Сіз не білесіз?

- Менің анық білетінім жоқ. Дегенмен, көкке ұшып жоғалып кеткен ауыл бар деп естігенмін. Адамдары бұлт үстінде тұрады-мыс. Төрт аяқты, үш аяқты, екі басты, тіпті маңдайларында мүйіздері бар адамдар жүреді деп естігенмен.

- Не айтып кеттіңіз?

- Өй, шын айтамын.

- Көргендер бар ма?

- Көргендер бар болса, жазар еді ғой. Тек аңыз, алып-қашпа әңгіме бар.

Екеуара үнсіз қалды. Таулы-қырат бітіп, тас жолдың соңы топырақ жолға ұласты. Елсіз далаға келді. Айналада ештеңе жоқ. Жүгірген аң-құс та жоқ. Кенет көлік тоқтады.

- Ал, балам, ары қарай өзің жет.

- Рақмет көке!

- Не іздегеніңді қайдам, бірақ сәттілік, абай бол!

- Алаңдамаңыз!

Көлік қозғалып жүріп кетті. Алыстап кеткен кезде барып:

- Тоқта! Тоқта!-деп, Темір айғай салды. Алыстап кеткен көлік тоқтаған жоқ. Темір келуі келіп алып, қайтатын жағын ойламаса керек. Қанша ма шақырым жолды жаяу басып өту мүмкін емес. Тәуекелге бел буып алдыға жүрді.

Тап-тақыр, ағаш түгілі шөп те жоқ, қу дала.

- Қайдағы ауыл? Мына жерде ештеңе жоқ қой,-деп Темір ашуға басты.

Картада көрсетілген жерге қарап ұзақ тұрды. Сенгісі келмесе де, көкке қарады. Жылжып жатқан бұлт. Жел қайда айдаса, солай қарай бағыт алған мамық бұлттар ғана. Күн ұясына кіріп, қас қарая бастады. Амалы таусылған Темір шетте жатқан қара тастың үстіне келіп отырды. Тағы да аспанға қарады. Тұп-тұнық аспан. Ешқандай қыбыр жоқ. Кенет көзі дәл төбесінен кетпей тұрған бұлтқа түсті. Орнынан тұрып ары қарады, бері қарады. Ештеңе таба алмады. Ұлыған қасқырдың да дауысы естілмейді. Әбден кеш батып, түнекке кірген кезде төбесінде қалықтап тұрған бұлт жарық шашып, төбесі көздің жауын алатын қызыл-сары түске орана кетті.

- О, ғажайып! Өңім бе, түсім бе? Бұл рас болғаны ма? Әй, біреу бар ма?

Айғай салды. Жан-жағына қарап ыңғайсызданып қалды. Тыныштық орнап сәл тұрған соң, бұлт қозғалғандай болды. Көзін алмай қарап тұрған Темір, өзіне қарай мамық бұлттан түсіп келе жатқан алып әрі шексіз-шексіз ұзын сатыны көрді. Аяғына келіп құлаған сатыға үрке қарады. Ұстап көруге жүрегі дауалаған жоқ. Бұлттан түскен сатыға аң-таң боп біраз қараған Темір, не де болса ғажайыпқа бір сәт сеніп, аяғын салып көрді. Қап-қатты. Келесі баспалдақ, келесі, келесі... дәл осылай шыға берді. Төмен қараған сайын басы айналады. Әр басып өткен баспалдағы жоғалып, кеңістікке сіңіп кетіп жатыр. Қазір қалай түсемін деген ойды ойлауға Темірдің шамасы жоқ. Өзін күтіп тұрған жұмбақ ауылға көтеріліп келеді. Жақындаған сайын жарық шашқан бұлттан дауыстар шыға бастады. Сатының соңғы баспалдағын басып, бұлтқа көтерілген Темірдің көзі шарасынан шығардай аңтарылып, бір орында қатып қалды.

Көз алдында шынымен де ауыл. Бұлт үстіне біткен үйлер, төрт түлік мал, ары-бері қозғалып жатқан жұрт. Алдынан жүгіріп шыққан балаға көзі түсті.

- Ассалаумағалайкум! Қолын беріп тұрған, алты саусағы, алты бақайы бар, бұтына киген қысқа дамбалы бар балаға қолын не созарын, не созбасын білмей Темір ұзақ тұрды.

- Амансың ба, балам? Баланың артынан келіп қалған әжені көрген Темір не болып жатқанын біреуден сұрағысы келсе де, кімге қандай сұрақ қоятынын білмейді.

- Шүкір апа... мен...

- Бәрі дұрыс. Көріп тұрғаныңдай, ешқандай аңыз, ешқандай жалған емес. Біз бармыз, біз осында өмір сүреміз. Қасына келген әженің өзіне қарап тіл қатып тұрғанын көрген Темір, ғайыпқа сенді. Жас балаға қолын беріп амандасты да, ауылға қарай беттеді.

Әр үйдің алдында таяғына сүйеніп отырған қарттарды көрді. Қорадан қойларын шығарып жатқан жас жігітке көзі түсті. Қос аяғынан айрылып қалған жігіттің жауырына біткен қос қанатты көрді. Қорадан шығып жатқан қойлардың артынан, арқаларына қанат біткен қозылар ұшып шығып жатыр. Темір өзін бір-екі рет шымшылап қояды. Әлі сене алар емес. Алыстан өзіне қарай шауып келе жатқан ақ боз атты көріп, тоқтай қалды. Қасына келіп тоқтаған аттың маңдайында мүйізі бар. Бала күнінде ғажайып ертегілерден оқитын кейіпкерлерді көргендей үнсіз тұр. Көздерінде нұр жанып тұрған адамдарды да, әуеде қалықтап тұрған үйлерді де, ұшатын төрт түлікті де көрді. Ауыл ішімен жүріп отырып, шетке үйге тоқтады. Есік алдында отырған қос жанарын қабағы жауып алған қарияның қасына келді.

- Ассалаумағалайкум!

- Уағалайкумассалам! Бұл кім екен?

- Қалай десем екен, жерден келдім...

- Түсінікті. Сен қалай көтерілдің?

- Өзім де білмеймін. Бұлттан саты түсті.

- Қызық екен... Бекер адам емес боларсың. Әйтпесе бұл жерге жердегілер келе алмайды.

- Өзім де түсінбей тұрмын. Бұл қалай болғаны?

- 69 жыл бұрын ғайыптан жарық пайда болып, алып саңырауқұлақ осы ауылды төбесіне көтеріп, көкке ұшырды. Тайлы-тұяғымен қалмай кеңістікке көтеріліп барып, қайта жерге түспей қалдық. Осы бұл үстінде өмір сүріп келе жатқанымызға 69 жыл болды.

- Сіз ол кезде бала болдыңыз ба?

- Жоқ балам, осы қалпымда едім. Біз қартаймаймыз, тек ажал өзі алып кетеді.

- Құдай, мұндайды да көреді екенмін ғой.

- Нені айтасың?

- Ғажайып қой. Мынау деген шынымен тылсым ғой!

- Сен үшін солай болар.

- Ата, мен журналиспін. Осы туралы жазғым келіп еді. Жұртты қалай сендірсем болады?

- Балам, жазып, біреуде сендіріп қайтесің. Тыныштық жерге де көкке де керек. Ең дұрысы көргеніңді ішіңде сақтап қал.

- Бірақ...

- Осы жетеді. Көрдің, білдің. Енді жолың болсын!

- Сіздер ше, жерге түсе алмайсыздар ма?

- Жоқ. Біз осы жердің тұрғылықты тұрғынымыз. Осы ауылдың адамдарымыз. Қарт Темірдің қолын ұстап, ұзақ отырды...

Шыр ете түскен қоңыраудан атып тұрды. Аспан да, бұлт та, қарт та жоқ. Үйінде жатыр. «Түсім екен ғой!» деп, біраз жатты. Өзіне келіп, киімдерін киді де жұмысқа шықты. Сол баяғы тіршілік, сол жұмыс. Ешқандай өзгеріс жоқ. Кабинетіне бұрыла беріп еді, жас тілшінің бірі:

- Темір мырза, сізге хат келді,-деді. Жалт бұрылып, хатты қолына алған Темір үнсіз тілшіге біраз қарап тұрды.

- Сізде бәрі дұрыс па?

- Хат кімнен келді?

- Білмеймін, күзетшіге біреу тастап кетіпті. Хатты қолына алып, аяқтарын әрең басып кабинетіне кірді. Түсім емес пе? Не боп жатыр?

Хаттың сыртындағы «69» деген жазуды көрді. Ашуға жүрегі бармай тұр. Дірілдеген қолдарымен хатты ашып оқи бастады:

«Көкте де тіршілік бар. Оны көретін жанар жерде санаулы...». Ештеңенің байыбына бара алар емес. Басын ұстап, терезеге қарап ойланып отырған Темірдің кабинетіне қызметкерлер кіріп келді:

- Не болды?

- Не болғаны несі, сіз сапардан келген соң айтамын дегенсіз. Ал баяндаңыз, біз дайынбыз!

Темір үнсіз отыр. Бәрі бұның аузына қарап әлек:

- Тыныштық маған да керек, сендерге де керек. Тыңдап қайтесіңдер, жұмыстарыңды жасаңдар,-деп бәрін шығарып салды.

Әр жылдың тамылжыған тамыз айында Темірдің қолында жалғыз-ақ билет болады. «Қайда кеттің?» деп сұраған жандарға жауабы дайын:

- Бұлт үстіндегі ауылға...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар