Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Марлен Ғилымхан. Болжам...

23.07.2019 5185

Марлен Ғилымхан. Болжам

Марлен Ғилымхан. Болжам - adebiportal.kz

Өлінің бәрі – өркеуде,

Тірінің бәрі – тілемсек,

Тағдырды жеңген бар ма екен?!

(Әділ Ботпанов)

Сырлары ақындықтың түсінде ме,

Қиялдары сол түстің ішінде ме?

Ал, оның басқалардан өзгешесі,

Бар өмірі, әлде, түс пішінде ме?!

(Ганс Сакс "Мейстерзиннің ерлері")

"Got a one way ticket to the blues, woo, woo…"

(Қайтпас жолға билет алдым, оралуға билет жоқ, уоу, уоу...)

Ноктюрн

Қиялымдағы кескіндерді постмодернистік шедеврлерден кездестіремін.

"Мен өлгенде...

Мені гүлдің жүрегіне көміңдер.

Нәп-нәзік.

Ал, немесе

Аппақ қарға ақ жазық,

Маңдайыма жұлдыздардың сәулесімен хат жазып,

Сүйегімді беріңдер...

Солар мені түсінетін, ұғатын,

Жүрегінде жұлдызы бар бір ақын

Өлгендігін ерке самал Тәңірге

Жеткізеді... әзірге.

Саусағымның ұшындағы соңғы өлең,

Мұңымды айтып желге мен,

Өлмеуі үшін

Пәктігімді аймалатып арайға,

Гүл боп ғұмыр кешейікші,

Жарай ма?..

Мені өзімнің жүрегіме көміңдер."

Үңгірдің аузындай үлкен тереземді көлегейлеген теректер де, қаз-қатар тізілген томдар да, сөреге сүйелген Сандро Боттичеллидің "Көктем" картинасындағы ару да осы үш шумақты қайталап оқығанымды қалайтындай. Айналамдағы материяның бәрі мендегі поэтикалық аураға асыққан сыңай танытады.

Артық адам

Гомерден Луций Анней Сенекаға (Кіші) дейінгі заманда да xалықтың мыңжылдықтар бойы қалыптасқан қағидаларына қарсы шыққандар болды. Гай Плиний Секундтан Бенедикт Спинозаға шейін адамзат қаншама қанқұйлы қырғынды басынан өткерді; Қаншама батырынан, қаншама ақынынан айырылды?! Қаншама xанның қамалы қирады, қаншама жанның жанары суланды?! Публий Корнелий Тацит "ақымақ қана қалауын қанағаттандыруды бостандыққа балайды" деді. Даниэль Дефодан, Новалистен кейінгі дәуірде ғұмыр кешкен пенде Отанынан безсе де, өз-өзінен құтылмайтынын сезді.

Еркіндік - ұлттың сенімінен, перзенттің борышынан, ұяттан қашу емес!

Иван Сергеевич Тургенев пен Мартин Скорсезе сомдаған "артық адам" біздің қоғамға да керек.

Алаштың "артық адамы" – Әділ Ботпанов еді.

Беймәлім

"Біз – Тәңірдің түсіндегі елестер..."

Жорамалдардың салқар көшіне лескен шайырдың жоғарыда жазылған тұжырымдамасы - түстің өткен шаққа, болашаққа һәм шексіз ғұмырдың әр сәтіне, кең дүниенің кез-келген мекеніне жеткізу қабілетіне ие екендігіне дәлел! Осынау қызық та мағыналы "Тәңір түсіне" куә болғанымызбен, Жаратушының жеті қат ғаламшардағы ғажайыптарының құпиясына қануға, талай ғұлама өмірінің өзегіне айналған сан ғасырлық тарихы бар жұмбақтардың жауабын оңай табуға құдіретіміздің жетпейтіні - қандай өкінішті!

Қиял теңізінің асау ағысы қайда апармайды?! Серігім - "Өмірзая".

Оқырманның рұқсатымен, кітаптың проза бөліміндегі "Қарғалар" жазбасының үшінші һәм алтыншы тарауларының арасындағы жолды жүріп өтейін!

Оқиғаның баяны

"Ала, қара, жасыл, сары, қызыл" қарға шұқып жатқан жанары, "көгілдір" қаны, сөз қапшығын ұрлап ұшқан түтін – қолдан жасалған бейнелер, теодицеяның мұхитына батқан жанға жабысқан сұлбалар, сызбалар.

Түрлі түсті қарғалар – ақынды жегідей жеген ойы.

Тозақтың суретін салу үшін шәкірттерінің өміріне қауіп төндірген, беймәлім әлемді шынайы бейнелеуге құлшынып, жеке басының өтінішімен, патшаның пәрменімен өртелген күйменің ішінде тірідей отқа оранған қызын көрген қылқалам шебері Ёсихидэ есіне түсті. Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленген пенденің ерте өлетініне сенген Акутагава Рюноскемен әңгімелесуді қалады.

Қонақүйден бір-біріне қосыла күбірлеген Бодлер мен Шылымның дауысы жаңғырығып естіледі:

"Мы, извращенные, мы, поздние народы...";

"Поэт устал писать, а женщина – любить..."

Кітап дүкенінен әйгілі "Жүз жылдық жалғыздық" романының авторы, Нобель сыйлығының лауреаты Габриэль Гарсиа Маркестің;

Ганин мен Машеньканың махаббатын мөлдір, таза күйінде қағазға түсірген, әйел атаулыны сүтқоректілерге теңеген "суперклассик" Владимир Набоковтың;

"Трагедияның жаратылуы немесе эллиндік пессимизм" еңбегінде: "Кейбір түс көрушілердің тәтті ұйқының сиқырынан шыға алмаған қалпы түнгі қиялдарын ары қарай жалғастыра алатын қасиеттері барын" айтқан, қоғамға тамырын жайған обскуратизмнің еменін жұлып тастауға ұмтылған Фридрих Ницшенің кітаптарын сатып алды. Ежелгі Қытай афоризмдерімдері де төрт қабырға ішінде қалқып жүрді.

Оған осылардан артық сыйлық жоқ.

Қара торы қызбен танысты. Есімі – Кәрима (Парсыша мағынасы - Құдіретті). Қонақүйде қызмет атқарады екен. Көп ұзамай оның орнын аққұба келіншек алмастырады. Ақын одан жұбайы туралы сұрайды. Жауап ала алмайды. Алайда, Кәрима бір қызық жайттың басын ашты.

Жағдай былай болған. Құралайдың (келіншектің) жары Бахтияр гитарамен ән айтатын көрінеді. Бірде ол қалаға қауын сатуға барыпты. Кейін жолдастарымен істің оңалғанын атап өтіпті. Бір күн, бір түн тойлатыпты. Бахтияр үйіне қайтуға дайындала бастағанда, араларындағы жасы үлкен Мешітбай шал жолда жалғыз жолаушыны азғыратын Қара қыз төңіректейтін қорым барын ескертеді. Бахтияр айтқанынан қайтпапты.

Осыларды баяндап отырған Кәрима Ақынға: "Білесің бе, сен Бахтиярға ұқсайсың", - дейді...

Сөйтіп, бір - екі күннен кейін ауылға оралған шопырлар түнделетіп жолға шығып кеткен сапарласының үйіне келмегенін біліп, іздеуге аттанады. Көп ұзамай көлігін де, өзін де көреді. Шал айтқан Қара қыз айласын асырыпты. Жігіттің айқайы ерекше. Жалаңаш пері қызбен кездесіп, мәңгі бірге болуға серттесіпті. Молда, бақсы емдей алмапты. Күн өтеді, ай өтеді. Бахтияр екі күннің бірінде бейітке қарай жүгіреді. Ақыр соңында қара қыз мекендейтін маңнан өлігін табады. Жымиған қалпында жатыр екен... Оқиғаны барынша әдемілеп баяндаған Кәрима демін басып, жұмған аузын ашпастан біраз отырады. Сол сәтті тиімді пайдаланған шайыр: "Мен Бахтиярға қызықтым. Оның өлмегенін, тек "тірілерге" тәнін қалдырып, өз сүйіктісімен аспанда, дәлірек айтсам, Күн-жұлдыздың көгілдір жүрегінде ғұмыр кешетінін ұғындым. Тағдырына қызықтым. Бақытына қызыққан да шығармын", - деп ағынан жарылады.

Бұл "Махаббат" тарауында өрбіген жайт. Ал, "Түс" тарауының аты ғана тұр. Аяқталмапты.

"Күпірлік сен жасасаң әдемі тек,

Түпсіз көзің сайтандар әлемі бек.

Мың сайтаның тозаққа тартар мені,

Бір сайтаның тозақтан тереңірек.

Нұрыңа көмілдім де, сайтанға ердім,

Біткендей жүрекке гүл, көзіме нұр.

Сен үшін отқа кірдім, сезіне жүр.»

Жазба осы өлеңмен басталады. Болжамымыздың дәмін келтіретін болғасын, мақаламыздың төрінен орын бердік.

Жетім бота

Ақын шығармашылығынан өңде, я, түсте бейсаналы іс-әрекеттерге әйелдің ер адамды итермелеуін жолықтырамыз. Мысалы, кітабында Далидің Галасына ғашық, "Далиді не Пикассоны қазақшалау қолдан келмейді..." деген пікірі арқылы әрбір ұлттың өз бояуы болатынын байқатқан суретшінің түсіне Гала кіріп, Далиді өлтіруге мәжбүрлейтіні, ал, өзі Далиге қанжар сұға бергенде оянып кететіні жазылған.

"Түс" өлеңі де сөзімізге дәлел:

"Бісміллә! Алас! Алас!

Қыз болып айдан көрікті,

Түсіме шайтан келіпті.

Сүйріктей санын жалтыратып,

Жүйріктей тәнін қалтыратып:

"Атадан туған алты ұлды

Араз қыла алар көркімді

Көрмеймісің?", - дейтіндей.

"Адыра қылып халқыңды,

Сылқымға мендей еркіңді

Бермеймісің?" – дейтіндей..."

Қазақ әдебиетінде антилогикалық сюжеттер аз емес. Ауылын тақырыбымыздан алыс қондырмаған Оралхан Бөкейдің "Жетім ботасы", Су перісі Сүлейменнің соңынан теңізге қарай жүгірген Тасжан еді...

Дартанды

"Әділмен жолдас болған Қайрат Ағаберген Әділ жоғалып кеткен соң жолы түсіп, Ғазиза деген балшыға барған екен. Сонда балшы: «Ел күдерін үзіпті. Бірақ, бұл бала – тірі. Кеуде тұсында алақаннан ұшып бара жатқан көгершіннің суреті бар екен. Дартанды деген жерде жүр. Қасында өзге ұлттың ұзын бойлы, қасы-көзі қиылған қызы бар. Сол әйел суға дем салып, жігітті дуалап алып кеткен",- депті." Бұл "Алқа" қоғамдық - саяси журналының 2013 жылғы №6 (56) санында келтірілген мәлімет.

Сауал

"Әдебиет тек өткенді жазу емес, белгілі бір дәрежеде болашақты болжау құралы" дейді Әмірхан Балқыбек.

Ақын Әділ Ботпанов (мен әңгімелеген жазбада) өз болашағын өзі болжап қойды ма екен?!

"Әрбір сапардың мақсаты – қайта оралу" емес пе еді?!

Ғұмырнама

Акутагава Рюноскэнің өлерінің алдында хатқа түсірген "Нақұрыстың өмірі" атты новелласы неліктен ойыма орала беретінін білмеймін.

Үйімнің іргесіндегі аспанмен таласқан ағаштарға қонған қарғалардың таң бозынан қарқылдаған дауысы бейне бір Құдайға мінәжат қылған адамның сөзіндей әуезді.

...Жұмақтың жетінші қабатына, жеті бояулы желкен мен жетпіс жеті бояулы кемпірқосаққа апаратын ізді көрсет, "Тәңір елшісі!"

2016 – 2019 ж.

Марлен Ғилымхан - 1998 жылы 4-наурызда Орал қаласында дүниеге келген. Республикалық «Семсер» әдеби байқауының «Үздік поэзия» номинациясының жеңімпазы. «Семсер» әдеби сыйлығының иегері. Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің редакторы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар