Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АҢЫЗ-ӘФСАНА
Маржан Ершу. Қырық қыз (аңыз)...

07.03.2022 3334

Маржан Ершу. Қырық қыз (аңыз) 12+

Маржан Ершу. Қырық қыз (аңыз) - adebiportal.kz

Дүлей теңіз

Тулайды өктем,

Жартастарға соғылып.

Өмір-теңіз зулап өткен

Қас қағымда көз іліп.

Сол теңіздің жағасында,

Айбарлы бір ел бар еді.

Ала алмаған жауы тіпті

Көзін сұғар дәмелі.

Бейбіт елдің іші – шуақ,

Жанға жайлы мейірім.

Дұшпанының тісі бірақ

Батпай іші күйеді.

Сол бір елдің айбарындай,

Ер ұлдары бар еді.

Келіскен бір ай нұрындай

Қыздары да әдемі.

Ел назары – қырық қызда,

Шетінен өр, намысқой.

Ел ажары – қырық қызда

Сұлулығы жарыс қой!

Ажарлары туған айдай,

Ақ жүзінде – қызыл күн.

Қара бұрым, сымдай бойы

Таза, мөлдір жүзім-тін.

Аруларын елі баптап,

Қондырмаған тозаң да.

Шықсын депті өзі таңдап

Көңілі сүйген адамға.

Қырық қыз да елден жырақ,

Қалың қыздан бөлінген.

Қырық қызда еркіндік бар

Ешкімге де телінбей.

Қырық қыздың өнері үстем,

Киелі ғой қыз бен тұз.

Бірі- күйші,оқымысты

Бірі-ісмер, мерген қыз.

Өнер-ілім үйреніпті,

Тағылымы терең ұстаздан.

Енді бірде найза ұстап

Атқа мініп күш толған.

Ертегідей елдің жайы,

Шет аймаққа жетіпті.

Қызғаныштан дұшпан күйіп

Көзі ағарып кетіпті.

Ала алмаған дұшпан төрін,

Қырық қызды аңсапты.

Суға барған сол қырық қыз

Торға түсті. Сан соқты.

Ару адам. Қарулы адам,

Қапыда тұтқын не болмақ?

Елі артында – табындырған

Нағыз масқара сол болмақ.

Қырық қыздың сол жағдайын,

Елі білмей қаңғырған.

Ағыс алып кетті ғой деп

Суды бекер жазғырған.

Қырық қызды айдап келді,

Қапас, қапырық қамалға.

Тірі міскін пейілі тар

Аң ба, әлде адам ба?

Осы ой кетті сан мазалап,

Қырық қыздың көңілінде,

Қорлық қой бұл һәм бір мазақ

Көріп пе еді өмірінде.

Қырық қызды қыл бұраумен,

Қылғындырды танды естен.

Және жекіп, ұрғылаумен

Кетті қашып алғашқы өң.

Үрей кірді көңілдерге,

Көзге моншақ жас толып.

Төңкеріліп түскендей бір

Ашық мөлдір аспаны.

Төрді билеп билеуші отыр,

Жанында жүз нөкері.

Сұлулықты сүймеуші еді

Сәннен мән де кетеді.

Сұлулардың бұрымдары,

Шорт кесілді табанда,

Үстеріндегі асылдары

Ауыстырылды жаманға.

Сұр кенепті көйлек қылып,

Қаптай салды үстіне.

Заман енді илеп көред

Әлсіз бенен күштіні.

Қырық қызды қатын қылып,

Бөліп алды қырығы.

Гүл ерінге ұмтылады

Сұмпайы мен жырығы.

Айлар өтіп, күндер өтіп,

Көкжиекте батты шын.

Сұлуларды әжім торлап

Қыз-қыз қайнап жатты іші.

Әлгілердің санын құрап,

Енді бала туар, ә!

Осы арадан жанын алып

Шығатын күн туа ма?

Осы арманын, осы үмітін,

Бүктеп қойып көңілге.

Бес қыз елге қашты сосын

Бірақ жолы – өлім де.

Қашсаңдар сол кейін қарай,

Көздеріңді оямыз!

Мұзға үсіріп, күнге қақтап

Іліп-іліп қоямыз.

Деп үркітті қалғандарын,

Үнсіз іштей бүгілген.

Қайғы басқа салғандары

Не табарсың тіліңнен.

Мерген қыз бар – Рия атты,

Өткір, ойлы пішіні.

Сезімін де білдіртпейді

Сырын сақтап ішіне.

Ана болды бір күндері,

Ұлды болды қуанды.

Көңіліндегі сағынышын

Көз жасымен жуар-ды.

Қырық күні жылжып өтті,

Бала шықты қырқынан.

Елеусіздеу кеш кезінде

Жақындады жылқыға.

Бауырында баласы бар,

Атқа мініп жөнелді.

Құйын көрген таласып қап

Соңынан енді ерер-ді.

Қуғыншылар жақын қапты,

Құтқармайды сірә, да.

Енді-енді жетем деді

Жақын қалды бұл ара.

Елдің шеті таяу қалды,

Таудан әрі өз елі.

Тауға шығып төбе көрсем

Деген ойдан дәмелі.

Арқан түсті мойынына,

Аттың басын тежеді.

Бұлттай болып түйілгендер

Өзіне төніп келеді.

-Мен қашпаймын, қайтамын ғой!

Өлтірмеңдер мені енді.

Мына таудың төбесіне шығып

Көтерейін деп ем денемді.

Теңізімді көрсем деп ем,

Тұрып таудың басында.

Осы теңізге жөргегімді

Шайған анам расында.

Сағынышым – жүрегімді,

Басуға бір шама бер.

Айналайын,т ірегім ең

Босағам ғой маған-ем!

Сөзге сенді кілең дүрлер,

Тұрды күтіп етекте.

Тауға өрлеп Рия жетті

Сәбиі бар жөргекте.

Елінің көріп түтінін де,

Көзге ыстық жас алды.

Сосын теңізге үңіледі

Ойдан сірә, бас алмай.

«Қош, елім» деп құздан құлап,

Баласымен суға кетті.

Ентелескен кілең дүрде

Небір ойлар сумаң етті.

Олар енді түсінеді,

Алдарына түн келерін.

Өр әйелдің алдында енді

Ынжық ердің күнде өлерін.

Сорға салса інжудің де,

Тот баспасын сезеді.

Ерлігі жоқ көп ездің де

Қатыннан жолы кем еді!

Әйел жаны неткен терең,

Неткен сұмдық өр еді!

Бір құстың бұл әрекетін

Екінші құс көреді.

Тәтті дәм жоқ ауызға жаққан,

Сол қыздар бір сор болар.

Түбіріменен құртпасақ енді.

Өзімізге ор болар.

Буаздардың қарнын тіліп,

Найзалармен түйреді.

Бедеулермен шырылдатып

Ат артында сүйреді.

Ақырында масқара боп,

Өз жанынан түңілді.

Елдің іші – қашқан үміт

Іріп-шіріп бүлінді.

Бөтен елдің шамын ұрлап,

Ұтқандары бар ма еді?

Қызғаныш қой қағындыртқан

Қап-қара бұл таңба еді.

Өз ниеті өзін қарпып,

Кебін киген сол елден.

Өр теңіздің бағы артық

Бала-Ана бірге өлген...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар