Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Маржан ЕРШУ: Дина Нұрпейісованың күйлері маған қ...

14.06.2017 9947

Маржан ЕРШУ: Дина Нұрпейісованың күйлері маған қуат береді...

Маржан  ЕРШУ: Дина Нұрпейісованың  күйлері маған қуат береді...  - adebiportal.kz

- 15 маусым күні 16.00-де (Астана қаласы "Көрме" орталығы, Достық көшесі, 3) қазақтың тұңғыш әйел күйші-композиторы, Қазақ КСР Халық әртісі Дина Нұрпейісова туралы «ДИНА - DİNA» атты (қазақша-түрікше) кітап–альбом-диск-кітабыңыздың тұсаукесері болмақшы. Бұл кітап атымен де, әдемі мұқабасымен де қызықтырып отыр. Дина апай туралы кітап жазу туралы ой сізге қашан келді?

- Кітаптан бұрын күй туралы кішкене хикая айтып өтсем. Сара Алпысқызы басқарған «Бөбек» балалар қайырымдылық қорының Атыраудағы филиалының төрайымы, белгілі театр суретшісі Гүлмаржан Махамбет 1996 жылы жаз айында мені Құрманғазы ауданындағы іс сапарына ертіп барды. Азғыр, Қошалақ, Балқұдық, Сүйіндік ауылдарында болып, жұртшылықпен кездесулер өткізіп, сол жердегі жұртшылыққа дәрі-дәрмектер, балаларға киім-кешектер үлестірілді. Азғыр аймағы КСРО кезінде ядролық жарылыстар сыналған құпия сынақ аймағы болған. Бұл жерде 1966 жылы сәуірден 1977 жылы қазан айы аралығында 17 ядролық жарылыс (165–1500 м тереңдікте) сынағы жүргізілген. Белгілі деректерде айтылғандай, Азғыр по­ли­го­нында көлемі 1,2 миллион текше метрді құ­райтын тоғыз жерасты шұңқыр пай­да бол­ған. Қолдан жасалған жа­ры­­лыстардың әсерінен ойылған жердің қор­­ша­ған орта мен сол мекенде қо­ныс­тан­ған тұр­ғындарға, малға қауіпті екені ғы­лы­ми түрде дәлелденген. Жер асты сулары ауыр металдармен, радиоактивті заттармен ластанған аймақты мекен еткен адамдар мен малдар ауруға ұшыраған. Әсіресе балалар жағдайы алаңдатарлық жағдайда екен. Азғырдың клубында отырғанымызда, жаныма бір жас келіншек келді де, менің ауру қызым бар, көргеніңді қалаймын, үйім жақын жерде дегені. Мен үнсіз соңынан ердім. Жұпынылау үйге келсек, Жанар есімді үш-төрт жастағы қыз бала отыр екен. Енесі аңырап жылап берді. Жақында келіншектің күйеуі, кейуананың ұлы ауырып өмірден өткен екен. Жанар жеті жаста екен, бірақ дене тұрқы өспей қалған. Қатарлары мектепке барып жүр, менің сорлы қызым жүре де алмайды деп егілді жас ана. Ауылдың бейнеті мен шаршаған жанарлар жанымды ауыртты. Кештетіп, аудан орталығындағы қонақ үйге келгенде, кірпігім айқаспады. Сол бейнелер көз алдымнан кетпей қойды. Таңға жақын қалғып кетіппін. Түс көріппін. Нарынның сап-сары құмын кешіп келем. Күн тас төбеде шақырайып тұр. Ыстық құмдар табанымды қариды. Қыбыр еткен тіршілік жоқ. Бір кезде қарсы алдымнан киіктің жан тапсырғалы жатқан жаралы лағын көрдім. Жанына жақындап бардым. Оны құтқарғым келеді. Бірақ қолымнан ештеңе келмейді. Бір адам жолықса екен деп жан-жағыма қараймын. Кенет домбырадан төгілген күйдің үні сахараны алып кетті. Алыстан ұзын бойлы, арықша келген, шоқша сақалды, қоңырқай түсті жұқалау шапаны бар, басында тақиясы , иығында домбыра асынған қарт келе жатты. Күй де осы кісімен бірге ілесіп келе жатқандай. Құрманғазы ата! Ол жанымызға жақындап келді де, жердегі киіктің лағын бауыра басып, жерден көтеріп алды да, маған қарады. Сосын үн-түнсіз өз жөнімен кете берді. Күй де бірге ілесіп барады. Мен соңынан ергім келді. Бірақ аяғым қатып қалғандай қозғалмайды. Қиналып жатқанда оянып кеттім. Бірақ күйдің дауысы құлағымда қап қойды. Кейін Құрманғазының күйлерін іздеп тауып тыңдап шыққанымда, бұл күй Құрекеңнің «Ақсақ киік» күйі боп шықты. Осы сапардан соң «Жер мұңы», «Азғырдағы балапан», «Жапырақтың көз жасы» деген өлеңдер жаздым. «Азғырда ел бар» деген тақырыпта эссе жазып, оның бір үзінділері «Ақ Жайық» газетінде жарық көрді сол жылдары. Ал көрген түсім жайлы жазған «Ақсақ киіктің зары немесе Құрманғазымен кездесу» деген бөлімі әрі-бері көшіп жүргенімде жоғалып кетті. Менің күйге құмарлығым осылай оянды. Қамықсам да, қуансам да, қағаз жазсам да Құрманғазының күйлерін тыңдап қуат алатынмын. Ол кезде қайда барсам да алып жүретін кішкентай радио-магнитофоным болды. Кассеталар тыңдайтынмын үнемі. Күй менің жанымның емшісіндей болды.

- Хамит Ерғалиев «Құрманғазы» атты поэма жазды, Құрманғазы тақырыбы жазылды, енді Дина туралы поэма жазған жөн дедіңіз бе?

- Дина Нұрпейісова туралы жазам деп жоспарлаған емеспін. Арада біраз жыл өткен соң, Дина шешейді түсімде көрдім. Басында аппақ биік жаулығы бар, «Әй, Маржан! Сен неге мені іздемейсің! Менің үйім 8 март көшесінде» дегені. Шошып ояндым. Қорқынышым оянды. Үрей мен қорқыныш екі түрлі нәрсе. Адамды өлтіріп, мысын құртатын үрей ғой. Ал қорқыныш ойлауға үйретеді. Қазақтың «қорқа-қорқа батыр болады» деген сөзінің философиясы терең. Мені музыка, өнер тақырыбы қызықтыра бастады. Сол жылдары «Шопенннің жүрегі», «Асалы-Көкетай», «Құлпытас», «Қайран, қыз» атты прозалық туындыларымды жаздым. Тақырып махаббат хикаясы болғанмен, бұл шығармалардың өзегі – өнер болатын. Біраз жыл Дина туралы деректерді жинадым. Дина апайдың күйлері жабыққанда, қамыққанда, қуанғанда да менің мұңдасым, сырласым болды. Біздің ақындардың Динаға арнаған өлеңдері баршылық екен, бірақ поэма жазылмапты. Осылайша поэмам да дүниеге келді. Бұл – 2007 жыл болатын. Фариза апайдың мені көргенде үнемі сұрайтын бір сұрағы болушы еді. Не жазып жүрсің деген. «Дина» деген поэма жаздым дегенде, Фариза апай таңғалып қарады да, кім идея берген деп сұрады. Ешкім де идея берген жоқ дедім. Ол кісі: баяғыда Хамаң , Хамит Ерғалиев маған Дина туралы поэма жаз деген еді, бірақ бір сәті түспеді деп ойланып қалды. Мен: Апай! Мен жазайын деп жазып жүр дейсіз бе? Қорыққаннан жаздым ғой деп салдым. Фариза апай: Кімнен қорқасың дейді. Дина Нұрпейісовадан қорқам деп, көрген түсімді айтып бергенімде, «Дина шешей аруақты адам ғой, сені желеп-жебеп жүргені де, қорықпа» деді. Кейін суретші досым Камила Жапаловаға «Дина» поэмам туралы әңгімелеп бергенімде, «қызықтырып қойдың ғой, осы поэмаға картина салғым кеп кетті» деп, картина салды.

- Кітап идеясы қалай туындады? Оны да көрген түсіңізден кейін шығарамын деп шештіңіз бе?

- 2011жылы Дина Нұрпейісованың 150 жылдығын ТҮРКСОЙ ұйымы Түркияда кеңінен насихаттады. Анкарада Дина атындағы саябақ ашылды. Атырау облыстық Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрін арнайы шақыртып, Түркияның бірнеше қаласында концерттерін ұйымдастырды. Сол жылы Дүйсен Қасейінов «Динаға түркі әлемі таң қалды. Түркі халықтарының әйел өнерпаздары арасынан Динадай дарабоз шықпаған. Дина Нұрпейісованы таныстыратын, қазақтың күй өнерін танытатын кітап жаз» деген еді. Бұл кітаптың форматы қандай болады деп көп ойландым. Нұрай Гүнеш есімді түркиялық ақын әрі әдебиеттанушы құрбым аудармасын жасаса, Айгүл Үлкенбаева ақыл-кеңестер беріп, кітаптың кеңесшісі болды. Кітапты безендірген суретші Алмас Сырғабаев деген досым. Қызығы сол, менің «Динама» екі картина салынды. Екі бағыттағы жанрда. Камиланың картинасы ұлттық колориттік көркемдіктегі заманауи модерндік бағытта болса, Алмастың картинасы иллюстрациялық шығармашылық реалистік бағытта салынған. Екі картина да өзіме ұнайды.

- Әбіш ағамыздың Дина шешей туралы айтқан керемет сөзі бар екен кітапта, ертеректе айтқан сөзі ме?

- Осы кітап қаншама жыл ойымда жүрді. Бір күні Әбіш аға пікірін жазып берсе жақсы болар еді деген ой келді, бірақ бата алмадым. Содан бір күні бойыма бір күш еніп, ағаның үйіне бардым. «Әбіш аға, сізге осы күнге дейін бір өтініш айтып көрмеппін. Менің бір үлкен арманым бар. Дина Нұрпейісова туралы қазақша-түрікше кітап шығару. Қашан шығатынын да білмеймін. Осы кітабыма Дина апай туралы сіздің пікіріңіз өте қажет боп тұр. Сізді шаршатқым да, мазалағым да келмейді. Жарты парақ сөзіңіз болса жақсы болар еді» деп едім, Әбіш ағам сөзге келмей қолына қағаз-қаламын алып мөлдіретіп жазып бергенде қатты қуандым. Бұл – 2015 жылдың 25 қарашасы болатын. Араға ай салмай, Әбіш ағамыз да бұл дүниеден өтіп кетті ғой. Кітабыма Әбіш ағамыздың өз қолымен жазған қолтаңбасын да енгіздім.

- Кітап-альбомның арасында СД диск де бар екен.

- Иә, СД дискде «Дина» атты поэмамды белгілі диктор апамыз Сауық Жақанова апамыз оқыды. Мен ол кісіге өтініш айтқанымда, « поэмаң ұнаса ғана оқимын» деді, кейін хабарласқанымда «мен бұл дүниені бойыма сіңіруім үшін уақыт керек» деп өз ісінің майталман екендігін көрсетті. Поэмам Динаның өз орындауындағы күйлерімен әрленді. Дина анамызға арналған Айтқали Жайымовтың «Күй –Ана», Қаршыға Ахмедияровтың «Күй анасы» күйлері енді. Динаның өмірі өнерге айналған өмір. Оның өмірінен Құрманғазы мен Жамбылды бөліп қарау мүмкін емес. 90 жасқа келгенде, сахнаға шығып, концерт берген Дина мен Жамбыл ғана. Сондай-ақ, кітап-альбомға Күләш пен Шараны да кіргіздім. Дина шешеймен сырласып, бірге шәй ішкен асыл сіңлілері ғой бұл екі апамыз.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Наурызбек САРШАЕВ

Хабарландыру

15-18 маусым күндері өтетін Eurasian Book Fair-2017" II Еуразиялық Халықаралық Кітап көрме –жәрмеңкесі (Астана қаласы "Көрме" орталығы, Достық көшесі,3) аясында

15 маусым күні 16 .00-де (Астана қаласы "Көрме" орталығы, Достық көшесі, 3) ақын-аудармашы , Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі (Түркия) филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың «Дина-Dina» атты ( қазақша-түрікше) кітап –альбом- диск- кітабының тұсаукесері өтеді.

Тұсаукесер рәсіміне ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Айтқали Жайымов, Айгүл Үлкенбаева, Сауық Жақанова, Мажарстандағы «Барыс» тіл дамыту департаментінің басшысы Оңайша Мандоки, Атырау облысы әкімдігінің өкілдері және басқа зиялы қауым өкілдері қатысады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар