Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Машан батырдың ел басқаруы...

06.05.2022 7968

Машан батырдың ел басқаруы 12+

Машан батырдың ел басқаруы - adebiportal.kz

Қазақ тарихында орны зор тұлғаның бірі –Машан батыр Арықбайұлы екені даусыз. Бұл кісі жаумен шайқаста батырлығымен көзге түсумен қатар, қаратамақ найзасын бұлғап, қанжарын қандаған батыр ғана емес ел басқарып, билік айтқан, бұқараның болашағы үшін кесім шығарып, қарауындағы жұртын сөзіне ұйыта білген тұлға. Шіңгілдік шежіресі Қахарман Қоманұлы: «Машан батыр өз заманында төрт молқының (машан, қошақ, құл, қайып) билігі қолында болған, яғни күллі молқыға пана болған адам. Сөйтіп, бір рудың ұранына айналған. Машан батырдың тұп-тұқияны жайлы ел аузындағы деректерде, оның әкесі Арық аңшы, құсбегі, атбегі, және мерген адам болғаны жайлы көп айтылады. Батыр атамыз тек соғысқа шебер, атты жасақты басқарудың майталманы ғана емес, ел басқарудың да жүйесін білетін, байырғы заң-жарғыға жеттік, сонымен қатар көнеден келе жатқан қазақы қоғамның ішкі құрылым-сипаттарын жақсы білетін шешімді би болған, ел басқарған көсем еді» деп жазады.

Машан батырдың ел басқару ісіне араласқаны жайында ел аузында сақталған ауызша мұрағаттарда бір дерек: 1750 жылдар шамасында Абақ керей руы ақсақалдары жеке дербестік құрып, хан сайлап алу жайлы мәселе көтерген дейді. Бұл іске Шақабай батыр қарсылық танытқан екен. Шақаң батырдың ұғымында, Абақ елі әлі толық қалыптасып болған жоқ. Он екі атаның туыстық бірлігін қалыптастырмайынша, ішкі береке болмайды деген ұстанымда болады. Шақаңның бұл пікірін молқы руының қолбасшысы Машан батыр қолдағаны жайлы айтылады. Бұл оқиғадан біз не түйеміз.

Расын айтқанда, Абақ керей аталықтары жан-жақтан жиналып «Абақ ана» конфедерациясын құрған тайпа. Жоғарыда Шақабай батыр айтқандай, бір-біріне генеалогиялық қатысы шамалы. Бұл үрдіс тек Абақ керейлерге ғана емес қазақтың барлық руларына тән. Мысалы, Абақ керейдің 12 атасының ішіндегі ұсақ аталықтар қазақтың кез келген ру-тайпаларының ішінде жүр. Бұл жайлы әңгіме бөлек.

Ендеше, жан-жақтан құралып рухани тұрғыдан тұтаспаған елді біріктіріп, кіші хандық жүйе құру мәселесі өте күрделі іс. Жүрек бірікпесе билік бірікпейді. Осы ескерген Шақабай мен Машан батыр билікқұмарлау ағайындардың піспеген ісіне тосқауыл болып отыр. Оның сыртында, қалмақпен шайқасқан, орыспен тайталасқан жаугаерілік заманда кіші хандық құру үшін – хандықтың ішкі бірлік қуаты, әскери потенциалы, қаржылық жағдай қалыптасқан болуы керек. Осының бәрін ескерген екі батыр елді жөнге салып, ақылға келтіріпті.

Бұл оқиға, яғни кіші хандық құру мәселесі арада 30 жыл өткеннен кейін, Абақ ана рулары әбден қалыптасқан тұста, Ер Жәнібек батырдың сөзімен айтқанда, «жігітті бар ел жаудан қорықпайды, шешені бар ел даудан қорықпайды, төресі бар ел ханнан қорықпайды, орның болды кемелді, керей енді теңелді» дегеніндей, 1784 жылдары Абақ елі Көкпекті де Көгедайды хан сайлады.

Оның сыртында Машан батыр елдің ішінде үнемі болып тұратын, жер дауы, жесір дауы, басқа рулармен өріс-қоныс таласы қатарлы даулы дүниелерді әділдігімен шешіп отырған. Әсіресе, Машан батырдың шайқас кезінде соғыс олжасын бөлісу ісінде өте әділ болғаны жайлы айтылады. Яғни, әділ үкім боламаған жерде бойұсынуда болмады. Соған қарағанда Машан батыр 12 абақтың ең бір белді руы Молқы тайпасының айбары, алдына қойса қорғаны, артына қойса қормалы атанып, күллі қауымның ұранына айналуы теген емес екені анық.

Шежіресі Қахарман Қоманұлының жазбасында Машан ата ел ішіндегі ұры-қары, бұзақыларды қатаң жазалайтын, сол себепті оны қарауындағы барлық бұқара қадір тұтып, батырдың игі істері мен кемел амалын есте қалдыру үшін молқы атаның балалары Ордан ауып келіп, Алтайға көшкенше дейін 30 жыл қонысы болған бұрынғы Семей облысы жеріндегі тауды батырдың құрметіне «Машан тау» атағаны бүгінгі ұрпақ үшін үлкен ескерткіш екені айтылады.

Сондай-ақ, ел аузындағы әңгімелерде Машан батыр жүйрік ат баптап, қыран бүркіт ұстап, салдық құрған саятшы әрі төрт түлігі сай дәулеті болғаны айтылады. Батырға шымқай көкала жылқы біткен, ірі қара малының өзі толықси жайылған бай адам болған деседі. Ізденімпаз зерттеуші Назарбек Мәненұлының айтынша, Машан батырдың асқан жүйрік тор қасқа атынан басқа, жорық кезінде мінетін қаракөк аты, жекпе-жекке салатын шабдар айғыры, алыс жол сапарға шыққанда немесе аңшылық кездері мінетін қоңыр аты болған, батырдың әкесі Арықбай (Арық) құралайды көзінен ататын садақшы, мерген екен, Машан батыр садақ ату өнерін әкесінен үйренген, дейді ел аузындағы шежіре деректерде.

Оның сыртында Машан батыр жылқы малын жақсы танитын, атбегі, сыншы, сейіс болғаны жайлы Баяхмет Жұмабайұлының зерттеулерінде айтылса, әсіресе жорық жылқыларын өсіріп, баптауда, жеке-жек сайыстарға мінетін жылқыны үйретуге шебер болғаны жайлы мәлімет бар. Шыңжан-Алтай өлкесінде өір сүрген көне көз қариялар Машан батырдың жүйрік торы қасқа аты үш жүздің басы қосылған аламанда алдына ат салмай, қара үзіп келген екен. Оның үстіндегі шабандоз бала тоғыз жасар Жанжігіт (Машан батырдың өз баласы) көмбеден өткенде, қарақұрым халықтың алдында «Машан», «Машан» деп ұрандатып, әкесінің рухын көтерген-мыс. Осы кезден бастап, Машан аты күллі молқының ұранын айналған екен деген болжам бар.

Бізге жеткен шежіре деректерде, Машан батырдың кіндігінен 10 ұлы болған дейді. Осы 10 баланың есім-сойы шекітілген бір-бір тостағаны бар екен. Бірде он тостағанның бірі бос қалғанын көрген батыр бір баласының жоқ екен аңдап, көшкен жұртына келсе кіші баласы Шынқожа жұртта жылап отыр екен-мыс. Осы баланы батыр өзінің қайын жұрты, яғни баланың нағашыларына беріп кетеді. Бұл бала Кіші жүз нағашы жағында өскен дейді.

Өзіміз білетін дерекке сүйенсек, қазақ тарихында найманның тума руынан шыққан Шыңқожа деген батыр болған. Бұл кісі шамамен 1706 жылдары туып, 1770 жылы қырғыз жерінде қаза тапқаны анық. Абақ керей елі Қалбаға өңіріне қоныстанған жылдары Шыңқожа елімен өріс-қонысы бір болғандақтан, бірде жерге талас туып, Шынқожа батыр бірде керейдің сегіз азаматын мерт етіп, есе бермей кетсе керек. Бұған күйінген Жәнібек батыр Шынқожаның ауылына келіп, қазақша құшақ айқастырып тұрып:

Ашамайлы Абақпен егізімді,

Қайтып қиып өлтірдің сегізімді.

Шығарайын деп келдім лебізімді, -

деп Шынқожаны құшақтаған бойы қысып-қысып жіберген көрінеді. Құшағынан әзер босанған Шынқожа құн беріп, екі жақ разы болыпты дейді көне тарих. Бұл адамның Машан ұрпағы Шыңқожа емес екені анық. Бұны тәпештеп жазып отырғанымыз кейбір тарихтан хабары аздау ағайындар қиыс пікір, қиғаш түсінік қалыптастырмаса екен деген сақтық.

Серік НЕГИМОВ, Филология ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лаураеты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар