Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Мәшһүр Жүсіп жазбаларындағы Баянаула тарихы...

25.10.2018 10949

Мәшһүр Жүсіп жазбаларындағы Баянаула тарихы

Мәшһүр Жүсіп жазбаларындағы Баянаула тарихы - adebiportal.kz

Дана бабамыз Асан Қайғы Баянаулаға келгенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін» деген адам, бір жұма тоқтап қалады десе, дара әулиеміз Мәшһүр Жүсіп «Баянаула қойсайшы жердің атын», - деп, Қазақстанның інжу-маржаны мен мәдени әрі рухани тірегіне айналған киелі өлкеміздің атын дәріптеп тұр. Табиғаты әсем, ұлдары көсем Баянаула, Павлодар облысының маңдайалды аудандарының бірі.

Баянауыл алғашқысында казак станицасы ретінде Сабындыкөл жағасында, Ақбеттеу етегінде 1826 жылы құрылған. Бұның өзі Шоң бидің ерен еңбегі мен батыл саясатының арқасында жүзеге асқан тарихи оқиға болатын. Мәшһүр Жүсіпте: «Шоңды Құдай, елі үшін жаратқан» - деп жазып, қазақтың соңғы әділ биі ретіне сипаттайды. Шоң би өте беделді, кемеңгер дана, елдің бірлігін сақтаған адам. Мәшһүр Жүсіп өзінің «Өмірбаяндық дерек» деген еңбегінде: «Шоң, Шорман ел иесі болып тұрған күнде, Құдай рахмет қылсын, Шоң бидің ғақылға кемеңгерлігімен Кенесары, Наурызбайдың жетегіне ілікпей, жел бергеніне желікпей, Иван Семенович деген полковой келіп, Баянаула тауынан Мырзашоқы деген жерден ағаш кестіріп, қала салып, Шоң биді аға сұлтандыққа сайлап, сонан бері қарай қазақ жұрты асын тыныштықпен ішіп, жесір қатын, жетім бала малына ие болды», - деп, қазақтан шыққан бірінші аға сұлтанның жеке басына жоғары баға береді.

1830 жылдың қыркүйек айында қазақ-орыстар болашақ Дуанның тұңғыш үйін салады. 1833 жылы наурызда Сібір комитетінің Омбы облысында екі округ құру жөніндегі ережесіне сәйкес Баянауыл кең-байтақ сыртқы округтің орталығына айналды. Оның территориясына қазіргі облыстың Баянауыл, Екібастұз, Май, Краснокутск, Ақсу және Ертіс ауданының жерлері кірді. 1854 жылы Семей облысының құрылуына байланысты Баянауыл сыртқы округі «Сібір қырғыздары облысының» құрамына кірді. 1868 жылы Баянауыл округі далалық облыстар ережесіне сәйкес таратылып, жаңадан құрылған Павлодар уезінің құрамына енді. Баянауыл приказы жойылып, Баянауыл селосы казак станицасына айналған.

Жоңғар шапқыншылығынан кейінгі, Баянауыл елінің қиындыққа тап болған кезі 1861 жыл болатын. Осы жылы Сарыарқада, оның ішінде Баянаула, Қызылтауда қыс қатты, жыл ауыр болып, ел жұтап, төрт түлік малға ауыр жыл боп, тұяқсыз қалған. Қыста қар жаңбыр аралас жауып, Мәшһүр Жүсіптің әкесі Көпейдің де малдары жұтап қалып, қолында бір ат, бір сиырдан басқа мал қалмайды. 1890 жылы да қазаққа оңай тиген жоқ. Баянауыл, Қызылтау, Далбада жұт болып, мал қырылып, ел көп шығынға ұшырайды. Мәшһүр Жүсіп «Тұрмыс жайында болған хабарлар» деген еңбегінде аталмыш жұт туралы жазып, елдің ауыр хәлін баяндайды: «...Сонан бұл қар жиырма үшінші мартта кетіп, жер дүние тағы бір қарайып, суырлар шығып, жан-жануарлар рақаттанып, қара жерден шөп жеп, өз аяғымен су ішіп, әр нәрсе өзіне-өзі келіп қалды. 26-шы мартта сенбі күні жел терістен болып, қар жауып, бұл ақша қар мейлінше қалың түсіп, бір терістен, бір оңнан борап, ерсілі-қарсылы болып, шиырлап жатып алды. Бір күннен бір күні суық болып, жел шығып, сүйегі жұқарып, шыңы жетіп тұрған мал даладан шөп алып жей алмады. Алты айға деп өлшеп үйген пішен, кыс жеті ай болып кеткен соң, таусылып, қолдан саларға малға дәнеме болмады. ....бәрі бірдей таусылып, ... марттың 26-сынан апрельдің 20-сына шейін сондай ақыршылық болып қысылды. Алла пана берсін, «бұрынғы жуан сорлы, жіңішке үзілуге тақады» - деген бекер екен. Жіңішке өлуге тақалып, жуанның өзі үзілуге тақалды», - деп, мал шығынының арты аштыққа ұласқанын тілге тиек ете отырып «... Мәселе өздеріңіз егін салмайсыз, зиян болар ма еді, егерде өздеріңіз көп сатып алып қойсаңыздар астықты. Егін көп шыққан жылы һәм қыс болған жылы кедей бейшаралар да тоқ еді. Мен болыстыққа таласатын ақшаға сатып ал демеймін. Сол ақшадан басқа сандығыңызда жатып шіруге тақалған ақшаға. Егер де жаһұт етіп пайдалансаңыздар өздеріңіздің байлығыңызбен биылғы қыста жуан созылып, жеңіліне үзілмес еді», - деп байлардың бейқамдығын сынға алады.

«Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы» еңбегінде Мәшһүр Жүсіп көбінесе аграрлық мәселелерді қозғап, ел тарихы мен жер-су аттары төңірегінде тереңнен сыр шертеді. Отарлау саясатының салдарынан мал өрісі тарылып, ел арасында арандатушылықтың кең өріс алғанын сынға алады.

«Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы» еңбегі бірнеше нұсқадан тұрғанымен де көтерген мәселесі мен мазмұны жағынан бір мақсатты көздегені ақиқат. Себебі Мәшһүр Жүсіптің өзі: «Қазақтың осы күнгі әңгімесі» - деп сөйлеп, «Сарыарқа» деп ат қойып Сарыарқаның кімдікі екендігі екенін әйгілеу үшін...», - деп, ескертіп өтеді. Аталмыш еңбегінде Мәшһүр Жүсіп Баянаула тарихынан да сыр шертіп, көптеген ақтаңдақтардың сырын ашады. «Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы» еңбегінде Мәшһүр Жүсіп: «...Бұл қазақ иесіз жатқан жерге текке келіп ие болған жоқ. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кеше қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек замандарында жаннан кешіп, сусын орнына қызыл қан ішіп, жаумен алысып, жатпен соғысып, күні-түні атысып, қара қанға батысып, шыбын жанын нысанаға байлап, не маңғаз сарбаздарды жау жолында оққа ұшырап өліп, сөйтіп алынған жер еді», - деп, Сарыарқаның тарихын баяндай келе, Баянауыл өлкесі туралы да сыр шертеді. 1903-1907 жылдар аралығында Баянауылда казактар станциясы пайда болып, көшіп келу тоқтамады. Қоныс аударушылар мен бірге Баянаул жеріне қарақшыларда келді. Олар жәйбірақат жатқан қазақ ауылдарына шабуылдар жасап, жолаушылар мен шаруаларды соққыға жығып, оңай олжаға кенеліп жатты. Қоныстанушыларға еркіндік бере отырып, қазақтардың бетке ұстар азаматтарының көзін жойып, жергілікті халықты шет аймақтарға ығыстыруды ойлаған губернаторлар, орыс және украин шаруаларын қазақтармен күресудің әскери күші деп саналды. Сондықтан да қоныс аударып келушілерге сақтану үшін деген жалаумен қаруландырып, ату мен тонауға ерік берді. Мәшһүр Жүсіптің сөзімен айтар болсақ: «Бір жерде бір қазақты мұжық атып тастаса, қазақ өлгенін қолына алып, көміп, мұжық үйіне қаннен-қаперсіз тыныш отыра береді. Егер бір қазақ бір урядникке қарсы келсе, атқанын атып, айдағанын айдап, қазақты қойдай тізіп, қозыдай көгендей бастайды».

Мәшһүр Жүсіп аталмыш еңбегінде елеулі уақиғалардың куәгерлері болған Баянауылдағы жер-су аттарының шығу тарихын төмендегідей сипаттайды: «Жасыбай асуы» – Жасыбай батырдың қалмақпен соғыста қаза тапқан жері. «Қалмақ қырған» – Олжабай батырдың қалмақты қырған жері. «Жалаңтөс асуы» – Олжабайдың қалмақ заманында қоныс қылып, қыстаған жері. «Шойынды көл» – Олжабайдан қашқан қалмақтар ыдыс-аяқтарын бір жерге жинап тастап кеткен. Содан әркім бір нәрсе тауып, солай атап кеткен.

Ал, Баянауыл аталынуына байланысты Мәшһүр Жүсіп: «Сарыбайдың жалғыз қызы Баян сұлудың туған жері Баянаула тауы екен. Сондықтан да тау аты «Баянаула» аталып қалған», - деп жазады. Кейбір деректерде Баянауылдың Жанбақы жақ беткейінде «Баянды ана» деп аталатын тау шатқалы бар, тауға қарасаңыз бейне бір ұйқыдағы ана, не болмаса ару бейнесін көргендей боласыз. Осы тау бейнесінің жоғарғы жағында үңгір бар, үңгірдің ұзындығы 30 метр де, көлденеңі 3-4 метр биік жартасты бойлай біткен. Бұл жаққа келе жатқан адамдар жол-жөнекей ауылдардан өтіп бара жатқанда бір-бірінен жөн сұрасып, «қайда барасың, жолаушы?» дегенде: «Баянды тауына, иә болмаса, Баянды ауылына», - деп жауап береді екен. Алғашқысында «Баянаула», кейін «Баянауыл» атанған. Ал, «Баянды ана» бейнесі табиғаттың тылсым сыры ма әлде адамзат санасының жемісі ме? Ол жағы беймәлім. Ақиқаты «Баян» сөзінің «Баянды» не болмаса «Сұлу» деген мағынада айтылғаны анық. Мәшһүр Жүсіп те көптеген жер-су аттарын сол Баян сұлумен байланыстырады. Мәселен: «Қарқаралы-Қазылық» – осы қыздың қарқарасы түсіп қалған жерді осылай атап кеткен, «Домбыралы», «Моншақлы» – домбырасы мен бет моншағы түсіп қалған жері, «Тоқырауын», «Жамшылы» – жамшысы түсіп қалған жері, «Алтынсандық», «Ақшатау» – сандығы түсіп қалған жер, «Өлеңті» – өлең айтып, той қылған жері, «Жауырбұғы» – аттарының шідері түсіп қалған жер.

Баянауыл тарихы мен тыныс тіршілігі Мәшһүр Жүсіп мұражайы қызметкерлерінің жіті бақылауында. Болашақта аудан және облыстың тарихи-мәдени және әдеби мұраларын жинақтай отырып, өлке тарихына байланысты құнды басылымдарды бір арнаға топтастыру, көрмелер ұйымдастырып және танымал тұлғалармен кездесулер ұйымдастыру жоспарланған.

Әсет Пазылов,

Мәшһүр Жүсіп мұражайының қызметкері


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар