Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мәшһүр мұрасы хақында

16.10.2018 772

Мәшһүр мұрасы хақында

Ұлы Даланың қай атырабын алсаңыз да қасиетті, киелі. Даланың құты, қасиеті текті перзенттерді дүниеге әкелді. Баянауыл деген жер құты болған сұлу өлкеден осы күнге дейін қаншама тұғырлы тұлға туды. Текті бесіктен әлі күнге дейін баталы сәби, жұлдызды перзент туып келеді. Аллаға шүкір делік. Кереку-Баян топырағында туып, Ертіс сағасында ер жеткен, Бұхарада білім алған, тек Сарыарқа өңіріне ғана емес, күллі қазаққа есімі жыға таныс, тұтас Түркістанның рухани жұлдызы – Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы!

Мәшһүр баба айы оңынан туған, Алланың алқауы, Тәңірінің таңдауы түскен перзент. Қазақ сахарасында Мәшһүрдей тақуа болып, діл мен тілге берік, дін жолы – хақ жолына адал болған тұлғалар сирек. Қатарласы, бір жылдың төлбасы Шәкәрім хазіретпен қанаттас ғұмыр кешкен әулиенің ғұмыры, артында қалған хаты – рухани өрісімізді кеңейтер өзінше бір әлем. Өзінше бір әлем деп айырықшалап отырғанымыз, Мәшһүр-Жүсіп мұрасы – қаймағы алынбаған сүт секілді. Мәшһүр-Жүсіп өзі жазғандай “Естігенін ұмытпайтын, құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпа құлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қариялар кейінгіге ауыздан-ауызға алып айтуымен үлгі-өсиет қалдырған” көнекөздің бірі емес, бірегейі. Абыздың 160 жылдық мерейтойы аясында оның әдеби мұраларды жинастыруға қосқан үлесі, қазақ шежіресін түзіп, ауызша тарихымызды (ҚАТ) жүйеленуіне сіңірген айрықша еңбегі хақында ой-толғауды мақсат тұттық.

Мәшһүр-Жүсіптің артында қалған әдеби мұрасы өте көп әрі өте бай қазына. Ж. Көпейұлының шығармашылық мұрасы құнды қазыналарға толы. Ақын, философ, тарихшы, этнограф, фольклорист, әдебиет зерттеушісі Мәшһүр-Жүсіптің шығармалар жинағында тағылымы мол қазақ дүниетанымына негізделген туындылар жинақталған. Жастайынан ақындық дарынымен ерекшеленген Мәшһүр-Жүсіп зейіні мен зеректігінің арқасында қазақ тарихына, ауыз әдебиетіне қызығушылық танытады. Міне, осы алғырлығы мен биік талабы оның көнекөз қариялардан қазақ ауыз әдебиетіне үлгілерін жазып алып жинақтауына себеп болды.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 20 томдық шығармаларын парақтай отырып, көптеген жыр-аңыздар, мақал-мәтелдер, ертегілер, шешендік сөздердің нұсқалары топтастырылғанын көре аламыз. Бұл қазыналардың мәні терең, философиялық астары бар, әрі ұлттық ойлау жүйемізге, танымымызға негізделеді.

Зерттеуші ғалымдар Мәшһүр шығармаларын бірнеше топқа жіктеп зерттеуде. Тарихшылар тарихқа қатысты деректер, этнографтар салт-дәстүр туралы тың мәліметтер жинақтады. Ал әдебиетшілер мен фольклортанушылар әдеби мұрасын жан-жақты қарастырып келеді. Дегенмен бұл шексіз мұраның толық зерттеліп болмағаны белгілі.

Ұлы ойшыл, әулие атанған Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармаларының алғашқы 10 томындағы мұрасы тақырып, сала, жанр бойынша топтастырылып жинақталса, келесі 10 томның 11, 12, 13 томдарынан бастап ақын шығармалары түпнұсқа тәртібі бойынша жарияланған. Аталған жинақтарда Мәшһүрдің фольклор бойынша жинақтаған нұсқалары молынан ұшырасады. Бұл ретте біз мақал-мәтелдерге тоқталуды жөн көрдік.

Мәшһүр Жүсіп «Қазақ мақалдары туралы» деген атпен берілген тарауда қазақ мақалдары мен оларға түсініктер жазылған. Бұл мақалдар күнделікті естіп жүрген мақал-мәтелдерден формасы жағынан да, айтпақ болған ойы жағынан да айрықшаланады. Бұнда мақал өлең жолдары арқылы беріліп, мақалдан гөрі шешендік сөзге ұқсап кетеді. Мәселен, Мәшһүрдің мына мақаланы мән берейік:

Қарадан хан қойса, қасиеті болмайды.

Үлгісізден би қойса, өсиеті болмайды.

Кәлимасыз пір болса, кереметі болмайды.

Алалы түйе, арам мал

Берекеті болмайды.

Атадан қалған халал мал

Әрекеті болмайды...

Тақырыбы жағынан мақал-мәтелдер сан алуан мәселелерді қамтиды. Алайда Мәшһүр Жүсіп жинақтаған мақал-мәтелдер турашылдығымен, нақтылығымен ерекшеленеді. Сонымен қатар жалпы адами құндылықтарды ұлықтаса да, мақалдардан ұлттық бояудың қанықтығын көре аламыз. Демек фольклортанушы бұл нұсқаларды аузы дуалы, көпті көрген, қазақты таныған ақсақалдардан сұрап білгені анық.

Қазақ халқы ұрпақ жалғастыруға ерекше көңіл бөлген. Бала мен бала тәрбиесіне қатысты мақалдарға мән берейік:

Бір баласы бардың

Шығар-шықпас жаны бар.

Екі баласы бардың

Өкпе, бауыр, жалы бар.

Үш баласы бардың

Бұхарада бұты бар,

Қорсанда қолы бар.

Суы жоқ жердің шөбі арам,

Перзентсіз ердің малы арам,

Еңбексіз ердің дәмі арам.

Ораздының баласы –

Өз үйінде – өз құл.

Шерлінің баласы –

Өз үйінде өзі сый.

Еңбек пен өнер туралы мақалдардың мағынасы астарлы. Жастықты кезде күш-жігерді жөнді пайдалану керектігі туралы айтылады:

Жігітлікте жаннан кеш те, іс қыл;

Өлсең, өлесің; өлмесең, кісі боласың.

Өнерлі өрге жүзеді.

Өнерді үйрен де жирен.

Тақыр жерге су тұрар,

Қайратты ерге мал тұрар.

Жақсы мен жаманның парқа туралы мақалдарда жақсы мен жаман адамды танудың талаптары айтылады. Дана халқымыз жақсыны сөзіне емес, ісіне, пейіліне қарап ажыратқан. Міне, мақалдардың мазмұнынан жақсыдан шарапат көрген қазақтың танымы мен көзқарасы аңғарылады:

Жаман малды асырасаң,

Аузы-мұрның май етер.

Жаман адамды асырасаң,

Аузы-мұрныңды қан етер.

Жаманменен құда болсаң,

Дауыменен сый қылады.

Итпенен үйір болсаң,

Боғыменен той қылады.

Ауру қалса да, әдет қалмайды.

«Өлгенді тірілді» - дегенге нан,

«Әдет қалды» - дегенге нанба.

«Тау қозғалды» - десе, нан;

«Жаман жақсы болды» - дегенге нанба.

Ал жақсы сөз туралы мақалдарда сөздің киесі мен құдіреті туралы сөз болады:

Өлі - тірінің азығы,

Жақсы – жаманның азығы.

Жақсы сөз – жанның азығы.

Хайуан тамақтан семіреді,

Адам құлақтан семіреді.

Жақсы сөзге жан семіреді.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақ мақал-мәтелдерін биік талғаммен таңдап талғай білген кәсіби әдебиетші. Әр мақал-мәтелдің астарында санамыз бен ақылымызға қажетті даналық пен тағылым бар. Бұл мұраны бүгінгі таңда зерттеп-зерделеу өте өзекті. Әсіресе ұрпақ тәрбиесінде ұлы ойшылдың мұрасынан аларымыз көп.

Ақыннан қалған есті сөз өте көп. Соның бір парасы – қазақтың ататегі, шежіресі мен ұрпақ тармағы, туысқандар жүйесі. Өлеңсөзбен жырланған шежіреге үш жүзден құралған қаймана қазақтың түп тамыры, дамуы мен өсуі, көбеюі жолындағы ұрпақтар тарауы, ататек бөлінісі қамтылып қана қоймай, әрбір ру, ел атауының шығу тарихы қызықты деректермен берілген. Мысалы, Мәшһүр жинастырған әдеби-тарихи мұраларда есімі жиі айтылатын тарихи тұлға – Абылай хан есімі. Абылай ханның ататегі, өскен ортасы, биліктегі саяси қызметі, оның Хандық құрған кезеңіндегі адам құқы мен өмір сүру салтына қатысты деректердің шынайылығы. “Абылайдың қырғыз-өзбекке жорығы” деген жазбасына зер салсақ: “Абылай хан заманында қырғыз Садырбала деген шығып, ақ қалпақты қырғызды түгел билеп тұрған күнінде мақтанып сөйлеген екен. Баяғы атам замандағы Бұқарекеңнің: “Қала салады, орыс алады”, - деген жерлеріне Абылай ханның немересі Кенесары заманында салынып, Кенесары, Наурызбай барымташыдай шеттеп, жырмалап жүріп, екі мыңға анық толмайтұғын жігіт-желеңмен оған бір тиіп, бұған бір тиіп, басы-көті сегіз жыл бір ауылға болса да хан атанды”. Осы жазбасы арқылы Кенесары, Наурызбайдың трагедиялық өлімі, Абылай ханның ақ арманын оқып, түсінуге болады. Ел арасындағы алып-қашпа әңгімелерге тақуа тарихты хатқа түсірген осы Мәшекеңдей абыздардың жауһар жақұтты жиған-cызғаны нүкте қойса керек-ті. Орыс ғалымдары империя тарихын жазу барысында Карамзин, Левшин т.б. тарихшыларының еңбектерінің сыртында фольклорист, ақын-жазушыларының да тарихи еңбектерін назардан тыс қалдырмай, зерттеу нысанына айналдырған. Біздің ұлттық тарихымызды Тәуелсіздік көзімен, егемен елдің көзқарасымен жазу барысында Қ. Жалайыр, М. Дулати, Қ. Халиди, берідегі Ә. Бөкейхан, М. Тынышпайұлы, Х. Досмұхамедұлы т.б. тұлғалардың еңбектерінен аттап өтпесе, ел тарихы “шикі” күйінен айырылып, ұлттық сананы қалыптастыруға қызмет етер еді... (Біздің мектеп бағдарламасындағы Отан тарихы оқулығы болсын я жалпы қазақ тарихына қатысты түрлі еңбектерде ұлттық санаға қызмет етер ұстаным болмағандықтан, әлі күнге дейін келмеске кеткен совет үкіметінің солақай идеологиясы туғызған олпы-солпы тарихты оқып, пікір қайшылығын тудырып келеміз. “Мәңгілік Ел” мемлекеттік Бағдарламасы немесе “Рухани жаңғыру” Бағдарламасының да негізгі мәні осы – төл тарихымызды бұрмалай жазу болатын).

Негізі, ғұламаның мұрасы сан алуан, әр сипатты болғандықтан, оның мазмұны да, тақырыбы да қызық. Ақын шығармашылығын салалап жіктесеңіз, әдебиет пен сөз өнері, тарих сыртында жағырапия, дүние ілімі һәм ақиқатты тану, ізгілік пен адамгершілік, мораль мәселелері қамтылған этика, Құран ілімі һәм шариғат негізі т.с.с. сан түрлі ілімдерге қатысты деректер молынан ұшырасады.

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар