Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Мәшһүрдiң өзiн таныстыруы...

08.11.2018 5369

Мәшһүрдiң өзiн таныстыруы

Мәшһүрдiң өзiн таныстыруы - adebiportal.kz

Қызыл гүл жасарсайшы солып жатқан

Әр нәрсе шағымызда болып жатқан.
Жақсылық ойлаңыздар, біздің халық,
Тастаңыз жамандықты толып жатқан,
Құрметті ел билеген хакімдер де,
Жыландай зәрін төгіп, сорып жатқан.
Бас салып зарлы, мұңлы, кем-кетікті
Бүркіттей тырнағымен бүріп жатқан.
Әркімді арбауына түсірем деп,
Түлкіше сол құйрығын бұлаңдатқан.
Жүзіме көрінгендер көз салар деп,
Өн бойын тоты құстай сылаңдатқан.
Жатырмыз біз қараңғы ұзақ күнде,
Көрінбей жарық сәуле бір таң атқан.
Желкелер старшының бейшараны,
Таба алмай кедей ақша, жапа тартқан.
Ұлыққа кімнің сөзі жете берер,
Осындай жұмыстар бар толып жатқан.

Қиянат

Жақсы қыз бозбалаға пар болғандай,
Жiгiтi душар болса, жар болғандай!
Теңi емес бiр жауызға берсе егер,
Көңiлi көтерiлмей, зар болғандай!

Ғұмыры қызықлықтан зайғы болып,
Мысалы кең дүниесi тар болғандай!
Жетпейтiн төстiгiне көп жамандар
Өлгенде әлдеқандай таң болғандай!

Сатылып кейбiр қыздар кете барар,
Бағасы ғазиздiкi мал болғандай!
Қожасып: «Мал бердім!» - деп жаман шiркiн
Жайы бар: байқап тұрсаң, паң болғандай!

Бейшара өздiгiнен жол таба алмай,
Ғазиз бас ауырланып даң болғандай!
Көрiнiп кәрiп халi тұра алмас ем,
Бiр Міскiн халық iшiнде жан болғандай.

«Бұзылды пәленшенiң қызың- десе,
Өзiне көрiнедi ар болғандай!
Көлденең ағайындар ұнатпайды,
Хаққа соның үшiн лаң болғандай!

Жұрт қалып осылардың обалына,
Секiлдi алушыға мал болғандай!
«Жалғанда қорлықпенен өттім ғой!»-деп,
Көзiнен аққан жасы қан болғандай!

Көндiрiп ғадiлдiктi жүр ғой қазақ,
Көңiл қайда жарқ етер шам болғандай!
Келе Ме осы iсіміз дұрыстыққа,
Көркiңе көрiнсе де, зар болғандай!

Адамды мал орнына жұмсауымыз
Бiр емес, бар қазаққа ғам болғандай!
Қай күнi бұл қиянат тоқталады,
Бiр емес, халық iшiнде сан болғандай?!

Иа шариғат , иа низамға дұрыс та емес,
Қазақтың қағидасы заң болғандай!
Бұл сөзім бiреуге емес, көпке бiрдей,
Қажетi кім ге болса, сол алғандай!

Мысалы, кiшiболса - аңғартқаным,
Осы хал өз басында пар болғандай!
Тең болып екi зайып қосылса егер,
Арман не, ол уақытта, а, дариға-ай!

Мәшһүрдiң өзiн таныстыруы

Тiрлiк пен денсаулықта – баста бағым,
Онан соңғы дәулетім – тiл мен жағым.
Құдай берген он екi мүшелерім ,
Өз өнерім өзіме – алтын тағым.

Алты алашқа жайылып кеткен атым,
Жүрген жерім – ду базар, қылып хатым.
Ұстаз пiрдiң һүмматы болып жәрдем,
Бiр ұшсам, кете берем, бар қанатым.

Баянауыл: Қызылтау – өскен жерім ,
Кiрім жуып, кiндiгім кескен жерім .
Қалам, сия, қағазды қолыма алсам,
Келер қоршап бойыма ғайып пiрім .

Айдабол мен Күлiктен- шыққан затым,
Мәшһүр деген – бiр лақап, Жүсiп – атым.
Орта бойлы, қой көздi, пiтiр мұртты,
Аққұба, бидай өңдi қиапатым.

Жылым- қой, тоғыз беске келiп жасым,
Жарастықты, көрнектi сақал, шашым,
Жел қайықтай жел сөзге есушi едім ,
Тұрған күнде: “домалап өрге тасым!”

Әкем Көпей - жетпiс үш жасында өткен,
Дiн жолына жас күнде бiздi үйреткен.
Өзi жастай тариқат жолын iздеп,
Әбiлқасым ишанға қызмет еткен.

Бабамыздың аты екен - Шермұхаммед,
Құдайға – құл, нәуиге болған үмбет.
Балаларын оқуға сүйрейдi екен,
Екi қолдап жетелеп, қылып һүммет.

Көшпелі болған жұрттың шаруасы бар

Көшпелі болған жұрттың шаруасы бар,
Сарт, ноғай жан сақтайды саудасы бар.
Жезқұйрық жапалақпен жемтіктес боп,
Сұрайтын бір-бірінен сауғасы бар.
Арасы ағайынның алыс болды,
Таласып, дамылы жоқ жарыс болды.
Жетіліп партиямен дәрежесі,
Жақсыға жаман адам таныс болды.
Жыртылды байға ерумен кедей таңы,
Көшінен адастырып байдың шаңы.
Күпілдеп, үйде отырып күжілдейді
Жігіттің қоразданған кейбір паңы.
Жаз болса, ауылдасың ыңғай қонып,
«Қызық қой бұ жүрген,-деп,-мұндай болып».
Өкшесін жылтыратып көп кедейлер
Жүрсе де ат пен тоннан жұрдай болып;
Біреуді пана қылып, сүйрегенсіп,
Мәз болып отырғанға саумал ішіп,
Мырзасы қасына ерген сол нашарың
Шығынын соған артар сырттан пішіп.
Басында бостандық жоқ, дамыл алмай,
Сапырылысып ертеңді-кеш жүрген талмай,
Тобындай қоңыр қаздың у-шу етіп,
Аттанар, көтерілер бірі қалмай.
Мұратқа бір жетеді тас салғанда,
Би, болыс, ауылнай боп басқарғанда.
Шығыны партияның суға аққандай,
Таласып, саннан кеміп тас қалғанда.
Жалаңдап аждаһадай ауылнайлар,
Беліне ақ киізден күйек байлар.
Сипырын бес тиынның бес теңге деп,
Кедейлер хат білмеген соры қайнар.
Мойнына сары жезден қарғы салып,
Алдына неше түрлі дау-шар барып,
Жиылып қара құстай билер отыр
Жемтігін өлексенің қоршап алып.
Осылай арам тамақ жеген бәрі,
Сақтанбас обал ғой деп жеткен әлі.
Жалықпас айта берсем, толып жатыр
Былайша заманада жұрттың халі.

Жарты нан

Айтатын құран сөзiн молда қайда?
Дүние үшiн ойлағаны амал, хайла.
Айтайын бұрынғының нақыл сөзiн
Қайырдан аз да болса көрген пайда.

Дүние өтер бәйге атындай желiп шауып,
Шөп шығар тақыр жерге жаңбыр жауып.
Бiр жаяу жолаушы боп келе жатып,
Бiр сандық жарқыраған алды тауып.

Қуанды алтын ғой деп көрген заман,
Ұмтылды алайын деп соған таман.
Жалтырап жатқаннан соң қолына алды:
“Кез болды жоқ жерден- деп-қайдан маған?!”

Сандықтың, ала сала, ауызын ашты,
Сап-сары көрдi iшiнде алтын тасты.
“Жоқ жерден бердi ғой-деп-құдай маған!”
Шаттанып қуанғаннан судай тасты.

Қуанып ол сандыққа салды қолды,
Қолына алып едi, жылан болды.
Бiр сәтте өсiп кеттi айдаһардай,
Таппады құтылуға қашар жолды.

Жылан айтты:
- Сен қайдан душарластың?
Жай жатқан сандық едім , ауызымды аштың.
Тiрiлттiң менi қозғап қолыңа алып,
Құйрығын жатқан жылан өзiң бастың.

Қолыңа алдың ойлап ненi?-дейдi,
- Осынша әуре қылып менi!- дейдi.
Ауызға ашылған соң қорек керек,
Жұтамын ендi амалсыз сенi,- дейдi.

- Мекенім едi менiң сандық iшi,
Жоламай кетушi едi милы кiсi.
Тынбайтын қолға алғанның басын жұтпай,
Құдайдың бұл әзелден жазулы iсi.

Кез қылды сенi құдай маңдайыма,
Бұйрықты болғаннан соң таңдайыма.
Сен менен құтыламын деп ойласаң,
Сыйғызып бұрынғыдай сал жайыма.

Бекiтiп бұрынғыдай ауызымды жап,
Боламын өсе берсем мен күһi қап.
Ендi сенi жұтудан басқа iсім жоқ,
Кәнеки, болысатын кiсiңдi тап!

Қайралып шықыр-шықыр азу тiсi,
Қарасы көрiнбейдi таудан кiшi.
Әлсiреп, сасып адам тұрғанында,
Көрiндi көз iшiнде отыз кiсi.

Қуанды бердi ғой деп құдай жәрдем [жардам],
Табылды бiр отыз жан жоқтан, бардан.
Жалынды байғұс жаяу алдын тосып:
- Құтқар,- деп,-мен сорлыны айдаһардан!

Мән-жайын бастан-аяқ көрдi байқап,
Айдаһар жолатпайды бәрiн жайқап.
Бәрi де көп тұра алмай кете барды:
“Болмас, болмас!”- дестi де, басын шайқап.

- Келедi қалай жұтсам, саған шамам,
Бастырман аяғыңды жалғыз қадам!
- Деп ақырып айдаһар тұрғанында,
Кез болды құдай айдап бiр бес адам.

Жалынып оларға да жылап бақты,
Зар тұтып, басындағы мұңын шақты.
-Бұған бiр амал-хайла табыңдар!-деп,
Қарасып бiр-бiрiне иек қақты.

Бiрi айтты:
Бұл айдаһар, емес кiшi,
Жиылса, бүтiн дүние жетпес күшi.
Бесеуміз бұған айла, не табамыз?
Бiз түгiл түк қылмапты отыз кiсi.

Келмейдi саған лаж [ғылаж] қолымыздан,
Алмайды, берсек, ат пен тонымыздан!-
Олар да аяңдасып кете барды:
- Өзіміз қалмайық,- деп,-жолымыздан!

Айдаһар ақырумен жақын келдi,
Өлерiн сорлы жаяу анық бiлдi.
“Кеттім ғой су түбiне!”- деп тұрғанда,
Селтеңдеп бiр жарты адам шыға келдi.

Басына бiр қиын iс түскен шағы,
Тынбайды жалынудан тiл мен жағы.
“Тал қармар суға кеткен”- дегендейiн,
Жалынды жан хайласы оған-дағы.

Жарты адам ыңғайланып тұра қалған,
Сөзiне мұның айтқан құлақ салған:
- Айдаһар, айтқаныңның бәрi өтiрiк,
Нанбаймын мен орынсыз сөзге жалған!

Қыспаққа бұл сорлыны алып тұрсың,
Сен қалайша өтiрiкке нанып тұрсың?
“Iшiнде көздей сандық жатып ем”,- деп,
Жоқ жерден бiр пәленi салып тұрсың!

Ынсапқа қарасайшы есiң жиып,
Өтiрiктен ау жасап, бұрыш қиып.
Көрiнген мынау тұрған денеңменен
Жатасың сен сандыққа қалай сыйып?

Нандырдың талай жанды таңырқатып,
Өтiрiгiң болды әшкере, таңдай атып.
Сөзiңдi әуел маған рас қылшы,
Сандықты қылдың мекен, қалай жатып?

Жұлқынды, айдаһарды ашу қысты,
Жұлындай түтiн болып аспанға ұшты.
Түтiннен ұшқын болып көзге түсiп,
Сандыққа ұшып келiп қайта түстi.

Ойда жоқ жерден ойлап амал тапты,
Сандыққа айдаһарды сүйтiп сапты.
- Бәрекелдi, айтқаның рас екен!- деп,
Сандықтың, тарс еткiзiп, аузын жапты.

- Құтылдың халас,- дейдi,- мұнан аман,
Бұл өзi малғұн едi сондай жаман.
Маңына ендi қайтып жолай көрме,
Қарасын анадайдан көрген заман.

- Жүрегім менiң қорқып, дүрсiлдейдi,
Сен не еткен тайсалмайтын ерсiң?!- дейдi.
-Перi мен перiштенiң бiрiсiң бе?
Жөнiңдi айт, жаным, жарты кiсім ?!-дейдi.

- Ақымақ, ақылың жоқ сенiң өзiң,
Осыған жетпей тұр ма әлi көзiң?!
Не дейсiң, бұл айдаһар, дәнеме емес,
Аузыңнан абайсызда шыққан сөзiң.

Жамандық алтындай боп түсер көзге,
Қызықты нәрсе жоқ боп онан өзге.
Аузыңнан бiр жаман сөз шығып кетсе,
Қаларсың әр орнында жанжал сөзге.

Жамандық қайдан туар, тiлден туар,
Әркім де ғақыл болса, тiлiн буар.
Шығарсаң бiр жаман сөз сен аузыңнан,
Артыңнан айдаһар боп сенi қуар.

Оразаң отыз күнгi- отыз кiсiң,
Бес кiсi- бес намазың, бiлемісiң.
Жоқ қылып жамандықты жойылтуға,
Бұлармен дәнемеге келмес күшiң.

Қысылды, мен болмасам, шыбын жаның,
Дәрменiң қалмап едi, құрып әлiң.
Танып қой, танымасаң, мен боламын,
Дүниеде қылған қайыр- жарты наның!

Шықпаған, сараңдықтан, бүтiн- қолдан,
Қалмас ең болса бүтiн, мұнша жолдан.
Дүниеде қылған қайыр ықсаныңыз,
“Тар жер, тайғақ кешуде” пана болған.

Бозбала, бiр көрерсiң өлім бетiн,
Тiл алсаң, өлім бетiн көрмей, күтiн.
Өлім нен күнi бұрын күтiнбесең,
Бұрқылдап әр тесiктен шығар түтiн.

Жиылса бiр араға тамам түтiн,
Түтiннiң не болатын көрдiң бетiн.
Қайыр, ықсан, сауапты,- жарты қылмай,
Қыла гөр күнi бұрын соны бүтiн.

Жеміссiз, құр қақайған болма терек,
Басқаға, бiр отыннан, неге керек?
“Ал хасанат из һыбын алсиат”- деп,
Мағынасын бұл аяттың бiлсең керек.

Анама хат

Алланың бiз сыйындық панасына,
Баянтау бара қалсаң қаласына.
Сәлемдi жолыққаның көп айтыңыз:
Мәшһүрдiң кәрiп (ғарыб) болған анасына!

Талпынған дiнге Мәшһүр iштен туа,
Сол кеткен атасының жолын қуа.
Шар кардан ғайып болып жиһан кезген,
Бiз пақыр баласына қылсын дұға!

Дүниеде көп жүргенмен, келмен жүзге,
Жақсылық берер ме екен құдай бiзге!
Әрқашан дуасынан тастамасын
Сөзім жоқ айтатұғын онан өзге!

Түзелген дiн жолына менiң бетім ,
Жүргiзген осылайша Құдiретім !
“Сәлемдi қайта-қайта айтты!”- деңiз:
Балалар- қалған бiзден тiрi жетім .

Тапсырдым бiр Құдайға мен басымды,
Өткiздім кәрiплiкпен дер жасымды!
Қаңғырып жапан түзге шығып кеттім ,
“Бiр Алла көрер ме-деп-көз жасымды!”

Ешбiр жан бұл сырымды сезбей қалған,
Балалар кемелiне келмей қалған.
Арманда балаларға дұға деңiз
Қызығын атасының көрмей қалған!

Бiр сапар талап ойлап шықтым мен жол,
Жалғанда өлiп кетсем, арманым мол!
Тiрi боп, көремін бе, көрмеймін бе,
Құлболды, қайран жұртым, хош-аман бол!

Мәшһүрдiң дүр төгiлер таңдайынан,
Пенденi Хақ жарылқар қандайынан?!
Жар-досқа-есiне алған- бiзден сәлем
Сипасын жетім дердiң маңдайынан!

Сөзім жоқ айтатұғын мұнан басқа,
Келгенде, не бiтiрдiң, мұнша жасқа?!
Жар-досқа есiне алған дұғай сәлем
Айтайын қайсы бiрiн басқа-басқа!

Жазушы осы сөздi- Мәшһүр-Жүсiп,
Әр түрлi бара жатыр күйге түсiп.
Айыпқа бұйырмаңыз, оқыған жан,
Барамын тоқтай алмай, көңiл көшiп!

Ит дүние

Бұ дүние жолдас емес адамзатқа,
Кетедi, қайта тастап жанған отқа.
Дүниенiң жамандығын көзiне айтып,
Ғазал қып бес-алты ауыз жаздым хатқа.

Бұ дүние қыларына тимек шырын,
Аунасаң, кетiресiң ердiң түрiн.
Аулад адам жаралған барша жанды
Келесiң бәрiн тастап бiрiн-бiрiн.

Ойласам, дүние iсiнде жоқ-ты сапа,
Баршасын жолдасыңның қылдың қапа.
Бәрiн де қарайғанның налытасың,
Мақұл ма осының да, ей, би опа?!

Ит дүние, қарамайсың Құдайға-ай сен.
Тұрмайсың бiр қалыпта орайға-ай сен.
Басынан не ерлердiң кештiң желдей,
Баяндап кім ге тұрдың қуармай сен.

Ит, дүние, сен бiр сәурiк айғырдайсың,
Ешкім дi өз бетiңмен бай қылмайсың.
Қуасың әлi оны , әлi мұны,
Тыныштықпен еш қысырақты жайдырмайсың.

Артыңнан иең қуып өкпесi өшер,
Қайта оған қуанасың, қайғырмайсың.
Сенім нен ат –тоныңды ала қашып,
Сараңнан табаныңды тайдырмайсың.

Қуады, дүние, сенi, барша халық,
Сен деп жүрiп өмірi өтер, ғапыл қалып.
Сен иттiң жаның ырза, жолдасың сол.
Iшпей, жемей, шанашқа қойса салып.

Iшiп-жеп, не керегiң кимеген соң,
Шашып, төгiп жүрудi сүймеген соң.
Мәлім ғой ақыретте берер пайдаң,
Жалғанда бiр сiлемің тимеген соң.

Бiр бақса, дүние, сенi шаруа бағар,
Бағудың шаруа сорлы бабын табар.
Жеткенге қадiрiңе айланасың.
Кейбiреу қадiрсiз қып жаудай шабар.

Бабыңды, дүние, сенiң адам таппас,
Үйiнде батпаушылар тыныш та жатпас.
Бас-басы саған пәле дүние жиған,
Мал сойса, сейсенбi күн саған жақпас.

Құдайым алайын деп қаһар қылса,
Деймісiң сәрсенбi күн ебiн таппас.
Қайда ағаштың басасың қайғы басын.
Сол үшiн саған менiң көңiлім шаппас.

Нәпсi аждаһа

Дүние, ойлай берсем, жалған дейдi,
Әркім дi әлекке тек салған дейдi.
Дүниенi өле-өлгенше қуып-қуып,
Ауызы аңқиып [құр босқа] қалған дейдi.

Хикаят сөз бастайын әуел бастан,
Бұл күнде жүйрiк қайда таптан асқан?!
Сөзім дi құп тыңдайтын ғазиз болса,
Хикаят сөз жазайын бiраз дастан.

Заманды жылдан-жалға қуландырды,
Бойыңды алтын-күміс буландырды.
Келгенде жүз-тоқсанға бiр өлім бар,
Көзiңдi әлi-ақ бiр күн суландырды.

Дүниеден неше-неше өттi-ау жандар,
Құдайдан зар жылайды қорыққандар.
Кеудемде түрлi-түрлi уақиғам бар,
Айтайын, тыңдасаңыз, жарандар!

Өтiптi бiзден бұрын Мұрсалдары,
Дүниеден өтпеймін деп соның бәрi.
Қызығы бiр күнгiдей болмайды екен,
Патшалық, тақта тұрып, құрсаң-дағы!

Арасы – топырақ пен алтын, күміс,
Ағаштың бәрiне де бiтпес жеміс.
Бiреу-бай, бiреу-жарлы, бiреу-кәрiп,
Дүниенi жаратқан жоқ тiптi тегiс.

Алтыннан жер астында кім ге пайда?
Дүниеде ажал келсе, болмас айла,
Болмағың жақсы-жаман Құдiреттен,
Шөп шықпас, су жүрмесе терең сайға!

Бiз-түлкi, ажал бүркiт қоймайтұғын,
Нәпсіміз – бiр аждаһа тоймайтұғын.
Күнәмыз – мықтап тиген ол- бiр киім ,
Нәрсеге одан басқа болмайтұғын!

Тiліміз – өткiр қылыш қойған қайрап,
Жұтады отыз тiсiң, нәпсiң шайнап.
Тамырың алпыс екi-жiп секiлдi,
Бекiтiп дүниенi қойған байлап!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар