Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мейір гүлдеген жүрек...

06.08.2021 1574

Мейір гүлдеген жүрек... 12+

Қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақстан мемлекеттік Ұлттық Университетіне оқуға түсуіме көмектескен – ақын Әнуарбек Дүйсенбиев. Оны бүгінде несіне жасырайын?!

«Студенттік кезеңнен бірге келе жатқан қимас кітабым еді. Мен енді сыншы бола қоймаспын. Саған қидым» – деп ұлы сыншы В.Г.Белинскийдің 3 томдық жинағының бір кітабын басыбайлы сыйлаған Әнуарбек Дүйсенбиев. Әдебиет сыншысы болып қалыптасуыма елеусіз ғана еткен ықпалы екен. Енді, енді терең сезініп, біліп жүрген жайым бар.

– Балақан сен балалар әдебиеті дегенді естігенің бар ма? Қызық әдебиет ә?! Міне, мынау Мүбарак достың кітабы. Орманды қорған еткен ақын. Ал, мынау Жақан дос. Бәрімізден мықты. Енді, мынау Жәнібек досымның өлеңдер жинағы. Ауылға қашып кетті. Мектепте сабақ береді. Мұғалім. Бақытты ә. Өлеңдері өмірге жақын. Ал, мынау Сағи ғой, міне, Оспанхан...

Ол кезек-кезегімен маған жеке кітапханасынан кітаптар ұсынады. Балалар әдебиеті деген ұғым бойында жоқ мен қысыла түсемін. Қамқор ағаның қолын қайтармай кітаптарды қолыма алып қарай бастаймын. «Нешауа». Ағаға деген құрметпен ол кітаптарды оқимын.

Енді, бір азғана күнде кітабын оқыған ақындардың өзін «тірідей» көре бастаймын. Мұқағали Мақатаев, Сағи Жиенбаев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Бек Тоғысбаев, Зейнолла Шүкіров, Естай Мырзахметов, Ермек Өтетілеуов... Бәр-бәрін де Әнағам үйінде көріп, біліп таныстым. «Әнеш» – деп келіп тұрғаны жарықтықтардың. Әнағам да бала сияқты жан. «Рәш, достарға дастархан жаймағалы біраз болды ғой» – деді. «Рәш» – Рәбиға жеңешем, «Қазақ әдебиеті» газетінің «мәңгілік» корректоры, Түгелбаев. «Дастархан дайын ғой» – деді жарықтық. Қабағын бір шытсайшы. Жо-жоқ. Екі күннің бірінде Әнағаң үйінде бас қосу. Балалы-шағалы Рәбиға жеңгем үлгермей жатқан шаруаға екеуінің шешесі қосыла жәрдемдесіп, көтеріп алып кетіп жатады. Не деген кеңпейілдік, десеңізші?!

«Мынау, біздің Құлбек, – деді оларға, оқуға келіп жатқан қарғадай мені таныстырып.

– Ой, батыр хал қалай? – дейді олар, мені бауырына тартып.

Ақын, жазушылардың жарлары да бір ғажап жандар-ау, ғажап жандар.

Бәрі қосылып та, кезектесіп те ән салады. Карта ойнайды. Шарап та ішеді...»

Картасы мен шарабын қайдан білейін. Ал, басқасының бәрі – тәрбие. Өмірге баулу. Балалар әдебиетіне баулу...

Енді, ойлап отырсам, сол қасқа мен жайсаңдар ол кезде әлі қырыққа жетпеген жігіттер екен ғой. Ал, мына бізге олар недәуір үлкен кісілер болып көрінетін. Азаматтығы үлкен еді, ойлары биік еді, жырлары асқақ еді. Отырған жері – ойын, күлкі, ән, жыр... Ал, жайсаң ағамның ақ ордасы – шығармашылық клубы секілді.

Сәуле, Ержан, Нұржан, Зәуре – аға-жеңгемнің перзенттері. Қыздарын қалай еркелетеді?! Ұлдарымен «алысып-жұлысып» ойнап жүргені. Екі иығына екі кісі мінгендей дәу қарашұбар Әнағам, өзі айтқандай, «Лилипуттар арасындағы Гуливер»...

Әнуарбек Дүйсенбиев – балалар ақыны еді. Табиғаттан жаратылысы ма, әлде кәсіби мамандығын қабылдай қалыптасқан мінез бе, әйтеуір бір үйдің үлкен баласы секілді.

Міне, осындай қара шаңырақта, осындай ортада өскенім үшін өзімді бақытты санаймын. Егерде, балалар әдебиеті сыншысы ретінде мойындала қалсам, онда бірден-бір қарыздар адамым – Әнуарбек Дүйсенбиев.

Әнағам отбасында отандық ақын, жазушылармен ғана танысып қойған жоқпын. Мәскеулік Юрий Кушак, Ташкенттік Райм Фархади, Бішкектік Сулайман Маймулов секілді сырт ел қаламгерлерімен де осы шаңырақта жүздесіп, Рәбиға жеңешемнің ақ дастарханы басында сұхбаттаса отырып, жақын таныстым.

Тағдыр шығар, ғұмыры қысқа болды Әнағамның. Қырық тоғыз жасында қайтыс болды. Ақырғы түні Көпен екеуміз күзеттік. Дұрысы, күзетуге барған сәтімізден сәл бұрын үзіліпті,марқұм. Ақырғы сапарына ақ жуып, арулап шығарып салдық.

Арада бір-ер жыл салып ақын анасы Сәндібала шешей қайтты жарық дүниеден. Ақын әкесі – Тәжен соғыстан оралмаған. Жесір атана жүріп жеткізген жалғыз ұлдың қайғысы жегідей жеп қойды-ау аяулы ананы. Әйтеуір, көп ұзамады. Ақ жуып, арулап қойдық.

Ақынның томашадай ғана әдемі жары сондай қуатты еді. Қайғы үстіне қайғы жамалып жатты. Қаралы жан жарының қайғысын, енесінің қайғысын қайыспай көтеріп-ақ келе жатыр еді. Ақыры сынды. Ұзамады. Ақ жуып арулап қойдық.

Ұл, қыздары жас еді.

Қара шаңыраққа ақын достары көз қырын салды. Достарының жары – Сафура, Бәтіш, Нағима Әнағаң мен Рәбиғадан өнген ұрпаққа туған аналарындай қамқорлық көрсетті. Балалар әдебиетінің ақсақалы Мұзафар Әлімбаев пен Шапау жеңгейді қамқорлар қатарында мархабатпен еске аламыз.

Қыздар бой жетті. Балалар ер жетті. Өз қолдары өз ауыздарына жетті. Үйлі баранды болып кетті. Өсті. Өнді. Шүкір.

Әңгіме – Әнағаңнан басталып еді ғой. Әнағаң, ақын Әнуарбек Дүйсенбиев – қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар ақын. Әсіресе, балалар әдебиетіне қосқан үлесі – үлкен.

Әнуарбек Дүйсенбиевтің бұл саладағы әдеби мұрасын шама-шарқымша «Мейір гүлдеген жүрек...», «Аты да, хаты да өлмейді»– деп аталатын арнайы мақалаларда талдап көрсетуге тырыстым. Алғашқы мақала орыс тілінде «Детская литература» журналында (1982 ж.No7) жарық көрді. «Ақ қозы» аталатын проза кітабы жөнінде де пікір айтыппын кезінде. Бүгін күнделігімді ақтарып, Әнағам жайында балаңдау, жасаңдау шағымда жазған бір сезім дүниесін тауып алдым. Оны да оқырманға қидым. « 20 шілде 1982 ж.

«Детская литература» жорналының 7-ші саны жарық көріпті. Басылымның жауапты редакторы Баққожа Мұқаев көрсетті. Әнағаң (Ә.Дүйсембиев) творчествосы жайлы мақалам жарияланды. Одақтық басылымдағы тұңғыш мақалам. Бір түрлі ыстық сезіледі екен. Ең бастысы - Әнағаң рухы алдындағы қарызымды өтегенімді айтсай-шы. Әнағаңа мен бүкіл тағдырыммен қарыздармын. Ол кісі менің туғаным, туысқаным емес, елдес жерлесім де емес. Сөйте тұра «жетім бала екенсің, мен де жетім өскен едім» – деп Ол кісі мені оқуға түсірген. «Сен сыншы боласың. Мына кітап менің студенттік кезімнің ескерткіші еді. Көп жыл сақтадым. Енді саған берейінші, менен әдебиет сыншысы шықпас, ақын бола алсақ та жаман емес»– деп маған В.Г.Белинскийдің үш томдық «Таңдамалы» шығармалар жинағының бір томын сыйлап еді. Өзінің кітаптарын қолтаңбамен сыйлайтын. Балалар әдебиеті өкілдері жыр жинақтарын беріп отыра-тын. «Мә, оқып көрші. Осы балалардың жақсы ақыны»– деп қоятын. Мені балалар әдебиетіне маманданған сыншы болса деп ойлаушы еді. Менің өндіріп жазғанымды көре алмай кетті, марқұм! Мына бір кітабына – «Қаһарман қорған» – «Жазушы» баспасы»,1974 ж.былай деп қолтаңба түсіріп сыйлапты: «Құлбек бауырыма. Қуанышты ғұмыр, еңбек табыстарын тілеймін. Ағасы Әнуар. Д. 28.ІХ.74.»Әрине, мен Әнағаң артқан сенім мен міндетті атқара алдым ба, жоқ па? Кім білсін. Бірақ, әйтеуір бүгін одақтық «Детская литература» жор-налына Әнағаң творчествосы туралы портреттік мақаламның шығуы бір түрлі жеңілейтіп тұрған сияқты. Әнағаң әруағы алдында титім-дей де болса бір міндетімді атқардым-ау, деген сезімге бөлейді...» Иә, күнделік солай дейді. Бүгінгі мақала да сондай борыштар сезімнен жазылып отыруы бек мүмкін.

Әнуарбек Дүйсенбиев – үлкендерге арнап жыр қашаған қаламгер. Оның әр жылдары «Ана жүрегі», «Қаһарман қорған», «Аққулы ай-дын», «Жаңбырлы жаз» аталатын өлеңдер жинағы жарық көрген.

Қалыптасу жолында көрген шексіз қамқорлықты қайтарсам деген қарыздар бейілдің әсері шығар, әйтеуір ақын жыр жинағы жарық көрген сайын арнайы мақала жазып, пікір айтып отырып-пын. Сарғайған газет қиындыларын қайта парақтап отырған жайым бар. Кейбір ойлар көңілге қонады. Ал, кейбірі, тіпті балаң. Әйтеуір, қарыздар бейілдің әсері ғана. Дегенде, қазақ поэзиясы жайында айтылған ойларды жинақтау үстінде Әнуар Дүйсенбиев жөнінде жазылған мақалалардың бір парасын кітапқа енгізуді жөн көрдім.

...Жазу столы тұр. Ақын көзге шалынбайды. Стол үстінде жарты-лай жазылған ақ қағаз. Бейнебір ақын жаңа ғана сыртқа шығып кет-кендей, қайта оралып келіп, отыра қалып жыр толғайтындай. Бірақ, бірақ... жартылай жазылған ақ парақ неге күнсоқты болып сарғыш тартқан? Көңілді сұрқай тартқызып, жүректі дір еткізгенін қарашы құрғырдың!

Иә, біраз болған бала көңіл жайдары ақынның бейнесі көзден таса болғалы. Біраз болған иесін күткен арғымақтай жазу столының, оның үстінде жартылай жазылып қалған ақ қағаздың авторын күткелі. Бірақ сапардан ақын оралмады... Ақындар ағасы Әбділда Тәжібаевтың сөзімен айтқанда: «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы». Жыл толды ақын жүрек тебіреніспен жыр толғамағалы. Көңілден жыр сауламағалы. Бейне бар көңілде. Өзі жоқ. Жыры бар жатталған жүректе. Бәлкім, енді ол ақындық даңқ болып қана оралар. Кім ол? Ол – үлкен-кішіге алғаусыз адамгершілігімен ұнаған, үлкенге Әнуар, құрбы–замандасқа – Әнеш, кішіге – Әнаға, атанған ақын - Әнуарбек Дүйсенбиев еді.

Өмір-тіршіліктегі қадір-қасиет жұрт есінде сақталар. Аңыз болып келешекке де барар. Дегенмен өнерпаздық өмірбаянның өз қасиеті, өз ерекшелігі бар. Ақын туған халқы үшін жыр қашады. Бар өмірін елге арнады. Өнериеттік өмірдің бір ерекшелігі – авторы көз жұмған сәттен сәл үзіліп барып, екінші өмірін жалғап алып кетеді. Әнағаң да осындай творчестволық тағдыр кешкен жанның бірі. Ендеше оның өмірін естелікпен шектеудің жөні жоқ. Олай болса асыл ағаны сағына тұрып, соңында қалған жыр-мұрасына үңілеміз. Уақытында ыстық-суықты түрлі поэтикалық позада туған ол өлең-жырдан келешекпен сабақтасар сипаттар іздейміз. Ақынның мол пішілген зор тұлғасына біткен үлкен адамгершілік, жүзіне ұялаған мейір-шапағат ізін енді ол қалдырған әдеби мұрадан көреміз.

Ақындық та адамгершіліктен бастау алмас па?! Әнуарбек Дүйсенбиев өзінің дарын қуатын балалар және үлкендер поэзия-сы, проза, драматургия, аударма жанрларында байқады. Оқырман қауым да түрлі-түрлі. Әркім қалағанын қадағалап оқып, ең үздігінен ләззаттанады. Бізге әмсе Әнағаның балалар әдебиетіне қосқан мол-мол үлесі ұнайды. Балалар әдебиеті бізде кенжелеу келеді дегеніміз-бен, оның да дарынды авторлары, талайдан талмай атқарып келе жатқан абыройлы міндеттері бар. Балалар әдебиетіне қызмет ету – халқымыздың келешегіне қызмет ету. Одан артық абройлы міндет бола ма?! Әнағаң – әдебиетке балалар ақыны болып келді. Балалар ақыны болып өтті дүниеден. Ақынның балғын бөбектерге арнаған жыры барынша нәрлі, құнарлы, қызықты үлкен әдеби мұра. Дүниеге келген сәбиді ақын жыры ана әлдиі болып әлдиледі, ана мейірімі бо-лып аялады, бесік жыры болып тербетті; ә дегенде тілін шығарып, көзін ана тілінің қадір-қасиетін дарыта ашты; келе-келе Ананы ардақтауды, ортақ ана – Отанның барын, оны шын жүректен сүю ке-ректігін үйретті десек қателеспейміз. Осы сипаттарда талдап-таратып айтар балалар ақынының әлденеше ерекшеліктері жатыр.

Ә.Дүйсенбиев әдебиетке қарапайым балалар ақыны болып келіп, қадірлі, жаңашыл қаламгеріне айналды. Өмірдегі беделден - өнерлік беделдің, өлеңдік бедердің ғұмыры ұзақ. Ол өнерлік беделге шығармашылық ізденіспен жетті.

Ақын әдебиетке келген елуінші жылдары балалар әдебиеті жоқ еді десек, «көрмес түйені де көрмес» - болып шыға келер еді. Арғы арна-сын халық ауыз әдебиеті асыл мұраларынан алған балалар әдебиеті қашан да болған, бола береді. Бірақ өмір заңы-өнер заңы дегендей, оның да қарқындап дамып, әлсірей баяу тартар сәттері кездеседі. Әнуарбек Дүйсенбиев әдебиетке келген елуінші жылдары қазақ бала-лар поэзиясында сырт қарағанда бәрі бар көрінгенімен, бар тақырып сырттай автор атынан баяндалып берілер еді. Жалаң үгіт-насихат молырақ болатын. Міне, осы сәт балалар поэзиясына жаңа тыныс ала келген ақынның бірі, бірегейі – Ә.Дүйсенбиев еді. Қазақ балалар поэзиясын жаттанды ақыл, үгіт-насихаттан арылтуда, ақын көп-көп жаңашылдық танытты. Бұл – бір жағы алғы күнге озып бара жатқан уақыттың әдебиетке қояр талабы да. Тек сол кезеңі келіп, пісіп жетіл-ген міндетті талабына таланты сай Әнағаң бастаған жаңа буын абы-роймен атқарып алып шықты. Жас ақын балалар психологиясын жете зерттеп, өлеңді олардың ойнақы мінез-құлқына, іс-әрекетіне құрды. «Шайнап бергенің ас болмасын» – біліп, шарқ ұра ізденді. Сол із-деністен бала мінезінің қилы-қилы сәтін елестетерлік, кемшілікті көзге көрсетіп өтер, жетістікті үлгі етер, өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, ертегілер дүниеге келді. Тіршілік дүниесінде әдебиетке арқау болмай-тын құбылыс жоқ. Тек әдебиеттің әр саласы, әр жанрының ерекшелігі, өзіндік бейнелеу тәсілі бар ғой. Қазақ поэзиясында аналар жайлы бірі-нен-бірі өткен рухы биік, көркемдігі кемел қаншама жыр бар. Соның баршасы сәби бала көңіліне ұялай кетеді десек қателесеміз. Аналар рухын, олардың ақ сүтінің құдіретін балаға жеткізу үшін бала-көңіл жыр керек. Соны әдебиетімізде тұңғыш тапқан ақын – Әнуар. Ол өзіміз бала жастан жаттап өскен «Ақ мамамды» жазды.

Мен деп кірпік қақпаған,

Менсіз тағам татпаған,

Бақыты үшін балаңның,

Аман-сау жүр, ақ мамам! –

деп жыр бастады. Ананы ардақтау ауыз әдебиеті асыл үлгілерінен соң сәбилер санасына осынау бала көңіл қарапайым, бірақ бала көзімен қарағанда назды, сазды, құдіретті өлең арқылы сіңеді. Жаттауға жеңіл, жүрекке тез ұялар бұл өлеңнің есейе келе баланы қандай игіліктерге бастайтынын ойша көзге елестетуге болады. Бұл – өлеңді балалардың ана жайлы гимні десе жарасады. Ал осынау өлең жас ақынның әдебиетке келген алғашқы адымдарының бірі екен. Алғашқы қадам сәттілігі әсіресе балалар әдебиетінде табысты еңбекке айналды. Ол араласпаған жанр балалар әдебиетінде жоққа тән.

Балалар ақыны ретінде Әнуарбек Дүйсенбиев әдеби мұрасының бір ерекшелігі әлеуметтік үлкен сезімдерді балалар көңіліне жеңіл, жедел ұялатқыш келеді.

Жақсылыққа, бақытқа

Талпынған әр уақытта.

Бала біткен дос-бауыр,

Ақпыз, қара, сарымыз;

Ағайынбыз бәріміз! –

деп жырлады ол халықтар достығын. Мынау ғалам, қайшылығы мол дүниеге бала көзімен қарау – келешек көзімен қарау. Балалар көңіліне адамгершілік, гуманизм сезімдерін ұялатады. Бұл жырдан біздің біраз ақындарымыздың үйренгені бар кезінде. Әлеуметтік үлкен сезімдерді ақын көптеген өлеңдеріне сығымдай сыйғыза, жарасымымен қолданады. Балаларға жаттауға жеңіл жырлар, олар-дың бойына әрі қоғам, тіршілік жайлы да ізгі ойлар салады. Бірақ балалар қабылдауына қиындық келтірер, жалаң жаттандылыққа ақын барған емес.

Ақынның балалар поэзиясындағы және бір ерекшелігі – өлеңді бала мінезіне, іс-әрекетіне құра еркелете жазатындығы. Жеңіл юмор өлеңге ереше еркелік, наз, жарасым береді. Оның бұл бағыттағы көптеген өлеңдері де хрестоматиялық сипат алған.

Жеп тұр Әсет алманы,

Інісін еске алмады.

Маған да аздап бер, – дейді,

Әсет оған бермейді.

– Кәкей, жеуге болмайды,

Айта көрме ондайды!

«Шірік» алма, деп қойды,

Сөйтті де өзі жеп қойды –

секілді әзілі жарасқан ойнақы өлеңдер оқушысын үйіріп әкетеді.

Болмаса, күн кешкіріп, көлеңкесі ғайып болған, содан жылаған сәбиді:

Қамашқа не болды екен,

Не жоғалтты, не іздейді?

– Қашып кетті көлеңкем,

Көрдіңіз бе, Сіз дейді? –

деп бейнелейді. Бұл – өлеңге арқау болған құбылыстың өзі қарапайым бола тұра, балалар ақыны көзіне ғана шалынатындай. Ал ақын ағадан қалған мұрадан мұндай тапқыр, ойнақы, қылықты өлеңдерді көптеп кездестіреміз. Ол құм қиыршығынан алтын елегендей, өмірдегі елеусізден елеулі жыр маздатқан шебер. Ақынның балалар жайлы өлеңдерін үңіліп оқып, зер салсаңыз оның бөбектердің жасына қарай ыңғайлайтынын байқайсыз. Бұл поэзияның тек эстетикалық тұрғыдан қарап, қабылдау ерекшеліктерін де бағып өскен ұсталықты танытады.

«Алтын сандық» (М.Горький) атанған қазақ ауыз әдебиеті қай жанрдың да анасы. Тек сол алтын сандықтан ұнасымды үйреніспен ала білсек жарасады. Уақыттың әдебиетке ықпалы әртүрлі. Тұрмыстық ықпалды - әдебиеттен сызып тастай алмайсыз. Бір кезде ана сүтімен кейін, ауыз дәмін фольклор жауһарларымен сусындау арқылы ала-тын балғын сәбилердің баршасы қазір сол әдетінен жаңылған жоқ деп айта алмайсыз. Ал баланы ауыз әдебиеті асыл үлгілерінен айы-ру уасыз өсіруге саяды. Сондықтан түрлі тұрмыстық-социологиялық жағдайларға сай ауыз әдебиеті үлгілерін ана тіліміздің асыл қасиеті ретінде сәби жанына ұялатудың соны тәсілін қолдануға керек. Ол үшін ауыз әдебиеті сарынын пайдалану, фольклор сюжетін бетке ұстай, соның ізімен жырлау, жаңа тұрмысқа сай ертегі жазу... т.б... толып жатқан шаралар істеуге болады. Тек балаларды болашақ тұтып, уақытша әлдилейтін даңқтан тысқары тұрып, арымай-талмай ізденіске барар шұғыла шашқан жылу жүректі үлкен талант керек. Сол таланттың бірі – Әнуарбек Дүйсенбиев болатын. Ол асыл анамыз – ауыз әдебиетіне бөбектер махаббатын ояту үшін қаншама ізденді. Ақын қаламынан шыққан ертегі, аңыздар, ауыз әдебиеті формасын пайдаланып жазылған өтірік өлеңдер, жұмбақтар, ішінара мысалдар – міне соның айғағы. Бұл – бүгінгі күннен тақырып таппағандықтан емес, өзінің ақындық мүмкіндігін саналы түрде бала бақытына жұмсаудың үлгісі. Бұл – ауыз әдебиетінің асыл үлгілерінен сусынын қандырып, ұлттық психологиясын қалыптастырған ақынның енді келіп, сол мәңгі арымас алтын қайнар мен бүкіл кейінгі келешек ара-сына үзіліс, саңылау түспесе екен деген үлкен ойдың жемісі.

Кейінгіні – келешек тұтпаудан артық қасірет болмас. Балалар-ды болашақ көріп, бар ақындық күш-қайратын балғын бөбектер тәрбиесіне, қалыптасуына сарп етуден артық бақыт болмас. Балалар ақыны Әнуар Дүйсенбиев сол қасіретке қарсы күресіп, сол бақытты татқан қадірлі қаламгер.

Оның оқушылары дүние толы қайшылық екенін, басқаны қойып, өздерін жаратқан Жер-ананың өзі сәт сайын алмағайып хал кешетінін білмейтін, дүниенің баршасы ана әлдиінен жаралған деп ұғатын пе-ріштер сәбилер еді. Өз жырын сол сәбилерге арналған ақынның өз көңілі де, бәлкім балалар психологиясына жиі енетіндіктен болар өз кейіпкерлері секілді кіршіксіз таза болатын. Алғаусыз ақтарылып сөйлеп, қолынан келген қамқорлығын үлкен-кішіден аямай аңқылдап жүрер еді ақкөңіл ақын.

«Ұлдарыма қаталдаумын – деді ол. Ал қыз балаларыммен до-спын. Ертеңін ойласам ерекше елжіреп кетемін. Әрдайым анасы-нан арашалап алып, түсінісіп, тіл табыса қоямыз».

Әкелік мейірімді ол осылай жеткізетін.

Ерке де назды, баладай аңғал, ақкөңіл қасиетін қастерлеп есімін достары балаларына қойып алған.(Досы Нәсіреддин Серәлиевтің ұлының есімі - Әнуар. Қ.Е.) Ал ақын болса кейде сол достарының ба-лаларымен достасып, аттастарына хат жазып, халдерін біліп тұрады. Арнап өлең жазып қояды. Сол аттастары үшін олардың ата-анасымен «ұрсып-таласып» та алады. Міне, бала көңіл балалар ақыны. Бейне жүрегінде мейір гүлдегендей...

Асыл ағаның негізгі қаламгерлік бетін танытатын – балалар әдебиеті саласындағы еңбегі екені рас. Бірақ өзге де лирикалық өлеңдер, поэмалар, көп-көп аудармалар ақындық өмірбаяннан тысқары тұрған жоқ. Зер салып, үңіліп оқып көрген адам – олардың қай-қайсынан да туған халқына адал қызмет етсем деген ақын жүректің дүрсілін сезеді.

«Ақ қозы» аталатын прозалық кітабы да балаларға арнап жазы-лып еді уақытында.

Ақын ағаның арман-қиялының жемісі болып дүниеге келген жыр-ларды көңілге тоқи отырып, бүгінгі сөзді оның Қасым ақынға арнаған төрт жол өлеңімен түйіндеуді хош көреміз:

Қара жер алсын мейлі ер еңсеңді,

Күн сайын мен өмірден көрем сені.

Сан қазақ сырласың бар сен жыр еткен,

Өлмейсің, өлтірмейді өлең сені!

Құлбек Ергөбек,

жазушы, ғалым


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар