Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Мейіржан Әбдікерімұлы. Қыз бен көктем...

30.05.2020 3225

Мейіржан Әбдікерімұлы. Қыз бен көктем 12+

Мейіржан Әбдікерімұлы. Қыз бен көктем - adebiportal.kz

Вокзалда

Сүле-сапа сөмкеңді сүйреген боп,
Кеттің ұзақ «келер жаз үйге кел», – деп.
Сені жұтып алды да темір жылан,
Реліспен жөнелді ирелеңдеп.

Қалам деп ойладым ба сорға мұндай,
Көзіме лықсыған жас толған удай.
Терезеден бұлғаған саусақтарың,
Суға батқан адамның қолдарындай.

Хош ботам!
Көңілге мұң түсірмейік,
Бәрін де тек, махаббат үшін дейік.
Мен қалдым... біреу тастай қолыменен,
Әдейі әкеткендей ішімді ойып.

Жаратқан жандай болып жылауға өзін,
Жаның жалғыз қалған сәт мынау кезің.
Бұзылып көңіл-күйің барамысың,
Бұлау-бұлау жас болып бұзау көзің.

Жылқы

Жануарды құлынында танып едім тұрқынан,
Жал-құйрығын сыйпаласам менен қашар мұң тұман.
Мен сүйетін қыздың көзі сияқты оның жанары,
Кім сенеді бұл саңлақты туған десе жылқыдан.

Жануар-ай, жердің бетін бердім саған өріс қып,
Қусам жетер, қашсам кетер қанатым боп келістік.
Сенде тіл жоқ сөйлей алар, бірақ оқыранғаның, –
Маған деген махаббаты ол жүрегіңнің ең ыстық.

Төрт тұяғы тегіс келген өлең сынды бір шумақ,
Шапқан кезде шаңмен бірге адасатын жын шулап.
Кісінесе тамағынан ұшып шыққан бозторғай,
Ал ауаға ауызынан шашылғандай шыр... шырлап.

Қос танауы суды үркітіп талдап ішер тұнықтан,
Түр-тұлғасы түсе қалған сыяқты еді бұлттан.
Мен жылқыны жақсы көрем, мен жылқы деп айтқанмен,
Ол өзінің шапқан кезде жылқы екенін ұмытқан...

Қыз бен көктем

О, бәлі, он сегізге жасың келіп,
Қынама бел қыз болдың қасың керік.
«Боташым да бойжетіп қалды ғой» деп,
Әжең отыр әр талдан шашыңды өріп...

Алма ғой деп айтып жүр, ел сені үзген,
Ал қанеки осыған келісеміз бе?
«Қаншаға келдің?» десем, қалжыңдайсың:
«Он күн ғана астым, – деп – он сегізден».

Е, баяғы жолменен біздер кеткен,
Сенің де өмір, оңыңды сызды өрнекпен.
Әне-міне дегенше әдемі боп,
Қызықтырады адамды қыз бен көктем.

Би кешінде

Әйтеу бүгін жігіт көп саған ғашық,
Келеді кезегімен бәрі алмасып,
Вальске мен де сені шақырдым да,
Биледік беттеріміз алауласып...

Сәл тартынып күлгенің тым арайлы,
Көрдім мен көздеріңнен туар айды.
Аяғыңа аяғым ілеседі,
Аяғыңды аяғым қуалайды.

Кезегі мына бидің тым қысқарақ,
Далада жауып соңғы... тұр құс қанат.
Ал мен іште айналып жүргендеймін,
Қолыма бір шоқ аппақ гүлді ұстап ап.

Сөйтті де жанға айналды ағаң ізгі,
Адам түгіл қызғанды ауа бізді.
Қалбалақтап қалмадым, көбелекше
Қанатымен ораған балауызды.

Барған сайын тәтті боп бал сары қыз,
Таусылмаса деп тұрдық таңсаны біз.
Жақын ғып жанымызды жатты байлап,
Кірпік құсап айқасқан саусағымыз.

Балғын тәнің – денесі жас баланың,
Құшақтап алуға әттең тәс қаламын.
Бүгін мен сезген болам бүйірінен,
Қытығы қыз баланың басталарын.

Жүрген сауғаң бойыңа ғана сақтап,
Мойының, қойының да тамаша аппақ,
Кеудеме кетті-ау тиіп омырауың,
Жаңа ғана жарылған қауашақтап.

Би бітті, ал шыланды жасқа кірпік,
Есім шықты-ау, емеспін басқаға ынтық.
Сөйтті де сусып қана бір-ақ құшып,
Ақсары сәуле менен қашты-ау үркіп...

Обал-ай, неге ояттың жүректі сен?
Жүрекке салдың неге бір от кісен?
Көкем-ай, онсыз да мен көктемдегі...
Көлдің беті секілді дір еткіш ем...

Қазақ-табиғат

– Ата-оу, менің құлыным қасқа неғып?
– Е, балам, – деді көзін жасқа малып.
Қазақтар табиғат қой жылқысының,
Басынан да жататын бастау ағып.

Әжемнің әр сөзіне қайғы ілесіп,
Атам отыр ақ құла шайды көсіп.
Ал ақбоз ат жайылған жапыраққа,
Ағаштардан шашылған айды кешіп...

Кел кәне

Жан екенбіз біріне бірі лайық,
Жақсы көрем, тақпашы мұныма айып,
Мен саған, не сен маған кел қанеки!
Бірімізге біріміз тығылайық.

Бізді өмір сыйғызбайды түсінейік,
Түсінейік, тағдырдың ісі дейік.
Жәудіреген тамшының ішін ойып,
Соған кіріп алайық кішірейіп.

Ескі бақ

Мен сені көп іздегем, таппағанмын,
Қадам бассам анталап қаптаған мұң.
Сағыныштың саулаған хатын кешіп,
Баяғы бала күнгі баққа бардым.

Сені таппай сенделіп тағы адастым,
Күлкіменен көз жасым араласты.
Кеусеген кемпір саусақ жапырақпен,
Сүйегінен жел соққан кәрі ағаштың,
Қасынан тағы өзімді ала қаштым...

Жадау-жүдеу жалаңаш тоңады бақ,
Кеткім келді келмеске жоғалып-ақ.
Уыс-уыс сырғасын шашады ай кеп,
Жетім талға жел шайтан оралып ап.

Жаңбыр жатты бір жауып, бір ашылып,
Неге бардым сол баққа тым асығып?!.
Біздің быт-шыт тағдырды тормен тоқып,
Жалғыз қара өрмекші тұр асылып...

Сеңдей мұң

Сеңдей, сеңдей, сеңдей, сеңдей, сеңдей мұң,
Сеңдей мұңға ақты деші мендей кім?
Ей, адамдар, «өмір сүрдік» дейсіңдер,
Бірақ, бірақ мен сендерге сенбеймін.

Түндей, түндей, түндей, түндей, түндей мұң,
Түндей мұңым барын ешкім білмейді.
Қателескен жоқсыңдар ма, шамасы?
Мен өмірді енді сүретіндеймін.

Ей, бауырым! Сәл тұра тұр, қалғыма,
Түнге қарай өреді екен бар күнә.
Көзің жұмшы! кірпігіңе жыпырлап,
Қап-қараңғы сәуле үймелеп алды ма?
Онда сондай жолдар жатыр алдыда...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар