Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мен туыппын ақпандатқан боранда

07.11.2018 386

Мен туыппын ақпандатқан боранда

Жұмекен Нәжімеденов туралы деректі фильм көріп отырғанда Есенғали Раушанов: «Соңғы 20 жылдықта біздің әдеби дамуымыз орталап қалды, оның обективті және субективті себептері бар, сондай себептің бірі бәлкім бірегейі – ол өзімізден бұрынғы шығармашылық иелерін дұрыс игермеу, ат-үсті, жүрдім бардым қарау, «сиыр құйымшақтатып» өте шығу, оған ол көнбейді...» деген пікірін айтып еді. Расында біз өзімізге дейінгі әдебиетті қай дәрежеде игердік, сүзгіден қалай өткіздік, таза шығармашылық тұрғыдан шынайы бағасын бердік пе?.. Осындай заңды сауалдардың жауабы әлі де екі ұшты. Бізде оқылмай жатқан кітаптан көрі оқылмайтын кітаптар жетерлік. Жұлдызы жарқыраған ақындардан көрі іздеусіз, сұраусыз, елеусіз жатқан таланттардың десі басым. «Құмырсқаның басқан ізі Тәңірге аян» дейтін Ұлы заңдылыққа сүйенсек қара жердің бетіндегі қыбырлаған дүниенің ұмыт қалатыны жоқ, шығармашылықтың заңдылығы да осы жүлгеден алыс емес. Бір дәуірдің ақындарына ұстаз болған Тоқаш Бердияровтан, өтпелі кезеңнің өзегіне қорғасындай құйылған Нұрлан Мәукенұлына дейінгі ақындардың шоғыры сирей қойған жоқ әлі.

Ізтай Мәмбетовтің тұтас шығармашылығын жауһардай жақұт дүниелер дей алмас едік. Дегенмен оның қай дәуірдің перзенті оқыса да елең еткізерлік өлеңдері жетерлік. Оның шуақты, құлантаза, қуатты лирикалары санаңда ұзақ жаңғырып тұрады. Сондай ізгі өлеңнің бірі «Өгей шеше». Сәбит Мұқанов: «Өгей шеше талай заман бойы әдеби шығармаларда жақсы ұғымға ие болған емес еді. Ізтай бірінші рет ол туралы керемет өлең жазды. Онда ол нағыз кісілігі жетіп тұрған әйел өгей шеше бола алмайтынын дәлелдеп шықты» деген еді. Әпкесі Айман Мәмбетова інісі Ізтайды еске ала отырып: «Біздің отбасымызда бес бала болды. Әкем Тілеулі қарапайым шаруа, еңбекқор адам еді. Ізтайдың еңбекқорлығы, табандылығы әкемізге ұқсаған. Анамыз бұл өмірден ерте озды. Ол кезде мен он жетіде, ал Ізтай он төрт-ақ жаста болатын. Ізтайдың анамызға арналған «Арнау» өлеңі бар. Кейін әкем тағы да үйленді. Өгей шешеміз өте жақсы адам болды. Ізтайдың ол кісіге де арнап «Өгей шешеме» деп шығарған өлеңі бар. Балалардың тұңғышы мен, менен кейін өзіммен тетелес Ізтай, шын есімі Ізбасқан, сосын Айжан, Дания, Темірхан. Біздерге де жеке-жеке арнап шығарған Ізтайымның өлеңдері бар. Бір өлеңінде ол: «Біз бір анадан бесеу едік, Өмірдің күнгейінде өсіп едік…» – деп келтіреді. Шын ақынның өмірбаяны өлеңінде деген осы болса керек. Ізтайдың әр өлеңінен өзінің жүріп өткен жолы, өткені мен бүгіні, көңілдің әралуан сәттері айшықты бейнеленген.

Ізтай ұлы Мұқаңның аруақты аузына ерте ілінсе керек-ті. «Жыл келгендей жаңалық сеземіз...» деген атақты мақаласында Мұхтар Әуезов: «…Бізден арғы кездегі ақындарды қоя тұрып, бізден бергі атақты ақындар мен жас ақындардың бірқатарының шығармаларын алғанда, бұл арада жақсы-жақсы айырма бар, әрине, сонымен бірге олқылық та, кемшілік те бар. Сөз нақтылы болу үшін мен өзім кімдердің шығармасын оқыдым, соларды атап өткім келеді. Сол оқығандарыма сүйсіне отырып, лирика туралы айтатын қорытындым да бар. Мәселен, I. Мәмбетовтен “Жас қанат” жинағының ішінен тәуір деген өлеңдерім: “Жайыққа”, “Өгей шешеме” сияқты өлендерін атап өтер едім...» Мұхтар Әуезовтің осы мақаласы шыққан жылдары Ізтайдың отызға енді келген, «Жұлдыз» журналында әдеби қызыметкер боп жұмыс істеп жүрген жалынды шағы еді. Ұлы адамның ілтипаты ақынның жолын ашып, қанатын бекітіп, қаламын қайрай түскені анық.

Ізтай Мәмбетов шығармашылығының тағы бір шыңы поэма, дастандары мен аудармалары. «Көктемір», «Жыр – Жәмила», «Пушкин мен Әміржан», «Тұңғыш Тоқай», «Пугачев нөкері», «Сал Сары» сынды көлемді дастандары оның суреткерлік шеберлігін, оқиғаларды барынша сұрыптап, тарихи тақырыптарға жан-жақты барлау жасайтын ізденгіштігін әйгілейтін дүниелер. Пушкин мен Лермонтов, Байрон мен Петефи, Жәми мен Петрарко, Шевченко мен Маяковский, Есенин мен Симонов, Дм. Снегин мен Х.Абдуллин туындыларының бірқыдыруын қазақшалаған да осы ақын Ізтай Мәмбетов.

Бұл күнде ақынның туған жерінде Ізтай Мәмбетов атындағы Алға аудандық балалар кітапханасы бар. Ізтай әлемінен сыр шертетін жыр жинақтары қайталай жарық көріп, мерейлі жасы да атаусыз қалған емес. Ә.Ахметов, Е.Ашықбаев, Н.Дияров, З.Қарасаева, Н.Құлжанова сынды әдебиетші қауым Ізтайдың шығармашылығы туралы үзбей жазып келеді. Келер жылы Ізтай Мәмбетовтің туғанына торқалы 90 жыл толмақ. Өзі туған ақпанның ақ бұрқағындай асау жырлары елімен бірге жасай берері сөзсіз.

Ұмтыл Зарыққан,

ақын

Өгей шеше

Анам жоқ! Қалдым жетім, жас моншақтап,
Он төрттен жаңа ғана асқан шақта-ақ.
Көп өтті көңілсіз күн керуені,
Кенет кірдің cен үйге жасқаншақтап.

Жатырқап сонда саған кілт қарадым,
Жабылған болар жайсыз бұлт-қабағым.
Үндемей қалғанымды көрсе-дағы,
Жанына үңілмеді жұрт баланың.

Дөңбекшіп көз ілмедім түніменен,
Жетті деп «Өгей шеше күні» деген.
Елестеп туған анам жарқын жүзі,
Қалықтап кетпей қойды үні менен.

Сәл ұйықтап қалған екем таң алдында,
Ояттың «бар, – деп, –
Ізтай, сабағыңа!»
Дір етті алғаш сонда бала жүрек,
Бір сезім жалт еткендей жанарыңда.

Сан рет шұғыла шашып шығыс таңы,
Апталар айды қуып жылыстады.
Шешіліп сөйлеспестен жүрдік ұзақ,
Әке де аңдамады жұмыстағы.

Ұмытпан інім мені шақырғанын,
Жығылып, жасын төгіп жатыр жаным.
Есімде сен де сол сәт жетіп келіп:
«Апыр-ай, қарағым!» деп аһ ұрғаның.

Мен үнсіз екеуіңе қарап едім,
Тұрғызып, жұққан шаңын қаға бердің.
Сипадың маңдайынан еркелетіп,
Сонда алғаш келді сені ана дегім...

Есімде алыс жолға аттанғаным,
Онда да саған сырды ақтармадым.
Өз анам өскенімді көрмеді-ау деп,
Жанымда жабырқаулы жатты арманым.

Жасырды көз жасымды алагеуім,
Бір сүйіп маңдайымнан қала бердің.
Мен кеттім, ізіме үнсіз тұрдың қарап,
Сонда алғаш іштей сені ана дедім.

Аузынан жырып алып сары шалдың,
Барыңды маған сақтап, маған салдың.
Сағынып жүрдім сені, өзім сезбей,
Жаныңа тез жетуді сан аңсадым.

Өзіңмен көрісуге құмарландым.
Бітердей көңілдегі бар арманым.
Сағынған жас жүректің жалынымен
Сонда алғаш «Анажан!» деп жыр арнадым...

Қуандың өскеніне талабымның,
Қуандым, құрбылардай аналы ұлмын.
Бір ыстық дәстүрі ғой туған жұрттың,
Баламды бауырыңа алып бала қылдың.

Жан анам көз жұмса да ерте менің,
Құрбымның қатарына сен теңедің.
Сен-дағы өз анамсың, өгей емес,
Келеді кеш болса да еркелегім.

***

Мен туыппын ақпандатқан боранда

Кім біледі, бәлкім, әлде содан ба?!

Алақұйын мінезім бар ашулы,

Қапелімде басылам ба, болам ба?!

Өстім еркін ақ боранмен алысып,

Балалығым беттеріне қар ысып.

Асау тайды алғаш ұстап мінгенде-ақ,

Асау желмен кете бардым алысып.

Сол бетіммен өміріңе еніп ем,

Тыныштығың бұзылды бір менімен.

Күшті еді ғой мендегі зор махаббат,

Қуат алдың өзің соның лебінен.

Сүйе алмадың кей ашуды кешіре,

Қоштас күліп, қамығасың несіне.

Бұрқ-сарқ еткен ақ боранды күн болса,

Алғайсың тек сонда мені есіңе.

Жоқ қазір

Қызық қуған қызыр күнім жоқ қазір,

Қызға ұсынған қызыл гүлім жоқ қазір.

Таңды таңға ұластырып ұзартпай,

Тарқамайтын қызулығым жоқ қазір.

Ақ боранмен алысу да жоқ қазір,

Жүйрік желмен жарысу да жоқ қазір.

Бұлт қабақты түйілтіп кеп қалатын,

Алақұйын зәр-ашу да жоқ қазір.

Дос болмаққа ергіш көңіл жоқ қазір,

Қас болмаққа көнгіш көңіл жоқ қазір.

Адалдықты аңғалдыққа апарған,

Бала көңіл, сенгіш көңіл жоқ қазір.

Кейбір дауыс ізгі хорда жоқ қазір,

Кейбір атау сөздік қорда жоқ қазір.

Соның бәрін елемейтін, қыңбайтын

Жастық шіркін біздің қолда жоқ қазір.

Мәмбетовтер

Талайлардың фамилиясы — Мәмбетов,

Жүр өмірде жайраң қағып, әндетіп.

Біреулері көк орманды көбейтіп,

Келе жатыр кең даланы сәнді етіп.

Біреулері баптап тары, күрішті,

Біреулері қайнатады құрышты.

Енді бірі қала орнатып, үй салып,

Жанарынан жақсылық боп нұр ұшты.

Бір Мәмбетов жаудыраған жас әлі,

Аяғын да апыл-тапыл басады.

Бірақ ертең қосу үшін үлесін

Мәмбетовтер шежіресін ашады.

Бір Мәмбетов көзіндей боп көненің,

Аймалайды арман еткен өренін.

Бір Мәмбетов сахнада саңқылдап,

Бір Мәмбетов жазып жатыр өлеңін.

Біз әйтеуір қалыспаймыз басқадан,

Жалғасады кәрі қадам, жас қадам.

Бір Мәмбетов асуы хақ асудан,

Бір Мәмбетов болса егер де аспаған…

Мәмбетовтер ырза қылып өр елін,

Еселейді еңбегі мен өнерін…

Мың Мәмбетов мәртебесін мадақтап,

Бір Мәмбетов жаза берер өлеңін.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: ізтай мәмбетов, поэзия
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар