Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мен жалаңаш қылышпын

18.05.2021 1913

Мен жалаңаш қылышпын 12+

Дұспаныңнан қайтты кегің,

Қайтты есең,

Ақиқатты айтып сапсың

Айт десе.

Қандай бақыт ақын болып туғаным,

Сені ақын деп білер ме едім, әйтпесе!

Әлқисса. Әбілмәмбет ханның алтын сапты қылышы, Абылай ханның апайтөс «Қу жарғақ» (жаудың атқан оғы дарымағаны үшін) батыры, Ер Олжабай Баянауыл баурайында қалмақтармен болған қанды шайқаста көзге ерекше түседі. Қасында жиені Жасыбай батыр бар, мұздай жасақталған қалың қолымен қиян-кескі ұрыс үстінде бауыры Ер Жасыбай қапыда оққа ұшады. Есірген қалмақтың елін таптаған ызасына қосылып, жасындай жарқыраған інісінің опат болуы Олжабай батырдың өзегін оттай күйдіріп, ішін шоқтай шыжғырады. Ашуын ақылға жеңдірген ер жауды айламен алып, бір таудың қуысына қуып әкеп қамап, аямай ойран салады. Шаңға аунатып ұрған, қанға аунатып қырған ұрыс үстінде Олжабайдың қаратамақ қанды найзасы талай қалмақтың басын ұшырып, зәресін зәр түбіне кетірді дейді ескі тарих. Сонда Олжабайдың сұсы мен мысын көрген қандыкөйлек досы Баймұрат батыр: «Енді сәл алқымыңды бас, мұнда саған қаһарын төгер жөнді жау қалмады, дұспаныңды үрей билеп, берекесі қашты, қалған-құтқан, қашқан-пысқан қалмақты маған сауғаға бермейсің бе?»,- деп шылбырына орала кетеді. Сонда әбден ашынған ер: «Жасыбайдай сұңқарымның бір бармағының да орыны толған жоқ қой әлі»,- деп келте қайырған екен... Содан бері қаншама ғасыр өтті. Содан бері қаншама ер «Олжабайлап» атқа қонды. Асып туған асыл ер әлі күнге аруағымен жауын жасқап, жерін қорғап, ұрпағымен ел мерейін тасытып, құтты мекенінің құдіретін танытып жатқандай. Ұрпақ деген аталы сөзді бекер ауызға алып отырғанымыз жоқ. Сол ер Олжабайдың жетінші ұрпағы бүгінде әлемнің аз ғана ірі ақындарының шоғырында тұрған ұлт қайраткері, әдебиеттанушы, тіл ғалымы – Олжас Омарханұлы Сүлейменов. Ол туралы ақын бір жазбасында былай деп жазады: «Менің бабам Олжа батыр дүние саларында менің жетінші ұрпағым ғалым болады депті. Әкеміз ұлды болғанда Олжа батырдың аталы сөзін алып, атын Олжар қойыпты. Екіншісі – мен, Олжаспын». Иә, аруғын судай сапырған Олжабай батырдың дегдар рухы ақын ұрпағының қаламына қонды, жүрегіне бекіді. Ғылымның сөнбейтін шамын жақты. Содан болар Олжас Сүлейменов әдебиет майданына «Арғымақтарын» ойнатып кіріп, «Көтеріл, қыпшақ!» деп ұран салды. «Қыш кітаптағы» көне сөздерді тірілтті. Бар құпиясын бойына бүккен, жұмбағын жаттан жасырған көне түркі топырағын ғасырлар тоғысында қайыра түлетті. Жансызға жан бітірмеседе, рух дарытты. Сол рух даргейімен бірге өзі де биіктей берді. Түрк тілінің елдік мартебесі, күрделі болмысы мен шытырман тағдыры жайлы сөз адамзаттық танымда, уақыт шебін бұзып, жаһандану көбесін сөгіп, әлемдік мінберде еркін қанат қақты. Ол Тұран бірлігі, Алаш ұраны, Қазақ құндылығы туралы иллаһи сөз болатын! Сан жылдық жәбір мен жапа, жаққан жаладан сілкініп шыққан сүмбіледей жарық жыр-жұлдызы болатын! Сойы бөлек сөз иесі – Олжас болатын! Батыр әрі ақын. Ақын әрі ғалым.

Осыдан кейін-ақ «Түркславяндық» белдеулердің шиленісі шешіле түсті. Әуелгі ләмі Ғарыш тілімен шыққан ақын, адамзат жаратылысының түпбастау өркениетін ашуға ұмтылағн «Жазба тіл» атты ғылыми еңбегімен тағы бір жарылыс тудырды. Өлеңнен өлеңге, дастаннан дастанға арғымақ-қаламын жосылтқан ақын, ат басын бір сәт «Қыш кітапқа» тіреп дамылдап тұрған. Тоталитарлық жүйенің қысымына сынбағын, аярлығына тіке қарап, тіл безеген ақын «АЗиЯ» арқылы алты құрлықты сілкіндірген еді. Сол дауылдың екпіні ағаш уықты, алаш кіндікті, аспан текті қазақ баласын әлі де ыстық құндағында әлдилеп келеді. Ол өз өмірімен, өз қайраткерлігімен қатар түрк текті қазақ рухының көркем шежіресін осылай қалап, осылай жалғап, осылай жаңғырта бастады.

«Біздің тарих – тастүнек далада жиі-жиі шабынып өткен шымқай жарқыл. Қаңырап қалған Жетісуда, қамкөңіл Сырдың бойында, қасіретті ошақ басында қаншама сені жырладық. Керенау даланың көзіне күйік болып қанша қала көтерілді, қанша қала сүйенішсіз шаһит болды...».

Сұржебе толы қорамсақ салпылдап ердің қасында,

Есірген гундер қозғалды, қозғалды сонау ғасырда.

Жетісудағы үйсіннің үйлері иесіз қаңырап,

Ошақтар жатты ойсырап,

Аңыра, далам, аңыра!

Ұйқысыз тәулік көбейді, қалғысаң сайтан табалар,

Жетісу жері лапылдап, өртеніп жатты қалалар...

Белгілі түрколог ғалым әрі ақын Асқар Егеубай: «Ақын жырларының шоқтығын әлдеқайда оқшау, әлдеқайда биікке көтеріп түу алыс көкжиектерге бастайтын, жер шарының түрлі түкпіріндегі түрлі-түрлі таным иелерімен таныстырып, табыстыратын шеберлік те, қасиет-сипат та біреу. Ол – адамдыққа табыну! Адамшылдықты қорғау!»,- деп ақын поэзиясының жантамырын дөп басады. Әрине, Олжас шайыр, бұл адамдықтың ақ бұлағын өз бастауынан қанып ішіп, өз топырағының қасіретімен бірге қасиетін де танып біліп, ұлы даланың рухынан жұқтырғаны анық. Ақын өзі бір толғамында: «Қызықты, ерекше тартымды өлеңдер жазу керек»,- деген екен. Ақынның қызықты өлең деп әспеттеп отырғаны да осы өмірдің мыңбояулы беттері. Сиқыры мен жұмбағы. Ғұмыр-дәриясының арғы беті мен бергі беті. Тозбас талғамға жауап бере алатын, уақыт сүзгісімен, алмасқан ұрпақ санасына қашан да жауап бере алатын, ақынның өзі ғана көріп, өзі ғана түйсініп, өзі ғана сезінетін кестелі көріністер, өміршең әуендер, сиқырлы сәулелер болмақ. Олжастағы поэтикалық қуат та, идеялық даралық та, сөздің түптамыры мен энергиясын дөп сезіну қабылеті де, ақынның өмірдің, құбылыстың диалектикасына үңіле отырып, оның қалтарыстарын, қойнау-қатпарларын қалт жібермей оқырман санасындағы тылсымдық ұғымдарды жаңғырта білуі нағыз ақынға тән тектілік нышаны саналмақ. Бұндай парасат пен пайым қашанда ирімі мен жылымы көп адам жанының терең түкпірлеріне үңілуге, оның құпия қабаттарын ашып, тарих шаңы мен сана жадындағы тозаңдарды сілкілеп, өз болмысы мен тұлғалық бітіміне терең үңілуге жол ашады. Олжас жырларының асыл шуағына малынып, сөз қуатын сезінген әрбір оқырман, кітаптың соңғы беті жабылар тұста, өз-өзін табуға, өзіне ғана аян, өзіне ғана жұмбық болмысын табуға тырысары анық.

Олжас Омарханұлының көпқырлы талант екені оның әр шығармасынан, әрбір өлеңінен айқын көрініп тұрады. Оның аса зейінділігі, шебер зергердің күміс ердің қасына нәзік өрнектер салғанындай айшықталып, әсемденіп, бекзаттанып тұрады. Ежелгі түрк мәдениеті мен көне ескерткіштердің тілін зерттеп білуі, соларды зерттеу барысында бойына жұққан дегдар ізгі қасиеттер поэзиясы мен ғылыми-тарихи шығармаларының берік тініне айналып, тұтас болмысының алтын қазығына айналған. Олжас уақыт заңдылығын мәңгілік қозғалыс пен ғұмырлық үйлесім негізінде бағалайды. Уақытты тарих, шежіре, иман мен ынсап деп бағалаған қаламгер, сол уақыт пен кеңістік ішінде жарасым мен үйлесім тауып тұтастана түседі. Поэзиядағы басты ерекшелік – әлелдеу, түсіндіру емес, бедерлі суреттер арқылы мүсіндеу десек, құбылыстың ыртқы формасы мен ішкі үндестігін ерекше айшықпен әдіптеп көрсету Олжас поэзиясының негізгі кредосы болып саналмақ. Осы тұрғыдан келгенде Олжас Сүлейменовтың ақындық қуаты ХХ ғасыр қазақ поэзиясының ұшар биігінде тұр. Ақынның қазіргі заман поэзиясыныа тән көркемдік ерекшеліктер мен стилстиканы тереңнен тартып, жаңашылдықпен байытуы, орыс өлеңі мен қазақ жырының арасындағы поэтикалық ухты қисынды да талант ғұзырында ұштастыруы, оны басқа ақындардан аттың қасқасындай айқындап, айбаттандырып тұрады. Абай, Ілияс, Мағжан, Қасым дәстүрінен түлеп ұшқан ұлттық поэзиямыздың керегесін кеңейтіп, қанатын қатайтып, заман ағысына сай әдебиеттің жаңа ағымдарымен толықтырып келе жатқан талантты ақындар шоғыры жетерлік. Бұл үрдіс қай ұлт, қай халықтың болмасын поэзиясының даму негізі. Аталы топырақ пен асыл арнаның өзегінсіз даму мүмкін емес екені әмбеге аян. Бұл өлең сөздің өрісін кеңейтетін, тарихи ұлттық сананың желісін ұзартатын күретамыр. Сол қасиет пен қуатқа бай топырақта Олжас ақынның өркені жайылып, тамыры бекіп, хас қырандай қанат қақты. Ол бұл күнде Олжас мұзарты – Олжастың парасатты поэзиясы дейтін бөгенайы бөлек атаумен асқақтап тұр. Мұз үстіне жанған алаудай маздап тұр.

Еуропа мен Азияның бай мәдениетін тел емген, екі мәдениеттің поэтикалық мектебінен нәр алған Олжас поэзиясы – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ жырының қайталанбас құбылысына айналды. Өз заманы жаратқан мүмкіндік пен табиғи талантының шыңдалуынан туған Олжас поэзиясы – әлем әдебиетіне қыпшақтың тегеуріні қатты сөз дауылын, Махамбеттің қызыл сырлы жебесіндей өткірліктін, Абайдың тереңдігін, даланың дегдарлығын, жусанның жұпарын ала келді. Осындай бұрқыраған ұлттық бояуға бөккен Олжас өлеңі әлем ақындарының арасынан оны адаспай табуға мүмкіндік берді. Олжастың осынау дала төсінде тербелген бесік жыры, ақынның суреткерлік табиғатына, азаматтық қалыптасуына аруақты әсерін тигізді.

Мен таңсықпын тұяғы мен тұлпардың,

Топшысына қыран бүркіт, сұңқардың.

Құмыраның қыл мойны мен қылышқа

Қашап жазған қайсар жырға іңкәрмін.

Күн бе? Түн бе?

Сен оларға бас ұрма!

Өз басыңнан заман сөзін асырма.

Жұлдызы ойнап шыға келсе көктемнің,

Қас-қағым сәт татиды екен ғасырға.

Қазіргі уақытта оқырман өзгерді. Талғам өсті. Арзан дүние алға шығып, құндылықтар алмасты. Ақын жырлары елмен бірге алмағайып кезеңдерден асып, өрісін кеңейтіп келеді. Әркезде, әрқалай Олжас поэзиясымен қауышқан жаңа ұрпақ, өз Олжасын тауып, өз олжасын танып келеді. Тәуекелшіл күрескер ақынның тәуелсіз ойлары әр буынның көкірегіне өз жолын салып үлгірді. Шеңгелді, құрсаулы қоғамның ой-санасына аянбай ойран салған ақын алапаты, тәуелсіз елінің табиғатымен біте қайнасып, сөз маржанының өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Ақын поэзиясы сұлу, сазды, назым жырлардан өріліп, әлеуметтік, азаматтық даму, көркею мұратының қозғаушысына айналады. Оның поэмаларындағы оқырман ойын тереңге сүйрейтін алуан ақындық өрнек пен рухани леп – Олжас әлеміне тән үздік өнердің үлгісі. Олжас парасат-танымымен, азат санасымен, ақындық һәм азаматтық тәуелсіздікті еліміздің тәуелсіздігінен әлдеқайда бұрын алған ақын. Ол өзінің аруақты, арқалы жырларымен ел ұландарын тәуелсіз, еркін, батыл болуға сөзімен де, ісімен де ерте атқа қонуға шақырған оғылан. Ол осы тұрғысында тілдің, ойдың, сананың, тарихтың, өркениеттің өзекжарды уілінде тұрған ақын.

Қыпшақтардың байырғы даласы, бүгінгі қазақ топырағы жағырапиялық жағынан да, геосаяси тұрғысынан да дүниенің төрт құбыласына бірдей жол тартқан, тарихи жады һәм өркениеттік бастаулар тұрғысынан тоғыз жолдың торабын түйістірген кіндік жұрт. Сондықтан да осы дала тудырған мәдениет уақыт айнасынан еселеніп, айбаттанып көрінеді. Осы тұрғыдан қарағанда Олжас Тұран топырағы ғана тудыра алатын күрделі болмыс иесі. Көшпенділердің көркем ойлау жүйесі мен дүниені кербез, көркем, сәби һәм қайшылықты қабылдау сана құндағында тәрбиеленген ұл. Ол тоталитарлық тар жүйенің қысымын өз есебіне жығып, империялық сасық пиғылдың азабын өз игілігіне жарата білген қаһарман. Ол бар күш қайратын Тәуелсіз отанының тік тұруына, жарық жаһанның жанарына ұялмай тік қарауы жолында аянбай тер төккен қайраткер. Тіл мен тілді жалғаған ғалым. Ел мен елді жалғаған елші. Күрделі де мәнді, тартыс пен таласқа толы ғұмыр иесі. Ол ХХІ ғасыр салтанатында, Көк түріктер түменін бастаған, Көк Тәңірі алқаған Көк перезенті. Ғасыр ғұламасы. Ұлт абыройы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар