Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Мерей Қосын: Галактика шоқтары...

28.04.2017 4793

Мерей Қосын: Галактика шоқтары

Мерей Қосын: Галактика шоқтары - adebiportal.kz

Жер бетінің шаң –тозаңынан шошынған

үлпілдеген үкі қауырсындары көкке қарай

көтерілді.

Ағу

Ақ жұлдыз: Мен тыныс ала алмай бара жатырмын, ақырын жүрсек қайтеді.

Қызыл жұлдыз: Менің сол жағым оң жағымнан ауырлап бара жатыр.

Сары жұлдыз: Мен де сол жағыма қисайып, ыңғайсыз ұшып бара жатырмын.

Көк жұлдыз: Тоқтай алар емеспін, бізді бірдеме тартып барама?

Жасыл жұлдыз: Мен де өзімді тоқтата алар емеспін. Күшім жетер емес.

Ақ жұлдыз: Біз қайда ағып барамыз? Ішімнен нұрым төгіліп жатқандай.

Көк жұлдыз: Менің де жарығым шашылып барады.

Сары жұлдыз: Қап -қара қазан көріп тұрмын. Біз соған құлап бара жатқан сияқтымыз.

Жасыл жұлдыз: Ол не? Бізді тартып бара ма?

Қызыл жұлдыз: Қараңғы боп кетті.

Тартылыс

Қозғалмалы баспалдақтар жоғары шығып, төмен түсіп қарама-қайшылық ішінде сыпайылықпен қызымет көрсетіп жатыр. Таптаған табандардың ауырлығын да, иісін де ескермейді. Елеусіз елдерге ере береді. Таңсәрідегі алғашқы табандардың бірінің бойында жүріп жатқан сезімдері осы елеусіз темірге де байқалды. Оның шаршаңқы, қуарған жүзіне қан жүгіргендей. Қабағы көтеріліп, көздері қарсы беттегі аппақ, үлпілдеген үкі қауырсындарына түсті. Бас жақындаған сайын сұлу қыздың бейнесі көрінді. Ол қыздың көздерінен бас киіміндегі аппақ үкісіндей тазалықты, мөлдірлікті сезінді. Бұл мөлдірлік оның тырысқан ойлардан қураған денесіне қан жүгіртіп жатқандай еді. Бойына төбесінен қуат құйылып жатқандай қызып барады. Оның жанары қыздың басына киген үкілі бас киімі мен қара көздеріне кезек -кезек қарай берді. Сыпайы темір оны төмен қарай тартып, қызды жоғарыға қарай көтеріп бара жатты. Алыстаған сайын қыздың жүзінен салқын жымыюдың ізі байқалды. Бас киіміндегі үкінің әлсіз қозғалысы оның миындағы қатпарланған түйіншектерді шешіп жатты. Қозғалмалы баспалдақтар оны түсіріп тастады. 47 секунд оның дем алысымен бірге ішіне түсіп жайылып кетті. Ол қызды жоғалтып алды. Жоғары қарай мойнын созып, көтерілгіштің баяу қозғалысын күтуге тағаты жетпей аттап -аттап жүре берді. Бірақ таппады. Оңға- солға, жоғары -төмен, басы айналып кетті. Артынан таныс дауыс шақырды. Досының өзімен бірге жүргенін тіптен ұмытып кеткенін енді ғана білді.

Астрономиялық зертхана.

Ол: Туп- тура 47 секунд мен одан көз ала алмадым.

Досы: Біздің бірге оқып, бірге жұмыс жасап келе жатқанымызға он жылдан асқан шығар, бірақ сенің қыз баласына деген ерекше назарыңды бүгін бірінші рет көріп тұрған шығармын. Сенің сандар мен жұлдыздардан басқа бірдеме айтқаныңның өзі қызық екен. Оның өзінде тағы уақытты есептеп үлгіргесің, 47 секунд. Ал, енді...

Ол: Біз таңғы 05:10 жерге қондық. Демек төрт пен жетіге дейінгі аралықтағы барлық бағыттарды анықтап алып, келген кеткен жолаушылардың ішінен қарап көру керек.

Дос: Бұл оңай шаруа емес ғой.

Ол: Әлемде шешілмейтін есептің нешеу қалғанын білесің, ал қалғанының бәріне мүмкіндік бар. Қаржы жағынан алаңдама, тек қызды тапсаң болды.

Дос: Жоқ, менің ойлап тұрғаным, аэропортта тек жолаушылар ғана жүрмейді ғой, күтіп алушылар, шығарып салушылар... қызыметшілер, тағы не бар, сол сияқты...

Ол: Досым, мен 47 секундта не сезінгенімді білесіңбе, мен күш -қуат алдым. Шынымен алғаш рет, мойындаймын...

Досым: Әншейінде мен қыздар туралы әңгіме бастағанымда мойныңды теріс бұрушы едің, енді мойындаймын деп... сенде ұйқыдан енді оянған балапан сияқты.

Ол: Қызыметкер болуы мүмкін емес, оның басында үкілі бас киімі болды.

Дос: Ал үстінде қандай киім болды?

Ол: Есімде жоқ, тек көздері, және үкілі бас киімі ғана.

Дос: Қызық екен, сахнаға шығып бара жатқан адамдай, үкілі бас киімді кімдер киеді, биші шығар. Бірақ аэропортта, эскалаторда кетіп бара жатқан адамның басында не үшін үкілі бас киімі болу мүмкін. Түсініксіздеу.

Ол: Төрт пен жеті аралығындағы болған бүкіл жолаушылар мен қызыметкерлердің аты- жөндері мен суреттерін тап, сосын таңғы 05:20 -дан кейінгі барлық бақылау камерасының видеоларын да алу керек.

Дос: Адам сенгісіз сенің бұл қылығың...

Ол: Қыздың бас киіміндегі үкісі меніңше сол құбылысқа қатты ұқсайды.

Дос: Нені айтып отырсың, түсінбедім, енді, сөйтіп қызды ма әлде басындағы үкісін іздеймізбе оның?

Ол: Екеуі де маған керек.

Дос: Жақсы, болды іздейміз енді, қызды табармыз. Ал қазір маңыздырақ жұмыс бар. Кеше біз Токиодан ұшатын кезде мынандай хат келген ішкі қауіпсіздік бөлімінен, бұл туралы сөйлесуге ыңғай болмай кетті.

Ол қағазға ұзақ уақыт ойланып қарап отырып:

Ол: Сонда үкіметтен тапсырма болып тұрған ғой.

Дос: Ия, бұл кісі өлімі саяси маңызды оқиға сияқты. Сондықтан оларға өте нақты ақпарат керек. Сенің осы уақытқа дейінгі талай қылмыстық оқиғаларды ашуда табысты жұмыс жасағаныңды олар ескеріп отыр. Бізде оқиға болған орындағы өткен уақытта нақты есептеп шығарып бере алатын мамандар тіпті аз ғой. Сен туралы олар өте жақсы білетін болып тұр. Сондықтан бұдан бас тартуға болмайды. Қазір хабарын бере берейін ба, не істейін?

Ол: Жақсы, ал, сен жаңағы айтқандарды бүгін бастайсың.

Дос: Жарайды.

Ол жалғыз қалды. Алдындағы ақ қағаздағы сандармен сөйлесіп отырған оны ашық тұрған ноутбуктегі дауыс шақырды. Бұл Токиодағы әріптес досынан келген хабарлама еді. «Біз қара құрдымның оқиға көкжиегінде пайда болған ерекше құбылыстың неше сағатқа созылғанын есептедік. Екі тәулікке бір сағат жетпейді яғни 47 сағат. Бұл өте үлкен уақыт. Бірақ біз қазір бұл құбылыстың ғайып болғанына күә болып отырмыз, енді қайталана ма, жоқ па ешкім болжап білмейді. Біз Аризона обсерваторясының бақылаушыларымен болатын талқылау жиналысына сені асыға күтеміз. Сөніп бара жатқан жұлдыздарды қара құрдым аузынан арашалауға ұмтылғандай әрекет еткен бұл ғажайып құбылыстың, құс қанаты тәрізді белгісіз аппақ заттардың не екенін анықтауда біздің ұжымға сен сияқты интуициясы жоғары мамандар аса қажет екенін баса айтқым келеді. Конференцияда күтеміз.»

Тағы 47. Бұл сан оның дем алысымен бірге ішіне түсіп, жайылып кетті. Экраннан басын алған ол әрі қарай жұмысын жалғастыра берді. Бірақ енді ол қателікке толы әлемге қауқарсыз күйі кетіп бара жатқан еді.

Досы: Бар тапқаным осы. Демек сен ешқандай ондай қыз көрмегенсің, бұл тек елес. Тіпті жақындарын шығарып салушы не күтіп алушы біреу болғанда да бақылау камерасында көрінуі керек еді.

Ол: Жоқ. Арада бір түсініксіздік тұрғаны анық. Тәңертең университетте болған докторлық диссертациямды талдау барысында ғылыми жетекшім не айтқанын білесіңбе?

Дос: Не? Аспандағы жұлдыздар ғайып болып кетіпті, енді не зерттейміз дейме?

Ол: Ия.

Дос: Сен де бір. Неге тұнжырап кеттің? Не дейді енді?

Ол: Мен шығарып апарған есебімнің қортындысында 47 саны жетпей қалған.

Дос: Сосын?

Ол: Сол. Бітті. Енді қалай іздеймін? Ол адам маған керек. Егер осы қалада тұратын болса...

Дос: Сен айналаңа қарамайсың, ондай қыздың мың миллионын кездестіруге болады көшеден, мен саған тауып берейінші, кешке сыртқа шығып қайтайық.

Ол: Басында үкілі бас киіммен бе?

Екеуі де үн -түнсіз терезеден сыртқа қарады. Өзінен -өзі жатсынып, жатырқай бастаған қаланың шаң- тозаңын үрлеп әлек болған жел бөлмеге де кіргісі келгендей, бөгеліп -бөгеліп кері қайтты. Осы сәтте оған тағы сәттсіз жасаған жұмысы туралы хабар келіп жатты. Қылымыстық оқиға болған жердегі уақытты есептеуде ол бұл жолы 47 минутты артық, үстемелеп беріп қатты жаңылысқанын міндетті орындаушылар оған ерекше баса айтты. Ол өзінің қозғалмалы баспалдақтар үстінде тұрып, дәл осы санға түсірген бүкіл күш- қуатын қайтарып ала алмай жатқанын аңғарды.

Табиғаттың түрлі жаратылыстары мен құбылыстарының кішірейтілген бөлшектері және ондағы сандарға толып кеткен бөлме ішінде оның үзіліссіз жұмыс жасап жатқанына біраз болды. Түннің ортасына айналып, шаршағанын сезіне бастаса да ұйқысы келер емес. Алдындағы ақ қағаздарды шимайлап отыра берді. Тек терезенің ашық тұрған саңылауынан жеткен құстардың таңғы шуы оны орнынан тұрғызды. Таң алдындағы жұлдыздарды көрді. Жарықтың жерге қандай жылдамдықпен келе жатқанын әбден түсініп тұрған ол таза ауада дем алып қайтуды жөн санады.

Күздің қоңыржай салқын иісі оның кеудесін ашып жатты. Үкілі бас киім мен оның иесіне деген шешусіз ойлардан қашып құтыла алмады. Сол мазасыз күйі сары жапырақтар басқан саябақтан өтіп Есілге қарай бет алды. Су иесі Сүлейменнің әлі ұйқыға кетпеген, толқындары тербеліп тұрған шағы болатын. Ол үкілі бас киімді көрді және оның иесін. Бұл өзеннің ешқандай қоршаусыз, ашық жатқан жері болатын. Үкілі бас киімі басында, қыз жағада әлдебір әрекетті қайталап, дайындалып тұрғандай. Жанында жерге жатқызылып қойылған велосипеды тұр, және спорттық аяқ киімі. Қыз үстінде балериналардың арнайы дайындық киімін киген, жалаң аяқ теп- тегіс жер үстінде жаттығу жасап жатты. Бірақ қателесіп, көңілі толмағандай, бір қимылды қайталай берді. Су иесі Сүлеймен сұлу болмысты өзіне тартып әкеткісі кеп қанша тырысса да, қыздың басындағы үкі қауырсындарының киесінен именіп барып, иіліп толқындата берді. Осы сәтте басын артқа қарай қатты сілкіп қалған қыз абайсызда бас киімін жерге түсіріп алды. Бірақ оны алуға асыға қоймады, икемі келмей жатқан әрекетін қайталауға ұмтылды. Осыны пайдаланып қалуға тырысқан су иесі үкілі бас киімді өзіне қарай тарта берді де, толқынның екпіні жағадан алыстатай түсті. Осының бәрін сырттай көріп тұрған ол қызға қарай адымдады. Бірақ әрбір басқан қадамы оны қыздан алыстата түсті. Ол алдыға ұмтыла жүгірген сайын бәрінен ажырай бастады. Осы кезде тек көкжиектен көтерілген күн ғана оның көз алдына бәрін анық әкеле қойды. Су бетінде ағып бара жатқан аппақ үкілі бас киіміне қол созып тұрған қыздың бейнесі оны өзіне қарай тартқандай еді. Ол тағы алдыға қарай ұмтылды, бәрібір алыстай берді. Бірақ қыздың дем алысын естіп, саусақтарындағы дірілді көріп тұрды.

Мәнсіз қара түнекке жұтылып бара жатқан галактиканың миллиондаған шоқарының тағдыры туралы ойланып тұрды ол. Үкі қауырсындары тәріздес белгісіз құбылыстың оларды тағы қорғауға қауқары жетіп қайта оралу мүмкіндігі енді толқындар ішінде кеткендей. 47 санының қамауынан шығуға ұмтылған ол тағы да алдыға қарай адымдай берді.

(Шабыттандырған: Сальвадор Дали «Естегі тұрақтылық», Еra Аmeno музыкасы)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар