Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Мерей Қарт. Бүлдіргенді сүйемін қызыл ерін...

06.08.2019 5212

Мерей Қарт. Бүлдіргенді сүйемін қызыл ерін 16+

Мерей Қарт. Бүлдіргенді сүйемін қызыл ерін - adebiportal.kz

Мерей Қарт

Ақын

Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Төлеген Айбергенов төсбелгісінің иегері.

Республикалық «Алтын тобылғы» әдеби байқауының гран-при иегері.

БІЗДІҢ АУЫЛ

Тарбағатайдың теріскейіндегі өзендер,
құлдыраңдаған әр бұлақ,
біздің Үш Төбеден басталған.
Көне дәуірдің сырын шертетін кезеңдер,
соқпақ-сүрлеулі жон-қырат,
тәлім ұғарсың тастардан.


Қараша келсе, Қаражал жаққа қаз өрлер.
Қош айтысады көл-құрақ.
Қол бұлғап тұрмын асқардан...
Өкпеті және Қызылтас – туған тауларым
сәл ғана кіші Аспаннан!

Әлемнің барлық тау-қырындағы бөрілер,
мұзбалақ алғыр қырандар,
біздің Үш Төбеден тараған.
Ақберлі шыңы күншілік жерден көрінер.
Арқарға пана кіл аңғар.

Маңайы бұта, қараған.

Талды мен Базар – пырағыма шылбыр да болып өрілер.
Шілік-шыбықтар билерін билеп бұлаңдар.
Сайлардан есер самал-ән!
Бөртегүл мен бозқараған қошынан көңіл семірер.
Жазда да түсер тұман, қар.
Боран да тіпті бораған.
Мартөбелерде маралдар кербез керілер,
мөңірер сайдан бұландар...
Өмір көресің Даладан!

Үш Төбемдегі қарияларымның қай-қайсысы да – пірабыз.
Ерлері – дәтті, дуалы.
Хор-қыздары – көркем, бұрымды.
Доланқараның әр сайы – құтты, кіл аңыз,
Ақжайлау – елдің жұмағы.
Шөптеріне дейін үр-үнді.
Әулие құстар қонған балбал-тастардан сұраңыз
Туған Жер деген ұғымды!

ҚАРАЖАЛ

Менің жаным қоштасуға осал-ақ,
Туған жердің тауын жүрмін тасалап.
Қаражалға қағанағын жаруға,
Қара бұлттар көп келеді бошалап.

Ақ бас шыңға бауырларын емізіп,
Бұйра бұлттар жантаяды бел үзіп.
Жұпар жұтып, ер-тоқымды жастанам,
Ақ жусанды айғырыма жегізіп.

Жүрегімде әр нотасы жаңбырдың,
Әр жартаста мұңдарымды қалдырдым
Аспан шешем, бұлтты күні толғатып,
Айлы түнде тауда туған-ТАҒДЫРМЫН.

ҚАРАША

Қоштасу айы – қараша.

Үйренді дәтім Жалғанға.

Мұңның өзі де – тамаша,

Өмірді ұға алғанға?

Адасқақтармыз – біз әлі,

Тағдырдың тармақ жолынан...

Алысқа құстар ұзады.

Еріп кетсем ғой соңынан!

Ыңылдап жүрсе үнемі,

Адамдар,

Мұңға бөленіп!

Кері ақпас уақыт, білемін.

Қоңырлау, сірә, өлеңім?

Шілік те, тал да қалтырап,

Шеңгел де тоңды-ау Түздегі.

Қайыңдарды да, балтыры ақ,

Өкпелеткендей Күз желі...

Қоштасу айы – қараша.

Мен бармын – үміт үзбейтін.

Қызғана сүйем оңаша,

Өмірдің осы қыз кейпін.

* * *

Қаймақ түсті су бетіне,
Қазан демі салқындап.
Күздің жанды суретіне
Құшақ аштым, аңқылдап!

Қайтып әлі үлгермеген
Тырналарды тыңдадым.
Нәзіктік қой -гүлдер деген!..
Таңға дейін жырладым!

Көңіліме саз қонғанын
Қаз-үйректен сезіндім.
Тәтті қыздың назданғанын
Ойлап, әрең көз ілдім.

Маxаббаттың тылсым әні
Күй-кештірді шала мас.
Қайран тағдыр!..
Күншуағы,
Қар..
Жаңбыры аралас!..

***

Бәрін сезіп-білетін бұлт ішінен,

Сыр ұғамын тамшылар күлкісінен.

Содан кейін сімірем дүние-ай деп,

Қымыздықтың саумалын үрпісінен.

Қаңбаққа да қосылам қалбалақтап.

Мойнын созып қарайды паң қарақат.

Күнге тосқан маңдайын әр жуадан

Жұпар ауа жұтамын жанға рақат.

Тошалаға таңданам жүзі керім.

Сабағымнан мен де бір үзілермін...

Сай ішінде жүрегі лүпілдеген,

Бүлдіргенді сүйемін қызыл ерін.

Жусанның да иісіне шала маспын.

Мұңын ұғам мелшиген кәрі ағаштың.

Мен тіпті қасиетті Қара Өлеңмен,

Көңілін де аулаймын Қара Тастың.

ТЕРЕЗЕМ

Тереземді бір ашамын, бір жауып.
Қарамақпал түн келді.
Көңілдегі пәк ойларым бүр жарып,
жұлдызданып үлгерді.

Жыр-бөлмемнің сәл азайтсам жарығын,
сығалайды Ай кезбе.
Темірқазық, сені бірден таныдым.
Пайда болдың қай кезде?!

Қозғалады қоңыр салқын ағыстан,
қарашашым...
Терезем...
Тулатады жүрегімді алыстан,
Ертіс деген өр өзен!

Маңдайымнан алма-кезек өбеді,
мейірленіп әр ағаш.
Көшкен бұлттар тәтті мұңға бөледі.
Сезім кештім шала мас.

Оралдың-ау, тамылжыған таныс үн...
Ұзап кеткен өткен күз...
Жүрегімнің жиілетіп қағысын,
қол бұлғайды Көктем-Қыз !

Түн сейілді, талай мұңды ұрлаған.
Күн – Жанымның ұшында.
Бүкіл әлем сырын айтып тұр маған,
тереземнің тұсында.

ШҰҒЫНЫҚ

Іштей сенің сырларыңды ұғынып,
Күн көзіңнен көкірегім жылынып.
Қала қызы бір иіскеп көрсін деп,
Теріскейден теріп келдім Шұғынық!

Сені көрсем көзімнен нұр шұбырып,
Келбетіңе көп қараймын, сыр ұғып.
Қала мұңын қаққа бөліп қайтеміз,
Дала гүлін иіскеші құнығып.

Ескі күйден, есің, санаң тынығып,
Шықшы қане, шырайлана құбылып,
Құшарлана құшақташы сұлуым,
Құшағыңа толтырдым ғой Шұғынық!

Қырсық қала тұра берсін құбылып,
Таудың ұлы тастан кетпес жығылып,
Пәк сезімнің, парқын біліп ұсынам,
Ақ сөзімнің анты болсын-Шұғынық!

Жаратқан соң, ТӘҢІР таудың ұлы ғып,
Қала қызы адалдықтың құнын ұқ.
Тағдыр деген жауынға да, дауылға.
Үзілмесін жүректегі Шұғынық!

КҮНДИДАРЛЫМ

Көзде - үміт,
Сөзде - сәуле,
Ойда - нұр.
Жүрегімді лүпілдеттің, ұяңым.
Алақайлап жұлдызға бір, Айға бір,
Кең әлемді кезіп кетті қиялым.

Табысқалы...
Алыстады бар мұңым.
Баға жетпес бақыт таптым орасан.
Жадырайды шуақ шашып әр күнім,
Күндидарлы ақ жүзіңе қарасам.

Мына қала екеумізбен сүйкімді,
Көшелер де ән салады көңілді.
Қандай ғажап ғұмыр кешу сиқырлы
және шексіз сүю тылсым өмірді!.

ЖАН-МЕЗГІЛІ

Жандүниемде ауысады мезгілдер,
Жабықсам- Қыс, жадырасам-Жаздаймын !
Сен жымисаң жауқазыным тез гүлдер,
Шарбы бұлттай ыдырайды аз қайғым.

Қабағымнан қар жауғыздым өткенде,
Күншуақты мінезіңмен еріттің.
Бір-ақ сәтте айналдырып Көктемге,
Көңіл ішін гүл жайнаттың көріктім.

Сейіл құрсақ түнемейтін баққа мұң,
Өткінші Күз жапырағын сан бастық.
Алыстасақ-ақ сезімнің xаттарын,
Кеудемізден құс ұшырып алмастық.

Жарқылдатсам жанарымның жай отын,
Нөсерлейді жүректегі ән-сезім!
Жазқұшақты жапырағын жаятын,
Жалғандағы- жалғызымсың, жансөзім!

АҚПАН АЙЫ

Ақпан айы қасқырлардың бал айы,
Тауға кетіп ұйығады талайы,
Түзге кеткен тағылардан босаңсып,
Тынышталар қойлы ауылдың маңайы.

Арыса да қасқырларда жан сірі,
Азуында тағдыры мен таң сыры
Айға ұлып, ант береді түн ауа,
Қосыларда арланы мен қаншыры.

Қасқырларға ақпан қымбат кезінен,
Ажыратар Абаданды езінен,
Нұр таматын азуынан қан тоқтап,
Құртқасына қосылғанның көзінен.

Тістескеннің кететұғын тісінде,
Аямайтын ар алдында күшін де,
Қасқырларды құрмет тұтам тағы да,
Сыңарына адалдығы үшін де.

БҰРМАСАЙ

Дәтіңді мойыл арбаса.
Өмір деп салдым өлеңді.
Өкінген сәтім – далбаса.

О, ғажапбері құлдилап,
Келеді баяу, қыз бала.
Алдынан шықтым ылдилап,
Қара тоғайдан қызғана.

Шолпысы – шолпан-жұлдыздан.
Жүзігі - Күннен,сырғасы - Ай,
Ал, енді мені бұл қыздан
Адастыра көрме, Бұрмасай!

ҚҰМАЙ

(Алтынбас тазыма арнау)

Шақшабас, шашаққұлақ, дөңесмаңдай,
Қабысқы қарыны – жылқы таң асқандай.
Қыранкөз ұмтылғанда аңды көріп,
Алтынбас-адырнадан жебе ұшқандай!

Қос шынтақ – қос қанатқа нұсқа дайын.
Азулы, үшкіл тұмсық, қысқа мойын.
Тіксирақ,
Сарсіңірлі!
Серіппелі!
Жеткізбес ұша кетсе құсқа дәйім!

Шымырсан!
Оюқұйрық!
Қалқанкеуде!
Жотасы жалт етеді желден белге!
Айтырнақ!
Аютабан,
Қылшығы – алтын!
Шалдықпас күншілікке кем дегенде!

Аз-маздау айтқан болдым тазыға сын.
Алтынбас,
Сен ұмайлық қазынамсың.
Қиқулап аңға қоссам жаһан шығып,
Мұң-шерден кеудем толы жазыламшын!

МЕН- АСПАНШЫЛ АҚЫНМЫН!

Көңілімде – үр-тамыз.
Ал, Көгімде – қаз әні.
Күрсіне берсін бұлт-абыз.
Жан-дүнием – жаз әлі!

Тамсандырды таңсәрім,
Қызыр демінен шөп терлеп.
Қиял ұзартты аңсарым,
Қия-құзға бөктерлеп.

Бесқасқам – бек серігім,
Қарсы да шабар қасқырға.
Желге айналар желігім,
Құлынжонның астында.

Арша жақтым,
Аластап,
Жылқыларды жындардан.
Ақылыма адаспақ –
– алқаракөк Түн қорған.

Мендей ешкім кезбеген
Таулар ішін,
Ай үшін!
«Өлең» деген Сөзбенен,
Жұпарладым Ой ішін.

Мен – аспаншыл Ақынмын.
Тәңір тілін түсінем.
Жұлдыз түртіп отырмын,
Құрығымның ұшымен!

* * *


Бұрымыңа қызыл-жасыл гүл өрген,
Бұрын қалай байқамағам сен қызды?!
Көңілімнен бұлттар көшіп!..
Мың ермен
Жұпарының әлеміне енгізді!

Екеуміз де көк құстарға ілесіп,
Көкті кездік, көктем іздеп тұрақтар.
Жерге қонсақ, демімізден гүл өсіп,
Көбелектер жаратылған шуақтан!

Қандай ғажап!..
Көктем келді!
Сен барсың!
Ертіс шіркін, тулап жатыр сең бұзып.
Күн көзіндей - мейірімді дегдарсың!..
Өмір енді басталғандай ең қызық!..

КЕШІККЕН КӨКТЕМ


Қардың әлі сөгілген жоқ көбесі,
Көрінбейді жыл құстары о,несі?!
Көңілді де, көшені де кезіп жүр,
Көк көйлекті Көктем-Қыздың елесі!

Тереземді аяз-демі қыраулап,
Қыр басына қырбақ қонды қылаулап.
Қара кеште, қара өлең жолдадым,
Қарындастың қабағынан мұң аулап.

Көктем жайлы ойлатпайды үскірік,
Қара суық қабырғадан ысқырып.
"Көктем келді, Көктем келді"-дегендей,
Үй гүлдері, қояды әлсін түшкіріп!

БҰЛА ҚЫЗ

Қайран тағдыр!..
Қазбауыр
Бұлттар көшті кіл абыз.
Жанарымда - жазғы ауыл.
Жан-дүниемде - бұла қыз!..


Қошы да ерен түсімнің!
Көңілімде гүл бүрлеп!..
Сүйгеніме ұшырдым
Сөз құстарын бір-бірлеп.


Жұлдыздарды самсаған,
Ой-санама түнеттім.
Айлы мұңды аңсаған
Адасқақтау жүрекпін.


Арманшылмын.
Ал, енді...
Жаңбыр әні жадымда.
Аспан сүйіп төбемді,
Дәт те жудым сағымға.


Мен солайша аңғардым,
Келе жатыр күнә-күз.
Ғашық болып нем бар-ды,
Жындандырды-ау бұла қыз!..

КӨҢІЛІМ-АЙ

Көңілім-ай әр неге шалқымалы,
Тебірентер қаздың да қаңқыл-әні!
Мына қайран өмірдің шын болмысын,
Кім біледі, көргем жоқ бәлкім әлі?!.

Талға қарап, жапырақтар тыраулаған,
Дөңбекшіген жүрегім мұң аулаған.
Көпке түгіл, кәдімгі шөпке де осы
Жетпей жүрген сияқты ұнау маған?!

Пендемін ғой мен де бір, мұңы қалың.
Өз ойымнан суынып, жылынамын.
Сүйгендегі сезімім періште ме?
Қашан соны, шіркін-ай, ұғынамын!

ҚЫЗЫЛ ГҮЛ

Сені ойласам әуелейді ән-сезім,

Қиялымды құз басынан асырдым,
Қызыл тілдің ұшындағы жан-сөзін,
Қызыл гүлдің қауызына жасырдым.

Қызыл гүлдің күлтелері дірілдеп,
Жеткізіп тұр ішімдегі дауысты.
Ерініңмен тым еріне күбірлеп,
Саусағыңмен нұсқап қалдың алысты.

Мен де дереу қарай қалдым күнсалып,
Аққу екен, көз ұшынан ұзады.
Бір сәт лезде көңілімді мұң шалып,
Тәтті ойымды күдік-алаң бұзады.

Қызыл гүлді құшақтадың қымбаттым,
Саған ауған ақыл-есім ауаным.
Жүректегі жасырынған жұмбақтың,
Күллі әлемге жая салшы жауабын..!

АУЫЛ КЕШІ

Маңай толы – май қараған.
Маңдай сипар майда жел.
Қыр басынан Ай қараған.
Қызыр қонған ойда ел.

Қоңыр дала күйін төккен,
Қоңыр тірлік үй-іші.
Мұрын шалар қиыр беттен,
Қоңыр қидың иісі.

Шым-шым терлеп шал күрсінді,
Шөп сурып маядан.
Жұлдыз ақты тағдыр сынды,
Алтын нұрмен бояған.

Суыған ат осқырынды,
Суық кешке дем үрлеп.
Тау күрсінді қасқырүнді,
Қырау түсті шегір көк.

Әңгімешіл аңшы жігіт,
Құз жаңғыртқан күлкісі.
Қолында бар қамшы-құрық,
Қырға сіңді жылқышы.

Ғашық жанда күбірлесіп...
Жас жүректе – гүл-қауыз.
Ауыл кеші ғұмыр кешіп,
Алаулаған жыр нағыз!

МІНЕЗ-МАУСЫМЫ

Сүмбіл шаш теректер ақүрпек,
мамығын маусымға ұшырар.
Жапырақ мінезін сәл үркек,
кеудемде ұғатын кісі бар.

Санамнан ұшырған әр күні,
құсқа да айналар өз-ойым,
Көбелек қанаты арқылы,
жадыма көшірдім жаз айын.

Ақ нөсер – тәтті күй, ғажабым,
сіңірді мөлдір мұң қаныма.
Аралар гүлдердің тозаңын,
жинайды ақыл-ес бағыма!

Ызыңы мұңдылау көк шыбын
Көңілдің қылына қонады.
Жанымның жұбатып өксігін,
жұлдызды үмітім жанады!

Кербез Ай көркінен толқыдым.
Көкейде қауызын гүл ашты.
Кешегі құралай салқыным
қып-қызыл аптапқа ұласты...

ШУ АСАУ-ӨМІР!


Шу асау-Өмір,
мойныңда кетті құрық күн,
Арқан айлардың
ұшынан ұстап сыр ұқтым,
Қарғып мінгенде
тарпаңнан тақым тайдырмай,
Жүген жылдардың,
тізгінін тартып тұрыппын.


Бас бермей маған,
әкеттің тау мен жыраға,
Тулаған өмір,
тізгінге көніп тұра ма?!
«Талса да тақым,
қалса да қолың қарысып,
Жабысып жалға,
жалғанда сірә құлама»


-деп Атам маған
жігер мен жалын құятын,
Құладым талай,
дуылдап бетте ұятым,
Тарланбозымның
тұяғы басқан кең өлке,
Жұдырықтай-ақ,
жүрекке шіркін сыятын.

ЖАСЫБАЙ

Жасыбай көл- сағыныштан жаралған,
Көз жасындай
жәудіреген көп қыздың!
Тулап-тулап алатұғын әр алуан,
Тұла бойдан толқыныңды өткіздім.

Мінезің бар, жар соғатын жасқанбай,
Желпінесің жел-есерге ілесе.
Кейде – бұлтты,
Кейде ашық Аспандай
Мөлдірейсін.
Түнересің біресе!

Қалықтаған күз әуені – маңайың.
Ұғар кім бар, тылсымыңды түсініп?!
Беу, Жалған-ай,
Бозарыпты самайың,
Қазан соңы құстарыңды ұшырып.

Күрең-қызыл, жасыл түспен көмкерген,
Ай таранар таң ғажайып айнадай,
Жасыбайым,
Жұпар жұттым өлкеңнен,
Өткінші мұң өкінішін ойламай.

Төңірегің – қызқарағай сыланған.
Құбылады қайыңдар да ақ балтыр.
Бусанады таудан түскен тұманнан,
Мұңдас болған, сырлас болған мақпал қыр!

Қиялымды Құз басынан асырған,
Тұңғиғың-ғажабың ғой, Жасыбай!
Қозыкөш жер ұзағанда қасыңнан,
Көңіл көзі төге берді жас ұдай.

МУЗА

Музамның маңдайында
нұры бар жарық Айдың!
Талдырмаш тал бойынан
табылмас тарыдай мін.

Музамның көздерінде –
– көңілдің тазалығы.
Сөйлеген сөздерінде –
– ғаламның ғажап үні.

Музамның еріні де
балауса бал татыдың.
Сезімнің көрігіне
шіркін-ай, сан балқыдым...

Музамның ақбілегі
мойныма оралады.
Құшқанда,
отты лебі
бойыма таралады.

Музамның тамағында –
– көктемнің жұпар демі.
Кіршіксіз жанарында
толқиды Бұқар көлі.

Қос жүрек үндесуде.
Періштем, пәктігі – жыр!
Музаммен мұң кешу де –
– тағдырлы тәтті ғұмыр!

КӨЗҚАРАСТЫРУ

"Көз қарастырайық"-дедің де,
От жанарыңды қададың.
Шарпыған жұпар демің бе?
Өртеніп іштей барамын.

Көзіміз таймай, түйісіп,
Қайқы кірпігің тұр қатып.
Өзіңмен ойша сүйісіп,
Оңаша қалу – бір бақыт.

Мойылдай мөлдір қарашық.
Сүңгідім.
Ойлы тұңғиық.
Тілсіз де, ымсыз жарасып,
Ішімде сөнді мың күдік.

Көзіңнен көп сыр оқыдым...
Жас іркіп қалдың несіне?
Арбайды сезім-ақылың,
Көктемді салып есіме!

Кірпікті қақтың шыдамай,
Кіршіксіз тамшың сырғанап.
Төбеден төнген шұнақ Ай,
Төрелік айтып тұр қарап...

ҚҰБА ШЫҢ

Маңдайын мұзды қар басқан,
Қара-ала бұлтпен арбасқан,
Найзадай ұшы Көк асып,
Найзағай-отпен жалғасқан.

Қасқайып тұрған құба шың,
Жаңғырмай, іштей тынасың.
Жадырап жетсем, – жатсынып,
Құлазып келсем, ұғасың!

Қыран ұшырған құба құз,
Қойныңда алуан бар аңыз.
Алшаңдай басып мен кеттім...
Алшақтау қазір арамыз.

Өзіңнен туған бел бала
Мен едім.
Көңіл – кең дала!
Төбесін Күнге сүйгізген,
Тәңірге жақын сен ғана!

ҚҰСҰЙҚЫ

Ақкөңіл Ай, әр сәулесі сыйқырлы,
Жұлдыздар да қуланады сүйкімді.
Маужыраған бақ ішінде ұрлаттым,
Ащы мұңды және тәтті ұйқымды.

Қара мақпал, қызықтап түн ортасын,
Үміт күтіп, таңға иек артасың.
Ояусың ғой, құсұйқылы қарындас,
Сен де, сірә, жалғыздықтан қорқасың!..

Көкейіңде мейірімді сөз бүрлеп,
Елесіңмен елітесің көз күрмеп.
Кейде жылы, кейде суық кейпіңмен,
Ой ішінде тез соласың, тез гүлдеп.

Кім осындай қайшылыққа кінәлі?
Ешкім айтпас,
Ашылмады сыр әлі.
Түнемес-ау, қырсықтығың себепсіз,
Арамызды қаққа бөліп тұрады.

Қалауыңның дәл басатын тамырын,
Қасиетім аз.
Айналамның бәрі – мұң.
Саған қарай ұшам дейді жүрегім,
Сезесіңбе, ұғасың ба жарығым?!.

Кірпіктерің байланбаған,
Жатырсың...
Кім деп соқты, жүрек деген ақылшың?!.
Таң атқанда, қызды–мұзға айналтқан,
Өмір - сен де қатыгездеу ақынсың!

Алдымыздан бақыт күліп тұрғанда,
Менмендіктің қажеті жоқ, бұлдан ба.
Сәтін салса, татуласып кетерміз,
Қайырлы таң !
Шуақ түсті бұл маңға...

АУЫЛДЫ АҢСАУ


Қайтемін, қалада үйім.
Шертемін дала күйін.
Сыртымнан күн күлгенмен,
Ішімде ала құйын!

Жылқысы шұрқыраған,
Жусаны бұрқыраған,
Тым ыстық көрінеді
Ауылдың жұрты маған.

Қаладан аласұрам,
Кетпейді жарасып ән.
Тарпаңдау жүрегімді,
Тағы да таң асырам.

Қаладан іш тарылды,
Ұмыттым құштарымды.
Сен жаққа ұшырамын,
Сағыныш құстарымды!

Толтырды шерді қалаң,
Аңсауды берді маған.
Қиялмен тауға шығып,
Түсімде сергіп алам.

Жүректе жаңбыр әні,
Тау мұңым жаңғырады.
Қаладан, қайырымды
Күтемін тағдыр әлі!

МЕЛАНХОЛИЯ

Жегідей жейді кей мұңым,
Ішімнен жүрмін кетіліп.
Келмеске кеткен күндерім—
секірген секек кекілік!..

Жастығым өтіп барады,
Ілесіп дүрмек-дүбірге.
Жер беті-қайғы аралы,
Толқыған шері іңірде.


Жаншыды жанды құз құлап,
Құлазып жүрмін өмірден.
Санамды мың ой сызғылап,
Миымды күдік кемірген.

Мейірім оты жоғалған,
Қоғам да кердең, ашулы.
Қайда бастайсың о, жалған?,
Тау-тасқа соғып басымды.

Торланған тұман төбемде,
Көкжиегім де кең еді.
Бәймәлім басқа Әлемге,
Ұшып-ақ кеткің келеді!!!

* * *

Жер тарпыса, желқанат күрең дөнен,

Тағылығым ұстайды, тарпаңдығым.
Құлағынан басып ап, жүгендеп ем,
Құрысынан жазылды арқам бүгін.

Күлік мініп, қосылдым қиқуға сан,
Ғажап сонда әуеден күй тыңдасаң!..
Түнде жұлдыз түрткілеп кірпігіммен,
Тасбұлақтан сусындап ұйқымды ашам.

Гүл иіскеймін.
Иісі – тәтті мұңды,.
Жылқышы-құс естіртер пәктік үнді.
Ай астында арланға шалма тастап,
Ат үстінде басамын аптығымды.

У-шуына еліріп бөрілердің,
Бұ маңайда дәл мендей желігер кім!
«Дүние-ай!..» деп жатқанда аһ ұрып бір,
Желкесінен Доланның көрінер Күн!

Күн самалы менің де тынысым ба?!..
Қызғанбаспын өзгенің ырысын да.
Туған Жердің, өлеңмен өмір кешем,
Әлемнен де жарық бір бұрышында!

Адасу...

Көк тұманға қамалсаң,

Естімейді тау керең.

Жартас болып жаралсам,

Жаңғырмай-ақ, ау дер ем!

Іште толған шерімнен,

Ызғырық жел үдейді,

Нәзік болып көрінген,

Жапырақтар үрейлі

Бір шетіне Баспанның,

Жетті жирен жорғалап.

Жұлдыз көзін-Аспанның,

Ағызып жүр жарғанат.

Жиренімді жел бүріп,

Жер ортада тоқтадым.

Көк жүзіне телміріп,

Темірқазық таппадым.

Күреңімді күрмедім,

Күдер үзіп Аспаннан,

Менің алғаш сүрлеуім

Адасудан басталған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар