Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

30.03.2022 3536

Мифологизм табиғаты 12+

Мифологизм табиғаты - adebiportal.kz

Қазіргі заманғы әдебиет пен өнерде миф жалпы мәдени құбылыстың феноменіне айналды. Мифология әдебиетпен генетикалық тұрғыдан байланысты болғандықтан көркем әдебиеттегі мифопоэтикалық потенциал маңыздылығын мифообраз, мифосюжет, мифометафора және т.б. элементтер негізінде байланысады. Зерттеушілердің көпшілігі қазіргі адамның болмысын зерттеуде (филологтар, философтар, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар, саясаттанушылар) оның дүниетанымы мен ойлауын неомифологиялық жаратылысқа жатқызады. Ғалым В.П. Рудневтің айтуына қарағанда ХХ ғасырдағы миф (және бірінші ХХІ ғасырдың онжылдығын қосқанда) қазіргі адам санасының ерекше күйіне байланысты маңызды мәдени категориялардың біріне айналды дейді. Мифтанушы шетел ғалымдарының бірі американдық ғалым Дж. Уайт пікіріне сүйенсек: «Мифті кең мағынасында қарастыратын болсақ, оның көркемдік жүйесі бірыңғай ескерткіштер жиынтығынан, немесе тобынан құралады. Мифологиялық шығармалар сөз өнеріне жататын шығармалардан құралғандықтан, ең алдымен оның ерекшеліктері мен заңдылықтарын, поэтикасын зерттеу керек... Ал, мифтік поэтика дегеніміз – көркемдік нысананы, сезім мен ой сырын ашу үшін қолданылатын тәсілдердің жиынтығы, қысқарта айтқанда – оқиғалық және идеялық нақты мазмұнмен бірлікте алынған форма», - дейді.

Ал мифтанушы ғалым Сейіт Қасқабасовтың айтуына қарағанда: «Аңыздар тобына кіретін жанрлардың басты ерекшелігі – олардың көркемдік жағынан қарапайымдылығы мен тыңдаушыларды барынша иландыратындығында. Бұл – біріншіден. Екіншіден, аңыздық проза жанрларының бас нысаны – ғибрат, білім беру, яғни олар танымдық қызмет атқарады», - дейді.

Біз тек мифті коммуникативті бірлік ретінде қарастыратын болсақ, орыс филологы және мәдениеттанушысы В.М. Пивоева мифтің толық маңызды және өзара ерекше компоненттерін атап көрсетіп, оларға:

1) миф ежелгі идея ретінде әлемді игеру тәсілі;

2) миф сюжет және діннің дербестендірілген догматикалық негізі;

3) арнайы функционалды және идеологиялық тұрғыдан ойластырылған ежелгі мифтер, негізінен көркем образдарға айналды;

4) мифтер жаппай күнделікті сананың салыстырмалы тұрақты стереотиптері, ежелде ақпараттың жеткілікті болмауына байланысты сенім деңгейі жоғары болуына әсер еткен;

5) мифтер мақсатты түрде әлеуметтік сананы қалыптастыру үшін қоғамдық идеологияны насихаттаушы ретінде пайдаланылған» - осы аталғандарды жатқызады.

Ғалым О.М. Фрейденберг өз зерттеуінде: «Миф тек қана таза түсінік күйінде, я болмаса тек таза әңгіме түрінде кездесе бермейді. Демек, мифология дегенімі мифтік әңгімелердің жиынтығы ғана емес. Кейбір мифтік түсініктер әңгімеде емес, ырымда ғана бой көрсетеді. Тіпті көп жерде миф пен басқа фольклорлық прозаны ашып, айырмайды, себебі миф тарихи негізі бар аңыз, хикая тіпті ертегі сипатта да баяндалған», - дейді. Сондай-ақ, әр түрлі ғылыми мектептердің өкілдері (психоаналитикалық, ритуалды-мифологиялық, этнографиялық, құрылымдық және т.б.) мифтің әр түрлі қырларына назар аудара отырып, зерттеген. Мысалы Б.Раглан (Кембридж дәстүр мектебі) мифтерді ритуалдық мәтін ретінде қарастырса, Е. Кассирер (мифтің символдық теориясының өкілі) мифі мәдениеттің символдық бір түрі ретінде зерттеген. Ал, ғалым Юнг мектебінің өкілі Дж.Кэмпбелл мифті адамзаттың бар тарихындағы шабыт көзі деп есептеген.

Әдебиет теориясы мен тәжірибесіндегі ежелден бар тағы бір өзекті мәселелердің бір әдеби шығармалардың мифологиялық дәстүрмен байланысы. Архаикалық мәдениетке тән әлемді мифтік модельдеу жүйесі, белгілі бір мәдениеттің деңгейі ретінде ежелгі дәуірден сақталған. Әдебиет әлемді мифтік модельдеу жүйесімен генетикалық және тілдік көркемдік құралдар арқылы байланысады. Ғалым Э.М. Мелетинскидің зерттеуіне сүйенсек: «Мифтік поэтика мифологияға саналы байланыс жасаған кезде, ерекше мағынаға ие болады және көркемдік құрал ретінде қолданылған «мәңгілік» психологиялық көріністі білдіретін құралдарды ұйымдастыру кем дегенде тұрақты ұлттық мәдени модельдер мен арнайы ритуалдық-мифологиялық мектептің пайда болуы мифтік поэтика деп аталады», - дейді.

Әдебиет тарихынан бүгінгі күнге дейін мифологиялық дәстүр үзілмей келеді. Мифологиялық сюжеттер мен образдар көркем әдебиетте жиі қолданылады, сондықтанда бүгінгі көркем проза құрылымдық жағынан мифке ұқсайды. Ғалым В.П. Руднев атап айтқандай, мұндай мифологиялық құрылымның басты белгілеріне «циклдік уақыт, яғни топтасқан желіге негізделген көркем шығарманың түрлерін, иллюзия мен шындықтың арасындағы ұғымды жеткізу көзделген. Мифологиялық кейіпкерлер, детальдар, құдайлар мен батырлар бейнесі бүгінгі әлемдік әдебиетте көрініс тауып жүр. Кейде қазіргі жазушылар мифологиялық дәстүрге ұқсас өзіндік ерекше мифологиялық сюжеттерді де ойлап табуда.

Ф. Ницше: «Мифсіз, кез-келген мәдениет өзінің табиғатын, шығармашылық сипатын жоғалтады. Мысалы, қиял мен Аполлонияның барлық күші тек мифтің арқасында мақстасыз адасудан сақталған», - дейді. Кез-келген әдебиет белгілі бір мәдениеттің туындысы және осы мәдениеттің негізінде мифологиялық құрылым көрініс береді. ХХІ ғасырда тарих, мәдениет және тұлға туралы түсініктер жаңа жолмен қайта түсіндірілуде, жаңару бейсаналық және миф//неомифтік тұрғыдан қазіргі авторлардың шығармаларында маңызды тенденцияға айналған. Олар мифоаналогиялық ойлау жүйесі қалыптасқан сананы болмыстың ең терең жақтарын алып көрсетеді. Қазақ әдебиетінде мұндай шығармаларға. А.Жақсылықовтың, Т.Әсемқұловтың, Р.Сейсенбаевтың, А.Нұрпейісовтің, Т.Әбдіковтің еңбектерін жатқызуға болады. Олардың шығармаларында өткен мен бүгінгінің жаңа болмысын, дәстүрмен түсіндіріп, ашып көрсететін мифопоэтиканың жаңа нұсқалары бейнеленген.

Ф. Ницше: «Мифсіз барлық мәдениет өзінің табиғи күшінің шығармашылық қабілетін жоғалтады... Қиялдың барлық күші тек миф арқылы құтқарылады және адасудан сақтайды» деп ұтымды пікір білдірген. Зерттеушілердің еңбектіріне сүйене келе, миф ең алдымен әлемнің және адамдардың шығу тегі туралы түсінік екеніне көзжеткізуге болады. Орыс ғалымы С.Ю. Неклюдов миф әрқашан өткенді әңгімелейді, әлемдегі, қоғамдағы, адамның жеке өміріндегі өткен оқиғаларды негізге алады. Мифте қашанда адамзаттың өткені әңгімеленеді және ол болашаққа мысал болып табылады. Сондықтан, ежелгі грек мифологиясында пайда болған «алтын ғасыр» деп аталатын ұғым, өткен ғасырда үйлесімді әлемдік тәртіп болған деп есептеген. Өткен дәуірді «жақсы күндердің» естелігі болса, ал қазіргі кезеңді құлдырау мен жалпы деградация уақыты деп санаған. Мифтер адам өмірінің барлық салаларына қатты әсер еткен және әсер ете беруде. Бұл факт (бір уақытта олай болған жоқ) тек дінге сенушілердің ғана емес, сондай-ақ материалисттер де тарих кезеңдерінің өзгеруі мифтер мен діндердің өзгеруіне, дін және мифологиялық сенімдердің өзгеруіне әкелді.

Мифология және жазба әдебиет

Мифологиялық сана дегеніміз, бірінші кезекте ғаламда пайда болған адамның алғашқы ұғымдары. Екіншіден, мифте «алғашқы адам» табиғи құбылыстар мен тіршілік арасындағы айырмашылықты көрмейді және танымайды, ол оларды анықтайды (жануар мен адам арасындағы). Яғни мифтегі қарабайыр адам антропоморфизирлейді, қоршаған табиғатты ізгілендіреді, қоғамдық тәртіп орнатады. Нәтижесінде табиғи құбылыстарға жан бітіді, әлеуметтік және жеке байланыстар мен қатынастар байланысқа түседі. Осылайша, мифологиялық ойлау жүйесі синкретті болып табылады, яғни ол әлемнің материалдық және идеалды жақтарын бөліп қарастырады.

Ал мифологиялық образдар, мотивтер мен сюжеттер – мәдени әмбебап құрылым, ең алдымен бұл психоаналитикалық әдебиеттану да қарастырылады, мұндағы образды-ассоциативті ойлау жүйесі ежелгі архетиптер негізінде жатыр. Осы терең деңгейде миф поэтикасының символизациясы орын алады, адамның және оның тағдырының мінез-құлқын аллегориялық түсінігі мәдениет арқылы көрініс табады. Ассоциациялардың архетиптік негіздерін анықтау шығарманың мотивациялық талдаулары мен таңбалар қатарын құрайды. Архетип (грек тілінен: прототип, парадигма, идея-сезім), «протофеномен» – мифтер мен мифтік шығармалардың жанрларын талдауда қолданылатын тұжырымдама. Алғаш рет бұл ұғымды енгізген ғалым – К.Г. Юнг. Архетиптер – бейсаналық түрде қиялды жүзеге асыратын образдар схемасы деген анықтама берген. Бірінші кезекте архетиптерді мифтерден, ертегілерден, діни нанымдардан, армандардан, галлюцинациялардан және әдеби мәтіндерден анықтауға болады. Алайда, архетиптер ұрпақтар мен жеке адамның тәжірибесі негізінде берілетін матрицалар, образдар схемасы, психикалық құрылымдар болып табылады.

К.Г. Юнгтің пікірінше, миф адамзаттың ойлау жүйесінің ең ежелгі формасы, демек архетиптер, мифологиялық образдар мен тәжірибелердің ең көне этникалық топтары қалыптастырған. Осылайша ғалым К.Г. Юнг жалпы адамзатты санасыз, ессіз қалыпта басқару мүмкін емес, керісінше саналы басқару үлгісі халықтардың және жеке тұлғаның тағдырын қалыптастырады деген тұжырымыға келеді. Ұстанған ұраны: «Ерік бар жерде, жол бар» - бұл қазіргі адамзат өкілдерінің де сенімі.

Мотив - (фр. motif, нем. motiv ал лат. moveo - қозғалыс) – сюжеттің негізгі бір бөлігі болып табылатын көркем мәттінің нақты элементі, шығарманың тақырыбы және концепциясының құрылымына негізделген қарапайым тұтас семантикалық бірлік. Миф пен фольклордағы мотивтің қызметі сан түрлі шығарманың нұсқаларында беріледі, өйткені мифпен фольклордағы шығарманың бір ғана нұсқасы болмайды. Мысалы ғалым А.Н. Веселовский «Поэтика сюжетов» деп аталатын зерттеуінде, мотивтер «қарапайым оқиға формулалары» олар бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі өмір сүру жағдайлары бар ежелгі халықтарда қалыптасқан. Мотивтің минималды формуласында өсу, өзгеру, даму бар. Осылайша мотив сюжетке айналды» деген. Ғалым көркем мәтіннің мотивтер жүйесін сюжеттер, оқиғаларлар желісі құрайды деп көрсеткен. Ал ғалым, фольклортанушы В.Я. Пропп мотиф фольклорлық мәтіндегі көп нұсқалы модель деп тұжырымдаған. В.Я. Пропп ертегі жанрындағы шығармалардың мотивтерін жіктеген, оған: ертегілерде жиі кездесетін кейіпкерлердің 7 түрі (батырлар, жалған кейіпкерлер, көмекші, кесірін тигізуші, сыйлаушы, жіберуші, батырдың қалыңдығы) 31 мотивтің себептерін анықтайды (тыйым, жоғалып кету, бұзылу және т.б.). Осы схема негізінде құрылымдық және семиотикадағы инвариантты мотивтердің модельдері жасалған.

Мифте әлемнің пайда болуы хаостың кеңістіктегі өзгеруіне, формасыз су элементінен құрлыққа, одан кейін аспанның жер бетінен бөлінуіне қарай ауысу сияқты көріністер арқылы бейнеленген. Хаос күштерімен күрес құдайлар ұрпақтарының арасындағы күрес түрінде болуы мүмкін (Гесиодта). Ғарыштың пайда болуы көбінесе жұмыртқаның немесе құдайлар өлтірген гуманоидтық тіршіліктің өзгеруі ретінде бейнеленген. Жұмыртқадан Ра мен Птах, Мысырдың құдайлары, брахма, қытайлық Пан-Гу шығады деген сенім қалыптасқан. Ведиялық мифологияда Ғалам Пурушаның денесінен – ​​мың басы, мың көзді, мың аяқты алғашқы адамынан жасалады. Пурушаның аузынан құдайлар діни қызметкерлерді, жауынгерлердің қолынан және т.б. адамдардың топтары пайда болған деп сенеді. Кейде мифтерде жер жануарлар түрінде пайда болады (мысалы, алып мозан түрінде – Сібір халықтарының арасында). Ғарыштың ең көп таралған мифологиялық моделі – бұл ғарыштық ағаш түріндегі «өсімдік» моделі.

Мифологиялық образдарға жалпылама атау тән. Мысалы мифологиялық кейіпкерлер әйелі, балалары, бүкіл мифологиялық тіршілік иелері бір атпен аталуы мүмкін. Мифтің полисемиясы, ассоциациясы жазбаша әдебиетте, атап айтқанда, қазіргі әдебиетте қолдануға өте ыңғайлы болып табылады. Мифологияның жойылмай, сақталып қалуының бірден-бір себебі шығармаларда туылу мен өлім, тағдыр т.с.с құпиялар «мәңгілік» ұғымның негізіне шоғырлануымен түсіндіріледі. Бұл ретте мифология әдебиетке ертегі, батырлық эпос (мифпен байланысты), сондай-ақ бейнелеу өнері, ырым-тыйым, халықтық фольклор арқылы әсер еткен. Осылайша әлем әдебиеті сатысының тарихында мифологияның әсерін байқауға болады. Мысалы, мифологиялық дүниетанымның әсері алғаш грек трагедиясының (Эсхил, Софокл, Еврипидтер) оқиғаларында көрініс тапқан. Орта ғасырдағы әдебиеттерде пұтқа табынушылық мифологиясы және (негізінен) христиан дінінің ықпалы басым болған.

Халықтық-мифологиялық дереккөздер Шекспир мен Рабелайдың шығармаларынан да байқалады. Барокко әдебиетінің өкілдері де, мәселен сол заманның атақты ақыны А. Гриффиустың және басқаларының өлеңдерінен байқауға болады. XVII ғасырдағы ағылшын ақыны Дж. Милтон библиялық материалды қолдана отырып, қатыгездік себептерін білдіретін батырлық-драмалық туындылар жазған («Жоғалған жұмақ», «Оралған жұмақ»). Мифологиялық дүниетаным классицизм әдебиетінде Корнелл, Расин, ағарту әдебиетінде Вольтердің «Мұхаммед» және «Эдипус» шығармаларында көрініс тапқан. Мифологияға белсенді үндеу романтизмге тән Гелдерлин, Хоффман, Байрон, Шелли, Лермонтов шығармаларынан байқауға болады. XIX ғасырдағы реализм ағымы Л.Толстойдың «Қайта тірілуі», Достоевскийдің «Нақұрыс» шығармаларында мифтік сарынды қолданудан толық бас тартқан емес. Ал XIX - XX ғасырдың басында мифологияға деген қызығушылық арта түскен. Оған әдебиеттегі символисттер өкіліне Иванов, Ф. Сологуб. ​​В. Брюсовті жатқызуға болады, түрлі модернистік ағымдардың өкілдерінде қосуға болады. Миф қазіргі заманғы шетел әдебиеттерінде кеңінен қолданылуда, мұны Дж.Аннике, Г.Гарсиа Маркес және т.б. жазушылардың шығармаларынан байқаймыз.

ХХ ғасырдағы мифтік дүниетанымға қызығушылықтың артуын ғалымдар модернизм өнерімен байланыстырады, бірақ бұл оның мифке деген монополиясын білдірмейді (мифология реалист Т. Маннның жұмысында қолдануды тапты). ХХ ғасыр да мәңгілік бастауларды анықтауға деген ұмтылыс басым (бұл әлеуметтік-тарихи және ғарыштық уақыт шеңберінен шығуды талап етеді). ХХ ғасыр мифологиясының ежелгі мифтің антипсихологиялық табиғатынан айырмашылығы, бейсана психологиясымен байланысты. Оның тілі ежелгі мифтердің тілімен сәйкес келмейді, қазіргі образдар метафоралық түрде қолданылады, ал шығармаларда қолданылған дәстүрлі мифтердің мағынасы жиі керісінше семантикалық ұғымдармен өзгеріске ұшырағанын байқауға болады.

Қазақ әдебиеттануында мифологияның фольклормен байланысын, көркемдік дәстүр жалғастығын, мифология мен жазба әдебиет ара қатынасын тереңнен зерттеп жүрген ғалымдарға С.А.Қасқабасов, Е.Д.Тұрсынов, С.Қондыбай, Р.Б. Бердібаев, К.С. Бұзаубағаров, А.С. Ісмақова, А.Ж.Жақсылықов, Ш.И. Ыбраев, Ғ. Шайнов, З. Наурызбаева, Б.А. Жетпісбаев С.М. Алтыбаев, Т. Әсемқұлов, Э.М. Лулудов, К.Жанабаев, А.А.Жүндібаев және т.б. ғалымдардың ғылыми еңбектерін жатқызуға болады. Әсіресе ғалым Сейіт Қасқабасовтың қазақ фольклористикасымен, мифологиясын зерттеудегі еңбектерінің үлесі жоғары. Ғалым өзінің ғылыми еңбектерінде фольклормен мифологияның байланысын дәлелдей отырып, оның қазақ мәдениетінен ажырамас бөлігі екенін дәлелдеген.

Ғалым мифке байланысты берген анықтамасында, мифтің ұлттық мәнге ие екенін атап өтіп, «егер Еуропада, миф ол құдайлар туралы оқиғалар желісі болса, біздегі мифтік сюжеттерге адамдар мен жануарлар туралы әңгімелер, ата-бабаларымыз туралы тарихи оқиғалар, демиурджалар туралы, жануарлар мен құстардың сипаттамасы туралы аңыздар мифке жатады. Типологиялық тұрғыдан алғанда, қазақ мифтері архаикалық яғни классикалық мифтерге жақын» деген. Біз өз зерттеумізде осы анықтамаға сүйенеміз. С.А. Қасқабасов қазақ халық прозасын жанрлық тұрғыдан екі үлкен топқа бөледі:

1) ертегілік емес проза, оның ішінде мифтер, хикаялар, дәстүрлі аңыздар;

2) ертегілік проза оған жануарлар туралы, қиял-ғажайып, батырлық, новеллалық және сатиралық ертегілер жатады.

Миф – өзіндік орны бар ең көне жанр. Ол дүниежүзі халықтарының барығында кездесетін типологиялық сипатымен ұқсас, сонымен бірге әр қайсысының өзіндік ерекшеліктері де бар. Миф өзінің алғащқы классикалық түрінен дамып шыққан да, тарихи-қоғамдық дамуға сәйкес көркем мифологияға айналып, эстетикалық қызмет атқаруда

Көрнекі сурет: Зейналов Рамин "Ақындар"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар