Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Миығынан күліп: «Мих» дейтін......

11.01.2019 4771

Миығынан күліп: «Мих» дейтін...

Миығынан күліп: «Мих» дейтін... - adebiportal.kz

«Төрт жыл болды сол бейнені көрмедім,

Көрмедім мен, көркем сынын, сөзден өрнек өргенін,

Ән салғанын, тамсанғанын театрда отырып,

Қазылардың алқасында әділ баға бергенін»...

Бүгін – Әшірбек Сығайдың дүниеге келген күні. «Әдебиет порталынан» ұстазым туралы эссе жазуға ұсыныс түскенде әрі-сәрі күйге түскенім анық.

Естегінің бәрі эссе бола бермейтіні тағы бар. Осындай ойдың жетегімен театр поэзиясын пір тұтқан тұлғаның үйіндегі иесіз қалған жазба үстеліне, жеке зертханасына үңіліп көруді жөн санадым.

Алай-дүлей сезіммен Әшірбек ағаның жазу бөлмесіне ендім, үстеліне жайғастым, жан жағыма көз тастадым. «Іңкәр шағы», «Сыр сандығы», «Сахнаға сапары», «Толғамы», «Жансарайы» сөйлеп тұр. Тек өзі ғана жоқ...

Кейде театр фестивальдері мен ақындар айтысы немесе телеарналық бағдарламалардың қазылар алқасынан талғамды ой, қисынды сөз, түйінді тұжырым күтіп... Ееее... Әшірбек Сығай жоқ екен деп ойға батамыз.

Өзінің юморына салып «Ығайлар көп екен, Сығайлар жоқ екен» - дейміз. Өмір ғой, үйреніп келеміз.

Әшірбек Cығайды бала күнімнен танимын десем қателік болар еді. Өз басым жоғары оқу орнына құжат тапсырғанға дейін театр дегеннің не екенін білмегенім рас.

Әлі есімде... Театр туралы жазыңдар деді ол бір топ абитуриенттерге. Қарсы алдымда отырған қырмұрынды, қырағы көздің мысы басқанда бармаған спектакльге бардым деп, көрмегенімді көрдім деп, білмегенімді білдім деп жазу мүмкін емес еді.

Алдымдағы ақ қағазға: «Осы уақытқа дейін менің театрым біздің ауыл болды, ондағы актерлерім сол ауылдың тұрғындары, ал режиссерім сол ауыл тұрғындарын актер еткен өмір екенін кеш біліппін», - деп, қысқа қайырғаным бар.

Осы жазғаным үшін, сөз естірмін деп іштей қобалжып, жанымды қоярға жер таппай тұрмын. Бір кезде емтихан алушы жазғандарымызды оқи бастады. Мынаны кім жазды деп, менің сөйлемімді оқыды. Менмін деуге дәтім бармай, амалсыз орнымнан тұрдым.

«Ничеуо! Бейімделіп кетесің! Ең бастысы өз шындығың бар екен. Біз театр тарихын жатқа білетіндердің талайын қабылдағанбыз. Солардың қайда жүргенін білмейміз. Ал сенің өз шындығың бар екен. Бейімделіп кетесің», - деп айтқанын қайталады.

Солайша студенттік шаққа бейімделе бастадық. Қазақ Ұлттық өнер университетінің 610-шы аудиториясына оның жаңғырыққан дауысы жақындап келе жатқаннан-ақ сөзімізді тиып, бойымызды жиып, сілтідей тына қалатынбыз. Ол аудиторияға кіргенде «Әшірбек Сығай» деп аталатын тылсым күш жан дүниеңе бойлап, жүрегіңнің соғысын жиілетіп, ұйықтап жатқан жігеріңді жани түсетін.

Сол бір жан әлсізбін деп жүргендерге әл беріп, мықтымын деп жүргендердің мысын басатын. Сығай келетін күні кез-келген театр ұжымы аяғынан тік тұрып, етек-жеңдерін жинап, кем-кетіктерін жөндеп, «Ревизор» келе жатқандай реттелетін...

Бұл тылсым күш бір кездегі жас Әшірбектің маңызды мақалаларының, сындарлы сындарының, пайымды пікірлерінің, шұрқыраған шындықты ту қып ұстап, талғамының таразысын, түйсігінің терезесін, қисынының керегесін тұрғыза бастаған шұғылалы күндерінде пайда бола бастаса керек. Бәлкім жазса шебер, сөйлесе шешендігімен тылсым күшті табиғатына сіңірген болар ұлағатты ұстаз.

Апыр-ау, жан баласын баурап алатын сиқырлы күші неде?!. Әлбетте, бұл тылсым күш оның поэтикалық тілінде, шығармашылығындағы мазмұн мен түрдің ерекшелігінде, жаңашылдығы мен әр сөзінің мірдің оғындай ұтқырлығы мен дәлдігінде еді.

Жазса шебер, сөйлесе шешендігімен ел есінде қалған Әшірбек Төребайұлы қазақ театр өнерінің, драматургиясының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Актер мен режиссердің жан-сырын түсініп, мерейін өсіре білген сыншы соңғы жылдары Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде қызмет етті. Төрт жылдай Төребайұлының ұстаздық ұлағатын алып, қарашада қоңыраулатқан күз паравозын шығарып салғанда, ішінде миығынан күліп, «Мих» деп еркелететін Әшірбек ағасының кетіп бара жатқанын сезбей қалған бозбала – осы жолдардың авторы.

«Әшекеңнің шәкірті» деген сөзді ести қалсам жүрегіме тоқ соққандай күй кешем. Ол сөз «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ сияқты мен үшін уақыты келгенде ғана сезіне алатын асу секілді.

Ол сөзді сезіну үшін: Театр тіршілігімен тыныстап қана қоймай, сөзіңмен, ойыңмен ғана емес, іс жүзінде де ізгілікті іс қылмақ керек шығар. Осындайда Павлодар театрының ашылуына зор ықпал етіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры болған Әшірбек Сығайдың үшінші курсты жаңа бітірген өрімталдай өрендерді, театрдан артық қандай дәріс керек деп оқудан босатып, қазақ театрының қамы үшін жасаған қадамы үшін сөгіс естігені еске түседі.

Ол сөзді қолдану үшін: Қойылым көруге келгенде кемшілік іздеп емес, поэтикалық көңіл күймен қабылдай алатын, жалпақ сөзбен актерлік өнерге баға бермей, кәсіби тұжырым жасай білетін, беттен алып, төске шауып, кісінің жеке басына тиіспей, сын этикасына, сын әдебіне ден қойып тек творчествосына қатысты ойларыңды көркем тілмен, байыпты пайыммен, әдемі жеткізу шеберлігін қалыптастыра алатын Сығайлық талғам, Сығайлық түйсік, Сығайлық қисын керек шығар. Осындай сәтте тағы да «актер жанын хрустальға балап, аялаған» сыншы тағылымын, «Сәтсіз қойылымдағы сәтті рөл» сынды сыни еңбектер жазып, шет елдік фестивальдерде режиссура осалдығынан, сын ести алмаған актерлерге сөзін арнап «бұлардың не жазығы бар, өздерінің еңбектеріне жаман болсын, жақсы болсын баға алуға құқылары бар ғой» деп әділдігін кесіп айтқан абыз тұлғаны еске аласың.

Ол сөзді атау үшін: Театр дейтін киелі әлемде күн кешкендердің аманаттарын арқалай алатын өре керек болар. Осындайда Сәбира Майқанова, Қапан Бадыров, Райымбек Сейтметтердің Әшірбек Сығайға аманат қалдырғанын қалайша ұмытамыз?!

Ол сөзді ескеру үшін: Сөз шешендігі мен жүйелі сын айту ғана емес, театр репертуарына бейжай қарамай, сахна үшін, актерлік өнер, режиссерлік қиял өрістеуі үшін әлемдік туындыларды шебер аударатын зейінділік те қажет шығар. Көрнекті зерттеушінің қаламының ұшында күрсініп, жүрегінде сілкінген Жан Мольердің «Еріксіз үйлену», К.Гольдонидің «Күлкілі оқиға», О.Иоселианидің «Арбаң аман болсын», Ш.Роквидің «Мазасыз әжей», В.Ежовтың «Бұлбұлдар түні», А.Шайкевичтің «Әлем алақанымызда», Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай» және тағы басқа танымал драматургтердің пьесалары Республика театрларында қойылып жүр.

Ол сөздің иесі атану үшін: Қазақ мәдениетіне жаны ашитын, театр білгірі ғана емес аталмыш өнердің ауылында кіндігің кесілуі керек шығар. Сондайда сыншының актерлік мамандықты тәмамдап, сол салада ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, актерге де, режиссерге де бағыт-бағдар беріп, ақылшысы бола алғандығына қайран қаласың.

Мен ғана емес, тылсым күшін сағынғандай иесіз қалған жазба үстелі мен жеке бөлмесі де үнсіз ғана сыр ашады. «Шәкірттерім аман-есен оқуын аяқтаса, Алматыма оралам, жазу процесіне отырам, жазар көбейді», - деген екен.

Иә, Өмірге құштар тұлғаның жазары да, айтары да көп еді. Молдабеков туралы кітап жазамын, Мен Дон Укпен кездесемін, Театр тарихы пәнін мектеп бағдарламасына енгіземін деп жүріп мезгілсіз дүниеден озды. Амал қанша? Тағдырға тәбділ бар ма?! Күйінгенмен пайда жоқ, соңында қалған жиырмадан аса кітабын оқып сүйінеміз! Жақсының «Жансарайын» халық көрді. Басшылық қызметте болған кезде, «сөз күшіне сенбесең» деп, талай-талай қайраткердің өз бағасын алып берді. Сөйтті де, сыншылық парызын өтеп өнер иелерінің галереясын жасап кете барды. Себебі, сыншының берген бағасы, сыншының қалдырған қолтаңбасы - асыл мұра.

Аяулы жары Күләш апай Әшірбектің шәкірттері деп үнемі бізді құшақ жая қарсы алады. Сөз зергерінің мұраларын жиыстырып, ұрпақтарын ұйыстырып отырған жаны жайдары жанға іштей алғыс білдірдім! Аз уақыт теңіз-теңіз ойлардың толқынында тербеліп апайға ұзақ ғұмыр тілеп, үйден ұзап барамын. Телефоным тағы да шырылдап қоя берді. «Мих, қалайсың?» деген Әшірбек Сығайдың дауысынан естігендей болып елең ете қалдым. «Парасат» журналына мақалаң шықты деп сөзін жалғады Әшағаңның тұңғышы Қанат Төребай. Көрнекті тұлғаның саналы ұрпақ тәрбиелеп, ұл-қыздарына әкелік парызын, шәкірт алдында ұстаздық міндетін адал атқарғанын алғаусыз сезіммен аңғарғандаймын!

Ал біз болсақ ұстаз салған жолмен жаңылмай жүріп, шәкірттік парызымызды атқаруға бел будық. Өнердің бұралаң жолында ықыласпен іс қылып, адалдықпен амал жасай алсақ жарар еді... Жүрек пен жүйкенің дерті немесе хас сұлудың көз жасындай театр өнері барда, Әшірбек Сығай есімі өшпейді деп сенеміз!

Мирас ӘБІЛ,

театртанушы, өнертану магистрі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар