Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Мылтықбай Ерімбетов. Жаңа дәптерден......

24.06.2018 6106

Мылтықбай Ерімбетов. Жаңа дәптерден...

Мылтықбай Ерімбетов. Жаңа дәптерден... - adebiportal.kz

Құрбандық тоқтыңмын...

Қанатым болса қанатым жайып,

Ұшар ем жердің шетіне.

Буғанда шабыт, мен атымды анық,

Жазар ем көктің бетіне.

Омар Хайямдай қиялдағанмын,

Біржан сал болып көргенмін.

Ару қыздарға жиі алданғанмын,

Сұлулық сүйер елденмін.

Ақ бата алып қадірлі қарттан,

Арманым, рас, көктеді.

Арыма батқан, жаныма батқан,

Жерімнің жатқа кеткені.

Махаббат жайлы ұмытып кеттім,

Қыздарды мүлде ұмыттым.

Мырзашөл жайлы үмітін көптің,

Арқалап, жүрек жылыттым.

Тәй-тәй басқан баладай болам,

Тағдырым менің осындай.

Қайтаруға да жарамай қоғам,

Қалам ба елге қосылмай.

Ең дұрыс жолды таңдаған елім,

Жеріңді берме басқаға!

Бір қуанышқа зар балаң едім,

Қуантшы мені, Астана!

Көршіні ұрсу – ұраным емес,

Жөн емес ісі оның да!

Мырзашөл қайтса, қыраның емес,

Дайынмын, тоқтың болуға!

Шынымды айтсам...

Айдын көлдің аққуы,

Қонған кезде барсам ба?

Аяз қысып, гәккуі ­–

Тоңған кезде барсам ба?!

Көктемдегі қызғалдақ,

Гүлдегенде барсам ба?

Әлде солып, ол қурап,

Күз келгенде барсам ба?

Жазғы жаңбыр дариядай,

Көлдегенде барсам ба?

Бір жұтым су таба алмай,

Шөлдегенде барсам ба?

Таң самалы мазасыз,

Ескен кезде барсам ба?

Ауыл түгел, шамдарсыз,

Өшкен кезде барсам ба?

Түн бүркеген жалқы тал,

Иілгенде барсам ба?

Кедергі боп әр бұта,

Түйілгенде барсам ба?

Деп түсімде, аңсаған,

Ауылыма барыппын.

...Шынымды айтсам, мен саған,

Ғашық болып қалыппын.

Өмір – бір күн

Ей, Тағдыр, тағы мені сынадың ба,

Онсыз да жүрмін Алла сынағында.

Пешенеме жазылған пәруана-жыл,

Құладым ба, ая деп, жыладым ба?

Сыннан өтіп мен қанша қиналсам да,

Шыдағанды Аллаһым сыйлар сонда...

Кешірді ғой, алды кең асыл Аллам,

Шайтан мінез жандармен бір болсам да!

Таппағандар көп екен жан айласын,

Нәпсі бұзып, айналды талай басым.

Ар деген көз жасындай, мөлдір, аппақ,

Тазарту қиын екен қарайғасын.

Өмір – қысқа, иманым – жиған жүгім,

Соны ойласын, адасып қиналды кім!

Тайғақ жолда сүрінсең, Аллаға сен,

Пайғамбар хақ, Аллаһ бір, иман-нұрың!

Жалған өмір тез өтер, асықпағын,

Аллаһ берген жылдардың басып бәрін...

Иманыңды таза ұста, саф алтынға,

Айналажақ әр тамшы қасық қаның!

Не тосқанын алдыңда білмей-ақ қой,

Адасқан пенделерге күлмей-ақ қой.

...Әні-міні дегенше, шыр айналар,

Өмір деген өткен бір күндей-ақ қой.

Медеу еттім...

Өзімді-өзім табам деп жол іздедім,

Айқұш-ұйқыш қалды артта мол іздерім.

Қанша адаммен сапарлас, жолдас болдым,

Бір кемеге мінгескен тәрізді едім.

Ащы, тұщы дәм таттым, тұшынғандай,

Оңғаршы деп қашанда ісімді Алла-ай.

Ұлы Жібек жолымен керуен тартып,

Меккеге бағыт алған мұсылмандай.

Кешегі Арыстанбаб жолы қандай,

Яссауи ілімімен толығардай.

Қыдыр Ата жол нұсқап, не түндерде,

Жорттым мен, жарық шырақ қолыма алмай.

Жолаушы болдым сондай көнтерілі,

Ақ арман іздегем жоқ ертегіні.

Қанша жерде қарайтып ақ жолымды,

Қанша қарау пенделер жол торыды.

Жараланды жүрегім, қаным ақты,

Медеу еттім, бір Құдай, аруақты.

Өз жүрегім - өзіме мешіт болды,

Ар-ұяттан тұрғыздым шаңырақты.

Сен барсың

Өлеңімнің арасында сен барсың,

Жүрегімнің жарасында сен барсың.

Айдалада өшіп қалған көліктей,

Көңілімнің даласында сен барсың.

Маңдайымның әжімінде сен барсың,

Әсем әннің нәзігінде сен барсың.

Кешегімде, бүгінімде сен барсың,

Ертеңімде, қазірімде сен барсың.

Қиялдансам қиялымда сен барсың,

Үй ішінде, үй алдында сен барсың.

Түсімде де құшақтасып жатамын,

Сүйісуде, ұялуда сен барсың.

Арманымның орманында сен барсың,

Ең бақытты болғанымда сен барсың.

Енді жүрер жолдарымда сен барсың,

Өлең жазған қолдарымда сен барсың.

Табиғатта, атырапта сен барсың,

Қаңтар, шілде, ақырапта сен барсың,

Ішкен суым, жұтқан демім,

Жастанар,

Қабірімдегі топырақта сен барсың.

Тамшы жас

Тамшылаған тамшы жас,

Тама берме көзімнен.

Тиген болса тасқа бас,

Қате кетті өзімнен.

Өз жанымды қинайын,

Өз жолымды табайын.

Есімді өзім жинайын,

Есіркеме, ағайын.

Бұл өмірден мен кетем,

Талқан болар төзім де.

Жылап тұрған мен бе екем,

Жылап тұрған көзім бе?

Тереземді ұрғанмен,

Тесілмейді әйнегім.

Малмандай боп тұрғанмен,

Тез кебеді көйлегім.

Жалаңаяқ шық кешкен,

Балалығым қалды артта.

Қайғылар да шықты естен,

Ұмытылды бақыт та.

Тамшылаған тамшы жас,

Сырғанайсың бетімде.

Мен қабір боп қара тас,

Қалам жолдың шетінде.

Қыз сыры

Сені ұнатып, оянғандай бір үміт,

Бір үміттің жылуына жылынып.

Жүрген едім, «жас» деп аяп сен кеттің,

Қатар баспай, жалғыз өзің бұрылып.

Мейлі, дедім өтер-дағы өмірлер,

Жерге түсер көкке ұшқан көңілдер.

Сөніп қалған үміт қайта оянар,

Тіктелетін шығар, сынған сенімдер.

Өтпейтіндей көрінетін бір сағат,

Алыстауда жастығым да күн санап.

Жас екен деп таңырқама енді сен,

Жылдар кеткен тұманымен тұмшалап.

Бара жатсың, кеше көрдім көшеде,

Сен атаға, мен ұқсаймын шешеге,

Болды енді, қарай берме, қарама,

Сенің жасың, менің жасым нешеде?!

Немере боп, шөбере боп ол енді,

Жастық шағым әлди айтып жөнелді.

«Жассың» деген сөзді айтатын «жас адам»,

Шөбереге айтып отыр өлеңді.

О, Бейтаныс

Аяқ талып, көз жанары шаршаған,

Күндігінде жолығады қанша адам.

О, бейтаныс, кездессек те кенеттен,

Арманымыз қандай ұқсас аңсаған.

Қараңғы түн ­– түннен мен де қорқамын,

Айлы түн бе? О, бар оған ортағым.

Не үшін, қайда барамын я келемін,

Тыныш түнде тыным таппай жортамын.

Арман, қиял отырғызбай бір жерде,

Сапар шегем, түндерде де, күндерде.

Өкінішсіз тағдыр сыйлап, Құдайым,

Бар бақытты беретіндей бір демде.

Сынағынан өте алмаған тағдырға,

Кеш түсініп, өкінетін шағымда.

О, бейтаныс, сен кездесіп қаласың,

Сосын... тағы жол шақырар алдымда.

Толқын – өмірім

Көл жағасы, тылсым - тыныш жан-жағым,

Толқындардың тербелісін таңдадым.

«Ей, толқындар, қайда алып барасың,

Көлде жүзген қос аққудың арманын?»

Жиегіңде мен отырмын тамсанып,

Толқын тулар өз тілінде ән салып.

Күннен-күнге толқынданған өмірім,

Қадіріңді біле алдым мен қаншалық?!

Толқын-өмірім, әкетсең де жыраққа,

Қорықпаймын, ұнат, мейлі, ұнатпа!

Аққу емес, адаммын мен арманшыл,

Қанатым жоқ, қайығым бар бірақ та.

Толқын-өмірім, толағайдай арманым,

Өтінемін, тереңіңе құлатпа!

Тау қойнауы

Тау гүлінің аңқығанда жұпары,

Танау, байғұс, тамсанып бір жұтады.

Тас үйлерден шыға келген теліге,

Таң болып тұр тырбиған әр бұтағы.

Тау өзені тастан-тасқа сарқырап,

Таусылмайтын жатқандай бір ән құрап.

Тәтті-тәтті қарақат пен бүлдірген,

Тамсанып бір жесең, балдан артық-ақ.

Тура үстін қоқыс еткен бірақ, кім,

Тұма көзін аштым қунақ бұлақтың.

Тулап ағып, сылдырлады күміс су,

Тазаладым, дәмін таттым, ұнаттым.

Таусылмайтын шежіредей кәрі екен,

Тау қойнауы ­– тәніңе бір дәрі екен.

Терең ойға батып қайттым, бірақ та,

Тарихымда талай тылсым бар екен.

Арыстанбап құдіреті

Қаңбақтай қара шал барып,

Арыстанбаптың алдына.

Кемсеңдей жылап, жалбарып,

Дұғасын оқып алды да:

«Жалбарынам жалғыз хақ,

Сайрамда бар сансыз бап,

Түркістанда түмен бап,

Ең үлкені-Арыстан баб,

Сізге қылдым мінәжат,

Ауырып жатқан баламды,

Аяққа тұрғыз саламат.

Жетімге тиді көмегім,

Асымды адал жеп едім,

Тауқымет қанша көрсем де,

Ауыр болды демедім.

Тоқсаннан асқан жасым бар,

Ағарып кеткен шашым бар,

Алдыңа, баба, кеп едім.

Ауырып жатқан баламды,

Қолтығынан демегін.

Мен кәрінің соңы едім,

Бұйрықты күні өлемін,

Пірлердің пірі өзіңсің,

Бір керек боп тұр көмегің».

Алдына барып бабаның,

«Аман қыл» деп қарағын.

Қайыстай қатқан қара шал,

Қалаға басты қадамын.

Келді де ауруханаға,

Баласын сүйді: «Қарағым,

Дұға-тілекпен толтырдым,

Даланың барлық тарабын,

Шарапаты бір тиер деп,

Арыстанбабтай бабаның».

Мейірімді ата көкірек ,

Мың тілек тілеп жетіп ед,

Арыстанбабтың аруағы,

Баласын емдеп кетіп ед...

«Алла деп белді буайын,

Ауруды бойдан қуайын.

Аластап ауру тәнімді,

Ащы терменен жуайын.

Бас иіп саған құдайым,

Басыма саулық сұрайын.

Аруақты бабам, медет бер,

Аз күнде аунап тұрайын».

Ендіріп Алла шырайын,

Күбірлеп айтып Құдайын,

Орнынан тұрды баласы,

Баптардың күшін қарашы,

Сиқырлы емге толып тұр,

Сыры көп қазақ даласы.

Мейірім

аңыз

I.

Балқұрақ көлдің жағасы,

Жағалай жатқан ел екен.

Жазығы жасыл-мал асы,

Жерұйық тектес жер екен.

Балығы-тоқты ең кемі,

Өлшеусіз байлық кені екен.

Ел: «бұдан асқан жер, тегі,

Болмайтын шығар» дер екен.

II.

Күн мен жел қаққан желкесін,

Көп киіз үйдің бірінде.

Бір кемпір көктеп көрпесін,

Отырды қамсыз, іңірде.

Кенеттен тітіркеніпті,

Енгендей бірден суыққа.

Жолбарыс кіріп келіпті,

Шөгіпті табалдырыққа.

«Тәңірім сақта, бәтір-ау»

Деп байғұс түсіп шырмауға.

«Ендігі күнім, япыр-ау,

Не болады?» деп тұрды ойда.

Бірақ, сәл басып жүрегін,

Бажайлап, шолса «қонағын».

Жолбарыс сұрап, бір емін,

Көтере берген аяғын.

Сойдиған шөгір бір қарыс,

Сұғынып кіріп табанға.

Шыдамай жаны жолбарыс,

Шапшып тұр екен қан онда.

«Жолеке, жолым, жолым» деп,

Кемпір жай сипай бастапты.

Табаннан кеткен іріңдеп,

Шөгірді алып тастапты.

Қуырып құйрық, май іліп,

Басыпты қанды табанға.

Ақ жаулығын айырып,

Таңыпты және табанда.

Жанының емі табылған,

Адамнан көріп қолғабыс.

Қараша үйден, ауылдан,

Кетіпті ұзап жолбарыс.

III.

Арада жылдар өтіпті,

Алмасып суық, жылуы.

Заманның бірде жетіпті,

Жұты мен ашаршылығы.

Аштықтың басып әлегі,

Ауру да мойнын созыпты.

Аядай ауыл-әдемі,

Әп-сәтте құрып, тозыпты.

Алқымнан аштық алыпты,

Аямай тұзақ салыпты.

Жұт пенен аштық қажытты,

Шарасыз халық қамықты.

IV.

Ел жатқан түннің шағында,

Шықардан шықты шу айқай.

Кемпірдің үйі жанында,

Қырылдап жатты бір арқар.

Қайрылып мойны, қырылдап,

Жатты арқар-алып атандай.

Халайық жүрді шуылдап,

Бауыздауға да бата алмай.

Жалғасып осы тосын жай,

Жатыпты арқар әр күні.

Ғажаптан кейін осындай,

Дағдарып қапты барлығы.

–Кім бізді сыйлап, аяды?

Десе де, кенет ел ұқты:

Қайтадан кемпір баяғы,

Әңгімені айтып беріпті.

Даладан, аңнан қауіпті,

Қамқорын сөйтіп, тауыпты.

Жолбарыс тайпа халықты,

Аштықтан сақтап қалыпты.

Тойынып, жазға іліккен,

Әр қалай жорып ел мұны:

«Жүрегін аңның жібіткен,

Ананың, – депті-мейірімі.

Алтындай таза көңілі,

Ананың алды –ұлы төр!

Жолбарыс түгіл мейірімі,

Қара тасты да жібітер»

V.

Тудырған талай дананы,

Ақылмен елді билейтін.

Әлемде күш жоқ, ананың,

Алдында басты имейтін.

Аналар елді қорғаған,

Алмағайыптар шағында.

Ақ сүттен аттай алмаған,

Жасанып келген жауың да.

Анаңды қинап, анық тым,

Аңнаң да болсаң жабайы.

Айтуы қиын халықтың,

Адам деп сені саналы.

Жүрекпен таза, сүттей ақ,

Сүйе біл адал қалпыңда.

Азамат деген-ардақты ат,

Қалады сонда артыңда.

Жалғыз жиде

аңыз

Құмда бар жалғыз түп жиде,

Бәйтерек сынды саялы.

Бейшара шопан бір күнде,

Өліпті жылда баяғы.

Байынан алған ақысын,

Байғұсың түйіп белбеуге.

Қатын мен бала қамы үшін,

Сапарға шыққан шерменде.

Жаушықұм менен Көктөбе,

Жол жалғап жатты арасын.

Жолортада, көрді, жеткенде,

Жолаушылардың қарасын.

Жолаушы екі салт атты,

Жөндесті, жағдай сұралып.

Ал, шопан жаяу, жан тәтті,

Аштықтан жүдеу бұралып.

Жібітті ернін кезерген,

Торсықтан сусын сұрап ап.

Жолаушы жөншіл ежелден,

Сөйледі бірі тұра қап:

– Ызалы қасқыр жолықты,

Дәл мына қырдың астында.

Жоламай торып, қорықты,

Болған соң атым астымда,

Жеткізбей кетті шапқан ат,

Қамшы бар-дырау қорғасын.

Тыңдасаң сөзді, артқа қайт,

Жазым етер болмасын!

– Он жылдай бақтым бай малын,

Азат қып басты келемін.

Қасқырдан болса ажалым,

Маңдайдағыны көремін.

Депті сол шопан шорт кесіп:

– Қайтатын артқа жоқ жөнім,

Қос жолаушы «қап!» десіп,

Тауыпты тура жөндерін.

– Көнбесең – сөз жоқ! – депті алғаш,

Бәледен Құдай сақтасын!

Қыр асып барып: Жоқ болмас!

Деп бұрыпты ат басын!

Құм жолын басып безерген,

Жоғалып жолшы, жалды асты.

Аспай-ақ тағы кезеңнен,

Арлан мен Адам арбасты!

– Бізді ғой әзер босатты,

Сау қоймас оны сірә! – деп.

Шошынды кенет қос атты,

Шоқытып қырға шыға кеп.

Қос атты, қасқыр жеп жатқан,

Көріпті сорлы шопанды.

– О сорлы, құдай сорлатқан!

Тыңдамай кеттің беталды!

Қиқулап атпен қызу тез,

Жүгіріп екеу опынды.

Қанталап кеткен қызыл көз.

Шоқиып аулақ отырды.

Шалқалап жатқан сорлы ерің,

– Мұсылмандар-ау, құрметті,

Пәленің жүзін көрмейін,

Бетімді теріс бұр! – депті.

Деді де демі басылды.

Иманын екеу үйірді.

Топырақпен жүзін жасырды,

Құмнан бір қабір үйілді.

Бет сипап содан тұрды екеу,

Басына шаншып таяғын.

– Бұл белгі болсын, бір жетер,

Жүргінші адам аяғы....

Сол шопан қалды далада,

Ақ, адал тері бұйырмай...

...Көп жылдар өтті арада,

Қызылқұмдағы құйындай.

Құмда бар жалғыз түп жиде,

Бәйтерек сынды саялы.

Бейшара шопан бір күнде,

Өліпті, жылда, баяғы.

Тоқтадым мен де сол маңда,

Шілденің ыстық оты ұрып,

Хикаятты айтты бір қария,

Көлеңкесінде отырып...

Сәби даусы

(баллада)

Мазалады жүректі, толғандырды қаншама,

Сол бір сәби есейіп, үлкен жігіт болса да.

Соғыс жерде қалдырды ауыр жара, терең із,

Тәрік болған тағдырды кинолардан көреміз.

Жүрсе-дағы жаныма жалын құйып жыр сәуле,

Соғыс жайлы жазбадым ардагерлер ұрсар деп...

Ардагерлер демеңдер айтқан сөзді ұқпады,

Әкем айтқан сол бір сыр тіпті есімнен шықпады.

* * *

Жаралы орман жасырып жараларын бұйыққан,

Солдаттар кеп осында таң алдында тыныққан.

Бұзып тұрды жұлдызды сонау түннің тымығын,

Шашыраған алысқа ракета сынығы!

Әлден уақта шар етті бала даусы, япыр-ау,

Орман жаны деревня, содан шығып жатыр-ау.

Жігіттердің барыс тән, жолбарыстай жүректі,

Мұздай толқын қуалап, өн бойлары дір етті.

Жаңа ғана жантайып, жаңа ғана қалғыған,

Арыстандай он жігіт ұшып тұрды орнынан.

Еске түсті көбінің елде қалған баласы,

Еске түсті көбінің егде болған анасы.

Жағы сембей жылаған мына балғын нәресте,

Келер таңғы жеңістің алтын даусы емес пе?!

Жылап жатты жас бала, іздеп жатты қорғанын,

Дірілдетті бұл дауыс ежелгі орыс орманын.

– Мені жібер!?

– Командир!

– Мені жібер балаға!

Жанашырсыз нәресте жата ала ма, далада?!

Әке кетіп майданға, ана өлсе керекті,

Мені жібер командир, мен білейін деректі?

Деді нықтап бір жігіт қорғасындай сомдалған,

Қарлығаштай қиылып, қаршығадай қомданған.

«Деревняда жау бар деп алған едік хабарды,

Таң атқан соң жоямыз шабуылмен оларды.

Шабуылға шығармыз ашқанда әлем айнасын,

Боп жүрмесін нәресте – сұмдардың бір айласы»

Әлгі жігіт кетті алға, қадамы сақ, ізі нық,

Қалды отряд топтанған, көзде тұнып жүз үміт.

Елге деген жүректі мейірімдер шарпыған,

Тұрды түгел солдаттар қарап оның артынан.

Кетті жігіт көрінбей ағаштардан әріге,

Жас баланың даусына құлақ түрді бәрі де.

Құланиек таң тұрды қара орманды уыстап,

Жертөледен тек біреу кете барды жылыстап...

* * *

Әлгі жігіт сәбиге бара алмаса керек-ті,

Жылыстаған жымысқы хабарласа керек-ті.

Сәби жақтан естілген автоматтар дауысы,

Біртін-біртін келеді бері қарай ауысып.

Сезді мұны жігіттер, сезді мұның не екенін,

Біліп қойған жауыздар отрядтың мекенін.

Қатарласты жігіттер қашаннан-ақ ұғысқан,

Таңдайланып таң атып келе жатты шығыстан!

Кейі ұйықтамай, ал кейі тынықса да бір сағат,

Ешқайсысын тұрмады ездік бұлты тұмшалап!

Еңсегей ер жігіттер еніп кетті ұрысқа,

Қып-қызыл от алаулап көтерілді шығыста!

Әрқайсысы айбарлы арыстандай сыңайлы,

Қара түн мен аппақ таң алысқандай сыңайлы.

ЬІсылдаған оқтардан жылап қайың, боздап тал,

Қыршынынан қиылды талай-талай боздақтар.

Кек найзасы тек алға емінгендей сыңайлы,

Жаудың алды жеңіліп, шегінгендей сыңайлы.

Намыс оты құйылды одан сайын бойларға,

Жау жеңілді, жеңілді, ұшырады ойранға...

Қара орман мұндайды көрмегендей сыңайлы,

Құшағына ап ерлерді тербегендей сыңайлы.

Аздан кейін, бір мезет, тауып алды отряд,

Оққа ұшқан жігітті абайсызда қапы қап...

Абайлаған әр үйді, тапқан жігіт сәбиді,

Өліп жатқан далада анасын да таниды.

Иісіне елтіп сәбидің қаны тулап тасынып,

Өліараны жамылып отрядқа асығып.

Жетемін деп жүгірген, жетемін деп орманға

Байқап қойып жауыздар нысанаға алғанда,

Жасырынар үміті орман болса керек-ті,

Ай тумаған қара түн қорған болса керек-ті.

Жараланып қалса да, аяққа әзер тұрса да,

Жоғалтып қан қаншама, жетіпті бір шыршаға...

Әлі құрып құлапты, әр бұтаққа асылып,

Тербеліпті шыршалар жапырақпен жасырып...

Тастамапты қолынан тастамапты баланы

Сөніп бара жатса да, солғын тартып жанары...

Көріп оны жанына жетіп келсе жігіттер,

Тірі екен жас жігіт, енді мұны ұғып көр:

Алау түнді, ақ таңды жаңа көрген сияқты,

«Айтыңдаршы, балақан тірі ме?» деп сұрапты...

Табиғатты бұл кезде күміс көмей жыршы қып,

Қызыл тулы шығыстан сәуле төккен күн шығып!

Жанарынан жігіттің сөнген кезде тіршілік

Құшағынан жас сәби қол созыпты құлшынып...

Осылайша сөніпті жүректегі тіршілік,

Тіршілікке өзіндей қадап кетіп бір шыбық!

Қолын созған жас сәби күнге биік орнаған,

Көзіне жас алмаған бір де солдат қалмаған.

Қабірінде бір жігіт соңғы сөзін арнаған:

«Құрдас еді ол маған, он жетіге толмаған...»

Сол қабірге сәби де топырақты тастаған,

Көтерілген алау күн – көтерілген асқақ ән!

Жауынгерлер әні боп, жаудың бетін жасқаған,

Отрядты жас сәби жорықтарға бастаған!

Сол қабірге сен-дағы топырақ сал, жас ұрпақ,

Жас жауынгер әр таңда қалмауы үшін тосырқап.

Асқақ басын ақ шалған әкелерден сұраңыз,

Әр солдаттың құтқарған сәбилері мына біз!

Мазалады жүректі, толғандырды қаншама,

Сол бір сәби есейіп, үлкен жігіт болса да!

Ардагерлер демеңдер, сөзімізді ұқпады,

Әкем айтқан осы сыр тіпті есімнен шықпады.

Мұнара жайлы бір аңыз

Зу етті жебе,

Су етті жүрек

Басталды тағы қан майдан.

Қарсылар келіп,

Қақпаңа төніп,

Қақырата соқты маңдайдан.

Қаланың ішін даң қылып,

Қақпаның ішін шаң қылып.

Қарақшылық пен қандылық,

Найзаның сүйір ұшына,

Нәмәрттігіңді алды іліп.

Кеудеңді халқым, кек керіп,

Жүрекке намыс тұнғанда.

Қырғынды бастан өткеріп,

Қарақшылардың қан басын,

Қанжығаларға бөктеріп,

Қайратты шыңдап тұрғанда.

Алпыстан асқан ақсақал,

Айнымай қалған өзінен,

Алты жасар бала көзінен,

Азаматқа тән от көріп,

Беріпті дейді батасын:

«Жап-жасыл менің өркенім,

Қолыңда сенің ертеңім...

Кішкене сәби кезімде,

Мен де өзің сынды ерке едім,

Киырдан келген қыңыр жау,

Балалығымды өртедің,

Сол жайлы саған, сүйіктім,

Қайғылы сырлар шертемін...

От көрдім балам, көзіңнен,

Туында темір төзімнен.

Халқыңды сүйсең қалтқысыз,

Айырылмас ол да өзіңнен.

Қиындық көрдік көптеген,

Қайғы жоқ біздер шекпеген.

Жалғыз жүріп жол тапқанша,

Адасқаның жөн көппенен.

Іңгәләп келіп бекіген,

Ана-Жер Ана бетінен.

Кетерміз...біреу көтермей,

Сілтеме қылыш өтінем...

Байлық пен даңққа құмартып,

Алдамшы арман мұнартып.

Адасып талай жүрдік біз,

Қайғы мен бойға мұң артып.

Айтарым саған, аяулым,

Қанданып келген бақыттан,

Терменен келген мың артық.

«Қапыда соқан жау жаман,

Шешімін таппас дау жаман».

Санаңды улап, сапырма,

Сапымен келген олжадан.

Құлқыны тоймас құл болсаң,

Құрып кеткеннен сол жаман.

Қызғанба, жұрттың Ай, Күнін,

Қызғаныш артар қайғы, мұң.

Жадыңда сақта, жәдігер,

Халық пен намыс байлығың.

Атаның жолын бақтай көр,

Ананың сүтін ақтайды ер.

Азаматы болам дер болсаң,

Халқыңды мәңгі сақтай гөр.

Адалдық туын көтерсең,

Аузына алып, мақтайды ел.

Алдыңа келсе ақсақал,

Арғымақ атын шаппай бер.

Ол күнге енді барашақ,

Емеспіз біздер қарасақ –

Кінәлап, қанды күндерге,

Түкірмесе екен болашақ.

Кінәләй берші, атаңды,

Халқыма басты иейін,

Бердім мен саған батамды,

Маңдайыңды әкел, сүйейін...»

Балаға пірдей сыйынып,

Қарт сарбаз әлгі қиылып,

Жамағат жұрттың алдында,

Баланың аппақ бетінен,

Сүйіпті дейді иіліп.

Көзінен қарттың кетіпті,

Моншақтар мөлт-мөлт құйылып...

...Өмірден ол қарт өтіпті,

Бақытты күндер жетіпті,

Әлгі ұл елге басшы боп,

Тамаша тағлым етіпті:

Ұстаның бәрін жинап ап,

Тұрғызған зәулім ғимарат,

Ғимарат – биік мұнара.

«Бабалар айтқан шындықтың,

Аналар берген ақ сүттің,

Айғағы болсын – мұнара.

Бабалар жатқан жерлердің,

Еңіреген ел деп ерлердің,

Байрағы болсын – мұнара.

Қан көбік жұтқан халықтың,

Жазылмай қалған тарихтың,

Белгісі болсын – мұнара.

Зұлымдықтарды таптаған,

Әділдіктерді мақтаған,

Ел күші болсын – мұнара.

Диханның қанын төккеннің,

Арқалап қарғыс өткеннің,

Күйрегені бұл – мұнара.

Халықтың бермес тыныштық,

Қан тамған қайқы қылышты,

Сүймегені бұл – мұнара.

Кетпесін елдің шырықы,

Ұрысты ел, сірә, сүйіп пе?

Ата-бабалар рухы,

Биіктей берсін, биіктей!

Елдігін елдің қорғаған,

Арманда кетті көп қыршын.

Мұнара – жерде орнаған,

Әділдік туы боп тұрсын!

Пұшпағын туған жерімнің,

Баспауы үшін жау етік.

Азаматы әрбір елімнің

Тасынан тұрсын тәу етіп».

...Етене болып ер ісі,

Бақытқа тұнды ел іші.

Асқақтап тұрды аспанға,

Мұнара – шындық жеңісі.

Отан неден басталады?

(толғау)

Отан неден басталады?

Ең әуелі адамнан.

Жас сәбиден, тәй-тәй басқан қадамнан.

Отан неден басталады?

Бұлбұл сайрар бақтардан.

Алып таудың аржағынан алаулаған ақ таңнан.

Отан неден басталады? Әліппеден жаңа ашқан,

Күлкісінен бал бөбектің жарасқан.

Қырық бірде майдан жақтан әкем жазған хаттардан,

Анамдағы ақ сандықта тұмар сынды сақталған.

Қаншама көп сақталса да сағынышы өшпеген,

Қаншама көп жатталса да жазулары көшпеген.

Анам менің көрген екен қиындықты нелер көп,

Сонда-дағы сақтапты оны әкемді аман келер деп.

Отан неден басталады?

Өрге аққан өзеннен,

Тар қолтықтан, қия шыңнан, құламалы кезеңнен.

Отан неден басталады?

Ауылдағы түтіннен,

Алыстағы азаматын келеді деп күтінген.

Отан. Отан басталады бәрінен,

Ақбас шыңды ақ таулардан әріден.

Отан жайлы әңгімені бастар болсақ басынан,

Отан деген басталады ананың көз жасынан.

Бүкіл дүние Аналардың ақ сүтінен жаралған,

Одан жанын Отан үшін қиған жан да нәр алған.

Ана жалғыз өткізсе де қаншама жыл, қанша айды,

Сұм соғыстан оралмаған жалғыз ұлын аңсайды.

Көктем мен жаз, өтсін қанша күз мейлі,

Жалғыз ұлдан еш үмітін үзбейді,

Өзі отырған шаңырақтың болашағын іздейді.

Отан. Отан. Осы сөзде жатыр екен қанша мән,

Ол құстардың әнінде бар туған жерін аңсаған.

Әкем ылғи әңгіме айтса қасына кеп тұрамын,

Бір күні одан Отан жайлы айтыңыз деп сұрадым.

Ол ойланып қарады да, насыбайын бір атты,

Елемеген жандай болып ұлы қойған сұрақты.

Ал, сонан соң, күттірмеді, уақытты көп созбады,

Әңгімесін түу әріден, түу әріден қозғады:

Балам, сенің қызық екен Отан жайлы сұрағың,

Мына біздер не көрмедік не көрмедік шырағым.

Қой соңында жүріп айттым жетімдіктің жыр-әнін,

Алты жаста әкемді іздеп жыладым.

Мен қаншама қиындыққа, қанша азапқа жолықтым,

Сонда әкемнің шаңырағы құлайды-ау деп қорықтым.

Көрдім талай қиындықты, көзден талай жас ақты,

Бірақ, жаным, өшірмедім әкем жаққан ошақты.

Ақ таңда да мені алдан қарсы алды қанша мұң,

Балам сені сен өмірге келмей жатып аңсадым.

Ей, шырағым, қар да көрдім, су да көрдім, мұз көрдім,

Көргенімізді бермесінші құдай саған біздердің.

Отан, Отан, неден өзі басталады расында,

Отан деген өз әкеңнің өз ошағы қасында.

Ей, шырағым, аяғыңды анық бас!

Өз Отанын сатып кеткен опасызға халық қас.

Отан сүйген жандар дәйім шаңырағын көтерсін,

Сен де мынау шаңырақты қастерлеумен өтерсің.

Сондадағы алыс жерде қонсадағы қанша бақ,

Адам дәйім өз түтінін, өз ошағын аңсамақ.

Сосын Отан жүзінде бар балғын бөбек сәбидің,

Бөбек деген болашағы бақыты ғой, әр үйдің.

Ұлдар дәйім енші алады көшіреді отауын,

Ұрпағына беру үшін өзі құрған Отанын.

Айта берсең, Отан жайлы әңгімелер көп тағы», –

Деді де әкем бір мезетке тоқтады.

Үнсіз қалдым. Күткендей боп келер таңнан бір бақыт,

Келді отырғым осы шалды ұзақ таңға жырлатып.

Ол отырды. Сипалаумен әжімін, насыбайын бір атып,

Көп жылдарын ұлдарының күлкісіне ұрлатып...

Генерал Сабыр Рақымов

I.

Әкелер үміт етер ұрпағынан,

Ер туар деп таралған бұтағынан.

Бір ұл бар әкесіне жете туар,

Бір ұл бар әкесінен өте туар.

Біреуі әкесінен кері кете туар,

Ғибрат сөз шыққан қазақ отауынан.

Ғибратты тұжырым қалар аталыдан,

Ғұмырың мәнді болар баталыдан.

Ер Сабыр өзбек-қазақ ортасында,

Батырлық жұлдыз таққан Отанынан.

Қазақ ұлы өзбекке телінген соң,

Талайды бұл қателік қапа қылған.

Бабалар аты мәлім алты алашқа,

Аңызды тастап кетті тарқамасқа.

Өмірге ерлігімен мәлім болған,

Текті ұл ер Сабырдың жөні басқа.

Ой кетіп, намыс деген от тізбекке,

Құм басып қалар ма екен текті із текке.

Сабырдай ұлы тұлға азаматтың,

Тарихын өлең еттім жеткізбекке.

Айтқан соң уәдеңізге жет деген ғой,

Уәдесіз бір құдайға шет деген ғой.

Сабыр да қан майданның ортасында,

Елімнен жан бөлек деп өтпеген ғой.

Бала өсті дегенің батыр өскен,

Батыр өнер білмесе қапыл өскен.

Рақымов Омар ұлы Сабыр ердің,

Бұл қазақ шығарар ма атын естен.

Қазақ пен өзбек сынды екі халық,

Аспанға көтергенде атын анық,

Намысты елден туған, ерден туған,

Сабырдың өшу керек аты не ғып?

Өлең сөз болғанымен өнер алды,

Көндігіп келтіртпейді көп амалды.

Жеті атасын білмеген жетім деген,

Айтайын ер қолбасшы генералды.

II.

Шежірені қозғасам, көпке кетем,

Ал бабаны айтпасам, текке кетем.

Төле би атамыздың замандасы,

Жетібай батыр деген өткен екен.

Жетібайдан Жанжігіт датқа туған,

Мәмбетқұл одан туып жолын қуған.

Омар, Мәуленқұл, Оспанқұл үш ұл тарап,

Ер Сабырдың әкесі Омар болған.

Бұрынғы айтылатын әңгіме осы,

Сөз созылса бұзылар көңіл босы.

Түркістан губерниясы деген атпен,

Ташкенттей шаһар болған, елдің қошы.

Ташкентте өсті біздің бала Сабыр,

Әз Төле би жайлаған, дәл осы ауыл.

Бағыстың Суанында Мәмбетқұлдай,

Датқа болған, дедік қой тамаша бір.

Танымал Шайқантәуір, Тақтапұлға,

Датқа би шебер дауды тоқтатуға.

Мамыражай жарасымды тірлік кешіп,

Қазақтар емін-еркін жатты осында.

Дәулет пен сәулеті сай, бақ басында,

Тату-тәтті ағайын дәп қасында,

Мың тоғыз жүз екінші жылдар екен,

Сабыр туды Омардың отбасында.

Өмірдің көші сірә тоқтасын ба?

Кеңес дәуірі жамандап молда, байды,

Өтірікті қалайша толғамайды?

Байлардың қойын баққан, жетім болған,

Деп батырдың өмірі бұрмаланды.

Ол рас қатал тағдыр түйілгені,

Ата-анадан айырылып, қиын болды.

Мақсат үшін күрескен Сабыр жастай,

Қиналып балалардың үйін көрді.

Мұның бәрі тарихта бұрмаланған,

Мәмбетқұлдан қыз қалған, ұл да қалған.

Дәулетті әулет болған текті тұқым,

Тегіне тартып Сабыр тұлғаланған.

Сабыр бесте, әкеге өлім келді,

Омар кетіп, ажалға жолын берді.

Мәмбетқұлдай атасы қолына алып,

Арабша хат таныды, өмір көрді.

Сымбатты бойшаң болып өсті Сабыр,

Іске пысық, ұғымтал, есті Сабыр.

Екі иығы қақпақтай, алғыр еді,

Айырған дұшпан менен досты Сабыр.

Ол да бір қиын-қыстау күндер еді,

Қазынасы ұн тартатын диірмен еді.

Омар кетіп, жалданып Рақым өзбек,

Диірменде жұмыс істеп жүрген еді.

Атасы айтты: – Білемін шамамды енді,

Кәрілік күттірмей-ақ маған келді.

Тұлпар орнын тай басар, бата бердім,

Диірмен меншік, еге бол балам, – деді.

Кеңестің саясаты жаман еді,

Байлыққа, меншікке де нала келді.

Датқаның ұлы десе, тартып алар,

Сондықтан Рақым жалшы балам деді.

Нағашы боп келетін диірменші қарт,

Сөзбенен былай тапты амалды енді:

– Көріп тұрсың заманның кері екенін,

Диірмен көзі болғанмен берекенің,

Ертең елге танымал азамат боп,

Танытарсың әкеңнің ер екенін.

Шырағым, біз екеуміз тұлдыр кедей,

Сондықтан, өкіметке бүлдір демей.

Кедей шаруа деп жазам һәм жалшысың,

Мектепке бар, датқаға ұлмын демей.

Сабырсың, енді балам Рақымовсың,

Бір күн тоқ боп жүрерсің, бір күн кедей.

III.

Жастық шақтың зуылдап көктемі де,

Талапкер жас тауысты мектебін де.

Әскери оқу бар деп Баку жақта,

Аттанды, күз суығы жеткенінде.

Сабыр даңқты датқадай ата ұлы да,

Үздік болды, әрине қатарында.

Ат өнерін тым шебер меңгерді ол,

Дала ұлы тұлпарсыз жатады ма?

Фрунзе Сабырға бір сыйлық берді,

Бакуге барғанда бір сапарында.

Фрунзе айтты: – Жас жігіт шебер екен,

Кавказға мұндай жұлдыз керек екен.

Кең даланың қазағы астындағы,

Атымен бір туғандай деген екен.

Ерлік пен өрлік қонып жас басына,

Мінезімен намысы астасуда.

Училище бітірген, Жас командир

Аттанды Қарақұмға басмашыға.

Памир тауда, Сұрқандария жағасында,

Бейбіт елді ойрандап дәл осында,

Сәлім Паша жүр еді, жолықты ол,

Қазақтың жас командир баласына.

Жанартаудай атылып ыстық тасқын,

Жау шыдамай, тобына Сабыр жастың,

Жеңілді, жорық бітті жеңіспенен,

Тау қарақшысы ішінде қалды тастың.

Сонымен бейбіт өмір қыстақтағы,

Оңалып көктем келіп құс қаптады.

Қолбасшы Буденныйдың әлі есінде,

Сабырға алмас қылыш ұстатқаны.

Бұл сыйлық оңай қазір түсінуге,

Ол кездің бөлек еді, ісі мүлде.

Фрунзе мен Буденный сыйға тартқан,

Мұражайда қылыш, ат мүсіні де.

IV.

Біз айттық елге жала жамалғанын,

Ол жала маған да мін, саған да мін.

Датқаның ұрпағы деп арыз жазып,

Қайтейік, тоғыз айдай қамалғанын.

Бұл әрине кеңестік қоғам міні,

Бір тиынға алынбас адам құны.

Қазығұртқа қамығып келген екен,

Сабырдай эскадрон командирі.

Жаладан жүрегінде дақ қалыпты,

Датқа тегі құпия сақталыпты.

Диірмендегі жалшының баласы боп,

Бостандық дәмін татып ақталыпты.

Сол Сабыр Қазығұртқа келген екен,

Қалың елге құдайы ас берген екен.

Шерхан, Қанат, Сыдық бар, Байдар туыс,

Таза қазақ мінезін көрген екен.

– «Бұл өлке ата-бабам қыстаған жер,

Асауды құрық тастап ұстаған жер,

Көзіме от жалындай басыласың,

Пайғамбар кемесіне ұқсаған жер»; –

Деп Сабыр Қазығұртты өлең еткен,

Сызылтып және әнге сала кеткен.

Туған жердің бір уыс топырағы деп,

Соғысқа тұмар түйіп ала кеткен.

V.

Жұлдыздай жарқыраған аспандағы,

Белгілі жау екпінін басқандары.

Белгілі ер қазақтың жас тарланы,

Полкті қалай үздік басқарғаны.

Қорғаған фашистерден елді міне,

Куә көп батыр Сабыр ерлігіне.

Әкедей қамқор болған солдатына,

Тоғанбай куә, командир кеңдігіне.

Қан майдан қанды көбік жұтарында,

Кір келтірмей болашақ ұрпағына.

Генерал Рақымовтың ерліктері,

Жазылған талай орыс кітабында.

Әрине, елді қорғау ерге міндет,

Міндет етпес, қан төктім, терледім деп.

Генерал Фон Буш деген тұтқын айтқан,

Мұндай батыр адамды көрмедім, деп.

Сабыр ұқсап тарланбоз жолбарысқа,

Сыйынып ата-баба, зор намысқа.

Соғыстың тарихында кездеспеген,

Әдістерді ендірді қолданысқа.

Ұшқыр ой шеберленіп өскен еді,

Генерал-майор ғажап дескен еді.

Қолбасшыға айналды ол атақты,

Әскери тың өнердің қас шебері.

Қағаз жетпес ғұмырлық тұстарына,

Куә көп қыран биік ұшқанына.

Әскери іс шебері Академия,

Шақырылды Мәскеу Бас Штабына.

VI.

Орны бөлек генерал қоғамдағы,

Қайтейік қан майданнан оралмады.

Қазақтың қайсар ұлы қаза болып,

Ішінде жанып кетті мол арманы.

Соғысты еске алсақ алыстағы,

Еске түсер Сабырдың намысты әні.

Бәнәйі ұшқан оқтан опат болды,

От жүрек Азияның арыстаны.

Жеңіске аз қалғанда қайғы алдырды,

Тағдыры осылай шыр айналдырды.

Халықтың қаһарманы атағымен,

Сүйеміз Сабыр деген айбарлы ұлды.

Қан майданда қазақтың туын жықпай,

Соңғы демі қалғанша жаудан ықпай:

– Қорқақта жүрек болмас менде бар ғой,

Сүйемін Қазақстан ұлы жұртты-ай.

Ата-баба әруағы қолдағасын,

Сүйген жүрек елді неге қорғамасын, –

Деген екен генерал бір сөзінде,

Қазығұрт ұмытпайды өр баласын.

Еңсесі еріміздің заңғар екен,

Адам пенде өмірі арман екен.

Ерлікпен ер генерал көз жұмғанда,

Жеңіске қырық-ақ күн қалған екен.

Оқ тиіп ерді қанға малған екен,

Солдаттар құтқара алмай қалған екен.

Қырандай ғажап Шығыс ер перзентін,

Арсыз ажал қалайша алдады екен.

VII.

Ажал көнбес әрине, салған күшке,

Өткен соғыс ұқсайды енді түске.

Ер Қолбасшы көз жұмған, сол кездерде,

Жасы жаңа жетіп еді қырық үшке.

Ер туғанға қазағым енді қуан,

Мызғымас тұлғасы зор Сабыр ұлан.

Атасына тартқан ғой, аңыз қалған,

Алты кез, сегіз батпан бопты Суан.

Ел болып есімізді жинаған соң,

Сағыныш жүректерге сыймаған соң,

Болашақ жастарға үлгі болса дедік,

Ер Сабыр бейбіт өмір сыйлаған соң.

Ер аты ел жадынан неге қалсын,

Өскелең ұрпақ енді өнеге алсын.

Шешен де көсем туған ұлы Қазақ,

Тағы да батыр туар сен Анамсың.

Кетсе де мәңгіліктің сапарында,

Жарқырап Сабыр аты аталуда.

Бауыржан Момышұлы егізіндей,

Не Талғат Бигелдинов қатарында.

Ата Тарих әлсізді кешіреді,

Қазағым жинап жатыр есін енді.

Ел Тарихы ұрпаққа үлгі болып,

Рухани басталды өсу енді.

Сабыр атын халқымыз өшірмейді,

Жылдар алып кетсе де көшін мейлі.

Батырын ұмытпайды біздің халық,

Намыссыз қорқақтарды кешірмейді!

2011 жыл, 23 қыркүйекте Алматы қаласында жазылды.

«Суан-Бағыс шежіресі» кітабында

2012 жылы жарық көрді 169-172 беттер.

БАЛЫҚ ПЕН БАҚА

Лай суға түсті балық амалсыз,

Түк көрместен қалған жандай жанарсыз,

Жүзді ақырын, әлсіреді, аңсады,

Мөлдір көлді шашыраған моншағы.

Күнді аңсады-аппақ нұр боп төгілген,

Лай суда белгі жоқ ол өмірден,

Амал қанша? Тағдыр-осы, қатал. Ал –

Лай суда ойнақтап жүр бақалар.

Қиялыңмен күмбез тұрғыз, тас қаша,

Сен де өмір сүре алмас ең, басқаша.

Бақа біткен бас ауырта бастаса-

Бақалардың ішіне әкеп тастаса.

– Лай суға түсті балық амалсыз.

– Е несі бар. Сіз кәдімгі адамсыз.

– Бақа, балық , түсінемін тірлігін.

Адам неге түсінбейді бір-бірін?!

Түсінбесе Адам ақыл, тілі бар,

Лай суға бір күн келіп жығылар.

Өмір қайтып оралмасын білген сәт,

Өкінеді өтіп кеткен күнді аңсап.

Мен өзімді ұқсатамын балыққа,

Лай суда жүргендігім анық па?!

Анық болса, енді өзің парықта,

Қайда болсын балық қажет халыққа.

Бақаларда жоқ ешкімнің шатағы,

Өзді-өзді бақылдасып жатады.

Басқаларды жамандайтын шаршамай,

Өсекшілер ойлап тұрсаң, дәл солай.

Бақа, балық дегеніме бетіңіз,

Сәл қызарса, мені ғафу етіңіз.

Аздап ұят қалған екен сізде онда,

Адал болып түсіп ек қой біз жолға,

Cол жолымнан жаңылдырма, құдайым,

Жарық күннің ұзақтығын сұрайын.

Қояйын да төбеме екі қолымды-

Адал ет деп тілейін тек жолымды!

Егер тағдыр мұнымды да көп көрсе,

Еңбек етем жерге басым жеткенше-

Өсектерді басып жүрген желкеден,

Қандай жақсы бейнетіңмен өртеген-

Ащы тердің моншақтатып жаңбырын,

Жасалуда менің қиын тағдырым-

Арманыма жетемін деп жүргенде,

Көп күшімді сарқып қойдым кімдерге?!

Айдалаға, босқа қанша от аттым,

Бәлкім, беттің ұятын да жоғалттым.

Соным, сенен кеткендіктен, кеш, Өлең!

Сені аңсап жылап шықтым Кеше мен,

Бұл өмірдің күйбеңі мен сұрқайын,

Өлеңге орап, гүлге орап құртайын,

Деген едім, бақылдаған бақадай,

Ақымақ боп шыға келдім, оп-оңай!

Үндемесең-ақылды деп ойлайды ел,

О, балығым, лай суға бойлай бер.

Тереңінен інжу тапсаң-үндеме,

Сенбейді жұрт таптым деген күнде де.

«Қымбат тастар болу керек мөлдірде,

Лай суда болмайды ғой ол, мүлде».

Деп ойлайды, бұл қалың ел, дүрмек ел,

Мөлдірлікті іздеген боп күн көрер.

Ізеттілік суын бәрі ішкенде,

Ұқсар, бейне лай суға түскенге.

Жайшылықта-елдің бәрі ақылды-ақ!

Қайшылықта – бақа болып бақылдап,

Ызы-қиқу, шу көтеріп маңайға,

Адамдығын ұмытады табанда!

Бақа қалай балық болып жетілмек?

Жатса адамдар бір-бірінің етін жеп…

О құдай-ау, сана жоқ қой балықта,

Ал не дейсіз санасы бар халыққа.

Тындырғандай полигонда бір істі,

Адам өзін өлтіруге кірісті.

Жас желекті улы газбен улады,

Жерді қойып көкке қарап зулады,

Айға арнайы лайықты тор жасап,

Күннің өзін қойғысы бар орға сап…

Ойлан Адам, сүретінің бір өмір,

Ретімен мұңая біл, күле біл!

Қойдым ойбай! Ақыл айта бастадым,

Балық емес, бақа болу – қас қағым.

Барлық тірі мақұлыққа мекенсің,

Қара жерім, сірі мойын екенсің.

Түсінемін, сенде қазір күй бөлек,

Шаршадың-ау, мына бізді сүйрелеп.

Мұңымды енді саған айта бастадым:

Жаңбырларың – сенің нала жастарың,

Күйінгенің – қатып қалған тастарың,

Сүйінгенің – жадыраған аспаның.

Менің де өмірім қас-қағым ғой, қас-қағым,

Қас қақпай-ақ өтіп кетті жас шағым.

Жылдар зулап өтіп жатыр ағылып,

Алыс кетсем қалам сені сағынып.

Кәрі анамдай-қара жерім бол аман,

Қамықсам да саған қайта оралам…

Арсыздарды беру қиын сотқа да…

Ақылыңды аялашы тек қана…

Мен сияқты сен де көрдің көп нала,

Тіршілігім, тоқтамашы, тоқтама!

МАЗАЛАДЫ ОЙЛАРЫМ

Мазалады ойларым, өмір саған тоймадым.

Жер бетіне симадым-өз жанымды қинадым.

Ту тұңғиық аспанға ұшып кеткім келеді,

Түнгі жұлдыз сырымды түсінеді, себебі.

Құс жолында жоғалсам тамшы болып бір кесе,

Еріп, су боп жоғалсам, оны ешкім білмесе,

Неге маған дүние тар, неге маған тар әлем?

Неге жерге сыймаймын сансыз оймен, санамен.

Кеңістікте осынау, бір жапырақ болып ап,

Неге титтей жүрегім, алысты аңсап торығад…

Неге риза болмайды тірлігіне кәдімгі,

Неге мұңдар торлайды менің нәзік жанымды?

Арман деген-жалған деп жайған өзім, жан-жаққа,

Сонда, тұтас өмірім жалған болып қалмақ па?

Сағындырып ешкімнің түспейді екем есіне,

Мына өмірге келдім мен. Келдім онда несіне?!

Мына өмірге келдің деп қарсы ап жатқан ешкім жоқ

Мына өмірден кеттің деп жар сап жатқан ешкім жоқ.

Келдің, кеттің, жоқ болдың, бір күніндей көктемнің,

Жақсы болса – қадірін түсінбейміз өткеннің.

Тоңған күн де жоқ есте, тойған күн де жоқ есте,

Ашыққанын сүттен соң – ұмытады нәресте.

Өткен күндер, ай, жылдар – аққан өмір ағындар,

Қайта оралу жоқ енді, бүгінге із салыңдар.

Ғұмырымда азғантай ойланумен өтейін...

Мазалады ойларым...

Өмір саған тоймадым.

Қара қарға – үміт құсы

(баллада)

Анам Сапаргүлдің ағасы майданда хабарсыз кеткен

Есімхан Тыныбаевтың жесірі Ұзатардың өмірінен...

Арпаның уатып жармасын,

Тегершік диірменге жармасып.

Иегі қисайған бір кемпір,

Сарнасын ал келіп, сарнасын...

...Батысқа батырып күнімді,

Булығып басқанша үнімді.

Көрсетсей көзіме ұлымды,

Қайтарсай бұрынғы күнімді.

Жаныма қондырған жарасын,

Өшір сен соғыстың шаласын.

Қай жаққа әкетіп барасың,

Көрсетпей қозымның қарасын.

Ұлым кеп, тұрғандай қасыма,

Құсым кеп қонғандай басыма.

Шашыла бердің-ау шашыла,

Талқаным, аяның осы ма?!

Құдайым, аллам-ау, не еткенің,

Мұның не арпаны төккенің.

Әлде сен, жан балам ризығын,

Татпастан кетсе екен деп пе едің?

Я құдай, кешпеймін мұныңды,

Айт маған сырыңды, шыныңды.

Көзіме көрсет тек ұлымды,

Тұманнан аршып бер, күнімді.

Маңдайың жарқырап ашылғай,

Жүрек тұр аптығып басылмай.

Жарма да жан-жаққа шашылды-ай,

Болмап еді, дәл бұлай, осындай»

Құр қиял, құр арман не берер,

Сағым да мазақ қып жөнелер.

Ұлы боп көрінер көзіне,

Қарайған, түнерген төбелер.

Көздері тұнып кеп мұңдарға,

Кемпірің ауырып тұрғанда.

Қара ағаш басына қарқ етіп,

Қонды кеп бір қарға.

«Сүф...сүфф, қара құсым, ақ сөйле,

Ақ қозым келер, тағы сөйле.

Сүф...сүфф!

От ішінде мақта еді,

Балам алыс жақта еді,

Оны алғанша құдайым,

Өлтіргейсің тап мені.

Сүф, сүф, сүф!

Қара құсым, ақ сөйле!

Аққозым келер күн бар ма?!

Айналайын, тағы сөйле,

Аққозым келер күн бар ма?!

Ұлдан хабар, ақ құсым,

Алып келген жоқпысың!

Шүйіншіңді берейін!

Ақ хабарлы шатпысың?

Сайра-сайра бай болғыр,

Көңлі дәйім жай болғыр.

Ұлымды әкел үйіме,

Ұлан асыр той болдыр.

Қарға құсым, ақ сөйле!

Сүф...сүф...сүф».

Жалғыз кемпір сарнаған,

Талқан түйіп жармадан,

Туған ұлым келер деп,

Түйіп, сақтап, арнаған.

Сұм соғыстың кезі еді,

Жүрек нені сезеді.

Қарғаны – үміт құсы еткен,

Өртенгенде өзегі.

Қайран да, қайран, қайранды-ай,

Өзекке өксік байланды-ай.

Талай үйде той болды,

Тек сол үйде той болмай.

Қуанышты армандай,

Өкініш кеп орғандай,

Барлық үйде той болды,

Тек сол үйде той болмай?

Алыста ол шақ қалды,

Бұлт басқан ақ таңды.

Кемпір – аппақ үміт қой,

Күткен тойлы шақтарды.

Сұм соғыстың кешегі,

Ізі қашан өшеді.

Әр жүректің түбінде,

Сыздап жатыр кеселі,

Әлі күнге сол кемпір,

Сақтап отыр деседі.

Сарнап отыр деседі,

Той болар деп талқанын,

Арнап отыр деседі.

Тауыса алмай айтарын,

Күйіп отыр деседі.

Тойға арнаған талқанын,

Түйіп отыр деседі.

Мың боздаққа бір өзі,

Күйіп отыр деседі.

Ұлын күткен – бақыттай,

Бір хикая осы еді...

Көзінің жасын сығымдап,

Жылап қояды деседі.

Әлде кімнен сыбырлап,

Сұрап қояды деседі.

Ұлым келсе қауымға,

Той қыламын дейді екен,

Той болмаса ауылда,

Қайғырамын дейді екен.

Кеп қалар деп ұланым,

Үзбейді екен үмітін.

Жалғызының сұрағын,

Іздейді екен күні-түн.

Соғысты сол, балалар,

Білмедік қой біз тіптен.

Біледі ғой аналар,

Күте-күте үздіккен.

Асқақтаған айбыны,

Келсе қайтер көкелер.

Көз жасының барлығы,

Той үстінде өтелер.

Тұлпар мініп кеуделі,

Келер ме еді, көкелер.

Аналарды елдегі,

Көрер ме еді, көкелер.

Ат үстінде жайланып,

Ауыл үстін айналып.

Тозаң болар еді ғой,

Барлық үйде той болып,

Қазан толар еді ғой.

Аналардың тілегі,

Қыстың аппақ қарындай.

Жарадарлау жүрегі,

Жүр ғой әлі жазылмай.

Келер ме еді, көкелер,

Мініп алып, пәуеске.

Қайғы шеккен көп күндер,

Айналар еді елеске.

Арғымақтар жүрсе еді,

Ақ көбік боп омырауы.

Ауылдарға кірсе еді,

Сылдыр-сылдыр қоңырауы.

Атам бата арнаса,

Алла қолдап ділдегі.

Құшағында аунаса,

Қунап дала гүлдері.

Келін-кепшік асығып,

Оттар жақса сонан соң.

Қазанға ет асылып,

Көкпар болса сонан соң.

Қатар-қатар сап түзеп,

Шалқып өтсе ағалар.

Жаулықтарын ақ жібек,

Тартып өтсе аналар.

Тудай қозғап жел кенет,

Желпіп өтсе басынан,

Немерелер еркелеп,

Баласы өтсе қасынан.

Дәл осылай, дүние-ай,

Бәрін қайта қозғашы.

Аналардың қайғылы,

Кебер ме екен көз жасы.

Жылы-жылы қар жауды,

Жылап өткен жыл екен.

Қайран көкем арманды,

Қай жерлерде жүр екен.

Қолдарымды жаямын,

Тілек болар ма екен-ай,

Алшаң басып аяғын,

Қашан келер көкем-ай.

Құшағына ап баласын,

Алады апам нені еске.

Жасқа толып шарасы,

Көп қарайды белеске,

Жазбай соғыс жарасын,

Үміт солды емес пе,

Жыламашы анашым,

Жігіт болдым емес пе?!

Жаулар салса, сүренін,

Мен дайынмын егеске,

Шаршады апа, жүрегің,

Соғысты алма, сен еске!

Соғысты алма сен еске!

Туған жерге саяхат

Отан

- Ата, Сізге сұрағым бар?

- Сұрай қойшы ұланым.

- Отан – туым, Отан – арым, Отан – асыл ұраным.

Деген асқақ, ұлы сөздің мағынасы – сұрарым.

- Балам, сенің өте дұрыс Отан жайлы сұрағың,

Мына біздер не көрмедік, не көрмедік, шырағым.

Қой соңында жүріп айттым жетімдіктің жыр-әнін,

Алты жаста әкемді іздеп, анамды іздеп жыладым.

Мен қаншама қиындыққа, қанша азапқа жолықтым,

Сонда әкемнің шаңырағы құлайды-ау, деп қорықтым.

Көрдім талай тауқыметті, көзден талай жас ақты,

Бірақ, жаным, өшірмедім әкем жаққан ошақты.

Жалғыз түйір нан іздедім, жанталастым қанша күн,

Балам сені, сен өмірге келмей жатып аңсадым.

Солай балам, артта қалды жетім күндер қапалы,

Шат дәуірге алып келді Егемендік Отаны!

Мен сияқты талай жетім жылап-сықтап өтер ек,

Бабаң, атаң бостандыққа шықпағанда жетелеп.

Отан деген – от анасы деген сөз ғой расында,

Демек Отан өзің туған ошағыңның қасында.

Айналайын, әрқашанда аяғыңды анық бас!

Өз ошағын сатып кеткен Отанды да жарытпас.

Бабаң, атаң, туған жерің, ошағыңның барлығы –

Бөлінбейтін өз өмірің – Отаныңның тағдыры.

Сондықтан да, қан майданда шегінбестен бір қадам,

Аталарың туған жердің әр сүйемін қорғаған!

Атаң, әкең және сені алып келген бүгінге,

Ұлы Отанның қасиеті – туған Ана тіліңде.

Өмірінде – балалардың, күресінде – атаның,

Соғыс емес, адал термен жаңарады Отаның!

Адам түгіл, қарлығаш та, оралғанда қайтадан,

Бауыр басқан ұясында бақыт жайлы айтады ән!

Ұя деген – үй дегенің, үй дегенің – ошағың,

Ошақ отын – Отан деген ұлы сөзге қосамын!

Ертең сен де енші аласың, көшіресің отауды,

Ұрпағыңа беру үшін өзің құрған отанды.

Ошағымда от ешқашан сөнбесіне – сенемін!

Отаныңды жат табанға бермесіңе – сенемін!

Планета – жалғыз Отан, егер адам қорғаса,

Уақытша бір шекаралар шырмағаны болмаса.

Сендер гүлге орайсыңдар адамзаттың тұрағын,

Төгілмесін қорғасындар, тер төгіңдер шырағым.

Біз қорғаған жеңісті алға апарыңдар, шырағым,

Сен қорғасаң, сені қолдар Отаның бар, шырағым.

Шетте елін шерменделер сағынып жүр, шырағым.

Әлпештеген Отаныңның қадірін біл, шырағым.

Ата, Әже

Жұлдыз дейсің, күн дейсің,

Жайнап тұрған гүл дейсің.

Ең жақсы гүл, жарық күн –

Әжең емей, кім дейсің?

Атаңменен кеңес те,

Өрле, биік белеске!

Бабалардың намысы,

Жүрегіңде емес пе?

Баба деген ұлы есім!

Шежіреден білесің.

Жүрді бастап жеңіске ол,

Әкелердің күресін.

Ту астында табысқан,

Бақыт үшін алысқан.

Әр бөбектің адамның қамқоры –

Ата, Әже – данышпан.

Алтын бидай өлкесі

Тербеліп алтын бидай, тебіреніп,

Алтын күн шуақ төге еміреніп,

Ақырын айдарымнан аймалайды,

Аяулы атамекен желі келіп.

Шыдамас тентек кеуде селт етпеуге,

Диқандар Отан үшін тер төккенде.

Даламның ұлан-асыр қуанышы,

Артық қой аңыздан да, ертектен де.

Даланы бала болып келген білер,

Даланы миллиарднан берген білер.

Бақытын термен күрер, тербелдірер,

Даланы мекендейді орденділер.

Бірігіп, тер төгуге дос қолдары,

Білмейсің дала қане, аспан қане.

Аймалап алып күнді бара жатыр,

Ақ бидай, алтын бидай баспалдағы.

Қойыны кең даланың толған шебер,

Қалайша олар барда арман сөнер?

Даланың құдіретін түсінесің,

Даладай қасиетің бар болса егер.

Бұл дала

Бұл дала күлді талай, жылады да,

Келеді күй әуені құлағыма.

Чикаго қаласына қызықпаймын,

Құмартпаймын Альбион тұманына,

Алматы жеткізеді мұрадыма.

Төбесі ақша бұлтқа өрмелеген,

Көкке діңгек үйлерді көрмеген ем.

Астанада кең басып жүремін мен,

Зәулімдерге илікпес кеудеменен.

Бауырым, жолдасымдай жалпы халық,

Болсын деп болашағым жарқын анық.

Аяймын Боливиялық бүлдіршінді,

Нан іздеген дорбасын артып алып!

Шетелде адам ұлы адамды алдап,

Жатқанда қорғасын оқ, ажал жалмап.

Қайғыдан – ауырамын және содан,

Жазыламын ырысты Даламды ойлап!

Түнгі оттар

Жүрген жерім серуендеп – қала маңы,

Жанған отқа құмарттым даладағы.

Шетке шығып шаһардан алаулатып,

Отыр өңшең қазақтың балалары.

Қайғы-мұңды түсінсін қайдан бұлар?!

Шеттерінен қиялшыл, армандылар.

Ертегіден шыға кеп ат шалдырған,

Алты жасар Алпамыс, Қобландылар.

Шыбық аттың тізгінін ерге таңып,

Көңілдерден сейілген өңге қауіп.

Тоңып кеткен жұлдыздар түсіп жатыр,

Күзгі аспанның төрінен жерге тамып.

Уқалайды көздерін түтін кірген,

Оңай жөнге келеді бітім бірден.

Ергежейлі тайпаға және ұқсайды,

«Аспан жақтың адамын» күтіп жүрген.

Қас батырдай қайтерсің, ғажаптардын,

Бұ жақтарын шолады, о жақтарын.

Сырбазданып, баптанып, сөз қозғаған,

Қазақтарым,

Кішкентай ғажаптарым!

Шардара

Ендірер қызғалдақтай құм шырайын,

Әкеліп асыл дария, сыршыл ағын.

Жантайып киіз үйде жатқан бабам,

Сезбеді-ау жамбасынан су шығарын.

Көшті бабам, ол нені аңсамады,

Жібермеді туған жер, ел самалы.

Сенбеді, құмға тұтас су толар деп,

Шеген сап, құмдық қазып көрсе-дағы.

Киімдей көз құртын жеп киілмеген,

Жемістей – жеткізбеген, иілмеген.

Құдықты қырық құлаш әзер қазып,

Бұл құмнан тамшы сұрау қиын деген.

Күсті қол, қатқан табан көнтерілі,

Бірі – кеш, кетіп жатты, ерте бірі.

Көретін күн болар ма, дескен олар,

Құм дала дария болар ертегіні.

Көрмеді, көрді бірақ, немересі,

Шардара су қоймасы деген осы!

... Екі жас қайық айдап келе жатыр,

Балыққа шыпа толған кенересі.

Құмыра

Туған жердің құмына,

Арнаған сан сапарды.

Тапты бала құмыра,

Мектебіне апарды.

Сол құмыра табылған,

Жіберілді қалаға.

Алғыс айтып, ғалымдар,

Хат жолдады балаға:

«Рақмет саған, балақан,

Іс атқардың бағалы.

Ұлан-байтақ, кең Отан,

Құпиясы мол әлі.

Құмыраңнан сенің де,

Көп мәлімет алынды.

Қазып алған жеріңде,

Қала болған кәдімгі.

Аты Отырар делінді,

Көп еді үйлер ... көшелер.

Туып-өскен жеріңді,

Жақсы біліп өсе бер».

Фараби

Дәшті Қыпшақтың.

Қолбасы болар әр ұлы,

Арыстан жүрек, жолбарыс білек – Дала ұлы,

Керуенге еріп көкжиек асып кететін,

Неліктен саған көшпелі тірлік дарыды?

Сом кесек күміс, ұсынды саған алтынын,

Алтынға, сомға сатылмай кеткен жарқыным.

Сырдариясын сағынып құйылып тұрған Арыстай,

Еліңді ойлап өтіпті Баба, әр күнің.

Сығанақ пенен Сауранды ойлап өттің бе?

Таразды, Шашты, Сайрамды ойлап өттің бе?

Исфаған менен Нишапур жақсы, дегенмен

Фарабтай шаһар жоқ мүлде.

Фарабтың аты өшпеді тегі, өшпеді!

Көшті де кетті Шыңғыстың даңқы көшпелі.

Өнерің қалды, өрнегің қалды – кестелі,

Кирдің басы емес алтын жалатқан местегі.

От басы тұсап омалтып қойды-ау ақылды,

Дамаскі болып алатын демің ақырғы.

Ескі Бағдаттың төрт қақпасы да қол бұлғап,

Кір жуып, кіндік кесілген жерге шақырды.

Шемен боп қатып, шорланып шерің көңілде,

Неліктен көндің араб жерінде.

Өткір пышағы жарқырап жүрген белінде,

Қыпшағым маған опа таптырмас дедің бе?

Садақ сілтем жер – туған ел тұрды көңілде,

Туған ел тартқан ақымағын да, ерін де.

... Сан ғасырдан соң, орнынан тұрды Отырар,

Шөліркеп келген Ұлына сүтін беруге.

Қаратаудағы петроглифтер*

*тасқа қашалған суреттер

Өткенің маған бұлыңғыр,

Сырыңды айт, бәрін маған айт.

Отыз бес ғасыр бұрынғы,

Ойран боп кеткен қаланы айт.

Жер тектес қадым ғұмырлы,

Жартастың жұмбақ сырын айт.

Отыз бес ғасыр бұрынғы,

Бабаларымыздың жырын айт.

Үш мыңдай сурет ... тұр көк шың,

Күзетіп сонша жасақты.

Неліктен салды суретшің,

Арбаға жеккен қос атты?

Қимастан ұзақ қарадым,

Қыздырды кенет денемді ой:

«Сәйгүлік қуған Даланың,

Ұландарымыз» деген ғой.

Көңілімді, баба, қозғадың,

Әсерсіз өнер өнер ме?

Сәйгүлік қуған өз қаның,

Ойнақшып тұрды денемде.

Ғасырым бөлек, басқа кез,

Ырғағы бөлек тоқ жырдың.

Атымды бірақ тасқа емес,

Жүрекке жазсам деп жүрмін.

Әкетайым суреті

Тойлайтұғын кез жетті,

Менің туған күнімді.

Ағам сурет көрсетті,

- Сыйлығым, - деп, - бүгінгі.

Алтыдасың бүгін сен,

Кім екенін айта ғой?

Ол суретті білуші ем,

Дедім:

- Әкем-папа ғой.

Бар досымды жинады,

Ағам сурет сыйлады.

- Бақытты бол, гүлім! – деп

Әкем тұрды күлімдеп.

Бөбек

Бейбіт күн! О қандай әдемі!

Жайнайды кең аспан әлемі.

Күлімдеп көшеде келеді,

Бақытты заманның бөбегі.

Қауызын жаңа ашқан гүлдер де,

Бақыттан ән айтар бұл жерде.

Аналар әрқашан бақытты,

Бөбектер шаттанып жүргенде.

Маңайда гүл көктем көгілдір,

Қарайды Күн көктен төгіп нұр.

Сәбидің күлкісін нұрлы еткен,

Гүлді еткен өмір бұл, өңір бұл!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар