Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Мирас Әбіл. Актер Айманов...

15.02.2023 7177

Мирас Әбіл. Актер Айманов 14+

Мирас Әбіл. Актер Айманов - adebiportal.kz

Бүгін Қазақ театр өнеріне өлшеусіз үлес қосқан, шебер актер, әйгілі режиссер Шәкен Аймановтың дүниеге келген күні. Иә, кино өнеріне төккен маңдай терін неге ұмыттың дерсіз?!. 14 фильмі барда, өзінің есімімен аталатын «Қазақфильм» барда ол қалдырған мұра ғасырдан-ғасырға жалғаса берері сөзсіз. Ал, театр өнеріне қосқан зор үлесі ше?!. Кейінгі ұрпақ, Кенжетайұлын тек кино өнерінің корифейі ретінде ғана таныр ма екен?!. Осы бір ойдың жетегінде келе жатып, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының музей жетекшісі Нарғыз Тамабек қызына кездесіп қалғаным... Ойламаған жерден, Аймановтың актерлік әлеміне ендім де кеттім.

Еңбек жолын Қазақ драма театрынан бастап, 20 жылдың ішінде жас актерден, бас режиссер мен көркемдік жетекші деңгейіне дейін көтерілген алып тұлғаның шығармашылық жолына үңіліп, ескі қойылымдарды еске түсірер естелік суреттерге қарадым…

Оң жақта отырған бозбала Шәкен

Ш.Аймановтың артистік қабілеті мектеп қабырғасынан бастау алып, сахна өнеріне әуестігі 1928 жылы Семейге келіп, Казкоммуна мектебіне түскен, оны бітіріп халық-ағарту институтында оқыған жылдар ішінде басым болды. Сол жылдары Семей қаласында драмалық үйірмелер көп болатын. Драма үйірмесіне қатысып, бос уақытын репетиция мен қойылымдарға арнап жүргенінде, қойылымдардың бірін Ғабит Мүсірепов тамашалап, сахнадағы жас Шәкенді қазақ драма театрына шақырады. Осылайша Алматыға аттанған Шәкен Айманов 1933 жылдың қысқы театр маусымында қазақтың мемлекеттік ұлт театрының труппасына алынған. Театрда сол кездердің өзінде-ақ жұртшылыққа әйгілі болып қалған Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, Қ.Жандарбеков, С.Қожамқұлов және Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов сияқты әнші артистер бар болатын. Жаңа өнерге құлшына кіріскен, жұмыста шаршауды білмейтін, жалындатқан жастық шақтары еді. Шәкен сияқты театрға жаңадан алынған жас дарынға алдымен, осы өнерпаздардың көзіне түсу, талантын шыңдау мақсаты тұрды. Ш.Айманов алғашқы жылдың өзінде-ақ алысқа сілтер жарқын талантын танытты. Ол 1934 жылы «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы батыр Есен рөлін шебер ойнауымен көрерменді қатты сүйсіндірді.

Н. Гоголь "Ревизор", 1936 ж.Хлестаков - Ш. Айманов

1934 жылы театр Мәскеу мен Ленинградқа шығармашылық іс-сапармен аттанған. Орыс мәдениетінің барлық асыл мұраларын бойына сақтаған тарихи қалаларда болудың өзі Аймановқа ғажап әсер сыйлады. Остужев, Баталов, Симонов ойындарына тамсанған оған осы сапар сан қилы ойлар, армандар сыйлап, шығармашылығына сілкініс жасады. Оны қазақ өнеріне сыншылдық көзбен қарауға, ондағы табыс пен кемшіліктердің мәнісін айқын ұғуға үйреткен шығар. Театрға қайтып келген соң ол режиссерлердің жұмысына да зер сала бастайды, әрбір жайларды нақтылы ұққысы келеді. Осы кезде театрда режиссер болып Насонов қызмет ететін еді. Бұл адам тамаша тәрбиеші, артистердің нағыз досы болатын. Ш.Айманов алғашқы рет К.С.Станиславский жүйесімен де осы Насонов арқылы танысқан еді, театр өнерінің көптеген театориялық мәселелерімен хабардар бола бастайды.

Б. Чиркасов "Жеңімпаздар", 1947 ж.Муравьев - Ш. Айманов

Осы жылдардан бастап Ш.Айманов шығармашылығы академиялық драма театрының өсу, даму кезеңдерімен біте қайнасты. Қазақ сахнасында социалистік реализм негізін айқындай түскен Н.Ф.Погодиннің «Мылтықты адам» қойылымының сахнаға шығуы актер есіміне тікелей қатысты. «Таланттар мен табынушылар», «Намыс соты» сынды аударма пьесаларды қою арқылы театр режиссурасының қыр-сырына қанықты. Ш.Айманов бейнелеген солдат Шадрин көпшіліктің көңілінен шығып, аталмыш спектакль, 1939 жылдың «үздік қойылымы» атанды. Одақ бойынша Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкеева орындаған «Асауға тұсау» спектаклі үздік деп танылып, Шекспирдің мерейтойында осы спектакльмен Лондонға барып өнер көрсетіп қайтты. Қойылымда Петруччио рөлін сомдаған актер бойындағы музыкалық , пластикалық қасиет, интонация байлығы осы ролінде ерекше көзге түскен. Қазақ сахнасында тұңғыш бой көрсеткен М.Горкийдің «Шыңырау түбінде» атты пьесасындағы басты кейіпкер Сатин ролін де Ш.Айманов ойнаған. Театр сахнасына шыққан көптеген пьесалардың да табысты болуына Шәкен Кенжетай ұлы мол үлес қосты. Халықаралық-саяси тақырыптарға арналған совет және шетел жазушыларының шығармалары да Айманов творчествосынан ойып орын алады.

У. Шекспир "Асауға тұсау", 1939 ж.

Сахна қайраткері үшін 20 жыл тым қысқа мерзім. Әсіресе тәжірибесі аз, репертуары кедей, жаңадан құрылған жас театр сахнасында бұл мерзім тіпті қысқа көрінбек. Театр өнерінде қандай ірі талант болса да, ол бірден сахнаның жұлдызы бола алмайтыны белгілі. Шығармашылығының алғашқы жылдары талантын ашу, шеберлікке үйрену, техникасын шыңдау, образ жасау әдісін қалыптастыру жолдарында өтпек. Ш.Аймановтың да актерлік өмірінің алғашқы жылдары осылай өтті. Оның артистік талантының нағыз қуаты 40-шы, 50-ші жылдар аралығында танылды. Жоғарыда аталған рольдерден басқа, «Найзағайдағы» - Тихон, «Таланттар мен табынушылардағы» - Великатов, Дюссо мен Джеймс Гоудың «Терең тамырлар» атты пьесасындағы негр Брет, Алдар көсе, Қобыланды, Ақан сері, т.б сахналық портреттер – осы жылдың жемісі. Осы аталған рольдердің ішінде актер диапазонын толығырақ байқататын роль – Ақан сері.

А.Н. Островский "Найзағай", 1950 ж.Катерина - Х. Бөкеева, Тихон - Ш. Айманов

Ақан сері басындағы трагедиялық халді дұрыс түсініп, оны шебер ойнату үшін артистке жалаң табиғи талант аз, ысылған шебер техника қажет. Біріншіден, өлеңмен жазылған пьеса мәтінін өлең екпінінің еркінде кетпей, дауыстың музыкалық ырғағына берілмей, өлең жолдарына қарасөздік ритм беріп меңгеру үшін мүлтіксіз дикция, сөйлеу шеберлігі керек. Екінші, драманың өн бойында жиі кездесетін төгілмелі ұзақ монологтарды қызу темпераментпен мүдіртпей айту кезіндегі ентікпейтін ептілік қажет. Үшіншіден, Ақан басындағы қайшылықтарды, философиялық ойларды дұрыс шешіп, жарқын жеткізу үшін биік сана иесі болу ләзім. Міне, осы айтылған талаптарға сай актерлік қасиет Ш.Айманов бойынан табылды.

М. Әуезов "Қобыланды", 1950 ж.Қобыланды - Ш. Айманов, Қарлыға - Х. Бөкеева

Ш.Айманов бұл шығармада кездесетін мөлдір, таза махаббат сырын да, шығармашылықтың қуанышты, шабытты сәтін де, қайғының мұңды күйін де, Ақанның күрескер бейнесін де шебер сомдай білді.

Ғ. Мүсірепов "Ақын трагедиясы", 1958 ж.Ахан - Ш. Айманов

Ш.Айманов өзінің 20 жылдық шығармашылығында академиялық драма театрының сахнасында үлкенді-кішілі 100-ден астам рөл ойнады. Осылайша классикалық драматургия негізінде тәрбиеленген талантты актер, режиссер Ш.Айманов 1947-1951 жылдары театрдың бас режиссері міндетін атқарды. Бұл жылдар аралығында ол бірнеше спектакльдер сахналады. Олардың көрнектілері – «Достық пен махаббат», «Бүргенді тоғай», «Таланттар мен табынушылар», «Шаншарлар», «Абай» т.б. Өзінің режиссерлік стилінде ол шығарманың көркемдік-идеялық мазмұнын тереңірек ашуды, ұлттық бояуды әрлеңкіреуді, сахналық түр табуды басты мақсат етті.

Ә. Әбішев "Достық пен махаббат", 1947 ж.Сәуле - Х. Бөкеева, Темір - Ш. Айманов

Ш.Айманов режиссерлік еңбегі жергілікті драматургтердің сол дәуірді бейнелейтін шығармаларын қоюда өзгеше көзге түседі. Ол театрдағы режиссерлік ұстанымында ойнаушылардан нанымдылықты талап ету, көрушіні мазалар жасандылықтан аулақ болуды міндет етуімен ерекшеленген. Оның режиссерлік жұмысындағы сүйсінерлік жай – психологияға құрылған реалистік шығармаларды қоюға талпынуында. Реалист актер өзінік режиссерлік жұмысында да осы бір бағытты берік ұстанды. 60-жылдардың аяғына таман өз инсценировкасы бойынша жастар театры (Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры) сахнасында «Жас Абай» атты спектаклін қойды.

Шәкен Айманов, 1936 жыл

Ш.Айманов кино әлемінде де алдымен өзінің актерлық өнерімен танылған болатын. Жамбыл образын асқан шеберлікпен ойнауы оны одақ көлеміндегі көрнекті кино актерлерінің қатарына қосты. Ш.Айманов – сахна үшін жаратылған талант. Өнердің ішкі қуатына адамның сырт бітім тұлғасы сай келсе, сахна өзінің нағыз әмірші иесін таппақ. Балғын денелі, ажарлы кескінді, кең тынысты Ш.Айманов бойында жеңіл комедиялық рольдерден бастап, трагедиялық кесек образдарға баратын серпін болды. 1952 жылы сахналаған «Абай» спектакліне КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.

У. Шекспир "Отелло"Отелло - Ш. Айманов

Актерліктен бастап, режиссерлік биікке көтерілді. Ол сомдаған Отелло мен Петруччио – қазақ театры тарихында үлкен құбылысқа айналған рөлдер. Ол – қазақ сахнасында романтикалық театр мектебін қалыптастырған актер. Театр өнеріне қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Қазақ театрының алғашқы қарлығаштарын тарихта қалдырды. Кино арқылы келешек ұрпаққа жеткізді.

Иә, театр музейі бір кездері жасындай жарқылдаған актер Айманов әлеміне бір сәт сапар шектірді. Ал мынау, оның Отелло рөліндегі суреті сынды... Ақ махаббатын буындырып өлтірген соң Отелло жоғарыдан төмен құлады. Режиссерді көндіріп, сол биіктен құлау сәті Шәкеннің өзі ұсынған көркемдік шешім екен.

Суреттер М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының музейінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар