Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Мирас Әбіл. Хас сұлудың көз жасы......

15.10.2019 5877

Мирас Әбіл. Хас сұлудың көз жасы... 12+

Мирас Әбіл. Хас сұлудың көз жасы... - adebiportal.kz

"Ол оны жек көреді, бірақ іздейді. Ол оны жақсы көреді, бірақ азаптайды". Олар бірін-бірі қалайтын секілді, бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, алайда махаббаттың мұңсыз болған кезі бар ма?!

«Драматург сері» «Театр сұлуға» жазған «пьеса-хатын» жауапсыз қалдырғанына шағымданады, ал Театр сұлу өзіне лайық жақсы драматургияның жоқтығын сөз етеді. «Өткен жолы, - дейді Театр бикеш, - «Алтын тобылғы» мерекесінде менің адресіме мыңдаған хаттар жазылды, ішінде жүлдеге ие болып қомақты қаржыны иеленгендері де бар, бірақ солардың көбі сол жүлде мен қаржы үшін жазғандар, ал менің мерейімді өсіретін, жүрегімнен (көне театр тілінде репертуарымнан деп те кездеседі) орын алған бірі жоқ. Хаттарының (пьесаларының) ғұмыры «Алтын тобылғымен» аяқталды». Театр сұлудың жанайқайы орынды, Драматург дүлдүлді де түсінуге тырысыңыз. Мүмкін ол өз сезімін жария ете бермейтін ұяң немесе театр сұлудың назарына ілігуді мақсат тұтпайтын маңғаз шығар. Мұндайда тек қана «завлит» шешен ғана шешім таба алушы еді ғой тарихта. Ол Театр сұлудың жан сырын түсініп, драматург серіні киелі сахнаға шақырып, екі тарпаңның да тілін тауып араларындағы ұлы махаббат – драматургияның дүниеге келуіне ықпал ететін. Ал бұл күні Театр сұлудың сарайынан өзіне лайық баға ала алмағаннан ба, өз бағасын өзі білмегеннен бе, барсам өз орнында жоқ екен... Оның да кінәсі жоқ шығар, жалғыз ұлы «талғам» бақилық болғалы, бүгінгі күннің құндылығы үшін әрнені кәсіп қылып әлі де өмір сүріп келеді...

Иә. Әдебиеттен тамыр алатын ұлы мәртебелі театр өнері туралы толғанғанда өткен ғасырдың өзгеше бір мамандығы әдебиет бөлімінің меңгерушісі бірден еске түседі.

Әдебиет бөлімінің меңгерушісі (завлит) ұзақ жылдар бойы театр үрдісінің міндетті тұлғасы болды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтен бастап, Қалиқан Ысқақов, театр сыншысы Әшірбек Сығай да шығармашылық жолдарында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет еткен. Бүгінгі күні әдеби бөлім меңгерушісі қажеттілігі жаңа театр шындығының сипатына күмән тудырды. Кәсіп айқын құлдырауға ұшырады, театр бөлімдері түлектері алдындағы беделі жоғалды. Театртанудағы «әдебиет бөлімінің меңгерушісі» мамандығы - жұпыны кәсіп. Ал, театр ішіндегі беделі айтпаса да түсінікті. Жалақы аз, ал еңбек үздіксіз, ешқашан аяқталмайды, құмырсқа күйбеңді, тәртіпсіз және көзге түспейді. Жалпы, жұмысы жарнамалық болғанмен, жалақысы завлиттік қалыпта.

Драматург пен театрдың арасындағы алтын көпір – әдебиет бөлімінің меңгерушісі болуы тиіс. Теориялық тұрғыдан ол өзіне берілген пьесаларды оқитын, оларға баға беретін, авторлармен диалог жүргізетін, оларды шығармашылыққа тартатын, барлық жаңалықтарды қадағалайтын, іздейтін, театр репертуарын қалыптастыратын және айқындайтын адам (театртанушы немесе әдебиеттанушы) деп болжанады. Мұндай әдебиет бөлімінің меңгерушілері сирек болса да бар, бірақ зер сала қарасаң шығармашылық тынысы теориядан алшақ.

Бүгінгі қазақ театрларында Әдебиет бөлімінің меңгерушісі өз міндетінен басқа кез келген міндеттерді орындайды. Ол шақыру билеттерін бөледі, баспасөз хатшысы мен жай хатшы рөлін атқарады, бас режиссердің немесе директордың көмекшісі, жергілікті газеттің мақалаларын өңдейді, инсценировкалар жазады, оларды басқа театрларға жібереді немесе өз театрына ұсынады (екі-үш майданда «шайқаспаса» аштан өлер еді), репетицияға қатысады, буклеттер дайындайды, сансыз мерейтойлар мен фестивальдарға дайындалады, премьераға шақырылғандардың тізімін жасайды және т.б. Бұдан да сорақысы – елдегі елу-алпыс театрдың төрттен үшінде атаулы кәсіби маман (театртанушы, әдебиеттанушы) атымен жоқ. Облыстық театрлардың көбінде олардың міндетін жергілікті ақындар, асабалар, түк таппай жатса әйтеуір сөзден сөйлем құрай алатындар атқарып жүр. Ол кісілердің, әрине, пьеса оқуға уақыты қайдан болсын? Тиісінше режиссер мен драматург үшін әдебиет бөлімінің меңгерушісімен санасудың еш мәні жоқ...

1935-1949 жылдар аралығында Станиславскийдің серіктесі Павел Марков алғашқы рет театрдың "орталық миы" - әдебиет бөлімін, оның репертуарлық штабын, баспасөз бюросын, драматургиялық зертханасын жасады.

Театр тіліндегі "завлит цехы" қасиетті ұғым еді. Бірақ кейін ескірген тезиске айналып, бірте-бірте көз алдымызда мәдениеттің тарихына кетті. Театрға драматургтерді тарту, пьесамен жұмыс істеу, репертуар қалыптастыру, бағдарламалар мен буклеттер құрастыру, төл спектакльді "труппада" талқылау енді сәннен қалғандай. Бізге қазір тек PR қажет: оңды-солды жарнама, толымды-толымсыз анонстар, өзім деген «сыншыларды» премьераға шақырып, олардың банкетте айтқан пікірін баспасөзге беру т.т.

«Қазіргі қазақ театрында драматург жоқ», - дейді біреуі.

«Қазіргі қазақ театрында драматургия бар», - дейді екіншісі.

Мені шын махаббатсыз (драматургиясыз) мына қапастан кім құтқарады деп, қараңғы түнде көз жасына ерік береді хас сұлу (театр)...

PS: Айтпақшы, Театр сұлудың сарайына бір хат түскен. Иесі беделді адам деседі. Осы хатты оқыса да оқиды, оқымаса да оқиды депті ол кісі. Апыр-ай, қайтер екен?! Беделді адамдар білгенін істеп, Театр сұлудың жүрегіне (репертуарына) дақ түсірер ме екен?!.

Мирас Әбіл,

Театр сыншысы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар