Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мырзакелді Кемел. Баянды ғұмыр...

15.09.2015 12636

Мырзакелді Кемел. Баянды ғұмыр

Мырзакелді Кемел. Баянды ғұмыр - adebiportal.kz

d5197088f2d7a5231a8c3a011f5d4c88.jpg

Халқына ғұмырын саналы түрде арнаған, қазақ мәдениетінің тағдыры үшін сан жылдар еңбектеніп, ұлттық ділдің жанашыры болған Ақселеу Сейдімбек жайында «Қазағым деп тілін сындырып, қазағым деп өмірден өтер, құр сөзбен емес, бар болмыс-бітімімен, бүкіл саналы тірлігіндегі қам-қарекетімен дәлелдеп жүрген осы Ақселеудей азаматтары бар ел бақытты» деген екен Кәдірбек Сегізбай.


 

 

Ақселеудің өзі айтады:


 

«Қазақ халқы бір жүйеден екінші жүйеге өтіп бара жатқанын терең сезіндім де, ұлтымыздың дәстүрлі құндылықтарының бірте-бірте ұмытылып бара жатқанына қатты мазаландым. Нәтижесінде, мен нақтылы ғылыми-көпшілік, ғылыми-танымдық, этнографиялық, ұлт болмысын танытатын еңбектерді жазумен айналысуға көбірек ден қойдым.


 

...«Ұлы Дала», «Көшпелілер өркениеті», «Көшпелілердің төлтума мәдениеті» деген санаттық (категориялық) ұғымдар қалыптасу  үшін, оны елдік жетістік ретінде санамызға орнықтыру ұшін 60-70-80 жылдарда көрінген шығармашыл буын айырықша еңбек етті. Сол буын сапында болғанымды мақтан етемін. Мен тұңғыш рет қазақтың ғажайып мұрасы – қара өлең нұсқаларын жинап, оның поэтикасы мен жанрлық сипатын саралаған монография жарияладым («Мың бір маржан»). Қазақтың рухани мәдениетіндегі ерекше құбылыс музыкасы болса, бүкіл саналы өмірімді күй өнерін зерттеуге, күйші-композиторлар өмірбаянын анықтауға, күй аңыздарын жинауға арнап келемін. Күй өнері туралы екі томдық  монографиям («Күй шежіре» – екі кітап) жарық көрді. Өзім қобыз, домбыра, сыбызғы, мандолина тартамын.


 

Қазақ тарихы мен этнографиясына қатысты жазғандарым көлемді монография болып жарық көрді («Қазақ әлемі»).

Қазір менің қолымдағы шежірелік материалдар Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы, Алматы, Ташкент қалаларының ғылыми мекемелеріндегі шежірелік материалдардан мол десем, әсіре сөз емес».


 

«Менде Құнанбай қажының шақшасы, Шәкен Аймановтың ұстаған таяғы бар. Ал, енді Алматыдағы Азаттық монументі жанындағы айқара ашылып жатқан кітапты жұрттың бәрі біледі. Соның бір бетінде Президенттің саусағының белгісі де, келесі бетінде түркі қағаны мөрінің «Таңда да, жұбан» деген жазуы бар. Бұл тастағы жазуды профессор Алтай Аманжолов оқыған. Осы тасты маған Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай жағынан бір қойшы қорымнан тауып әкеліп берді. Қолыма түскен тарихи таңбаның өмірлік зор пайдаға асқанын өз басым мақтаныш тұтамын.


 

Шаршаған кезде қолөнермен айналысамын. Домбыра, шақша, сақина, білезік жасаймын. Қамшы, шідер, жүген өремін, қолға ұстайтын таяқтар жасаймын, ол жасағандарымды құмарым басылғанша ұстап жүруді ұнатамын. Мен жасаған бір домбыраны марқұм Нұрғиса Тілендиев қалап алып еді.


 

Ең бір әдемі жасалған мүліктерімнің бірі – Оралхан Бөкеевке арнап жасалған өрме қамшым болатын. Аға-досым Асанәлі Әшімовке талай рет шақша жасап бердім. Менің қолөнерімен айналысуымды ерекше қабілеттің айғағы деп дабырайтудың қажеті шамалы. Мен аудан орталығынан шалғайда, Бетпақтың шөлінде, көшпелі ауылда өстім. Әлгі мен жасайтын заттарды біздің ауылда екінің бірі жасайтын. Яғни, ондай қабілет өмір мұқтажынан туындаған қажеттілік десе жөн. Оның үстіне орта мектеп бітірген соң комсомолдық жолдамамен қой шаруашылығына келдім де, екі-үш жыл малшылықтың ыстық-суығын бастан кештім. Яғни, жазудан қажыған кезде, бірдеңені ептеп-септесем, сол баяғы шаруа кездегі үйренген әдет қой».


 

Осы өзі жазып қалдырған сөздерінен артық сөз іздеп, Ақселеудің табиғатын әсерлеп, боямалаудың реті келмес.

Ахмет Байтұрсынов: «Шәкәрім ою-өрнек сызып, тасқа бедер салған. Бойға қонымды, ықшам, әдемі киім үлгісін ойлап тауып, киім пішкен. Ол домбыра жасаған. Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр тазы ұстап, аңшылық, саятшылық құрған» деп тізіп айтқан екен. Ақселеу де сол сияқты ауылда өскен қазақтың алғыр, зерделі баласы не істей алса, соны жасайтын болған. Шәкәріммен ұқсастығын шығармашыл адамдардың ұқсастығы, үндестігі десе боларлық.


 

Ақселеуді әркім әр түрлі қырынан көреді. Серік Ақсұңқарұлы: «Алғаш рет Асан Қайғы, Ақтанберділерді мен осы адамның аузынан естігем-ді. Ести салысымен басыма жастанып оқып, бір сөзін түсіне алмай дал болғанымды да несіне жасырайын. Евтушенкоға есі кеткен бала жігіт мына дүниеде одан басқа ешкім жоқ деп ойлап жүр ғой баяғы...».

Ақселеудің Шәкәрімнің «Үш анығының» елден алынған екі қолжазбасын салыстырып, дәл оқылуына, бастапқы қалпына келтірілуіне мұрындық болғанын Мекемтас Мырзахметов «Түркістан» газетіне жазған.


 

Жайық Бектұров Ақселеу Сейдімбек жөнінде былай депті:

«Ақселеу – аңқылдаған ақ көңіл жігіт. Ақ көңілдік, үлкенге ілтифат, кішіге қамқорлық қасиет – тек жаратылысында дарынды жандарға ғана тән қасиет. Бойдағы дарын тұғырдағы тұйғындай талпынуды, биікке қанат қағуды керек етеді. Бұл – дарынды адам үшін талаптылық. Міне, осы бір талап Ақселеу дарынының өмірге егіз болып келген сыңары, бір қанаты. Осы талапкерлік біздің Ақселеуді бақытқа жетеледі. Небары жиырма жылдай уақытта Ақселеу өз қатарларының, өзінен ілгерілердің алдына түсті, қардай боратып, жаңбырдай нөсерлетіп неше алуан кітаптар жазды.


 

Ақселеу тек қиял қанатының ғана қаламгері емес, ол ақ қарда із кескен саятшыдай көне тарихымыздың сан алуан шытырман ұңғыл-шұңғылын зерттеп келеді. Бір арба қоқымнан бір түйір алтын сүзіп алатын кеншілеріміздей, ол көне тарихымыздың ұмытылған, тот басқан парақтарын жаңғыртып, көмескі таңбаларын сөйлетіп келеді. Оның бұл саладағы еңбегі инемен құдық қазғандай.


 

Ақселеу – кісілікті, әдепті, тағылымды, көрегенді, өнегелі, әрі бауырмал қайырымды, әрі сері, серіппелі жігіт. Ақселеудің көңіл көкжиегі, ой дариясы өте кең. Ақселеу – еңбекқор, еңіреп туған ер, жайсаң өнерпаз азамат. Оның тілі де, қолы да, ойы да жүйрік, оның адамгершілік парасаты да жоғары. Ақселеудің өзінен үлкендерге кішілігі, әдептілігі қандай жарасымды, өзінен кішілерге оның менмендігі жоқ. Мұндай жайсаң қасиет екінің бірінде бола бермейді. Жүйрік ат жуас келеді, иесіне еркелеп тұрады, балаға құлақ жымитпайды, шәлкестенбейді, бұра тартып, алып қашпайды. Жақсы кітаптарды көп оқыған, кеудесіне ғибратты сөзді көп тоқыған зерделі, зиялы, ізгі мақсатты адамдар дәл сол мойыны сала құлаш сағақты жүйрік ат іспеттес.


 

...Ақселеу бұрынғы өткен шешен аталарымызға тартқан әңгімешіл, сауық- сайраншыл, отырған орны базар, көпке ажар, арқалы жазушы. Иә, ол сегіз қырлы бір сырлы, су төгілмейтін, төрт аяғын тең басқан жорғадай жайсаң жігіт.

Ақселеу бүгінгі ұрпаққа, өзінен үлкенге де, кішіге де қазақ халқының өткендегі өмірінен бірде әліппе, бірде дастан, бірде шежіре жазып өз тең құрбысының алдына шықты. Бүгін біз мінезі ақ жарқын, қаламы тотсыз, көңілі кіршіксіз, алған беті түзу, жолы даңғыл Ақселеуіміздің бұдан былай да құлашты кеңге сермеуіне тілектеспіз. Ақселеу қазір дер шағында тұр. Оның қырағы, жіті көзі, сұлу сөзі, қайратты, қажырлы, тасқа салса майырылмайтын алғыр кезіне дәл келіпті.


 

Ақселеуге дарындылығы, өнерпаздығы, сырбаздығы үшін алғыс айтамын».

Қаламдас, қанаттас ағаның барынша шынын айтқаны, шын ықыласпен берілген баға екені көрініп-ақ тұр.

Ернар Құлмағамбет Ақселеу Сейдімбектің шығармашылығына қатысты бар жоталы-жоталы төрт түрлі ерекшелік сипаттарын атап көрсеткен:

«Әуелгі ерекшелігі – қазақ әлемінің дәстүрлі өмір салтына ерекше ден қойып, оның мәдениетіне, өнеріне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына жарқын көзбен қарап, шұрайлы көркем тілмен айтып беруді мақсат етуі.

Екінші елеулі қыры – Ұлы Дала кеңістігіне арқа сүйеген қазақ болмыс-бітімнің жылт еткен қадір-қасиетін, барынша ыждаћатпен зерттеп, жас ұрпақ кәдесіне жарату.

Үшінші ерекшелігі - өзі зерделеп отырған этнотанымдық қымбат белгілерді, әрдайым, Ұлы мәдениет үлгісі ретінде қарастыра отырып, келер күнге аманат қылып, аман сақтап қалу жайы.

Төртінші сипаты - әр текті, шалғай өрістерден желі тартқан мол мағлұматтармен қатар, қазақ бітіміндегі танымдық деректердің  нақтылығы, дәйектілігі».


 

Халқымыздың мынадай тағы бір даналық өсиеті бар: «Егер, сен алыс сапардан қоржын толы алтынмен оралсаң, сол алтынды отыңның басы, ошағыңның қасына ғана төк. Егер, сен алыс сапардан жақсы дос тауып қайтсаң, онда ауылыңды жинап таныстыр. Ал, егер, сен алыс сапардан ұлағатты сөз естіп қайтсаң, онда бүкіл еліңді жинап, айтып беру міндетің». Ақселеу өзінің жазып қалдырған мол мұрасы арқылы бүкіл еліне ұлағатты үлгі, өнегелі сөз қалдырды.


 

Бұрынғылар айтқан екен: «Аққумен істес болсаң – көңілің пәк болар, қаршығамен істес болсаң – тамағың тоқ болар, қарғамен істес болсаң – шоқығаның боқ болар!» деп. Оны Ақселеудің өмірінің әр түрлі кезеңдерінде бірге жүрген достары, көңілі толған замандастары арқылы білуге болады. Олар көп. Ақселеу Сейдімбек олардың әрбіріне сөз арнаған. Оларды кие тұтқан.


 

Мына бір сөзін қараңыз:

«...Адамды дүние-тіршіліктің діңгек тұлғасы деп тану идеясы қазақтың шежірелік зердесінде, қария  сөздерінде айқын көрініс тапқан. Қазақ шежіресінде Адам- тарихтың тұлғасы, ал Адам сапасы тарихтың қозғаушы күші.

...Сапалы Адам идеясы қазақтың қария сөздерімен шектеліп қалмаған. Ұлы Абай айтатын «толық Адам», Мұхтар Әуезов айтатын «кемел Адам» түптеп келгенде, халықтың дәстүрлі талғам - түсінігінің бүгінгі өмірімізбен сабақтасып жатқанын зерделетсе керек.

Әрине, сапалы Адам өткеннің ғана көкейкестісі емес, дүние-тіршілік сапалы адамға бүгін де зәру. Шүкір, қазақ халқы қандай кез-кезеңде де саналы Адамнан құралақан болмаған.


 

Л.Н.Гумилев айтатын, ұлт рухын асқақтататын да, аспандататын да, міне, осы сапалы Адамдар – пассионарлар».

Ақселеу сөз арнаған әрбір адам – осындай сапалы адамдар. Оларды тұлғалар деп атап, өзінің көптомдығына енгізіпті. Онда кім жоқ?

Тұмар ханша, Мүде қаған, Еділ, Бумын қағандар; Тоныкөк пен Күлтегін, Әл-Фараби мен Жүсіп Баласағұни, Қорқыт пен Асанқайғы, Анахарс пен Рашид-ад-дин, Бәйдібек пен Домалақ ана (Нүрилә), қазақтың хандары, батырлары мен билері, ақын-жыраулары мен күйшілері; Шоқан, Ыбырай, Абай, Шәкәрім; Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжан; Мұхамеджан Тынышбаев пен Мұстафа Шоқай, Мұхтар, Қаныш, Әлкей; Бауыржан мен Қонаев, Нұрсұлтан, Мұқағали мен Нұрғиса, т.т. бір шоғыр болып бөлек тұр.


 

Кейінгілер мен қазіргілерден Нұрпейісов Әбдіжәміл, Қабдолов Зейнолла, Мұртаза Шерхан, Кекілбайұлы Әбіш, Әлімбаев Мұзафар, Бөкей Оралхан, Тарази Әкім, Жолдасбеков Мырзатай, Салғараұлы Қойшығара, Әбдіхалық Жомарт, Жақанов Илья, Әшімов Асанәлі, Кәрменұлы Жәнібек, Гумилев Лев Николаевич, Мандоки Қоңыр, Құлқыбаев Ғабдолла, Бальбуров Африкан Андреевич, тағысын тағылар бар.

Осылардың әрбіріне Ақселеудің мәнді бағасы берілген. Өмірінің соңғы жылдары тіптен жұбын жазбай бірге жүрген досы Салғараұлы Қойшығара туралы жүрекжарды сөзін былай келтіреді.


 

«Біздің Қойшыкең толық мағынасындағы жақсы адам. Қойшыкең үлкенді ардақтап, кішіні әлпештей алады, досқа адал, туысқа бауырмал, уәдені құдай аты деп біледі. Ел мен жерді кие тұтады. Бар қабілет-қарымын тек жақсылықтың жолына жұмсайды. Ең бастысы – адалдықтың бәйгесіне атын қосып, озса да олжалы, қалса да олжалы болып отыратын адам. Мұндай жанды қалайша жақсы адам демессің? Бәлкім, өмірдің бағасын арттырып, тіршілікке іңкәр еткізіп қоятын құдіретіңіз осы Қойшығара сияқты жақсы адамдардың жанымызда жүргендігінен болар».

Ақселеудің басты уайымы – бейғамдау, өткен тарихында «мың өліп, мың тірілген» қазағы ХХ-ғасырдың соңғы ширегінен бергі аласапыран асығыс замандағы тез дамыған өркениет ағысында өз болмысын сақтап қалуға қауқары жете ме, ол үшін әр қазаққа өз тарихын, ұлттың өзіндік қасиетін ұғындыра түсуіміз керек дегенге саяды:


 

«Жиырмасыншы ғасыр қазақ халқы үшін ерекше ғасыр. Жо-жоқ, көрген қорлықты, тартқан азапты, жоғалтқан ұрпақты айтпаймыз. Немесе, жеткен жеңіс, тапқан табыс та емес. Оның бәрін тірішіліктің бұйыртқан сыбағасы деп көңіл жұбатуға болар. Жиырмасыншы ғасыр  қазақ халқының тарихи-әлеуметтік және мәдени-рухани тағдыры үшін айырықша ғасыр болды. Үш мың жыл  бойы, бәлкім, одан да ұзақ уақыт аясында  қалыптасқан салт атты көшпелілер өркениеті (цивилизациясы) артта қалды. Алда базистік болмысы мүлде бөлек өмір салт күтуде. Еуразияның апайтөс даласында айдарынан жел ескен көшпелілердің  қайталанбас өмір салты жиырмасыншы   ғасырда  бөлек арна тартты. Технократтық даму жеңді, табиғаттың өзіндей табиғи өмір салты жеңілді. Тұтас бір ұлттың тарихи тағдарындағы бұл сияқты  ұлы өзгеріс  табиғи даму барысында жүзеге асқан жоқ, жедел түрде, зорлықпен сырттан таңылып, әлеуметтік - экономикалық  жойқын реформа жасалды. Мұның өзі тұтас этностың тарихи  жадының көмескі тартуына себепші болды.


 

Демек, осынау тарихи дерттің дендемеуі үшін тегеурінді әрекетке көшіп, халықтың ғасырлар бойы қатталған ұлы мұрасын бүгін мен болашақтың  игілігіне айналдыру ең киелі мұраттардың бірі болуға тиіс. Бұл – тарихи дамудың қатал талқысында  өз болмысыңды  сақтап қалудың, келер күндерді ұлттық-этникалық төл қадір қасиетіңмен қарсы алудың  бірден-бір кепілі. Уақыт мейлінше  күрделі. Соңғы тынысқа дейін рухани мәңгүрттікке  қарсы күресуден басқа жол жоқ. Технократтық даму ұлттық  атаулының бәрін кеміріп, жалмап, обып, құртып барады. Ішіңнен шыққан балаңа «біз осындай болып едік» деп  нандыра алмайсың. Ал, өзіндік қасиеттен айрылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана. Сондықтан бұл жолда еткен еңбек пен төккен терді Тәңірдің сыбағасына балай жүріп, өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан-жүрегін жылытуы үшін қол жалғап жіберу қажет-ақ».


 

Ақселеудің осы жолда ұстанған өмірлік кредосы мынау:

«Дұрысы – күш-қуатың, қабілетің барда үндемей, ештеңеге алаңдамай, істеген ісіңді бұлдамай еңбектене беру. Бір нәрсені анық білемін. Атақ, даңқ қуған адам әу бастағы әп-әдемі атқарып келе жатқан творчестволық жұмысының қай деңгейге келіп тоқтағанын білмей, шашылып қалады».

Ақселеу қызмет те, атақ-даңқ та қумады. «Ойтолғақта» 1980 жылы мына сөздерді жазыпты:

«Голландияның ХҮІІ ғасырда өмір сүрген философы Бенедикт Спинозаға Франция королі: «Бір еңбегіңді маған арнасаң, қарымтасына өмірлік пенсия тағайындаймын» деп сөз салса керек. Сонда Спиноза: «Мен өз шығармаларымды тек қана шындыққа арнаймын» деп жауап беріпті. Сөйте тұра күн көріс үшін өзінің шыны қырнайтын жұмысын қажеттілік деп санаған. Ал, шындыққа бағыштаған уақытын ұйықтап дем алатын кездері мен үй-ішінің жұмысынан жырымдап пайдаланады екен. 14.08.80.


 

...Пусть меня ласкают нежным словом,

Пусть острее бритвы злой язык,

Я живу давно на все готовым,

Ко всему безжалостно прывык. Сергей Есенин. 6.05.80».

Илья Жақанов Ақселеудің қаламынан ірі эпикалық сүйекті шығарма тумауын ол кісінің көп оқығандығымен байланыстыратынын білдірді.

Ғалым М.Ребров ғарыш «пайғамбары» С.Королев туралы: «Табиғат оған даналық пен талант сыйлайды. Алайда, талантты адам қиындыққа жиі кезігеді, өйткені дарын дегеніміз – мінез. Ал бұл әркімге ыңғайлы бола бермейді. Осы өмірден-ақ көрініп тұр – өз ісіне неғұрлым қабілетті кісі келісімпаздыққа соғұрлым икемсіз және министрлік дәліздерде дәрменсіз» депті.


 

Оралхан Бөкей айтқандай, Ақселеу – өз замандастарының ішіндегі ең бір ізденімпазы. Көп біледі. Туған халқының тарихын, ересен мол этнографиясын, ауыз әдебиеті мен ән-күйін зерттеу мен адамзат өнерінің даму, баю заңдылықтарының сырына үңіліп, тұтастай қарастырып жүреді. Осынау, әркімнің бойына қона бермес фанатиктік (жақсы мағынасында) ізденіс үлкен білімпаздықты сыйға тартты да, нақтылы жемісін берді.

Сейдімбектің қай шығармасы болмасын, ойлы, саналы қазаққа ата-бабамыздың осал болмағанын бұлтартпас дәлелдермен терең түсіндіріп береді.


 

Өз сөзі: «Жарық дүниеге пешенесі бестен келіп, алғашқы тартқан демінен бастап ақжолтай ғұмыр бұйыратын адамдар болады. Олар тіршілігінде не қаласа да дегені болып, ішкені – алдында, ішпегені – артында дегендей, мұңсыз-қамсыз ғұмыр кешеді. Дарыны тасып, күресі асып тұрмағанына қарамастан, өзі араласқа түскен қоғамның әлпеші болмаса да, қолпашынан кенде болмайды. Мұндайлар қара басының мұң-мүддесі үшін біреуді қарақтап, біреуді жарақтауға келгенде әбжілдік танытқанымен, өзі бір мүшесі болып жүрген қоғам тағдырына қатысты істерге әсте қабырғасын қайыстырмайды. «Менен кейін маған десе топан су қаптасын» – деген ұстаным мұндай адамдардың өмір сүру тәсіліне айналады.


 

Ал енді, келесі бір адамдар болады: арманы асқақ, ниеті адал, жүрегі нұрлы, дарыны тасқын, ақылы кемел. Айтары жоқ, қызыға қарайсың. Бірақ, ондай адамдар, әдетте, тағдырдың торына шырмалып ғұмыр кешеді. Аттаған қадамы кедергіге жолығып, таңдаған жолы тосқауылға тіреліп, ақылы – азапқа, дарыны – тозаққа ұласып жатады».

Осындағы: «Айтары жоқ!» деген сөз Ақселеу лексиконында жиі кездеседі. Сондай-ақ: «анда», «дың», «тін», «жосық», «немеурін» сияқты соны сөздерін бүгінгі жазушыларымыз түгілі әдебиет зерттеушілеріміз де пайдалана бермейді. Оның: «Атама деймін!» деген сөзінің де өмірде талай рет куәсі болғанбыз. «XX ғасырдың соңғы бесінші жылы басталды» деген сөйлем де ерекше емес пе?! Айтып отырғаны 1996 жыл ғой, бірақ соның өзін әсерлеп, әдемілеп беріп отыр.


 

«Өндір деп, теріден тігілген мейлінше үлкен сабаны айтады» деген сөзі, байырғы түркі тілінде «ас» этнонимінің «адам» деген мағына беретіні, ал «ас беру» рәсімінің байырғы ұғым бойынша Тәңірге адам беру болып шығатыны туралы тұжырымы танымдық тұрғыдан аса қызықты.

Ақселеу шығармашылығы сирек қолданылатын немесе өзі ойлап тапқан, аудармасын өзі топшылаған сөздерге толы. Сазсырнайды – уілдек деп атап, ояну дегенді – ренессанс, ынты – стихиясы, тәнік – аналог, мұрағаттау – архивация, төсекжанды – сексуальды, сүргін – катаклизм, тектем – генезис, төлтума – самобытный, рухани сұғанақ – плагиат, қайта жаңғырту – реставрация, арман-аңсар – идеал, иррационалды – ақыл жетпес, иерогамиялық  - жанығудың киелі сәті, қозушылық – эротикалық, кірігу – интеграция, сандырақ – нонсенс, құйтырқы сөздер – балогурство, құлдыраған – рецесивный, самобытный – төлтума, дарашыл қасиетті – монодийность, іліңгір – якорь, түпнұсқа – аутентті, дүбара – маргинал, киетек – тотем, діңгек идея – центральная идея, адамдық бастау – антропоцентризм, этнозерде – этническое самосознание, псевдосараптама – псевдоаналитика, дүбәралану – маргинализация, сандырақ – абсурдизация, түбірлі – аутентичный, жойдасыз – тотальный, айғақшы – носитель, фора, жұқана – рудимент, орайлас – обусловленный, жаралым – образование, ұлыс – держава, түпөзек – замысел, дәйектеме-роман – инфороман, туындыны тиектеу – обрамление, дәнекерлік – коммуникативный, әлеуметтік-жүйелеушілік – социально-классификацион- ный, кіріктірушілік – интегрирующий, ұстаным – принцип, орайлас – обусловленный, айғақшы – носитель, жад – память деп қазақшалануы жарасымды-ақ. Бұл аудармалардың бірі дұрыс, бірі бұрыс болар, мұндағы орыс сөздерінің қазақшалануының біреулері тілдік қорымызға сіңер, кейбірі сіңбес, бірақ ұмтылыстың өзі бағалауға лайық.


 

Күнделігіне: «Түркі-славян тілдеріндегі тектес сөздер: іш – ешь, ылай – ил, бол – был, мен – мне, қышқыл – кислый, топас – тупой, қопару – копать, кесек – кусок, таптау – топать, рет – рядь, толу – толстый, сілекей – слюна, ашық – ясный, ине – игла, жарық – яркий, бақуатты – богатый, аулау – ловить, түлеу – тлеть, шыр – жир, жану – жечь, сору – сосать, сұғу – совать, бос – пустой, мұң – уныние, жүзі – лезвия, түн – тень, қайда – куда, қыр – край, ақыру – крик т.б. Әрине, бұл жорулардың біразы халықтық этимология болуы да мүмкін. Дегенмен, ойға өріс боларлық...» деп жазып қойыпты. Бұлар да біздің әрбірімізді қай сөздің, қай мақал-мәтелдің болса да түп мағынасын іздеуге, яғни әрбір сөздің мағынасын ойлауға үндеп тұрғандай.


 

Сонымен бірге ол өз шығармаларына арқау етіп бір кездері айтылып-жазылып, халық жадында жатталып қалған сөздерді де ұтымды пайдаланады:

...Пушкин: «Суреткерді өзі мойындаған ереже бойынша саралау керек».

...Жаманның басына іс түссе ойлай береді,

Жақсының басына іс түссе бойлай береді.

...Тауратта бір сөз бар: «Нені жаратсам - соны білмеймін!» деген, т.с.с.

Ақселеу де Жүсіп Баласағұн, Сенека, Толстой секілді мәңгілік тақырыбына бой ұрған:

«Дүние – жалған» дейді дана халық. «Бәрі өтеді, бәрі де өзгереді» дейді байырғы философиялық тоғам. Япырай, деп еріксіз пүшайман боласың, осынау жарық дүниеде бірде күліп, бірде жылап, бірде жығып, бірде жығылып тіршілік құрған Адамдар шынымен-ақ мәңгілікке жоғалып, із-түссіз өшпек пе? Сол адамдардың бірде маңдай тері, бірде жүрек қаны тамған, бірде аялы алақаны тиіп, бірде атқан жебесі қадалған туған жері түк көрмегендей басқа ұрпақтардың тағдыр-талайына куә болмақ па? Шынымен-ақ өткен өмір, арттағы ұрпақ барша болмасымен көзден кетіп, көңілден таса болмақ па? Саналы адам рухы бітіспес осындай объективті ақиқатпен беттескенде арашаға келіп, ширыққан жаныңды сабасына түсірер бір ғана құдырет бар. Ол – Өнер!».


 

Өмірден мағына іздеп, дүниенің жалғандығын әрқайсысы өзінше түсінген біз жоғарыда атаған авторлар былай деп еді.


 

Жүсіп Баласағұн:

Ұққан ұғар, көрер көзі ашықтар,

Өлмейді әлем, өлгенімен пасықтар.

Болған талай қалалар да, халық та,

Уақыт көмді бәрін жердей табытқа.

Болған талай ауылыңыз, тайпаңыз,

Енді соның ізін тауып байқаңыз.

Бұл жалғанды билеймін деп ойлаған,

Қайда қалды ханың қанға тоймаған?!

Қайда сараң, дүниенің байлығын,

Алсам деген, болса деген шайлығым.

Бай да кетті ізсіз-түзсіз, ол анық,

Екі-ақ құлаш ақіретке оранып.

Дүние жалған, әуелі осы сырды ұққын,

Ашам десең дарбазасын шындықтың.

Қуаныш та, небір қайғың сор маңдай,

Бәрі өтеді, қолмен сылып алғандай.

Бәрі жалған, тек сорына ғаламның,

Ақыл – үнсіз, бәрі шешен наданның.

Білу қиын кімдер әділ, кімдер ақ,

Өлер болды бірін-бірі күндеп-ақ.

Ой шіркінің ұшқыр көктің құсынан,

Сөзден де ұшқыр шыққан тілдің ұшынан…

Хас шындықты алмастырып сақтықпен,

Сенім менен сыйластықты таптық тең.

Шындық десе сақтық жасап үйрендік,

Сенімді тек достан күтер күйге ендік.

Не көрінді, осы басты қатырды,

Сену сирек, сенімің де сатулы.

Өмір – қысқа. Толған қапа жер беті,

Сараң қолың – бақытыңның жендеті.

Отырғызып жоқ-жітікті қасына,

Мейірім ету – келер кімнің басына.

Өзіңе тән, таңда адал жолыңды,

Кекшіл болма, кірге малма қолыңды.

Сөзімді  айттым, құлы болмай құлқынның,

Пайдасы үшін қалған қалың жұртымның.

Аңсамадым – мадағыңды, даңқыңды,

Көзге ілмедім күміс, гаућар, алтынды.

Ұмытпа тек, оқырманым – сырласым,

Жақсы сөзім жалғызсырап тұрмасын.

Бұл – абыз ақынның «Текке өткен өмірге шер» деп аталатын соңғы сөзі.


 

Тағы да бір әлем мойындаған дана – Сенека өмірінің соңына қарай барлық нәрсенің баянсыз екенін ұғып, әбден көңілі қалып, қалай болғанда да мемлекет істерінен алыстап, тыныш өмірге көшуге бел байлайды, «Жан тыныштығы туралы» трактатын жазады. Онда азаматтық істерден, форумдарға қатысудан, тіпті, ел алдында сөйлеуден, түрлі демалыс кештерінен бас тартқысы келетінін, яғни азамат емес, адам ғана болып қалғысы келетінін айтады.


 

Сенеканың мына бір сөзін Ақселеу Сейдімбек өмір бойы ұстанып өткендей:

«Өзіңді өзің үшін жеңуге тырыс, бұрындары сенен тартып алған немесе ұрлаған, бостан-босқа өткен уақытыңды сақта және жинақта. Біздің уақытымыздың бір бөлігін бізден күшпен тартып алады, бір бөлігін ұрлайды, біраз бөлігі босқа ағып кетеді. Бірақ барлығынан ұяттысы – біздің өз ұқыпсыздығымыздан жоғалтқан уақытымыз. Бажайлап қарап көрші: біз өміріміздің басым бөлігін ақымақтық істерге, бірталай бөлігін – бостан босқа, және барлық өмірімізді керек емес істерге жұмсап өткіземіз. Уақытын бағалай білетін, бір күннің өзі неге тұратынын білетін, әр сағат сайын өлімге жақындап жатқанын толық сезінетін бір адамды көрсетші... Өлім біздің алдымызда тұр, біз өлімнің құрығындамыз. Сондықтан әр сағатыңды босқа жіберме. Бүгінгі күнді уысыңда ұстай білсең, ертеңгі күнге азырақ бағыныстасың. Кейінге қалдырып жүргеніңде, бүкіл өмір ағызып өте шығады».

Немесе:

«Егер қызық пен рахат қусаң – қасіретке ұшырайсың. Қуаныш деген әркімнің-ақ мақсаты, біреулер оны ойын-сауық пен сән-салтанаттан іздейді, тағы біреу – атаққұмарлықтан, оны қоршап ісі түсіп тұрғандардың көп болғанынан іздейді, тағы біреу – көңілдестерден, тағы бірі – ештеңеге ем болмайтын сөз өнерінен іздейді. Олар осы іздегендеріне мас болғандай алдамшы тәтті сезімде жүреді. Бірақ айнымайтын қуаныш – даналықта».

Ғылымға Ақселеу құмарлықпен, жан-дүниесімен беріле кіріскен. Ғылымның да көп адам зерттеуге батылы бара бермейтін, шытырман, кейбіреулердің мүдделеріне қайшы келе қалатын сәттері болғандықтан дау-дамайы көп саласын таңдаған. Ақселеудің қазақ тарихы, этнографиясы, пәлсапасы жайлы жасаған зерттеулерін біршама үңіліп оқыған адамдарға түсінікті боларлық Сенеканың айтқан тағы бір сөзін келтіре кетудің орайы келіп тұр:


 

«Ғылымға құмарлық - өзгенің есебінен ақыл алу. Оқысам, біріншіден - өзіме өзім риза бола түсуден арыламын, екіншіден, біреудің білгенін біліп болған соң, оны жетілдіруді ойлаймын. Оқу ақылға азық береді. Тек жазумен немесе тек оқумен ғана айналысуға болмайды, оларды кезектестіріп отыру керек. Сонда біз оқығанымызды елеулі бір нәрсеге айналдырамыз. Осылай біз гүлге қонып бал шырынын жинап, оны алып келіп бір қауызға құйып балға айналдыратын бал арасына ұқсаймыз.


 

...Адамға қатысты істердің қайсысын алмасаң да, оның біліп алатын және зерттейтін нәрселері қисапсыз көп, соның жаныңның қоржынына сыйғызу үшін басқа артық нәрсенің бәрін жаныңның қойнауларынан қуып шығу керек. Ізгілік тар, лас жерде жасалмайды. Жаныңды тазарт, керексіз нәрселерді қоқысқа таста.

...Дүниеге келгендердің барлығы саналы болса, даналық өзінде барды жоғалтып алар еді. Оның ең бағалы және биік болатыны – ол бізді өзі іздеп келмейді, оны ұғынуға әркім өзі барады, біреу арқылы оны ешкім ала алмайды.


 

...Философияның еңбегі біреу ғана – барлық құдайлық және адамдық істерде ақиқатты табу. Әділеттілік, арлылық, ұяттылық онымен дос».

Ақселеу Сейдімбек қадім заманғы философ Сенеканың осы сөздеріне жан-жақты сай келеді.

Ақаңның күнделіктерінде орыстың ұлы жазушысы Толстойға қатысты мынадай ойлар бар:

«...Л.Н.Толстойдың құдіретін айтып жеткізу қиын, жан-жүрегіңмен сезінетін әсері ғажап.


 

Адам тағдыры үшін, жо-жоқ, адамзат тағдыры үшін бұл ақсақалдан артық ойжады болған, өмір бойы ой құрсауында өткен жазушыны елестету қиын. Ол алуан түрлі ойларды, ағымдарды, философиялық толғамдарды өз көкірегінің елегінен әлде неше рет өткерген. Сондағы тапқан тобықтай түйіні – құдіреті күшті құдайдың бар екендігін мойындау керек. Л.Н.Толстой қаңқа сүйегіне дейін атеист бола тұрып, құдайшылдықты саналы түрде ұсынады. Оның ойынша адамзат атаулының бойындағы алуан түрлі кемшілікті ауыздықтайтын құдірет, тек қана, адам өресі жетпейтін құдіретті құдай; бәрін көріп, біліп, болжап тұратын құдай ғана, оған деген сенім ғана адам баласын толып жатқан опасыздықтан шектейді; адам баласының бойына тән әлсіздік басқаша таным мен моральдың барлығын аттап кете алады. 22.01.72.


 

...Адамзат тағдыры үшін басын тауға да, тасқа да соққан Л.Н.Толстой «жамандықпен жағаласпау керек»  деген тоқтамға келді. Оның ойынша адамзат атаулының келешегі адамға лайық бітімде болу үшін «құдай»  қажет. Адам баласының тойымсыз ындынына тосқауыл болатын бір ғана құдірет бар. Ол – өресі, ақылы жетпес Құдайдың құдіретін мойындауы. Яғни, адамның пенделік әлсіздігін Толстой ұсынған «Құдай»  ғана шектей алады. Және де Толстойдың «Құдайы»  кез келген прогреспен оп-оңай мәмілеге келіп, тіл табысып кетеді.


 

Болмайды екен, кодекстегі моральды жатқа білетін баукеспелерден қоғам ешқашанда арылмақ емес 7.06.72».

Бұл сөздерді Ақселеу Сейдімбек бар болғаны отыз жасында, оның үстіне Құдай туралы жылы сөз айтуға қатаң тыйым салынған кезде айтыпты.

Толстой да өмірдің мағынасы, мәңгілік өмір туралы азапты ойлар кемірген сәттерде сол отыздың үстінде болатын:


 

«...Мен кіммін? Не үшін өмір сүремін? Өмірімнің мақсаты не? Жақсылық қайда? Жамандық ше? Бай болайын, атақты болайын, маған не пайда? Бүгінгі ісімнің, ертеңгі тіршілігімнің не мәні бар?...Өмірде ең сенімді дегенімнің өзінің күл-талқаны шықты. Неге сүйенсем жаныма сая табам?..».

Несіпбек Айтұлының Шәкірге соңғы сауал» деген ойлы өлеңі бар. Сонда мынадай жолдар бар:


 

«Керегем жетім – басқұр жоқ.

Өнегем өгей – дәстүр жоқ.

Қорадан тартар қойымды

Кенерем анау – қасқыр көп.

Амалын айтып кетпесең

Көлденең тұр ғой кедергім.

Соңыңнан жетсем жұрдай боп

Мақшарда саған не дермін?»


 

Бір кездері (2000 жылы) Ақаң да осы сөздерге үндес, «Өмір осылай өтіп жатыр...» деген атпен Бейімбет Майлинше мына өлең жолдарын қағазға түсіріпті:


 

«- Уа, Бабай! Ел-жұрттың халі  қалай?!

- Е-е, Балам-ай! Ел аман, жұрт тыныш демесе:

Әйел – ерге қарады, ер – жерге қарады;

Қартымыз – қақбас, қатынымыз – қақпыш;

Шешеніміз – шерменде, көсеміміз – сергелдең;

 Биіміз – жалтақ, батырымыз – қорқақ;

Данамыз – бала, баламыз – шала;

Әйел – арыды, келін – жеріді;

Бозбала – сайтан, бойжеткен – сайқал;

Азамат – әлсіз, арғымақ – жалсыз;

Сері – селтең, сал – мөлтең;

Көршіміз – кәпір, туысымыз – мүсәпір;

Жауымыз – атарман, досымыз – сатарман;

Тұлпарымыз – жабы, сұңқарымыз –  жапалақ;

Өнеріміз – молақ, өнерпазымыз – олақ;

Дініміз – шала, тіліміз – шұбар;

Еліміз – азды, жеріміз – тозды;

Бүгініміз – тұман, ертеңіміз – мұнар;

Сенеріміз – жоқ, секеміміз – көп;

Жан – шыққан жоқ, үміт –  өлген жоқ;

Өмір осылай өтіп жатыр!

Жас Алаш. 2000 ж. 4 сәуір».


 

Ақселеу сонау тоталитарлық деп есімізге алатын кеңес заманының қайнап тұрған кезінің өзінде-ақ (14.10.74) қазақтың қазақ рухы әлсіреуіне орыстың өзімшіл идеологиясының өктемдігі әсер етіп жатқанын жазады:

«Бізде бір ғана мемлекеттік саясат бар, бір ғана мемлекеттік мораль бар, бір ғана мемлекеттік арман-аңсар (идеал) бар. Мұнын бәрі сайып келгенде орыс халқының мәртебе-мерейін көтеруге қызмет етеді. Бұл қызметте жалқаулар айыпталады, жаза басқандар жазаланады.


 

Соңғы төрт-бес ғасырдан бері Ресейде етек алып, бүкіл Еуразияны қан қақсатып отырған ахуал осындай. Бұл ахуалдың әбден шегіне жеткені сонша, қазіргі таңда өзге ұлттың есебінен орыстың мәртебесің көтеру, өзге ұлттың еншісінен орыстың ұпайын түгендеу өмірдің заңына айналған. Кез келген жүкші орыстан бастап, министр орысқа дейін, етікші орыстан бастап, жазушы орысқа дейін осы бір үрдісті өмірдің қалыбы деп біледі. Ең шектен шыққан сорақылығы сол, қазіргі таңда зәбір көріп, зардап шегіп отырған ұлт өкілдерінің өзі өмірдің барлық саласындағы орыс экспансиясын өмір сүрудің табиғи заңдылығы сияқты қабылдайды. Сол зәбір-зардапты күшейте түсуге қызмет етуді өздеріне мәртебе санайды.


 

Тобырдың дәрменсіздігі пұшайман етеді...».

Ол 1973 жылы былай деп жазыпты:

«Абайда мынандай сөздің бары рас: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр». Осы сөзді қолданушылар Абайдың есімін бетке ұстап, орысшыл болу керек дейтін ниетті өзеурей насихаттап жүр. Ондайлар бара-бара «өз тіліңді білмесең де орыс тілін біл» деген пығылын көлденең тарта бастағандай. Мұндай сорақылықты қазіргі саясат аңшының итін сипағандай еркелететін болып алды. Бұларға бүтін дүниетаным, бүтін тұлға керек емес. Керек болса, сол Абайдың келесі сөзін оқыр еді ғой. Келесі сөзі былай: «Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек».


 

Қандай «зарарынан қашық»  болуымыз керек? Мұны ойлап жүрген де ешкім көрінбейді, ойлауға мұрша беретін заман да байқалмайды».

Бұл ой – орыстілді журналистердің біреудің сөзінен цитата келтіргенде өздеріне тиімді жерлерін ғана қиып, жалпы мәтіннен бөлектеп алып өз пайдасына жарата қоятын бүгінгі ахуалымызға да тән.

Ақселеу Сейдімбекпен жеке таныстық, аз ғана араластық кездердің бірінде: «Орысша газетті ұстамаймын – қолым былғанады, орысша сөйлемеймін – аузым былғанады» - деген сөзін естіген ем. Бұл зерделі азаматтың асырыңқырап айтса да, кезінде империяның қазаққа жасаған қиянатына наразылық ретінде айтылған деп бажайладым.


 

Енді «Ойтолғақтағы» Ақселеудің бір өзіне ғана тән, тек Ақселеу ғана осылай жазса керек дей алатын мына төмендегі ойларды жекелеп алып, мұртын бұзбастан, ештеңе қоспастан бере отырып, одан кез-келген ойлы қазақ баласы терең ой, мағыналы сөз, мәнді сабақ алады деген сенімдеміз.

«Рухани шыңдалуға қосылатын үлестің үлкен-кішісі болмақ емес. Мәселен, біреуге хат жазып отырсыз делік. Хат ішінде «Сіз» деп келетін сөзді неге, қашаннан бері бас әріппен жазудың қалыптасқаны туралы ойлап көрдіңіз бе? Әрине жоқ, ойлағанмен білу мүмкін емес. Алайда, «Сіз» деген сөзді бас әріппен жазуды ибалы біреудің бірінші болып бастағаны анық қой.

Қалай десек те, осы «Сіз» деп келетін сөздің бас әріппен жазылуының өзі рухани жетістік. 5.04.82».


 

«Болашақ деген не? Әсіре-қызыл сезімге бой алдырмай ойланар болсақ, болашақ дегеніміз жоқпен тең. Өйткені әлі болмаған, не болатынын болжау мүмкін емес жағдай туралы не айта аларсың. Ал, қазіргі дегеніміз – қас қағым сәт қана, оның өзі іле-шала өткенге айналып үлгереді. Демек, адамзаттың бар болмысы өткеннен тұрады. Барлық шындық өткен өмірдің ұзына жолында шашылып жатыр. Яғни, өмір шындығы туралы әңгіме өзінен-өзі өткен тарих туралы әңгіме болып шығады. Сондықтан да, өткен тарихты адамзаттың ұлы ұстазы десе лайық. 29.07.84».


 

«Адам баласын пікір білдіру азаттығынан айыру арқылы да мәңгүрт етуге болады. Алдын ала кесіп-пішілген үлгі бойынша ойлау, белгілі бір шекараға дейін ғана ой айтуға ерікті болу — адамның адамдық қасиетін білдірер еркінің шектелуі деген сөз. Адамзат өз ой-қиялының құдіреті арқылы қазіргідей күйге жетті. Өзге тіршілік иелерінің ішінде адамның ғана ой-еркінің азаттығы жақсылыққа жеткізеді. Сөз азаттығы, ой азаттығы шектелген қоғамның адамдары қысқа тіршілікте адамға лайықты ғұмыр кешудің орнына, адамның рөлін ойнап жүрген тобыра айналады. Олардың өмір сүру тәсілі аутотренинг ұстанымына (принципіне) ұқсас: «көзіңді жұмып, бар ынтаңмен маған жақсы, маған жайлы деп қайталасаң, рахат күйге бөленесің»  дегендей... 20.05.88».


 

«Домбырадан араша сұрадым. Ол сабырға шақырды... Уақыт өтер желдей есіп, жаңа ой, жаңа таным-түсінігі бар ұрпақ келер. Халық мұрасына, қазақ күйіне олар да құлақ түрер, таңырқар, сүйсінер. Ақыр аяғында неге бұлай деп толғанар. Толғанар да сыр-себебін ашатын жауабын айтар... 8.07.88».


 

«Ауыстыруға болмайтын адам жоқ» деп келетін бір сөз бар. Одан гөрі әр адамды өз алдына қайталанбайтын бір әлем десе қисынға келеді. Қайталанбайтын тұлғалар қоғамда неғұрлым көп болса, сол қоғамның рухани өресі биіктей бермек. 19.07.88».


 

«Біздің жылауға еркіміз жоқ, тек қана күлуге еріктіміз. Соңғы рет «Елімайды»  айтып, сұңқылдап тұрып жылағанбыз. Одан кейінгі қасірет атаулының бәрін «күліп»  қана қарсы алу маңдайымызға жазылған.

Бірақ ұдайы жылағымыз келеді. Жылай алмаймыз. Жылауға хақымыз жоқ, күлуге ғана еріктіміз.

Міне, біздің хал осындай. 28.09.88».


 

«ХҮIII ғасырға дейін, тіптен XIX ғасырға дейін ұлт пен ұлттың, ел мен елдің арасындағы қақтығыс, соғыс ашық түрде болып келді. Бір-біріне ниетін ашық білдіретін: «Сен әлсізсің, мен күштімін, сен маған кіріптар болуың керек, қойған талабымды орындауың қажет!» немесе «Сенде кеткен есем бар, енді соның қарымтасын қайтарудың сәті түсті!» деген сияқты.

XX ғасырда бір ел екінші елді жаулау үшін, отарлау үшін басқаша тәсілге көшкен. Мұны «идеологиялық соғыс» десе де болғандай. Бұл соғысты бастаған ел ең алдымен басып алғысы келген немесе әлсіреткісі келген елдің санасын улайды, бірін-біріне айдап салады, халықты өзімен-өзін соғыстырады, іштен ірітуге күш салады...

Соғыс екеш соғыстың да әділетті болғанына не жетсін. 1.11.88».


 

«Тағдыр бүгінгі ұрпақтың маңдайына қайтсем рухани «өлімнен»  аман қалуға болады деп жанталасуды жазып қойды ғой. Дүние-тіршілік ақиқат пен әділдік заңдылықтары бойынша өріс ұзартар болса есті адамның айналысар ісі ол болмау керек. Есті әрекет «қайтсем аман қаламын» деп емес, «қайтсем әрі қарай өркендетемін» деуге тиіс. Ал, біздің маңдайымызға жазылғаны өркендетуден бұрын өлмеудің қамын жеу ғана. Мұндай күйдегі ұлт өкілдері өзінен өзі жалпыадамзаттық рухани мұраларға ден қоюға ынтасыз болады. Себебі, ол өз басындағы жойқын проблеманың тұтқыны. «Байтал түгілі бас қайғы»  дегендей... 6.12.88».


 

«Адамзат баласының үмітке толы өміріне нәр беріп тұрған үш күретамыр бар. Олар: Кеше, Бүгін және Болашақ деп аталады. Бұл үшеуі бірігіп тарихты құрайды. Тарих ешкімнің еншісі емес. Тарих мейлінше дербес құбылыс. Солай бола тұра, бірде-бір басы жұмыр пенде тарихқа немкетті қарай алмайды. Оның есесіне ақ бас тарихтың тіршілік атаулыда мүлде шаруасы жоқ. Тарихты түзетуге, әрлеп-әспеттеуге, мінеп-күзеуге болмайды. Ол мүмкін де емес.

Адамзат баласы тарихтың бүгінгісін ғана еншілейді. Бүгініне ғана ықпал ете алады. Ал, біздің әрбір қас-қағым сәтіміз тарихқа айналып жатады. Оны өзгерту мүмкін емес. Болашақ дегеніміз болжаусыз...

Солай болғанмен, өткенді ұстаз тұтып, бүгінге жауапкершілікпен қарау арқылы өмірді ұзартуға үміткер бола аламыз. Дәлірек айтсақ, адамзат баласының маңдайына жазылған енші – үміт қана. Демек, тіршіліктің қозғаушы күші де сол үміт. Үміттің үзілмеуі – тіршіліктің жалғасуы. Мұндайда қазақ: «Үмітсіз – шайтан» деген. Яғни, үміт шайтанда ғана болмайды дегені ғой... 18.12.88».


 

«Жуанымсу – мардымсу, ұлықтығын білдіру, күштілігін аңғарту. Бір кездері әйгілі түркілерге темір қорыттырып, өктемдік көрсеткен тайпаның атауы «жуан», «жуан-жуан»  деп аталған.

«Тоба – бұл сөз тіліміздегі «тәубе»  сөзінен басқа мағынаға ие. Тәубеге келтіру – бағындыру, көндіру, мойындату мағнасында. Ал «тоба» сөзі «Тәңір» дегендей реңкте. Мәселен, «О, тоба»  дегендей. Көне тарихта «Тоба»  деген тайпа болған».

«Тілімізде «Сен салар да, мен салар, атқа тоқым кім салар»  деп келетін тіркес бар. Бұл «Сен де салсың, менде салмын, сонда атқа тоқымды кім салады»  деген мағынада айтылған. 28.02.89».


 

«Діннің сөзіне адамдар неге тез сенеді? Себебі, дін атаулының «мойындатар»  қисыны мейлінше қарапайым.

Дін атаулы танылғанға емес, танылмағанға арқа сүйейді. Ал, танымның жолы шексіз. Кез келген таным қашанда танылмаған шексіздіктің соңында жүреді. Сондықтан да, танылмаған шексіздікті «құдайдың құдіретіне» балайтын діни тұжырымдар ғылымға қарағанда пенде атаулыға өтімдірек. Ғылымға ілесу үшін тер төгу керек, дінге тер төгудің керегі жоқ. Танылмағанның бәрі діннің еншісінде. Шексіз әлем аясындағы адам шіркіннің танығаны – мұхиттың тамшысындай ғана. 2.05.89».


 

«Жұрт көзінше ақ сөйлеп, адал болу, кісілікті әрекет жасау екінің бірінің қолынан келеді. Кісіліктің ең зоры өз арыңның алдында адал болу. Еш куәсіз, оңаша, өзіңмен-өзің жүріп кісілікті қалпыңды сақтау, адал, әділ болу, міне, адамның ең адамгершіл қасиетінің парықталар жері осы. 15.08.89».


 

«Баласына немкетті қарау, баласын жетімханаға оп-оңай өткізе салу қазақтың   (басқа ұлттың да) ұлттық қасиеті емес. Бұл күмән келтірмейтін ақиқат. Демек, мұндай сұмдықтың себебіне ден қою керек қой. Отыра қалып ұлтты кінәлағанмен, ол ақиқат болып шықпайды. Қазір әлеуметтік індет атаулыны халықтың өзінен ғана көріп, өз халқының жағасына жармасатын әдет төбе көрсете бастады. Олар өздерінің сол халықтан шыққанын, сол халықтың бір бөлшегі екенін ойлай ма екен. Оның үстіне, қай халық өзіне жамандық ойлаушы еді. Тіптен, қазақтың қашаннан бері бала тастайтын ата салты бар еді!

Жоқ! Мәселе басқада. Халықты бас еркінен айырған дүлей күштің нәтижесі ғана әлгіндей сорақылықты дүниеге әкеледі. Бұл ақиқатты қате жорып, кінәні халықтың өзіне арту, түптеп келгенде, сырқаттың қандай аурумен ауыратынын білмей тұрып ем қолданғанмен бірдей шаруа. Дуалы ауыздан шыққан қате пікір халықты есті әрекеттен, табанды күрестен жаңылдырады. 16.09.89».


 

«Маман кадрлар көмегі деген желеумен республикадан тыс жерлерден келген адамдар кезексіз паспорт тіркеуіне алынып, кезексіз үйдің кезегіне қойылатыны белгілі жәйт. Ал, өз туған жеріндегі қазақтар паспорт тіркеуіне үй таппай тұрып алынбайды. Егер, өліп-талып паспортын тіркетсе, үйдің кезегіне бес жылдан кейін ғана қояды. Одан кейін үйді неше жыл күтетінін бір құдай біледі. Бұл тәртіп Қазақстанды неше түрлі тексіз босқындардың кеулеп кетуіне, ал қазақтардың өз жерінде адам төзгісіз әлеуметтік қысымға ұшырауына себепші болып отыр. 22.12.89».

«Мен мың жыл бұрын туғанмын...». Үндістер тайпасы капилано көсемі Дан Джордждың ашық хаты осылай аталыпты. Бұл хат ЮНЕСКО-ның ұйтқы болуымен өткен халықаралық симпозиумда оқылыпты («Курьер». 1985. февраль). Дан Джордждың жүрек сөзі, зар-мұңы мені де бейтарап қалдырмады. Сонсоң аударып отырмын.


 

«Менің қымбатты достарым!


 

Шынымен-ақ адам баласының Айды айналып ұшқаны күні кеше ғана ма? Осынша қиян шалғайды адамдардың жып-жылдам орап қайтқанына әлі күнге танданысымыз басылар емес. Дегенмен, мен жүріп өткен жол әлде қайда ұзақтау. Оның үстіне бұл жолды анағұрлым жылдам жүріп өттім. Мен осыдан мың жыл бұрын, жебе мен садақ ғасырында тудым. Менің атом бомбасы ғасырымен беттесуім үшін бар-жоғы адам өмірінің жарты ғұмырындай ғана уақыт қажет болды. Ал, садақ пен жебеден бастап атом бомбасына дейінгі аралық Аймен салыстырғанда бірнеше есе ұзақ. Мен туған заманда адамдар төңірегіндегінің бәріне іңкәр сезіммен қарап, дүние дидарына ең сұлу атауларды қоятын. ...Мен туған заманда адамдар табиғатқа бауыр басып, онымен адамша сөйлесе алатын. Ол менің мүлде бала кезім, бірақ, таудың ұшар басын шалған күн нұрына әкейдің құмарта көз тіккені әлі есімде. Сонан соң, ән салып еді. Ол табиғатты пір тұтып, әдеттегідей өзінің ана тілінде ақырын ғана «шүкірана» деген.

Содан, күндердің бір күнінде бейтаныстар келді, өздері де сонша көп болар ма. Кешікпей-ақ, уақыт құйыны үйіре соғып, бірнеше ғасырды бір-ақ сырып тастағандай болды. Сөйтіп, бозбала кезімде XX ғасырдың жуан ортасына тап болдым.


 

Мені де, менің халқымды да жаңа ғасырдың толқыны қақпақылдап бақты, бірақ, сіңісіп кете алмадық. Қолында ескегі жоқ, бейшара тұтқын сияқты ағыстың ырқына көніп кете бардық. Аядай ғана резервацияда, болмашы жерді тұрақ етіп, бейне бір дәрменсіздіктің сұрғылт тұманына оранғандай күй кештік. Сөйтіп жүріп, сіздер қорлаған мәдениетіміз үшін ұялдық. Кім екенімізді, қайда барарымызды білмедік. Бүгінімізден түңіліп, болашағымыздан көз жаздық. Қалай дегенмен, бірер жылда-ақ мен өз халқымды танып білдім. Мен оның ұдайы бір қалыптан танбаған, кісілігі мен көрегендігі кемел ғұмыр кешкен, үйде де, түзде де сабырлы қалпынан жаңылмаған кезін көрдім. Алайда, оның мәдениеті бірте-бірте суынып, барлық құдірет-күші әлсірей берді.

Біздің төңірегімізде болып жатқан жойқын өзгерістерге бой үйретіп, бейімделуге мұршамыз болмады. Бар асылымызды шашып-төктік, оның орынын толтырар ештеңе еншімізге бұйырмаған сияқты. Айтары жоқ, XX ғасырдың прогресіне бойымызды үйретудің және бірте-бірте игілігін көрудің сәті түспей-ақ қойды.


 

Сіздер білесіздер ме, табан тірер тұрағы жоқ, сұлулық атаулыдан көз жазып қалған халықтың қандай күйде болатынын? Мұндайда адамды азғындық иектейді, себебі жан жадырау үшін сұлулық қажет. Сіздер білесіздер ме, қоғамға, төңірегіңдегілерге өзіңнің соқыр тиындық құныңның жоқ екенін сезінудің, саған тең тұтып тізе қосу үшін емес, кем тұтып көмек беру үшін ғана мойын бұратындарды көрудің қандай қасірет екенін? Өйткені, беретін ештеңеміздің жоқ екені оларға да, бізге де аян. Сіздер білесіздер ме, езгіден есеңгірген халық болудың және өзіңнің бүкіл елге масыл екеніңді сезінудің не екенін? Бәлкім, дәл қазір еңсеріп үлес қоса қоятындай күш-қуатымыз да, білік-біліміміз де жоқ шығар. Бірақ, бізге мұрша беріп, мүмкіндік жасаған кім бар?


 

Сіздер білесіздер ме, өз халқың үшін, өз бауырың үшін мақтана алмаудың, тіптен қара басыңды қорсынбай жүре алмаудың не екенін? Сіздер мұндай сезімнің запыран зардабы мен жаныңды жаралайтын әсерін білмейсіздер. Сондықтан, мен мұндай пенделердің тағдыр-талайын сіздерге айтуға тиіспін. Бұл дегенің: атар таң, шығар күнінен түңілу деген сөз. Себебі, алдыңнан азап қана шығады. Бұл дегенің: сыпырынды сияқты сырылып, резервацияда өміріңді өксітіп, көкіректі кернеген асыл арманның қалай өліп бара жатқанын сезіну деген сез. Себебі, төңірегіңнен көз қуантар тұлдыр таппасаң, жаның жүдеп жабайы боласың.


 

Міне, осындай шақта сіздер маған қол бұлғап: «Бері кел, бірге болайық» дейсіздер. Алайда, мен сіздерге қалай келмекпін? Мен қайыршымын, тәнімде лыпа жоқ, жанымды ұят өртейді. Менің кісілігім қорланған. Сонда, мен сіздерге соқа басымды ғана сүйреп жетуім керек пе? Тамтығы қалмаған мәдениетім талғамдарыңа тати қояр ма екен? Қайыршының садақасындай ғана қазынамды келеке етерсіздер. Жаным арымның құрбаны, сіздердің құдірет-қуаттарыңыздан қаймығып, қайыр-садақа дәмете қояр ма екенмін?

Түптеп келгенде, мұның өзі жоғалған жаућарларымды жиып-теріп, өзіме-өзім келгенше ақырының қайырын күткендік болмай ма? Неде болса күтейін, сіздер мені керек ететін, мендегі барға қызығатын, өзім де құр қол келмейтін күнді күтейін. Сол кезде басымды жоғары ұстап тұрып, әйелім мен балаларыма: «Естимісіңдер, олар мені шақырып жатыр, қажетім болған ғой, баруым керек» дейтін болармын. Сонан соң, басымды жоғары ұстаған қалпымда, көшелерді көктей өтіп, тереземді теңестіре тілдесемін. Ол кезде мен сіздердің сый-сыяпаттарыңыздан секем алып бас тартпаймын, сіздер де менің тарту-таралғымды мүсіркемей-ақ қабылдайтын боласыздар. Мүсіркеу! Маған ол қажет емес. Ал, тектілік пен тегеурінсіз маған күн жоқ. Мен қайыршыдай қайырым тілеп алдарыңызға келмеймін. Мен келсем, көкірегімді кісілікке толтырып келемін, онсыз қарамды көрсетпеймін.


 

Сіздер мектептердегі кірігу (интеграция) жөнінде даурығып бақтыңыздар. Ол қандай кірігу? Әлеуметтік кірігу жоқ жерде басқа кірігулердің басын ауырту қажет пе? Адамдардың жан-жүрегі кірікпесе, тәні бірге болғанмен жандары жат ғұмыр кешпек. Ал, олардың арасында таудан биік тосқауыл болады.

Бір сәт сіздермен бірге кез келген кіріккен мектептердің ауласына ден қойып көрейікші. Алдымен, мектептің қаңыраған қарақожалақ ауласын көрер едік. Кешікпей-ақ, қоңырау соғылып, оқушылар ауланы лық толтырады. Сол кезде, бір шетте ақтүсті оқушылардың, ал келесі шеттегі шарбақ түбінде олардың жабайы бауырларының шоғырланғанына куә болар едіңіздер. Яғни, жаңағы айтақыр аула көз алдарыңызда асу бермес асқар тауға, өткел бермес шыңырау шатқалға айналғандай болады. Асқар тау да, шыңырау шатқал да сіз бен біздің балаларымыздың арасын бөліп жатыр. Одан өтерлік қауқар ешкімде жоқ. Міне, тағы да қоңырау соғылып, аула қайтадан қаңырады. Енді, кірігу дегеніміз мектеп ішіне ойысады. Рас, әлгі асқар таулар мен шыңырау шатқалдар мектептің шағын кластарына сыймайды. Бірақ, бұл жерден де өзіне лайық кішірейген шатқалдарды аңғару қиын емес.


 

Сонда, біздің қалайтынымыз не? Ең алдымен бізді халық ретінде құрметтеуді қалаймыз. Ондай құрметке әбден лайықпыз және лайық екенімізді терең сезінулеріңізді қалаймыз.

Біздің халықтың айырықша хұқы жөнінде қаптаған келісімдер мен көпірме уәделердің айтылып баққанын ешкім ұмытпауға тиіс. Біз өзімізге тиесілі еншіні жалбарынып сұрамаймыз және ол үшін жалпаңдап алғыс та айтпаймыз. Тәңір куә ғой, бұл жолда біз тым қымбат шығындарға ұшырадық. Бұл жолда біз мәдениетімізді құрбан еттік, кісілігіміз бен өзімізді-өзіміз құрметтей білуді ұмыттық. Біз қашан күресіндегі қайыршы болып, кіріптар халыққа айналғанша тамтығымыз қалмай таландық.


 

Мен білетін, сіздердің жүрек түкпірлеріңізде қол үшін бергілеріңіз келетін сезім бар. Алайда, оны жүзеге асыру оңай емес. Дегенмен, «қалауын тапса қар жанар». Егер, менің халқымның өкілін кездестірсеңіздер, оған балаң мен бауырыңдай жылы шырай танытыңыздар. Олар мұндай ықыласқа әбден лайық. Бәлкім, барлық істің тоқайласар түйіні осы болар». 25.12.89».


 

Осы айтылғандар қазақ халқының тағдырында да кездескені бұл сөздерді қазақшалауға себеп болса керек. Бүгінде, шүкіршілік, бұлардың тәуелсіздігіміздің арқасында келмеске кетіп жатқанын қуаныш етеміз.

Ақселеудің мына ойлары оның болмысын, мінезін, ұлтына жанашырлығын айқындай түседі:

«Адамзат баласы заңның емес, салт-дәстүрдің «құлы» болған кезде нағыз бақытты өмір басталады. 3.03.90».


 

«Көр-жерден оқиға құрап, оған «көркем шығарма» деген тон жауып, беллетристикамен айналысудың пайдасы шамалы-ау. Онан да бір ауыз болса да халыққа ем болатын сөз керек. 28.04.90».


 

«Адамзат баласының ұлт болып қалыптасуы – құдірет құбылыс. Ұлттың сұлулық заңдылығы бойынша орныққан болмысын танып-түсіну арқылы ғана сол ұлттың ғұмырын ұзартуға болады. Немесе, керісінше ұлттың сұлулық заңдылығы бойынша орныққан болмысын танып-түсінбеу арқылы ғана сол ұлтты өлтіріп алуға болады. 28.11.90».


 

«Қазір рухани әрекет үстінде жүрген замандастарымыз өздерінің бітім-болмысы жөнінен екі түрлі қасиеттерімен ерекшеленеді. Бірі – халықты соңымнан ертсем, халықтың көзіне түссем, халықтың аузына іліксем, ақырында халықты аузыма қаратсам деп әлек. Олар үшін қайдан шыққанын білудің, қайда барарын ойлаудың қажеті жоқ, кез келген лып етпе сезімнің жалына жармасып көрініп қалса болғаны.

Екіншісі – халыққа қызмет етсем деген ниеттің адамдары. Олар бәлсінбейді, бұлданбайды, ақтық деміне дейін тер төгуге бар. Бұл топтың өкілдері үшін халықтың болмашы ықыласы – бақыттың шыңы.

Өкінішке орай, бірінші топтың өкілдері өнімсіз, қысқа бақай, әлем-жәлем, даңғаза тірліктерімен халықты көбірек алдандыруда. 23.07.89».


 

«Өмірдің қисынын, істің ығын, логиканы тәрік ететіндердің бір артықшылығы бар. Ондай бетпақтардың болмысында сабақтастық жоқ, бір ісінен екінші ісі туындамайды, бір қисынға екінші қисыны бағынбайды. Мына жарық дүниеде көбінесе бетпақтардың асығының алшысынан түсетіні сондықтан.

Бірақ, бетпақтықтың ғұмыры ұзақ болмайды. Өйткені, оның мұратының түпкі нәтижесі жасампаздық емес, түпкі нәтижесі – күйрету, қорлау, алдау, сатқындық. 20.12.90».


 

«Айдарынан жел есіп жүрген ешкім жоқ. Бәлкім, әр кезде де болатын санаулы ғана сумақайлар бар шығар. Саяси-әлеуметтік ахуал әркімнің бүйіріне шаншудай қадалуда. Қайта құру дегеніміз қоғамды қайта жаңғырту былай тұрсын, сол қоғамдағы әбден іріп-шіріген мекемелердің мәйтін жинап алуға да дәрменсіз болып отыр. Саяси-экономикалық анархия төбе көрсетуде. Қырық ру, қырық сідік ұлттық қойыртпақ тайраңдауда.

Не боларын бір Тәңірім білсін... 28.02.91».


 

Осыларды қорытындылай қарағанда Ақселеу қазаққа берерін беріп, айтарын айтып кеткендей көрінеді. Бірақ, ол күнделігін 1991 жылдың соңына қарай тоқтатқанына өз басым сенгім келмейді. Әсілі, ол күнделіктің жалғасы болуы тиіс. «Уақыты келген жоқ» деді ме, оны алты томдыққа енгізбепті. Өзі бірде жазғандай: «Өңкей қара қарғаның ортасында ақ қарға болуға болмайды».

«Әрбір жаңа шығармаларымды бұрын қолыма қалам ұстамағандай толқу үстінде бастаймын. Бұлай болуы жазу машығымның кемшіндігінен, қабілет-қарымымның олқылығынан деп ойламас едім. Сол жазатын дүнием, дәлірек айтсам, күрестің осы бір түрі керек пе деген дерттей сезімдер жанымды қажайды» дейді Ақселеу.

Ақселеудің бір сөзінде өзін алаңдатар нәрселерге өзіне тән ұқыптылықпен, байыптылықпен, мәдениеттілікпен, зиялылықпен тоқтала кеткен екен. Енді сол сөзін оқып қаралық.

«...Тәуелсіздік бізге не керектің бәрін берді. Мұны қалай түсіну керек? Оның жауабы өте қарапайым. Себебі тәуелсіздік дегеніміз – өз тағдырыңды өзің шешудің  тарихи мүмкіндігі деген сөз. Тәуелсіздік атаулының берері осы ғана және тағдырдан мұнан басқаны тілемесе де болады. Демек, тәуелсіздік бізге не берді деуден гөрі, тәуелсіздікті біз қалай ұқсата алып отырмыз деп толғануымыз керек.


 

Мені бүгінде не алаңдатады?


 

Мені әлемдік аралас-құраласқа (коммуникация) бейімделе қоймаған халқымыздың төлтума  болмысын сыртқы күштердің ығыстыра бастауы  алаңдатады; Қазақстанның әлемдік есірткі (наркотик) тасқынына керуен сарайы бола бастауы алаңдатады; ең бір мәмілеге келмес қайшылықтардың наным-сенім жолында туындайтынына қарамастан Қазақстанда діни конфессиялардың ресми түрде талғаусыз тіркеліп, ондап-жүздеп бас көтеруі алаңдатады; ғасырлар бойы қазақ халқының  ұлттық болмысына ұйтқы болып келген, керек десең елдігінің ірге тасы болып келген қазақ ауылдарының қожырауы алаңдатады; шекара сыртындағы қазақтардың, әсіресе, қытайдағы қазақтардың туған жерге оралу мәселесінің тұйыққа тірелуі, сөйтіп көз алдымызда екі миллиондай отандастарымыздың  жойдасыз (тотальный) ассимилляцияға ұшырап бара жатқаны алаңдатады; ұлт тағдырының туы болған сөз өнеріміз рухани бұғаудан құтылып, саяси иедеологиялық ноқтасын сыпырған кезде рухымызды көтерер соны серпін танытуың орынына, өкініштісі, еркіндікті қара басының өкпе-назын хатқа түсіру деп ұққан үрдістің (тенденцияның) етек ала бастауы алаңдатады; Қазақ халқының  ең ұлы рухани мұрасы – музыкалық мәдениетінің көз алдымызда тарих еншісіне айналып, халық жадынан өшіп бара жатқаны алаңдатады; тарихи тұлғаларымыз бен рухани мәдениетімізді парықтаудағы теңгермешілдік пен пысықайлардың дәріпшілдігіне жол берушілік, сөйтіп, халықты құндылық бағдарынан (ценностная ориентация) жаңылдырушылық үрдісі алаңдатады; еліміздегі мекеме атаулы тек қана орыс тілін тұтынып, оның есесіне бір-бір қазақ тілді аудармашы ұстап, «іс қағаздары 90-100 пайыз қазақ тілінде жүреді!» деп рапорт беріп, көз бояп отырғаны, сөйтіп, қазақтардың өз көрін өзі қазғандай тірлікке көшіп алғаны алаңдатады; ұлт тағдырын, мемлекет тағдырын шешетін лауазымды қызмет орындарында қазақ тілін білмейтіндердің отыруы алаңдатады; Қазақстандағы кітап айналымының 90-95 пайызын құрайтын жат идеологиялық, окульттік, мистикалық, порнографиялық, психотроптық т. б. шет ел кітаптарының тасқыны алаңдатады; ғылым мен білім дамудың тұғыры болған заманда, әлемдік ғылыми жаңалықтан құлағымыз тарс жабылып, Қазақстанда аударма ісінің мүлде тоқтап тұруы алаңдатады; тілі де, ділі де жат бұқаралық ақпарат құралдарының ұлардай шулаған кісәпір бейбастықтары алаңдатады; баспасөз атаулыға жарнамалардың негізінен орыс тілінде берілуі, сөйтіп орыс тілді баспасөздің ғана дәуірлеуі, қазақ тілді басылымдардың шалажансар күй кешуі, бұған мемлекеттік тілге қатысты заңдық тетіктердің тосқауыл бола алмауы, нәтижесінде халықтың қазақ тілді басылымдардан қол үзе бастауы алаңдатады; кез келген елге қолайлы әмбебап демократияның болмайтынына қарамастан, «демократия» деген жалаң да, жалпақшешей ұранның бел алып отырғаны, мұның өзі, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында ой-пікір тұрғысында ғана емес, ниет-пиғыл алашабырлығына ұласа бастауы, сөйтіп, мемлекеттік мүддеге қатысты анархиялық бейбастықтарға жол берілуі алаңдатады; бұқарлық ақпарат құралдарының (әсіресе орыс тілділері) белгілі бір «мықтыны» қамқор етіп алуы, сол «мықтының» сойылын соғуы, сөйтіп, біртұтас ұлттық-мемлекеттік мүдденің бөлшектену үрдісі алаңдатады; әсіресе, жас ұрпақты қалыптастыруда ең ықпалды күш-құрал болып табылатын телерадио арналарының қазақ тілін толық дерлік ығыстыруы, сол арқылы қазақ ұлтына қарсы тарихи қылмыстың көз алдымызда жоспарлы түрде мейлінше кәсіпқой деңгейде (профессионально) жасалуы алаңдатады; тәуелсіздігіміздің он жылында қазақ тілінде бірде-бір  мультфильмнің қазақ тіліне аударылмауы (мәдениетті қолдау жылының бағдарламасында әлемнің 100 жақсы мультфильмін қазақ тіліне аудару жөнінде уәделі жоспардың жасалғанына қарамастан), яғни, еліміздің болашағын тәрбиелеу ісіндегі мемлекеттік немкеттілігіміз алаңдатады; ең бір салтанатты сарайларымыздың төрінде тайраңдаған шетелдің жалаңтөс гастрольшылары алаңдатады; өнердің тек қана ұлттық қадір-қасиетпен дүниеге келетініне қарамастан, интерұлттық өнердің болуы мүмкін еместігі айдай анық екенін біле тұрып,  рухани мәдениетімізді парықтауда шет елдік талғам-танымға, шет елдік бағаға табынатынымыз, сөйтіп, халқымыздың төл талғамы мен бағасын аяқасты ететініміз алаңдатады; бүкіл көшені, ауылды, демалыс орындарын, мекемелерді, автобустарды, таксилерді, поездарды, ұшақтарды, оқу-тәрбие орындарын, былайша айтқанда қазақ аспанын тек қана еуро-орыстық музыканың кернеп кеткені, осыны реттейтін тетіктің жоқтығы алаңдатады; ондаған, тіптен жүздеген түнгі клубтар мен тәулік бойы жұмыс істейтін сауналарда қазақ қыздарының кім көрінгенге қолжаулық болуы алаңдатады...».


 

Бұл ойлар алты томдықтың 5-томына енген «Тәуелсіздік бізге бәрін берді»  атты сұхбаттан алынды, оның толық емес нұсқасы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мен жыламайын, мен жыласам әйелдерден асырып жіберемін» деген тақырыппен 2001 жылдың 27-сәуір күнгі  санында  жарық көрген екен. Мұның жазылғанына он жылға жуықтапты. Оны оқығанда біз Ақселеуді алаңдатар нәрселер бәрі сол қалпында, нақ бүгін айтылғандай әлі де өзекті, шешуін күтіп тұрғаны айдан анық екенін көреміз. Бұл сөздерден «қазағымның ертеңі қалай болар екен» деген үміт пен күдік аралас мұң сезілетіндей.


 

Толстойға қайта оралсақ, орыстың озық жазушыларының «Не істеу керек?» деп өздеріне өздері қойған сауалы төңірегінде ол да көп ойланып, ақиқатты іздеді. Бұл жолда ол философ сияқты емес, жанын жегідей жеген өлім қорқынышының шарасын іздейді. Бізге жеткен жазушының естеліктері арасынан табылған бір жазбада төмендегі сауалдар тізіліпті:


 

1) Не үшін өмір сүремін?

2) Жаратылуымдағы мақсат не?

3) Өзгелердің өмірінің мәні неде?

4) Ішімдегі жақсы және жаман сезімдердің болу себебі не?

5) Қалай өмір сүруге тиіспін?

6) Өлімнің сыры неде? Өзімді қалай құтқара алам?

«Күнделігінде» бұл жайында былай жазады:

1) Құмар ойындары (Бұны жеңуге болады);

2) Жыныстық құмарлық (Жеңу өте қиын);

3) Өркөкіректік (Бәрінен  де қауіптісі осы).


 

Ақселеу Сейдімбек те Толстойшылап «Ойтолғаққа» мына сөздерді жазыпты:

«Менің өмірге араласуым бейтаныс қаланы аралаған жолаушыға ұқсас. Аяқ аттаған сайын тылсым дүние алдыңнан шығады. Қиыны – бейтаныс құбылыстың алдыңнан шығуы емес. Қиыны – сол бейтаныс, беймағлұм дүниені ешкімнің көмегінсіз өзіңнің ғана танып-түсінуге кірісуің. Шегінер жол жоқ. Артым – армандай аяулы, алдым – жұмбақ.

О, Тәңірім, қандай заманға тап болған ұрпақ едік!.. 9.06.72».


 

Толстой өмірінің соңына қарай тірліктің мәнін қайта іздеуге кіріседі: «Оны ұзақ уақыт бойы азаптанып іздедім. Өзін құтқармақ болған адамша іздедім, ештеңе таба алмадым».

«Отбасы, әдеби шығармашылық та оны қанағаттандыра алмайды».

«Сұмдық ақиқат алдында көзіме перде болған екі тамшы – отбасым мен шығармашылық та мен үшін мүлдем ләззатсыз боп қалды».

«Отбасым, иә балаларым мен әйелім олар да адам, олардың да жайы мәз емес: я жалғанға алданып жүре береді, я болмаса қорқынышты шындықпен бетпе-бет келеді.

Оларды жаныммен сүйемін, бірақ ақиқатты жасырып қалу мүмкін емес. Ғылымдағы әрбір қадам, өмірдегі әрбір адым ақиқатқа жетелейді. Ал ақиқат – өлім. Өнер мен өлең жай безендіруші әшекейлер ғана, өмірдің мәнін нақты түсіндіре алмайды.

Фәлсафадан да қайыр жоқ!»


 

Дүрмекті өмір кешіп келе жатқан кісі тыныш өмірге көндігуі қиын. Тыныш өмірді аңсаған кісінің көбі ойлануға уақыт іздегендіктен тыныштыққа ұмтылады. Адам баласына қашан да уақыт аздық еткен, қазір ол - өте-мөте тапшы.

Адамның жасы ересек тартып, ақыл тоқтатқанда, өмірге тұрақты көзқарасы қалыптасқанда өзіне-өзің есеп беру қажеттілікке айналатындай, сол кезде кей істерінен, кей әдеттерінен қашатындай.

Толстой сексеннің сеңгіріне шыққанда екі қолын төбесіне қойып, өз үйінен өзі қашады.

Осы орайда Ақселеу Сейдімбектің Толстойға ұқсастығын тағы да қайталап айтуымызға тура келіп тұр: оның «Қазақтың ауызша тарихын» шығардым, енді ештеңе жазбаймын, бұдан кейін өле берсем де болады» деуі, өмірінің соңғы айларында барлық рухани мұрасын жүйелеп, аса қажет деп тапқандарын ғана қалдырып, қалғандарын үлестіріп беруі, негізгі еңбектерін жинақтап алты том етіп баспаға тапсырып, қалған дүниесіне кім иелік ететінін айтып, соларға табыстап кетуі, кеше ғана аман жүріп, бір түнде кездескен жұмбақ қазасы ол кісіні білетін адамдар үшін сол жұмбақ күйінде қалып тұр.


 

Толстой өзі өмір бойы қарсы болған, кемістіктерін әшкерелеген дінге оралғандай болып, өмірінің соңына қарай: «өмірдің мағынасы иманда екен» деген екен. Біздің кейінгі тарихымызда Қонаевтың да, Назарбаевтың да тұсында министр дәрежесінде қызмет атқарған Макиевскийдің өмірінің соңғы жылдарын шіркеу дьяконы болғаны да иман іздеу десе боларлық.

 

Ақселеу ағамыз да бір кезде сенім биігіне көтеріліп Меккеге қажылық сапар жасаған болса, өз сөздерінен білгеніміздей Құран Кәримді қазақшалауға ниет еткен болса, өмірдің ақыры иман іздеуде деген ойдың шынында да беріктігі басым секілденеді.


 

Конфуцийден «Он ұрпақтан кейінгілердің не көретінін болжай аласыз ба деп сұрағанда: «Ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден-балаға не қалып жатқанын дәл білсек, оныншы емес жүзінші ұрпаққа да не қалатынын болжап білу қиын емес». Ақселеу Сейдімбектің де келешек ұрпағымыз өз тарихын білсін, шежіре дегенде үйішілік психология жетегінде қалып, жеті атасын ғана білуді міндет тұтпай (оған да шүкір), ел шежіресін түйсінсін, сол арқылы өзінің қазағының қаншалықты ерекше жаратылыс иесі екенін білсін деген ниетін, бүгінгіден ертеңгіге қалдырар мұрам осындай зердені толықтырар, рухты оятар дәлелді зерттеулерім болды дегенін айтқызбай-ақ түсінеміз.


 

Пауло Коэльо «Алхимик» атты кітабында: «Адамдар биіктерге өрмелейтін себебі – бүгінгі өмірден жақсырақ өмір бар ма деп іздейді. Жер-жерді аралау, теңізге шығу да адамдардың бақытты болудың өзге жолдарын іздеу себебінен келіп шығады. Бірақ, олар, айналып келгенде, кешегілердің өмірі бүгінгілердікінен жақсырақ екеніне көздері жетеді» деген. Сол айтқандай, Ақселеу де қазақтың кешегі өмірі бүгінгілердікінен анағұрлым жақсы деумен, соны дәлелдеумен кетті.


 

Ақаң бір әңгімені беріле, қызыға айтып тұрғанда медитация жасағандай болып, адамды ойға шомдырушы еді.

Ақылға салып, ойланып қимылдайтын адамдардың мінезі Ақселеудің мінезі секілді жайлы болады. Осы ізденістер үстінде түрлі азаматтармен сұхбаттас болып, Ақселеу туралы сұрастыра жүріп, олардың бір де бірінен ол туралы жаман сөз естімедім және оның біреуге «Әй, атаңа нәлет» деп кейіді дегенін де ешкім айтып бере алмады. Ешкімге ешқандай жақсылық ойламайтын адам – бақытсыз. Ал, тұтас ұлтқа немесе бүкіл адамзат баласына жақсылық ойламайтын адамды адам деуге болмайды.


 

Ол өз деңгейін қашан болса да сақтап қалған, өзімшілдіктен ада, өзін біреуден ақылды санамаған, бірақ кем де санаушы болмаған, адамдарды өз деңгейіне қарай тартуға тырысқан, сонымен бірге, басқалардың да ең озық мінездерін бойына сіңірген үлкен мәдениет иесі еді.

«Дао дэ цзинде»: Ізгіліктің ізгілік екенін барлығы білгенде, зұлымдық пайда болады. Болмыс пен болмыстың жоқтығы бірін-бірі туғызады, ауыр мен жеңіл бірін-бірі туындатады, ұзын мен қысқа бірі-бірімен салыстырылады, биік пен аласаның бірі екіншісі арқылы анықталады, дауыстар араласып үндестік пайда болады, өткен мен күткен бірінің соңынан бірі ереді. Сондықтан жетілген дана іс атқарғанда әрекетсіздікті қалайды; дәріс бергенде сөздерге мән бере бермейді; заттарды ауыстыруға үндегенде оны өзі жасамайды; қозғалысқа түсіргенде, оған өзі күш салмайды; бірнәрсені оңтайлы аяқтағанда мақтанбайды. Ол мақтанбағандықтан оның еңбегі ұмыт қалмайды» - делінген. Осы сөзді Ақселеу Сейдімбектің шығармашылығына арнап айтуға болар еді.


 

 «Үш нәрседен тазамын» депті Нұртас Оңдасынов: бірінші – сонша жыл ел басқарғанда, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емеспін, арым таза; екінші – 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде, боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін, сенбегендер архивті ақтарып көрсін, қолым таза; үшінші – адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емеспін, жүзім таза» деп жазып кеткен екен.

Осылайша айтсақ, Ақселеу де біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емес – ары таза, біреуден бірнәрсе дәмеленіп, саумалаған емес – қолы таза, адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емес – жүзі таза. Оған қоса ол билікті, билікшілерді жосықсыз мадақтап ода айтқан жоқ – ұяты таза.


 

Бүгінгі өркениеттің қатаң ритмінде, ауа райы жылынып, адам жүрегі суынып бара жатқан кезде біз қаншама жақсы өмір сүріп, ғылыми техникалық дамудың нәтижесінде қолымызды жылы суға малып қана отырсақ та, жаяу жүрмесек те, бабалар көрген тұрмыстық қиындықтың бір де-бірін көрмесек те, өмірді толығымен сезінуден қалып, жаратылыс біртұтас екенін ұмытып барамыз. Ақселеу Сейдімбек өзінің бүкіл шығармашылық мұрасымен осыны біздің есімізге қайта-қайта түсіріп тұрғандай...

Ақселеу байқаусыз ақ, өз шығармашылығымен эпохаға айналған, жалпы, уақыттың өз тұсын әдемілеп тұрған адам еді.


 

Кейінгі қазақтарда энциклопедиялық білім иесі жалғыз ғана Әбіш Кекілбаев деп жүруші едім, сөйтсем ол менің ғана білуімше солай екен, Ақселеуді зерттеп қараған соң осындай ойға келдім. Бұрынғылардан Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Евней Букетовтерді солай санаушы едім.

Маржан теруге теңіз жағалауына барғандар, тек маржан ғана термейді, ол үшін күнұзақ уыс-уыс құмды қолдан қолға салумен, үңіліп іздеумен әлек болады.

Ақселеу де осыншама мол мұраны бірден игермеген, біздің алдымызға күй-шежіре мынадай, ауызша тарих осындай болған деп лақ еткізіп төге салмаған. Ол осы жеңістеріне сатылап жеткен, бірте-бірте қаламы ұштала түскен, деректері толысқан, қосымша тың деректер тапқан.


 

«Адам жетілудің  үлгісін өзінен табады. Ізгі кісі өзін жетілдіргенімен өзгеден соны талап етпейді. Өзін жетілдіруді қиынсынған кісі алдамшы жолға түскен кісідей: ылғи алаңдаумен, бақытты сәтті күтумен болады. Адам ізгілікке жетсе, садақ атып, тимей қалғанда межелеген нәрсеге емес, өзіне өкпелеген мерген сияқты, сәтсіздік бола қалса өзгеге өкпелемейді. Жетілуге ұмтылған адам ұзақ жолды біртіндеп өтетін, тауға өрмелегенде төменнен бастаған адам сияқты.


 

Тоғышар адам бір іс туралы оны білмей тұрып пікір айтады, менмен кісі мәселенің шешімін өзі айтуға ұмтылады. Ізгі кісі үшін мәселенің ірі-ұсағы болмайды, ол ең майда мәселені де байқаусыз қалдырмайды, соның өзін жетілу дәрежесіне жеткізуге тырысады. Ол өзінің ескі білімін бағалайды және оны толықтырып отырады.

Ізгі адам мынаны уайымдайды: әркім өз жүрегін ұдайы тыңдайды, онда ешқандай есуастық қалмауын ойлайды.

Ізгі адам өзгенің көре алмайтын нәрсесін көреді. Аспан әрекетінде жарық та, дыбыс та, иіс те жоқ. Ол тек ізгі кісіге көрінетінінің себебінің өзі сондықтан».

Бұл - қытай ілімінің Толстойға еткен әсері. Конфуцийді адамзат баласы осылай таныған. Осы сөздердегі әрбір ой мен әрбір тұспалды біздің Ақселеуіміз жете түсінген, мүлтіксіз қабылдаған және соған лайық өмір кешкен.


 

Лев Толстой Конфуцийдің адамзат үшін үлесі мол ілімін былайша мақұлдайды:

«Шын ілім адамдарды биік ізгілікке үйретеді, ол - адамдардың жаңаруы. Биік жетістікке жету үшін: бүкіл халықтың тұрмысы жақсы болсын.

Ол үшін: отбасының жағдайы жақсы болсын.

 Ол үшін: жеке өзіңнің жағдайың жақсы болсын.

 Ол үшін: жүрегің таза болсын.

Ол үшін: шыншыл бол, ой саналылығы болсын.

Ол үшін: жоғары сатылы білімің болсын.

Ол үшін: өзіңді өзің зертте.

Ақселеу Сейдімбектің тұла бойынан осы жалғасты жеті мінезді қалайтынын, соған лайық өмір сүргенін танимыз, сөйтеміз де біздің Ақселеуіміз де Конфуциймен, Толстоймен үндес, теңдес екеніне қуанамыз.


 

Арлы адам өзі жалғыз қалғанда да өзіне сақ, ол қашан да тепе-теңдік пен келісімді сақтайды. Оны барлығы бірдей біліп, құрметтемесе де ол оған өкінбейді. Оның ісі елеусіз жасалып-ақ ұзаққа жетеді. Ақселеудің шығармашылық жолына көз салғанымызда, оның дабырасыз жасаған істерінің қазақ аман тұрғанда ұзаққа жететініне күмәніміз қалмайды.


 

Қазіргі заманғы ең көп оқылатын жазушылардың бірі Пауло Коэльо: «Менің басыма қойылатын тасқа не жазуым мүмкін. Мен: «ол тірі кезінде өліп қалған» деп ойып жаздырған болар едім. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ мен тірі кезінде өмір сүруін тоқтатқан адамдарды көп көрдім, бірақ олар жұмыс істеуін жалғастыра береді, тамақ жейді, көпшілікке араласады. Олар мұның бәрін әрбір жаңа күн әкелетін сиқырлы сәтті сезіне алмай, өмірдің кереметі жайлы ойлану үшін тоқтамай, келесі минут ол үшін бұл планетадағы соңғы сәт болып қалуы мүмкін екенін түсінбей, барлығын дағды бойынша жасайды» депті. Ақселеу Сейдімбек мұндай адамдарға керісінше өмір кешкендер қатарында, ол өмірін жазумен, жазғанда да ұлтына онша түсінікті емес, бірақ ашып айтылуы аса қажет жүйелі еңбектер берумен өткізді.


 

Сөз соңында айтарымыз, Ақселеу Сейдімбектің алты томдығын сүзіп шыққанымызда біз оның бұл мұрасы қашанда да өз құндылығын жоймайтын әрбір жаны қазақ азаматымыздың, зерттеуші мұрагерлеріміздің соқпай өтпейтін аялдамасы, темірқазық іспетті бағдарламалық оқу құралы болатынына, қазаққа бағдаршам болып әлі ұзақ уақытқа қызмет ететініне көзіміз жетті.


 

Тағы да қайталап айтар болсақ, Ақселеу Сейдімбектің жанры сан алуан стильге толы. Мұнда дала әңгімелері де, қорғандар мен діңдер аңыздары да, күй шежіресі де, қазақтың ауызша шежіре-тарихы да, жүз-тайпа-ру таралымдары да, ертектер де, мақал мәтелдер мен қазақ болмысын ашып көрсететін аңызға бергісіз бастан өткенді әңгімелеу де, қара өлең де, естеліктер де, аудармалар да бар. Мұны барынша дәлелдеуге тырыстық. Ақселеудің жан-дүниесі жөнінде де біраз мысалдар келтірдік.


 

Бұл алты томдық – қазақ рухының генетикалық жады, ұлттың психологиясы мен дүниетанымы жүйеленіп, сақталған кітаптар жиынтығы. Әрбір қазақтың жүрегінде бір сәуле түссе осы кітаптардан түсер, көкірегі тазарса осы мұрадан тазарар.

Жамбыл Артықбаев былай дейді: «Ақаң Еуразия көшпелілерінің ұлы өркениетінің ақжал толқындары биік жарларды құлатқан теңізін көрген жоқ, ол сол теңіз тартылған уақытта соның табанында қалған сарқыншақ-қақтарды ғана көрді. Ең бастысы Құдай тағала Ақаңа сол сарқыншақ-қақты көруге жазды, бұл қазақ этнографиясын зерттеймін дейтін адамның басына қонған бақыт емес пе?! Біздің балалық шағымызда Ақаңның көрген қағы бірте-бірте құрғады, ауыл сыртындағы өзектің жарындағы қарлығаштар да жоғалды. Олармен бірге ақ кимешек киген әжелеріміз, саптама етігі сартылдаған аталарымыз бақиға аттанды. Ескі құрылықты бірнеше мың жыл бойы билеген ұлы өркениеттің соңғы реликтері көз алдымызда бұл-бұл ұшты. Ақаңның бала кезінде көшіп жүрген ауылдарының кигіз үйлері менің алғашқы этнографиялық экспедицияларымның кезінде қораның төбесінде текше-текше болып брезентпен ораулы жататын. Қазір ол да жоқ «Көшпелі дүние» деген осы.


 

...Ақаңның жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, әр-түрлі жарқылдақтарға құмарлығы, аңғал батырлығы, жылпосқа сеніп қалатыны т.б. қасиеттері мен қылықтары осыған нұсқайды».

Мына сөздерді Ақаң өзі ұстанып, дұрыстығына әбден көзі жетіп, өзгелерге үлгі болсын деп қалдырған сияқты:

«Байыбына барып сөйлеп, байыбына барып іс қылған салауаттылық әркімнің талайына бұйырмаған. Әркім өзіне-өзі ұстаз, өзіне-өзі төреші болғаны абзал. Дүниені түзеткің келсе, әуелі өзің түзел. Баршамыз пайымдауға тиісті бір-ақ ақиқат бар: әркім өзін-өзі тәрбиелемей, қоғам түзелмейді.

... Басы жұмыр пенде атаулы өзінше бір қайталанбас әлем деп келетін ұғым бар. Болса болар, әйтпесе, дүние дидарындағы мың сан тіршілік атаулының ішінде адам шіркіннің адамдық оқшаулығы ден қойғызбас еді. Десе де, сол басы жұмыр пенделердің арасында рухани даралықтың жөні қашан да бөлек. Әдетте, ондай тұлғалардың еткен еңбек, төккен тері мен көрген тіршілік, кешкен ғұмыры, былайша айтқанда, барша болмыс-бітімі қарақан басымен шектеліп қалмай, өзі өмір сүрген замана тынысымен астасып, өзі ғұмыр кешкен қоғам тарихымен шендесіп, сол кез-кезеңнің айғағына айналып кетеді. Мұндай тұлғалардың рух  тегеуіріні заман мен қоғам дамуына  мұрындық бола ма, жоқ әлде, заман мен қоғам толғағы сондай тұлғаларды тудыра ма, оны кесіп айту қиынның-қиыны. Тәрізі, осы екі себептің біте қайнасуы, бірінсіз екіншісінің  мүмкін еместігі мәдениет пен өркениет атаулының қайнар көзі, алтын арқауы болса керек.


 

...Біздің қай-қайсымыз да талай рет куә болған, біздін қай-қайсымыз да талай рет жанымыз жадырағандай сезім күйіне бөленетін сәттер бар. Ондай сәттерді, әсіресе, ерекше дарынды адамдармен немесе әйгілі тұлғалармен ұшырасқанда бастан кешетініміз де рас. Қас қағым сәтте ой-санаңды шарпып өтетін ондай сезімді жорып-түсіндірудің өзі оңай шаруа емес. Кереметі сонда – дарынды, әйгілі, біртуар тұлғаларды көргенде бір сәт пенделік күйкіліктен арылып, оның орнына жан-дүниеңді ерен еңбек, асыл өнер, адал достық, айнымас махаббат, парасат пен кісілік, ел мен жердің кие-құты, мәңгілік ғұмыр-тіршілік дегендей асқақ сезімдердің баурап алатыны бар. Мұндайда, сол әйгілі тұлғаның не тындырғанын, қандай қабілет-қарымның иесі екенін зерделеп жатуға да мұршаң болмайды. Алайда, асқақ-алапат сезім ой-санаңды билеп, жан-жүрегіңді баурап, рухыңды биіктетіп кететіні аян».


 

Ақселеу Сейдімбек осынау өзі айтқан сөздерге өзі әбден лайық, қазағымыздың Ары болған, асыл азаматымыз.

«Егер, мән беріңкіреп қарасақ, осында үлкен гәп бар. Қандай бір кез-кезеңде де тарихтың бас кейіпкері адам екені, адам әрекеті мен қызметі екені бүгінгі таңда бірауыздан мойындалған ақиқат. Ең ғажабы, осы ақиқатты француз тарихшылары – «тарихи антропология» деп, Рим клубы – «келісті өмірдің кепілі – адам сапасы» деп, орыс тарихшылары – «тарих дегеніміз – адам қызметі» деп, алаулатып-жалаулатып, жерден жеті қоян тапқандай болып жүргенде, атам қазақ мұндай ой-тұжырымды «Көкте – Тәңірі, Жерде – Адам» (Күлтегін) деп, баяғыда-ақ зерделеп қойған сияқты. Әлгі, қазақтың қария сөздерінде, әсіресе, шежірелік баяндарында тарихты ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы тарата-талдап отыратыны да содан болса керек.


 

...Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының өзінде қазақтың тілі күрмеле бастағаны анық. Жалпы сөз өнері екінің бірінің басына қона бермейді. Оның үстіне Кеңес үкіметі туған тарихына, тіліне немқұрайды, тіпті өш қарайтын тұтас бір қауымды өсіріп шығарды. Аждаћадай төнген осы қысастықтан аман қалған адам сирек болар, күнделікті тіршілікке шолтаңдаған шолақ тіл келді. Өз-өзінен кібіртіктеп, жөткірініп «нетіп» «неғып» деп екі сөздің басын қоса алмай қиналатын ұрпақ бүгінгі күні қария атанып отыр. Қазақтың бүгінгі күні ауызымен құс тістейді деп мақтап жүрген жігіттерінің тілі қарадүрсін, қақпақыл. Қазы-қартасы кетіп сіңірі ғана қалған сияқты. Айтысқа түсіп жүрген жігіт-қыздардың тілі – жаттанды, жаттағанынан сәл шығып кетсе кедір-бұдыр, тіпті оспадар».


 

Осындай ортада өмір сүріп, тіл мәйегін сақтап қалған бірлі-жарым адамның бірі – біздің Ақаң. Ақаңның тіл байлығы жаттанды дүние емес, іштен шыққан қасиет. Сол қасиет бала кезінде жақсы тілдік ортаға түсіп шыңдалған, кейіннен өзінің ақыл-парасатының арқасында Ақаң ол тілді нақыштап, әшекейлеген. Ақаңның әңгімесін естіген уақытта XX ғасырдың 70-80 шы жылдары өмір сүрген қазақ шежірешілдік дәстүрінің соңғы тұяқтары, соңғы қариялары еске түседі. Бірақ қаз қалпында қазақтың шежіре тілін ауызша, немесе жазбаша қолданыста ұстау қиын. Қалай дегенмен, оның кейбір заңдылықтары мен құндылықтары сақталып қалғанымен де, ол реликт, яғни алдымен тарихшы және тілші ғалымдардың еншісі.


 

Өз сөзі: «Өткен ғасырдың басында өмір сүрген француз ойшылы социалист-утопист Шарль Фурье қала алаңдарынан машина ойлап тапқандарға қойылған ескерткішті көргенде: «Япырау, қанаушысы жоқ, қиянаты жоқ қоғамды ойлап тапқан менің елеусіз жүргенім император Наполеонның да, банкир Ротшильдің де қаперіне келмейтіні қалай?!» - деп қайран қалады екен». 


 

Ақселеу Сейдімбектің де қанаушысы мен қиянаты аз көшпелілер қоғамын дәріптеген, қазақта рушылдық жоқ деп, бүгінгі керісінше айтылып жүрген бірыңғай пікірге қарсы тұрған, қазақтың қай ісі болса да бейтарап қала алмаған ізгілігін біздің билікшілер мен қалталылар да бағалай білмей, елеусіздеу қала берген екен-ау деген ойға қалдым. Өмір сыйы қашанда тепе-тең бөлінбеген. Кейбіреулерге үлкен үлес тисе, біреулердің үлесі атаусыз қалып отырған. Ақселеу үлес іздеген жоқ, үлес үшін еңбектенген жоқ. Дегенмен, еңбегі үшін емес, қатысы барлығы үшін біреулер Еңбек Ері болғанда, ол болмай-ақ қойсын, кілт ұстаушыға да, серіктестік иелеріне де, мақташыға да беріліп жатқан «Отан» ордені осынау отаншыл азаматқа бұйырмағаны несі?! Қазақтың түп-тұқиянынан бүгініне дейінгі өмір баянын бүкіл қиқыр-шиқырына дейін бүгінгі меңіреу болып бара жатқан қазаққа жеткізе айтып берген еңбегі еленуі тиіс еді ғой... Атақ үлестірушілерге де оңай болмаса керек. Марапатын сыйғыза алмай жатқандар одан да көп иеленгісі келіп тұрғанда, әрқайсысы өз атасының баласын ұсынып әурешілікке түсіп жатқанда, оның бәріне тең таразы болу оңай да емес шығар.


 

2010 жылдың қорытындысымен қазақ мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесі үшін Ақселеу Сейдімбекке «Жыл адамы» арнайы жүлдесі берілді. Сол жүлдені көзі тірісінде, «Қазақтың ауызша тарихы» шыққан жылдың қорытындысымен беруге неге аяндық екен?! Аянбас па едік, сол атақты беретіндер мен соны ұйымдастырып, басы-қасында жүргендер кезінде бұл кітапты оқымады-ау сірә!

Ақселеу Сейдімбектің мұрасы несімен құнды?


 

Адамшылық тұрғысынан алғанда да, ғылыми тұрғыдан алғанда да, бұл еңбектерде бәссіз, талассыз мойындайтын бірнеше тұжырымдар бар. Олар мыналар:


 

1. Ақселеу Сейдімбекті күй аңызы деген фольклорлық жанрды ғылыми айналысқа енгізіп, саралап зерттеудің отандық ғылымда негізін салған ғалым деп есептеуге лайық.

2. Ақселеу Сейдімбек қазақ этнологиясының ғылыми терминологиясын қалыптастырды.

3. Ақаң «Қазақтың ауызша тарихы» арқылы қазақ мемлекеттілігінің құрылымын ғылыми негіздеді.

4. Ғалым қазақ хандығы тұсында қырық ру халықты бір орталықтан басқаруды жеңілдету үшін «жүз» институты енгізілгенін, оны үшке бөлудің астарында мемлекеттің бірлігін сақтау, демократиялық шешімдерге ыңғайлау тәсілі жатқанын қисынды таратады. Ол жүз атауы тәңірлік дүниетанымнан бастау алады алады, тәңірлік наным-сенім түркі тілдес тайпалардың діні ғана емес, сонымен бірге өмір-салты деп түсіндіреді.

5. Ақаң қазақ даласындағы соңғы үш-төрт мың жылдың аясында тұрақты қалпын сақтаған рулық жүйенің қалыптасуының өзі біздің артта қалғандығымыздың немесе озықтығымыздың белгісі емес, рулық жүйені – ұжымдасып өмір сүру қажеттігі дүниеге келтіргенін дәлелді жеткізеді. Далалық тұрмыста қойын біреуі жайып, ол қойды екіншісі күзетіп, үшіншісі өнімін ұқсатып, төртіншісі ел-жұртты жаудан қорғап, бесіншісі қора-қопсысын сайлап дегендей ұжымдасып тірлік құрмаса, жеке-жеке нарықтың бәйгесіне түсіп көгеріп кетем деу мүмкін емес дейді.

Автордың айтуынша, ру аясындағы кез келген байдың малшысы сол байдың етжақыны, ағайыны, аталасы. Мал өнімі өзінен-өзі тұтас рудың игілігі болып табылады. Бай мың жерден іштарлық көрсеткенімен, мыңғырған малдың артық өнімін жеке дара тұтына алмайды. Ал, көшпелі өмір-салты артық өнімді қаттап жинап қоюды тағы да көтермейді. Сондықтан туыстық сезімге қылау түсірмеу көшпелілер үшін өмір сүрудің негізі, күнкөріс-тіршілікке тірек болып отырған төрт түлік малдың қас-қабағына малшы зор жанашырлықпен қарауға міндетті, өйткені жұт болып, мал қырылса бақташы да, бай да қоса ашығады.

6. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін ұстанатын қазақтан басқа этностың жер бетінде бар екенін біз біле алмадық, - деп ұлтымыздың бұл ерекшелігінің қасиетін дәріптейді. Бұл тыйымның қазақтардың тұқымдық сұрыпталуына себепші болумен бірге, этномәдени біртұтастығын сақтаудың бірден-бір тетігі болғандығын айтады.

7. «Қалың мал» деген сөздің дәстүрлі болмысымен шендес этимологиясына мән бергенде оның «Қалыңдықтың малы»  – яғни, үй болып, шаңырақ көтеріп, әлеумет санатына қосылу үшін қажет материалдық игілік деген сөз екенін, салт-дәстүр, жөн-жоралғы үлгісінде өтетін қалыңмал дәстүрлі құдалар арасындағы таза саудаға құрылатын меркантилді пиғыл емес, ұлттың мәдени-рухани дәстүрі екенін дәлелдейді.

8. Қазақтағы «қатын-қалаш», «тұтқа», «бұйрық», «жабғы», «құл», «күң» деп келетін сөздердің Түркі Қағанаты кезінде атақ-лауазымды, әлеуметтік орынды білдіретін еді дегені де тың тұжырым.

9. Көшпелі өмір-салт қалыптастырған, адамдар арасындағы өзара кісілікті қарым-қатынас қалыптарының шырқы бұзылып, үлкен мен кішінің, туыс пен туғанның, жат пен жақынның, еркек пен әйелдің, жігіт пен қыздың арасындағы моральдық-этикалық, салт-дәстүрлік қарым-қатынас қалыптарының шекарасы көмескіленуі, адамдар арасындағы қарым-қатынас дәстүрлі наным-сенімге мойын ұсынбаған соң, салт-дәстүрді сақтамаған соң, тыйым-тосқауыл көрмеген соң еркіндік дегеннің өзі көргенсіздікке ұласып, яғни, адамдардың бойында іштей тыйылудан гөрі, салт-дәстүрмен санасудан гөрі заңнан ғана қорқу немесе сырт көзден ғана қаймығу сезімі басым болды деуі қисынды тұжырым.

10. Көшпелі қоғамда мүлік теңсіздігі болуы мүмкін емес, пендешілік аңсармен зат-мүлік молайтқысы келіп тыраштанғанымен көшпелі өмір-салтының ілкімді қозғалысы артық заттың бәрін керексіз етіп, сыртқа теуіп, табиғи сұрыпталудың ырқына көндіреді. Ал, егер бәрібір көз тоймас қомағайлыққа салынып, орынсыз дүние-мүлікті көбейтсе мыңдаған шақырымдық көш жолында артық бейнетке ұрынады деуі көшпелі өмір салтында іс жүзінде керексізді қаламау қажеттілігін дәлелдейді.

11. Қазіргі адамдар өзін өзгеден оқшау, ерекше етіп көрсетуге құмар болатын болса, қазақ ауылдарында жеке адамның көпке ұқсамауы, жұрттан өзгеше болуы жаман қасиет саналған. Қазақтардың жеке адам туралы идеалы көпке ұқсауымен, көппен бірдей болуымен өлшенуі – халқымыздың мәдени-рухани идеалының тұтастығына себепші жақсы қасиет еді деген тұжырым бүгінгілердің өркөкірек мінезіне рухани соққы.

12. Ақселеу Сейдімбектің әйгілі тұлғаларымыздың өмірлік дерегі туралы шежірелік баяндарды «әлем халықтарының тарихында кездесе бермейтін бірегей рухани феномен» ретінде бағалауы – ғылым жаңалық.

13. Шаңырақ күлдіреуіші үш жүздің тұтасқан бірлігін көрсетіп, үш-үштен кергіш ағаш айқастырылып көктелген, ұлт дәстүрінде шаңырақ кергіші тек үш-үштен ғана айқастырылады деуі ұмытылуға айналған, естен шыққан шындық.


 

Берік Әбдіғали айтыпты: «Ұлттың рухы оянса, ұлттық намыс оянады», «Ұлт мықты болмай тілдің бағы жанбайды» - деп. Бодандық қазақ рухын қалғытса, оны да оятатын ұлттық намыс. Ұлттық намыс оянуы үшін төл тарихымызды жете білуге тиіспіз, ол үшін Ақселеу Сейдімбектің рухани мұрасындай еңбектер қазаққа таныла түсуі тиіс. Тілді де түлететін сол танымның жеткіліктілігінен туындайтын ұлттық рух.

Сөздің киесі бар. Ақселеу мұрасы – сол киені терең сезінетін, әр сөзі үшін жауап бере алатын, әр сөзінің дәлелі бар мұра. Ол – ұлтының мерейін тасытады, мәртебесін асқақ етеді. Бұған сенім мол.

Ақселеу Сейдімбек – «Қазақты көргің келсе – міне сол қазақ» деуге жарарлық келбетіне мінезі сай, мәдениетіне ақылы сай атпал азамат еді.


 

Конфуций туралы Янь Юаньның айтқаны бар екен: «Қараған сайын биіктейді, үңілген сайын тереңін сеземін, түбіне жете алмаймын, бірде алдымда тұрғандай болып тұрып, бірде артыма шыққандай, бірде жанымда сияқты, бірде ұзап кеткендей. Бәрін бірден ашып көрсетпейді, адамды еліктіріп әкетеді, көзімізді ашқандай, дәстүрлер мен рәсімдерді сақтай біледі. Күшім азайып бара жатса, маған жақындағанын сезінемін. Артынан көз жұмып ерейін десем ере алмаймын»,- депті. Ал, Лао-цзы Конфуцийдің аға замандасы болып келеді. Екеуі бірінші рет кездескеннен соң Конфуций өзінің сұхбаттасына соншалықты таң-тамаша болғандықтан үш тәулік бойы тіл қатпапты деседі. «Сіз оған қандай уәждер айттыңыз?» деп сұраған замандастарына «Мен бір айдаћар көргендей болдым, ол бірде тұманға айналды, бірде аспанда қалықтап, инь мен янның аспан сәулелерімен тыныс алып тұрды. Мен оған қарсы бір уәж айтпақ түгілі, аузымды да аша алмадым» деген екен. Қарап тұрсаңыз Янь Юань Конфуцийді, Конфуций Лао цзыны таңырқай мойындап тұр. Осы бір ұлтын сүйген, ұлтының ертеңінен үміттенген, сол ертеңгі күнді жарқын ету жолында білгенінің бәрін жеріне жеткізе айтып кеткен Ақселеу Сейдімбек тұлғасына осы мойындауларды қайталап айта беруге әркім ақ арланбағаны жөн.


 

Ақселеу Сейдімбекті зерттеу оңай болсын ба?! Оның бүкіл ұңғыл-шұңғылына бір оқығанда жете алмаспыз... Оның тереңіне бойлау үшін Ақаңшылап табандап отырып тер төгу керек. Мұхтар Шаханов қайта-қайта айтатын «қарын философиясын» күйттегендерді жетектеу емес, «ру», «тайпа», «жүз» дегенде «бұл маған жақынырақ тұрған адам екен» деп емес, мақтаныш ету үшін емес, бірін-бірі орынсыз сүйрелеу емес, Ақаң ақтап алғысы келетін «рушылдық пен протекцияшылдықты шатастырмауды» берік ұстанып, «бұл біздің тараған тегіміз, оның бүгінге пайдасы – «шежіремізді біліп, ұл-қызымызды дәстүр бұзбай аяқтандырсақ» дегенге ғана пайдалану, бұл құбылысты ұсақ пайдакүнемдікке пайдаланбау, пенделік пиғылға ермеу, ұлт мүддесін сатпау болса керек.


 

Абай дананың бір сөзі жайлы мынадай ұлағат қалған: Тобықты елімен көршілес төлеңгіттен шыққан Меңаяқ би қайтыс болғанда, Абай аза тұтып, дұға оқиды. Артынан жиналған елге: - Меңаяқ өзінің атын өзі алып жүре алатын адам еді, - дейді. Азалы елдің бір үлкен адамы: - Абай ау, сен дана емес пе едің. Ол не дегенің?! Меңаяқ өз атының басын ғана алып жүрген емес, рулы елді билеген адам емес пе еді?! - дейді. Оған Абай: - Елді билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын. Жағдайы келгенге бақ көтеріп, бай болу, таққа отыру бола береді. Бірақ соның буымен өзін-өзі ұстай алмай, абыройын ашатындар көп. Меңаяқ сонан аулақ жан еді. Оның зор адамдығының өзі сонда еді, - депті.

Ақселеудің бағы мен тағы – оның артында қалған мол мұрасы. Ол оған адал, өзінің атын өзі алып жүрді, оған куә – ел зиялылары, қалың қазақ жұрты.


 

«Өмір сүру өмір мен өлімнен тұрады» деген екен Лао цзы «Лидердің даосы» атты еңбегінде. Ақаңның да екі өмірі бар. Ол өлмеуі тиіс, өйткені оның өлімінің өзі өмір, ол өліміне үлкен дайындықпен келе алды. Ол не болуы мүмкін екенін қиялдап өмір сүрген жоқ, барынша байыппен, асығып-аптықпастан, ширықпастан өзі мақұл көрген ісін біртіндеп атқара берді.

Ақселеу Сейдімбектің көптен бері бірге келе жатқан іні-досы, өмірден кетерінде бүкіл мұрасының ең іліп аларын тапсырып кеткен Тұрсын Жұртбай былай деп жазады: «Жазмыштан озмыш жоқ, пәни мен бақидың заңы бойынша әрбір адамның мәңгілікке аттануы – өзекті өртейтін өкініш. Сол пенденің дауысы, мінезі мынау жалған дүниеге жетпей тұратыны анық. Ал Ақаңның дауысы мен орыны Алаш дүниесіне мәңгі жетіспей тұратын болады. Оның артында жетім бала мен жесір жар ғана қалған жоқ, жетім ел, жетім күй, жетім ән, сыңар дос, аялы құшақсыз іні, сусыны қанбаған шәкірт қалды.


 

Күн сайын өлім мен өмір алмасып, біріне бірі орын босатып беріп жатқан тіршілік қой. Алайда, Ақаңсыз өмір – бәрібір баяғы өмір емес, бәрі де «баяғыдай көрінбейді». Оның мінезі, сырбаздығы, әңгімесі, мәрттігі, тіпті шақшасының тықылы да бізге жетпей тұратын болады. Маған осы ажал оның мырза өміріне жараспайтын-ақ сияқты, оның осы өлімінің өзінде бір үйлеспейтін заңсыздық, бір тосын тылсым бар сияқты көрінеді де тұрады.

Ақаң «Армансыз өмір сүрді» дегізетіндей ғұмыр кешті. Ол «Қазақтың ауызша тарихын» маған ұсынып тұрып, тіршілікке соншама бір наразы да разы құштарлықпен қарап: «Енді ештеңе жазбаймын. Шаршадым. Қолымда бардың барлығын таратып беремін. Ал өзімнің өмір бойы жиған-терген кітаптарымның, шежірелерімнің, мұрағат-құжаттарымның, сирек басылымдар мен фотокөшірмелерімнің бәрін сенің кітапханаңа, сенің өзіңнің қолыңа тапсырамын. Өзге – ортақтаспас, сен қиянат жасамассың. Біреуге болмаса, біреуге сауабы тиер, рахметін алармын. Енді өмір сүремін. Өмірдің рахатын көремін. Қойшығарамен тасқаяқ ойнаймын. Сендерді серуендетемін. Тапқанымды шашамын. Шіркін, сонда қандай рахат болар еді, ә, бала», - деді.


 

...Енді оның жоқтығы күн сайын, апта сайын, ай сайын, жыл сайын, мәңгілік сезіліп тұратын болады. Ол сағыныш та сартапқа айналып, жүрегімізде өшпейтін тат болып қалатын күндер де алда болса керек. Бұл рухани өкініштің орыны тола қоймас, сірә».

Журналист-жазушы Талғат Айтбайұлы да Ақселеудің өткеніне қайғырғанын мына сөздерімен жеткізіпті: «Ақселеу ағаның мезгілсіз қазасы жайлы естіген кезде көзіме ыстық жас келді. «Ахаң өлетін кісі емес еді ғой» деген сөз тілімнің ұшына оралып, ойымнан кетпей қойды. Бір мен ғана емес, Ақселеу Сейдімбекті білетін елдің дені сөйтті. Аяқ астынан келген ажалы туралы сан саққа жүгіртіп, әңгіме еткендер де болмай қалмады. Араларында өзіне-өзі қол салыпты деушілер де ұшырасты. Үй толы кітаптарын таратып бергенін, құнды қолжазбалары мен суреттерін мұрағатқа қаттап, тізімдеп өткізгенін, сондай-ақ ауылына ат ізін салған соңғы сапарында: «Өле қалсам, осы жерге қоярсыңдар» деп інілеріне құлаққағыс қылғанын қайта-қайта есіме аламын. Тіпті бір газеттен: «Әй, мен өзі осы жылдан қалмаспын» деген сөзін де оқыдым-ау. Демек, Ахаң ажалын алдын ала сезіп білген және соған асыққан сыңайды. Мына сайқал саясаттың аярлығынан әбден жерінді ме, кім білсін. Әйтеуір, азабы мен мазағы мол бұл жалғаннан ертерек кеткенді жөн көргендей ме, қалай? Ия, қалай десе де, ол маған билікке де, байлыққа да қызықпайтын мәңгілік мекеніне бұрынырақ баруға, аруақтар арасына тезірек жетуге асыққандай көрінеді де тұрады».


 

Қазақтың Ары мен Намысы болған дара тұлғалар тізбегі үзілмек емес. Әйтеке би өмiрден озғанда досы, аузы дуалы абыз, дiн көсемi Мүсiрәлi сопы былай деген: "...Әй, тойымсыз қара жер-ай, дара туған дарағымды алғанда қойным толады дедiң бе! Бетiмдегi беделiмдi алғаның – Алатауымды аласартқаның емес пе! Арқамдағы сүйенiшiмдi алғаның – исi қазақтың атакүлдiгi – Қаратауымды құлатқаның емес пе! Жұлдызы биiк жаралған жан едiң-ау! Асып туған абызым-ай, мына соңыңда қалған бiз ендiгi жалғанда тiрi жетiм емеспiз бе?! Өзгелерден асып туған, қазағына, елiне нұр сипатын шашып туған, бағаналы бәйтерегiм-ай, сен өлдi дегенге қайтiп сенейiн?!." – деп, елiне күңiрене жоқтау айтқан екен (М. Есламғалиұлы, "Әйтеке би", 364 бет). Бұл жоқтау тұтастай Ақселеу ағаға арналғандай...

Озық ойлы жазушы Айгүл Кемелбаева былай дейді: «Көшпелі дегдар баба жұрттың соңғы тұяғы болған жазушы бұл жалғаннан қазақ мүддесін қорғап өтті. Қазыналы таңғажайып еңбегі асыл ағаның аққу әніне айналғанын білгенде, қазақ жүрек қан жыласты. «Ақселеу өмірден озды» дегенде, қимастық жанын тебірентпеген қазақ болған жоқ. Қайғының таты талайының көкірегіне ұялап қалды.

Аяулы болғаны сүйіндірсін. Екінің бірінің маңдайына жазылмайтын бақ. Өз халқына жан-жүрегімен құлдық ұрып, ұлтжандылықтың тұма бұлағын суалтпауға тырысқан азамат. Қара бастан аспаған арамзалар көбейген заманда елін сүйген бекзат азамат».

Өмірдегі бар сыйды алып болып, өлгенде аты өшіп жатқандар бар. Өлгеннен соң аты мәңгілік қалатындар көп емес. Сол мәңгілік қалатындардың бірі, біздің пікірімізше – Ақселеу Сейдімбек.

Ғаламдану уыты, ол дегеніміз ұлтсыздану, тексіздену қасіреті қазақты қос өкпеден қысқанда, ұлттың қорғаныс тетіктерін тап басқан қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбек феномені осы: жаћанданудың жойқын тартылыс күші алты құрлықты аждаћадай аранымен орай бастағанда қазақтың тегінің асыл екеніне құлшылық қылғаны. Ол Алла Тағаладан әр дербес ұлттың жаны мен қаны бөлек екенін, көпке жұтылуды қаламайтынын, біртекті қоғамға өлсе көнбейтінін сұраған жанкештінің бірі болды.


 

 «Шеткі үй құласа, ортаңғы үй шет болар» деген сөз бар. Өкініш – Ақселеудің шетіне жетпей, ортадан енді ауғанда құлағаны ғана. Тағдыр солай, Алла адамдарды аларда біртіндеп, кезекке қойып, жасының келуіне қарай алса, онда жасы әлі жете қоймағандар «Әлі біздің кезегіміз келген жоқ» деп білгенін істемес пе еді?! Сондықтан да Алланың алған адамының уақыт-мезгілі келгеніне шүбә келтірмеуге мәжбүрміз.

Бір нәрсеге шүкіршілік етеміз: Ақаң еліміздің тәуелсіздігін көріп, еңсе тіктей бастағанына куәгер болып, айтам дегенін армансыз айтып үлгергеніне, оның тағдыры Байтұрсыновтар мен Әуезовтердің тағдырынан ұтымды қалыптасқанына шүкір!

 

P.S. Қырық бес жасымда туған жер аумағынан шығып, Алматы асқанымда ауылдағы зерделі бір азамат: «Алматыда Әбіш Кекілбаевпен, Шерхан Мұртазамен және Мырзатай Жолдасбековпен араласып, өнеге алуға тырыс» деп еді. Мен бұл кісілердің жанында жүріп те, сырттай бақылап та көп өнеге алдым. Бұларға қоса Қаратай Тұрысов, Фариза Оңғарсынова, Мұзафар Әлімбаев, Мұрат Әуезов, Заманбек Нұрқаділов, Марат Оспанов, Тоқтар Әубәкіров, Ғарифолла Есім, Асқар Жұмаділдаев, Нұрболат Масанов, Алтынбек Сәрсенбаевтармен және де Қойшығара Салғараұлы, Иранғайып, Исраил Сапарбаев, Ұлықбек Есдәулет, Көпен Әмірбек, Аманхан Әлім, Майра Мұхамедқызы, Роза Мұқанова, Әмірхан Меңдеке, Айгүл Кемелбаева, Думан Рамазан секілді шығармашыл азаматтармен сұхбаттас, азды-көпті аралас-құралас бола жүрдім. Осы тізімнің жуан ортасында Ақселеу Сейдімбек те бар еді. Қазір оның орны үңірейіп тұр. Өмір жолымда бір сәттілік болып, республика деңгейіне шықпай, ауылда қалып қойғанымда жетілу деңгейім бұл дәрежеге жетпес еді-ау деп шүкіршілік етемін. Дегенмен, табиғи бұйығылықтан ба, көпшіл мінездің кемшіндігінен бе, өскен аймағымдағы адамдардың қолы ешбір бос болмайтын әдетінің бойыма әбден сіңіп кеткендігі ме, уақыт тапшылығынан ба, ұдайы араласып, сұхбаттасып жүрудің сәті жиі бола бермейді.


 

Бізге бүгінгі жетіспейтін нәрсенің бірі – сұхбат. Ақселеу ағамен бір рет те екеуден-екеу отырып рахаттанып, ашылып сұхбат құрыспай қапы қалдым. Қырық жылдан бергі серік болып келе жатқан мемлекеттік қызметтің қасаң тәртібі, әсіресе кейінгі жылдарда қатардағы клерк болып, кеңсеге белгіленіп кіріп, белгіленіп шығу, бір жаққа сұрансаң, өзіңнен жоғарырақтағы екі-үш басшының алдынан өту, бірер күнге кетер болсаң, жазбаша арыз беріп, жауабын күту, ондай жағдай жылына 2-3 рет қайталана қалса: «Бұл не қылған қайта-қайта сұрану?» - деген сәлемдемесінің сүйіншісін одан төменірек біреулерден есіту, жас ұлғайғанда сөз естіп қалмайын деген бұйығылыққа мәжбүрледі. Түрлі орталарда болу мүмкіндігі осылайша әбден шектеліп, бір «рамканың» аясында, Высоцкий айтқандай «колеядан» шықпай жүруге үйрендік. Әйтеуір демалыс күндері мен түнгі мезгілге ешкімнің иелігі жоқ, оны осы секілді ізденістерге арнаумен жүріп келеміз. Мемлекет қызметіндегі орта және кіші буын қызметкерлерін тұқырта, мүлтіксіз бағыныста ұстау еркіндікті шектейтіні, ондайлардан соны пікір, тосын ой шықпай, басылып қалатыны жоғарырақта отырғандардың қаперіне де кіріп шықпайды, солардан үлгі алған кіші буындағылар қызметінде өрлей қалса, солардың істегенін істеп шыға келеді. Бұл бізге кеңес үкіметінен жеткен керексіз көп мұралардың бірі.


 

Бір кездері Әбіш Кекілбаев жөнінде: «Әбіш ағамен тығыз араластығым жоқ. Ол кісінің маған жылы пейілін ғана сезінемін. Жылылықты пайдаланып ұдайы араласып тұруға ұмтылмаймын, себебі, көнеден бүгінге жеткен, Конфуцийлерден қалған рәсім, дәстүр, жөн-жоралғы деген қасиетті ұғымдар ұлы кісілерді айрықша ұлықтауды, мезі етпеуді, яғни, біздіңше айтқанда аяқ асты етпеуді қатаң тапсырады. Осыны ұстанамын да ол кісіні рухани ұстаз тұтынумен, жолыққан сәттерде оны зерттей түсумен шектелемін. Сырт көзге суықтау, оңайлықпен еліге қоймайтын, енжар, бейтарап көрінетін оның салқынқанды кейпі саналылықтан, биік адамгершіліктен, ізгіліктен деп ұғынамын» - деп жазған едім.


 

Осы мінездер мен себептерге бағып, Ақселеу Сейдімбекпен көбірек сұхбаттас болмаған тартыншақтығыма, мүмкіндігім бола тұра өзінің қатысуымен ертерек зерттемегеніме өкінемін.

 

 

Ақселеу Сейдімбектің рухани мұраларындағы ұйытқы ойлар

 

Құрметті оқырман!


 

Біз зердемізден өткізген Ақселеу Сейдімбектің алты томдығы бөлшек саудаға түспегендіктен, оны кітапханадан барып алып, айлап шұқшиып оқу мәдениеті қазағымызда ілуде біреуде болмаса әлі қалыптаса қоймағанын ескеріп, осы томдардағы негізі ой-пікірлерді оқырманға жеткізе беру мақсатымен, осы арқылы қазақтың Ары болған ағамызды елге таныта түсуге бір септігі тиер деген сеніммен, алдыңғы тарауларға сыймай қалған Ақселеу Сейдімбектің рухани мұраларындағы ұйытқы ойларынан ең таңдаулы санағандарымды сіздерге ұсынуды жөн көрдім.

 

2-том. Жетінші тарау. Ойтолғақ. Күнделіктер.

 

1. 01.72.


 

Ұдайы ойды серік ету, ұдайы ой құшағында болу қиын ғой. Қазақ оны «ойжадылық»  дейді. Алайда өмір болған соң ой шеңгелінен тысқары болу да оңай емес.

Ой да бір іштің шері ғой. Айтсаң шерің тарқап қалады.

 

16.06.73.


 

Менің әмиянымның тазалығы арымның тазалығындай.

 

22.05.74.


 

Ебнейдің биік өресі халықтық өредей әсер берді.

Ол өз бойындағы асыл қасиеттерін бөгде адамның көргеніне, сезгеніне, айтқанына мағұрланып, қуанып отырады екен. Сөйте отырып, артық қолпашты әсте ұнатпайды. Бір танысының мақтап-мадақтаған хатын шын көңілімен қынжыла сөз етіп отырды.

Жасандылығы жоқ, шыншыл қалпына сенесің.

 

9.09.77.


 

Ақылды ара солған гүлден нәр алмайды.

 

10.11.77.


 

Ұлы Бедиль айтыпты: «Менен кейін ақын болмақ емес» деп. Тым астамшылықпен айтылған пікір. Алайда Бедиль орта ғасырлық өлшемнің түсіне де кірмеген шаруа жасады. Ол өз шығармаларына әр түрлі халықтардың дүние танымын, ұғым-түсінігін арқау ете отырып, өзін бүкіл адамзат атаулының перзентімін деп жариялады. Бедильді парсы тілінде жазатын Үндістан ақыны Мұхаммед Икбал әрі қарай дамытты. Бір ғажабы XX ғасырдың кәміл талғамына иек сүйей отырып дамытты.

 

16.11.77.


 

Қазір бір қауіп-қатер айқын төбе көрсетіп отыр. Ол – жеке пенденің өзімшіл, ашкөздігінен бастау алатын ұсыныстың көпшілік сұранысына айналуы. Мұндай жағдайда адам қоғамы өзін-өзі іштей реттеп отыру қасиетінен айрылып, рухани дүбәралық басталады. Бұл үдеріс (процесс) керісінше болу керек.

 

25.11.77.


 

Осы жұрт Л.Толстойдың немесе Ван Гогтың хаттарын оқыса, елірмелігін бәсеңдетер ме еді деп те ойлаймын.

 

26.11.77.


 

Әйел затын сүйген еркек азат емес. Алайда сол азат еместігі кез келген азаттықтан артық.

 

1.03.78.


 

Александр Македонскийден сұраса керек: «Сен не себепті әкең Филип патшаға қарағанда ұстазың Аристотельді көбірек құрмет тұтасың?» - деп. Сонда Александр: «Әкем менің тәнімді тәрбиелеп, көктен жерге түсірді; ал Аристотель болса жанымды тәрбиелеп мені жерден көкке көтерді»  деп жауап берген екен.

 

7.10.78.


 

Автордың өзі ойламаған идеялардың, ойлардың, тұжырымдардың шығармасында көрініс табатын кездері болады. Мұның мысалы әлем әдебиетінде көптеп кездеседі. Бір ғана мысалды көлденең тартып көруге болады. Мәселен, Лев Толстой. Ол өзінің бүткіл бітім-болмысы, саналы әрекеті бойынша «орыс революциясының айнасы» болмаса керек еді. Алайда, Толстой орыс революциясының болмай қоймайтынын көркемдік жолмен көрсетіп берді ғой.

 

9.11.78.


 

Жұмыр жердің бетінде қасиет тұтар үш ғажайып бар дейді дана халық. Оның бірі Нан – халықтың қарыны тоқ, қабағы ашық, дені сау болуы үшін қажет; екіншісі Әйел – мәңгі үзілмей жалғасып келе жатқан тіршіліктің тірегі; үшіншісі Кітап – уақыттың дәнекері, өмірдің сабақтастығын тек қана өрге сүйреуші.

 

10.12.79.


 

Бұйрат даналығы:

«Досыңа жұмсалған уақыт – өзіңе жұмсалған уақыт, ал дұшпаныңа жұмсаған уақыт – өзіңе және досыңа жұмсаған уақыт».

 

14.12.79.


 

Ғабит Мүсіреповте болдым. Ауруханада екен. Көзіне операция жасатыпты. Сәтті көрінеді. Сөз арасында ел басшылары туралы әңгіме өрбіді.

- Ел басқарған тұлға - қарапайым пенде емес, тұлға! Ол ел-халық тағдырынан басқа тірліктен ада болуға керек, - деді.

Сонсоң аз-кем үнсіздіктен кейін сөзін қайта жалғады:

- Осында, бізбен бірге Республика кәсіподағының председателі жатыр. Сол жігіт, жасы кіші болған соң болуға керек, маған келіп-кетіп, халімді сұрап тұрады. Жөн делік. Бір күні әдеттегідей келді де, қипақтап отырып: «Ғабе, бір нәрсе сұрауға бола ма?» - деді. «Ал сұра» - дедім. Әлгі соққанның сондағы сұрағаны: «Осы Шыңғыс хан қазақ па?» дегені ғой. «Жоқ, ол қазақ емес, нағыз монғолдың өзі» деп жауап бердім. Осымен қойғанда бәрі де дұрыс секілді еді. Әлгі отырып: «Е-е, Шоқанның әкесі қазақ екен десем, монғол екен ғой!» дегені. Бұған не дерсің! Ол үшін Шоқанның әкесі Шыңғыс та, әрідегі хан Шыңғыс та бір адам секілді. Тарих туралы мұнан өткен саңылаусыздық болмас. Ал, осындай адамнан не күтуге болады. Бәріненде сорақысы сол, отырған орынын көрмейсің бе...

Ғабең сабырлы күйін сақтағанымен, үнінде терең өкініштің, шарасыздықтың лебі бар еді.

 

23.12.79.


 

Ебней Бөкетовтың Ақсұлу деген қызы тұрмысқа шыққан екен. Тойы болып кетсе керек. Бірақ, ол тойда Ебней бола алмай, құдаларын көрудің орайы енді келіпті. Құдалары Шелек ауданында тұрады екен. Ебней, Ғабдолла Құлқыбаев, Африкан Андреевич Бальбұров бастаған жеті-сегіз адам сау ете қалдық. Әрине, құдалар да күтініп, тосып отыр екен. Мейлінше көңілді, шынайы тілеулестік-туыстық қауышу болды.

Дәмге отырарда Ақсұлудың енесінің сексеннен асқан әкесі бар екен. Бата берді. Сөз арасында:

- Біз асарымызды асап, жасарымызды жасадық, алла ендігі ғұмырды сендерге берсін, - деді. Сонда Ебней бір әңгіме бастады:

- Біздің елде бір алты ағайынды жігіттің қарт әкесі ауырыпты. Сонда, әлгі азамат болған алты жігіт қолдарына бір-бір шоқпар алып, әкесін қоршай отырыпты дейді. Онысы әкелеріне өлім жібермейміз деп қамқорсығандары болса керек. Егер, өлім тақала берсе болды, өздерінше шоқпармен қағып тастамақ дейді. Содан, ұзақ таңда кішілеу біреуі қалғып отырғанда әкесі жүріп кетіпті. Сөйтсе, бес ағасы ең кішісін төмпештеп жүр дейді, «өлімді сен жіберіп алдың» деп. Сондай-ақ, тілеулес ұрпағыңыз көп екен, қабыл алсаңыз, мен де бір шоқпар ұстар болып қатарларыңызға қосылсам деймін. Ал, ұйықтамай күзететініме уәде беремін...

Қария риза болып, жұрт күліп жатыр.

 

28.12.79.


 

Ғабит Мүсірепов: «Құлды, әй бәрекелді өлтіреді», - деген сөз бар. Адам, қоғам мәңгілік жалаң ұранға малданып кете баруы мүмкін болмас. Желбуаз қарын шеңберек атып, барып-барып тарс етер де жарылар. Зардабын халық тартады, әрине. Кешегі сенген құдайы бір сәтте жоқ... Сонда не болар... Адамзаттың құдайсыз өмір сүрген, құдайсыз өмір сүрсе де сенімсіз өмір сүрген кезі болған емес... Болмас та... Сонда деймін-ау, қазақтың енді шықпаған шала жанын ислам фанатизмі шығара ма деп ойлаймын. Біздің дүмше түсінігіміз ұлттық қадір-қасиеттің қалған жұқанасын шайып кетуі әбден кәдік. Сондықтан, құранды өзің сияқты көзі қарақты біреу аударса деп едім. Көрсін халық, білсін мұның не кітап екенін...».

 

21.01.80.


 

Африкан Андреевич Бальбұров бұйраттың (бұряттың) халық жазушысы:

- Егер, сен алыс сапардан оралсаң,  сол сапарыңнан мол қазына әкелсең, сен сәтті сапарыңның қуанышын жақын-жуықтарыңмен бөлісіп, бір той жаса. Егер, сен сол алыс сапардан ақылды өсиет әкелсең, онда ауыл-аймағыңды жинап, екі той жаса. Ал, егер, сен алыс сапардан дос тауып келсең, онда бүкіл еліңді жинап, дүрілдетіп тұрып үш той жаса, – дейді бұйрат даналығы. Сондай-ақ, мен алыстағы қазақ елінен Ебней сияқты асыл дос таптым, Бұл менің елімнің дәстүрі бойынша ең зор қуаныш.

Африкан Андреевич бұл сөзді шыншылдықпен толқи отырып айтты.

Африкан Андреевичтің бұйрат даналығы деп айтқан мына сөзі де есімде.

- Егер, - дейді, - сен алыс сапарға аттанар болсаң, жат елдің алдымен әйелдеріне назар аудар. Егер, әйелдері көңілсіз болса, ол елдің от басында қызық жоқ. Сонан соң, қарттарына назар аудар. Егер, қарттар қамқорлықсыз болса, ол елдің басында қайғы болғаны. Ал, егер, балалары панасыз-бассыз болса, онда ол елдің болашағы болмағаны...

 

2.06.80.


 

Диалог:

- Тіл мен ойдың қандай айырмашылығы бар?

- Меніңше, ой дегеніміз адам атаулыға ортақ қасиет. Әр қоғамда, әрбір ортада    тарихи-әлеуметтік даму деңгейіне орай адамдардың ой-санасы көрініс табады, ал тіл болса сол ойды жеткізуші ғана.

- Тіл ойды сыртқа шығарушы ғана емес, сол ойды қабылдауда да бірден-бір қажеттілік қой.

- Әрине.

- Демек тіл мен ойды бөліп-жарып қарау – орынсыз жіктеу емес пе?

- Жоқ, меніңше шындық солай, ой адамзаттық дамудың ортақ игілігі бола алады ғой. Ал тіл белгілі бір өңірде ғұмыр кешкен тайпаның, жұрттың, ұлыстың, ұлттың ғана қарым-қатынас құралы. Ойды бір құрлықтан екінші құрлыққа қөшіруге болады, тілді көшіру мүмкін емес. Не маман аудармашы бару керек, не сол тілде сөйлейтін әлеуметтік топ бару керек. Оның өзінде де барған ортасында тарихи-әлеуметтік қажеттілік болмаса, әлгі топпен бірге тілі де қоса өледі.

- Ал осы ойдың төркіні белгілі бір ұлт үшін тіл басты белгі бола алмайды деген ойдың төбесін көрсетпей ме?

- О, бұл мейлінше нәзік, мейлінше мәнді айырмашылығы бар мәселе. Біздің сөзіміз ой мен тіл жайында басталды ғой. Ал, тіл мен ұлт түбірінен бөлек әңгіменің арқауы. Қысқаша елестетіп көрелік. Алғашқы қауымдық құрылыстан бергі кезеңге ой көзін жіберіп көріңіз. Адамзат баласының үнемі тәжірибе жинақтап, үнемі шыңдалып, үнемі ақылы толысып келе жатқанын көресің. Демек, бүкіладамзаттық ақыл-ойдың үнемі толысу үстінде екеніне күмән жоқ.

Ал, енді, алғашқы қауымдық құрылыстан бергі ұлтқа, оның тіліне қатысты тарихи айғақтарға зер салшы. Азуын айға білеген шумер тілі, латын тілі, майя тілі қазір өлі тіл емес пе. Сол тілмен бірге сол халықтар да тарихи айғақ ретінде ғана аталып өтеді. Рас, ол тілдердің біраз сөздері түрлі халықтардың ауызында күні бүгінге дейін жаңғырығып жүр. Рас, сол тілде сөйлеген халықтардың үрім-бұтағы басқа халықтардың түр-түсіне өз нышанын дарытып кеткен. Бірақ, сол халықтардың өзі жоқ қой. Олардың жоғалуына соғыстан да, аштықтан да, індеттен де, геноцидтен де бұрын қатты ықпал еткен тілдің жойылуы.

Түйін ой мынаған саяды, ұлт пен тілді бөліп қарауға болмайды. Бұл екеуінің бірінсіз бірі жоқ. Рас, ұлттың тілден басқа да түрлі белгі-бедерлері бар. Сөйте тұра, тілсіз ұлтты елестету – алдамшылықты, белгілі бір үстем саясаттың шашбауын көтерушілікті пайымдатады.

 

30.09.81.


 

Бұғы өсірушінің сөзі: «Тундраның өндірілген алтынынан жүздеген алтын бұғы құйып шығаруға болар-ау. Алайда, осынау қыруар байлықты жұмсау арқылы жалғыз ғана тірі бұғыны дүниеге келтіру мүмкін емес».

 

11.11.81.


 

Азат Индияның Қызыл фортының үстінен 1947 жылдың 15 тамызы күні алаулай көтерілген туда «чакр» (шығыр) – дөңгелек суреті бейнеленген еді. Әрине, дөңгелек айналу үшін жаралған. Айналған дөңгелектің діңгексіз болмайтыны тағы да белгілі. Бұл бейнелі нышанның (символдың) айтар ойы да айқын. Дөңгелек заулап өтіп жатқан уақыттың нышаны болса, қозғалыссыз тұрған діңгек – өмірдің өзгермес асыл қасиеті. Асыл қасиетке деген талғам да өзгермейді. Ол өзгерсе дөңгелек айналысынан жаңылады немесе тоқтайды. Ал, асыл қасиет өмірдегі мейірім, сұлулық, махаббат – бұлар өмірдің тозбас асылдары. Адамзат әулеті осы асылдарды тірек етеді, осы асылдарға талпынады.

Индия туындағы «чакр» бейнесінің философиялық мәні осындай. Өмір дөңгелегі мәңгі айнала бермек.

 

29.11.81.


 

«Индейцы племени сиу, охотясь на бизонов, убивали ровно столько животных, сколько было необходимо для обеспечения племени мясом. Белые же убивали их только ради шкуры, а иногда чтобы добыть лишь язык этого животного. «Такое может делать только сумасшедший», - говорили индейцы»  (Уильям О.Дуглас. Трехсотлетняя война. – Москва, 1975. 19-бет).

 

5.03.82.


 

Тереземнің тұсынан жеті түнде мас біреулер азан-қазан болып «Ой, мороз» әнін айтып өтті. Үндері «маған не істейсің»  дегендей өктем...

Көңілім құлазып, берекем кетті. Көкейдегі өткен өмірдің әдемі суреттері де шәт-шәлекей болды. Бесікке таңылған баладай дәрменсіздік жанымды жайлап алды. Бала шыңғырып жылар еді ғой. Мен жылай да алмаймын...

 

11.08.82.


 

Н.М.Карамзин өмір сүрген заманда өлең шығарушылардан гөрі орта дәулетті ақсүйекті (вельможа) әлдеқайда мәртебелі санаған. Тіптен, Пушкин өмір сүрген кездің өзінде ақсүйек-аристократтар әдебиетшіге менменси қараған.

Ал Бұқар, Сүйінбай сияқты далалық ақындарды Абылай, Тезек сияқты өз заманының хан-төрелері аттан қолтықтап түсіріп, төрінен орын берген.

Мұның сыры, сол елдердің сауаттылығында немесе сауатсыздығында, мәдениеттілігінде немесе мәдениетсіздігінде емес. Тұтас бір халықтың мәдени-рухани қалпына байланысты болса керек, салт-дәстүрдің даралығына қатысты болса керек. Мәдениеттілік келісім шарттарына қол қоя білумен өлшенбейді. Кісімшіл сөзді қағазға жазып, кісәпір мінез танытатын «мәдениеттің» ізі тарихта қан-жоса болып жатыр.

 

6.08.83.


 

Жерден бауырын көтерген адамзат әулеті өзін-өзі тануға талпынуын бір сәт тоқтатқан емес. Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, ақ пен қараның, жер мен көктің кереғарлығы сияқты, таным жолында да даналық пен шалалық, махаббат пен ғадауат мәңгілік текетірес күй кешіп келеді. Сөз жоқ, көзді ашып, көкірекке сенім ұялатқан талай-талай тарихи кезеңдер адамзат әулетінің басынан өтті. Өмірдің мәні мен сәні, адам құдіреттің тарихи-әлеуметтік болмысы сараланып, талай шындықтың шалғайына қол тиді. Әрбір кез-кезең өзіндік сыр-сипатын көлденең тартады. Адам мен адам, адам мен қоғам, адам мен адамзат туралы әр уақыттың өзі шешер түйіндер бар. Әр кез-кезеңде уақыттың өзі тудырар махаббат пен ғадауаттың, даналық пен шалалықтың бітіспес күресі бар.

 

5.10.83.


 

...Өнер тарихында небір қайран қаларлық мысалдардың бар екені белгілі. Солардың ішінде жазушылардың жас мөлшеріне қарай әртүрлі қажыр-қайрат танытатыны туралы деректер еске түседі. М.Шолохов өзінің ең айтулы еңбегін жиырманың ішінде жазды. Ал Ілияс Есенберлиннің алғашқы кітабы қателеспесем елу бесінде жарық көрді. Ол жасының ұлғайғанына қарамастан аз ғана уақыт ішінде соңғы мың жылдық тарихымыздың көркем шежіресін жасады.

Отызыншы жылдардағы асыра сілтеуден туған қуғын-сүргіннен кейін қазақ халқы өзінің тарихы туралы сөйлеуден қалып еді. Бұл үнсіздік, үрейге толы үнсіздік бір-екі ұрпақтың өміріне ұласқанда халық жаппай мәңгүрттене бастаған. Ол мәңгүрттік өзінің марғаулығымен халықты ұйқысы ашылмағандай бей-жайлық күйіне түсірген-ді. Осы халдегі қазақты Ілияс түртіп оятып, өткеніне көз салуға, бүгінін сын көзімен зерделеуге, ертеңіне үмітпен қарауға баулыды. Бұл орайда Ілияс шығармашылығындай халық жүрегіне жақын тұрған өнер туындыларын 60-80 жылдары кезіктіре алмаймыз. Ілиястың көзін көргендер ғана емес, Ілияс өндіріп жаза бастаған кездегі қазақ әдебиеті бақытты. Өйткені, Ілияс қаламының қарымы мен өнімі, сенімі мен сапасы қазақ өнерінің қайраткерлерін жарысқа шақырғандай жұмылдырып, алуан өрістерге бағдар түзеуіне себеші болды. Өнер үшін, нағыз халықтық өнер үшін шын бақытты кезеңдер осындай сәттер болса керек.

 

15.06.84.


 

Маған Мұхтар Әуезов халқының асыл қазынасын қоржынына сықай теңдеп алып, кең дүниеге, сыртқы әлемге таныту үшін сапар шеккен жиһанкез сияқты әсер береді.

Ал Олжас Сүлейменов болса әр қиырдан тапқанын арып-ашып туған жеріне тасыған арбакеш сияқты әсер береді.

 

30.07.84.


 

Гогентоттар арасында болған бір миссионер сол гогентоттың бір өкілін христиан дініне енгізген соң былай деп сұрақ қояды:

- Зұлымдық дегеннің не екенін білесің бе?

- Білемін, -  дейді гогентот, -  егер зұлыстар менің өгізімді алып кетсе, ол – зұлымдық.

- Ал, мейірімнің не екенін білесің бе?

- Білемін, - дейді тағы да гогентот, - егер зұлыстың өгізін мен әкетсем, бұл мейірім болуға тиіс.

 

13.03.85.


 

Бізде былай. Егер, сен еуропалықтарға ұқсамасаң «жабайысың», ұқсасаң «мәдениеттісің». Міне, біздің тарихи-мәдени болмысымыз әзірше осылайша анықталуда. Жұртшылық осынау зердесіздікті өмірлік талғам-танымына бағдаршы етіп отыр.

Данышпан Шоқан ұлттың өсіп-өрбуіне екі жағдай қажет деп еді-ау. Онысы – азаттық пен білім болатын. Қолдағысы қайсы, жолдағысы қайсы белгілі ғой...

 

20.07.85.


 

Шешей сөз арасында көршісіне «аталарымыз – құрдас, аруақтарымыз – жолдас еді»  деп отыр екен.

 

25.10.85.


 

 «Әйелің жаман болса – бұрынырақ сыбыр қыл,

Әйелің жақсы болса – ат үстінен дүбір қыл».

 

25.11.85.


 

Таным жолы түнектен жарыққа қарай жылжумен келеді. Бұл үрдістің кері болатын кездері де бар. Оның себебі әр алуан: сыртқы дүлей күштің әсері, ішкі кембағал-кеңкелестік, тосын зобалаңдар (індет, жұт, табиғат апаттары т. б.). Осылардың ішінде халық санасының өресіздігі, кемқадам ой-ниеттің әуезе болуы ұлттың тарихи тағдырындағы қасіреттің зоры.

Біз қазір тарихтың тағдыр-талайымызға жазған ең бір күрделі кезеңіне шықтық. Бұл кезең халқымызды бір сападан екінші сапаға көшіретін өткел сияқты. Халқымыздың мыңдаған жылдық тарихи тәжірибесін, мәдени-рухани қазынасын қаншалықты шалымдылықпен өткелектен өткізе алсақ, біздің болашақ дамуымыз сол деңгейден көрініс табады. Бұл ретте, қазақ халқы үшін XX ғасыр ең сыны мол ғасыр болып отыр. Сол сынның ең зоры мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тіліміз бен ділімізді, дәстүріміз бен мәдениетімізді алдағы ғасырлар керуеніне ілестіру. Кедергі көп, жол ауыр. Осы орайда өз ішімізде жүрген ойы жат, талғамы бөлек, танымы бөтен әлеуметтік лектің қаулап келе жатқаны алаңдатады. Олар өз асылын танымай, өзгенің талғамын тәу етіп, танымын пір тұтады. Бұл саладағы тындырар істердің мәнділігі соншалық, мұны республикамыздағы ағартушылық жұмыстардың ең өзектісі деседе болғандай.

 

9.12.85.


 

Қоғамдық-әлеуметтік құрылым мен тарихи талғамды былай елестетуге де болады:

социализмде: адам – жанұяға (семьяға), жанұя – ұжымға (коллективке), ұжым – қоғамға тәуелді;

капитализмде: адамға – жанұя, жанұяға – ұжым,  ұжымға – қоғам тәуелді;

көшпелілерде: адам – жанұя – ұжым – қоғам бәрі тең, бір ұғым.

 

10.07.87.


 

Қайрат Байбосыновқа жолықтым. Шымкент облысынан гастрольдық сапардан келіпті. Құр сүлдері. Әбден торығып, өнерді, әнді жаны түршіге сөз етті. Қырық градус ыстықта шапан киіп тұрып ел алдында ән айтуға мәжбүр болған күйіне пүшаймандық білдірді. Ең сұмдығы тыңдаушыны да жергілікті басшылар зорлап әкеліп, қапырық залға қамаған. Қайрат та, тыңдаушы да өнердің емес, жоспардың тұзағына түскен.

Қайрат «өнерді тастаймын, енді шыдамым бітті, кез келген басқа жұмысқа ауысамын»  деді. Жүрегім қан жылағандай болды.

Жұмысқа келе салып, консерваторияның деканына телефон соқтым. Ондағы ойым консерваторияға биыл тұңғыш рет халықтық үлгіде ән айтатын балалар қабылдайтынын естіп едім. Соларға Қайрат сабақ бермегенде кім сабақ береді деген ой еді.

Сырымды айтамын деп, қасірет жамап алғандай болдым. Ғылым кандидаты, консерваторияда қазақ ән-күйінің тағдырына жауап беріп жүрген деканның ойынша, Қайрат дәстүрлі үлгіде ән айта алмайды екен; дәстүрлі үлгіде домбыра тарта алмайды екен; Қайраттың бойындағы өнер эстрадалық сипаттағы еліктеу-солықтау ғана көрінеді...

Ой, сұмдық-ай!

 

19.09.87.


 

Қазір адамдар өзінің өзгеге ұқсамайтынын, оқшаулығын мәртебе санайды. Қайтсем өзгеден артық ақша табамын деп, артық киінемін деп, артық тамақтанамын деп, артық қызметте боламын деп, артық дүние жинаймын деп, бар арман-аңсарын соған арнайды. Мұның өзі адамдар арасындағы мейірімді, тілеулестікті, ортақшылдықты жоғалтып, оның орынына бәсеке-бақастықты, күншілдікті, іштарлықты, қатыгездікті қоздырып отыр. Өзімшілдік адамдардың ақыл-санасына тек қана жамандық ұрығын себуде.

Мұндай нәубеттің себебі көп. Соның бірі, бәлкім ең бастысы, ұлттардың мыйдай араласып кетуінен болып отыр. Нәтижесінде араласқа түскен ұлттардың ұлттық біртұтас идеалы көмескі тартуда. Әсіресе, ХІХ-ХХ ғасырлардағы жойқын экспансиялар өзінің антигуманистік нәтижелерін көрсетуде. Жұмыр жердін барша игілігі санаулы ғана билеуші ұлттардың еншісіне айналып, солардың этникалық қалыбы эталон болуда. Планетаның асты-үстін қомағай обырлықпен сорған санаулы ұлттар өздерінің зорлықшыл пығылын «достық», «әділдік», «азаттық», «жаңғыру», «адам құқы», «мәдениеттендіру» деген жасанды ұрандармен бүркемелеп, тұтас халықтардың санасына шабуыл жасалуда. Мұндай ортадағы адамдар іштей түңіліп, өздерін ұлттың бөлшегі ретінде сезінуін қойып, енді ондайлар жеке басының қамын күйттеуге көше бастаған. Былайша айтқанда, XX ғасырдың әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени аласапыраны (катаклизм) адамдардың қара басын қорғау инстинктін бірінші кезекке қайта шығарды. Ал, кісілік, достық, әділдік, көпшіл болу, сөзге тоқтау, сұлулықты сүю сияқты адамға лайықты қасиеттер екінші кезекке ығысуда.

 

18.10.87.


 

Қазір дүниеге келген өнерді алдымен жоғарғы жақ сұрыптайды. Яғни, алдымен ресми орын мақұлдайды немесе тәрік етеді. Рухани қазынаны таңдауға халықтың өзі қатыспайды. Халық тек тұтынады. Мұның өзі түптеп келгенде бір ғана адамның немесе бір ғана мекеменің талғамы жаратқан өнердің жұртшылыққа зорлап таңылуымен пара-пар тәртіп. Жеке басшының немесе әмірі күшті мекеменің талғамы бойынша мақұлданған кітаптар, кинолар, спектакльдер, үнтабақтар, эстрадалық концерттер, демалыс орындарының рухани бағдарламалары, елді мекендердің архитектурасы мен безендірулері, салтанатты той рәсімдері т.б. қалың жұртшылықтың рухани игілігіне ұсынылады. Ал, сол қалың бұқара өзінен-өзі тұтынушылық орында болады да, тым болмаса таңдау функциясының өзі бұйырмайды.

 

13.11.87.


 

Аль-Бирунидің «Үнді» атты еңбегінде тағлымды тәмсілдер көп. Бір данышпаннан бірде неге осы ғалымдар байлардың табалдырығын тоздырып, ал байлар ғалымның босағасын аттаудан қашады деп сұраса керек. Сонда данышпан былай деп жауап беріпті дейді: «Себебі, ғалымдар ақшаның парқын біледі, ал байлар ғылымның парқын бажайлай алмайды».

 

10.01.88.


 

Әр кездің бір «ұраны» болған ғой. Бола да берер... Қазір «қайта құру»  дегенді ұран етіп жүр. Бұл да таза абстракциялық ұғым деңгейінде. Бұрын астық орылып, мал төлдемегендей, биылғы орылған астық пен төлдеген малды «қайта құрудың» («перестройка»)  қанжығасына бөктергеннен не ұттық?

 

24.04.88.


 

Мәдениет әрі киелі, әрі шамшыл құбылыс. Мәдениеттің қақпасын тарс жауып алсаң, онда тұншықтырып өлтіресің. Ал, қақпасын айқара ашып тастасаң кешікпей-ақ оны төлтума сипатынан айыру арқылы өлтіресің. Демек, мәдениеттің тізгінін ұдайы ұлтын өзінің ұстап отыруы және тепе-тең ұстап отыруы оның өміршеңдігінің кепілі.

 

25.06.88.


 

Батыс пен шығыс елдеріндегі ортағасырлық оянулар (ренессанс), ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы Ресейдің сілкінісі ең алдымен аударма еңбектерге қарыздар. Аударма еңбектер арқылы бір құрлықтан екінші құрлыққа, бір елден екінші елге ғажайып идеялар мен таным-түсініктер ауысып отырады. Мұның өзі өмір жаңғыртудың бірден-бір тетігі еді.

...Жапония өзге ел студенттерінің диплом жұмыстарына дейін ден қойып отырады екен. Нәтижесі белгілі...

Бізде ше?! Бізде осы уақытқа дейін әлем мойындаған классикалық ғылыми еңбектердің бірде-бірі қазақша сөйлеген емес.

 

23.07.88.


 

Жазушылар Одағының кезекті пленумы болып өтті. Заман азды, талғам тозды деп айтуға ауыз бармайды. Бірақ, әңгіменің мейлінше ұсақтап, жер бауырлап кеткеніне пұшайман боласың. Мойын созып, өңеш жыртып, өңмеңдеп сөйлеген сөздері тұрмыс-тіршіліктің күйбеңінен аспады. Біреуге үй, біреуге күй керек, біреу артық, біреу кем асапты... Өсірмейтін өнімсіз дау...

 

10.08.88.


 

Барша оқыту, ұйымдастыру, өндіру, насихаттау, басқару жүйелері де бетімен кеткен. «Ит жоқта шошқа үреді қораға, би жоқта құл жүреді жораға» дегеннің кебі келген.

 

31.08.88.


 

Неге, скиф өнері шегіне жете ширығып тұр? Неге, оғыз-қыпшақ заманының мұралары мифтік философиямен өрілген? Неге, ноғайлы заманы эпикалық кең құлашты туындылар берді? Неге, қазақ халқы дербес хандық құрған ғасырларда ақындары аузын ашса аталы сөз айтып, елдің қамы мен жұрттың жайын таусыла сөз етті? Неге XIX ғасырдың 20-70 жылдары арасында лақ етіп ұлы тұлғалар дүниеге келді? Неге, XX ғасырдың өнбойында қобыз бен домбырадан дәстүрлі үлгіде жарытып күй тумай қойды? Неге, XX ғасырдың басында өз болмысына топырақ шашқан, өмірдің өңін айналдырып өлең шығарған шала-жаңсар халық ақындары жауын құртындай қаптап кетті? Неге, 20-50-жылдар әдебиеті бір қалыптан шыққандай? Неге, 40-60-жылдары аса зарлы әндер туады? Неге, 70-жылдары Шәмші Қалдаяқов бастаған композиторлар махаббатты өбектеген балдай тәтті әндерді тасқындатты? Неге, бұл дәстүр 80-жылдары пышақ кесті тыйылып, оның орынына батыстың музыкалық үрдісі бел алды? Неге, қазақтың бейнелеу өнерінен дүние жүзіңдегі сан сала ағымдардың әсер-ықпалын аңғаруға болады?

...Тарих дегеннің өзі өткен туралы ғылым ғой. Ал, өткен өмір ұзаған сайын кітаби айғақ молайып, өмірлік айғақ азая береді. Көз көрген жанды куәлардың өмірі тарих үшін қас қағымдай ғана қысқа. Осы орайда, кітаптардан қорытып жасаған кітаби ғылымның қателігін түзету мейлінше қиынға соғады. Мәселен, кітап дерегіне сүйенуі де дұрыс, сол деректер бойынша ой қорытуы да дұрыс сияқты. Бірақ, сөз етіп отырған уақытының шындығына, сөз болып отырған обьектісіне кітаби тұжырымы тәнік (аналог) емес. Кітаби тұжырымның жаңсақтығын тексеру мүмкін емес, ол заман келмеске кеткен, ол заман адамдарының сүйегі әлде қашан құрап қалған.

 

4.01.89.


 

Москва теледидары берген «Тайға әуендері» атты хабарға көзім түсті. Солтүстігіміздегі саны аз халықтардың бүгінгі этнографиялық болмысын көрсетуді ниет етіпті.

Ұлттық киім киген жас қыздарды көрсетті. Мектеп қабырғасындағы ансамбль мүшелері болу керек. Киімдерінің түсі, қаптырма оюлары жап-жақсы. Журналист сұрақ қойды:

- Мына киімді тігуді шешелерің үйретті ме?

- Жоқ, мұғаліміміз үйретті, - деп жауап берді оқушылар.

Ел ішіндегі соңғы бақсылардың бірін көрсетті. Есімі Надежда көрінеді. Сонан соң, бір қарапайым мұражай (музей) қызыметкерін көрсетті. Мұражай мүліктері мейлінше жұпыны: бақсының тозған киімдері, үй шаруасының мүліктері, музыкалық аспаптар...

- Мына музыкалық аспаптар қазір қолданыла ма? - деп сұрады журналист.

- Жоқ, күнделікті өмірде қолданылмайды. Тек белгілі бір науқанға орай, облыс орталығына немесе Москваға барғанда ғана жаттығу жасап, бірер ән-әуен дайындайды.

- Төл тілдеріңіздің жайы қалай?

- Қазір біздің төл тіліміз ұмытылып, орыс тілі ана тіліміз болды, - деп жауап берді мұражай қызыметкері.

 

...Бір ұлттың өнері таза күйінде, өзгеріссіз еш уақытта екінші бір ұлттың рухани қазынасы бола алмайды.

 

30.12.89.


 

Жайық Бектұров жаңа жылмен былай құттықтайды: «Ай көріп, аман көріп, қилы-қилы заман көріп, өларада амал көріп жатырмыз. Қарағай басын шортан шалып, көк егінді көк шегіртке орып, өзен-көлді су аяғы құрдым сорып, достар қас болысып, кәрілер жас болысып, қара көже ас болып, жүрек тас болып кетпесе екен!».

 

7.06.90.


 

Қалай десек те, суреткер қиялынан туған көркем шығарма дүниені өзгертуге келгенде ең дәрменсіз тірліктердің бірі болып қала береді. Бейнелеп айтсақ, көркем шығарма – қарыны ашқан балаға тамақ берудің орынына ойыншық бергендей ғана гәп.

 

8.06.90.


 

Көшпелілер өнерінің ең мәнді қасиеті халық болмысымен біте қайнасып жатуында. Көшпелілер өнері – көшпелілер өмір-салтының көрінісі. Сондықтан да, шегіне жеткен демократияшыл сипатымен дараланады. Көшпелілер қоғамында өнер бұқара халықтың өмір сүру тәсілі болғандықтан, өнердің парқын бұқара халық терең танып-түсінетін болғандықтан біртуар дарындарын іріктеуге келгенде әсте қателеспейді. Сондықтан да, шын дарындардың беделі көшпелілер арасында патшадан да, байдан да әлдеқайда жоғары тұрады.

 

28.11.90:


 

Біреу жазыпты: «Қазақ амандасқанда «Мал-жан аман ба?» - дейді, себебі адамнан бұрын малдың қамын көбірек ойлаған» - деп. Мұндай ойды кезінде Шоқан Уәлиханов та емеурін еткен. Біздіңше бұл амандасуда мал мен адам еш өрелесіп тұрған жоқ. Бар болғаны тіліміздегі фонетикалық үндестікті сақтауға негізделген заңдылық қана. Мәселен, «ақпан-қаңтар» дейді. Сонда, қаңтардың ақпаннан бұрын келетін ай екенін білмей айтып тұрған жоқ. Бұл жерде, фонетика сұлулыққа, сөз ағымының мінсіз айтылуына бағынып тұр. Сол сияқты, «тай-құлындай тебіскен»  деген тіркес бар. Мұнда да жылқының алдымен құлын, сонсоң тай, сонсоң құнан болатынын білмей тұрған жоқ. Тағы да сол сұлулыққа бас игендіктен.

 

25.02.91.


 

Әйгілі Л.Н.Толстойдың жүз томдық мұрасындағы ғылыми тұжырым, дәлірек айтсақ моральдық-этикалық тұжырым «зұлымдыққа қарсыласпа» деген бір-ақ ауыз сөздің аясына сияр еді.

 

10.12.91.


 

Түрік ойшылы Зия Гөкалп былай депті: «Ірі ұлттардың әрқайсысы әлемдік өркениеттің белгілі бір саласында алдыңғы орындарға ие: ежелгі гректер – эстетикада, римдіктер – хұқықта, еврейлер мен арабтар – дінде, француздар - әдебиетте, ағылшындар – экономикада, немістер – музыка мен метафизикада, ал түркілер – адамгершілік тәрбиесінде (нравственность)».

 

16.12.91.


 

Азаттық!!!

О, Тәңірім, ұзағынан сүйіндіргей!

 

2-том. «Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау». Төртінші тарау. 104. Сал-серілер.

 

Жаңарқаны жайлаған орта жүз қарпық руының ішінде тоқа дейтін ел бар. Бұл руды, қадірлі  шешелерінің атын қосып, «Енең тоқасы» деп те атайды. С. Сейфуллин осы рудан.

Сол, Енең тоқасынан шыққан Шоң Қарағаш болысына 30 жыл болыс болыпты. Ол орысша инженерлік жоғары білім алған, Ақтау дуанына жер аударылған революционер орыстан білім алған,  сауатты адам болған. Шоңның еркелеткен сал-серісі, биі Есбергенұлы Төлебай сал екен.  Ел ішінде «Төкім сал» деген атпен белгілі. Төлебайдың руы  тама, тоқаларға  сіңісті болған.

Шоң 30 жыл болыс болған соң, болыстықты баласы Оспанға береді. Оспан зорлықшыл екен. Бірде ел арасының мал дауын шешкенде, Оспан Төлебайдың сиырын даушыға беріп жібереді.

Төлебай бұған өкпелеп Шоңның үйіне кірмей қояды. Шоңның  бәйбішесі Айымгүл деген қадірлі, есті  әйел екен:

- Төкім сал неге көрінбейді, өлі ме тірі ме?! - деп мазасыздана береді. Содан, Шоң Төкім салды шақыртады.  Сонда, Төлебай айтты дейді:

- Бір ақсұңқар құс бар еді, оның соңында жапалақ құс жүретін.  Ақ сұңқардың тепкен жемін жапалақ азық етуші еді. Ақ сұңқар алтын тұғырдан түсті.  Оның орнына қанды көз қара мінді.  Жапалаққа түк те  бұйырмайтын болды, - депті.

 Сонда, Шоң Оспанды шақырып алып,  Төкім салдың сиырын  мойнына қосақ,  артына тіркеуімен қайыртыпты».

«Бір кедей бұта түбінен құрттаған қой тауып алады. Соны мал етеді.  Арада 2-3 жыл өткенде  бір бай әлгі кедейден қойын даулап, өсімімен алған екен. Кедей байғұс осы гәпті Төлебайға айтады. Төлебай Шоңға келіп:

 - Жейтін кісі өзі біледі,

Арам бидің көзі күледі.

Жақсының жанындағы адам  шошқадай қорсылдап, иттей үреді, бұл не?! - депті. 

Сонда, малын зорлықпен қайырып алған бай: 

- Осындай қисық сөзін қою үшін Төлебай не алады екен, - деп жақтырмапты.

- Төкім сал дегенін алады, айтқаны болады! - депті Шоң.

Кедейге қой қайтарылыпты.

 

2-том. «Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау». Төртінші тарау. 105. Сәйгүлік.

 

Бірде Қарағандыда ат спорты бойынша облыстық спартакиада болған еді. Спартакиаданы өткізу үшін Жаңарқа ауданының жерінен Бәйгетөбе деп аталатын бір қолайлы орын таңдаған екен. Осынау облыс көлемінде өтетін жарысқа біз де жеттік.

Жарыс басталады деген күннің таңы еді, «Сен не білдің, Жезді ауданының «Ұлытау» кеңшарынан Тай Тілегенов деген ақсақал келіпті, тамыршыдай тап басатын сыншы атбегі көрінеді» деген сөз тойға жиналғандарды елең еткізді.

Кешікпей-ақ Тәкеңді ойдағы сәйгүліктер тұрған көрменің басынан кездестірдік. Жанында қара-құра халық. Тәкең жарысқа қосылатын аттарды аралап келе жатыр екен.

- Не айтты? Қай атты мақтады? - деп қасына еріп жүргендерден тағатсыздана сұрап едік:

- Әзір тіс жарып ештеңе деген жоқ, сірә көңілі толмай келе жатыр ғой деймін, - деген жауап естідік.

Кешікпей-ақ Тәкең Қарқаралыдан келген Торықасқа аттың жаныңа келді де, әрі-бері қарап тұрып:

- Осы тұрғанда менен озатын ат жоқ деп тұр екен, жануар. Бірақ, амал қанша, жаратуы кеміс, кем дегенде екі  тері  алынбаған. Аттың бағын  байлаған  екен, - деп қиналыс таныта бас шайқады да әрі қарай жүре берді.

Тағы да жеті-сегіз ат көрді. Бірақ, үн жоқ. Әлден уақытта, керме ішінде оқшаулау тұрған Жаңарқа ауданының «Шалқасқа» деп аталатын күрең қасқа атын көріп қалды да, жылдамырақ басып аттың қасына келді. Алды-артына шығып қарап, екі-үш рет айналып шықты. Бұл екі арада аттың иесі де келіп қалған екен. Осы кезде Тай ақсақал көңілденгендей, риза болған дауыспен тіл қатты:

- Е, бәсе, бұ күннің жылқысы азған жоқ екен, менің көзім тозған екен. Бағанадан бері көрсемші!

Жақсы лебіз Шалқасқаның иесін де елең еткізді.

- Ақсақал, бұл ат менікі еді. Анық, жылқы танысаңыз көңіліме қарамай сөйлей түсіңізші. Нансаңыз ұзатылатын қыз тәріздімін, үш күн  болды кірпік ілмегеніме, - деп Шалқасқаның иесі Тай ақсақалға өтініш етті.

- Айтайын, шырағым, айтайын, - деді Тәкең ойлы көзін аттан алмастан:

- Бұл сияқты өзін-өзі әйгілеп тұрған жануар туралы сөйлеу де бір   ғанибет. Атың алдын құтқармас, артын шалдырмас жануар екен. Жарықтықтың бағы ашылып, маңдайы жарқырап тұр ғой.

Мұнан әрі Тәкең тағы да Шалқасқаның алды-артына шықты, жағының сыртынан тісіне қол тигізіп көрді, тамағының астына, төсіне, шабына қол салып байқады, құйрығының қылта түбін ұстады, көзін ашып көріп, қабақ үстіндегі шұңқырға бармақ батырды, шашасын көтеріп, сіңірлігін сипады... Сонсоң, ойланып тұрып тағы да сөйлеп кетті.

- Атың жетіден сегізге қарайды екен, шырағым. Шешесі – қазақтың сегіз жасар қарабайыр биесі де, әкесі түрікпеннің теке жәуміт  жылқыларының бесті айғыры екен. Әттең, әкесінің қуаты шешесінің қуатымен тең болмаған. Әйтпесе, осы заманның тұлпары болар еді. Мұның жүйрік болуына бір себеп – шешесінің құрсағында еркін жатып, жетіліп туған. Ал, сырт пішініне көз салсам, қазақ армандайтын аттың мүшесі осыдан табылып жатыр. Сонсоң, бәйгеге көп қосылған ат екен, осы тұрғанда бәрін сезіп, тас түйін дайындықта тұр... Аттарды 25 шақырымға айдайды деп естідім, не керек, Шалқасқаның өнерін 40-50 шақырымға айдап көрсе ғой...

Осы кезде Шалқасқаның иесі көзіне жас алған бетінде Тәкеңнің қолын алды да:

- Ақсақал, аузыңызға май, айтқаныңыз келсін! Күнұзынғы сөзіңіздің бәрі рас, Шалқасқаны қолыңызда өскендей таратып  бердіңіз, - деп даусы  дірілдей тіл қатты.

Тәкең болса:

- Төрт аяғын тең басып тұр ғой жануар, төрт тағаным аман болса менен озар жүйрік жоқ дегені. Атың бақты болсын, шырағым, - деді де кете барды. Біз де қайран қалыстық. Ат жарысы басталғанда Тай ақсақалдың сөзі  көпшілік қауымды, әсіресе, таң етіп еді. Айтқанындай Шалқасқа 25 шақырым қашықтықтан облыс аттарының ішінде бірінші келді. Жай бірінші келген жоқ, мәреге тақағанда екпіні үдеп, жанкүйерлердің тізгінші болып алдынан мініп шыққан ұшпа аттарына да шалдырмай кетті. Біздің есімізге Тәкең айтқан 40-50 шақырым қашықтық түсті.

Екінші болып, тағы да Тай ақсақал айтқан Торықасқа келді...

 

4-том. Қазақтың ауызша тарихы. 2-тарау. Қазақтың туысқандық жүйесі.

 

Қалмақ ханы Қалдан-Серен қапысын тауып Абылай ханды қолға түсіргенде атығай руынан шыққан Жәпек батыр да бірге тұтқындалыпты.

Абылай ханның қолға түскенін естісімен Қалдан-Серен оны өзінің хан шатырына алып келуді әмір етеді. Жанында Жәпек батыры бар Абылай шатырға кіргенде Қалдан-Серен жолбарыс терісін жапқан алтын тақта отыр екен дейді. Кекке булығып жүрген қалмақ ханы Абылайды көрген бетте көзі шатынап, қаны басына теуіп: «Шарышымды өлтірген сенбісің?!» – баж-бұж етсе керек.

Біреудің алдында түрегеп тұрып жауап беруді ар санаған Абылай хан үнсіз қалады. Сол кезде Жәпек батыр: «Қалдан қалмақтың ханы болса, сен қазақтың ханысың, Абылай! Төмендеме, хан ием, менің үстіме отыр!» – деп, Абылайдың алдына тізерлей етпеттеп жата кетіп еді дейді. Сонда ғана, өзін ашуға жеңдіріп отырғанын сезген Қалдан-Серен нөкерлеріне қарап иек қағады. Нөкерлері дереу төрге күлте жал жарғақ бөстек төсейді. Абылай хан бөстекке тізе бүгіп жайғасқан соң, еңсесін тіктеп: «Шарышты, ұзында өшім, қысқада кегім болған соң өлтіргенім жоқ. Мен халқымның айтқанын орындаушы ғанамын. Онан соң, қапылыста емес, қан майданда, тіленіп шыққан жекпе-жекте өлтірдім. Мен оны өлтірмесем, ол мені өлтіретін еді. Соғыстың шарты сол емес пе еді!» – дегенде, Қалдан-Серен төмен қарап, басын изей беріпті дейді (Дерек беруші Ахмет Әбдікұлы (1881-1976), даңғайыр шежіреші, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы; Мұсатай Ғалым. Алтынның сынығы. – Қарағанды, 2004. 157-170-беттер).

Жәпек батыр туралы Шоқан Уәлиханов келтіретін дерекке жоғарыдағы шежірелік аңыз негізінен үндес. Шоқан жазбасы бойынша Абылай хан қапылыста қолға түскенде, оның жанында Жәпек батырдан басқа бірнеше биі болған. Кейін Абылай хан тұтқыннан босанғанда Жәпек батыр өз баласын аманат ретінде (кепілдікке) қалмақ қолында қалдырған. Бұл бала қалмақ қолында жүріп ерлігімен және аңшылығымен жұрт аузына ілініп, Сары-қазақ атанған (Ч.Ч. Валиханов. Собрание сочинений в пяти томах. I том. – Алматы, 1961. 221-222-беттер).

 

4-том. Қазақтың ауызша тарихы. 3-тарау. Қазақтың қария сөздері. 15. Алаш. Қазақ. Жүз.

 

Жаугершілігі мол, қатал заман болса керек. Бір әйелдің күйеуі, соңынан ерген жалғыз інісі және ержеткен баласы хан алдында ауыр қылмысқа батып, үшеуі бірдей өлім жазасына бұйырылыпты дейді. Мұны естіген байғұс әйел зар жылап хан алдына келеді, өлердегі сөзін айтып, сауға сұрайды. Әйелдің шырқырап сұраған өтініш-зарына құлақ асқан хан рахым етіп: «Жарайды, сені жалғыз қалдырмайын, сен үшін бұл үшеуінің біреуінің кінәсін кештім. Қайсысын жаныңа жақын тұтсаң, соның қол-аяғын шешіп, алып қайтуыңа рұқсат!» – депті.

Әйел ойланбастан інісінің қол-аяғын шешіп, алып шығады. Сонда, не Құдай қосқан жарын, не өзегін жарып шыққан баласын құтқарар деп ойлап отырған хан әйелдің бұл ісіне таң қалып: «Жар дегендегі жалғыз жарыңнан бұрын, бауыр етің балаңнан бұрын, түтін-тірлігі бөлек ініңді құтқарғаның қалай?» – деп, мәнісін сұрайды.

Әйел іркілместен: «Хан-ием, Құдай қосқан қосағым мен бауыр етім баламның бәрінен де қымбат екенін жақсы білемін. Жүрегім езіліп, аяғымның басына түскендей. Алайда, күйеуім мен балам бар болғанда – сүйінудің, жоқ болғанда – күйінудің не екенін біліп барып, жарық жалғанмен қоштасқалы тұр. Ал, інім болса бар болып – сүйініп, жоқ болып – күйініп көрмеген жас еді, жалғыз еді. Тәңірім рақым етсе, күйеу де, бала да болар, бірақ, бір құрсақтан шыққан бауыр табылмас!» – деген екен.

Әйелдің ақыл-парасатына тәнті болған хан сол жерде райынан қайтып, үш айыптыға да кешірім жасапты дейді (Дерек беруші Ахметхан Әбіқайұлы (1903-1986), даңғайыр шежіреші, Қостанай облысы, Торғай өңірі; М.  Ниязбеков. Біз қалай туыспыз? – Алматы, 1992. 10-11-беттер).

 

* * *


 

Қыдыр дарымай, Бақ қонбайды.

Қыдыр дарып, бақ қонған Нүрила қызға бірде түсінде әулиелердің бірі аян беріп: «Кімде-кім алғаш білегіңнен қос қолдап ұстаса, тағдыр қосқан жарың сол болады», – депті. Нүрила қыз ояна кетсе түсі екен, түс те болса ырым көріп, көкейіне түйіп алады.

Бәйдібек бидің есігінде жүрген Нүрила қыз күндердің бір күнінде қауға тартып тұрып құдыққа құлап кетіпті. Шыңырау құдықтан Нүрила қыз өз бетімен шыға алмай тұрып қалады.

Сол кезде ел аузына іліккен Бәйдібек би қанша күтуші-қызметшісі болса да, өзі мінетін атын өзі баптап, өзі суарады екен. Әдеттегідей атын суарайын деп келсе, құдық түбінде дірдектеп тұрған Нүриланы көреді. Бәйдібек би дереу қауға тастап, Нүриланы саумалдай көтеріп, жақындай бергенде білегінен қос қолдап ұстап шығарып алады. Нүрила алғысын айтып, қымсына бұрылып жөніне кетеді.

Осы жолы Бәйдібек бидің Нүрилаға көзі түсіп, көңілі ауып еді дейді. Арада біраз уақыт өтіп, Нүрила бойжеткен кезде Бәйдібек би некесін қидырып, Сарықыз бәйбіше мен Зеріптің үстіне үшінші әйелі етіп алады (Дерек беруші Рахметолла Толқынбекұлы (1914 ж.), даңғайыр шежіреші, Алматы облысы, Көксу ауданы).

 

* * *


 

Нүрила қыз Бәйдібек биге тұрмысқа шыққан соң көп кешікпей дүниеге бір ұл келеді. Есімін Тілеуберді деп қояды. Нүриланың ерекше жаралған парасат-пайымын бағалап үйленген Бәйдібек би Тілеуберді дүниеге келген соң, бұл шаңырағына одан сайын көңіл бөлетін болады.

Бәйдібек бидің Нүрилаға көңіл бөлгенін Сарықыз бәйбіше қызғанып, мінез көрсете бастайды. Нүриланы бұрынғыдай есікте жүрген күңі сияқты ұстап, орынсыз кінә тағып, тіптен қол жұмсайтын болады. Тілеуберді дүниеге келген соң, Сарықыз бәйбіше қызғанышын одан сайын үдете түседі. Ел ісімен көбінесе ат үстінде жүретін Бәйдібек бидің көзі тайса болды, Нүриланың басынан таяқ, құлағынан қаңқу кетірмейтін болып алады. Сарықыз бәйбішенің ержеткен тоғыз ұлы болса да, Бәйдібек би бар мұрасын тоқалдан туған Тілеубердіге бұйыртатындай көріп, бара-бара бесіктегі бейкүнә нәрестені қарғап-сілейтін болады. Қит етсе болды, Нүриланың қазан-ошағын шашып, әбігер етеді. Ең арғысы түн баласында да тыныштық бермей, қарамал болып үйге сүйкеніп, Нүрила мен Тілеубердіні шошытады.

Бір күні Сарықыз бәйбіше жеті түнде тұрып, қолына пышақ алып, Нүриланың үйінің сыртына келеді де, әдеттегідей қара мал болып үйді сықырлата сүйкенеді. Сонда, әбден төзім-шыдамы таусылған Нүрила: «Хайуан болсаң өрісің кеңейсін, адам болсаң мазасын алған жалғыз ұлым Тілеубердінің құзырында бол!» – деп дауыстайды. Бұл сөзді естісімен, онсыз да ашудан булығып жүрген Сарықыз бәйбіше: «Ә-ә, салдақы, енді менің үрім-бұтағыма тіл тигізейін дедің бе!» – деп, есікті бір теуіп үйге кіріп келеді де, қолындағы пышақты бесікте жатқан Тілеубердіге сермеп қалады. Қараңғыда жұмсалған пышақ бесіктегі баланың шекесіне тая тиіп, бала шар ете қалады. Жанталасқан Нүрила Сарықыз бәйбішенің екінші рет пышақ жұмсауына бөгет болып, қолындағы пышақты жұлып алады. Сол бетінде Сарықыз бәйбішенің шектен шыққан мына қылығына қатты назаланған Нүрила: «Жүзге жетпе, жүзге жетсең күзге жетпе!» – деп қарғыс айтады.

Осы бір сойқанды түнде Нүриланың аузынан шыққан екі ауыз қарғыс сөздің салқыны Сарықыз бәйбішенің балаларына тиіп еді дейді. Сарықыз бәйбішенің тоғыз ұлы тоғыз шаңырақ болып отырғанда, Балабөгеннің аңғарынан сел жүріп, ауылды шайып кетеді. Тоғыз ұлы бірдей бала-шағасымен суға қарық болады. Тек қана Байтоқты деген баласының Ұшан атты келіншегі төркіндеп кетсе керек. Сол Ұшаннан туған Сарыүйсін ғана Сарықыз бәйбішенің ұрпағын жалғайды. Бірақ, оның ұрпағы да онша өсіп-өнбейді.

Нүриланың баласы Тілеубердінің шекесіне тайып тиген Сарықыз бәйбішенің пышағынан кейін баланың жас еті тез бітіп, жазылады. Бірақ, Тілеубердінің шекесі жарық сияқты ағарып, тыртық болып бітеді. Осыған байланысты Тілеубердіні төңірегі Жарықшақ деп атап кетсе керек.

Жарықшақтан (Тілеуберді) – Албан, Суан, Дулат тарайды. Бұларды қараүйсін деп те атайды (Дерек беруші Рахметолла Толқынбекұлы (1914), даңғайыр шежіреші, Алматы облысы, Көксу ауданы).

 

* * *


 

Суан өте ірі, кеуделі адам болған екен. Ат үстінде екі тізесі аттың құлағын қағып отыратын көрінеді. Бұл алып адамды тек бөрте қызыл ат ғана көтереді екен. Жоңғарлармен көрші отырғандықтан, жылқыларына тыныштық болмапты. Бір жолы сондай бір қарбалас кезде Суан байдың жылқысын жоңғарлар айдап кетіпті. Жасы жетпіске таман келіп қалған қарт жол жүруді ауырсынып, өзі бір шатқалда қалып, өзінің басына киіп жүрген ақ қалпағын Хоңтажыға жібереді. Баратын сарбазға былай депті:

– Хоңтажыға айт: «Мынау – Суан батырдың қалпағы. Өзі келе алмады. Өзі үшін бұл қалпақ келді. Иіскесе тарқар шері», – дерсің. Хоңтажы еріксіз иіскер. Сонда оның басына бүкіл мынау Алатау құлайды, қара орман күңіренеді. Жетісудың жеті өзені басып-жаншып есін шығарады. Иіскет, қызығын көр. Бір ескертетінім: Хоңтажыға жеткенше қалпақтан айырылып қалма. Бар, жолың болсын. Әумин!» – дейді.

Көкірегі әлі басыла қоймаған сарбаз Хоңтажыға келді. Алдына келіп жүгінді. Суан батырдың айтқан сөзін бұлжытпай айтты. Хоңтажы Суанның қалпағын қолына ұстады. Ары-бері көрді. Көрді де айтты:

– Бұл өзі адам ба, мына қалпақ сұмдық қой. Мынау қалпақ па, жоқ әлде түндік пе?! – деді таңданып. Содан кейін қасиетті қалпақты иіскеді. Иіскеуі мұң екен, көзі шарасынан шықты. Езуінен су ақты. Екі қолы ербеңдей бастады. Өзінің нөкерлерінің атын атады. Үй іші қорқып, Хоңтажыға су шашты. Есі кірді. Хоңтажы есін жиып:

– Мына суан жігітінің малын тегіс қайтарыңдар. Көзі барының көзін, көзі жоғының төлеуін үш еселеп беріңдер! – деді. Сарбаз барлық малды айдап, таудың ішінде жатқан Суан батырға келді. Батыр ұйықтап жатыр екен. Оятып бар мән-жайды айтыпты. Бұлар ауылына келсе, бәйбішесінің үйі жоқ. Бәйбішесі Досбағыс, Жанбағыс деген екі ұлын алып, Тәшкеннің түбіне қарай көшіп кетіпті. Себебі: «Суан өлді, енді бізді өлтіреді», – депті. Кіші әйелі: «Суаннан жаным артық емес, Байтүгейден, Тоқарыстаннан жаным артық емес», – деп қалыпты. Ташкенді бетке алып кеткен екі баласы мен әйелін Суан іздемепті (Шежіреші Иса Дәуітұлының жазбасынан; Суан. Құрастырған Сұлтанбек Ешмұхамбетов. – Алматы, 1993. 19-20-беттер).

 

* * *


 

Бірде Бәйдібек би жанына сенімді серіктерін ертіп, сайланып шығып саят құрады. Аң-құсы жыртылып-айырылатын қалың жынысты кешіп келе жатса, гүр-р еткен жолбарыс дауысы естіледі. Бес қаруын сайланып шыққан жігіттер дереу тақым қағып, із кессе, уыздай байталды жығып, етін еңсере жеп жатқан жолбарысты көреді. Жас етке сылқия тойған жолбарысты аңшы жігіттер қаумалап жүріп соғып алады да, «үйіріңмен үш тоғыз» деп Бәйдібек бидің алдына көлденең тартады. Түз шерісіне Бәйдібек бидің де көңілі толып, жетектегі атқа өңгертеді. Аңшылықтың дәстүрі бойынша аң патшасын соққан соң, әрі қарай аң аулауды тоқтатып, ауылға бет түзейді.

Бәйдібек бастаған топ сарыала жолбарысты салақтатып бір ауылдың тұсынан өтеді. Сол кезде бұлардың соңына жаулығы желбіреген бір әйел ілеседі. Өкшелеп қалмай келе жатқан әйелді байқаған Бәйдібек тізгін тартып жөн сұрайды. Сонда әлгі әйел: «Мырзалар, айып болмаса, мына жолбарыстың бауыры мен жүрегін беріп кетсеңіздер», – дейді. Бәйдібек сөзге келместен әйелдің тілегін қабыл алып, жігіттеріне жолбарыстың жүрегі мен бауырын алдыртып бергізеді. Әйел алғысын айтып кері қайтады.

Сол жерде Бәйдібек бір жігітін жұмсап, жансыздап білдіртсе, әлгі әйел қоңырат ішіндегі Қызылби атанған Мелдебидің Тәуіркөз деген бәйбішесі екен. Жолбарыстың жүрегі мен бауырын жеп, жерігін басқаны белгілі болады.

Бұл оқиғаны Бәйдібек бір сыр көріп, көкейіне түйеді. Көп кешікпей Қызылбидің бәйбішесі Тәуіркөздің босанып, қыз тапқанын, оған Жұпар деп ат қойғанын естиді.

Содан, Тәуіркөз белін бекітіп, бала қырқынан шығып, бесікке салынған кезде Бәйдібек би барша жөн-жоралғысымен, сән-салтанатымен Қызылбидің үйіне келіп түсіп, бесік құда болғысы келетін ниетін білдіреді. Бәйдібек өзінің сұлу Зеріп деп атанған екінші әйелінен туған Жалмамбет (Жәлменде) дейтін баласына Жұпар қызды қалап, Құдай қосқан құда болғысы келетінін айтады.

Сонда, Қызылби ойланып отырып Бәйдібекке: «Бәйдібек, бұл ниетіңнің қандай себебі, нендей негізі бар?» – деп сұрапты. Бәйдібек: «Себебі де, негізі де біреу-ақ, Тәуіркөз бәйбішенің жерігін өзім қандырып, ырым көріп едім», – депті. Сонда Қызылби: «Е-е, баламның тіні менікі болғанмен, ділі сенікі екен ғой», – деп оң шырай танытыпты.

Арада он шақты жыл өткенде ата-аналарының ақ баталарын алып, Жалмамбет пен Жұпар қосылады. Бәйдібек ауылына келін болып түскен Жұпар қазақтың жанама ат қоятын дәстүрімен Мапырашты атаныпты дейді.

Кешікпей Мапырашты жүкті болып, арыстай бір ұл табады. Ауылдың дуалы ауыз бір қарты нағашы әжесінің жолбарыс жүрегіне жерік болғанын ырым көріп, баланың есімін анасы Мапыраштыға ұйқастыра Шапырашты деп қояды. Шапырашты ержүрек, батыр болып даңқы шығады.

 

* * *


 

Қоңырат тайпасының қомақты бір бөлігі өзбек халқының құрамында екені белгілі. Өзбектердің арасына кең тараған шежірелік дерек бойынша қоңырат тайпасының түп тегі Қоңырат ата (Қоңыр-би) еді дейді. Қоңырат ата бәйбішесінен төрт перзент көріп, олардың өсіп-өнген ұрпақтары сол балаларының атымен уақтаңбалы, қостаңбалы, айылды (айынлы), қанжығалы деп аталатын бір-бір атаға ұласқан. Қоңырат ата қартайған шағында тоқалынан бір ұл көріп, оны «қартайғанда Тәңірдің берген тартуы ғой» деп отырады екен. Сол себепті одан өсіп-өнген ұрпақ «Тартулы» («Тартпалы») аталып кетеді. Бұлардың бәрін жинақтап «Алпыс аталы қоңырат» деп атайды.

Алпыс аталы қоңыратты шежірешілер былай тартады:  

Уақтаңбалыдан – ашамайлы, баймақты, тарақты, шанышқылы, қазаяқты, шөмішті, қайшылы, ысқылы, қиғашты, жылантаңбалы, балғалы, қарақоңырат, боғажелі, оюлы, хандекті, ырғақты, абақты, көсеулі деп аталатын 18 ру тарайды. Бұлардың барлығын жинақтап «Он сегіз ата уақтаңбалы» деп атайды;

Қостаңбалыдан – төленгіт, тілеумет, қарақаспақ, қал, бармақ, құлабы, сауырбұзар, замбыры, құса, отырақы, құшағұр, бәндікүшік, ақпышақ, шал, мәуліш, қарақалпақ деп аталатын 16 ру тарайды. Бұлардың барлығын жинақтап «Он алты ата қостаңбалы» деп атайды;

Қанжығалыдан – ұлыс, шұлық, құйын, қарақұрсақ, малтақа, қолдаулы, қарабура, досқа, топқара, көртоғай, ноғай, желкілдек, ғәлі, қара деп аталатын 14 ру тарайды. Бұлардың барлығын жинақтап «Он төрт ата қанжығалы» деп атайды;

Айылдыдан – қауға, шұран, бесбала, топар, қашай, қарақалпақ, айтаңбалы, тоқсарай, қара, қажыбасша, түркімен-айылды, ақтана деп аталатын 12 ру тарайды. Бұлардың барлығын жинақтап «Он екі ата айылды» деп атайды;

Тартулыдан – тоғыз, мөңке, майдатоба, шопақ, абақты, ор деп аталатын 6 ру тарайды. Бұлардың барлығын жинақтап «Алты ата тартулы» деп атайды (Дерек беруші Фазыл Акбарұлы (1908 ж.), Шерабад қаласы; Б.Х. Карамышева. Очерки этнической истории южных районов Таджикистана и Узбекистана. – Москва, 1976. 86-93-беттер).

Жалпы өзбек, тәжік халықтарының арасындағы қоңырат тайпасының ішкі құрылымына, рулар құрамына ден қою арқылы, сондай-ақ, ол рулардың қазақ арасындағы көріністерін саралау арқылы қазақ халқының ұлт болып ұйысу үрдісіне қатысты мол да мазмұнды мағлұмат табуға болады. Осы тұрғыда өзбек халқының құрамындағы қоңырат тайпасы туралы жазылған кейбір зерттеу еңбектерге назар аудара кеткен жөн (Н.В. Ханыков. Описание Бухарского ханства. – СПб., 1843. 58-60-беттер; Н.Ф. Ситняковский. К генеалогической таблице узбекского рода кунград. – Известия Туркестанского отделения Русского географического общества. – VII том. – Ташкент, 1907. 28-29-беттер; Материалы по районированию Средней Азии, 1-кітап. Территория и население Бухары и Хорезма, 1-бөлім. – Бұхара-Ташкент, 1926. 175-187-беттер; Осы көрсетілген еңбек: 2-кітап, 2-бөлім. 97-98-беттер; Х.Дониеров. Узбек халкининг шажара ва шевалари. – Ташкент, 1968. 87-88-беттер; Т.Нафасов. Топонимы Кашкадарьинской области (автореф. канд. дисс.). – Ташкент, 1968; Л.К. Задыхина. Узбеки дельты Амударьи. – Труды Хорезмской археолого-этнографической экспедиции. 1 том. – Археологические и этнографические работы Хорезмской экспедиции. 1945-1948. – Москва, 1952. 338-339-беттер).

 

* * *


 

Ресейден қашқан торғауыттарды өкшелей қуған шабуылдан кейін, қазақтар ашық далада дамылдап жатса керек. Қазан көтеріліп, жылқының сүр еті асылып, торсықтардағы құрт езіліп, ұзақты күнге әл болар таңғы тамақтың ішілер кезі екен. Керіп тастаған еңселі шатыр ішінде Абылай отырады. Келесі бір шатыр арғын ішіндегі шақшақ руынан шыққан, өзімшілдігімен жұртқа мәлім Жәнібек батырдікі. Батыр насыбайын атып, ой үстінде үнсіз түнеріп отырыпты. Бір кезде қазақтың жас жігіті астындағы атын сау аяңдатып, төніп келген бетінде: «Жәнібек батыр, шақшаңыздан ауыз тигізіңіз!» – деп, ат үстінен қол созады. Мұндайға лып ете қалатын Жәнібек пе, жан-ау деп мойын бұрып қарамайды да. Қарау былай тұрсын, жақтырмаған шырай танытып, түнерген қалпында шақшасын алады да, сары сақтиян етігіне тық-тық соғып, асықпай бипаздап насыбайын атып, шақшаны қайтадан қалтасына салып қояды.

Кешікпей-ақ ханның дабылы қағылып, әр ру өздерінің белгі туларының астына жинала бастайды. Алдыға өңшең сауыт құрсанып, қарқаралы дулыға киген, садағы мен жебелі қорамсақтары салпылдаған батырлар шығып, ханды қоршай тұрысады. Жорық жолында хан кеңесі осылай құрылатын. Бір пәтуаға келген келісім бойынша, дұшпанның күші қаншалықты басым болғанымен, қазір шабуылға аттанулары керек. Ол үшін алдын ала шолғыншы шығарып, торуылдап қайтуға ебі бар жігіттер шақырылады. Осы кезде бірінші болып әлгінде Жәнібектен шақша сұрайтын жас жігіт шығады.

Жалақтап тұрған шолғыншы жігіттер кешікпей-ақ жау жатағын торуылдап қайтады. Жәнібек батыр олардан: «Жаудың қарасы қалай екен?» – деп сұрайды. Сонда, әлгі шақша сұрайтын жігіт суырылып шығып: «Көп те емес, аз да емес», – деп жауап береді.

Ұрыста тұрыс бола ма, соғыс басталып кетеді. Қалмақтар он мың болса керек. Қазақтарды жайпап, тықсырып, әрі-беріден соң, өкшелей қуып береді. Әсіресе, қара түндей түнерген, қара ат мінген қапсағай қалмақ туын желбірете қуып, қазақтарды жеткенін-жеткенінше баудай түсіріп келеді дейді. Осынау аласапыран шегіністің жуан ортасында Жәнібек те келе жатса керек. Бір мезгілде ол: «Япыр-ау, мына дүлейді тоқтататын бір қазақтың тумағаны ма!» – деп айқайды салады. Сонда, әлгі шақша сұрайтын жігіт атының ауыздығын шірей тартқан қалпы жалт бұрылып, қайқайып тұра қалады да, садағын қолға алады. Керілген адырнадан зың етіп ұшқан жебе қалмақты қалбаң еткізіп, аттан жұлып түсіреді. Алапат тегеурінмен атылған жебе одан әрі бұлыңдай ұшып, көзден ғайып болады. Оғының қалмақтан өтіп бұлыңдай ұшқанын көрген жас батыр: «Мына дүлей Құдайдың терісін жамылып алғаннан сау ма?» – деп қынжылған екен.

Туы жығылып, батыры өлген дұшпанның есі шығып, еңсесі түседі. Қазақтар осы сәтті пайдаланып, бел ала ұрыс салып, қалмақтарды түре қуып, дұшпаннан күшін асырған екен. Сонда қара атты қалмақты түсірген Байғозы батыр деп аталатын жас жігіт Жәнібек батырға жақындап келіп: «Батыр, шақшадан ауыз тиетін кез енді келді-ау деймін!» – депті.

Тарақты руынан шыққан Байғозы батыр алғаш рет осындай ерлігімен көзге түседі. Содан бастап оның есімі дүйім жұртқа әйгілі болған екен (Ш.Ш. Уәлиханов. Бес томдық таңдамалы шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы, 1961. 222-223-беттер. Аударма біздікі).

 

* * *


 

Абай мен Мәшһүр-Жүсіп бір-бірінің аты-жөніне сырттай қанық болса да, әлі жүздесіп, көріспеген кездері болса керек.

Бірде, тобықты еліне жолы түскен Мәшһүр-Жүсіп арнайы сәлем беру үшін Абай ақынның үйіне келеді. Босағадан аттай берген Мәшһүр-Жүсіпке Абай тосын сауал қойыпты:

– Ақынның даңқы өзінен қырық күн бұрын жетеді деген, атыңа қанық едім, затыңды көрейін, айтшы кәне, Құдай қайда, жұмақ пен тозақ қайда?! – деп.

Сонда Мәшһүр-Жүсіп мүдірместен:

– Абайдың Құдайы қайда екенін білмеймін. Менің Құдайым кеудемдегі жүрегімде. Ал, жұмақ пен тозақ әркімнің өз үйінде, қатының ақылды болса – жұмақ, ақымақ болса – тозақ! – деп жауап қайырыпты.

Абай есті сөзді естігеніне риза болған шыраймен: «Мәшһүр десе дегендей екенсің!» – деп, қолын алып, төрін ұсыныпты дейді (Дерек беруші Ғалымжан Мұқатұлы (1905-1976), даңғайыр шежіреші, Ақмола облысы, Ерейментау ауданы).

 

* * *


 

Шежіре бойынша Орта жүз арғын тайпасының ішіндегі іргелі рулардың бірі – тобықты. Тобықтыдан – Мұсабай, Көкше, Дадан туды. Мұсабайдан – Толымқожа (Жамантобықты), Сүйірбас, Құлық туған. Сүйірбастан – Әлі, Сары, Қожаберген туған. Осы Қожаберген қазақ пен қалмақ арасындағы соғыста қалмақтың Ұлалы деген батырының қолынан мерт болып, әйелі Таңсұлуды қалмақ батыры олжалап кетеді.

Бұл кезде Таңсұлудың аяғы ауыр екен. Қалмақ еліне келген соң, айы-күні жетіп, бір ұл бала табады. Оның атын Жапал қояды. Содан, Таңсұлу «қалмақтардың бірі көз салмасын» деп, өз танауын өзі кесіп, өңін бұзып, «пұшық күң» атанып жүреді. Сөйтіп жүріп Жапалды тәрбиелеп, өсіреді. Жапал он сегізге толғанда, сырттай көздеп жүрген бір бәйге атқа мінгізіп, елге аттандырып жібереді.

Жапал елге аман-есен жетіп, әкесінің інісі Сарыны тауып, өз әулетіне қосылады. Содан, арада біраз уақыт өткенде қапысыз дайындалып, Сары ағасы бастаған қалың қолмен қалмақ батыры Ұлалының ауылын шабады. Қалмақ арасында пенде болып жүрген Таңсұлуды құтқарып, елге алып келеді.

Бұл оқиғаны халық ақыны Шәкір Әбенов (1901-1994) «Таңшебер-Жапал» атты поэмасына арқау еткен.

 

* * *


 

Орта жүздің ашамайлы керейінен шыққан Тоқсан биді 1830 жылы Еменалы болысының биі етіп сайлайды. Тоқсан би ақыл-парасатымен ел-жұрттың құрметіне бөленеді. Бұл кез Ресей ықпалының күшейіп, отаршылдық ындынының бел алып, Қазақстанның солтүстігіндегі ел-жұрттың тынысы тарыла бастаған тұсы болса керек. Әсіресе, керей мен уақ тайпалары түрткі көріп, атамекендерінен ығыса бастайды. Ашамайлы керейдің көшебе, сибан сияқты рулары жердің жұмағындай туған жерлерін қимай, өңмеңдеген өктем орыстармен арада небір қанды қақтығыстар болады.

Осының бәрін көзі көріп, көңілі тіксінген Тоқсан би биліктен өз еркімен бас тартады. Мұны естіген керей-уақтың Есеней Естемісұлы, Тастан Меңдібайұлы, Төбей Барлыбайұлы сияқты ел қамын ойлаған игі жақсылары жиналып келіп: «Би аға, қазіргідей қысылтаяң заманда ел тағдырынан өзіңізді оқшаулап, билікті тастағаныңыз қалай?! Көп болып сауға сұрай келдік, райыңыздан қайтыңыз!» – дейді.

Сонда, Тоқсан би:

– Уа, ағайын, мен би болған соң халқыма пайдам тие ме деп едім. Бақсам, жақсы би болу үшін, алдымен, патша жандаралдарының көңілін табуым керек екен. Олардың көңілін табу үшін би басыммен халқымды өзім қорлап, өзім зорлап, өзім тонауым керек екен. Бұлай би болғанша, бордай тозсам етті! Бұрынғыдан қалған аталы сөз бар, «Аққумен істес болсаң – көңілің пәк болады, қаршығамен істес болсаң – тамағың тоқ болады, қарғамен істес болсаң – шоқығаның боқ болады» деген. Енді қалған ғұмырымда озбыр орыспен істес болып, боқ шоқымай-ақ өтейін. Осы сөздің дұрыстығына көзім жетіп, билікті тастап отырмын!» – деген екен (Дерек беруші Сермағамбет қажы Сейітахметұлы (1925), даңғайыр шежіреші, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы; Қ. Мұқанов, С. Жұмабаев. Бір әулеттің тарихы. – Петропавл, 2003. 26-бет).

 

* * *


 

Орта жүз найман ішіндегі бағаналы руы негізінен Ұлытау төңірегіне қоныстанған. Сол бағаналыларды ұйыстырып, ел етуге көп қажыр-қайрат жұмсаған төрт адамның есімі ұрпақтарының арасында күні бүгінге дейін зор құрметпен аталып, «Бағаналының төрт босағасы» деп отырады. Олар: Кәдір би, Сандыбай батыр, Бабыр әулие және Шегір шешен.

Осылардың ішінде Сандыбай (1740-1815) ерекше батырлығымен аты шыққан адам. Оның әкесі Төлек батырдың қартайған шағы болса керек. Бағаналы Барлыбай елге иелік етіп тұрған кезінде, қалмақтан кек қайтару үшін қалың қол жинап жорыққа аттаныпты. Осы көппен бірге он алты жасар Сандыбай да жасырын аттанып кетіпті. Мұны естіген Төлек батыр артынан қуып жетіп, баласы Сандыбайға «Қайт, әлі жассың!» – деп үш рет айтыпты. Сандыбай алған бетінен қайтпапты. Сонда баласының тоқтамасын білген Төлек: «Балам, болмадың ғой, енді қолыңды жай, батамды берейін», – депті. Төлектің сондағы берген батасы мынау еді дейді:

«Балам, жауға бармас болар,

Барса, жаудан қашпас болар.

Балам, жау қолына түспес болар,

Түссе де шынын айтпас болар.

Балам, жаудан өлмес болар,

Өлсе де адамшылық арын бермес болар.

Балам, амандығыңды Тәңірге тапсырдым,

Адамшылығыңды өзіңе тапсырдым!».

Сандыбайдың үш әйелі болған. Біріншісі – Аппақ, екіншісі – Туғанай, үшіншісі – туған ағасы Қоңырбай қайтыс болған соң алған әмеңгері Құндызай.

Сандыбай балаларының ішіндегі ең даңқтысы Ерден болған. Ерден Екінші Александрдың таққа отыру тойына барған. Шоқан Уәлиханов денсаулығына байланысты Атбасар округіне аға сұлтан болудан бас тартқан соң, бұл орынға Ерден аға сұлтан болған (1862). Ерден өз кезінде Ықылас Дүкенұлы, Сайдалы Сары Тоқа Шоңманұлы, Шөже ақын, Жанақ ақын, Орынбай ақын, Шыңғыс Уәлиханов, Мұса Шорманов, Кенесары Қасымұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ақан-сері, Досбол шешен сияқты сахараның әйгілі адамдарымен бастас, сыйлас болған.

Ерден жас кезінде нағашысы қаржас Шорманның Мұсасына сәлем бере барыпты. Қайтарда Мұса жиенін құрметтеп шығарып салып келе жатса, алдынан Шоқай би кездесіпті де, амандық-саулықтан кейін Ерденді меңзеп: «Мына сұмырай бөрік, сұп басың кім?» – депті. Мұса мән-жайды айтып, Ерденді таныстырады.

Қоштасар кезде Ерден Шоқай биге жүзін бұрып: «Ағасы, осы ит қалай жүзеді?» – деп сұрапты. Шоқай би бөгелместен: «Е, малтып жүзеді де», – дейді. Осы сөзді күткендей Ерден: «А-а, ендеше малти беріңіз», – депті де жүріп кетіпті.

Сонда Шоқай би: «Апыр-ай, мен қателестім-ау, иттің қалай жүзетінін өзінен сұра десемші. Мынаның аруағы қара бұлттай өсіп барады екен, түбі жай болмас!» – деген екен.

 

* * *


 

...Байбақты Сырым батыр мен алаша Байсал би құда болыпты. Байсал баласына Сырымның қызын айттырып, қалыңмалын төлеп, Байсалдың баласы Сырым ауылына ұрын барып жүреді де, жеме-жемге келгенде қызды алмайтын болып шығады. Байсал: «Балам қызыңды алмаймын дейді, қалыңға берген малымды қайтар», – дейді. Сырым малды қайтармайды. Содан, екеуі айтысып, Нұралы ханға жүгінбекке жолға шығады. Жолда келе жатып Сырым құдасына: «Екеуміздің хан алдына барып, дауласып жатқанымыз жарамас, хан сарайы келімді-кетімді жер ғой, елге дабыра қылып, өсек-аяң тудырып қайтеміз. Одан да әділдігін ел мойындаған адай Атағозы батырға барып жүгінейік, ара ағайын әділдігіне өзіңнің де көзің жетер», – дейді. Байсал бұл сөзге келіседі, сөйтіп, екеуі Атағозының ауылына келіп түседі.

Атағозы бұларды күтіп алады. Екі жақты да тыңдап болған Атағозы: «Шырағым, Байсал, балаң үш жылдай қалыңдық ойнаған болса, онда саған мал тимейді, қаласаң келініңді аласың, қаламасаң жөніңді табасың», – депті. Екі би де Атағозының кесіміне риза болып ауылдарына аттанып кетіпті... (Дерек беруші Сайын Назарбекұлы (1941), белгілі қаламгер, білікті сәулетші, Маңғыстау облысының Тиген ауылынан; С. Назарбекұлы, Ж. Жылқышыұлы. Қазақ халқының шежіре тарихы. 1-том. Адай тайпасы. – Алматы, 2006. 106-108-беттер).

 

* * *


 

Әйгілі батыр, әулие, ағартушы, сәулетші Бекет ата Мырзағұлұлының (1750-1813) іс-әрекеті мен қадір-қасиеті туралы ел аузында күні бүгінге дейін қилы-қилы әңгімелер айтылады.

Бекет он төрт-он бес жасына дейін жоқшылықтың тауқыметін тартады. Бір ауылға келсе, ақбоз үйлердің маңында жайылып тұрған ақбоз атты көреді. Еңбектеп келіп, шідерін шешіп, атқа жайдақ мініп, қаша жөнеледі. Мұны үй қасында жүрген балалар байқап қалса керек. Олар дереу үйдегілерге хабар беріп, екі атты кісі Бекетті іздетіп қуа жөнеледі ғой. Бұлардың жетсе жазым қылатыны белгілі. Бекет сасады. Сонда: «Уа, жасаған, жоқшылық қанша қысса да қия жүрісімнің соңы осы болсын, құтқара көр!» – деп, Аллаға жалынып тілек етеді.

Бір белден асып Бекет тоқтайды. Жігіттер де жетеді. Келсе қара ала аттың қасында бір бозбала тұр. Қуғыншылар әрі қарайды, бері қарайды, атын танымайды. Содан: «Із біздікі, ат сіздікі болды. Біз жаңылыс қуыппыз, кешір, інішек!» – деп екі аттылы кейін қайтады.

Бекет атқа мініп, жолдағы бір судан өте бергенде су ішінен әуелі бір саусақ, сонсоң бес саусақ, біраздан кейін қырық саусақ көрінеді. Бекет таң қалады. Бір құдіреттің қуғыншыдан құтқарғанын да сезіп, су ішінен көрінген мына ғаламатты сол құдіреттің белгісі деп ойға батады. Сол жерде: «Бір саусақ – бір құдіретті ұмытпа, бес саусақ – бес уақыт намазыңды қаза қылма, қырық саусақ – қырық парызыңды біл дегені-ау!» – деп жориды да, тәубаға келіп, бұдан былай тұрмыс тапшылығын көрсе де кісінің ала жібін аттамайтын болған екен (Дерек беруші Ілия Жақанов (1936), көрнекті жазушы, композитор, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылы).

 

* * *


 

Ел арасында Кенесары, Наурызбай қозғалысына қатысқан жағалбайлы Мыңжасар батырдың хикаясы көп айтылады.

Кенесары, Наурызбай бірде Сарысу бойын жайлаған Кіші жүз еліне келіп, ел билерімен ақылдасып, батырларын жиып, Қоқанға елші жіберетіндігін айтады. Мақсаты – Қоқан хандығын орыс патшасына қарсы көтеру. Билер бұл сөзді мақұл көреді. Он екі адамнан құралған елшіні Саржан төре бастап баратын болады. Сол он екінің бірі болып – Мыңжасар батыр қосылады. Мәміле үстінде Кенесары Мыңжасардың өрелі дітіне риза болып: «Батыр, не датың бар?» – дейді.

Мыңжасар тұрып: «Еркін өскен ер едім, тілімді бөгеме. Тіліме бостандық бер, хан ием!» – дейді.

«Дегенің болсын, батыр!» – дейді Кенесары.

Сонымен Саржан төре бастаған елшілерді Қоқан ханы ерекше күтіп қарсы алады. Ертең келіссөз болады деген түні бір себептермен Наурызбай мен Мыңжасар бір бөлек үйге түнейді. Ал, Қоқанның арамза бектері Саржан төрені жігіттерімен сол түні қырып салады. Содан, Наурызбай мен Мыңжасарды келіп бас салады. Тұлғасы зор Мыңжасар Қоқанның жігіттерін түгел жайпап, жеті түнде жанталасып Наурызбайды аман алып шығады.

Кенесары бұл сұмдық қайғыға қатты күйзеледі. Келер жылы Саржан төреге ас береді. Сол аста Кенесары Мыңжасар батырға мойын бұрып тебірене сөйлеп: «Мына Наурызбай әрі інім, әрі балам еді, осыны аман жеткіздің маған. Осы сөздің мәнісін білдің де? Әкеміз Қасымның бәйбішесі Наурызбайдың шешесін өзінің үстіне өзі алып берді ғой. Нарызбай туа сала шешесі қайтыс болып кетті. Шырылдаған шақалақ Наурызбайды біздің үйдегі бәйбіше шешеміз Күнімжан бауырына басып еді, емшегі иіп сүті шығып, емін-еркін емізіп, уызына жарытты. Наурызбай керек еді маған. Сүйенер найзам, қарыма ілер семсерім, алдымдағы айбарым емес пе, бұл! Сен маған Наурызбайымды сыйладың. Не десем екен, боқ дүние бұл сыйға тең келе ме? Әй, батыр, көңіл үшін үш айғырдың үйірін бердім!» – дейді.

«Жоқ, – дейді Мыңжасар батыр, – хан ием, мен әлі отау құрғаным жоқ. Қыз таңдап жүрмін. Таңдаған қызымды алып бересің!».

«Бұл сөзің де жөн екен, батыр. Қыз таңда. Орындармын тілегіңді!» – деп Кенесары дән риза болады.

Ал, бұл күндері Кенесары, Наурызбай Нұра, Құланөтпес бойындағы тінәлі, темеш елдерінен қол жиып, Ұлытауға қарай өтетін болады. Бұл елдердің ірісі Кейкіл бимен тілдеседі. Орыс патшасына қарсы күресетін мәмілені айтады. Кейкіл өз жігіттерінен жасақ беремін деп уәде етеді. Кейін Кенесары, Наурызбай Ұлытауда үлкен жиын жасағанда Кейкілдің жасағы келмей қалады. Кенесары бұл істен секем алып, Мыңжасар батырды бас қылып екі жүз сарбазын жібереді. Олар барса Кейкілдің жігіттері Ақмола дуанын қорғауға кетті деген жауап естиді. Бұл опасыздықтың сырын білген соң Мыңжасар батыр елге тиіспей, тек қана Кейкіл байдың жер қайысқан жылқысын қуып кетеді.

Арада екі күн өткен соң бұларды бір топ жігіт қуып жетеді. Бір ақбоз атты әдемі бозбала Мыңжасар батырдың алдына келіп: «Мен Кейкілдің он ұлының бірімін. Міне, біз бәріміз тұрмыз. Малымызды қайтар, өліспей беріспейміз!» – дейді.

Мыңжасар батыр: «Әкең сатқын! Түп-тұқияныңмен құртам!» – деп ақырады.

Әлгі бозбала: «Жекпе-жек!» – дейді.

Сол кезде Мыңжасар батырдың бір жігіті алға ұмтылады да: «Маған кезек беріңіз!» – дейді.

Сөйтіп, екі жігіт найзаласа кетеді. Екеуі біраз арпалысады. Бір кезде Кейкілдің баласымын деген жігіттің дулығасы ұшып түседі. Қараса, найзаласып жүрген жігіт емес, қос бұрымы білектей-білектей бұланай қыз! Шайқас тоқтайды. Мыңжасар батыр қыздың сұлулығына тәнті болып, не дерін білмей таң қалып тұрып қалады.

Қыз тіл қатады: «Мен жеңілдім батыр, әкем Кейкілдің он ұлының ішіндегі жалғыз қызы мен едім, жария болдым. Ендігі шешімді азаматтық арыңызға тапсырдым!» – деп, қыз Мыңжасар батырға иіліп ізет көрсетеді.

Мыңжасар батыр да бұл сөзден кейін ойланбастан қалың жылқыны қайта айдап, Кейкілдің ауылына келеді. Сонда Мыңжасар батырдың мәрттігіне риза болған Кейкіл ағынан жарылып: «Аз қазақ көп орыспен қалай соғыса алады, босқа қырылармыз деп, дуанға қашқанымыз рас еді. Енді, малым да, жаным да сенікі, батыр! Тінәлі, темештің жасағын бердім түгел!» – дейді.

Мыңжасар батыр Ұлытауда жатқан Кенесары алдына үлкен олжамен оралады.

Бір көңілді отырыста Мыңжасар батыр: «Хан ием, қыз таңдап жүрмін деп едім. Сол қызды таптым!» – дейді.

«О, батыр, кімнің қызы екен, ол?!» – деп сұрайды Кенесары.

«Кейкіл бидің қызы, есімі Мөлдір, хан ием!» – дейді Мыңжасар.

Содан, Кенесары, Наурызбай Кейкіл биге құда түсіп, Мыңжасар батырға Мөлдір сұлуды алып береді. (Дерек беруші Ілия Жақанов (1936), көрнекті жазушы, композитор, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Ақтоғай ауылы; Қарабура. Құрастырған І. Жақанов. – Алматы, 2007. 411-412-беттер).

 

* * *


 

Он екі ата – байұлы, оның ішінде – адай, оның ішінде – жары ең бір өсіп-өнген ру. Бірде Жары баба алыс жолға аттанса керек. Кешікпей-ақ, соңынан қуғыншы жетіп, «Ауылың бұзылып жатыр, тез жетпесеңіз болмас!» – деген жайсыз хабар айтады. Жары амал жоқ ат басын кері бұрып, ауылына келсе, бәйбішесінен туған тентек-шора кенжесі Мете садақ тартып жүріп, тоқалдан туған бесінші кенже ұлды өлтіріп алыпты.

Жары болған жайды көзі көрген соң, қатты ширығып, тоқалдан туған батыр ұлы Тоқтамысқа: «Тоқтамыс! Шап анау Метенің басын!» – деп бұйырыпты. Әке сөзі – серт, Тоқтамыс ойланбастан қылышқа қолын ұсына бергенде, шешесі баласының қолына жабысып: «Отағасы, кеше ғана ұлың тоғыз еді, жазым болып бірі өлді, сегізі қалды. Енді өзің біреуін жазым етсең жетеуі қалады. Одан әрі ұлдарың тумаластарын өлтіртіп қарап отыра ма? Олар да кек қайырады. Сөйте-сөйте тұқымың құриды. Сабыр ет, сабаңа түс! Ұрпағым өссін десең, енді бәйбіше ауылы, тоқал ауылы дегенді жоғалт. Бәйбішенің бір ұлы мен тоқалдың бір ұлын жұптап отырып, балаларыңды бөлінбейтін еншілес, айырылмайтын қоңсылас ет. Сонда, ұрпағың өсіп-өніп, артың абырой-атақтан кенде болмас!» – деген екен.

Жары орынды айтылған уәжге тоқтап, Дәуітәлі мен Тоқтамысты, Кеще мен Бектемісті, Жетімек пен Базарды, Мете мен Назарды бөлінбейітін еншілес, айырылмайтын қоңсылас етіп еді дейді (Дерек беруші Сайын Назарбекұлы (1941 ж.), көрнекті сәулетші, белгілі қаламгер-ақын, Маңғыстау облысы, Тиген ауылы).

 

* * *


 

Байбарақ Құдайкеұлы ХVIII ғасырдың бас кезінде өмір сүрген қазақтың әйгілі батыры. Шыққан тегі – Кіші жүздің алаша руынан.

Ел жадында сақталған шежіре дерегінде Байбарақ батыр 14 жасында қалмақтардың қолына түсіп, бес жылдай тұтқында болып еді дейді. Тұтқында жүріп бірнеше рет қашып шықпақшы болып, қолға түсіп, қатаң жазаға ұшырайды. Бірақ, туған еліне оралу ниетінен қайтпайды. Жас жігіттің өжеттігіне қызыққан қалмақтар «басыңа үй тігіп, алдыңа мал салып, таңдаған қызыңа үйлендірейік, біздің адамымыз бол» деп үгіттейді. Байбарақ көнбейді. Сонда қалмақ батыры жас жігіттің қайсарлығына сүйсініп: «Еліңе жіберсем маған қандай алғыс айтар едің?» – деп сұрапты.

Бұл сұраққа Байбарақ іркілместен: «Көрген қорлық, тартқан азабымның есесін қайтару үшін, «Байбарақ!» – деп ұрандап келіп, еліңді бір шауып кетер едім!» – деген екен.

Қалмақ батыры өзіне-өзі сенімді болса керек, «Ажалыңа асыққан ер болсаң сөзіңде тұр, бердім бостандық!» – деп, Байбарақты босатып қоя берген екен.

Содан, Байбарақ батыр еліне жетіп, ес жиған соң, қол жинап жауға аттанбақ болады. Ол кезде алаша руының ұранға шыққан батыры Сейтімбет деген кісінің тірі кезі екен. Ата салтын аттамай, Байбарақ батыр арнайы ат басын бұрып келіп Сейтімбет батырға уәжін айтады: «Батыр, рұқсатыңызды сұрай келдім, қалмаққа берген уәдем бар еді «еліңді «Байбарақтап» келіп бір шабармын» деген. Соның қарты келіп тұрған сияқты. Сіздің ұраныңызға бір мәрте тыным берсем ренжімес пе екенсіз», – депті.

Сейтімбет батыр Байбарақтың меселін қайтармай, батасын беріп шығарып салып еді дейді. Сол бетінде Байбарақ батырдың қолы қалмақ батырының ауылына жетіп, «Байбарақ! Байбарақ!» – деп ұран шақырып келіп шабуыл жасайды ғой. Қаннен-қаперсіз жатқан қалмақ ауылының шәт-шәлекейі шығады. Атқа мініп үлгерген қалмақ батырын Байбарақ жекпе-жекке шақырады.

Бір-біріне «не өлім, не өмір» деп ұмтылысқан қос батыр ұзақ қаржасады. Ақырында Байбарақ батырдың күші басым шығып, қалмақ батырын аттан аударып түсіреді. Сол жерде Байбарақ батыр найзасын жауының өңменіне тіреп тұрып тіл қатады: «Ерге мәрттік жарасқан, сен мәрттік етіп, мені өлімнен құтқарып, басыма азаттық беріп едің. Мен де қидым жаныңды. Бір ғана шартым бар, тұтқындағы бауырларымның жанына сауға, басына бостандық бересің!» – депті.

Сол жерде қос батыр серттесіп, уәделерінде тұрысқан екен. (Дерек беруші Аманғосов Смағұл (1914 ж.), Атырау қаласынан; Кенжалиев Исатай. «Байбарақ» ұраны қалай пайда болды? – «Ана тілі» газеті, 1997. 14 тамыз).

 

4-том. Бесінші тарау. Қазақ болмысы. 27. Этнографиялық түйін

 


 

НАМЫС


 

Бұл әңгімені де Башар ақсақал айтып еді.

«Аралбай Құтжан қажымен жұлдызы жараспай өткендердің бірі Бақа батыр болатын. Ол заман батырлардың басынан бақ тайып, елдің тағдыр-тізгіні орыстардың қолына көшкен кез. Содан, амал жоқ, батырлар да мұқалып, «қазан бұзар, үй тентек» атанып, ауыл-үй арасындағы ұсақ-түйекке кіжіңдеумен күн кешетін болған. Құтжан мен Бақаның арасында да алып-жұлып бара жатқан ата жаулық жоқ, тіршіліктің қақ-соғына бола шарпысып қалатын болу керек. Мұндайда, Бақа батырдың найза шошаңдатып, қамшы жұмсап, қол көтеретінін көзіміз көрді.

Ол кезде Құтжан – болыс, қажылыққа бара қоймаған кезі. Бір жылы болыс сайлауы болатын болып, Құтжан мен Бақа бастаған он шақты адам Ақмолаға аттанды. Ақмолаға келсе, ояздың жемсауын толтырып қойған біреулер Құтжанның орнына болыс болатын болып, ісінің оңтайын келтіріп қойса керек.

Енді не шара?! Аралатаң жағындағылардың жүні жығылып, иіндері түсіп кетеді. Сонда Бақа батыр шалт қимылдап, қылышын беліне қыстырып, шолақ найзасын қолына ұстаған қалпы ояздың кеңсесіне кіріп келеді ғой. Кіріп келген бетінде: «Осыдан Құтжан болыс болмаса – бунт будет... бунт будет... бунт будет!» – деп, найзасымен еденді үш рет түйіпті де шығып жүре беріпті.

Орыстар пара алуға мәттақам болғанымен, бунт-ереуіл дегеннен қорқатын халық. Иманы қасым болған ояздың екі көзі тас төбесіне шығып, әлгі пара бергеннің парасын өзіне қайтып беріп, сол жолы Құтжан қайтадан болыс болып сайланады.

Содан, көңілдері жайланған аралатаңның азаматтары мәз-мейрам болысып, әзіл-қалжыңдары жарасып елге қайтып келе жатады ғой. Сөздің бір қартында ерігіп келе жатқан жігіттердің батылдау біреуі Бақа батырға қарап тіл қатады: «Батыр-еке, бір гәптің мені таңғалдырып келе жатқаны... Сіз ғой, ауылда жүргенде Құтжекеңе күн көрсетпеуші едіңіз. Дүниеде екі адам араз болса, сол сіздер шығар деп ойлаушы едік. Сөйтсек, араздықтан да бұрын, арғы жағыңыз Құтжекеңнен қаймығады екен. Олай дейтінім, Құтжекең болыс болмайды-ау дегенде, ояздың төрі былай тұрсын, көріне кіріп кете жаздадыңыз ғой!» – депті.

Сонда, Бақа батыр әлгі әзіл айтқан жігітке ошарыла бұрылып: «Ой, шірік неме, Құтжанмен менің араз екенім рас! Онымен өле-өлгенше араз болып өтетініме де шәк келтірмеймін. Бірақ, Құтжанмен өзім араз болғаныммен, намысым араз емес қой! Соны да білмеймісің?!» - деген екен.

 


 

БӘСІРЕ ТАЙ


 

Сол күні екінші сынып оқушылары пионер қатарына қабылданды. Жуырда ғана аудан орталығынан уәкіл келіп, ауыл адамдарының басын қосып, жиналыс өткізген. Сірә, оқушыларды пионер қатарына қабылдау туралы сол уәкіл нұсқау беріп кеткен болу керек.

Жайлауға шыққан соң мектебіміз арнайы тігілген киіз үй болған. Оқу жылы аяқталуға жақындаған соң ба, киіз үйдің ішінде төсеніш пен жалаңаш керегеге сүйеген тақтадан басқа ештеңе жоқ. Екінші сыныпта не бары сегіз бала оқитынбыз, бесеуі – ұл, үшеуі – қыз. Мұғаліміміз Сымат деген кісі. Бізді пионер қатарына қабылдайтын күні ол кісі де жақсы киімдерін киіп, біртүрлі болып келді. Келген бетте өзгеше бір көтеріңкі көңілмен: «Ал, балалар, бүгін сендердің өмірлеріңде ең бір елеулі күн! Ұлы көсеміміз Ленин атындағы пионер ұйымының қатарына қабылданасыңдар!» – деді.

Бұл оқиғаның елеулі екенін Сымат мұғалімнің қазіргі сәттегі көтеріңкі көңіл күйінен аңғарғанымыз болмаса, пионердің не екенін біліп тұрған біз жоқ. Бәріміздің көкейіміздегі сол белгісіздікке үн қосқандай, бір оқушы: «Мұғалім, пионер деген не?» – деп сұрақ қойғаны.

Сымат мұғалім бір сәт ойланып, алдымызда әрі-бері жүрді де, кенет әлгі сұрақтың жауабы есіне түскендей кілт тоқтап, сұқ саусағын шошайтты. Сонсоң, бізге ұғып алыңдар дегендей тесіле қарап тұрып: «Пионер деген! - деді. – Пионер деген, комсомолдың інісі, партияның немересі!»

Осы кезде оқушылардың келесі біреуі: «Мұғалім, пионер болған соң не істейміз?» – деп сұрады. Бұл сұрақ та біздің көкейімізде тұрған.

Бұл жолы Сымат мұғалім жауабын кідірткен жоқ. Тағы да сұқ саусағын шошайтып: «Міне! – деді, аса маңызды сұраққа жауап беретіндей дауысына екпін түсіріп. – Міне, мәселе осында! Пионер болған соң, үлгілі, тәртіпті болу керек! Пионер болған соң, сабақты жақсы оқу керек! Пионер болған соң, үлкендерге жол беру керек! Үлкен кісінің жолын кесіп өтуге әсте болмайды! Пионер болған соң, үлкендерге көмектесу керек! Әсіресе, ертеңгілік қойдан қозыны бөлектеу кезінде сендердің көмектерің ауадай қажет! Пионер болған соң...»

Осылайша пионердің міндеттерін ұзақ тізбеледі. Оның көбісі әкеміз бен шешеміздің күнде құлағымызға құйып отыратын сөздеріне ұқсас болып шықты. Содан, бір мезгілде міндеттер айтылып бітті-ау дегенде Сымат мұғалім қойын қалтасынан дудыратып қызыл шүберектер шығарды. Сонсоң шүберектердің бірін жазды да: «Міне, мынаны «пионер галстугі» дейді. Мұны таққан оқушы пионер болады. Сондықтан, сендер осы галстукті күнде тағып келесіңдер!» – деді. Пионер галстугі дегені қалта орамалдың жартысындай ғана үшкіл қызыл шүберек екен. Сол шүберекті әрқайсымыздың мойнымызға байлай бастады. Байлаған сайын: «Міне, енді пионер болдыңдар!» – деп арқамыздан қағып қояды.

Сол күні бәріміздің мойнымызда шоқтай жайнаған қызыл галстук, үлкен бір дәрежеге жеткендей болып үйлерімізге қайттық...

...Жайлауға шыққалы менің ермегім торы тайым болып алған. Өзін қыстай таптап мініп, әбден басбілгі етіп қойғанмын. Жайлауға шығарда әкей: «Ал, шырағым, осы тайды саған ырым етіп, бәсіреңе атадым. Тайың пырақ болсын, өзің азамат бол!» – деген. Осыдан кейін-ақ торы тайды өзімше иеленіп, оны «бәсіре тайым» деп әспеттеп, қолым қалт етсе болды соны өбектеу әдетіме айналған. Жал-құйрығын тараймын, тұяғын егеп түзулеймін, су жалдатып жүріп тұла бойын сабындап жуамын, көрші-қолаңнан арпа-сұлы сұрап алып аузына тосамын... Қойшы, не керек, мен торы тайға, торы тай маған, әбден бауыр басысып алдық.

Пионер қатарына өткен күні де әдеттегідей асығыс-үсігіс тамағымды іше салысымен торы тайымды іздедім. Үй сыртына шығып, төңірекке көз салып тұр едім, шешей: «Тағы да торы тай ма, қойсайшы мазалай бермей, мал сияқты отын қандырып жайыла алмайтын болды ғой!» – деді. Шешейдің зілсіз сөзін елеген жоқпын, көз ұшынан торы тайымды шырамыттым да, белдеудегі жүгенді алып жүріп кеттім.

Жақындап келсем, торы тайымның өзі екен. Мені көрді де оқыранып қоя берді. Сонсоң, басын шұлғып-шұлғып жіберіп, маған қарсы жүрді. Мұндайда менің де дегбірім қалмайды. Айтып жеткізе алмайтын ерекше бір сезімге бөленемін. Аяқ астынан тынысым жиілеп, жүрегім бұлқынғандай болып, мен де торы тайға жанасқанша асығамын. Бұл жолы да торы тайыммен сағынысып табысқандай болып, алдымен жал-құйрығын қасып, тұла бойын сылап-сипап шықтым. Сонсоң жүгендеп, ауылға қарай жетектеп алып жүрдім.

Ауылға жақындай беріп едім, бүйірдегі бұлақтан су алып келе жатқан әйел адам көрінді. Үстінде бұрама жаулықты кимешек, аппақ қардай жарқырайды. Бейне бір көк шалғынды кешіп келе жатқан аққу ма дерсің. Кимешектің үшкілдене біткен құйрықшасы жер сызып, бұрама жаулығы оқшырайып, әлгі кісіні айрықша сәулеттендіріп көрсетеді. Дәл қазіргі қалпында иығындағы иінағаш пен су толған екі шелектің өзі біртүрлі жеңілдеп кеткендей, тап бір әдемілік үшін көтеріп келе жатқандай әсер береді.

Жақындап келгенде таныдым, күйеуі соғыста өлген, жалғыз ұлы Алматыдағы дәрігерлік оқуда оқитын Айпара деген апай екен. Біз ол кісіні «Ай-апа» дейтінбіз. Ай-ападан көзімді алмай қарап келемін. Бір мезгілде маған мойын бұрып қарады да, іле жүрісін баяулатып, кідіргендей болды. Дәл сол сәт менің есіме бүгін ғана пионерге өткенім түсті. Іле құлағымның түбінен Сымат мұғалімнің. «Пионер болған соң, үлкендерге жол беру керек! Үлкен кісінің жолын кесіп өтуге әсте болмайды!» – деген дауысы саңқылдап қоя бергендей болды. Мен бейне бір жаза басып, зор қателік жасай жаздағандай, өзімнен-өзім абдырап: «Ай-апа, өтіңіз, өте беріңіз!» – деппін.

Сол кезде Ай-апа мүлде тоқтады. Сонсоң, иығындағы иінағашымен, оған ілінген екі шелегімен бүкіл денесін еңсере қозғап, маған қарай бұрды. Бұрды да тіл қатты: «Әй, балам! - деді, саңқ еткен дауысынан әрі қатқыл бұйрық, әрі мейірімге толы қамқорлық қатар естілгендей. – Бәсіре тайын баптаған азамат болар ма деп, жолыңды кеспей тұрмын! Бол өт тез, мына шелегі құрғыр иығымды езіп барады!» 

Осы сөзді естуім мұң екен, менің тұла бойым еркімнен тыс дедектей жөнелді. Дедектеген қалпымда торы тайымды сүйрей тартып Ай-апаның алдынан өте шықтым. Сол сәт пионердің міндеті де, Сымат мұғалімнің өсиеті де жайына қалды. Менің көз алдымда Ай-апаның бүкіл болмыс-бітімі бәрінен де айбарлы, бәрінен де құдіретті ғажайып бір киелі күшке айналып кеткендей болды.

 


 

ҰСТА


 

Ауыл-аймақтың бәрі Дырылдай ақсақалды «Ұста» деп атайтын. Содан ауыл балалары да ол кісіні «Ұста ата» деп атап кеткен. Ұста болғанда, тек көрік басып, төс соғып, темір таптаумен ғана айналысатын ұста емес, Дырылдай ақсақалдың қолынан бәрі келетін. Ол кісінің ұста дүкенінің іші-тысы ауыл балалары үшін бейне бір қиял-ғажайып дүниесіндей болатын. Ұста дүкеніне жақындай бергенде сегіз қанат үй орнындай жерге дөңгелете жаймалаған қара қорданың бықси қоздап жатқан қарамы көрінер еді. Мұны «қоз» деп атайды. Жақындап келсең негізінен қойдың қара құмалағынан үйілген қоз-қорданың қызуы бетіңді шарпиды. Қоздың әр жеріне қабықталған балғын талдарды сұғып қойған. Ол талдарды, әбден қызу өтіп балқыған кезде, қоз төңірегіндегі қазық-қалыптарға салып, болашақ уық-кереге болатын иінге келтіріп қояды. Сол қазық-қалыпта тұрып иіні қатқан талдарды қылпылдаған жоңғарақпен сырылдатып жонғанда, әлгі иір-қиыр болып жатқан талдар көз алдыңда уық пен кереге сағаналарына айналып шыға келетін.

Қоздан әріректе, есік-терезе қалдырмай бітеу етіп шымнан қалаған төрт бұрышты жатаған жертөле үйшік көрінеді. Тал-терек салып жапқан үйшіктің үстін леп шықпайтындай етіп топырақпен бастырып тастаған. Үйшік төбесінің бір бұрышынан сорая көтерілген мұржа көрінеді. Мұржадан балар-болмас түтін лебі шығып тұрады. Бұл түтін бітеу қаланған үйшікке қайдан келіп жатыр деп қарасаң, он шақты қадам жерден қазылған жерошақты көрер едің. Сол жерошақтан бастап жер қуалай қазылған өзекше үйшікпен жалғасқан. Өзекшенің де үсті тал-шілікпен жабылып, топырақпен бастырылып, көлбей созылған пешмойынға айналған. Жерошақтан бықси жанған тобылғы мен қайың түтінін сол көлбеу пешмойын үйшіктің ішіне қарай суыра тартып алып кетіп жатыр.

Енді, осы «аузы-мұрны» жоқ үйшіктің ішінде не бар дейсіз ғой?! Оның ішінде шелдеп, түгінен арылтып, қатар-қатар керіп тастаған жылқы және серке терілері болады. Бұл терілерге тобылғы мен қайың түтіні әбден сіңгенде майы шығып, шыңылтырланып, сартап болып қата бастайды. Ондай күйге келгенін тап басып, біліп отыратын Ұста ата «мерзімі жетті-ау» дегенде үйшіктің төбесін ашып, әлгі сартап болып, сарысағызданған терілерді алады. Сонсоң олардан еміздікті саба, торсық, жанторсық, мес, көнек, кесеқап, бедерлі тебінгі сияқты, төрт түлік малдың сүмесімен күнелтіп отырған елге мейлінше қажет мүліктер жасайды.

Ұста дүкенінің төңірегіне тағы да зер салған адам шаңырақ иіні, арба дөңгелегі, шананың табан шабағы, кебеже, келі, келсап, күбі, адалбақын, диірментас сияқты мүліктердің дайын бола бастаған нобайын таныр еді.

Ал, енді, ұста дүкенінің ішіне кірсең шыға алмайсың. Мұндағы жамап-жасқауға, құрап-құрсауға, септеп-жалғауға алып келген мүліктердің өзі көз тұндырады. Олардың қатарында шүмегі ұшқан аққұман, ернеуі кетілген кәрлен кесе, сабы жарылған кездік, қапталы қаңсыған ер, құрсауы түскен күбі, топсасы кеткен білезік, тасы босаған жүзік, өрімі тарқатылған қамшы сияқты алуан түрлі зат-мүліктер самсап тұрады. Дырылдай ақсақалды былайғы жұрттың «Ұста» деп атап кеткені болмаса, әлгі заттарға қарап, ол кісінің әрі ұста, әрі зергер, әрі үйші, әрі өрімші, әрі етікші, әрі ерші, әрі ағаш шебері екенін аңғару тіпті де қиын емес.

Ұста атаның осы кәсіптерінің ішінде мені айрықша таң қалдыратыны мүйізден жасайтын мүліктері еді. Біріншіден, мүйізді ұқсатудың амал-әдістері қызық. Екіншіден, мүйізден жасалған мүліктер ерекше әдемілігімен көз тартатын. Сол себепті, мүйізден жасалған мүліктерге деген жұртшылықтың ынта-ықыласы да ерекше болатын. Ол кезде мүйіз ожау, мүйіз қасық, мүйіз табақ, мүйіз сапты кездік, мүйіз сап қамшы, мүйіз тиекті шідер, мүйіз шақша, мүйіз тарақ, мүйіз түйме дегендер қолы жеткендердің ғана ұстайтын мүлкі.

Мүйіз-тұяқ атаулыны Ұста ата жыл бойы жинайтын. Жаз болса киік, арқар, қарақұйрық сияқты даланың қоңыр аңдарын аулайтын аңшыларға қадап айтып, қиыла тапсырып жүретін. Қыс түсе үй-үйді жағалап, күздікке сойған сиырдың, серкенің, қошқардың мүйіздерін, соғымға сойған жылқының тұяқтарын ерінбей-жалықпай жинай беретін. Сонда, көктем туа қораның бір бұрышы алуан түрлі мүйіз-тұяққа толып қалатын.

Содан көктем туып, жаздың лебі бел алып, ел жайлауға шығар кезде Ұста ата үй желкесіндегі бұлаққа барады. Бұлақ етегінің солқылдап жатқан шымдауыт жерлерін аяғымен әрі-бері басып көреді. Сонсоң, ми-батпағы қалыңдау-ау деген жердің шымын қат-қатымен ойып, бір шетке қалай бастайды. Солқылдап жатқан шымды ойып алғанда, арғы жағынан қара қорыс ми-батпақ көрінеді. Ұста атаға керегі де осы көкала сазды ми-батпақ.

Мұнан әрі Ұста ата ауылдағы балаларды жауып жіберіп, қора бұрышына жиналған мүйіз-тұяқтарды бұлақ басына тасытады. Мүйіз-тұяқтар тасылып біткен соң, Ұста ата оларды бір-бірлеп ми-батпаққа батыра бастайды. Алдымен ірілерін таңдап, арқар, сиыр, серке, қошқар мүйіздерін батырады. Сонсоң, ми-батпаққа ұсақ мүйіздер мен тұяқтарды тастайды. Егер, батпаққа батпай, көрініп жатқан мүйіз-тұяқтар болса, әрқайсысын күрекпен нұқып жүріп, оларды да батырып жібереді. Ең соңында, бағанағы қат-қатымен ойылып алынған шымды орын-орнына қайтадан жымдастырып қойып шығады.

Содан, жаз күшіне еніп, төл аяқтанып, ел жазылып жайлауға шығады. Бүкіл құрал-саймандарын бірнеше түйеге жүк етіп, елмен бірге Ұста ата да көшеді. Ол кісі жайлауда да тыным таппайды. Жаз бойы ауыл-аймақ адамдарының мың-сан өтініш-тілектерін орындаумен болады.

Сөйтіп жүргенде жаз да өте шығады. Қабағын түйіп күз да жетеді. Сары ала күз бен қоңыр күз түскенше қыстау маңайының отына мал тұяғын тигізбей, ықтырмалатып күзеуде отыратын малшылар қара күздің ызғары біліне қыстауларына көшуге мәжбүр болады. Елмен бірге қыстауға Ұста ата да көшіп келеді.

Қыстауға көшіп келіп, әбден жайғасқан соң, бір сәтті деген күні Ұста ата көктемде ми-батпаққа батырып кеткен мүйіз-тұяқтарды ұқсатуға кіріседі. Ол үшін қазандық тұрған бөлменің ішін артық-ауыс заттардан босаттырады. Төсеніштеріне дейін алдыртып, оның орнына екі-үш тулақ тастатады. Сонсоң, қазанға су толтыртып, қазандық астына қойдың сары қиын қат-қатымен қалатады. Қойдың сары қиы маздап жана бастағанда Ұста ата алдын ала дайындап қойған ауылдың екі-үш әлеуетті жігіттерін ертіп барып, ми-батпақта жаз бойы батып жатқан мүйіз-тұяқтарды алып келеді.

Мүйіз-тұяқтардың қауырт қимылды қажет ететін тұсы осы сәт. Өйткені, жаз бойы қара қорыс батпақта жатқан мүйіз-тұяқтар біршама жұмсарады  екен де, оны тездетіп белгілі бір мүліктің нобайына келтіре қоймаса қайтадан қатып кетеді екен. Содан да болу керек, әшейінде сабырлы қалпынан танбайтын Ұста ата танымастай өзгеріп, осы ұршықтай үйіріледі. Екі жеңін шынтағына дейін түріп тастайды. Жанындағы жігіттерді де қысқа қайырым тілмен зыр жүгіртіп қояды. Олардың бірі тулақ үстіндегі миға малшынған мүйіз-тұяқтары жылы-шымшым суға салып, тазартумен айналысса, келесісі қазандағы суды еселеп, енді бірі от қызуының қайтпауын қадағалайды. Ал, Ұста ата болса қазандық аузындағы маздай жанған отқа бетін беріп, қарама-қарсы жайғасады. Алдындағы темір тегеште білем-білем болып кесілген қойдың құйрық майы жатады. Әлсін-әлсін саздан тазарған мүйіз-тұяқтарды кезегімен қолына алып, бірер аударып қарайды да, саусақтарын лыпылдата қимылдатып отырып, белгілі бір зат-мүліктің нобайына келтіре бастайды. Нобайлау барысында мүйіз-тұяқтарға қойдың құйрығын сүйкеп-сүйкеп жіберіп, отқа қарсалап отырады. Осылайша, аз ғана уақыт аясында арқар мүйізі – ожауға, серке мүйізі – қамшы сапқа, сиыр мүйізі – шақшаға, ешкі мүйізі – кездік сапқа, жылқы тұяғы – тараққа ұқсап, олары таза тулақтың үстіне топ-топ етіп түсіп жатады. «Саз көрген мүйіз икемге көнгіш, қаңсымайды, өңі таймайды, әрін жоғалтпайды» - деп отырады Ұста ата.

Сөйтіп, мүйіз-тұяқтардың бәрі де белгілі бір зат-мүліктің нобайына келеді. Мұнан әрі Ұста ата сол зат-мүліктерді асықпай өңдеп, әрлеуге кіріседі. Бұл жұмысы аптаға, айға созылады...

Бірде, Ұста атаның қолынан шыққан зат-мүліктердің ішінен мүйіз ожауды көргенім бар. Мұндай әдемі мүліктің адам қолынан шыққанына таң қалмау мүмкін емес. Бейне бір шертіп тұрған қос анарын жасыра алмай, жұп-жұмыр мойнын қымсына иіп тұрған аққу-ару ма дерсің?! Менің мүйіз ожауға таңырқай қараған сезім күйімді Ұста ата да жазбай таныған. Сонсоң, өзі де мейірленіп, менің қазіргі қалпымды осы бір ғажайып еңбегінің өтеуіне балағандай, өзі де айрықша бір шат көңілмен тіл қатқан. Тіл қатқанда айтқаны ғой: «Е-е, шырағым, бұл ожау – қадірін білмегенге – қу сүйек, ал қадірін білгенге – хан қызының жасауын келістіретін мүлік! Мұндай мүлікті ұстаған пенденің жүрегі нұрға толады!» – деп еді.

 


 

Аудармалар


 

 

Лев Гумилев. «Этногенез и биосфера земли». 1979 ж: «Кез келген табиғи ортаның өзгеріске ұшырауы жаңа әлеуметтік-этникалық психологияның үстемдік құруымен тікелей байланысты. Ең алдымен кез келген этнос барша болмысымен (биологиялық, психологиялық, антропологиялық, өмір-салттық т.б.) белгілі бір табиғи ортаның нәтижесі. Сол табиғи ортаға екінші бір бөлек табиғи ортаның нәтижесі болып табылатын этнос басып кіреді. Иә, тек қана зорлықпен басып кіреді. Себебі – қомағайлық, жеңіл олжаға қызығушылық өзгенің есебінен олжалы болу т.б.

 

Әр текті этностың араласқа түсуі, сөз жоқ, мың сан кереғар таным-түсінікті өзара шарпыстырады. Оның ауырлық-тауқыметін қара халық тартады. Ондай ауырлықтан құтылудың жолы екеу-ақ. Бірі – әрбір этнос өзінің кіндік тартып қалыптасқан ата мекеніне қайтуы керек. Жергілікті этнос үшін де, сырттан келген этнос үшін де бірден-бір дұрыс жол осы болғанымен, жүзеге асуы екіталай қиын шаруа. Екіншісі – тығырықтан шығудың басқа жолын іздеу. Бұл жолдағы ізденістің кез келгені өзінен-өзі қате жол болып шығады. Себебі, барша болмыс-жаратылысы бөтен этностың мүлде басқа ортадан үндестік табуы мүмкін емес. Басқа табиғи ортаға қоныс аударған этнос өзінің табиғи болмысын өзгерту арқылы ғана сол ортаны жерсіне алады. Өйткені, табиғат адамға ешқашанда бейімделмейді, адам ғана табиғатқа бейімделе алады. Сөйте тұра, ешбір этнос, әсіресе, басқыншы этнос ешуақытта өз еркімен табиғи болмысын өзгертуге көнбейді. Демек, өз атамекенінен басқа табиғи ортаға басып кірген өктем этностың қарсыласы өзінен-өзі сол табиғи орта болып шығады. Бұл орайда, сол табиғи ортаның байырғы тұрғындары табиғаттың бір бөлшегі ретінде өктем этносқа қарсы тұрады. Мұндай текетіресте өктем этнос сол келген ортасына амалсыз бейімделуі керек немесе сол келген ортасын өзгертуі керек. Бұл орайда табиғаттың өзгермейтінін ескерсек сырт күштің табиғи ортаны өзгертуі деген сөз өзінен-өзі сол табиғи ортаны жою болып шығады. Мұндайда, табиғаттың төл перзенті ретінде сол жердің байырғы тұрғындары да не бірге жойылады, немесе өктем этностың мәжбүрлеуіне орай болмысын өзгертеді. Жойылу үдерісі (процесі) бірнеше формада өтеді: тікелей қан төгіп қарсыласу арқылы жойылу, бөлек шаруашылық типін зорлап таңу арқылы жойылу, жат идеалға мойын ұсыну арқылы бірте-бірте ассимиляцияға түсуі т.б. Жойылудың біте-бірте ассимиляцияға түсу формасы үшінші-төртінші ұрпақ үшін мейлінше қасіретті болады. Себебі, бірінші-екінші ұрпақ болашақта не боларын білмейді. Білген күнде өзгеріс енгізуге дәрменсіз, өктемдік жүргізуші дүлей күшті сілкіп тастай алмайды. Сонсоң, амал жоқ өз бойындағы өткен өмірден қалған, өткен өмір қалыптастырған идеалдың жұқанасын алданыш етеді. Ал, үшінші-төртінші ұрпақ болса, олардың өткені – жұмбақ, болашағы – үмітсіз халде күй кешеді. Міне, қасіреттің көкесі осы.

Қасірет шеккен этноспен бірге табиғат та солып, күйрейді. Себебі, кез келген этнос белгілі бір экожүйенің, яғни, геобиоценоздың нәтижесі. Бұл заңдылық өктем этносқа да барқадар таптырмайды. Себебі, өктем этностың өз қалауынша, өз көңілінің ұнатуынша өзгертемін, «жаңғыртып-жасартамын» дегені – шын мәнінде күйрету болып шығады. Бұл – өктем ұлттың ілгері басқан қадамының кейін кетуі деген сөз. Мұнан әрі өктем этнос өзі басып кірген табиғи ортадағы бұрыннан қалыптасқан таным-түсінікпен, парасат нормаларымен беттесіп, оларды жатсына бастайды. Этносаралық қырбайлық-қақтығыстар осы кезде басталады. Ең сұмдығы, мұндай шақта өктем ұлт үшін тыйым, ұят-аят, кісілік қасиет-кие деген ұғымдардың құны болмайды. Олар әкесін атып, шешесін аттап жүре береді.

Қашанда зорлық атаулы өзіне қарсыластар қалыптастыратын болғандықтан, жергілікті зәбір көруші этнос та қарсыласу барысында өктем этностың ең жаман қасиеттерін игеріп алады. Кейде жамандықты асырып та жібереді. Осынау этникалық идеалдар шарпысқан алашабыр ортада рухани мәдениет тұрақсыз, құбылғыш қалып танытады. Себебі, мұндай тобырлардың психикасы этникалық дәстүрден нәр алмайды, қара басының аңсарымен шектеліп, таза экзистенция жетегінде болады. Мұндайда адамдарды субъективті сенім иектеп, даңкеуде, өзімшіл, бетбақ-демагог қалыпта ғұмыр кешеді. Яғни, этностар қойыртпағы – химералық этносты қалыптастырады да, идеялық жалаңаштыққа алып келеді. Ол да ештеңе емес, ұлттардың қойыртпағы бара-бара антижүйеге (антисистемаға) ұласады. Оның да өз көсемі, өз шешені, өз білгіші болады. Бұлардың бәрінде бір ғана сенім – өмірді тәрік етушілік сенімі болады. Себебі, олар жан жұбанышын табиғи ортадан таппайды, тек қана өз жүрегінің эгоистік қалуынан табады...

Қысқасы, адам шіркін жерден бауыр көтергелі этникалық аралас-құралас болмай қалмаған ғой. Сонда мына жұмыр жер неғып жарылып кетпей шыдап тұр деп қайран қаласың. Қайран қала отырып, табиғат шіркіннің ұдайы этностарды сұрыптап, адамдарды барша болмысымен дегеніне көндіріп, қайта қалыптастырып отыратынына бас иесің. Осы тұста, ғылым мен техниканы тірек етіп тайраңдаған XX ғасыр адамдарының болмыс-тағдыры өз алдына бөлек әңгіме... Бүгінгі адам тағдыры бар мен жоқтың арасындағы қыл көпірде тұрғандай. Бар болуы да, жоқ болуы да тек қана өзіне байланысты...».

 

* * *


 

Юрий Бондаревтің «Қас-қағым сәт» деген ұсақ миниатюралардан тұратын әңгімесінің аудармасынан:

«Дарыны шағындар қашанда танымал болуды көбірек күйттейді. Нағыз дарындар өзінің даңқынан ұдайы именіп жүреді. Дананың даңқы аңыз болып тарайды, суреткерді көзі тірісінде-ақ мәңгілік ететін шын өміршең даңқ осы болса керек.

- «Тынық Донды» айтсайшы. Міне күш, міне шындық! Міне, құдырет қайда! Былай қарасаң, бір адам жазған кітап, ал, сөздерін оқып көрсең, тап бір, барлық орыс бірігіп жазған ба дерсің. Әй, енді өзі де жүрегіңді тәуір-ақ шымырлатады-ау, әсіресе, Наталья мен Аксинияның өлімін оқығанда бар ғой, пай-пай, айтары жоқ... Міне, бұл жерде Лев Толстойдың өзімен өрелес, тек біреуі дворян болса, екіншісі – қара халықтың ішінен шыққан қасқаның өзі. Рас па, өтірік пе, кім білген, бірде өзі өскен Донның бойында балық аулап отырыпты дейді. Бір кезде қармақтың қалтқысы бүлк етіп, бауы дыңылдай керіліп, қармақ сабы доғадай иіліп кетіпті. Бірақ, оны елең қылар Шолохов жоқ дейді. Төңірегіндегілер: «Тарт!»  деп айқайлайды. Естімейді. «Тарт!»  деп шулайды. Жоқ. Міз бағар емес. Бір кезде, абдырап орнынан тұрып, ұйқыдан оянған адам сияқты ешкімді көзіне ілместен үйіне қарай дедектеп жүгіре жөнеліпті! Келген бетте есігін тарс жауып алып, бірнеше күн бойы шықпай қойыпты. Сірә, шабыт буса керек. Бұл гәптің рас-өтірігін кім білген, қалай болғанда да мұндай кітаптың арқалы шабытсыз жазылуы мүмкін емес.

 

...Осында, осынау үйде, бәрі де қарапайым. Құба төбел, мұнда дворяндық лауазымның даңқымен жиналған «графтық» дәулеттің ордасы жоқ. Үрім-бұтағы өскен үлкен жанұядан қалған заттар, қабырғада ілулі тұрған Репин, Ге, Крамскойлар салған портреттер, сөре толы кітаптар, жазу стөлі, сол бір күзгі түнде қасірет шеге отырып, өзінің ақтық сөзін жазған соң сөндірген екі балауыз шамы, өзі отыратын қос кресло, сонсоң, даналардың данасы, азаптың ең ауырын арқалаушы шикі өкпе қалпында шыр етіп дүниеге келгенде алғаш жамбасына тиген, кейін Қырым жорығында желеп-жебеуші болған диван, жатын бөлмесіндегі қарапайым гантель, сонда тұрған көнекөз қолжуғыш – міне, осының бәрі де мен үшін ұлы тұлғаның өзі отырғандай, жай отырмай қуатты да құшырлы денесін қартқа тән майда баппен қозғап, құдайға лайық жанарын қасының астынан қадай қарап отырғандай, сонсоң, сәл жөткіріне көтеріліп, әжім торлаған балуан саусақтарымен балауыз шамды соңғы рет сөндіріп жатқандай елестеп кетті. Мен, тек қана, оның үні мен дауыс ырғағын елестете алмадым (сірә, сөз жоқ, ақырын сойлесе керек), оның есесіне әр сөзінің мән-мағынасын, тіптен, сол сөздерді айтқан сәттегі көз жанарына дейін елестете алдым. Менің қайран қалғаным, талай рет иесіз қалған ауыл (деревня) үйлерін көргендегідей көңілім құлази берді, бірақ, барлық бөлмелерден тәннің табжылмас рухын сездім, бір кездегі сүттей ұйыған үлкен жанұяның келмеске кеткен күндерінің шуақты елесі, үй иесінің қазымырлау болып қартайған шағында тұтынған қайрымы мол заттары, киім-кешегі, ол тыныстаған ауа, бейне бір болмыс пен өнерді танудың азапты жолынан өткен әлемдік ұлы адамның ойы мен сезімі, сенімі мен секемі мәңгілікке осынау үйдің өн бойына сіңіп кеткендей.

 

* * *


 

Толстойдың күнделіктерінен:

Жуырда тағы да әлде бір америкалықтың 2000 жылы көшелер мен жолдар, тағы басқасы қалай құлпырады деп келетін қиялын оқыдым. Сонда, осынау жабайы ғалымдарда прогрестің не екенін елестетер түйсік болсайшы. Бұйырмасын, нышаны да жоқ, олардың ойынша, соғыстың құруы тек қана материалдық прогреске кедергі жасайтындықтан көрінеді!

...Мен оларға өзімнің тықыршып күтетін арман-аңсарым, әрекет-ниетім жалғыз ғана прогресс – туысқандық пен сүйіспеншілік бірлігінің прогресі екенін, электрлендіру емес екенін айттым… Тіршіліктің тірегі де тек қана сол ғой» (1895 жылдың 14 сәуірі).

...Егер өнер деген және оның мұраты деген бар болса, онда өнердің басты мұраты шындықты адамның жан жүрегіне жеткізе, тигізе айту болса керек, онда да жайдақ сөзбен айтып жеткізуге болмайтын құпиялар айтылса жөн. Сонда ғана, өнер болып шығады. Өнер де микрскоп сияқты. Алдымен, суреткер өз жүрегінің құпиясына үңіледі де, сонсоң, әлгі құпияны жұртшылыққа жайып салады» (1896 жылдың 17 мамыры).

...Идеал деген жанның рахаты емес, жанның пәктігі» (1898 жылдың 1 қаңтары).

...Ақыл-ойдың міндеті адамзатқа қызмет ету. Сұмдықтың көкесі сол ақыл-ойды өзіңе қызмет еткізіп қоюда ғой» (1898 жылдың 24 тамызы).

...Ар дегеніміз жеке адамдардың бойына жинақталатын қоғамның жады» (1899 жылдың 2 қазаны).

...Ардың тағы да бір анықтамасы, өз ақыл-ойыңның құдіреттенуі болса керек» (1900 жылдың 12 шілдесі).

...Пушкиннен Гогольге дейінгі үлкенді-кішілі дарындардың бәрі де: «Жо-жоқ, мұнан да гөрі тәуірлеу етсе» деп тер төккен. Ал қазіргілер: «Ой, тәйірі-ай, осы жарайды» деп ысыра салады» (1909 жылдың 4 ақпаны).

...Адамдарды адамдардың игілігі үшін өлтіру деген таң қалдырар есуастық қой» (1908 жылдың 26 қазаны).

...Кеше сағат 12-ге дейін карта ойнадық. Ұят. Масқара. Біреулер: «Ұстаңызға болайын, тұяқ серппестен 3 сағат карта ойнаған» дейді-ау. Сонсоң отырып, шынымен-ақ: осының өзі қажет те шығар. Нағыз тәтті тіршілікке мойынұсыну осы болар деп ойладым. Енді қалай деп едің, генерал өзінше генерал болып, елші – елші сияқтанып, ал ұстаз – ұстаз ғана болып қалуы керек пе?! Мүмкін емес. Адам қашан да адам сияқты болуға тиіс» (1908 жылдың 15 қарашасы).

...Менің қолыма керней берілген, мен соны меңгеріп, пайдалануға міндеттімін» (1909 жылдың 12 қаңтары).

 

* * *


 

Василий Беловтың «Сұхбат» деген шығармасында мынадай бір барлық заманға лайық келе беретін сұхбат бар: «Ұлдың қолын мен де көрдім. Бірер ай күйеу баламның үйін қонақтадым. Содан, бір күндері күйеу бала оспақтап сөйлеуді шығарды: «Мынаны айтшы, - дейді, - осы әтеш неге ән салады деп ойлайсың?» Мен отырамын да: «Неге ән салады деймісің, ән салатын болған соң ән салады да. Өзі әтеш болса, қолынан басқа не келуші еді» - деймін.  «Жоқ, - дейді,  күйеу балам, - неге десеңіз, оның ән салатын себебі, ол жалғыз, үйленбеген».

 

* * *


 

...Мұстафа Шоқай Германияның билік орындарына жолдаған хатында: «Сіздер-немістер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ» деп жазады. Осы хатты тапсырған СС офицері: «Пікіріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде Мұстафа: «Егер сіздер осыған байланысты маған ату не асу жазасын берсеңіздер – қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі  өлгенім артық» дегені жары Мария Яковлевна арқылы бізге жеткен.

 

 

Мөлтек ойлар


 

 

«Көңілдегі көрікті ой жанрдың қадыр-қасиетін орнықтыру үшін жазылмайды, керісінше, сол ой-толғамның жосығы жаңаша жанрлық үлгіні дүниеге әкелуі бек мүмкін».

 

* * *

 «... Алда базистік болмысты мүлде бөлек өмір салт күтуде. Еуразияның апайтөс даласында айдарынан жел ескен көшпелілердің қайталанбас өмір салты жиырмасыншы ғасырда бөлек арна тартты. Технократтық даму  жеңді, табиғаттың өзіндей табиғи өмір салт жеңілді.  ...Демек осынау тарихи дерттің ден демеуі үшін тегеурінді әрекетке көшіп, халықтың ғасырлар бойы қатталған ұлы мұрасын бүгін мен болашақтың игілігіне айналдыру ең киелі  мұраттардың бірі болуға тиіс. Бұл тарихи дамудың қатал талқысында өз болмысыңды сақтап қалудың, келер күндерді ұлттық-этникалық төл қадір-қасиетіңмен қарсы алудың бірден-бір кепілі».

 

* * *


 

 «...Қазіргідей құбылмалы заманда құбылмай ғұмыр кешудің өзі оңай шаруа емес. Бұл сияқты, адамдық қалыптың түзулігі, сөз жоқ, бойға біткен парасат қуатының тегеурінділігін танытады. Әрине, ондай тегеуріні, әсте, өзімен-өзі болып, томаға тұйық қалмақ емес. Төңірегіне шапағат нұрын шашып,  сасқанға сабыр дарытып, асқанды тәубесіне келтіріп отырмақ».

 

* * *


 

 «Ескіні жаңаның ығыстыруы, жаңаның уақытқа қызмет етуі бұл – мәңгілік процесс. Осынау бірін-бірі жоққа шығарып жататын мәңгілік процестің үзілмей созылатын бір арқауы бар. Ол – дәстүр».

 

* * *


 

 «Тарихи тағдырдың елегі шайқаған кезде оның тор көзінен ездер түсіп қалып, ересендер ғана іріктеліп, қоғам көшіне ілеседі».

 

* * *


 

 «Бүгінгі таңда мәдениет туралы екі түрлі түсінік бар екен. Оның бірі – мәдениет пен өркениет біртұтас құбылыс деп қараушылық. Екіншісі – мәдениет санатына тек қана рухани-эстетикалық саланы  жатқызушылық.

Мұның екеуі де жаңсақ ұғым. Абзалы, қоғам мен мәдениетке біртұтас әлеуметтік  системаның әртүрлі аспектілері ретінде қараған жөн. Былайша, айтқанда мәдениет дегеніміз қоғамның өмір сүруінің міндетті қызметі болуы керек».

 

* * *

 «Мәдениет дегеніміз – қоғам өмірінің дара бөлігі немесе оқшау саласы емес, керісінше сол қоғам өмірінің біртұтас қалпындағы мәнді де құнды айғағы».

        

* * *


 

 «Уақыт мейлінше күрделі. Соңғы тынысқа дейін рухани мәңгүрттікке қарсы күресуден басқа жол жоқ. Технократтық даму ұлттық атаулының бәрін кеміріп, жалмап, обып құртып барады. Ішіңнен шыққан балаңа «біз осындай болып едік» деп нандыра алмайсың. Ал өзіндік қасиетінен айрылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті ғана. Сондықтан бұл жолда еткен еңбек пен төккен терді тәңірдің сыбағасына балай жүріп, өткеннің асылдары болашақ ұрпақтың жан жүрегін жылытуы үшін қол жалғап жіберу қажет-ақ».

 

* * *


 

 «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «жағдаят» сөзінің мына сияқты 5 түрлі мән-мағынасы көрсетілген: 1. Хал-ахуал, тұрмыс-жай; 2. Нақтылы жай-күй, қалып; 3. Кездейсоқ оқиға, іс; 4. Оқиға желісіндегі белгілі бір сәт кез; 5. Қолайлы мүмкіндік, ыңғайлы жай-күй». Осынау түсіндірмелердің жалпы мән-мағынасы күнделікте тұрмыс-тіршіліктегі өмірлік нақты оқиғалар туралы айтылатын әңгіме (жағдаят) дегенді аңғартады. Сондықтан да, «жағдаят» сөзі күнделікті тұрмыс-тіршілікте өмірлік нақтылы оқиғалар туралы айтылатын ауызша әңгімелерге атау болатын термин ретінде әбден ұрымтал деп білеміз».

 

* * *


 

Жаңалық атаулыға оп-оңай жұтылып кетпей, сол жаңалықтың ең озығын бойына сіңіріп, өзінше қорыта алатын дәстүрдің тұғыры берік, ғұмыры ұзақ. Ал, жаңалықты бойына сіңіре алмайтын дәстүр – астан қалған, өлімге бой ұсынған ауру адам сияқты. Демек, көсегесі көгерер елдің дәстүрі өткенін тұғыр ете отырып, жаңамен тіл табыса да біледі.

Дәстүрдің де тозатыны болады. Егер, дәстүр атаулыға талғамсыз табынар болсаң, онда, штампқа ұрынасың. Сондықтан, күні өткен дәстүрді еш қиналмастан сілкіп тастап отырған абзал. Күні өткен дәстүрді Вахтангов «жақсы, бұзылмай сақталған мәйітке»  теңеген.

Ең қиыны өткен мен жаңадан нені таңдап, олардың қай асылына табан тіреп отыру керек екенін білу. Бұл үшін бүкіл халықтық талғамның дәстүрі қалыптасуы керек. Онсыз шөре-шөре дегеннің аузына қарайтын тобырдың ортасында ғұмыр өтеді.

 

* * *


 

Король Артур заманының бір болмашы деталі назар аударады. Ол – Дөңгелек Үстел идеясының тууы. Әрине, дөңгелек үстелде төр болмайды. Демек, бірінен бірін артық санатқызатын бәсеке-бақастық та жоқ деген сөз. Сондықтан да, Артур корольдің Дөңгелек Үстеліне отыратындар өздерін ерлігімен, адамдығымен тең санайтындар.

Кез келген елдің жақсы қасиетіне назар аударғанда өз жұртыңның қасиетін де салғастырып отыратының болады. Қазақтарда да ауылдың алқақотан қонуы, үстелінің дөңгелек болуы, қораланып отырып кеңес құруы, дөңгеленіп отырысуы, тіптен киіз үйінің де дөңгелек болуы ертеден бар дәстүр. Бұл да халқымыздың кісілік қалыбына ықпал еткен бір қасиет екеніне шәк болмаса керек.

 

* * *


 

Наурыз мерекесі күндері жыл берекелі болсын деп ыдыс атаулыны бос қоймайды, жақсылық бел алған күн ғой, сәтіне қарай тартады деп алуан түрлі ырым-жоралғы жасайды, түс жорытады, жауырын-құмалақ аштырады, балалардың жасына қарай кекіл, тұлым, айдар қояды, қаз басып жүре бастаған жас нәрестенің тұсауын кеседі, мал тарыдай көп болсын деп қотанға тары шашады, бұл күнгі құдалық өмірлі болады деп құдалық айттырады, құйрық-бауыр жесісіп, төс тигізіседі, уәде байласады, жамандықты ала кетсін деп ескі-құсқы заттарды отқа жағады, өлік шыққан үйді, сырқат адамы бар үйді, індет келген қотанды отпен аластайды, теңдікті Тәңірдің өзі ұнатады деп қарыздан құтылады, өкпе-назды ұмытып бітімге келеді, жұтқа ұшырағандарға жылу жинап ел қатарына қосады, құл мен күңге азаттық береді, еркек пен әйелді күрестіреді, жаппай жаяу жарыс ұйымдастырады, барша жанды тең санайды, берекенің бастауы деп жеті түрлі дәмнен Ұлыс көже пісіреді, бұл күнгі тілекті Тәңір қолдайды деп бір-біріне жақсы тілек айтысады, бата беріседі, Ұлыстың құты деп шығар күнге ақ шашып, тәу етеді т. б.

Арада алпыс үш жыл өткенде дәстүрлі жаңа жылымыз – Ұлыстың Ұлы Күнін қайтадан тойлай бастадық. Әрине ниет дұрыс, тілек дұрыс, көңіл қалауы да дұрыс, халықтың қуануы да дұрыс...Алайда, арада өткен ұзақ үзіліс халыққа осынау ұлы мейрамның ұлы дәстүрін ұмыттырып үлгерген екен. Ел не істерін білмей, өздерін соншалықты ебедейсіз сезінеді. Тіптен неге жиналып, не үшін қуанып жүргендерін білмейтін сияқты.

 

* * *


 

Құнанбайдың әкесі Өскенбай төңірегіндегілердің насыбай атып, темекі тартуына мейлінше қарсы болса керек. Тіптен, бірде ауылындағы біреуді өзгеге көз қылып, насыбай иіскегенін қоймағаны үшін танауын бәкімен шекітіп жібертсе керек... Бұл жөнінде ел ішінде насыбай атып, темекі тартатындарға: «Өй, мұрыныңды Өскенбай кескір!» деп ұрсатын сөз орныққан.

Арада жылдар өтіп, Өскенбай өлген соң Құнанбай насыбай атуды бастапты дейді. Бірде, көпшілік бас қосқан алқалы жиында елдің дуалы ауыз қадірлі адамы отырып: «Уа, Құнанбай, әкең Өскенбай еліңнің тәнін таза, денін сау етемін деп, насыбай атқанға пышақ жұмсауға дейін барып еді. «Өзі жоқтың көзі  жоқ!» деп, ата өсиетін аяққа баса берсек не боламыз?!» депті. Сонда Құнанбай тұт ағашының безінен ойылып, күміспен күптелген шынжырлы шақшасын бешпентінің қалтасынан алып, қимағандай бір ауық сипап отырып: «Бір ауыз орынды сөзіңнің садағасы... тастадым насыбайды!» - депті.

 

* * *


 

Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» еңбегін жазуға өз заманының екі түрлі жағдайы себепші болған. Бірінші, Ыбырай ашқан мектептерде сол кездің талабы бойынша  міндетті түрде дін сабағы өтуге тиіс еді. Әрине, бұл талапты орындауда да Ыбырай өзінің  ағартушылық бағытынан жаңылмай, ислам дінінің канондарын таныстырумен бірге, негізінен, адамгершілік, имандылық, парасттылық мәселесіне баса ден қойып  отырады.

Кітаптың жазылуына себепші болған екінші жағдай, сол кездегі енді орныға бастаған жазба мәдениетімізде араб, парсы, әсіресе, татар  сөздерінің көптеп енуі Ыбырай сияқты елінің ертеңін ойлайтын азаматты бейтарап қалдыра алмады. Тек, Ыбырай ғана емес, сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялыларының қай-қайсысы да қазақ әдеби тілінің таза күйінде орнығуына айрықша көңіл бөліп, татардың дүмше миссионерлерінің халық тілін шұбарлап бара жатқанын уайым етті. «Орыс халқының византиялық дәуірді бастан өткергені тәрізді, қазаққа татар дәуірін бастан өткеру сияқты қатерлі белес тұр» - деп жазды Шоқан Уәлиханов. Міне, сондықтан да «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегін жазудағы мақсаты жөнінде Ы.Алтынсарин былай дейді. «... біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін. Ал, екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек  алуына жол бермеу үшін, мен соңғы кезде Мұхаммед шариғатын үйрене бастап... осы оқу құралын құрастыруға кірістім».

 

 * * *


 

 «Қазақ даласында дәурен сүрген дәулеттің (страна), ұлыстың (держава), қағанаттың (империя), мемлекеттің (государство), хандықтың (царство), сұлтандықтың (княжество), орданың (отечество), әулеттің (династия) әр кез-кезеңде шаңырақ көтерген астаналары болған. Соңғы екі мың жыл аясында тарих анналына тіркелген ондай астаналардың саны оннан астам екен: Солтүстік Ғұнның Құтыс қаған билеген кездегі астанасы Тараз. Бұл – жаңаша жыл санаудың алғашқы ғасырлары. Исі түркілердің Алтай тауындағы астанасы Туғұн (Дуган) деп аталады. Бұл – ҮІ-ҮІІ ғасырлар. Батыс Түркі қағанаты  мен Түргеш қағанатының Шу бойындағы астанасы Суяб. Бұл ҮІ-ІХ ғасырлар. Қарлық қағанатының астанасы Құлан – қазіргі Луговой. Бұл ҮІІ-Х ғасырлар. Қыпшақ хандығының астанасы Сығанақ.  Бұл Х-ХІІІ ғасырлар. Мұнан кейін XV ғасырда Қазақ хандығы шаңырак көтерді. Сол кезден бастап Қазақ хандығына, Қазақ мемлекетіне, Қазақ еліне астана болған қалалар: Сарайшық, Түркістан, Орынбор, Қызылорда, Алматы, Астана.

 

* * *


 

Қазақ әдебиеті тарихының ХҮІІІ ғасырдағы Бұқар жыраудан, түркімен әдебиеті тарихының ХҮІІІ ғасырдағы Мақтұмқұлыдан, қырғыз әдебиеті тарихының XIX ғасырдағы Қалығұлдан басталды деп бізге кешеге дейін сіңірумен келді.

 

* * *


 

Шаруашылығын келістіре алмаған рулар ұдайы дәулетті рулардың ішіне сіңіп кетіп отырған.

 

* * *


 

Адам баласының өзін-өзі танып, дүние сырын түсініп, өзінің адам екенін орнықтыратын қасиеті – оның көркем және интеллектуалды шығармашылығы арқылы көрініс табады. Мәдениет дегеніміздің өзі де осы. Шексіз уақыт аясында дүниеге келіп-кетіп жататын адам болмысын қалай түсінуге болады? Оның арман-мұраты, мақсат-мүддесі, сезім-түйсігі, күйініші мен сүйініші, ақылы мен ақымақтығы, рахаты мен азабы, адамдығы мен алаяқтығы, ерлігі мен ездігі, әділдігі мен қараулығы...міне осының бәрі де ұлы суреткерлер дарынының арқасында сөз, дыбыс, бейне, қимыл түрінде көрініс табады да, рухани игілікке айналады.

Мәдениеттің өзекті мұраттарының бірі – қоғам болмысына сын көзімен қарау. Романтизм дәуіріндегі «қарғыс атқан» ақындар бүгінде саяси белсенді күрескерге айналған. Олардың күрескер рухы адамзатты сілкіп оятқандай.

 

* * *


 

Мәдениет аясында төрт жағдай айырықша назар аударады: I. Адамдардың өзіне деген қатынасы; 2. Адамдардың өзара қатынасы; 3. Адамдардың өз еңбегіне қатынасы; 4. Адамдардың табиғатқа қатынасы.

 

* * *


 

Төлтума қасиеті жоқ адам – пенде, төлтума қасиеті жоқ ұлт – тобыр. Төлтума даралықты сақтау дегеніміз өзгеге ұқсастық пен өзгеден ерекшеліктің парқын білу дегенге саяды.

 

* * *


 

 «Мәдени мұра» бағдарламасымен шығып жатқан, ұлыңа мұра, қызыңа жасау болуға татитын ғажайып рухани қазыналар бірер мың ғана тиражбен жарық көруде. Қазақстанда 9 мындай мектеп, 15 мыңдай кітапхана бар. «Мәдени мұра» өнімдеріне осы орындардың да қолы жетпей отыр. Сонда өзінен-өзі сұрақ туындайды: осынау тарихи бастама не үшін қолға алынды?! Кім үшін жасалуда?..

Менің ойымша, «Мәдени мұра» сериясының кітаптары жоқ кітапхана болмауға тиіс! 2007 ж.

 

* * *


 

Рустам Ибрагимбековтің «Көшпелі» киносценарийі жайлы.

Әбілхайыр ханның сұлу әйелі Нұрбике өзі қымыз пісіп, өзі қымыз құйып, қонаққа қызмет етеді. Қате түсінік. Хан ордасында қызметші болады. Хан әйелі, әрі кетсе, қымызға қол жалғайды.

...Қабанбай батыр Абылай ханның үстіне кіріп келіп, 70 мың қалмақ әскерінің келіп қалғанын айтады: «Как же ты, хан, думаешь защищать славный город Туркестан?» дейді.

Сонда Абылай хан: «А кто сказал, что я собираюсь защищать эту гурду опустевших развалин? Я свое отвоевал. Ты же сам говоришь, что у контайчи сем туменев воиска... Пусть народ сам защищает свой город» дейді.

Қазақ хандарының тарихында мұндай кісәпірлік болып көрген емес. Қазақ хандарының дарындысы болды, дарынсызы болды. Ол табиғаттың ісі. Ал, халық тағдырынан қара басын бөлектегені болған емес.

...Мұнан әрі Қазан төңкерісіне арналған фильмдерден айнымайтын көрініс. Қабанбай батыр Түркістан қаласының аш-жалаңаш жалаңаяқтарын жинайды да, мешіттің мұнарасына шығып былай дейді: «Я не из вашего жуза, но мы все принадлежим к одному корню».

...Қазақ пен қалмақ батырының арасындағы жекпе-жек басталғалы тұр. Қазір қан төгілмек.

Жауынгерлер арасында өнімсіз қылжақ, қарқ-қарқ күлкі.

...Адам айтса нанғысыз жекпе-жек. Шарыш, қуып жүр, Жәнібек қашып жүр. Қашып келе жатып  бүткіл сауыт-сайманын лақтырады. Содан тоқтай қалады да, «прием» жасап жіберіп, Шарыштың мойнын күтір еткізіп бұрап тастайды. Сонсоң, Шарыштың басын кесіп алып, көкке көтереді. Қазақ жауынгерлері дулығаларын аспанға атып қуанады.

Мұны жазған адам көшпелілер арасындағы соғыс алдында болатын жекпе-жектің жорасын, сыр-себебін мүлде білмейді деген сөз.

...Автор қазақты алты бақан алауыз ел деп түсінеді. Тіптен, Тибеттегі ламаның өзі Абылай ханға былай дейді: «Ваше беда в том, что вы, в отличие от джунгар, разрознены. Вам надо объединится» дейді.

...Киносценарийде ел-жұрттың көзінше, өгей шешесінің алдында қызды бас салып зорлап жіберу сөз емес. Немесе, қазақтардың жоқ нәрсеге бола итше ырылдасып, сарт-сурт төбелесе кетуі де үйреншікті жағдай. Автордың қазақ болмысы туралы мүлде дүбәраланған таным-түсінігі осындай.

Түйін сөз. Нағыз өнердің киелі шарты бар. Ол – өнердің ұлттық-этниқалық болмыспен шендесіп жататыны. Сонымен бірге, өнердің кісілікті ой-идеясы мен талғам-өнегесі жалпы адамзаттық арман-аңсармен де үндесіп жатуы мүмкін, үндесіп жатуы қажет те. Кез келген адам әкесі мен шешесінің ғана перзенті емес, белгілі бір әлеуметтік-этникалық ортаның да бір бөлшегі. Бұл тұрғыдан келгенде өнер белгілі бір әлеуметтік-этникалық ортаның тарихи ахуалын шыншылдықпен бейнелеп қана қоймауы керек, сонымен бірге, сол әлеуметтік-зтникалық ортаның шыңдалып-шымырлануына да ықпал етуге тиіс. Отаршылдық пен социдеология заманында әбден рухы жасып, этникалық арман-аңсары (идеялы) әбден алашабырланып, ұлттық нигилизм әр жүрекке әбден дерт болып байланып, сол індеттерден арылу бүгінгі тәуелсіздіктің баянды болуының кепіліне айналып отырған заманда қазақ халқы елдік еңсесін көтертер рухты өнерге айрықша зәру.

Р.Ибрагимбеков болса ұлттық-этникалық рухқа табан тіреуді мұрат тұтқан сценарист емес. Оның шытырман оқиғаларды ғана әуезе көрген, елсіз, жерсіз, тексіз сценарийлерінің Америка киношыларын қызықтыруында да осындай гәп бар.

Нағыз өнердің тағы да бір киелі шарты бар. Ол – өнер ешуақытта өзі объекті етіп  отырған әлеуметтік-этникалық ортаның болмысы мен мүддесін тәрк етіп, өзгеге жағу үшін дүниеге келмеуі керек. Өкініштісі, қазақтың дүбәраланған рухани мәдениетін туындатушылар өз елінің ұлықтауынан гөрі, өзгенің «әп, бәрекелдісін» жоғары қоятын дерттен арыла алмай келеді.

 

* * *


 

Мүде қаған (ж.ж.д. 228-174 ж.) – Сиуңну (Ғұн) империясының негізін қалаушы, жеке тағдыры қызық та қасіретті оқиғаларға толы, қаталдығы мен даналығы қабат өріліп жатқан күрделі тарихи тұлға.

...Сиуңнулардың ата-баба дәстүріне негізделген азаматтық, қылмыстық заң жүйесінің өмірге келуі осы Мүде қағаннан басталады. Бірақ, бұл заңдардан қытайдың байырғы жазбалары арқылы бізге жеткені 4-5 бап қана.

Олар:

- адамға пышақ, не қанжар салып, өлімші еткендер өлім жазасына кесіледі;

- ұрлық жасаушының мал-мүлкі түгел тәркіленеді;

- жеңіл қылмыс жасағандардың беті тілінеді. Қазақтың «бетің тіліңгір» деген қарғысы осы Мүде қаған заманынан бүгінге жеткен бір белгі болса керек;

- ауыр қылмыс жасағандар өлім жазасына бұйырылады;

- қылмыстыларды қамауға алып, жазасын беру он күннен әріге созылмайды (Бірақ мемлекетте мұндай қамауға алынатын қылмыстылар онша көп болмаған).

 

* * *


 

Жүсіпбек Елебеков Алматыға алғаш келгенде елден алып шыққан ең қастерлі мүлкі ұлы Абайдың қылдан өрген шыбын қаққышы болған.

 

* * *


 

 «Тек қана Кеңес заманында 5 миллион қазақ репрессия мен аштықтың құрбаны болып, 2 миллиондай қазақ шет елді паналауға мәжбүр болды. Қазір 4 миллионнан астам қазақ дүние жүзінің 32 мемлекетін паналап, тілі мен діні әртүрлі ортада ғұмыр кешуде.

Бодандық кезеңінде табиғат байлығы қорқаулықпен тоналып, экожүйеге бейімделген дәстүрлі шаруашылық зорлықпен өзгертіліп, 1949-1989 жылдар аралығында 500-дей атом және сутегі бомбалары сыналып, Қазақ даласы экологиялық сүргінге (катаклизм) ұшырады.

Зұлымдықтың ұзақ өмір сүрмейтінін ақ бас тарих бұл жолы да қапысыз тағылым етті. Өзге ұлттар сияқты қазақ халқы үшін де отаршылдықтан құтылу мейлінше қиын болды. Ал, отаршылдықтың зардабынан арылу да батпандап кірген дерттің мысқылдап шығатыны сияқты, оңай емес екенін тәуелсіздіктің артта қалған жылдары көрсетіп отыр».

 

* * *

 «Қазақстанға қандай демократия қажет дегенде жалтылдақ белсенділікке салынып жұрген кейбіреулер болса, тілі мен ділі бөлек, өмір-салты мен дәстүрі басқа, ең бастысы саяси-әлеуметтік тарихы мен шаруашылық-мәдени типі мүлде бөтен елдердің демократиялық үрдістерін тәу етіп, сол елдердегі демократиялық ұстанымдарды жіп-шырғасын шығармастан көшіріп әкеп, Қазақстанға орнықтыра қойғысы келеді. Мемлекеттің төл болмысымен санаспай, жат жұрттың саяси-әлеуметтік үрдісіне жалаң еліктеу, бейнелеп айтқанда, жылқыны шошқамен будандастыру арқылы жаңа тұкым аламын деп талпынғанмен бірдей әбестік».

 

* * *


 

 «Рас, Қазақстан қазіргі этникалық алашабырлықты, яғни жүзден астам этникалық диаспоралардың қазақ жерінде ғұмыр кешуін Құдайдан тілеп алған жоқ. Бұл ахуал бұған дейінгі тарих толғағының нәтижесі, дәлірек айтқанда, бүгінгі қазақстандықтардың жазмыштық тағдыры. Осындай ахуалда, біз сол жүзден астам этникалық диаспоралардың әрқайсысының тарихи отаны бөлек екенін, тілі мен ділі дара екенін біле отырып, сонымен бірге сол этникалық диаспора өкілдерінің  әрқайсысы сәл мүмкіндік болса өз еліне, өз отанына кетуге ділгір екенін көре отырып, олардың әрқайсысына сол тарихи отанындағыдай жағдай жасаймыз деп тыраштансақ, яғни, төл мәдениеті мен тілін көркейтіп береміз деп жалпаңдасақ және бұл әрекет-қылығымызды нағыз демократиялық үрдіс деп қописақ, онда мұнан өткен жалпақшешейлік болмас еді. Кез келген мемлекетте саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани біртұтас арман-аңсар (идеал) болса ғана ілгері дами алады. Қырық ру этникалық диаспоралардың Бабыл (Вавилон) мұнарасын ұқсата алмай, быж-тыж болғаны тарих тағылымынан туған әпсана. Яғни, жүзден астам ұлттық диаспоралардың тарих толғағы маңдайларына жазған Отаны – Қазақстан болса, қазақ халқы сол ұлттық диаспоралардың жарастықты өмірлеріне ұйытқы болатын тірек ұлт. Тұрғылықты халық ретінде қазақтардың Қазақстандағы жарастықты өмірге ұйытқы болуы және қазақ тілі мен мәдениетінің Қазақстандағы барша ұлттық диаспоралар үшін тірек болуы, әсте, қазақтарға берілер артықшылық ретінде қабылданбауға тиіс».

 

* * *


 

Ең өкініштісі, Қазақстанда нағыз демократиялық мүмкіндік бола тұра, Қазақстан Үкіметі стратегиялық та, тактикалық та тұрғыда нақтылы ахуалмен санаса алмай, саяси жасқаншақтық танытуда. Ал, Қазақстандағы әртүрлі партиялар мен топтардың өкілдері болса, әлемнің өктем мемлекеттеріндегі демократиялық үрдістерді пір тұтқансиды. Сөйтіп, өздерінің қарақан бастарының қам-қаракеттерін мемлекет пен ұлт мүддесінен жоғары қою арқылы демократиялық үрдістерді пендешіл пиғылдарына қолжаулық еткісі келеді. Бұлардың алғашқысы (Қ.Тоқаев бастаған Үкімет) саяси именшектік танытып отырса, соңғысы (Ә.М.Қажыгелдин және т.б.) қоғамдық сананы шұғыл бұрылыстарға бастауымен алаңдатып отыр.

 

* * *


 

Ғайбат сөз әлдебіреуге қатысты айтылса қынжылтады, ал тұтас елге қатысты айтылса шошытады. Білікті азамат деп жүрген Әкежан Қажыгелдин былай дейді:

«Еще несколько лет назад я доказывал, что политика властей Казахстана по отношению к русскому населению неадекватно и близорука».

«... Курс на вытеснение русских и несогласных с режимом казахов (которых становится все больше) и на создание моноэтнического государства проводится властями под воздействием инстинкта самосохранения» (А.Кажегельдин. Правозащитная империя. «Известия», 12.04.2000).

 

* * *


 

Қазақстанда 7910 орта мектеп болса, таза қазақ тілді мектеп  3395 қана. Салыстыру үшін 42 пайыз орыстар тұратын Украинада  орыс мектептері  жалпы мектептердің 3 пайызын ғана құрайтынын айта кетуге болады.

 

* * *


 

 «Жер туралы әңгіме өрбігелі «Жерге жеке меншік құқы болсын», «Біз өз жеріміздің қожасымыз», «Жер қазақстандықтардікі, қазақстандықтарды біріктіретін ұлттық идея, міне, осы» дегендей жалаң ұрандардың біраз адамды еліктіріп жүргенін көз көріп отыр. Мұндай желбуаз ұраншылдықтың басы-қасында Олжас Сүлейменовтің жүруі өкінішті-ақ. Әлгіндей ұраншыл сөздер жазатайым еленіп-ескерілер болса, онда Қазақстан жерінің тарихи иесі – қазақ халқының оңбай опық жейтіні ойлай білетіндерді күмәндандырмауға тиіс. 2000 ж».

 

* * *


 

Қазақстандағы 120-дай этникалық топтың санасында дәл бүгін қазақстандық партиотизм қалыптасып үлгерді десек, Құдай алдында да, тарих алдында да артық айтқандық болар еді.

 

* * *


 

Жәнібек, Керей заманынан кейін аттай үш-төрт ғасыр дербес мемлекет болып, ұлттық дара болмысын орнықтырған кезде Қазақ даласында мешіт жоққа тән еді. Ол діннің қатал конондары көшпелі өмір-салттағы қазақ болмысына терең даруы мүмкін емес еді. Себебі, ислам діні отырықшылардың діні. Мұның жарқын айғағы ретінде Африканың көшпелі елдері Эфиопияға ислам дінінің тек ХІІ ғасырда ғана, Суданға ХҮІ ғасырда ғана зорлықпен дарығанын айтуға болады. Осы орайда бәдеуилер де көшпелілер емес пе еді деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Рас, бәдеуилер көшпелілер, бірақ, олардың көшпелі өмір салты қазақтар сияқты жыл маусымының құрлықтық ырғағына бағынып, бойлықты қуалап көшетін өмір-салттан мүлде бөлек. Бәдеуилер бір жұтым су үшін кез келген уақытта бағытын өзгертіп отырса, сонымен бірге мешіттен көз жазбауға міндетті болса, қазақ көшпелілері жыл құсы сияқты бойлықты қуалап, мәңгілік көктемге ілесіп, жыл уағында мыңдаған шақырымдық алапты орай көшіп-қонып  отырған.

...Патшалық Россияның отаршыл саясатын жүзеге асыруға ислам діні қолқанат бола кетті. Бұл ретте, Ресей империясы қазақ қауымы үшін ислам дініне миссионерлік міндет жүктеді. Ондай міндетті жүзеге асырту үшін ондаған, жүздеген татар моллаларын арнайы дайындықтардан өткізіп, Қазақ даласына жүйелі түрде аттандырып тұрды. Олар сауатсыз елдің санасын екі-ақ ауыз сөзбен арбап, патшалық Россияның отаршыл пиғылына мойын ұсындырды. Егер ислам дінінің өзекті постулаты: «Құдай бір, пайғамбар хақ!» деп айтылатын болса, арнайы дайындықтан өткен татар моллалары: «Құдай бір, патшанікі уәжіп!» деген сенімді орнықтырады. Кешікпей-ақ қазақ қауымы үшін патшаның қалауы құдайдың қалауы ретінде қабылданатын болды. Сол тәрбиенің шет жағасын көріп қалған қазақ қарттарына күні бүгінге дейін «Ақ патша!» десең селк ете қалады.

Қыр қазақтарына арналған 1867 жылғы әйгілі заңнан кейін қазақ халқының көшпелі өмір-салты, сол өмір-салтпен шендесіп жатқан ішкі әлеуметтік-саяси құрылымы быт-шыт болып, елдің шырқы бұзылып, ру арасы  бүлінген кезде патша әкімдері сахараны еркін аралап, төрелік жасауға шыға бастады. Сонда, бәрінің бір ауыздан таңқалып жазатыны қазақ халқының ислам дінін мойындамайтындығы болған. Ақмола генерал-губернаторы өте құпия деген грифпен жазған ресіми қағазында былай дейді: «... Киргиза хотя и называют себя мусульманами, но в свой частный жизни, как религиозном, так гражданском и нравственном отношении они не руководствуются ни «Кораном», ни шаригатом и никакие другими постановлениями могометанской религии, а своими народными обычаями... Будучи незнакомые с магометанским ученим киргизы чужды фанатизма, легко уживаются с русскими» ( ГАОО.  3-фонд,  9-тізім, 15406-іс, 1,1-парақ.)

...Осы орайда, ислам дініне бой ұсынып, бағдар дүзеуіміз өзінен-өзі дәстүрлі мәдениетіміз бен дүниетанымымызды ығыстырып, схоластика мен мистиканың бел алуына ұрындырмай ма деген алаң сезімнің мазалайтыны да рас. Біз қай заманда, қай ғасырда өмір сүріп отырғанымызды ұмытпауымыз керек. Қандай әлеуметтік сүргінге тап болсақ та, ендігі адамдардың көз жасын мистикамен құрғатып, көңілін схоластикамен алдандыру мүмкін емес.

Осының бәрін сезе отырып, республикамызда мешіттердің де бола түскенін, медреселердің де ашыла бергенін, «Құранның» да аударылғанын қалар едік. Сонымен бірге, ислам дінінің де имандылықты, сауапшылдықты, биік адамгершілікті насихаттайтын ықпалды қасиетін, керек десеңіз ұлтаралық ынтымаққа дәнекер бола алатын қасиетін мейлінше икемділікпен бүгінгі өмірімізге жарата білуіміз қажет. Тек мұндай қадамдарымыз бұ дүниеде мұрты майланып, о дүниеде көңілі жайлануды қалайтын өзімшіл көркеуделікпен емес, білікті білімдарлықпен, биік парасатпен жүзеге асса екен дейміз. Дін иелері халықты бақытқа бастар Алла жолынан жаңылмайтын зерделі, көреген болса екен дейміз. Ал, кез келген халықтың бақытсыздығы өзінің халықтық төлтума қасиеті мен мәдениетін жоғалтудан басталады. Бұл – бір құдайлық наным-сенім қалыптасқаннан бері адамзат баласы бастан кешіп келе жатқан ақиқат».

 

* * *

Мәдениет министріне ұлт мүддесі туралы жазылған хат. 1995 ж:

«Қазір Қазақстанда мадениет туралы дұрыс ой-тұжырым орнықпай отыр. Біздің зиялыларымыз да, биліктің тізгінін ұстағандарымыз да не мәдениет пен өркениетті шатастырады, не мәдениет санатына тек рухани-эстетикалық саланы ғана жатқызады. Бұл мүлде қате түсінік. Адамның оң көзіне қарағанда сол көзінің «мәдениеттілеу» болмайтыны сияқты, біртұтас қоғамдық өмірдің біртұтас мәдени-рухани болмысын әсте жіліктеп қарастыруға болмайды. Егер, теориялық анықтамамен айтар болсақ, мәдениет дегеніміз әлеуметтік организм ретінде этностың дамуын қамтамасыз ететін институттанған адам қызметінің тәсіліне айналу керек.

Осынау басы ашық тәртіп-заңдылық бойынша Парламентте мәдениет туралы Заң қабылдану керек; сол заң бойынша мәдениет минстрілігінің  статусы белгілену керек; ол статус бойынша Мәдениет министрлігі ұлттық идеологиядан бастап, ұлттық менталитетке дейін, мемлекеттің мәдени-рухани болмысынан бастап, өмір-салтына дейін жауап беруі керек; жай ғана жауап беру емес, әрекетке көше алатын күш-пәрмені  болуы керек.

... Социологтардың зерттеуінде, жас ұрпақтың қалыптасуына теледидар 47 пайыз, өз бетімен оқуы 10 пайыз, ата-ана тәрбиесі 15 пайыз, көше мен мектеп 20-25 пайыз ықпал етеді екен. Біздің қазақ жастарының қазір ұлттық қасиеті мейлінше «жансызданған». Мұндайда Қазақстанның қазіргі телесаясаты ұлт болашағының тура мағынасында тамырына балта шауып отыр деуге болады. Қазақстанның телесаясаты бұл қалпында кете беретін болса, енді бірер ұрпақ алмасқанда қазақ халқынан мүлде басқа ұлт жасап шығарады.

... Алматыдағы «Академкнига» дүкеніндегі ақша айналымының 98 пайызы шетелдік кітап өнімдерінен, 2 пайызы ғана Қазақстан кітаптарынан  түседі екен. С. Торайғыровтың екі томдық кітабы 3 теңге,  ал, жезөкше Мария туралы кітап 300 теңге. Шетелдік рухани экспансияның мұнан өткен сорақы мысалы болмас.

... «Азия дауысының» аты жақсы, заты «Афро-еуропа дауысы» болып өтуде. Оның үстіне халықаралық жарысты Қазақстанда өткізіп отырып, ұлттық талғам-танымымызды, салт-дәстүрімізді, тіл-ділімізді мүлде көрсете алмауымыз елдігімізге сын. Әзірше, «Азия дауысы» ұлттық беделді көтеруге емес, қорлауға, ұлттық өнерді дамытуға емес, дүбаралауға қызмет етуде.

... Мәдениет министрлігі бастама көтеріп, бір-бір ескерткішті қалпына келтіру (реставрациялау) шығынын бір-бір бизнесменге жүктесе.  Нағыз отаншылдықтың шынайы меценаттықтың үлгісі сол болар еді-ау!  Сонда, халық бизнесмендерге басын иіп  өтер еді. Бабаларының аруағы оларды желеп-жебеп жатар еді.  Ұрпақтары  мақтан тұтып жүрер еді.  Біздің бизнесмендер әлемді таңырқатар парасатымен әйгілі болар еді.  Ең ғажабы, ұлт мәдениетінің бір текті саласы көркейер еді.

...Бізде өлік жөнелтуді өрелістіру, оларға белгі қоюда  бәсекеге түсу үрдісі  етек алған. Бұл мейлінше  жағымысыз  қасиет. Мәдениет минстрілігі мен Қазақстанның Діни басқармасы бірлесе отырып  өлік жәнелтудің, өлік басына белгі қоюдың, бейт көтерудің  бүкіл  халыққа ортақ  үлгі-тәртібін  белгілеп берсе игілікті іс болар еді.

...Мәдени-рухани ұмтылыстарымыздың барлық саласында батысшылдығымыз басым. Бізге Шығысқа бет бұратын  мезгіл  жетті. Мұның  өзі шыққан тегімізбен қайта  табысу ғана емес, шынайы тазарудың  да басы болуға  тиіс».

 

* * *


 

 «Қазақ әдебиеті» газетіне берілген сұхбат, 29.03.2002:

«Адамзаттық прогрестің  бүгінгі деңгейінде  қайдағы бір ұлттық томаға-тұйықтық туралы  ойлаудың өзі күлкілі. Бүгінгі заманда ұлттық томаға-тұйықтық туралы қасиетке  не шолақ ойлы адам иланады, не қарабасын күйттеген дүбара (маргинал) үреймен қарағанысып байбалам салады, не Қазақстанды геосаяси тобырлар мекеніне айналдырғысы келген қара ниеттілер ғана алаңдағансуы мүмкін.

Ұлт тағдырының туы болған сөз өнеріміз рухани бұғаудан құтылып, саяси- идеологиялық  ноқтасын сыпырған кезде рухымызды көтерер соны серпін танытудың орынына, өкініштісі,  еркіндікті қарабасының  өкпе-назын хатқа түсіру деп ұққан  үрдістің  (тенденция)  етек ала бастауы алаңдатады. Атап айтқанда, Әзілхан Нұршайыховтың, марқұм Бекежан Тілегеновтың, Мұқтар Мағауиннің, Қабдеш Жұмаділовтің мемуарларын оқығанда  осындай  әсереде болғаным рас. Сөз жоқ, бұл қаламгерлердің қай-қайсысы да қазақ әдебиетінен  өзіндік орындарын ойып тұрып алған, қолтаңбалары айқын, суреткерлік шалымдары тегеуірінді, ой-өрелері қарымды екеніне ешкім де шек келтірмейді.

Менің пайымдауымда мұндай суреткерлердің мемуарлары сол көтерілген биіктерінің деректі айғағы болу керек еді. Көркемдік шеберліктерінің ғылыми публисистикалық жоруы болу керек еді. Ең бастысы нағыз өнердің үлкен идеялдан ауытқымайтын қасиетінен жаңылмаулары керек еді. Қазақша айтқанда кесек тураулары керек еді. Әйгілі Ксенофондтың Сократ туралы жазған естелік-мемуарларынан басталған үрдіс солай болатын. Өзгені былай қойғанда, кәдімгі Сәбит Мұқановтың мемуары қоғамдық өмір шындығымен шендесіп, ұлт тағдырының панорамасымен астасып жатқан жоқ па. Әрі-беріден соң, мемуаршы жазушыларымыздың  айтып отырғандарының бәрі шын-ақ болсын дейікші. Ау, ағайындар-ау,  шындықтың бәрі бірдей  ұрпаққа өнеге, ұлтқа үлгі бола ма екен. Мына фәни жалғанда  кім мен кім түс шайыспаған, кім мен кімнің жұлдыздары қарсы болмаған. Оның үстіне тағдыр-тізгінің жаттың қолында болған ит заманда қай ісің қазақы кісілікпен орынына келіп еді! Қай дегенің болып еді! Әй, қойшы, айтты не, айтпады не, тым болмаса «араз болсам өзім аразбын, бірақ намысым араз емес қой!» дейтін қазақы кісілік бойымызда қалмаған соң не жорық...».

 

* * *


 

 «Ұлт зиялыларының жүгі ауыр». «Ана тілі газеті. 2003:

...Аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, аузымыз қақпақтан, басымыз тоқпақтан арылғанда айналысар ісіміз осы ма еді?! Тәуелсіздік деген ең алдымен рухтың азаттығы емес пе? Рух азаттығы өз кезегінде жақсы мен жаманның, асыл мен жасықтың, даңқ пен дақпырттың байыбын бажайлауға жол ашса керек еді ғой. Рухтың азаттығын қайдағы бір пендешілік пиғылға қолжаулық  етсек азаттықтың киесі атпай ма?!

... Мен де ет пен сүйектен жаралған адаммын ғой. Осы уақытқа дейін отыздан астам кітабым, екі мыңдай мақалам жарық көріп, еңбектерім оннан астам шет тілдеріне аударылып, ғылым докторы, профессор болғанда, осындай қиянатқа лайық па едім деп, пұшайман болдым. Жауап жазайыншы деп талай оқталдым. Тіптен, тоқталар деген үмітке беріліп, псевдониммен жауап жазғым да келді. Бірақ, ішкі уәжімнің қарсылығын жеңе алмай жүрдім. Ау, менің еңбектерім жұрттың көз алдында емес пе?! Жарайды ол еңбектерімнің сәтті немесе сәтсіз шыққан тұстары болар. Алайда, хал-қадірімше халқыма, өнерге, ғылымға қалтқысыз қызмет етіп, үлес қоссам деген ниетімде қылаудай кінәрат болған жоқ қой. Алдағы ғұмырымның да солай болып өтетініне күмәнім жоқ. Демек, баспасөз бетіндегі артық-ауыс ой-пікірлерге несіне шыжбалақтауым керек деп ойладым. Жарайды, біреу оны, біреу мені қолдар. Тіптен, менің сөзім әндемді, қисынды шығып, қарсыласымды тосылттым-ақ дейінші. Сонда не ұтамын?! Онсыз да көзсіз көбелектей көрінген жылтырақты әуезе көрген көпшілікті ала көңіл еткеннен не пайда? Оның үстіне мына заман өз ішімізден жау іздейтін заман ба? Нағыз жау еш уақытта өз арамыздан шықпайды. Жаудың көкесін, қазірдің өзінде айқын байқалып отырған, сыртқы ықпалдан  іздеу керек.  Сырттың тегеурінді ықпалы тілің мен діліңді тықсырып, ас үй мен шошалаға қуып тыққанын көз көріп отырған жоқ  па?  Бұл үрдіс осылай меңдей берсе, енді бірер ұрпақ алмасқанда М.Мағауиннің мақтаған да, даттаған да еңбектерін оқитын пенденің қалмайтынын ойласақ еді. Онсыз да мына алақұйын заманда алакөңіл болып жүрген жұрттың санасына жарықшақ түсіріп, өзді-өзіміз өнімсіз даумен ара-дара күй кешкенде түпкі нәтиже не болмақ?! Ел тағдыры, ұлт тағдыры, тіл мен діл тағдыры қыл көпірден өткендей күй кешіп, басы жұмыр біз сияқты пенде былай тұрсын, тұтас халқымыздың болу-болмауы туралы сумаң ойлар секем алдыра бастағанда, қарақан басымыздың қадір-қасиетін кетірер өнімсіз сөздің еш пайдасы болмас деп ойладым.

Оның үстіне М.Мағауиннің мен туралы жазған, ұйымдастырған 12 мақаласының да өнбойы жеке басты қорлаған, кекетіп-мұқатқан, тіптен былапыт-балағатқа ерік берген сөздерге толы екенін оқыған жұрт ұмыта қоймаған болар. Мен мұндай тәсілмен пікір өрелестіре алмайтын дәрменсіздігімді мойындаймын. Егер ғылым үшін, ұлт мүддесі жолында байсалды пікірталастар болса, мұлт кеткен тұстарымыз биік талап тұрғысында парасаттылықпен сыналып жатса, ондай ойдың додасына өзім-ақ тіленіп түсер едім ғой. Өкініштісі, олай болмады. Міне, осындай қисындар тосылтқан соң, осы уақытқа дейін үнсіз қалуға тура келді.

...Шынын айту керек, даудың басы менің «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатымнан басталды (29.03.2002). Газет тілшісі: «Әдебиет мәселесінде Сізді не алаңдатады?» - деп сұрақ қойыпты. Бұл сұраққа мен былай деп жауап беріппін: «Ұлт тағдырының туы болған сөз енеріміз рухани бұғаудан құтылып, саяси идеологиялық ноқтасын сыпырған кезде рухымызды көтерер соны серпін танытудың орынына, өкініштісі, еркіндікті қара басының өкпе-назын хатқа түсіру деп ұққан үрдістің етек ала бастауы алаңдатады мені.

Бұл пікір соңғы жылдардағы мемуаршылдыққа байланысты айтылып отыр. Атап айтқанда, Әзілхан Нұршайықовтың, Мұхтар Мағауиннің, Қабдеш Жұмаділовтың, марқұм Бекежан Тілегеновтың мемуарларын оқығанда осындай әсерде қалдым. Сөз жоқ, бұл қаламгердің қай-қайсысы да қазақ әдебиетінен өзіндік орындарын ойып тұрып алған, қолтаңбалары айқын, суреткерлік шалымдары тегеурінді, ой-өрелері қарымды екеніне ешкім де шәк келтірмейді.

Менің пайымдауымда мұндай суреткерлердің мемуарлары сол көтерілген биіктерінің деректі айғағы болу керек еді. Көркемдік шеберліктерінің ғылыми-публицистикалық жоруы болуы керек еді. Ең бастысы нағыз өнердің үлкен идеалдан ауытқымайтын қасиетінен жаңылмаулары керек еді. Қазақша айтқанда, кесек тураулары керек еді».

Міне, болған-біткені осы және қазір де осы пікірімдемін. Өйткені, осы мемуарларда рулық, тайпалық, жүздік жіктердің айқын көрініс тауып отыратынын, оның өзі қазақ қауымының арасында іштей қырбайлық туындатқанын, ол қырбайлық ызғарының әлі де сейілмей келе жатканың былай қойғанда, М.Мағауин өз мемуарында Сәкен Сейфуллинді - ««сырты ғана жылтыраған... құр кеуде. Сірә, іші және қуыс. Басы да қуыс... Бас жандайшап - Төңкерісшіл ақын» десе, Сәбит Мұқановты - «Алаш азаматтарын қорлаған» десе, Жұбан Молдағалиевті, Әбдіжәміл Нұрпейісовты, Тахауи Ахтановты - «рулық сана да жоқ, жіктік, топтық санасы ғана барлар» десе, Қажым Жұмалиевті - «жын ұрғандай құтырынған» десе, Шерхан Мұртазаны - «жау қашқан заманның батыры, қауіпсіз заманның қаһарманы» десе, Әнуар Әлімжановты - «плагиат» десе, Мүсілім Базарбаевты - «сұғанақ, қарақшы» десе, Саттар Имашевті - «қазақ рухына қарсы күрестің хас батыр, қарғыс таңбасы басылған» десе, сонда мен газет тілшісінің сұрағына осы үрдісті «дұрыс-ақ екен!» деуім керек пе?!

Жарайды, М.Мағауиннің бұл адамдар туралы пікірі осылай дейік. Ол пікірін өзгертуі керек деп талап қоюға да болмас еді. Бірақ, ағатайлар-ау, бір сәт қисынды уәжге ден қойып көрейікші, ел-жұрттың, жақын-жұрағаттың, келер ұрпақтың назарына  ұсынылып отырған мемуардың ішіне әлгіндей ауыр сөздер жіберуге болмайды ғой. Әрі-беріден соң, бұны да менің өзімдік субъективті пікірім дейікші. Онда менің қара басыма тиіспей-ақ, «бәтуасыз», «популист», «тыраш», «патриотсымақ», «ұрлықшы», «ештеңе оқымаған», «баукеспе», «ойы жетілмеген», «дилетант» демей-ақ, «әжетке жарап жатса, бауырындағысын» тартып аламын деп кіжінбей-ақ, айтылған пікірге орай қарсы уәж айтылса жөн емес пе?! Алайда, маған қарсы жазылған 12 мақалада да мұндай үрдістің байқалмағаны өкінішті-ақ. Бұл мақалаларда мемуар туралы пікір өрбіту жайына қалады да, менің шығармаларымнан кемшілік-қателіктер сүзуді негізгі нысана етіп отырады. Ондай «қателік-кемшіліктер» әзірше төртеу. Бұл жөнінде қысқа-қайырым тілмен болса да өз уәжімді айтуға тиіспін және оқырман қауым алдында жауап беруім қажет деп ойлаймын.

...Мен әлемнің жетекші деген мәдениеттанушыларының еңбектерінің жілігін шағып, майын сорып, соның басым көпшілігінің дәмі таңдайыма татымаған соң, мәдениет туралы өзімнің төл тұжырымдамалық ойларымды көлденең тартып жүрген адаммын. Мүйіздері қарағайдай Шпенглер, Ясперс, Тойнби сияқты ғалымдар «түркі тектес көшпелілер мәдениет туындата алмайды» деген тұжырымдарын академиялық білімнің мазмұнына енгізіп жібергеніне қарамастан, мен өз еңбектерімде «көшпелілердің төлтума мәдениеті», «көшпелілер мәдениеті адамзат мәдениетінің құрамдас бөлігі», «көшпелілер тарихынсыз адамзат тарихы бүтін болмайды» деген ойларды талмай сұңқылдап қайталаумен, дәлелдеп жазумен келе жатсам, мұның бәрі жай ғана жаттанды сөздер емес, мәдениет туралы өз көкірегімде пісіп жетілген тұжырымдамалық ойлардың терминге немесе сөз тіркесіне айналған клишелері.

 

* * *


 

Қазір әрбір үш қазақтың біреуі — шет елдік.

Дәл қазір қазақ диаспорасының ата мекенге қайтып оралуы тарихи ең қолайлы сәт әрі ең ұлы қажеттілік. Бүл мәселе үлкенді-кішілі деңгейде дәл осылай түсініліп, пәрменді әрекет-шарлардың жүзеге аса бастауы керек-ақ. Біртұтас халықтың бірнеше мемлекет қоластында бөлек-бөлек ғұмыр кешуін ешқандай саяси ахуалмен, ешқандай  экономиқалық немесе психологиялық қисынмен ақтауға да, алдарқатуға да болмайды. Бұлайша жалтаруды этникалық төлтума (самобытность) болмысы әбден жансызданып бітуге айналған қазақ халқының ендігі ахуалы көтермейді.

Шет елдердегі қазақтардың өз алдына дербес ұлт болып кетуіне қажет алғышарттардың бәрі де (тілі, дәстүрі, өмір-салты, саяси-әлеуметтік еркі, жері, өнері, оқуы, т.б.) құлдыраған (рецесивті) қалпымен танылып отыр. Яғни, төлтума қасиеті бар дербес ұлт болып қалатын мүмкіндік жоқ деген сөз. Демек, қазақтардың жеке-жеке жұтылуынан аман қалудың және ата жұрты Қазақстандағы ұлттық-мемлекеттік дербестікті сақтап қалудың бірден-бір жолы – бас біріктіру.

 

* * *


 

Халқымыздың   салт-дәстүріндегі   отқа май құю, отпен аластау, топырақпен, сумен ұшықтау, аруаққа сыйыну, күмбезді бейіт салу, айға табыну, жеті атаға дейінгі жанынға үйленбеу, жылқы етін жеу, жылқы сүтін ішу, өлікке жыл уағы толғанда ас беру, әйелдердің еркіндігі, әйелдердің бетіне пәрәнжі салмауы, т. б. сияқты ұлт ретінде бізді даралап көрсететін мәдени-рухани қасиетіміздің баршасы тәңірлік діннің (дүниетанымның) айғағы.

 

* * *


 

Жаңа шаңырақ көтерген елдің іргесін бекітуге мүмкіндік бермей құртып жіберуді көздеген табғаш билеушісі «жабайыны жабайының қолымен құрту» саясатымен түркілерге көрші тоғыз оғыз халқын айдап салды. Бірақ, табғаш елінде болып, олардың қарсыластарын құрту үшін қандай әрекеттер жасайтынын жақсы білетін Тоныкөк асқан көрегендікпен бұл апаттың алдын алып, Тоғыла жазығында тоғыз оғыздардың әскерін тас-талқан етеді. Қолға түскен тұтқындарды Тоныкөк Құтылығ қағанға айтып, түгел босатып, еліне қайтарады. Оларға: «Түбіміз бір туыспыз. Өзара қырқысқаннан өзгеге жем болғаннан басқа пайда жоқ. Табғаш елі ортақ жауымыз. Сондықтан, соған қарсы күш біріктірейік. Бір-бірімізді өгейсітіп, көзге түрткеннен тапқан олжамыз кәні? Бірігіп ел болайық, осыны айта барыңдар. Кім де кім бірлік байрағын көтеремін, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе, Отыкенге келсін. Біз сонда бірер күн еру боламыз» дейді. Тоныкөктің осынау сөзі қандастарының жүрегін жібітіп, оғыздар түгелдей түрік туының астына жиналады. Кейін бұл жөнінде Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Осыдан кейін оғыздар өз аяғымен көтеріле келді. Келтіргендей-ақ келтірдім-ау» деп ризалық сезіммен сол кезді еске алады.

 

* * *


 

Ахмет Байтұрсынов ауылдағы екі жылдық, Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектептерін ғана бітірген болса да, Сәкен Сейфуллиннің айтуынша: «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды... халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті. Ол замана ағымымен кетпей, өзгелер құсап қазақ халқын бай, кедейге бөлмей, тұтас жақсы көрді, намысын бірдей жыртты, арын бірге жоқтады».

 

* * *


 

М.Тынышбаев 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласа бастайды, Ресейдің Екінші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. Қазақ депутаттарының Дума трибунасынан Столыпиннің аграрлық саясатын сынаған үндері естіледі. Әсіресе, Бақытжан Қаратаевтың жасаған баяндамасы үлкен шу тудырады. Мұның аяғы 1907 жылдың 3 маусымындағы заң бойынша «еркіндікшіл» Дума таратылып, қазақтардың Мемлекеттік Думаға өз өкілдерін сайлау қүқығынан айырылуымен тынады.

Содан М.Тынышбаев 1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады. «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады.

Осының алдында ол бүкілтүркістандық IV-мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады. Түркістан автономиясын Кеңес өкіметі күшпен талқандағаннан кейін М.Тынышбаев Алашорда қайраткерлерімен тізе біріктіре отырып, азамат соғысы жылдарында қызылдарға қарсы күреседі. Бірақ, одан күткендей нәтиже болмайтынын көргеннен соң, 1920 жылдан бастап Кеңес өкіметінің жағына шығып, «буржуазиялық маман» ретінде Ташкентте, Қызылордада, Алматыда әр деңгейдегі шаруашылық мекемелерінде еңбек етеді. 1926 жылдан бастап Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға қатысады.

Халыққа азаттық әпермек болған істерінен нәтиже шықпай, кеше өзі қарсы болған қызылдарға қызмет етуге мәжбүр болған ол енді бар күшін халықтың тарихи санасын қалыптастыруға жұмсап, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялайды, қазақ шежіресін түзеді.

 

* * *


 

Тілендіұлы Нұрғиса - қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал-серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Ол өнер туындату барысында уақыттың идеологиялық өктемдігіне, ассимиляцияшыл әсіре үрдісіне мүлде мойын ұсынбастан, өзінің Тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды. Көргенді күйттеп, естігенді жаттап отыратын оркестрлік қасаңдыққа Нұрғиса буырқанған шабыт еркіндігін дарыта білді. Бұл ретте, Нұрғиса сахараның ақ бас абыздары сияқты, өз үнін көп дауысқа тұншықтырмай, өз лебізін көп даңғазаға ілестірмей, қазақтың дәстүрлі музыкалық тіліндегі дарашыл қасиетті (монодийность) тәу етіп өтті.

 

* * *


 

Біз әлі жаңаша ойлауға, жаңаша сөйлеуге, тіптен шындықты айтуға дайын емеспіз. Ғасырларға созылған рухани экспансия ұлттық санамызды есеңгіретіп тастаған. Оның үстіне «жұт жеті ағайынды» дегендей, санамызға ықпал ететіндей жаңа оқулықтар шығара қояйық десек, қат заманға тап болып, қолымыз жіпсіз байлануда. Баршылық болған күнде шындықты жеткізе айта білу үшін де тарихи-әдістемелік, ғылыми-педагогикалық дәстүр керек, машық қажет. Ал, уақыт болса заулап өтіп жатыр, қайран ұрпақ аузы аңқиып, құлағы қалқиып, сол баяғы мәңгүрттік үрдісімен тәрбиеленген қалпы лек-легімен қатарға қосылуда. Ол аз дегендей, мектептерімізге кейбір дүмше молла келіп «алла тағала еркекті саздан илеп жасаған, әйел оның қабырғасынан жаралған» деп, дәріс оқып кететін болды. Ол да ештеңе емес-ау, ағылшын тілі сабағында тек қана «Тәурат» кітабының оқиғалары оқытылатынын қайтерсіз. Бұл жағдай астанамыздың қақ төріндегі №136 қазақ орта мектебінен мысалға алынып отыр.

 

* * *


 

Анахарс скифтерде сыбызғышы (флейташы) жоқ, себебі оларда жүзімдік жоқ деген болатын (мұнысы, сыбызғы тарту үшін, алдымен жүзім шарабына бауыр көппе болып қызып алу керек екенін емеурін еткені - А. С.) (Аристотель. Сочинения в четырех томах. – Москва, 1978. 2-том, 280-281-беттер).

...Ол өлерінде «Элладада жүргенде маған ақылым қорған болып еді, өз елімде қызғаныштың құрбаны болдым-ау» депті.

...«Жүзімнің бұтағы үш түрлі собық сыйлайды» дегенді айтқан да сол ғой. Онысы, рахат собығы, масайтар собық және жүрек айнытар собық.

...«Ғажап екен, - депті ол, - Элладада жарысқа өңшең жақсы мен жампоз түседі де, төрелігін қайдағы бір дәрменсіздер береді екен».

...«Ғажап екен, - депті ол, эллиндер тентекті тыю үшін заң шығарады, сөйте тұрып бірін-бірі төмпештегендерге сый-сыяпат береді».

Кеме ағашының қалыңдығы төрт-ақ елі екенін білген ол: «Кемешілер өлімнен төрт елі қашықтықта жүреді екен» депті.

...«Дүкендегілердің көзі өтірік айтып тұрғанда, өтірікке тыйым салып болар ма?!» - депті ол.

«Ғажап екен, - депті ол, - эллнндер тойдың басында там-тұмдап ішеді де, қарындары толған кезде шара аяқпен сіміреді».

...Оның ескерткішіне: «Тіліңе, құлқыныңа, тәніңе ие бол» деген сөз жазылған.

...Өлі мен тірінің қайсысы көп? деген сұраққа, ол: «Жүзуші деп кемені айтамыз ба, кемедегі кісіні айтамыз ба?» деп қарсы сұрақ қойыпты.

...Афиналық біреу оның скиф екенін бетіне салық қылыпты; сонда ол: «Мен үшін едім қайғы, ал сен болсаң еліңе қайғысың» деп жауап беріпті.

...Адам бойындағы бақ пен сорға бірдей себепші болатын не? деген сұраққа, ол: «Тіл» деп жауап беріпті.

...«Татымсыз көп достан, табанды бір дос артық», - деген сөзді де сол кісі айтқан.

...«Базар – адамдардың бірін-бірі алдап, тонауы үшін әдейі ойлап тапқан орын», - депті ол.

 

* * *


 

...Өлімге бой ұсынған мемлекеттің ән-күйі қайғылы, жаныңды құлазытады, ал халқының көрген күні корлық болып келеді (Сыма Цянь. – Москва, 1986, 5-том, 74-бет).

 

* * *


 

Шыңғыс-ханның некелі әйелдері мен олжа әйелдерінің ұзын саны бес жүздей болған. Олардың  әрқайсысын әр рудан алып отырған. Біразын монғол дәстүрі бойынша құда түсіп алса, көпшілігін мемлекеттер мен тайпаларды бағындырған кезде тұтқынға түсірген.

 

* * *


 

 «Білім алу бір жарқын дүние емес пе, оған  ұмытылған осы күнгі қызық дәуірдегі жастарға мол мүмкіндік  бар.  Тұтас халықты былай қойғанда,  жеке адамда да өмірбаян болады. Өмірбаянды санадан өшіріп тастаса,  таным жолын нәресте  сияқты сүрініп-жығылып қайта бастауға тура келеді. Өткен өмірдің ащы-тұщы сабақтарына табан тіреу – халықтың сенімін орнықтырып, тарихи оптимизмін оятады. Бүгінгі толысуымыздың парқын біліп,  жетістігіне марқайып, олқылығының орынын толтыру үшін халық өзінің рухани шежіресін жақсы білуі қажет.  Қазақ халқы өзінің тамыр-тегін дәл қазіргідей ешбір заманда  терең біліп көрген емес. Қоғамымыздағы толысқан саналылықтың жарқын айғағы бұл».

Әлкей Марғұланның студенттер алдында сөйлеген сөзінен.

 

* * *


 

Шалкөдеге барған сапарымызда мен қойын дәптеріме Жәнібек айтқан әндердің атауын түртіп отырдым. Кейін санасам, жүз жетпістей ән екен. Және де, ән болғанда қандай, шетінен Тәңірдің таңдайынан төтілген маржан сияқты...

Жәнібекті жай ғана әнші немесе қазақ әнінің насихатшысы деуге ауыз бармайды. Маған қазақтың ән өнері адам кейпіне айналған Жәнібек сияқты болып көрінетін. Оның репертуарында дайындықсыз, мүдірмей айта алатын үш жүздей ән болатын. Бұл ретте, Жәнібек өзінің барша жаратылыс-болмысымен дәстүрлі классикалық ән өнеріміздің қоймасы сияқты, объектісі сияқты еді.

Жәнібек екеуміз теледидарға қазақтың ән өнері туралы жаздырған хабарларымызда асқақ Біржанның, адуын Мұхиттың, мұңды Ақанның, шерлі Естайдың, арқалы Исаның, арманшыл Әсеттің, бойлауық Жамбылдың, сұлу Сәкеннің, сыршыл Кененнің, мінезді Қасымның әндері болатын.

 

* * *


 

Ұлттың рухани әлеміне бір адамның осыншама белгі-бедер түсіруін құдіреттің қолдауымен болатын ғажайыпқа балаудан басқа қисын жоқ. Лев Николаевич Гумилев айтқандай, халықты бір сападан екінші сапаға көтеретін, сөйтіп, сол халықтың қалтқысыз ықыласына бөленетін пассионар тұлғалар болады.

 

* * *


 

Осыдан екі жарым мың жыл бұрын ғұмыр кешкен Конфуций ғұламаның Сюнь-цзы деген шәкірті былай депті: «Егер белгілі бір елдің қал-ахуалын, парасат болмысын білгің келсе музыкасына құлақ түр депті. Сонда музыкасынан жаныңды әлдилер сабырлы саз жетсе онда халықтың ұйымы жарасқан, мұңсыз, қамсыз өмір сүргені. Егер, музыка сергек, сенімге толы болса онда ел ішінде берік тәртіптің болғаны. Ал, егер, музыка тыңдаған бетте жаныңды еліктіріп, үйіре жөнелсе – ол қауіпті, онда, ел-жұрттың бейберекет, немкетті, әркімнің өзімшіл күйкі тірлікке малданғаны».

 

* * *


 

Тарих сілемінде XX ғасырдың өзіндік орыны оқшау, тұлғасы дара. Сол даралықтың ең басты айғағы ретінде адамзат рухының тұтастана бастауын алдымен айтуға болар еді. Шынында да, жұмыр Жерді тұрақ еткен адамзат әулеті нәсілі мен ұлтының бөтендігіне қарамастан, діні мен тілінің бөлектігіне қарамастан, өмірі мен өнерінің оқшаулығына қарамастан тұңғыш рет XX ғасырда ғана өздерін тағдырластар ретінде сезіне бастады. Адам баласы осы XX ғасырдан бастап шын мәнінде өзін белгілі бір ұлттың ғана өкілі емес, адамзаттың өкілі ретінде сезініп, жұмыр Жердің кез келген түкпіріндегі жақсылыққа өз ошағындағы жақсылықтай қуанып, қасіретке өз шаңырағындағы қасіреттей күйінетін болды. Бұл үрдісті саясат, экономика және мәдениет саласындағы әлемдік байланыстар тіптен орнықтыра түсуде. Сөйтіп, адамзат әулетінің бұрынғы қырық ру, қырық жілік болып итырғылжыңмен өткен азапты жолынан мүлде бөлек, жаңа сапалы даму жолы нобай танытты. Бұл, сөз жоқ, сананың планеталық тұтастануының нышаны. Бәлкім, адамзат әулетінің көсегесін көгертетін үрдіс те осы болар.

 

* * *


 

 «Шіркін-ай, қазақ студенттеріне қазақ тілінде лекция оқысам-ау!» дегенде Қоңырдың көкірегі қарыс айырылатын. Сабазым: «Қазақстанды жылына бір көрмесем ұйқым қашады» дейтін еді-ау... Сексенінші жылдардың бас кезінде Қоңыр бір келгенінде «Сарыарқаны көргім келеді» деді. Жер көру үшін поезды қалады. Сонда, терезеден телміріп, құба түзге қадала қараған жанарына жас іркіліп: «Қарпат жағындағы біздің боз даладан аумайды екен» деп еді.

Қоңыр 1992 жылы 22 шілдеде өз өсиеті бойынша денесі Қазақ даласына, Алматыдағы Кеңсай қорымына жерленді. Бұл бір,  ел ішінде аласапыран өзгерістер болып жатқан кез еді. Қоңырдың мәйітін  арнайы ұшақпен Алматыға жеткізуге Дағыстанның әйгілі ақыны  Расул Гамзатов  бастаған азаматтар көп қажыр-қайрат көрсетті.

...«Адам тағдырына көшбасшы болатын бір себептер болады. Менің өмірлік мақсат-мұратыма әкейдің бірауыз сөзі себепші болды. Ол кісі, сенің тегің – қыпшақ. Тамырың шығыстағы Ұлы Дала. Қалайда  түп тегіңді терең білуің керек деп отырушы еді. Осы сөзі маған өмір бойы дамыл таптырмай, жетелеп келе жатқан сияқты», - деп отыратын Қоңыр.  Әкенің шежіре сөзі,  өсиет-тілегі Қоңырдың киелі мінажатына айналғаны сонша,  ол өзінің  қойын дәптеріне, қолға ұстайтын қоржынының бауына Түркінің тас қашау (рун) жазуымен мынадай сөздерді жазып қоятын: «Қыпшақ, Құман, Тоқсаба, Құлан, Мандоки Қоңыр Ишван. Табынарым – Тәңір, тегім – түркі, елім – қыпшақ, ордам – Қарсақ».

...Қоңырдың тарихи-филологиялық білімі классикалық деңгейде еді. Бірде, біздің үйде отырып қазақ мәдениетінің ең текті қасиеті музыкасынан көрінеді деген пікір айттым. Қоңыр елең етті де: «Егер мүмкін болса маған ең көне музыкаларыңыздың нотасын көрсетіңізші» деді. Сол жерде Қорқыт күйлерінің нотасын көрсетіп едім, ол іркілместен кәнігі музыканттар сияқты ыңылдап, байырғы бақсы сарынын нотаға қарап отырып салып бергені. Осы жолы ол Құрманғазы күйлерінің нотасымен танысқанда айырықша тебіренді.

...Қоңыр мені жаңаша ойлауға үйретті. Мен социалистік идеология құрсауынан жұққан қасаң догмалық індеттен құлан таза айығып қайтқандай болдым.

...Қоңыр «Есіктен ергенек кетсе, иттен ұят кетеді» деген мақалды жақсы көретін. Сонсоң,  мынандай бір тәмсіл айтатын: «Ертеде  Кіші қыпшақтың кедейлеу бір жігіті басқа бір діндегі қызға ғашық болады. Сонда қыз әкесі қыпшақ жігітінен: «Шырағым,  біздің дінімізге кір. Сонда, қызым да, сиырларым да сенікі болады», – дейді.

Сонда қыпшақ жігіті: «Мырза, кімде-кім мал мүлікке тапшы болса, сол кісіге аманат берілмеуші ме еді!», – деген екен».

Қоңыр осы тәмсілді айтып, «Түркі-қыпшақтар ғана мұндай  уәжді көлденең тарта алады» дейтін.

 

* * *


 

Өмір-тіршілігіміздің барлық саласында тоқырау кезеңінің  желбуаз даңғазасына наразылық болып бақты. Мәселен, тағы да жаңағы мал шаруашылығын алып көрелік. Бойында сан ғасырдың еңбек тәжірибесі  бар қойшылар жоғарыдан түскен қисынсыз бұйрықтарға қарсыласпай қалған жоқ. Олар ең алдымен мал өрісін әкімшілік-аумақтық аямен шектемеу керек деп қарсыласты. Қазақтың қысы қатты, жазы қуаң, селеулі даласына ақ қой жарамайды деп қарсыласты. Қыста қой төлдету малдың тұқымын аздырады, арамза болады деп қарсыласты.  Қойдың астын көктемде  трактормен бір-ақ рет тазалау зиян, қи өссе мал іш тастайды, сондықтан қиды екі айда бір ойып отыру керек деп қарсыласты. Малдың өрісін тарылтпа, қуаң даланы орынсыз  жыртпау керек деп қасыласты. Мал жаюдың әрі қиын,  әрі  мол тәжірибені керек ететін жұмысына  он екіде бір гүлі  ашылмаған мектеп оқушыларын еліктіріп алып келуді тоқтат деп қарсыласты. Шаруашылықты ірілендіру деген желеумен бөлімшелерді жаппаңдар, ондағы басатуыш мектептерді таратпаңдар, балаларды интернатқа беріп, тірі жетім етпеңдер, ата-ананың ұлы мейірім-тәрбиесінен айырмаңдар деп қарсыласты.  Қой отары  іріленген сайын қой азады. Бастауыш мектеп жабылса малшылар қашады деп қарсыласты... Қысқасы, өміріміздің барлық садасында халықтың тарихи тәжірибесі мен тоқыраудың дүлей күші осылай қарсыласып бақты.

 

* * *


 

Соңғы екі-үш жылда Құранды мен де тиіп-қашып аударып жүрмін. Бұл істі Мүсірепов Ғабит ағамыздың ақылымен бастаған едім. Ол кісі маған ХҮІІІ ғасырда Германияда шыққан «Құранды» силаған болатын. Менің университетте үш жыл араб тілін оқығандығым көп септігін тигізді. Аударманы араб, орыс, түрік, ұйғыр және татар тілдеріндегі нұсқалар бойынша жасадым. Осы тілдердегі барлық жетістіктерді қазақ тілінде пайдалануға тырыстым. Бірақ, өкінішке орай, соңғы кезде баспасөз беттерінен «Құранды» бас молламыз аудару керек, «Құранды» аударушының арнаулы діни білімі болу керек деген  пікірлер естіліп қалып жүр. «Құран» сияқты тарихи, мәдени, керек десеңіз, ғылыми мәні жоғары еңбекті қарабайыр аударуға болмайды. Бұл басы ашық ақиқат. Сондықтан да,  дүниежүзілік тәжірибеде «Құран» мейлінше жауапкершілікпен аударылып отырған. Алысқа барай-ақ қояйық, «Құранды» аударту ісіне іргеміздегі өзбектер филология ғылымының докторына, әзірбайжандар филология ғылымының кандидатына тапсырды.

 

* * *

Философиялық-эстетикалық зердесі дамыған елдер боғын боталы түйе қылып жатқанда, біз классикалық туындыларымызды өзге былай тұрсын, өз оқырманымызға таныта алмай, діңкеміз құрып келе жатыр. Әріні айтпай-ақ, соғыстан кейінгі қазақ әдебиетінің тұлғаларын ой көзімен шолып өтсек, бұл сөзіміздің шындығына көзіміз жетеді. Мұхтардан Әбішке дейін, Әбділдадан Мұқағалиға дейінгі әдебиеттің айтулы өкілдері... Демек, барды бағалай алмай жүрсек, бардың парқын тани алмай жүрсек, ол басқа әңгіме.

 

* * *


 

Гайдн жас кезінде тек «мен» деп сөйлейді екен. Есейе келе «мен және Моцарт» дейтін болыпты. Орта жасқа келгенде «Моцарт және мен»  деуді шығарыпты. Ал тоқтасқан кезінде тек қана Моцарттың атын атайтын болыпты.

 

* * *


 

 «Байырғы грек поэзиясының тұңғышы Гесиод қой жайып жүргенде Тәңірия келіп, сұлу сөзге баулып кетеді екен. Құдай тектес Платон ұйықтап жатқанда аралар ұшып келіп,  ерніне бал жағып кететін көрінеді. Жеті жасына дейін мылқау болған Төле биге түсінде аруақ аян беріп, «сөз аласың ба, бөз аласың ба?» деп асасымен түрткенде, бала Төле «сөз аламын» деп сөйлеп тұрып еді дейді. Әйгілі Жанақ ақын нәресте кезінде бесігінің басына қобыз байламаса, шошып ұйықтамайды екен...».

 

* * *

Қарағандыдағы Нүркен Әбдірев көшесіндегі облыстық жас өспірімдер  кітапханасында болдым. Аяққа құйған астай әдемі ғимаратқа орналасқан екен.  Кітап қоры,  ішкі тәртіп-талғамы ойдағыдай.   Бірақ, бұл кітапхананың ішінде 20-ға толар толмас қана қазақ кітабының бар екендігі менің жанымды түршіктірді. Рухани мәдениет халық үшін жасалады. Ал,  рухани мәдениеттің ең басты айғағы – кітап. Біздің болашағымыз – жастарға арналған  осынау облыстық кітапханада қазақ кітабының жоққа тәндігі осы облыс басшыларының түрегеп тұрып жауап беретін қылмыспен пара-пар кемшілігі. Мұндай кемшілікті көрген соң, облыстық Гоголь атындағы академиялық кітапханасына бардым. Ондағы көрініс те көңілді желпінте қоймады. Рухани қайта құруға Қарағанды облысындағы ел тізгінін ұстаған азаматтардың  жете мән бермей жатқаны мені қатты қынжылтты. Мал өледі, дүние тозады, адамды адам ететін өлмейтін,  тозбайтын қасиеттер. 1990.

 

* * *


 

Табиғат ешқашан адамға бейімделмеген, қайта керісінше тіршілік атаулы табиғатқа бейімделіп қана ғұмырын ұзартып келеді. Қазақтың қу медиен даласының табиғаты қатал. Бұрынғы бабаларымыз сол далада күн көрудің амалын табиғатпен мейлінше үйлестіре білген. Олар ауыл-ауыл болып, былайша айтқанда, қауымдасып-қауғаласып ғұмыр кешті. Түптеп келгенде, ру-тайпалық жүйенің пайда болуының алғы шарты да осы ұжымдасып тіршілік құру қажеттігінен қалыптасқан. Бұл ретте, ғасырлар сынынан өткен қазақ ауылдары тек материалдық игіліктердің ғана ұйытқысы емес, сонымен бірге,  мәдени-рухани өмірдің де қайнар көзі, бастау тірегі. Қазақстандағы ғылым докторларының 85-90 пайызы, қоғам қайраткерлерінің 70-80 пайызы ауылдан шыққан, қазақша оқыған азаматтар екен. Ендеше, бүгінгі ауылдың күйреуі біздің ұлттық қасиетімізге, рухани  қайнарымызға кері әсер етуге тиіс.. Социализмнің өзі ауылды жоя алмады. Енді келіп жекешелендіру жүргізіп, не болсаң ол бол деп тастап кету дұрыс емес. Әлі де болса, ұйымдастыру мен көмек қажет. Олай дейтінім, Қазақ даласының табиғи экожүйесі, әсіресе, ауыл шаруашылығы ұжымдасып тіршілік құруды ғана қажет етеді. Ал, нарықтық жүйе бел алып, жеке кәсіпкерлер үстемдік құрғанда қазақ халқының бұрынғы этнотұтастығына, туыстық-бауырмалшылдығына міндетті түрде салқыны тиюге тиіс. Яғни, қазақтың бұрынғы рулық-еншілестік дәстүрі, оның адамдарды ұйыстырғыш қасиеті екінші кезекке ығысып, оның орынын бірыңғай пайда табуға негізделген нарықтың заңы алмастырады. Сөйтіп, өзінен-өзі қанаушы және қаналушы тап пайда болады. Мұндай қоғамдық қатынаста ең басты «құндылық» ақша ғана болады. Бұл әкені ұлына, шешені қызына жат ететін қоғамдық құрылыс екенін біз жақсы білеміз. Біз ауылды күйрету арқылы, халқымыздың ғасырлар сынынан өткен, ең бастысы экожүйеге мінсіз бейімделген іргелі тәжірибесі мен тағылымын тәрік етіп отырмыз. Мұның салдарын бүгінгі жер басып жүрген ұрпақ соншалықты сезіне қоймауы мүмкін. Алайда, қоғамдық-әлеуметтік қатынастың құбылуы, яғни, шаруашылық-мәдени типтің өзгеруі, сөз жоқ, этнос сапасының өзгеруіне алып келетіні хақ. Мемлекеттік өреде түбегейлі ойласып атқаратын істің ең маңыздысы осы болуға тиіс.

Ауылдың қалыптасқан инфрақұрылымын бұзуға болмайды. Әсіресе, бөлімшелердегі мектептерді жаппау керек. Адамның өзі баласы үшін өмір сүреді. Егер, мектеп жабылса олар ауылды тастап, мектебі бар басқа елді мекенге көшеді. Ал, халқы көп шоғырланған ортада бірден-бір күнкөріс көзі болып отырған малын сидыра алмайды. Малдан басқа кәсіппен айналысудың орайы да келе бермейтіні белгілі.  Сөйтіп, қазақ қарақан басын қарақтап, бір-біріне жат болып шұбырады да кетеді. Бұған жол беруге болмайды. 1997.

 

* * *


 

Адамға қатысты айтылғанда, маргинал немесе дүбара дегеніміз сыртқы өктем күштің әсерімен ассимиляцияға түскен бейбақтар. Содан да болар олар өз ұлтының өлігінің үстінде тұрып, өктем күштің жырын шабытпен жырлай береді. Маргиналдар өздерін білімдар, парасатты, ұлтшыл, діндар етіп көрсетуге қатты тыраштанады. Бұл жолда олар икемді де ілкімді келеді және ұдайы өз бойындағы дүбаралықты жасыру үшін ұлттың ең киелі қасиеттеріне жармасады. Егер маргиналдар ақын-жазушы болса шығармаларына «аруақ», «тұмар», «аруана», «Тәңір», «Ұмай-ана», «қара жер», «көк аспан», «тұлпар», «арғымақ», «ару» сияқты киелі атаулар мен ұғымдарды оңды-солды қолданып, қисынды-қисынссыз судай сапыруды әуезе көреді. Бірақ, сол киелі атау-ұғымдардың мән-мағынасын еш уақытта халықтық таным-түсінік өресінде түсінбейді, түсінбеген соң кісілік қалыптарында (норма) басшылыққа алмайды. Яғни, олардың адамгершілік қарм-қатынасын ұлттық қадыр-қасиеттер реттемейді. Сондықтан да оларға белгілі бір мақсатқа жету үшін айла-әрекеттің бәрі оңтай.

 

* * *

1907 жылы  Нью-Йоркте Пуччинидің «Чио-чио сан» операсын тыңдаған жапонның атақты сыншысы пікір сұрағандарға: «Жапон тыңдаушылары үшін Батыс музыкасы тым күңгірттеу, керек десеңіз,  әйгілі Карузоның өзінің  ән салғаны  алыстағы орман арасынан үрген иттің дауысы мәнзелдес», – деп жауап берген екен. Дәл сол сияқты А. В. Затаевичке Асанқайғының зары мен  Жаяу Мұсаның жоқтауы («Сапар») бұл дүниедегі ең көңілді музыка болып естілген. Демек, қазақ музыкасы  туралы  пікір  сырттың қандай дуалы аузымен айтылса да, оны төлтума өнеріміздің түпкілікті бағасы ретінде  қабылдауға  асықпаған абзал.  Өкініштісі, біздегі өнер иелерінің арасында  өз халықының бағасынан гөрі өзге жұрттың «әп, бәрәкелдісін» жоғары қоятындар бар екенін жасыра алмаймыз. Одан да өткен өкініштісі, өзге жұрттың үлгісінде  өнер көрсетіп, өзге жұрттың музыкасын орындап, сол жолда жеткен жеңісі мен  шыққан биігін  ұлттық өнеге,  идеял ету үрдісі бүгінгі таңда  бел алып барады. Бір сәт ойланып көрейікші, егер, репертуарында 200-дей музыкалық шығарма бола тұрып, соның ішінде екі-ақ шығарма қазақ музыкасы болса, оның өзі түпнұсқа (аутентті) қалпында орындалмаса, осыдан кейін ондай өнерпазды қалайша қазақ музыкасының қайраткері ретінде  қабылдауға болады?

 

* * *


 

 «Келеді күн жауғалы бұлт айналып,

Шешеннен сақау озды тіл байланып.

Тұлпардан мәстек озып бәйге алғаны –

Дүние, кеткенің бе шырқ айналып...» – деп Бұқар жыраудың жырлағаны бар. Расында, жапалақты сұңқар, жабыны тұлпар деп айта салу оңай болып барады. Біз құндылық бағдарымыз бұлыңғыр тартқан заманды бастан кешіп отырмыз. Әйтпесе, байқап қарашы өзің, тәуелсіздік алғалы, міне, он бес жыл болды, он бес жылда он бес рет әліппе шықты, ішінде бір батырымыз жоқ. Бұдан соң қайдан елдің рухы өседі? Өсіп келе жатқан ұрпақ түс көріп рухтана ма? Түс көріп, қаһарман бола ма? Ол мүмкін емес қой. Бізге алдымен құндылық бағдарын айқындап алу керек. Шын асылдарды танып, таңдап, саралап, өтірік бопсаламай, оны біздің төл тарихымызға енгізу керек. Мәңгілікті жырлаған күйлерімізді, жырауларымыздың рухыты сілкіндіретін поэзиясын, жалпы, ұлтымыздың асқақтығын көрсететін ұлы мұраларымызды жаңғыртып, насихаттауды жолға қою керек. Ғасырлар аясында қазақ халқы туындатқан төлтума  мұралар, керек десеңіз, өзгеде жоқ мұралар, шүкір, баршылық. Бір ғана мысал, мүйізі қарағайдай орыс халқында эпос жоқ. «Игорь жорығы туралы» жыры бар-жоғы 7-8 беттік баллада. Ал, біздің мың беттік, бес жүз беттік жырларымыз – біреу-екеу емес, жүздеген және ол біздің әріден келе жатқан түркілік рухымыздың айғағы. Сол сияқты, қазақта сандаған ғасырдың дыбысқа айналған айғағындай мыңдаған күйлер бар. Осы орайда, дәстүрлі музыкалық мәдениетінде аспапты музыкасы болмаған елдер еске түседі. Демек, қазақ халқының рухын өз болмысындағы құндылықтар арқылы ғана оятуға болады. Өз халқының төл құндылықтарымен қаруланған ұрпақ қана ұлты үшін ойланбай құрбан бола алады.

Сондықтан, сөзіміздің басында айтқан «демократия», «жаһандану», «ашық қоғам», «адам хұқығы» деген ұғымдарды тек қана ұлт тағдырымен шендестіру арқылы парықтап отырған абзал. Бізде демократияны «бәріне рұқсат» деген ұғыммен шатастыратындар бар. Демократия – ауыздықталса ғана демократия. Ол ұлтқа қызмет етуі керек. Осы орайда, анархияға ұласқан демократияны тұмылдырығы алынған қабаған итке теңеуге болар еді...

 

* * *


 

Бүгінгі таңда ұлттық томаға-тұйықтықты проблема етіп көтеріп жүргендер қара басының қолайын күйттеген дүбәра маргиналдар ғана. Әйтпесе, XXI ғасырға тұяқ іліктірген мына қым-қуыт заманда томаға-тұйықтықтың қаупі туралы сөз қозғаудың өзі күлкілі жайт. Себебі, қазір ұлтаралық, мемлекетаралық мейлінше ілкімді саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани аралас-құраластық, яғни, мейлінше тегеурінді әлемдік коммуникация дүние жүзі халықтарын томаға-тұйықтық қаупіне емес, керісінше, ұлттық төлтумалықты шайып кететін қауіпке тіреп отыр. Болашағына жауапкершілікпен қарайтын мемлекеттер мұндай үрдіске қазірдің өзінде қарсы шаралар қолдануда. Осы уақытқа дейін әлемдік бір үлгілі жүйені адамзаттық өркениеттілікке жетудің кепілі санап келген Америка социологтарының өзі соңғы кезде ұлттық-этникалық төлтумалықты дәріптей бастады. Америкалық патриотизмнің ең берік іргетасы этномәдени даралықта екеніне көздері жете бастаған сияқты. Сондай-ақ, Францияның тіл тазалығына қатысты, Жапонияның оқу жүйесін ұлттық ділді сақтауға бағыттауына қатысты, Германия мен Израильдің этнотұтастануына қатысты, Англияның дәстүршілдікті мемлекеттік рәсім деңгейіне көтеруіне қатысты, Қытайдың этнологиялық үрдіске бейімделуіне қатысты, Ресейдің  шіркеулік руханиятты этномәдениетке тұғыр ете бастауына қатысты т.б. мемлекеттік деңгейде жүргізіліп отырған шаралар еріксіз назар аударады.

 

* * *


 

Қазақ ұлтының төлтумалығына басымдық сипат беру дегенді, меніңше, қазақ ұлтының қазақстандықтар үшін бірден-бір тірек ұлт екенін мойындау деп түсіну керек. Өйткені, тек қазақ ұлты ғана, тек қазақ тілі ғана Қазақстанда этнокіріктіруші (этноинтегрирующий) рөл атқара алады. Өкініштісі, біз осы ақиқатты мойындауға батылдығымыз жетпей, тәуелсіздік алғаннан бергі уақытымызды жасанды жалпақшешейлікпен көлегейлеп келеміз. Жай ғана көлегейлеу емес, турасын айтсақ, қазақ ұлтының тарихи құқын аяқ асты етіп отырмыз. Мұндай қиянатқа халықтың төзімі шыдас бермей ме деп қорқамын.

 

* * *


 

Үш ғасырға созылған отаршылдық ойранынан кейінгі ел-жұрт беттесіп отырған проблемаларға түсіністікпен қарауға болады. Осы орайда, ұзақ уақыт отаршылдықта болып, азаттыққа қол жеткізгеннен кейінгі елдер беттесетін қиындықтардың өте ұқсас болатыны назар аудартады: әлеуметтік ауыртпалық, тұралаған экономика, қабындаған коррупция, жұмыссыздық, маскүнемдік, есірткінің дендеуі, жезөкшелік, жұқпалы аурулардың етек алуы, сыртқы ықпалдың күшеюі, т.б. Мұның бәрі – өтпелі кезеңде этностың өмір-cалты мен этнокіріктіруші институттарының күйреуі барысында көрініс табатын зардаптар. Рас, отаршылдық артта қалды, өз тағдырымыздың тізгіні өз қолымызда. Алайда, этнос болмысына отаршылдық кезеңде сіңген құлдық менталитет әлі де бізбен бірге ілесіп келеді. Мұндай дерттен ада ұрпақ әзірше әлеуметтік-саяси тізгінге ие боларлық межеге жете қойған жоқ.

 

* * *

Бұқаралық ақпарат құралдарының ең бір киелі қызметі (функциясы) бар. Ол – ақпараттық, ағартушылық қызмет. Төртінші билік, анау-мынау дегеннің бәрі астына қойылған көпшік. Біздің Қазақстандағы мыңдаған бұқаралық ақпарат құралдарынан жаңағы аталған критерий табыла қоймайды. Оның орнына өсек бар, өтірік бар, қулық бар, сұмдық бар. Соған әй-шәй дейтін ешкім жоқ. Орыс тілді басылымдарды қарап қалсаң, қазақтың қыздары тәнін сатуға жарнама беріп жатады. Кім қой дейді осыған? Қазақстанға сырттан кіретін ақпарат құралдарының саны өз ішіміздегі ақпарат құралдарынан көп. Шетелдік басылымдар өз мемлекетінің сойылын соғады. Рухани тұрғыдан, идеологиялық тұрғыдан, экономикалық-саяси тұрғыдан өктемдік жасайды. Әр ел басылымдарының өздерінің ұлттық менталитеттерінің идеалдары бар. Ол бізге күштеп таңылады. Содан халық әрі-сәрі күйге түседі. Ақпараттың тасқыны, оның экспансиялық әсері ұлттық қасиетімізді мүлде құнсыздандырып кетпей тұрғанда, тізгінді қолға алуымыз керек.

 

* * *


 

Ауыл қазақ ұлтын ұлт еткен, тарихи қалыптасқан әлеуметтік құрылымдарымыздың бірегейі еді. Қазақтың ұлт ретінде қалыптасуына және ұлттық қадір-қасиетінің осы уақытқа дейін сақталуына, қазақ тілімінің өркендеуіне, руханиятының дамуында ауылдың атқарған тарихи рөлін еш нәрсемен салыстыруға болмайды. Керек десеңіз, осы заманға лайықты жоғары оқу орындары да, оның ұлт болмысына тигізетін шапағаты да,  қазақ ауылдарының  шапағатымен өрелесе алмайды. Небір ғұлама ғалымдар, небір өнердің майталмандары мен шаруаның ығын білетін ақылман азаматтар – ауылдың қойнынан шыққандар. Былайша айтқанда ауыл қазақ халқының ұлттық төлтумалығын орнықтырудың, сақтаудың және сабақтастырудың ең киелі әлеуметтік құрылымдарының бірі болды.

 

* * *

Қазақ даласындағы соңғы үш-төрт мың жылдың аясында тұрақты қалпын сақтаған рулық жүйенің қалыптасуының өзі біздің артта қалғандығымыздың немесе озықтығымыздың белгісі емес, рулық жүйені – ұжымдасып өмір сүру қажеттігі дүниеге келтірген. Бұл далада қойын біреуі жайып, ол қойды екіншісі күзетіп, үшіншісі өнімін ұқсатып, төртіншісі ел-жұртты жаудан қорғап, бесіншісі қора-қопсысын сайлап дегендей ұжымдасып тірлік құрмаса, жеке-жеке нарықтың бәйгесіне түсіп көгеріп кетем деу мүмкін емес.

Ал, біз не істедік? Үлкен империя құлағаннан кейін бүкіл байлықты елге таратып бердік. Нарықтың заңы бәсекелі өмір ғой. Сол бәсеке әрі қарай өзінен-өзі гүлденіп, дүрілдеп жүре берер деп ойладық. Жоқ, мүлде олай болмады. Керісінше, халық аз уақыттың аясында күн көріс тіршілігі үшін бөлінген дүниені жылдам сарқып үлгерді. Нәтижесінде, өте қиын күндерді басынан кешті. Әсіресе, 90-шы жылдардың басы, 93-94 жылдары қазақ ауылдарында кәдімгідей аштық болды. Ақырында мал ғана тіршілік тірегі екендігіне халықтың көзі жетіп, қазір Қазақ даласында қара-құра мал пайда бола бастады. Ол мал әрине, «Ауыл жылына» бөлінген қаржының арқасында біткен мал емес немесе ауылшаруашылығын дамытудың жаңаша бір үлгісін (формасын) ойлап табудан пайда болған мал емес. Ауыл халқы төрт түлік малға арқа сүйесе ғана қайырлы тірлік болатынына көзі жеті.

... Жамбыл облысының Талас, Сарысу аудандарын аралап қайтқанымда алды 5-6 мың қойы бар, арты 100-500-дей қойы бар байларды көрдім. Енді, осының екінші бір жағымсыз жағы бар. Ол қандай дейсіз ғой? Егер, біз осы даланың ғасырлар сынынан өткен ұжымдық өмір- салтын ұстанбасақ, онда қазақ арасында да біз қанаушы, қаналушы таптарды дүниеге әкелетін түріміз бар. Жаңағы Талас ауданындағы меншігінде 5 мың қойы бар адамның есігінің алдында «Джип» қаңтарулы тұр. Оншақты түркіменнің алабайы үйінің айналасында арыстандай өріп жүр, маңына жақындау мүмкін емес. Өздерінің Алматыда, Астанада бір-бір үйлері бар, шалқақтап жүр. Ал, қойды жайып барлық бейнетін көтеріп жүргендердің жағдайы мәз емес. Үрерге иті, сығарға биті жоқ. Жалдамалы қойшы-қолаңшылар шонжар бастығынан алатын тиын-тебенмен жанұясындағы оншақты жанды әзер асырап, қалт-құлт күйде өмір сүріп отыр. Ең өкініштісі, нарықтық қатынас адамдар арасындағы мейірім, қамқорлық, туыстық қатынас, әдет-ғұрып, жол-жора, жөн-жоба сияқты елді ел ететін дәстүрлі құндылықтарды құнсыздандыра бастаған. Ауылдағы бизнесмен-сымақ өз қарауындағы жалдамалы малшыға адам ретінде, өз ұлтының бір мүшесі ретінде қарауды ұмыта бастаған. Бизнесмен-сымақ үшін қарауындағы адамдар меншігіндегі мал сияқты ақша жасайтын тетіктердің біріне айналған. Бұл не болды сонда? Біз ауылды мұндай шаруашылық үлгісімен көгерте алмаймыз. Көгерту былай тұрсын, сүттей ұйып отырған елдік қалыбымыз бұзылып, қазақ ұлтының болмысындағы мейірім, шапағат, парасат сияқты ғажайып қасиетін шайып аларымыз анық. Біз, адам баласының жарық жалғанға тек қана ақша табу үшін, баю үшін, ішп-жеу үшін келмейтінін әсте естен шығармауымыз керек. Демек, қазақ арасын әлеуметтік-психологиялық дерт меңдемей тұрғанда, кешіктірмей, ұжымдық шаруашылық жүйесімен қайта табысу қажет деп ойлаймын.

...Экожүйеге қатысты мынадай бір ақиқат бар. Табиғат еш уақытта тіршілік атаулыға бейімделмейді. Керісінше, тіршілік атаулы табиғатқа бейімделу арқылы ғана бақыт табады.

...Соғыстан кейінгі тұралаған жағдайымызды да ұжымдық шаруашылық тез қалпына келтірді. Соғыстан кейінгі қиын жағдайда да елдің тезірек еңсе көтеруіне осы ұжымдық шаруашылық жүйесінің шапағаты мол болды. Менің әлі есімде шалғайдағы біздің ауылға Үкімет тарапынан екі-ақ нәрсе келетін. Бірі – бес-алты бөшке керосин, екіншісі – жиырма шақты қап тұз. Осыдан басқа тіршілікке қажет өнімнің барлығын біздің ауыл өзі өндірді. Жыл аяғы бітіп көктемде мал төлдегеннен кейін, ауылға Кеңес өкіметінің өкілі келеді, мал басын санайды, еңбек күнді шығарады. Осындай, бәленшеке, сен керемет еңбек еттің, екі мың еңбек күн таптың, әр еңбек күніңе 8 сомнан ақша шықты. Сен бәленбай мың ақша таптың дейді. Елдің бәрі қуанып қол соғады. Сосын әлгі уәкіл тұрып: бірақ, Ұлы Отан соғысынан кейінгі еліміздің ауыр жағдайына байланысты сіздерге ақша берілмейді дейді. Міне, алпысыншы жылға дейін менің ауылымда бірде-бір адам Кеңес үкіметінен бір сіріңке алған жоқ. Бір тиын алған жоқ. Алайда, сол ауыл өркендеді, мал басы өсті, сол ауылдан ғалым, жазушы, өнерпаздар, тамаша еңбек адамдары шықты. Ұжымшар болып басталғанда біздің ауылда 2500 ғана қой болған екен, мен оныншы сынып бітірер жылы 30 мың қой болды. Осы орайда, ұжымдық шаруашылықтың ұлттық төлтумалығымыздың сақталуына, халықтың бірлік-пәтуасының орнығуына айырықша ықпал еткенін атап өткен абзал.

...Қазақ даласында жоқ ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан миллиардтап ақша бөлінсе де, оның ең соңғы құйылар жері ауылдағы бизнесмен-сымақ байшыкештің қалтасы болмақ. Ал, байшыкеш атаулыда «алдымен бай болсам, сонсоң Құдай болсам!» дегеннен басқа идеал болмайды. Бұл – әлеуметтік өмір тәжірибесінде мың сан рет дәлелденген ақиқат.

...Осыдан біраз жыл бұрын Германияға барғанда қазақтың етін сағындық та, ет асқымыз келді. Сонсоң, дүкенге барып, аппақ қардай қойдың етін алып келіп астық. Сол етті қанша қайнатсақ та көбігі тоқтамай шыға берді. Көбігі шыға-шыға ең соңында жаңағы етіміз желімге айналды. Дәл осындай жағдай Сауд Арабиясында да болды. Қажылыққа бардық. Араб елі, күн ыстық. Құрбандыққа сойылып жатқан қой деген көп. Біз де бір қой сатып алып бауыздап құрбан шалдық. Қазанға салып ассақ, тура жаңағы Германиядағы жағдай. Сөйтсек, мына біздің Қазақтың даласы жер бетіндегі жұмақ дала екен ғой. Жұмақ болатын себебі бұл далада төрт маусым болады. Ал, төрт маусым болатын жерде, бақсақ шөп піседі, ол тұқым төге алады. Германиядағыдай өгіз жейтін көк жасық өлең шөп болмайды. Қазақ даласында піскен, шұрайлы шөпті мал сүйсіне жейді. Сол себептен, бұл жердегі малдың еті жұғымды, әрі сапалы. Ол етті ассаң дәмді болып піседі. Ал еуропа тамағының тек қана қуырылатыны еттерінің асуға жарамайтындығынан.

 

* * *


 

 «31»-телеарнада 11.12.2001. Түнгі 1.30-да «Ең қызық оқиға» деген айдармен тікелей эфир жүргізілді. Шарты – кімде-кім бастан кешкен ең қызық оқиға айтса, түнгі клубқа тегін билет алады.

Сонымен тікелей эфир хабары жүріп жатыр. Бір мезгілде қазақ қызы телефон шалып бастан кешкен оқиғасын айта бастады.

Қыз: Биыл Ыстықкөлде дем алдым. Ұнатқан жігітіммен елдің көзінше су ішінде кездесіп, шауқат жасастық.

Жүргізуші: Қалай екен?

Қыз: Класно! Сол күні кешке жігітім бес-алты досымен, қыздармен оңаша үйге алып барды. Біз групповой секс жасадық. Как обычно, еркектер бір-бір қимылдаған соң, дәрмендері болмай қалды. Сол кезде қыздар өнерлерін көрсетуге кірісті.

...2000, 2001, 2002 жылдар. Тұрақты түрде түнгі 24.00-ден бастап, әрбір 15-20 минут сайын "Эротикалық торап" деген айдармен жезөкшелер үйіне шақырған жарнама беріледі. Онда жезөкше қыздар жалаңаш төсін, бөксесін көрсетіп, өліп-өшкен ынтық үнмен: «Осы қазір жетші, күтемін!» деп үздігеді. Ал, жезөкше қыздардың адресі мен телефоны әсем әуенмен көмкерілген.

...Сөз арасында, Қазақстанның барлық қалаларында, ең ұрымтал орындарында, ең сәнді ғимараттарды иемденген түнгі клубтар, казинолар және сауна-жезөкшелер үйі сол қалалардағы кітапхана, клуб, театр, музей, мектеп санынан әлденеше есе артып бара жатканың жан дауысымыз шырқырап тұрып айтып, осындай сұмдықтарға жол беріп, ауыз жаласып отырған қала әкімшіліктеріне нағлет айтамыз.

...«А-1» телеарнасының негізгі мақсаты тек қана секс туралы хабар беру. Әрбір материалы «Осы сәттен бастап білгеніңді ұмыт» деген девизбен басталады. Яғни, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесін ұмыттырып, жадын өшіріп, мәңгүрт ету негізгі мақсат.

«НТК» телеарнасының қарапайым хабарынан бастап, көлемді бағдарламаларына дейін қазақ ұлтын, Қазақстан мемлекеттігін мойындамауға бағытталған. Ондай арам пығыл елеусіз түрде көрермен санасын улап отырады.

Мәселен, бір ақпараттық жаңалықтарда Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театрында бас қосу болғанын айта келіп «Бас қосу соңында Кеңес Одағының халық артистері өнер көрсетті» деп түйіндеді. Ол айтып отырғаны Е.Серкебаев, Б.Төлегенова, Ә.Дінішев сияқты Қазақстанның халық артистері. Алайда, телеарнаның ниеті бұзық, әрекеті қаскөй журналистері тиым көрмеген соң төрімізде тайраңдап, елді ішінен іріту үшін осындай іліп-шалған ірткі сөздерді ұдайы қыстырып отырады. Олар үшін хабар арасында «біздің ұлы отанымыз» деп Ресейді айта салу үйреншікті жағдай. Немесе, космонавтарымыз Тоқтар мен Талғатты «Ресей космонавтары» деп атап көрсетуден ешқашан жаңылмайды. Сол сияқты, ауа райы туралы хабар арасына «Көкшетау. Бүгін Көкшетау қаласының іргесінің қаланғанына 240 жыл. 1761 жылы Көкшетауда шіркеу ғимараты жұмыс істей бастады» деп құйтырқы дерек қосады. Яғни, мақсаты 1761 жылы Көкшетауда Абылай ханның ұлт тағдырын шешкен ұлы ордасын жоққа шығару, ұрпақ жадынан өшіру. Мұның бәрі, бір қарағанда ұсақ елеусіз мысал сияқты көрінгенімен, қазақтарды өзіне өзін жатсындыратын, ұлтты іштен ірітетін қатерлі қаскөйлік. 27.08.2001.

«КТК» телеарнасы тұрақты түрде, түн ортасы ауа екі сағат бойы «Шамшырақ» деген бағдарламасын бастап, тек қана жыныстық қатынас тақырыбы бойынша көрерменмен тікелей эфирге шығады. Мәселен, 2003 жылы 5 наурыз күнгі «Шамшырақ» бағдарламасы түнгі сағат 02.30-дан 04.30-ға дейін жүргізеді. Бағдарламаны жүргізген Ескендір Сіргебаев деген жас жігіт. Тақырыбы: «Сіз алғаш рет кіммен, қай жерде және қалай кездесіп, жыныстық қатынас жасастыңыз?»

Ескендір: Ал, құрметті достар, сонымен біз, енді, біз бүгін «Шамшырақ» бағдарламасының кезекті хабарын бастаймыз. Бүгінгі тақырыбымыз, былайша айтқанда сіздерге қоятын сұрағымыз: «Кіммен, қай жерде және қалай?». Былайша айтқанда, алғашқы жыныстық қатынастарыңыз, яғни, тән ләззәті дегендей, адамға барлық жағынан әбестігі жоқ. Өйткені, қазақ халқы романтиканы сүйеді дегенді білесіздер. Сіздер, яғни, сіздерді, яғни, сіздер біздің «Шамшырақ» бағдарламасының көрермендері осыны әр түрлі және әр түрлі жағдайларда, қызықты жағдайлар болсын, ол мейлі трагедиялық жағдайлар болсын, қай жағдай болсын, әйтеуір, біз үшін қызықты болатын болса хабарласыңыздар. Байланыс телефоны сіздерге белгілі: 58-36-70.

«Көрерменге бірінші сұрақ: Кіммен? Ұлмен? Қызбен? Әйелмен? Еркекпен? Одан қала берсе секс-шоп дүкенінен сатып алынған ойыншықпен? Екінші сұрақ: Қай жерде? (Бұл кезде ашық жыныстық қатынастар көрсетіліп жатады). Адам баласы Чарлз Дарвиннің теориясы бойынша маймылдан жаратылса да, оларға ұқсап талдардың үстінде жыныстық қатынаста бола алмайды (Осы кезде тал үстінде жыныстық қатынас жасасқан маймылдарды көрсетеді). Және де ақ аю құсап, ақ қардың үстінде бола алмайды (Осы сәт ақ аюлардың шағылысын көрсетеді). Алайда, адам баласы төсек қатынасын тек төсек үстінде ғана емес, одан да көптеген жерлерде ләззаттандыратын қатынаста бола алады (Осы тұста әртүрлі орындарда жыныстық қатынас жасасқан адамдарды көрсете бастайды). Мысалы, машина ішінде... одан қала берсе офисте... міне, тура осылай... адамның қиялы түпсіз терең!

Осы сұраққа әркім әртүрлі жауап берді, бәрі де қазақтың қыз-жігіттері, айтуға аузың бармайтын анайы шындық айтылды. Кісәпір көріністер, жаныңды аздырар музыка ойналды. Тек аяқ жағына таман былай болды.

«Ескендір: Саламатсыз ба? Есіміңізді айтып қалсаңыз? («Гүлсезім» деген дауыс естіледі). Осы күнгі қыздар бірден есімін айта салады, кішкене ломатса ету деген бомай ма екен! Сонымен, Гүлсезім, кіммен?

Гүлсезім: Сізге бір сұрақ қояйын деп едім...

Ескендір: Негізі маған болмайды... жарайды.

Гүлсезім: Сіз осы сұрақты қазақтарға қою дұрыс деп ойладыңыз ба?

Ескендір: Енді, біз енді, ұлы сөзде ұяттық жоқ деп ойладық...

Гүлсезім: Қазір, мұны үлкен кісілер көреді, жастар көреді, бірақ, бұл бәріне ортақ тақырып емес деп ойлаймын... Тағы айтайын, өзіңіздің басыңыздан өткенді айтсаңыз қайтер еді...

Ескендір: Жоқ, ол туралы айтпаймын, өйткені, біз сіздер үшін қызмет етеміз...

Гүлсезім: Дұрыс емес, негізінде!»

Өз ойым: Наразылығын жеткізіп айта алмаса да, Гүлсезімге рахмет!

Осыдан кейін де жүргізуші жігітіміз тоқтаған жоқ. Тағы да бейне клип. Тағы да кісәпір көрініс, азғын әуенсымақ. Тағы да бірнеше телефон байланысы болды. Бейпіл сөздер, бейбастық тірліктер. Екі сағат бойы естір құлақтан ұят, ұрпағымызды аздырар, бейбастақ хабардың сиқы осындай. Есімізден танғандай халдеміз. Өміріміз сұрқай тартып, ұрпақ тәрбиесі үшін төккен теріміз бен, шеккен азабымыз зая кеткендей күй кешіп отырмыз.

 

* * *


 

Қазақстан аумағына тарайтын 4115 газет-журнал мен 237 телерадионың 90 пайызы орыс тілінде, 6 пайызы өзге шет ел тілінде, қалған 4-ақ пайызы қазақ тілінде. Осы деректі нақтылай түсу қажет. Қазақстанда шығатын газет-журналдың жалпы саны 2320 шамасында. Бұл басылымдардың 453-і ғана мемлекеттік тілде. Сол 453 басылымның тиражы Қазақстанда шығатын жалпы газет-журналдар тиражының 4-5 пайызын ғана құрайды. Ал, Қазақстан азаматтарының 60 пайыздан астамы қазақтар екені белгілі.

Енді, мына дерекке қараңыз. Қазақстанға Ресей Федерациясының 5248 газет-журналы тарайды екен. Сол газет-журналдардың 2728-і ғана Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Ең сұмдығы ресейлік басылымдардың басым көпшілігі Қазақстанда басылып, Қазақстандағы қаптаған акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арқылы тарайды. Оданда өткен сорақылығы, Ресейдің «Известия», «Труд», «Комсомольская правда», «Московские новости», «Новая газета», «АиФ» сияқты басылымдары қазақстандық қосымша шығарып, сол арқылы қазақстандықтардың ой-санасына орысшылдықтың ұрығын сеуіп жатқанын, сөйтіп, ел ішіне тұрақсыздықтың ірге тасын қалап жатқанын қайтерсіз.

Ал, телешабуылдың зиян-зардабын айтып тауысу мүмкін емес. Қазіргі қаптаған кәбілді (кабельді) телеарналарды былай қойғанда, «Еуразия», «Рахат», «Руское радио», «Еуропа плюс» (атауларынан-ақ пығыл-ниеттерін байқап отырған боларсыз) сияқты қуатты телерадио арналар тікелей де, қазақстандық арналар арқылы да еліміздің ақпарат кеңістігіне өктемдігін жүргізіп, Ресейдің империялық саясатымен жұртшылықтың санасын шырмап алған. «31-арна» акциясының 20 пайызы СТС Медияның қолына тигелі бұл арна негізінен Ресейдің сойылын соғып шыға келді. Қазір Қазақстанда теледидар жүйесі негізінен «АлмаТВ», «Секатель», «Универсальный», «Стандарт» сияқты кәбілді телетоптамалар пакеті арқылы көрсетілетіні белгілі. Ол пакеттердің әр қайсысы 50-60-тан астам небір жат пығылдағы телеарнаны қамтиды. Осы пакеттерді кімдердің жасақтайтынын, қандай ұстанымдарды басшылыққа алып жасақтайтынын, яғни, Қазақстан телекөрермендерінің рухани-психологиялық тағдыры кімдердің қолында екенін жұртшылық мүлде білмейді.

...Қаптаған телеарна материалдарының мазмұнына ден қойсаңыз, жаныңыз түршігеді. Тәулік бойы тек қана христиан және яхуди дінін насихаттайтын («Спас»), тек қана афро-америкалық секс клип беретін («Тш-2», «Ру-Муз»), тек қана шектеу-тәртібі жоқ төбелесті көрсететін («Боец»), төсек қатынасын ашық әйгілейтін («Рен»), небір кісәпір киноларды толассыз жалғастыратын («AXN scifi», «ТҮ-1000», «Много-ТҮ»), тек қана совет заманының болмысын сағынышпен насихаттайтын («Настальгия»), тек қана ақымақ, жынды адамдардың тірлігін бейнелеп, бейпіл анегдоттар айтатын («НСТ»), т.б. арналар Қазақстаннан өз көрерменін, өз аудиториясын, өз әлеуметтік топтарын тауып, оларды өзінше арбауда, өзінше мәңгүрттендіруде.

Рас, шет елдік телеарналар ішінде «History», «Animal planet», «Discouery», «Discouery Sc», «Europe WS», «National geographic», «Euro sport», «Mezzo», «Культура», «Рыбалка» сияқты танымдық-тәрбиелік мәні зор телеарналар да бар. Алайда, мұның бәрі де орыс тілінде. Осы тұста телесоциологтар әлдеқашан көз жеткізген мына ақиқатты да айта кету керек. Жат тілдегі арналардың хабарлары неғұрлым тартымды болған сайын, тұрғылықты ұлт өкілдері үшін солғұрлым зиянды. Өйткені, тартымды да өрелі хабарды жат тілде көрген адам өзінің ұлттық құндылықтарын жатсынып, өз болмысынан жерінетін болады. Бұл − телесоциологияның әлем мойындаған ащы шындығы. Өкініштісі, жоғарыдағы жібі түзу арналарды қазақ тілінде сөйлету Қазақстан Үкіметінің өңі түгілі түсіне де кірер емес. Осылайша, постсоветтік кеңістікте Ресейдің ақпараттық тұзағына шырмалған, дәлірек айтқанда Ресейдің ақпараттық экспансиясын бастан кешіп басы қатқан бірден-бір ел Қазақстан ғана болып қалып отыр.

...Республика телеарналары үшін қан мен қасіретке малшынған фильмдерді көрсету, ашық сексті шылп етпестен насихаттау, түнгі клубтар мен мейрамханалардағы музыканттардың өнерсымағын еш талғамсыз экранға шығару, әсіресе, шет елдік секс клиптерге еліктеп-солықтаған жастардың қиқалақ эстрадасымағын тамсана жарнамалау, ондаған-жүздеген сериялы шет елдік сериалдарды тасқындату, шет елдердің тарихы мен мәдениетіне қатысты деректі фильмдерді көрсетуді әуезе көру, оның есесіне қазақтың төл мәдениетіне мүлде көңіл бөлмеу жоғарыда аталған телеарналардың үйреншікті әдеті. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген мәтел сөз бар. Тіптен, айтуға ауыз бармаса да, кейбір сорақылықтарды көргенде үндемей қалу мүмкін емес. «НТК», «Рахат», «КТК», «31» сияқты телеарналардың тікелей эфир арқылы «Еркектің ұлы мүшесінің көлемі мен күшін қандай белгісінен білесің?» (қазақ тілінде, қазақ қыздары ғана жауап берді), «Қыз ретіндегі пәктігіңнен неше жасыңда, қай жерде айырылдың?» (қазақ тілінде, қазақ қыздары ғана жауап берді), «Оральды секс туралы ашық әңгіме» (орыс тілінде), «Ақсүйектер өмірі. Ойнас» (орыс тілінде), «Альфонс. Шақыру бойынша жұмыс» (еркек гей туралы, орыс тілінде) сияқты небір азғындықты сөз ететін телехабарлар сағаттар бойы жүргізіліп жатқанда өмірдің еш қызығы да құны да қалмайды. Мұндай сұмдықтарды айтып тауыса алмайсың. Ең сұмдығы, осының бәрі озық өмір-салт пен мәдениеттіліктің үлгісі ретінде, А.Даллес айтқандай айырықша икемділікпен насихатталатынын қайтерсіз... Осы орайда, БАҚ-тарды иемденген алпауыттарға «Ау, азаматтар-ау! Мақұл, сөз бостандығы, демократия дегенді желеу етіп тапқан дәулеттерің сендердікі-ақ болсын. Алайда, сендер ие болып отырған БАҚ-тардың өнімін тұтынушы халық сендердің меншіктерің емес қой. Тәйт!» дейтін құзырлы орын әзірше болмай отыр.

Айтары жоқ, Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі сорақылықты, дәлірек айтқанда, қылмысты тізбелей берсем жүрегім ауырады. Аузы аңқиып, құлағы қалқиып отырған жас ұрпақтың бейкүнә болмысы қалай уланып жатқанын ойлағанда жанымды қоярға жер таппай қаламын. Мен журналистиканың маманымын ғой, бұл ретте менің күйім грек мифологиясындағы көріпкел Кассандраның күйі сияқты − бұл бетінде болашағымыздың қандай қасіретке тап болатынын білесің, бірақ оған ешкімді де нандыра алмайсың. Қасіреттің көкесі осы екен.

...Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясы мектеп оқушыларының арасында социологиялық зерттеулер жүргізіп, зерттеу нысанына 15 мың оқушыны, 5 мың ата-ана, 5 мың мұғалімді қамтыған. Осы зерттеудің қорытындысы бойынша оқушылардың 35 пайызы күн сайын немесе аптасына бір рет алькогольді ішімдік пайдаланатыны, 15 пайызы есірткі қолданатыны, олардың ішінде 3 пайызы есірткіні тұрақты қолданатыны анықталған. Бұл әлемдік аяда ұлттық мемлекет үшін аса қауіпті жоғары көрсеткіш болып табылады. Яғни, Қазақстанға бағытталған ақпараттық соғыс және оған Қазақстан үкіметінің салғырт қарауы өз нәтижесін бере бастады деген сөз.

Әрине, мұндай үрдістің ақыры ұлттық-мемлекеттік қауіпсіздігімізге зардабын тигізетінін терең сезінуіміз қажет-ақ. Ағылшынның әйгілі қоғамтанушы ғалымы А.Тойнбидің сөзі еске түседі. «Егер, мемлекет дегеніміз әлеуметтік-мәдени феномен ретінде өркениеттің басты белгілерінің бірі екенін мойындасақ, онда өркениеттің мәдени элементін жанға, қанға, сөлге, бітім-болмысқа теңеуге болады; бұл қасиеттермен салыстырғанда экономикалық, боса-болмаса саяси жоспарлар өркениетті қозғайтын күштің және табиғат туындысының жасанды, мән-маңызы шамалы, қатардағы көрінісі сияқты екенін де мойындауға тура келеді», - дейді А.Тойнби. Яғни, біз тәуелсіздікті орнықтыру үшін осы уақытқа дейін экономикалық және саяси жоспарларға көбірек мән беріп келсек, енді елдің мәдени-рухани тағдырына мемлекеттік өреде айырықша мән беретін кез келді деп ойлаймын. Бұл мәселені неғұрлым ертерек қолға алсақ, солғұрлым осы уақытқа дейін атқарған экономикалық және саяси оң әрекеттеріміздің игілігін көреміз.

Мен бұл проблеманы баспасөз бетінде сан мәрте көтеріп, Республика Парламентіне, Министрлер кабинетіне, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне талай рет жаздым. Хатыма мән беру былай тұрсын, жауап та болмады. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевке де жаздым. Ол хатым сол кезде Президент аппаратында істейтін тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының қолына түскен еді. Нұртілеу маған телефон шалып: «Ақа, орынды проблема көтерген екенсіз, жаным ұяда болса Президентіміздің қолына тигізуге тырысамын» − деді. Бірақ, Президенттің қолына тигізуге Нұртілеудің қауқары жетпеді. Хатым Президент төңірегіндегі «Президентті жағымсыз хабармен жабырқатуға болмайды!» деген «қорғаннан» өте алмады. 2009.

 

* * *


 

Дүние жүзіндегі дамыған елдердің баршасы БАҚ-қа ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздікке пәрменді ықпал ететін тетік ретінде айрықша мән береді. Ашығын айту керек, Қазақстанда бұл проблемаға ойдағыдай көңіл бөлінбей келеді. БАҚ-тың ұлт мүддесіне қызмет ету тетіктері хұқықтық тұрғыда жеріне жете бекемделмеген, нәтижесінде, атқарушы билік органдары БАҚ-қа тиісті деңгейде бақылау жасай алмай, ықпал ете алмай отыр. Демократия мен сөз бостандығын бір жағынан желеу еткен, тәуелсіз БАҚ дегенді екінші жағынан желеу еткен, белгілі бір «мықтыға» арқа сүйеуді үшінші жағынан желеу еткен Қазақстан БАҚ-ы қазір тура мағынасында ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздікке өлшеусіз нұқсан келтірудің қайнар көзіне айналған. Қазір Қазақстандағы БАҚ-тың демократиясын - анархия, сөз бостандығын - бассыздық, тәуелсіздігін - жабайылық, арқа сүйейтін «мықтысының» болуын - сепарация деп бағаласа әсіре сөз бола қоймас. Басын ашып айтуға тура келеді, біздің мұндай алаңдаушылығымыз алдымен орыс тілді БАҚ-тарға қатысты болып отыр.

Орыс тілді басылымдар өздерінің мазмұн-болмысын қазақ ұлты мен Қазақстан мемлекетіне оппозицияда ұстауды нормаға айналдырып алған. Ел өмірінің жақсылығынан гөрі көлеңкелі жағын айызы қана жазады. Қазақстанның мәдени-рухани өмірінен гөрі шет елдік мәдениет, оның ішінде тобырлық дүбәра «мәдениет» мейлінше көтере дәріптеледі. Яғни, Қазақстан халқына Қазақстанды жатсындыру орыс тілді БАҚ-тардың идеялық темірқазығы болып отыр.

Тек қана орыс тілді басылымдар жезөкшелер жарнамасын береді, жезөкшелікті ашық насихаттайды, түнгі клубтарды, казиноларды, тобырлық өнерсымақтарды мәдени-рухани жетістік ретінде үлкен шеберлікпен насихаттайды.

Ал, елдің саяси өміріне қатысты материалдары мейлінше икемділікпен елдің лауазымды адамдарын, әсіресе билік басындағыларды бір-біріне айдап салуға бағытталып отырады.

 

* * *


 

АҚШ ОББ-сының (ЦРУ) жетекшісі, Стратегиялық операция Басқармасының бастығы болған Ален Даллестің тұжырымдамасын (концепциясын) келтіре кетуге болады. Онда: «...біз қолда бардың барлығын, бүкіл алтынымызды, барша материалдық дәулетіміз бен ресурстарымызды адамдардың есалаң, ақымақ болуы үшін сарп етеміз... Адамның миы, пенде атаулының санасы құбылмалы. Біз олардың санасын сансыратып, елеусіз ғана жалған құндылықтардың ұрығын себеміз, сонсоң сол жалған құндылықтарға сенуге мәжбүр етеміз... Біз суреткерлер деп аталатындарды жан-жақты қолдап-қолпаштаймыз, олар зинақорлықты (секс) пір тұту, зорлық-зомбылық (садизм), сатқындық сияқты қай-қайдағы азғындықты адам санасына сықап сіңіретін болады. Мемлекет басқару ісін біз былық-шылыққа ұластырамыз... Адалдық пен парасаттылық келемеж етіліп, ешкімге қажеті жоқ ескіліктің қалдығына айналады. Арсыздық пен бетбақтық, өтірік пен алдап-арбау, маскүнемдік, есірткіқұмарлық, адамдардың бір-біріне хаюандық үреймен қараушылығы және көргенсіздік, опасыздық, сондай-ақ ұлттардың бір-біріне деген өшпенділігі − міне, осының бәрін біз ілкімді де елеусіз түрде орнықтыратын боламыз!» − делінген.

Вашингтонда 1996 жылы ақпараттық соғыс бойынша Ү ғылыми конференция өтті. Конференциядағы баяндамалар басылған кітаптың көлемі мың беттен астам. Ал, ондағы ой-тұжырымдардың өзегінде ақпараттық қарудың экономикалық жағынан мейлінше тиімді және экологиялық таза екені әспеттелген. Бұхар жыраудың «Бауыздамай ішер қаныңды, өлтірмей алар жаныңды» дегеніндей, ақпараттық соғыстың ең жаңа және ең «гуманный» соғыс екені жан-жақты мадақталған.

...АҚШ-тың ақпараттық соғыс саясаты мен әдістемесін (методикасын) Ресейдің ұрымтал пайдаланып, оны Қазақстанға қатысты жытқырлықпен қолдануында болып отыр. Мұны тура мағынасында да, бейнелі мағынасында да «постимпериялық» немесе «путиндік» әдіс деуге де болады. Бұл ретте, Путин өзін А.Даллестің аса дарынды «шәкірті» ретінде көрсете алғанын аңғару қиын емес.

Ресейде «Мемлекеттік құпия туралы», «Ақпарат, ақпараттандыру және ақпаратты қорғау туралы», «Халықаралық ақпараттық алмасулар туралы» және басқа да осы тектес федералдық заңдар қабылдап үлгерді. Бұл заңдардың қай-қайсысы да БАҚ-қа мемлекеттік қауіпсіздіктің кепілі ретінде және Ресей мүддесінің пәрменді құралы ретінде қараған. Осы заңдарды қаперге ала отырып С.П.Расторгуев былай деп жазды: «Ақпараттық соғыс дегеніміз − жауыңа өз үстіндегі сауытын өзінің қалай шешіп тастауын мақсатты түрде үйрету» (С.П.Расторгуев. Информационная война. − Москва, 1998).

 

* * *


 

Жетпістен астам телеарна, жетпісі жетпіс түрлі насихат жүргізеді. Күндіз-түні афро-америкалық поп-музыка,  сексклип жас ұрпақтың басты алданышы. Әрине, ол жай ғана алданыш емес, әлі ақылы толыспаған, асыл мен жасықты парықтай алмайтын жастар үшін жан-жүрегін баурайтын қиял-ғажайып әлем. Бірақ, күнделікті беттесетін нақтылы өмірде жоқ әлем. Яғни, ақылы толыспаған жас сана екіге жарылады. Қиялдағы өмір мен нақтылы өмір. Осының бәрі қазіргі адамдар үшін, әсіресе, жастар үшін үлкен психологиялық ауыр жүк. Олар өмірден өз бағытын таба алмай басы қатады, іштей булығады. Нәтижесінде, өзін-өзі өлімге қияды иемесе өте ауыр қылмыстар жасайды. Сөйтіп, біз байлық қуып, тезірек елдің әлеуметтік жағдайын түзейміз деп отырғанда, халқтың болашағы болып табылатын жастар этностың ұлы сабақтастық дәстүрінен қол үзеді, этностың бір мүшесі ретінде бойында болуға тиісті құндылықтардан жұрдай болып шығады. Мұндай жастар өзі тұрғылас өзге елдердің жастарының алдында өздерін рухани жарымжандар сияқты сезінеді. Жалын атқан жастарға тән асқақ сезімдерден ада болады. Сөз жоқ, мұның салқыны елдік сапада да көрініс табады. Қасіреттің көкесі осы болса керек. 


 

 

Мырзакелді Кемел,

XI. 2010 – II. 2011.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар