Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен үзінді - 14.0...

14.05.2018 4626

Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен үзінді - 14.05.2013

Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен үзінді - 14.05.2013 - adebiportal.kz

14.05.2013

Қазақтың белгілі композиторы, жақсы жазушы-эссеист, айтулы әнші Илья Жақанов екеуіміз 1954 жылы бүгінгі Қаратау қаласында Сталин атындағы орта мектепті бірге бітірдік. Көзге көп көріне бермейтін, кісілікті, тойған қозыдай боп жүретін ылғи. Суретші еді. Мен мектеп қабырға газетінің редакторы, Илья суретшісі болатын. Тумысынан математик Айнақұл Ісметов деген жігіт ақынжанды, жан-жақты талантты еді, газетіміздің ажарлы болып шығуына оның да үлесі мол болушы еді.

Ильямен аулымыз аралас, қойымыз қоралас, төскейде малы, төсекте басы қосылған, құдандалы елденбіз. Мен Талас ауданынан, Илья Сарысу ауданынан. Бізді әрі Жамбыл-Шымент тас жолы да жалғап жатады. Ауылымыздың арасы таяқ тастам жер. Қыз алысып, қыз берісіп, құрдай қатынасып жататын елденбіз. Біздің ауылдың біраз келіндері Тама, сол Ильяның аулынан болатын. Біздің ауылдан да талай қыз Тамаға ұзатылды. Бұл біздің ілгергі бабаларымыз салған сара жол. «Қыз – өріс» демей ме, аталарымыз қыз алып, қыз берісіп-ақ елдің тыныштығын сақтап қалған. Біздің батыр Саңырық бабамыз – Кіші жүз Тайлақ батырдың жиені.

Илья Алматыға келіп КазГУ-ге түскен соң ән шығара бастады. Мөлдіреген, нәзік сезімге құрылған әндері жұртты тез баурап алды. Сөйтіп ел ішіне Ильяның композиторлық даңқы тез тарады. Ол - бүгінде көрнекті композитор, белгілі жазушы. Қазақ өнерінің тарихы, оның өкілдері туралы тамылжытып жазып келеді. Өнер туралы, оның көрнекті қайраткерлері туралы бүгінде Ильядан асырып ешкім жаза алған жоқ. Жазғаны жібектей, өзінің мінезіне сай, Көкпекті ойдың кеңдігіндей, Қаратаудың қоңыр самалындай, тынысыңды ашады, жаныңа рахат береді. Маған бұрынғы ұлылардың да соңы осы Илья секілді көрінеді. Байырғы ғажайып қазақ әндерімен астасып жатқан ата-дәстүріндегі әнді ендігі композиторлар жаза алмайды. Сол бір даланы әнге, күйге бөлеген ұлылардың соңы осы Илья деп білемін. Бүгінгі өнердің табиғаты тіптен бөлек. Көбінде мән де, мағна да жоқ. Биыл менің жанымдағы жігіттер азын аулақ әндерімді, бас-аяғы екі күйімді нотаға түсіртіп, жеке кітап етіп бастырып шығару үшін Қарасайға берген екен. Оның алғысөзін Ильяға жаздырмақ болыпты.

Илья бір күні маған телефон соқты:

- Мырзеке, жігіттер маған сенің әндеріңнің жинағын берді. Алғысөз жазуымды сұрайды. Әндерің де, күйлерің де ғажап, мені асықтырмасаң, алғысөз емес, сен туралы лирикалық эссе жазсам деймін. Сондықтан жігіттерге айт, асықтырмасын. Мен бүгіндері сенің сегіз том жинағынды қайта-қайта ақтарып, сүзумен отырмын. Сенің ғалымдығың, қайраткерлігің, кісілігің, оның үстіне әндерің маған еріксіз қалам ұстатып отыр. Өскен ортаң, туған жерің, өмірбаяның ғажап, сен келешекке үлгі болатын тұлғасың, сол себепті өзің туралы тартымды дүние жазуға бел байладым, - деді.

Сонымен Илья мен туралы эссе жазуға кірісті. Сәтті болсын.

Жиі-жиі телефон соғып, сұрақтар қойып, өмірдің кейбір белестерін тиянақтап жатады. Кеше бір телефон соққанда:

- Алақандай ауылың не деген ғажап, тұнып тұрған тарих қой. Аядай ғана ауылың - филармония, театр сияқты. Төңірегіндегі жер атаулары қаншама? Мұны неге жазбайсың, - деді Илья.

Ауылым туралы, ондағы кісілер туралы аракідік күнделіктеріме еске түскенін жазып жүрмін. Илья еске салған соң, әрі расы да солай екен ғой деп, ауылымның төңірегі, ондағы жер атаулары жайында жазуды жөн көрдім. Өскен, өнген жерім ғой, өкініші бала күнгі сезімдерімнің, көрген-білгенімнің көбі көмескіленді, ұмытылды. Әркімнің туған жері өзіне ыстық дегендей, туған жерге не жетсін. Мұхтар Әуезов «Абай жолында» өзінің туған өлкесін, мидай дала Бөріліні де жұмақтың төріндей қып суреттемей ме?

Ең болмаса жер атаулары сақталсын деп, Ақтөбем туралы аздап қалам тербейін дедім.

Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар