Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Міржақып Дулатұлы: «Читаю, писаю»...

20.11.2015 2813

Міржақып Дулатұлы: «Читаю, писаю»

Міржақып Дулатұлы: «Читаю, писаю» - adebiportal.kz


I

Жаңа байыған жас жiгiт Жарылғас Көркiмбай баласы урядник Микифордан, бiр ат, 30 сом берiп, үш ай орысша оқиды. Сайлауға бiр-екi ай қалды дегенде қалаға барып, нашальниктiң қатынына «көрiмдiк» берiп, «орысша үйренген» деген «куәлiк» алып қайтты.

Қызылсу елiне неше сайлаудан берi ынтымақпен болыс болып келе жатқан, жұртқа қадiрлi, сөзi тыңдаулы Қалдыбаймен бұл сайлауда да таласушы жоқ. Тек Самалық табы жол алып қалатын ғана түрi бар едi.

«Жарылғас болыстыққа таласады екен» деген қауесет бiр күнi дүңк ете түстi. Бұл хабарға нанушыдан нанбаушы көп болса да, көп ұзамай растығы бiлiндi. Бiрсыпыра жұрт күлiстi, бiрсыпыра қулар қуанысты, бiрсыпыралары «Тышқанды қара басарында мысықтың ... тiстейдi» деген мақалды айтысты. Қалдыбай болыс: «Ит құтырса, иесiн қабады» деген, Көркiмбай баласы Жарылғас екенiн ұмытқан екен, жұрт аман болсын, болыс болғыш мырзаның әуселесiн көрермiз», — деп елең қылмады.

Жарылғастың ойы кекетушi жұрттың, қызығушы қулардың, кектенушi болыстың ойынан басқа едi. Генерал- губернатордың: «Орысша оқығандар болыс болады» деген жарлығы шыққалы бiрнеше жыл болса да, Қызылсу елiнде ондай адам жоқтықтан, жұрт сайлаған кiсi болып келе жатыр едi. Жарылғас жұртты аударарлық байлығы жоқтығын, елге қадiрi шамалылығын һәм Қалдыбайдың да кiм екенiн бiлсе де, «көрiмдiк» кәдеге жарар деген үмiтпен қолына қанша ел түссе де, азсынбай тасқа түспек едi.

Сайлау күнi жеттi.

Нашальник келдi.

Ауылнай билердiң сайлауы алдыңғы сайлаудан аз өзгерiспен өтiп, болысқа тас салатын кеден келдi.

Июльдiң орта кезi. Бесiн ауып, күннiң қайтыңқыраған кезi едi. Көл жағалай қонған қалың ел. Қарақұрым мал, құмырсқадай жыбырлаған жұрт: аттысы атты, жаяуы жаяу, топ-топ, екеу-екеу сөйлескен, күңкiлдескен, сыбырласқан, күлiскен, әзiлдескен, сөйлескен...

Қонғалы төрт-бес күн болмаған соны жұрттың шаңы шыққан. Бiр мезгiлде нашальник, оның артынан бiр қолтық қағаз көтерiп переводчик шықты. Төрелерге тiгiлген үйдiң алдына жиналған жұрт бөрiктерiн алды, ауылнай-билер знактарын тағысты. Нашальник тура елубасылар қамалған үйге кiрдi. Тас салатын қобдиды даярлап, елубасыларға қалай тас салу мәнiсiн баяндады да, нашальник:

— Жандаралдың жарлығы бар: «Лауазым иесi адамдар, әсiресе болыс орысша бiлетiн адамнан сайлансын» деген, сол себептi сiздер де орысша бiлетiн кiсi сайлаңдар, — дедi.

Елубасылардан жөн бiлетiн бiреуi тұрып:

— Тақсыр! Бiздiң елде орысша оқыған кiсi жоқ, көпшiлiгi болысымыз жұртқа жағымды, патша, хазiреттерiне де түзу қызмет етiп тұрған Қалдыбай Шоңмұрыновты сайлаймыз, — дедi.

Жарылғастың бiр ауыл болысы тұрып:

— Тақсыр! Әдiлдiгiңiзге бас. Бiздiң сайлайтын кiсiмiз орысша хат бiледi, оқыған жiгiт — Жарылғас Көркiмбаев, — дейдi.

— Мартынов! Шақыр мұнда болыс пен Жарылғасты, — деп, нашальник стражниктi жұмсады. Қалдыбай болыс пен Жарылғас келiп кiрдi.

— Орысша бiлемiсiң? — деп нашальник Қалдыбайдан сұрады.

— Төре не айтады? — деп Қалдыбай переводчикке қарады.

— Орысша бiлемiсiң? — дейдi.

— Жоқ, тақсыр, жасымда үйренбеген тiлдi, ендi қартайғанда қайдан бiлейiн?

— Плохо! — дедi нашальник. — Орысша бiлемiсiң? — деп нашальник Жарылғастан сұрады. Жүрегi лүпiлдеп, буыны қалтырап, өңi құбылып тұрған Жарылғас жұлып алғандай:

— Читаю, писаю! — дедi.

— Молодец! — дедi төре. Елубасыларға:

— Орысша бiлетiн мына Көркiмбаевты сайлаңдар, — дедi.

— Тақсыр, сiзге қарсылығымыз жоқ, бiрақ жұрттың қалаған адамын сайлаймыз, бiр-екi ауыз орыс сөзiн поселкенiң сиырын бағып жүрген жiгiттер де бiледi; олар сиыр бағуды бiлмесе, ел бағуды бiле ме? Жарылғастың орысшасы да солардiкiндей, — дедi елубасылар. Нашальник азырақ ойланып тұрды да:

— Тастарыңды салыңдар, сайлауды губернатор бекiтедi, — дедi. Тас салынды. Қалдыбайға 24 ақ, 3 қара тас шықты. Жарылғасқа 3 ақ, 24 қара тас шықты. Сайлау тарады. Нашальник қайтты. Жарылғасты жұрт табалады. «Шениме» дескендер де болды.


II


Ғинуардың бас кезi едi. Бiр күнi атын сүмектей қылып Жарылғастiкiне Микапар урядник келiп түстi. Ол кiрместен бұрын: «Орыс келдi, орыс келдi!» — деп тыста ойнап жүрген балалар жүгiрiп кiрiп хабар бердi. «Бұл не қылған орыс?» — деп, Жарылғас сасып қалды.

— Қатын, жаңа бешпентiм қайда? Тақиямды әпер!.. Үйiңдi сыпыр, сыпыр! Төсек сал!.. — дегенше Микифор кiрiп келдi.

— Сүйiншi, Жарылғас, болыс болдың! — деп, қалтасынан «обласной ведомостың» бiр нөмiрiн суырып алып, Жарылғасқа ұстата бердi.

— Өзiң оқышы, Меке, — деп, Жарылғастың қуанғаннан жүрегi соғып, орнында дұрыс отыра алмады.

— «Степное положениенiң 70-статьясы бойынша Қызылсу елiнен болыстыққа Жарылғас Көркiмбаев бекiдi», — дегендi оқыды.

— Ыспасибо, Меке! — деп, Жарылғас Микифордың қолын қысты.

— Микапар закон бiледi, Микапарды ұмытпа, Микапардың сүйiншiсiн мықта, — деп урядник жайнаңдап күлдi.

— Меке, қалағаныңды ал, сенен аярым жоқ, арманыма бiр жеттiм...

— Байға қанша берiп едiң?

— 500 едi, әйтеуiр ақтады, — деп Жарылғас күлiмдедi.

— Iс қолыма қашан тиер екен?

— Ендi кешiкпейдi, приказ шыққан соң, тоқтау жоқ.

— Бәлем, Қалдыбайлардың ызасы өтiп едi, менi мұқатпақшы едi, мұқатар ендi...

— Оларды мен саған ендiгәрi алдыңнан шықпастай қылып берермiн. Ерегiссе, бастығы Қалдыбай қылып жер аудартудың амалын Мекефордан сұра деп, — урядник сұқ қолымен өзiнiң кеудесiн шұқыды.


III


Болыс аты Жарылғастыкi болса да, билiк — тiлмашы Алексейде болды. Жұрт Жарылғасты құрметтемедi, қорықпады. Болысқа iсi түскендердiң көбi Алексеймен жақын болды. Осылайша алты-жетi ай өттi. Бiр күнi тiлмаштың үйiне Бекбосын келдi. Бекбосын Қалдыбайлардың ағайыны, Алексей тiлмашқа жем түсiрiп, айтқанын қылдырып жүрген елiнiң атқамiнер бiр адамы едi. «Бекбосын жiгiт ұстайды» деген ел арасында өсек те бар едi.

— Алеке, бiр өтiнiшiм бар.

— Сөйле.

— Қашқын Омар деп хакiмдер iздей беретiн Омар маған жақын жiгiт едi. Ұзап кетейiн десе, белетi жоқ, жақын жерде жүрсе, ұсталатын. Осыған табатын амалың бар ма?

— Мұның амалы — ұстап беру, — деп Алексей күлдi.

— Ой, жолың болсын!..

— Мен оған не амал табамын?

— Белет берiп болмас па? — Тiлмаш басын шайқады. — Неге?..

— Қашқынға белет берiп бiздiң басымыз екеу ме?

— Саған одан не зиян бар?

— Маған зиян болмағанда не пайда бар?

— Екi жақсы аты бар, бiреуiн мiнерсiң...

Алексей шылымын тартып, ойланып отырды-отырды да:

— Жарайды, сен айтқан соң, болмас... Атты қой, ақша... — Сөз жоқ, аттың ақшасын бергiзейiн...


IV


Борандау күн едi. Уезд мекемесiнiң алдыңғы үйiнде үстi-басын қар басқан, сақал-мұртына қырау жабысқан екi мұжық, бiр қазақ отырды. Қазақтың бiр көзi көкпеңбек, iсiп, жұмылып кеткен, басы орамалмен байлаулы, өң жоқ, түс жоқ, төмен қарап, мұңайып отырды.

Уезни нашальник волосной старшинаның пакетiн ашқанда, iшiнен үш бөлек қағаз шықты:

1. Қызылсу елiнiң қазағы Омар Төлеков Ефим Тимошоның атын ұрлап жатқанда қолға түсiп, соның үстiнен жасалған протокол.

2. Омар Төлековтiң белетi.

3. Волостной старшинаның «уезге Төлековтi екi кiсiмен жiбердiм» деген рапорты.

Уезд қағаздарды оқып бола берген кезде, қазақ iшiнде көп жүрген стражник кәрi Иван кiрiп:

— Алдияр, тақсыр! Бұл ұры — кәдiмгi ұстатпай жүрген қашқын — Омар Төлеков, таныдым, — дедi.

Он-он бес минөт өткен жоқ, канцелярияда справка қылынып, кәрi Иванның сөзi расталды. Омар қашып жүргелi екi жылдан асқан, билетi болыстан алынғалы екi ай болған жоқ. Уезд дереу Қызылсу елiнiң болысы Жарылғасты шақырып, кәрi Иванды таптырды.


V


Болыс болғанына дәл бiр жыл дегенде Жарылғас орнынан түскен едi. Жарылғас кiнәның бәрiн тiлмашқа аударса да, тiлмаштың жауабын уезд дәлелдiрек тапты. Алексей тiлмаштың жауабы:

— Жарылғас орысша бiледi, қағаз бiткенге өзi қол қойып, мөр басады, мына белеттегi де өз қолы: орысша бiлетiндiгiн нашальниктiң куәландыруымен областное правление 70-статья бойынша үш таспен-ақ болыстыққа бекiткен. Оларды танымаймын, болыстың бұйрығынан шықпаймын, «жаз» деген соң жаздым... Мұнан кейiн көп ұзамай областное правление Жарылғасты сотқа беруге бұйырғандығы естiртiлдi. Бұл хабар тиген соң, Жарылғас бұрынғыдан бетер сасып, сотта не деп жауап берерiн бiлмей, күндiз-түнi ойға қалды. — «Орысша бiлмеймiн, тiлмаштың маған бiлдiрмей iстеген iсi» деп құтыла қалсам, қайтадан болыс болу жоқ. Сотта читаю, писаю десем, «орысша бiлетiнi рас екен» деп жаза мойныма түседi... — деп даң болды. Iсiн адвокатқа бермек болып, Жарылғас мырза қалаға жүруге қам қылды. Аттанарда, Жарылғастың әкесi Көркiмбай қарт баласына батасын берiп айтқаны:

— Тiлiмдi алсаң, балам, шитай-шитаедан да без! Болыстықтан да без! Қалған малыңнан тағы айырылсаң да, қара басыңды қорғап қал! Бұрынғылар айтқан, балам: «Басқа келген пәледен бастан құлақ садаға...»

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар