Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

17.10.2018 6680

Мо Янның арзандауы

Мо Янның арзандауы - adebiportal.kz

Қытай азаматы Ли Сы Хұйдың 2013 жылы жазып, жариялаған мақаласы.

Әр жылдың күз айларында жұртты елеңдеткен Нобель әдебиет сыйлығының иегері анықталады. 2012 жылы Мо Янь Нобель сыйлығын алып, бүкіл Қытайды дүбірлеткен еді. Содан бері, біз бір-біріне кереғар құбылыстарға куә болдық. Бірі- «Мо Янның шығармалары бірте-бірте өтімді кітаптар қатарынан ығыстырылып, арзанға сатыла бастады»- десе, ендібірінің, «Мо Янның ауылына сапардың қызуы басылмай тұр. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, мемлекет мерекесінің құрметіне арналған демалыс кезінде, Шакоузы қыстағындағы бұрын Мо Янь отырған үйге таяу жолдың екі жағалауына тізілген жеңіл көліктердің қатары 2 километрге жетіпті»-деді.

Көркем шығарманың оқырманының көбеюі мен азаюы, базар сұранысының жоғарлауы мен төмендеуі қалыпты құбылыс. Бірақ бәзбіреулердің Мо Янның атын сауда белгісіне айналдырып, пайдаға белшесінен батпақ болып жаныққанын қалыпты жағдай деуге аузымыз бармайды. Нобель Әдебиет сыйлығына қолы жеткен тұңғыш қытайлық жазушы ретінде Мо Янның, белгілі мағынадан айтқанда, символдық мәні басым екені рас, бірақ жазушы мен көркем шығарманың нағыз құны ол бір кезде отырған көне үйлердің қанша саяхатшыны өзіне тартып, қаншалық ақшаға жарағанымен өлшенбейді. Есесіне оның қоғамға жасайтын көмескі ықпалы әлдеқайда маңызды. Мысалы, әлеуметті әдеби жасампаздық мәселелері жөнінде ой жүгіртуге жетектеп, жалпы халықты кітап оқуға дағдыландырып, адам баласының сана-сезімінде резонанс тудыра алса ғана, құнды дүние деп тануға болады.

Амал нешік, Мо Янның Нобель Әдебиет сыйлығын алғанына бір жылдың жүзі болғанмен, біздің қоғамда Мо Янь мен оның шығармалары туралы ұстамды, ақылға қонымды, ғылымға сәйкес таным әлі қалыптасқан жоқ. Керісінше, Мо Янның аты саудаға салынып, арзан олжаның құралына айналып үлгергені адамды алаңдатады. Әу баста ел-жұрт Мо Янның мұражай-үйіне ағылып, «жақсыдан шарапат» деген ырыммен ескі тамның сылағын түгел сыпырып әкетіп еді, іле-шала бүкіл «Дүңбей ауылы» атқа қонды, «Қызыл Гаолян» телехикаясын түсіруден сырт, жергілікті үкімет 670 миллион юань қаржы шығарып, Мо Янның ескі үйін орталық еткен ауыл мәдениеті саяхат базасын ашуды, ол үшін 10 мың му жерге қызыл гаолян егіп, аталмыш «Мо Янь инжинериясын» атқаруды жоспарға алды. Сөйтіп, делебесі қозған саяхатшылар мен дегелең қаққан жергілікті үкіметтің майлы қасықтай бола қалғанын көрмейсіз бе. Әлбетте, бұл Мо Янмен, оның шығармаларымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын туристік құбылыс қана.

Отандастарымыздың Нобель сыйлығы дегенде шығарға жаны басқа. Аталған сыйлыққа қолымыз жетпеген бұрынғы кезде өңешімізді созып, өлердей тамсанып едік, ал қолымыз жеткенде, оның қадірін білмей жүрміз.

Сондықтан Мо Янның шығармаларын мойын ұсынып оқыған адам аз да, есесіне Мо Янның кіндік қаны тамған ауылға қыдыра барған пенделердің санында есеп жоқ болып тұр. Жұрттың ықыласы Мо Янь атындағы сауда белгілері мен оның қолданылмалы құнына ауып кетті де, Мо Янның өз басы мен оның шығармалары тиісінше назарға алынып, зерттелмей жатыр, кітаптары да қызығушылық тудыра алмады.

Биыл сәуір айында жүргізілген тексерудің нәтижесі мәселенің мәнін ашып көрсетті. Тексеруден белгілі болғандай, 2012 жылдың басынан кейін Қытайда кітап оқушылардың қатарын, негізінен, қарттар құрап келеді. Жастардың дені интернетке ауып кеткен. 2011 жылы 18 жастан 70 жасқа дейінгі қытай азаматтарының 63.1 %-ы кітап оқыса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 58.2 %-ға құлдырап кеткен. Өткен жылы қытайда адам басына не бәрі 4.39 дана кітап оқылған. Американдықдар кітапты қытайлықтардан 2 есе көп оқиды екен, ал Солтүстік Еуропада адам басына 24 дана кітап оқылады екен. Енді бір жылдан бері тоқтамай тұрған Мо Янның «ескі үйіне саяхатқа» осындай кең көлемде ой жүгіртетін болсақ, отандастарымыздың Мо Янь және Нобель Әдебиет сыйлығы туралы таным-түсінігінің қаншалық таяз екеніне көзіміз жете түседі.


Оқырманның азайып, көрерменнің көбеюі – жазушы мен әдебиеттің соры. Нобель Әдебиет сыйлығының иегері, Түркия жазушысы Орхан Памук Лу Шүннің шығармаларын жаны сүйіп оқиды екен. Содан болар, ол Лу Шүннің мұражайына барғанда, өзімен бірге ұлы жазушының түрік тілінде шыққан кітабын ала барды, міне, жазушы мен оның кітабына жасалатын тиісті құрметтің түрі осындай болса керек. Отандастарымыздың Орхан Памуктен көбірек үйренгені мақұл, Нобельге қолы жеткен жазушының атын сатып, атағын сауғаннан, мәртебесін сауда белгісіне айналдырғаннан ұтарымыз шамалы. Есесіне, төл әдебиетіміздің қадіріне жетіп, қасиетін бағалағанымыз, жазушы мен оның шығармаларын көбірек оқып, тиісінше зерттегеніміз артық еді.

«Солақайлар» әдеби клубы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар