Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мо Янь. Жастардың ең жақсы ұстазы – кітап

03.10.2018 766

Мо Янь. Жастардың ең жақсы ұстазы – кітап

Бала күнімде оқитын кітаптың жоқтығын қабағат уайымдаушы едім, ал қазір осыншама көп кітапты оқып тауыса алмаймын-ау деп уайымдаймын. Маған мынадай ой орала береді: кітап көп болған сайын адамның кітап оқуға деген ынтасы төмендейді екен де, кітап аз кезде кітапқа деген құмарлық арта түседі екен. Енді өзімнің кітап оқуым және оның осы күйіме ықпалы жөнінде айтайын.

Кітап оқумен өткізген балалық шақ

Мен 1955 жылы Шан Дұңдағы бір ауылда тудым. Он неше жасымда «мәдениет төңкерісі» басталып кетті де, оқудан шықтым. Бірақ хат танып алдым әрі кітап оқуға қатты құмарттым. Ол кезде ауылдағы кедейлік әрі «мәдениет төңкерісінің» мәдени құндылықтарға кесірі себебінен ауылда оқитын кітап та жоқ болды. Сонымен бір кітап оқу үшін ауыр еңбек пен зор бодау беруге тура келді. Әлі есімде, көрші ауылдағы сыныптасымның үйінде «Тәңірлер хикаясы» атты суретті кітап болды. Осы кітапты алып оқу үшін мен үнемі оның үйіне барып, диірмен тартуға көмектесетінмін. Еш қызығы жоқ, бір сыдырғы мұндай шаруа балалар үшін өте азапты еді. Кейін бір бастауыш мектеп оқытушысымен таныстым. Ол кісіде «Қалуен гүлі», «Қалың орман, қарлы дала», «Жастық жыры» секілді он неше төңкерістік әңгімелер жинағы бар еді. Мен бұл кітаптарды ала салып, жанталаса оқып бітірдім. Ол кезде біздің үйдегі екі қойды жаю менің міндетім болды, бірақ кітап қолыма түскеннен кейін мен маяның қалқасына тығылып алып, кітаптарды оқып бітіруге асығатынмын. Кітапты оқып болғанымда күн де ұясына бататын. Қойларды ашықтырып үйге айдап келгенім үшін тиісті сыбағамды алсам да өкінбейтінмін. Ойласам, жоғарыда аталған төңкерістік кітаптар, онда баяндалған кейіпкерлер мен олардың айтқан әрбір маңызды сөздері қазірге дейін есімнен кетпейді. Бұл балалық шақтың кітап оқитын маңызды кезең екенінің бір дәлелі. Бала кезде есте сақтауымыз жақсы, кітап құмар болады екенбіз, оқығанымыз да есімізде қалады екен. Әрине, қолға әрең тиген кітаптың қадірлі болатыны да бар.

Өмірімнің ең елеулі кезі өткен ғасырдың 50-жылдарының соңы мен 60-жылдарының басы. Үлкен ағамның үйінде орта мектептің бір неше әдебиет оқулықтары бар еді. Мен жаңбырлы күндері, егінге бармай қалғанда диірмен тартатын үйде отырып, осы кітаптарды оқитынмын. Ол кездегі әдебиет оқулығы «Қытай тілі», «Әдебиет» деп екіге бөлінетін. «Қытай тілі» логика, грамматика, байырғы қытай тілі туралы болады, ал «Әдебиет» оқулығында бұрын-соңды ел ішінен жиналған және шетелдің үздік шығармаларынан үзінділер берілетін. Мысалы, «Лин әулетінің дүкені», «Түйе шяңзы», «Юефидің ғұмырбаяны», «Балықшы мен алтын балық» деген секілді. Бұл оқулықтар шағын болғанымен талай ауыл баласының көзін ашты. Мен Мао Цзэдунның «Лин әулетінің дүкенінен» ұлттық капиталистер мен ұлттық капиталдың бейнетті тарихын оқыдым. «Нажағайлы жаңбыр» драмасынан көркемдік бейнелеуді үйрендім, Лаушының «Түйе Шяңзысы» арқылы Бейжің арбакештерінің жабырқаулы өмірімен, жанды да орамды Бейжің акцентімен таныстым. «Түйе Шяңзыда» мынадай бір оқиға айтылады. Арбакеш Шяңзы суық суды өлердей ішкен соң ішегі суға қанған қашырдың ішегіндей шұрылдайды, бұл есімде өте анық қалыпты. Біз ол кезде ауылда қатты шаршаған соң қара суды тойғанша ішіп алып жұмыс істегенде ішіміз шалдырлап жүретін. Мұндай бейнелеу өте әсерлі болады. Кейін әдебиетке келгенімде мұның кейіпкерді бейнелеуіме әсері зор болды.

Бала кезімде оқыған кітаптарым санаулы, бірақ ауқымды еді. Оның үстіне түгел құнттап оқыдым. Оқитын материал тапшы болғандықтан, сол орта мектеп оқулықтарының маған пайдасы өте көп тиді. Кейін әскерде болдым. Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында ауыл баласының әскерге баруы таң қаларлық іс, өйткені олардың мүмкіндігі аз. Қосындағы тұрмысым бір сыдырғы, міндетім тек қарауылға тұру еді. Мен тұрған қосын ауыл ішінде еді, сарбаз-сардарымен қосқанда оншақты ғана адам болдық. Коммунаның шаруа қожалығы болғандықтан, ешкім келіп қарауылды шарламайтын, содан мен қарауылда тұрып – ақ ұрланып кітап оқимын. Ол кезде бір саптасымның қалыңдығы аудандағы кітапханада басқарушы болып жұмыс жасайтын. Мен апта сайын одан әралуан әңгіме кітаптар алып оқитынмын. «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», «Джон Кристоф» секілді шығармалармен сол кезде таныстым. Көптеген шетел классиккаларын қосында қарауыл болып тұрған сол үш жылда оқыдым. Бұл үш жылдағы оқығандарым менің көкірек көзімді ашты әрі шетел әдебиетімен таныстырды.

1979 жылы Хібейдің Баудиң қаласындағы азаттық армиясының бір әскери мектебіне ауысып бардым. Мектепте бір кітапхана бар еді. Елдің көбі кітапхана басқарушысы болуды қаламайтын, ал мен өздігімнен сол жұмысқа өтініш бердім. Сонымен кітапхана басқарушысы болған үш жылда тағы көптеген кітап оқыдым. Кейін саясат мұғалімі болып, университетте «Саяси экономика», «Философия», «Ғылыми социолизм» пәндерінен сабақ бердім. Бұл өзімнің де сол сабақтармен алғаш танысуым еді. Ол кезде саясаттан беретін мұғалімінің қабілеті оның кітапқа қарамай сабақ айта алу-алмауымен өлшенетін. Ол кезде жаспын ғой, сол күні өтілетін сабақты түгел жаттап алатынмын. Тиісінше дәріс тыңдауға келген бастықтар мен мұғалімдер бір ауыздан менің теориялық деңгейімді жоғары бағалайтын. Мұндай жаттау менің кейінгі шығармашылығыма пайдалы болды. Өйткені мен тек оқулық бойынша ғана емес, басқа шығармаларды да пайдаланып, дәріс мазмұнын толықтырып отырдым. Сөйтіп, Германияның классикалық философиясын оқыдым. 1984 жылы Азаттық армиясының көркемөнер институтына оқуға қабылдандым. Сол кезден бастап шығармашылықпен айналыстым. Бәрі сол Баудиңде жазушылыққа жақсы негіз қалағандығымның арқасы.

Зер сала қарасам, он неше жыл табандап оқыған кітаптарым менің өміріме теңдессіз ықпал етіпті. Қазір де күніне қаншама басылымдарды жаздырып аламын. Іріктеп алған әдебие кітаптардың да ауқымы мол. Олар жас күнімдегі кітап құмарлығымды оятқандай болады. Титтей де жазушылық таланты бар адамды өлең, әңгіме жаздырып дегендей қолдап отыру керек. Ал егер оған қызықпаса, оқушының бәрінен жазушылықты талап етудің қажеті жоқ.

Адам жақсы әңгіме жазумен бірге мықты зиялы да бола алады. Мысалы, Чян Жұңшу мырза сондай адам. Ол «Қоршаудағы қала» секілді тамаша әңгіме жаза алумен қатар телегей теңіз білім иесі. Өзім де орта мектеп, жоғары мектеп оқымасам да соңында танымал жазушы болдым. Егер және бір рет өмір сүрудің орайы беріліп, орта мектеп, жоғары мектеп оқу мүмкіндігі болса, жазушы атағымнан баз кешуге пейілмін. Себебі, өздігінен үйреніп жазушы болу өте қиын шаруа. Мұндай жазушының білімі кемшін, жүйеге түспеген, әсіресе, шетел тілінен жұрдай болады. Тілдің де озығы мен тозығы бар. Өзге тілмен қатар қойып, салыстырғанда ғана ана тілдің құдіретін білеміз.

1984 жылы Азаттық армиясының көркемөнер институтына оқуға түскеннен кейін, өзімше реформа жасап, әлемге есік аштым. Батыстан үйренуге батыл кірістім. Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында шетел шығармалары молынан аударылып, біздің де таным түсінігіміз кеңейді. Латын Америкасының магиялық реализмы, француздың жаңашыл әдебиетімен таныстық. Бұлардың бәрі өткен ғасырдың 60-жылдары жазылса да, бізге әңгімені былай жазуға да болады екен-ау дейтін ой салды. Шетелдіктер біздің әлі дәстүрлі романтизм мен реализм бойынша тақырып таңдап, жазып жүргенімізге таң қалды. Бұл кезде мен, бір жағынан көп кітап оқып, бір жағынан еліктеп жазуға белсене кірістім. Елдің көбі менің шығармашылығымда Латын Америкалық Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романының ықпалы бар деп қарайды. Мұнымен өзім де келісемін, бірақ мен ол кітапты өткен жылы қазанда ғана оқып тауыстым. Себебі, бұрын ол шығрманы оқи бастасам болды шабытым келетін. Кітаптағы қолына магнит алып көше бойлап жүгіргенде әр үйдің темір-терсегін түгел сықырлатып жұлып әкететін әсіре көрініс біздің тұрмыста да жетерлік. Мұндай сиқырлы суреттеу ауылда бастан кешкен оқиғаларды еске түсіріп, толқытып, кітапты оқып болмай жатып кітап жазуға кірісіп кететінмін.


Жастардың ең жақсы ұстазы − кітап. Кітап оқудың бірнеше түр бар. Бірі – құнттап оқу. Бірі – шолып оқу. Бізде кітап өте мол, қартайғанша оқысақ та титімдей бөлігін оқып тауыса алмаспыз. Сонысына орай құнттап оқу, шолып оқу деп бөлу өте маңызды. Әлдеқашан классиккалық шығарма деп мойындалған кітаптарды жақсылап оқуымыз керек, ал интернеттегі жеңіл шығармаларды шолып шығып, негізгі мазмұнын білсек жеткілікті. Құнттап оқу мен шолып оқудың негізін салған соң, шығармашылықпен айналысуды еліктеп жазудан бастау керек. Толысқан жазушы үшін еліктеу жақсылық емес, ал жас буын үшін еліктеу жақсы тәсіл. Намыстанатын іс емес, қайта тура жол. Лу Шүннің алғашқы шығармаларында да басқаның сарыны бар. «Есалаңның естелігінде» Гогольге еліктеген, бірақ бұл Лу Шүннің абыройын кеміткен жоқ. Кейін ол еліктеуді қойып, өз стилін қалыптастырды. Тіл ұштау үшін еліктеп жазу ең жақсы амалдың бірі дейтінім осы.

Тілдік ерекшелік адамдағы тілдік сезімталдыққа байланысты. Орта мектеп кезеңі тілдік сезімталдықты баулитын жақсы кезең. Жазушы бұл кезді өткізіп алса, кейін оның тілдік сезімталдыққа бойлауы қиын болады. Жазушыдағы тілдік сезімталдық музыкантта музыкалық сезімінің болуы секілді. Кезінде ауылдағы музыканттар нота танымайтын, бірақ архуды (музыка аспабы) құйқылжытып тартатын. Мұндай сезімді мен өз басымнан да кешірдім. Он неше жасымда атам «қолыңнан ештеме де келмейді, үйдегі архуды үйрен», - деді. Алғашында қиқылдатып-шиқылдатып екі-үш ай жүрдім. Артынан «Шығыс қызарын» ырғағына келтіретін болдым. Қолым да, құлағым да жаттығып, үйірлесіп кетті. Бұл халық өнерпаздарының нота танымаса да жүрегінен шыққан әуенді архуда құйқылжыта алуының себебі.

Менің шығармашылығым бірнеше сатыға бөлінеді. Өткен ғасырдың 70-жылдарының соңында қосында жүріп шығарма жазуды бастадым. Алғашында еліктеп жаздым, оны да ұқсата алмадым. 80-жылдардың басында шығармаларым жариялана бастады. Бірақ бұл кезде еліктеуден аспадым. Мысалы, «Көктем түніндегі сіркіреген жауын» Цвейгтің «Бейтаныс әйелден келген хат» шығармасына еліктеп жазылған. Еліктеп жазып жүрдім әрі оның бәрі де жарияланып отырды. Өйткені жазғандарымның ішінде өз жаңалық болды. Біріншіден, ел ішінде болған оқиғаларды жаздым, екіншіден, тілдік ерекшелік болды. Азаттық армиясының көркемөнер институтына келгеннен кейін еліктеуді қойып, нағыз өз жолымды қалыптастырдым. Меніңше, атағымды «Мөлдір сәбіз» шығарды. Бұл өзім бастан кешкен оқиға. Мен кезінде бір көпір салып жатқан жердегі теміршіге көмекші болып істеп, өзім де темір соғуға ысылған едім. Әңгімеде күздің желі азынаған бір түні көпірдің қуысындағы пештің қасында, жартылай жалаңаш баланың көрік басып, алаулаған отқа қарап тұрған сәтін суреттеймін. Сол көрініс өзіме де ғаламат әсер етті.

Шын жазушы өзінің жазу үлгісін қалыптастырады. Тек өз үлгісімен қалам тартып, тілге үлес қоса білгенде ғана адам қатардағы жазармандардың қатарынан озып, нағыз жазушыға айналды. Жазарман мен жазушы ұқсамайды. Жазғыштар көп, ал жазушы сирек тұлға. Қиын күнде болашақ бұлдырап тұса да, құлшынысымыздан жазбайық!

«Шынжаң» газеті

Дайындаған «Солақайлар» әдеби клубы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: МО ЯНЬ, солақайлар клубы, әдебиет
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар