Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мөлдір Дарханбаева. Жанарыңа мұң-құсы ұя салып...

09.03.2019 449

Мөлдір Дарханбаева. Жанарыңа мұң-құсы ұя салып...

Сен менің құшағымда,

Шынында енді, шырайлым

Болмайсың ба?

Бағаламай бағымды тұсадым ба?

Қалай ғана шыдаймын

Ондай сынға...

Жүрегім қақ бөлініп

Азабын-ай, барады

Алқымды алып

Сезіміміз тұрғанда отқа өріліп

Отырмашы сүйіктім, салқын қалып...

Сыздайды жаным, ерек

Сезесің бе боранды

Ішімдегі?

Өз күнәмның жүзімді жалыны өбет

Өңім бе бұл? Қараңғы

Түсім бе еді?

Сені енді көрмеймін бе?

Қайдан ғана кезікті

Азаптар бұл?...

...Көп ренжітсең осылай тергейді де...

Аз-ақ қалғыр, азалы тозақ-тағдыр...

Кешір мені...

***

Арада айыпсыз-айыпты

Ұрыстар. Кінәсіз-кінәлі

Қайсыбір жағымсыз жай ұтты?

Қайсысы бітпейтін мұң әні?

Тергейтін тоқтаусыз тірлік көп,

Емдейтін сөздер мың ортада.

Жиекке жұтатын тұрдық кеп...

Бақыттың шынысын қорқа ала.

«Кет» дедік, «кел» дедік, «бітті» деп

Бағытқа қарадық қос тарап.

Құдайдан көрмедік құт тілеп,

Жолымыз жоқ па еді қосқан ақ?

Табыстық. Қоштастық. Көп рет

Қайғыға жол бердік қитұрқы

Біздегі сезімнің кебі деп

Жамылып жетісті мұң-түлкі.

Күйініш. Сүйініш сұрағы?

Дерттер. Емделмес сор ғана...

Бітсе де шыдамның «шыдамы»

Білемін, сүйеміз сонда да...

***

Шаттық-достан, бақыт-көштен жеке қап,

Қарт-өмірден бас сауғалау бекер ақ.

Армандаймыз, қол қусырып, қадам жоқ

Бұйырса деп шырайлы отау, неке-бақ...

Бірақ... Мұң-жел бос қиялды кетер ап...

Аңсай беріп, жүрек кетті жетімек,

Арамызда сезім де тұр сетінеп...

Ал біз болсақ ескі мұңлық сиямен

Тағдырға кеп арыз жаздық екі бет...

Бақыт күтер, көктен түсер көкірек...

Талас та жоқ, талап та жоқ, жігерлі

Артымыздан үміті өлік жүк ерді.

Махаббатқа мас болдық та, масқара

Салып алдық соры бесеу жүгенді

...Іші қуыс Сезім туды. Кім өлді?

Біз бақытты болсақ дедік... білмеймін

Туа берді терісі ұқсас бірдей күн...

Айырмасын білмей тұрып, адастық

Көлеңке мен күнгейдің...

Қойшы бәрін, мен ештеңе білмеймін...

***

Үйрендім...

Шын-өтірік жылап-күліп

Үйрендім

Бір мезетте құлап-тұрып.

Өлшеусіз өмір мені сен арқылы

Сынатты, құп!

Тонадым арманыңды, ұрып, жықтым

Солай ма?

Белгісі ме ұрылықтың?

Сеніңше, танысқалы тағдырыңа

Мың түрлі мұң іліппін.

Ал сен ше?

Қиялыңнан құрып дерек

Тастадың ақ басымды күдікке көп

Көп-көп-көп!

Түсінгенім саған анық

Басқалай бүлік керек...

Қинадың, кезім бе осы күш құрыған?

Ойың да, мені жегір ұшқыр, ұғам

Шаршадым,

Түсінсеңші, сенің... Сосыыыын

Бітпейтін мына өмірдің мысқылынан...

Жанымның қиналысы жасқа арласты

(Әкем де, мені осылай басқармас-ты...)

Мекенім болмайды енді,

Біліп қойғың....

Сен тұрған аспан асты...

***

Жауһарым, жұлдыздай жыр еккен

Ендігі сезімге жұп етпен.

Алтынмен апталған атыңды

Өзің кеп өшірдің жүректен.

Жаныма жасадың жара аңғар,

Тілегің осы ма, тәмәмдар

Басқамен бет түзеп кеттің де,

Таптадың ақылды, таланды-ар...

Көңілде кептелді керең-мұң,

(Ұшында жаным тұр жебеңнің).

Жүрегім соңыңнан жүгірді

Шала жан сезімді ап... Мен өлдім.

Ойым –жау, сағыныш – делдал у.

Қиын-ай өзіңсіз дем де алу,

Бір сен деп адасқан ақылға

Тауып бер, тауып бер ем-дәру.

Сезім – сұм, көз-тілсіз кесел ең,

Тағдырды жөн-жолсыз ешеген.

Соңғы – сен, соңғы – мен, соңғы – біз

Осы өлең!!!

***

Сұрғылт бөлме. Шұбар сағат сыртылы,

Сыңар ойдың жел өткізер жыртығы.

Бір-бірімен кеңесет те, жебесет

Жүрек-үні, сыр-тілі...

Күннің қайтқан сәулесінен кіл сарғылт,

Сан елеспен, жан егескен мұң шалды үт.

Құрғыр қиял түсірер ме құл күйге

Мұнша албырт?..

Осы кештің дидары-үсік, өңі-дау,

Түнге ұласқан түсіреді жолына-ау.

Шылдырррррр

Уф, жүрегім, селк еттім

Есті айырды есіктегі қоңырау!

Сен екенсің, қола құйған бұ мүсін,

Қырық жылдық қайғы ерткен жүрісің.

Сұр үйіме шырақ ұстап кірмесең

Келген ісің құрысын...

Көңіл-күңгірт, көзіңде тұр күз-жаңбыр,

(Жоқ болып тұр, Секірер-ор, құз-қарғыр)

Түсіндір деп қоштасудың қылығын

Сұрамаққа келдің білем қыздан бұл...

Үнсіздікке байланады тіл бекем

Жанарымда жүздей жауап жүр, көкем

Сілкілеме сырты қалған сорлыны

Құр бекер...

Алдыңда біл, күш-көктеген, әл-құрай,

ақталмаған ар тұр-ай!

...Шығып кеттің, бейнеңді ертіп күнәсіз

Кешір!

Есік-тағдыр ашық қалды жартылай...

***

Сұрғылт бөлме. Баяғы шұбар сағат

Сол бір күнә, жүректі тұрар сабап.

Отырамын сыр шертіп елесіңе

Шаршаған ой, сенделіп сұрар шарап.

Ізің қалды, үй алдын мекен еткен,

Ізің қалды, жүректе бекер өпкен.

Жанарыңа мұң-құсы ұя салып,

Ізің қалды, жар аяқ жеке кеткен...

Сан сұрақ жүр, сандалып санаңда-алап,

Сезім-әулие танытып, жалаң қабақ...

Тілегіңді таптаған қызға тосын

Қалмады ма қолданар шараң да нақ?!

Жабартұғын жөн-жолсыз жала кем бе?

Бар күнәні себепсіз маған берме.

Бізге ашпаған сол есік-тағдырыңды

Тек қатты жаба көрме...

Суреттер svistanet.com, zabavnik.club сайттарынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Мөлдір Дарханбаева
(2)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар