Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)...

20.02.2018 5429

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы) - adebiportal.kz

7

Ілекең бұрнағы бір жылдарда осы «Жазушы», ол кезде «Қазақ Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы» атанған мекемеде аға редактор болып қызмет атқарған. Сирек те болса, қаншама жыл бойы бірлі-жар кітаптарын шығарып отырған сыртқы тәжірибе өз алдына. Баспа шаруашылығын бүге-шігесіне дейін, тым жетік біледі екен. Мен қызметке жарияланған бастапқы күнгі лездеме – осы тарапта өзі өткеріп отырған алғашқы жиын екен. Ілекең істің мән-жайына бұрнадан таныс, кәнігі басшыдай, шыр-көбелек айналдырды. Салмақты, байыпты және біршама қатқыл. Мен көрген тұтас төрт жыл бойы осы қалпын сақтаған. Бұл лездемелер әдетте дүйсенбі күні, таңертеңгі сағат тоғыздан он минут өткенде басталатын. Бір, бір жарым сағат шегінде. Кейде әрқилы жағдаймен созылып кететіні де бар. Ішкі, сыртқы шаруалар өз алдына, негізгі мәселе – өндіріске тапсырылуға тиісті қолжазбалардың жылжыма графигі. Алдынала әрбір айдың баспахана жоспары жасалмақ. Қай күні қандай шығарма өндіріске өтуге керек. Тиесілі бөлімдерден түсетін ақпар негізінде бұл жоспарды құрастыру менің міндетіме жүктелген еді. Тіркелген қолжазбалардың жылжыма үрдісі көбіне уақытылы орындалмай жатады. Ал типография күтіп тұрмайды, тапсырыс әдетте кітап санымен емес, баспа-табақ аталатын жинақты көлем бойынша тоқтаусыз жылжуға тиіс. Сондықтан алдынала қамтып, қажетті мөлшерде қор жасап алатынбыз. Қолжазба көлденең себептермен бөгелген, немесе жауапты редакторы кешіктірген, әлде көркемдеуші суретшісі үлгермей жатқан жағдайда, бөлім басшыларына сауал түседі. Тұтастай алғанда, ағымдағы жұмыс бір қалыпты, тоқтаусыз жүріп жататын. Жекелеген шығармашылық мәселелер тиесілі бөлімдерде, күнделікті жұмыс барысында, жинақтап келгенде, бөлімнің кеңейтілген редакциялық мәжілісінде шешіледі. Аса күрделі, даулы, кейде күмәнсіз болса да көлемді, маңызды кітаптар өндіріске тапсырылар алдында бас редактордың, немесе, көбіне-көп орынбасар бас редактордың басқаруымен өтетін Үлкен кеңесте талқыланбақ. Директордың қатысуы шарт емес. Жалпы, мен отырған төрт жыл ішінде, бірер ретте демесек, қандай да шығарма төңірегінде өз ішімізде бітімсіз, асқынған тайталас болған емес. Бәрі де оңымен шешіліп жатты. Ілекең қалыптаған байсалды жағдаят нәтижесі дер едім.

Апта сайын, дүйсенбі күнгі таңертеңгілік лездеме – ың-шыңсыз, дау-дамайсыз өтеді. Ілекең графикте тұрған әрбір кітаптың жағдайын жеке-жеке сұрастырып шығатын. Әлдебір қолжазба кешіккен жағдайда, редакция бастықтары анықтама беріп, ақталып жатады. Кейде мұндай кешеуіл тым созылып кететін реттері де бар. Тиесілі редактордың салғырттығы, көркемдеу суреттерінің салынып бітпеуі және басқа да әрқилы себептер. Ілекең қашанда байыпты ескертумен шектеледі. Жұмыс бабында ешқашан ешкіммен ренжісіп, қарауындағы жігіттерге дауыс көтеріп көрген емес. Кейде қолайсыз жағдайдың өзін жаймашуақтап, тіпті, күлкіге айналдырғанын көрдім. Сондай бір кеп. Бұл кезде орыс редакциясындағы ахуал ушыға бастаған еді. Бөлім меңгерушісі – әзірше атаққа шықпаған Морис Симашко. Жақсы жазушы, ұлты жойыт. Анығы – әкесі жағынан, ал шешесі неміс болса керек. Жойыт жұртының рәсімі бойынша, кез келген адам, жойыт қызынан туса ғана, осы ұлттың толық өкілі саналмақ. Симашко мен жойыт емеспін деп айтпайды, бірақ жартылай неміспін дейтін. Бөлімдегі бес-алты редактордың үшеуі ғой деймін, орыс ұлтынан, Симашконы қосып есептегенде екеуі жойыт, қалған біреуі – орыс тілді қазақ. Редакциядағы тартыс – Жазушылар одағындағы орыс тарабының хатшысы Леонид Кривощековтың Жетісудағы Азамат соғысы туралы, Митько деген журналиспен телавтор болып жазысқан «Огненное кольцо» – «Отты шеңбер» романынан басталған. Редакция екіге жарылыпты. Симашко романға толайымен қарсы емес, бірақ әжептәуір түзету, қысқарту, өңдеу қажет депті. Қарсы беттегі таза орыстарды бастаушы – осы Кривощековтың әйелі Мария Васильевна. Маңызды тақырыпқа жазылған көлемді роман төңірегіндегі дау қыза келе ауа жайылып, одақ төңірегіне жетті. Белгілі бір роман туралы талас емес, орыс пен жойыт арасындағы, асқынған қайшылық сияқты көріне бастаған. Кідің жағдаят. Ілекең мәселені ушықтырмас үшін, редакцияның кеңейтілген мәжілісін шақырған. Тайталас, екі жақты кіналас кезінде осы редакцияда қызмет атқаратын Мақан Жұмағұлов орыс тарабын жақтап екі қайыра сөйлеп, айрықша белсенділік танытқан еді. Үшінші рет сұғына көтерілгенде Ілекең қалт тоқтатты. «Мақан! – деген. – Сенің осы ит-ырғылжыңда не шатағың бар?! Бұл екі ұлы халық – еврей мен орыс даулы мәселесін мына сенсіз, өздері шешсін!» Әлбетте, орысша: «...какое твое собачье дело... пусть эти два великих народа – евреи и русские...» Мақан ғана емес, қалған жұрт та бірден басылды. Бәрі де анық ұққан – мәселе кітап төңірегінен озып, теріс сыпат алып бара жатыр. Ақыры жаймашуаққа айналды. Ілекең қатаң ескертті, татулыққа шақырды, бірақ кітап туралы түйінді тоқтауды кейінге қалдырған. Өйткені бұл кезде әлдебір тараулары журналда басылған романның өмірлік негізі – «Черкасск қорғанысы» дейтін, ақ пен қызылдың шайқасына қатысы бар кәрі орыстар көтерілген; бұлардың өзі екі жақ: алай емес, былай, – жоқ, дәп солай, Иван әне жерде тұрған, Петр мына жерде, - деген тәрізді. Арнайы өкілдері Орталық Партия Комитетіне дейін барысыпты. Осы құрметті ветерандарды шақыртып, екі жақтың да уәжін тыңдау керек еді. Ілекең бар даудың шешімін маған тапсырды. Әуелі Алматыдан, Сарқанд пен Ақсудан, тағы сол төңіректегі орыс атаулы селендерден жеткен, бір кездегі қызыл партизан, енді қатарынан қаусап тұрса да, баяғы арындары басылмаған оншақты кәрі шалмен кездесіп, бейбіт кеңес өткіздік, бәрі жөн, бәрін де ескереміз дестік, соған орай жоғарыға тиесілі хат жолданды. Бұл кезде мен жалғыз едім, орыс тарабына жауапты Павел Косенко кейінірек бекіген. Енді отыз баспа табақ романды мұқият оқып шықтым. Шынында да бөлек-салағы көп, әлсіз дүние екен. Әйтсе де, қатардағы халтуралардан кеміс емес, тоқтатудың қисыны жоқ. Бірталай ескертпемен, өгіз өлмес, арба сынбас шешім айттық. Директордың бетпе-бет талқы кезіндегі бір ауыз қатқыл сөзінен соң, астарда жатқан ұлт араздық мәселесі мүлде жоққа сайып, орыс редакциясында тыныштық орнаған еді. Ілекеңнің қандай жағдайда да бүкпесіз, еркін сөйлейтін адуын мінезіне мысал ретінде айтып отырмын.

Енді, бұл да саясатқа соғатын, арты мазақ, күлкіге айналған бір оқиға. Әлдебір мерекеге арналған жалпы жиналыс соңында манағы Мақан Жұмағұлов қол көтеріп, сөз алды. Сондағы айтқаны: «Жақында менің үлкен романым басылып шықты. Директорымыз Ілияс Есенберлиновичке көп рақмет...» «Рақметті өзің қоймай дауласып жүрген бөлім бастығы Симашкоға айт», – деді Ілекең Мақанның сөзін бөліп. «Симашкоға да рақмет. Және редакторым Мария Васильевнаға рақмет. Әйткенмен, рақметімнің көбі сізге арналады. Молынан, жақсы қаламақы қойдыңыз. Бухгалтерияға рақмет, дұрыс есептеп, түгелмен қолыма бергеніне. Ал енді осыншама ақшаны не істеймін? Әйеліміз екеуіміз қарап тұрсақ, үйде кең, жайлы, зайыптық төсегіміз («супружеское ложе») бар, шифоньер, шкафтар тұр. Тоңазытқыш бар, телевизор да бар. Тағы бір шағын шифоньер, текше, журнал столын қойдық. Таудағы кәсіподақ санаториінде дем алып қайттық. Жаңа, қыстық пальто алдым. Ақыры, қазіргі, кейінгі шығынды есептей келгенде, үш жүз сом артылып қалды. Бұл ақшаны жұмсайтын өзгеше жағдай бар. Қазір біздің қаһарман Вьетнам халқы өздерінің езушілеріне қарсы, сырттан жеткен американ империалистеріне қарсы аянбай күресіп, қанға батып соғысып жатыр. Көрдіңіздер, білесіздер, Алматыдағы Үлкен және Кіші парк және зоопарктің кірісінде және қаладағы көпшілік жұрт серуендейтін орталық көшелерде қызыл матаға айдақтап жазылған: «Тарт қолыңды Вьетнамнан!» – «Руки прочь от Вьетнама!» – деген, орысша, қазақша ұрандар тұр. Біздің бар көмек, қолдауымыз осы бейбіт ұрандармен ғана шектеліп жатыр. Ал қаһарман Вьетнам халқына нақты сүйемел керек. Бала аш, ана жесір, қару-жарақ жетіспейді. Яғни, бәрі қаражатқа тіреліп тұр. Мен жаңағы үш жүз сом ақшаны Вьетнамға көмек қорына құйсам деп едім. Радионы тыңдаймын, газет қараймын, еш жерде ешқандай ақпарат жоқ. Совет аудандық партия комитетіне кіріп шықтым, онда да ешкім ештеңе білмейді. Сонда бұл қалай? Қаһарман Вьетнам халқы адамзаттың ортақ жауы – американ империализміне қарсы, қанға батып шайқасып жатыр. Ал біздің отырысымыз мынау. Ілияс аға, сіз көп білесіз, әр тараппен байланысыңыз бар, осы үш жүз сомды Вьетнамды қолдау қорына қалай жеткізуге болар екен?» – деді. Жұрт жаппай дағдарып қалған. Біреулер мырс-мырс. Енді біреулер дауыс шығарсам, саяси қателесіп кетем бе деп, үнсіз отыр. «Бұл мәселені шешу оңай, – деді кенет Ілекең салмақпен. – Осы артық шыққан үш жүз сомды қалтаңа сал да, жұмыстан соң өзіміздің Жазушылар одағының буфетіне барып отыр. Көп күтпей-ақ кенезесі кеуіп келген әлдебір ақынды көресің. Біреу емес, бірнешеу болып жүруі де. Осы біреу, екеу, үшеуді құмарынан шығара араққа тойғыз. Ертең де, арғы күні де. Айналасы бір аптада, қалтаңды тесіп бара жатқан үш жүз сом өзінің қажетті орнын табады. Алыстағы Вьетнамнан хабар жетпей-ақ, қаншама алғысқа қаласың!» – деді. Жымимай, күлмей, салмақпен айтты. Жұрт қыран-топан. Содан қаншама уақыт бойы біздің баспаның орыс, қазағы «Мақанның артық ақшасы бар екен!..» – десіп, күліп жүрді. Өзімізден, немесе көлденеңнен шөлдеген жұрттың тегін ақшаға сұранғаны туралы дерегім жоқ.

Баспадағы жұмыс ауыр, мехнаты мол, бірақ жассың, қазақ руханиятының қайнар көзінде тұрмын деген масат бар, қиындықтың өзі қызық, қайткенде жайсаң бір заман екен. Әрқилы, қаншама оқиғалар өтіпті. Соның бір ғана көрінісін еске түсірдім.

8

Баспадағы жұмыстың ең жауапты, әрі айрықша мәнді, шешуші тетігі – жыл сайынғы тақырыптық жоспар жасауға байланысты. «Жазушы» баспасындағы көркемдеу тобы, бухгалтерия, корректорлар бюросы өз алдына, таза шығармашылық: проза, поэзия, орыс әдебиеті, жасөспірімдер әдебиеті, қазақшаға аударма, орысшаға аударма, ұйғыр – жиыны, ауқымды жеті редакция бар. Жоспардың бастапқы нұсқасы осы бөлімдерде жасалады. Жекелеген атаулар, нақты көлемі көрсетіліп, болашақ кітаптың сұлбасы мен идеялық тұғырын айқындайтын шағын аннотациямен. Жинақты, алғашқы жоба – бас редакцияда құрастырылмақ. Яғни, Аманжол Шамкенов екеуіміздің міндетіміз. Әлбетте, бөлімнен түскен жөн-жоба қысқартылып, толықтырылып, көлденеңнен тағы қаншама атау қосылып, мүлде дерлік жаңадан қалыптанбақ. Жоғарыдан – Орталық Комитет пен Баспакомнан түсетін нұсқау бар, жекелеген авторлардың орынды өтініштері бар, сонымен қатар директордың, бас редактор мен орынбасардың өзіндік талғам, талаптары есепке алынбақ. Қалыпты рәсім бойынша, мәселен, келесі, 1968 жылы баспадан шықпақ барлық әдебиеттің нақты тізімі 1967 жылы май айында біржола бекіген екен дейік. Жаз ортасына жетер-жетпесте редакциядан өтіп, өндіріске тапсырыла бастады. Енді осы, ағымдағы жоспар күшіне енген кезде Баспакомға арғы – 1969 жылдың жоба-жоспары да ұсынылған. Міндетті болғанымен, шартты нәрсе. Резерв есепті. Сол қалпы сақталып көрген емес, уақыт оза келе, түгелдей дерлік жаңарып, қайтадан жасалады. Бұл тараптағы нақты жұмыс жаңа жылға қарсы басталмақ. Шамасы наурыз айында дайын болған келесі жоспар, әдеттегідей, директордың алдына тартылады. Ілекең әуелде жекелей, содан соң бас редакциямен ақылдаса отырып, қайырып, толықтырып, нақтылап, ақыры мақұл көреді. Жаңадан жасалып, қалыпқа түскен бұл тақырыптық жоспар наурыздың соңы, көкек айының алғашқы күндерінен қалмай Баспасөз комитетіне жеткізілуге тиіс. Бірер аптадан соң баспа басшылығы шақырылып, Госкомиздаттың төрағасы мен бас редакторы, коллегия мүшелері – жиыны он-он екі кісі түбегейлі, ең соңғы талқы жасамақ. Бұл кезде Баспаком – Госкомиздат аталатын министрліктің төрағасы – ескілікті партия қайраткері Мұхаметқали Әленұлы Сужиков. Арынды, адуын кісі. Тізгінді өз қолына алады. Қат-қабат, көлдей қағазға таңбаланған тақырыптық жоспарды мұқият ежіктеу басталмақ. Шартты түрде талқының жалпы сұлбасын кейіптейік. Тізімнің басынан түстік. «Абай...» «Абай өткен жылдарда шыққан болар. Тым көбейіп кеткен жоқ па?» Мұндайда төрағаның сұрағына баспаның директоры, немесе бас редактор, айтпесе орынбасар анықтама беруі керек. «Жоқ. Соңғы бес-алты жыл бойы Абай бір де бір рет басылмапты. Келеңсіз, тіпті, ұят жағдай», – дейді Ілекең. Абай өтті. Осыдан соң ежелгі қазақ әдебиеті – ақын, жыраулар мұрасы. Мен анықтама берем. Фольклор үлгілері. Батырлық эпос, ертегілер. Әупірімдеп бұлар да бекіді. Енді жекелеген авторлар. Ең үлкен қиындық осы арадан басталады. Үлкен әдебиетте бары, жоғы аңдалмайтын, сүреңсіз есімдер ешқандай бөгеліссіз өтіп жатады. Баспакомның бас редакторы Мұқан Мамажанов та, қалған коллегия мүшелері де мүлгіп, үнсіз отыр. Кенет... тым ірі емес, бірақ әжептәуір беделі бар, танымал қаламгер, немесе кейінде көтеріліп, атаққа ілінген жас ақын, жазушының есімі. Әлгі бей-жай ағайындар дүр сілкініп, түгел бас көтереді: не жазыпты, әлденендей шатағы жоқ па, бұл не деген керемет, ең соңында – өткен жылы, арғы жылы кітабы шыққан жоқ па... Міне, осы кезде баспа басшылығы тарабынан нақты анықтама айтылуы керек. Негіздейсің, дәлелдейсің, ақыры әрең-пәрең қорғап қаласың. Кейде біздің бар сөзіміз мансұқ болып, биылғы жоспардан шеттеледі. Енді келесі бейбақ, немесе ақжолтай. Мен баспада қызмет атқарған жылдары қаншама рет қайталанған жағдаят. Саясаты мол, жүйкесі берік, анығын айтқанда, бар тарапта бейсауат бас редакторымыз Аманжол Шамкенов әдетте әңгімеге белсене араласпайды. Дүние қисайып бара жатса, Ілекеңнің қорғауы, қажетті тұстарда менің де қолдауым қажет. Кезекті авторға бүйрегің бұрсын, бұрмасын, көпе-көрнеу қиянатқа жол беріп, ең ақыры, өзің жасаған жоспарды талан-таражға жіберіп, үнсіз отыра алмайсың ғой. Қайткенде де, ұсынылған кезекті жоспар түгелге жуық сол қалпында қабылданып жүрді.

Осы орайда, Госкомиздаттың бас редакторы, сыңаржақ, кісіге қастандық жасағысы келіп тұратын дүмбілез Мұқан Мамажановтан бір айырмасы, табиғатында мейірімсіз, қатал, керек десеңіз, сыңаржақ, бірбеткей төраға Мұхаметқали Сужиков қашанда орынды сөзге тоқтар еді. Бірер мысал. 1969 жылдың тақырыптық жоспарына Дантенің «Құдіретті комедиясы» енгізілген. Мұқағали Мақатаев аудармасы. Бұған дейін төрт жыл бойы баспада сүрленіп жатқан екен. Төраға бірден-ақ секем алды. «Мұның қанша қажеті бар?» – деген. Енді менің сөйлеуіме тура келді. Мұхаметқали Әленович, – деп бастап, Дантенің әлемдік классик екенін айттым. Содан соң, қалыпты сарынмен: «Қазақ тіліне дәп осындай алыптар – Пушкин мен Лермонтов, Толстой мен Тургенев молынан аударылған, және бұл жағдай біздің қазақ әдебиеті үшін үлкен мәртебе болды, қазақ тілінің мерейін көтеріп, бай мүмкіндігін әйгіледі, Дантенің қазақ тілінде шығуы да біздің руханиятымыз үшін елеулі оқиға, үлкен абырой болмақ!» – деп едім. Төраға бірден құлап түсті. Кейінде байқағаным, партиялық тұрғысы берік, басқару тәсілдері қатқыл Мұхаметқали Сужиков ұлттық санадан да мақұрым емес екен. «Онда жөн, – деді. – Жоспарда тұрсын. Және тезінен басылсын. Және мейлінше көркемдеп, суреттерінен ақшаны аямай, үздік кітап қылып шығарыңдар. Осындай ұлы тұлғаның біз дайындаған басылымы Москвадағы Халықаралық кітап жәрмеңкесінде бәйге алуы керек!»

Ақыры, шынында да осылай болды. Дантеден соң, келер, әлде арғы жылы, дәп осы тәсілмен, ол да баспада сарылып жатқан «Фаустты» өткізген едім. (Гөтенің әйгілі туындысын қазақшалаған Медеубай Құрманов, бұл іске ешқандай қатысы жоқ, айдаладағы Әбдіжәміл Нұрпейісовке алғыс-рахметін айтып тауыса алмапты, «Қан мен тер» туралы арнайы мақала жазған, тағы қандай қызмет көрсеткенін білмеймін. Тәрізі, бір заматта аға жазушыдан көмек сұраса керек. Енді кітабы төтесінен жоспарға еніп, айрықша көркемделіп, басылып шыққаннан соң, бар жақсылықты сол кісіден көрген. Бұрнада көріссек те, жақын араласым жоқ Медеубаймен кейінде, қапелім бір кездескенде айттым. «Сен бар алғысыңды Нұрпейісовке емес, Есенберлин мен Мағауинге айтуға тиіс едің. Бұл кітапты мен шығарып бердім», – дедім. Аңырып тұрып қалған еді. Мен айттым: «Қаншама заманнан соң сенен ақы сұрап тұрғам жоқ, бар жұмыс үлкен әдебиеттің қамы үшін жасалды. Баспаның қожайыны – Есенберлин, ал Нұрпейісов өзі жауласып жүрген кісіге көлденең сен үшін өтініш жасамайды, жасаса, керісінше шығуы да мүмкін еді», – дедім. Содан соң Баспакомдағы талқының жайын айттым. Бәрібір сенбеді ғой деймін. Арада көп ұзамай, Медеубайдың өзі де бақиға аттанды. Неміс тілінің маманы, пайдалы жұмыс жасап жүрген дарынды жігіт еді, марқұм.) Бұл екі кітап та күрделі, әрі жан-жақты көркемделуіне байланысты, өндіріске кешеуілдеп тапсырылып, ақыры жоспарлы межесінен бір-бір жарым жылдай соң ғана жарыққа жетіп еді; есесіне көз қуантардай әдемі, айдынды шығып, ертелі-кеш екеуі де Халықаралық жәрмеңкеде бәйгелі болды.

Болашақ жылдық жоспар әупірімдеп, Баспакомнан өтті. Енді тиесілі қысқартулар, бірлі-жар үстеме, аннотациядағы өңдеулерден соң, сапалы қағазға қайыра басылып, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті – Үгіт-насихат және Мәдениет аталатын, тиесілі, идеологиялық екі бөлімнің қарауына тапсырылуы керек. Бірер аптадан соң осы екі бөлімнің меңгерушілері мен жауапты қызметкерлері қатысқан және баспа басшылығы шақырылған мәжілісте – Үшінші хатшысының алдында ең соңғы талқыдан өтуі шарт. Мен жаңа келген кез – 1968 жылдың жоспары бекітілуге тиіс талқыны Саттар Имашев басқарған, мені қатыстырмап еді, кейінде әйгілі «Қобыз сарыны» үлкен қиындықпен, Ілекеңнің бірбеткей қатқылдығы нәтижесінде әрең өткен екен. Бұдан соңғы талқыларға да Ілекең мен Аманжол екеуі ғана барып жүрді. Алайда, Орталық Комитеттегі рәсім жөні – соңғы, біржола бекіген жоспар нұсқасынан айқын аңғарылатын. Арада әлденеше жыл өткенде «Жазушыға» қайта оралған кезімде, бас редактор ретінде, бұл кездегі идеологиялық хатшы Кәкімжан Қазыбаевтың алдында екі мәрте болдым. Бұрнағы қалыпты рәсім сақталған екен. Оның мәнісі – ғұзырлы Үшінші хатшы Баспаком төрағасы сияқты, әрбір атауды жекелей талқыға салмайды. Түйінді тұстарды ғана сөз етпек. Мәселен, мына шығарманың мәнісі неде, ана бір дүниенің қаншалық қажеті бар... деген тұрғыда. Сонымен қатар, жалпы бағдар, жаңа бір атаулар. Түптеп келгенде, тақырыптық жоспар, азды-көпті өзгеріске түсетін. Әлденеден жазықты болған, немесе, бары көп көрінген жекелеген авторлар жоспардан шығып қалуы да үйреншікті жағдаят.

Орталық Комитеттегі талқы кезінде, әсіресе, одан бұрынғы Баспакомдағы үлкен сүзгі тұсында жоспардан ысырылған автор атаулының бар салмағы баспа басшылығының мойнына жазылмақ. Яғни, ең алдымен Есенберлин, содан соң қалғанымыз. Міне, сен Пәленбайдың өлеңдер топтамасын, Түгенбайдың романын, немесе хикаят, әңгімелер жинағын мейлінше ұнатып, қатарға қостың, енді жоғарыдағы талқы кезінде әдебиет мүддесі үшін ғана емес, өзің жасаған жоспарды аяқасты қалдырмау үшін әлгі қаламгер әріптесті қадарынша қолдадың, бірақ ақыр түбінде өтпей қалды. Енді осы пұшайман азамат алдыңа келгенде, сенің кітабың Баспакомнан өтпей қалды, одан да зоры – құдай сақтасын, Орталық Комитетте сызылды деп айта алмайсың. Ғұзырлы мекемелер ілкіде атап ескерткен. Оның үстіне, әлгі жолсыз автор тұпа-тура солай қарай шабады, өз басыңа қосымша пәле тілеп алғаның. Енді алай ғой, былай ғой, қисыны келмеді деп, дерексіз сылтау айтасың, келер жылы міндетті түрде жоспарға енеді деп, дүмбілез уағда бересің. Әлбетте, бұған тоқтамаған жаңағы кісіміз дәп сол орындарға сенің үстіңнен арыз жазады, қызық болғанда, ол жақтан Пәленше-екең жоспарға неге енбеген дейтін, сөгісті қатынас аласың; мұндай реттерде, манағы авторға айтқан мәймөңке керек екен, ал мен бұлғалақтатпай, жоспардан өздерің өткізбегесіңдер деп, қарсы жауап жазатын едім, енді екі қайыра жазықты болдың. Жарар, жоспардан шеттеген, кітабы тежелген қаламгер сенің үстіңнен арыз жазбай-ақ қойсын, бірақ пендешілік емес, нақты сенімі бойынша, әділдігі де осы, саған қатты ренжиді, өкпе тұрыпты, ауыр кек сақтауы да мүмкін. Абыройсыз талайың осы, көтеріп аласың. Сол мезетінде тілің кесілген, кейінде айтқаннан және пайда жоқ, әдетте ешкім де сенбейді. Тек бір-ақ рет соңғы сөзді артқа сақтағаным бар. Менің баспагерлік аяққы кезеңім. 1984–1986 жылдар. «Жазушыда» бас редактормын. Алдағы бір жылдың, 1987 болса керек, тақырыптық жоспарын бекіту кезінде мені Орталық Комитетке шақырмай қалдырды. Қожайын – Кәмәлиденов болатын. Келер-келместен Олжасқа, және оның төңірегіндегі, тіпті, ауылы бөлек бейтарап жазушыларға, жалпы қазақ руханиятына қарсы аяусыз күрес ашқан. Мені шақырмау – әлбетте, жұмыстан шеттетудің бастапқы сатысы, бірақ қалай дегенде де рәсімде жоқ, қисынсыз жағдай, белгілі бір заводтың өндіріс жоспарын бекітерде бас инженерді қатыстырмаған сияқты. Мейлі, менің жұлдызым жоғары, Кәмелиденовтың ықыласына зәру емеспін. Баспаға да Одақ төрағасы Олжастың көңілі үшін барғам, енді амалын тауып, кетуді ғана ойлай бастаған едім. Алайда жаласыз, аман-есен кете алмайды екенсің. Жылдық жоспар жарым-жартыға жуық талқан болыпты, бірталай жан қысқартуға түскен. Оның ішінде менің өзім алғашқы қадамдарынан бастап жоғары бағалайтын, кең көлемде жоспарға өз қолыммен енгізген Темірхан Медетбеков бар. Әлбетте, жиынға қатыссам, қорғап қалуым да мүмкін еді. Қорғай алмауым да мүмкін. Ақыры, жоспардан сонау Мыңғыстауда жатып-ақ сызылған Темірхан басқа емес, маған қатты кейіпті. Кейімеген, кектенген. Менің қаскүнемдігіме сенімі соншама, талай жерде айтыпты және тұспалдап жазған да сияқты. Әрине, менің тіршілігім Темірханға қарап тұрған жоқ, бірақ жазықсыз жалалы болғанның несі жақсы. Оның үстіне, өзің бағасын білетін, сырттай сыйлайтын азамат тарабынан. Мен бұрнада болмаған әдетпен, Орталық Комитеттегі талқылау протоколының екінші данасын сақтап қалған едім. Арада тура он бес жыл өткенде, тиесілі үзігін Темірханның өз қолына тапсырдым. Жиынға қатысушылар тізімінде менің атым жоқ және Медетбековтың жинағы жоспардан шығарылсын деп анық жазылған. Орайсыз жаладан ақталу ғана емес. Өз көңілімде кірне қалмас үшін. Бірақ Темірхан бәрібір сенбеген, сенсе де ілтипатқа алмаған сияқты. Бұдан соңғы кезеңде «кеуіп-пісіп тұратын, көкірек керіп, талтаңдап жүретін «Мен» дейтін біреу» туралы эпиграмма жазды. Фрейд айтқан комплекстің бір көрінісі. Мұның бәрін тізбелеп жатқаным, Ілекең бес жылға жуық «Жазушы» нәшіриятының тұтқасында отырғанда, атаулы кітабы белгілі бір жылдың жоспарына өтпей, баспа емес, Госкомиздат және ЦеКа тарабынан тежелген автор атаулы бар қырсықты ең алдымен Ілияс Есенберлиннен көруі – табиғи жағдай. Ал бұл қолжазба келер жылы азды-көпті ырғастан соң жоспарға ілінуі, көтеріңкі қаламақы қойылып, қитұрқысыз басылып шығуы есеп емес, тіпті, ешқандай тоқтаусыз, жыл сайын, үсті-үстіне кітап шығарып жатса да рақметі жоқ, өзімнің ірілігімнен деп ойлайды. Баспаның, баспа жетекшілерінің төбесінен асып, заңды нәтижеге жеттім деп білмек. Ал осы кезде директордың ырқынан тыс, бір де бір кітап кең дүниеге өріс таппас еді.

Расында да Ілекең өзінің туған даласындай дарқан болатын. Жалпы жұртқа кеңінен жол ашты. Әсіресе, қазақ әдебиетіндегі жас буын – білімі зор, танымы тың, жазуы жаңаша, екпінді, қуатты топқа мейлінше жағдай жасады. Тежеуіңіз не, іркілгені жоқ. Қатар-қатарымен, барлық жоспарға еркін қосылып отырды. Қолжазбалары бөгетсіз жылжып, тезінен жарыққа жетті. Нәтижесінде, Ілекең баспа билігінде отырған 1967–1971 және алдағы, тақырыптық жоспары бекіп кеткен 1972 жылдар шегінде қаншама жас қаламгер әдебиетке келді, әуелгі бір-екі кітабын шығарып үлгерген ақын, жазушылар жаңа туындыларын ешқандай қиындықсыз өткізіп, тұғырларын біржола бекітті, бұған дейін азды-көпті атаққа жеткендері өрісін одан әрмен кеңейтіп, әйгілі тұлғаларға айналды. Жомарт кесілген мол қаламақы өз алдына. Ілияс Есенберлиннің бұлдаусыз, сұраусыз шарапаты арқасында кейінгі буын – есімдері беймәлім қаншама талапкер үлкен әдебиетке аяқ басып, олардың алдындағы, жастары іркес-тіркес тағы қаншама қаламгер тынысын кеңейтіп, қорланып, еңселеніп, кең айдынға шыққан.

Мен осы ретте ондаған адамның атын атап берер едім. Біразы бақилық. Ал жарығы түгесілмеген тұрғыластарымның кейбірі – жоқ, мен бәріне өзім жеттім деп наразылық білдіруі, тағы анық. Мен осы 60–70-жылдарда көтерілген жазармандар ішіндегі ең сорлысы болмасам керек. Бәрінен озықпын, үздікпін демей-ақ қояйын, алдыңғы қатарға шыққанымды ешкім де терістей алмайды. Осы мен – Мұхтар Мағауин – Тәңірі мен Аруақ алдында өзімнің алғашқы кезеңімде көлденең кедергісіз еркін самғап, әлденендей бір нәтижеге жетуім – Алаштың ардағы, арыстан жүрек, ақылман Ілияс аға Есенберлиннің арқасында ғана мүмкін болды деп, айнымас, ақиқат куәлік берем.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар