Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жал...

16.03.2018 6030

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)

Мұхтар Мағауин.      Ілияс аға Есенберлин     (жалғасы)    - adebiportal.kz

14

Мен мұқият тексерістеп шыққаннан кейін, май айының орта шені, айналасы бес-алты күнде роман бастан-аяқ, қайыра мәшіңкеге түсті. Тағы үш дана. Алдыңғымен қосқанда алты дана қолжазба нұсқа. Жаңа айтқанымдай, негізгі тұрғысында айырымы шамалы. Ілекең жаңа нұсқаның бір данасын Жазушылар Одағының басшысы Әди Шәріповке тапсырды. Кейінірек бір данасын – Лито – Қазақстан сөз полициясының шефі Әбдірәшит Шалабаевтың қолына табыстаған. Екі тарапта да үлкен есеп бар. Кез келген жаңа кітап, қалай тартса да, ақыр түбі ресми цензурадан өтуі керек. Ал Жазушылар Одағы – міндет болмаса да, қажетті шара. Көлденең көмек, артықша сеп. Роман Жазушылар Одағында талқыланды дейтін қосымша сүйемел.

Бұл кездегі Одақ басшысы Әди Шәріпов – өмірдің талай өткелегінен өткен, қандай қиын кезеңнің өзінде жүрісінен жаңылмаған, ақыл, парасаты мол, беделді қайраткер. Ұзақ жылдар бойы оқу-ағарту, мәдениет саласында басшылық қызметтер атқарған, танымы кең әдебиетші, өзіндік тақырыбы бар, сауатты қаламгер. Тезінен оқып шығып, қатты риза болған екен. Арада көп ұзамай, талқыға түсті. Талқы емес, қолдау, қорғау тарабындағы тілектес басқосу. Әдекеңнің еңселі кабинетінде, проза секциясының кеңейтілген мәжілісі ретінде өткізілген. Одақ шегіндегі танымал қаламгерлер түгелге жуық жиналып еді. «Жұлдыздың» бас редакторы Сырбай Мәуленов. «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Нығмет Ғабдуллин. Одақтың үшінші хатшысы Қабдыкәрім Ыдырысов. Баспаның бас редакторы Аманжол Шамкенов және редакция меңгерушілері Сәуірбек Бақбергенов пен Амантай Байтанаев. Жазушы, аудармашы Әбдірәшит Ахметов. Одақ кеңесшілерінен және баспадан тағы төрт-бес жігіт. Мен – болса болмаса. Алдыңғы үлкендерге романның қолжазба даналары берілген. Кеңес үстінде байқағаным – бәрі бірдей бастан-аяқ оқып үлгермеген сияқты. Әди Шәріповпен қатар, тек Нығмет Ғабдуллин ғана мұқият қарастырған екен.

Проза секциясының жиыны аталғанымен, кеңесті Әди Шәріповтың өзі ашты. Ең алдымен саяси тұғырымызды айғақтаған. Партияның ХХ сьезінен бергі кезеңдегі әдебиетке қамқорлық, кеңшілік заман, қаламгер еркіндігі туралы айта келіп, тыйым тақырып жоқ екені, бар кілтипан – кез келген мәселені қалай, қай тұрғыдан қарастыруға байланысты шешілмегіне назар аударды. Есенберлин романы осындай күрделі тақырыпқа арналған екен. Сондықтан көркемдік деңгейіне ғана емес, идеялық-саяси негізіне де қатаң талап қойылуға тиіс. Менің өзім мұқият оқып шықтым. Алдарыңызды орамайын. Шешуші сөз, нақты баға осы үлкен кеңес үстінде айтылуға тиіс деп, тізгінді көпшілікке тастады. Алдынала келісім бойынша, мен баяндама деп көтермеленген қажетті ақпар жасауға тиіс едім. Қысқаша, ықшам сөйледім. Қаламгердің тақырыпты түбегейлі тексеріп, қажетті, бұрынғы-соңғы тарихи әдебиетті түгел игергені. Идеялық дұрыс бағдар, соған сай көркемдік шешім. Заманына лайық, қайталанбас, шынайы кейіпкерлер. Қызғылықты сюжет, шебер композиция, тартымды, байсалды тіл. «Қаһар» – әлдебір тұлғаның емес, бүткіл халықтың қаһары екені. Кенесарының жеке басы туралы қашырта сөйледім. Мен әуел бастан-ақ, бейсауат жағдай, тіпті, әлдекіммен екеуара әңгіме кезінде де артық лепестен тартынар едім. Енді, романды бүркемелеп өткізу үшін қажетті ахуал – Кенекеме мін таға алмадым. Жеке бастың трагедиясына қарай ойыса берсем керек. Қағазға түспей, ауызша айтылған сөздің бас-аяғы есімде жоқ, жалпы нобайы осылай тәрізді. Менен соң алғашқы болып Сәуірбек Бақбергенов сөз алды. Романның тарихи шынайылығына баса назар аударған. Және кейіпкер тұлғалау шеберлігіне. Әдебиетімізде болмаған тың бейне ретінде Қоңырқұлжа сұлтанға айрықша тоқталды. Қазақты құртқан – осындай сатқындар, деді. ХХ сьезде партиямыз әшкерелеген жеке адамға табыну кезеңіндегі солақай саясат, әсіресе 37-жылы айқын бой көрсетті. Қазір де тұқымы тұздай құрыған жоқ, әредік болса да, күні бүгінге дейін арамызда ұшырасып қалады деді тоқтай алмай. Ондай сұмдыққа күнделікті өмірде ғана емес, көркем әдебиетте де жол берілмеуі керек... Нығмет Ғабдуллин төңірегін түгел қамтып, байыпты сөйледі. Романда қиғылық, қатаң заманға сай қатқыл реализм бой көрсетіпті, деген. Жазу мәнері ғана емес, кейіпкер тұлғалауда біздің көзіміз үйренбеген соны сыпаттар бар. Персонаж атаулының бірыңғай ақ, немесе қара-ала бейнесі жоқ, бәрі де табиғи кейіпте. Кенесары хан да осындай. Тіпті, Қоңырқұлжаның өзінің әулетіне жаныңыз ашып отырады. Дәлме-дәл ұсталған замана суреті. Романның бүткіл бітімінде, көркем тұлғалар мүсіндеу үрдісінде, авторлық баяндауларда ешқандай ауа жайылған саяси, идеялық кілтипан жоқ. Осы қалпында баспаға ұсынылуға лайық. Және қазіргі қазақ әдебиетінде кешегі «Абай жолы» мен «Оянған өлкеден» кейінгі ең үлкен табысымыз деп білем... Әдекең осыдан соң жасы үлкен, жолы үлкен Сырбай Мәуленовке сауал салып еді. «Менің бастан-аяқ үңіліп оқуға жағдайым келмей қалды, – деді. – Бірақ алдыңғы жолдастардың айтқан сөздеріне қосылам... – деді. Содан соң аз-маз іркіліп барып: – Кейінгілердің де сөзіне қосылам...» – дегені. Бұған бәріміз бір күліп алдық. Көпшілік жұрт аңдады, аңдамады – білмеймін, Сырағаңның тым жайдақ көрінген лепесі екіұшты ғана емес, қитұрқы болатын. Романды толық оқымаған, қарап шыққан жағы жақсы, бірақ алда не барын білмейді, сондықтан кейінде, бұл жер емес, басқа тарапта да айтылып қалуға мүмкін кінәрат, кемшіліктерге де уәжі жоқ... Бұдан соң баспаның проза бөлімінің бастығы, романның жарияға шығуына жауапкер саналатын Амантай Байтанаев қысқаша ғана мақұл сөзін айтты. Әбдірәшит Ахметов романда нақты тарихи деректер ғана емес, ел арасындағы шынай әңгімелер кеңінен қамтылғанына назар аударды. Басқа бір сөздер болса, есімде жоқ. Осымен тоқтаған сияқтымыз. Иә, ең соңында Ілекең өзі сөйлеген. Қысқа қайырды. Бұл кітапқа соғыстан соңғы бүткіл өмір бойы дайындалғаны, қажетті деректерді түгел қамтығаны, күнгейді де, көлеңкені де ескергені... Талқының ақырын Әди Шәріповтың өзі түйіндеді. Роман ең жоғарғы көркемдік дәрежеде. Ауысы, аумасы жоқ, шынайы реалистік сыпатта. Автор әлі де қарастырам, кейбір тұстарын жетілдіре түсем деп отыр. Бұл – өзіне жоғары талап қойған қандай да қаламгердің ғадет, мінезі. Бар ісіне сәттілік тілейміз. Қарасын, оңы мен солын байқастай түссін. Бірақ бұл роман осы қазіргі қалпында оқырмандар қолына өтуге дайын тұр. Жазушылар Одағының атынан «Қаһар» романы баспаға ұсынылсын деген қаулы алайық! – деп барып тоқтаған. Біз тарадық. Ілекең Әдекеңнің кабинетінде бөгеліп қалған.

Одақтағы тілектес, бірақ ресми саналған талқы – көп өткелектің бастапқы сатысы ғана екен. Мұндай көлемді, күрделі романды Госкомиздат сұратып алуы мүмкін. Алайда, қатер жоқ сияқты. Бұл кезде онда бас редактор болып Ислам Жарылғапов отыр, байыбы кең, әрі Ілекеңе тілектес кісі. Ең үлкен қатер – Орталық Партия Комитеті, ондағы Саттар Имашев бастаған, Михаил Есенәлиев қостаған қырандар. Алайда, дәп осы жолы күнілгері араласпады. Әдетте, бұл құдіретті мекеме әлденені қоңырсытар алдында, төменгі сатыдағы ғұзырлы кісілерге тапсыратын. Алайда, «Жазушы» баспасы әзірше өз қолымызда, ал Госкомиздаттың төрағасы – жоғарының сөзін жүре тыңдайтын, бір заманда Орталық Партия комитетініңде идеологиялық хатшы, одан соңғы дәуірде екі-үш обылыста кезектесе басшы болған, ғұмыры ат үстінен түспеген адуынды Мұхаметқали Сужиков. Ондай талап та болмаған сияқты. Есенберлин – Қонаевтың өз қолымен отырғызған қалаулы адамы, өтімі жоғары деген, шындықтан бастау алған, бірақ күн озған сайын сұйыла берген лақап әзірше толық күшінде тұр. Оның үстіне, ол да әзірше, бұл елеусіз Есенберлин әлденендей бір елеулі шығарма жазуы мүмкін дейтін күдік, күмән жоқ. КГБ-ның Жазушылар Одағы мен баспаға ортақ, ашық жүретін, жарым күнін осы төңіректі торуылдап, бейсауат жұртпен бейкүнә кейіпті, тынымсыз әңгіме үстінде өткізетін, жасырын, әлде майор, әлде подполковник шеніндегі Қилыбаев деген қырағы көзіміз бар еді, әзірше оған да теріс ақпар жете қоймаған сияқты. Бірақ Ілекең шешуші, ең үлкен майдан алдында төтенше бір қам жасады. Одақтағы кең пейілді талқыдан соң, арада оншақты күн өтпей, жаңадан, шұғыл жазып, романға көлденең бір тарау қосқан. Есіркеген дейтін кейіпкер. Оқыған, танымы басқаша, алдағы іс-әрекеті де өзгеше болуға тиіс жас жігіттің төңірегінде құрылған хикая. Жаңа заманның жаңа адамы. Ұлт бақыты жолындағы, мүлде төтенше, болашақ бейбіт күрестің елес-таңбасы. Яғни, ұлттық идеяны бипаздау, Кенесары қозғалысының кемісін толықтыру. Маған мүлде ұнамады. Мәшіңкеге басылған жырма шақты бет жеке тарауды үстірт қана қарап шықтым. «Қажет, – деген Ілекең менің көңілсіз райымды байқап. – Онсыз болмайын деп тұр...» Бәрібір қабылдай алмадым. Бірақ автордың еркі. Енді тұтас бір дәуір, арада қырық сегіз жыл өткен соң таразыға салсам, әуелде жымдаспай тұрғандай көрінгенмен, шынында да орынды қосымша екен. Қарулы күрес заманы өткен. Енді ұлтты сақтаудың, шын еркіндікке жетудің басқа бір амалдарын ойластыру күн тәртібіне қойылған. Кейінгі Әлекең – Әлихан Бөкейханов бастап, Ахаң, Жақаң және жүмлә Алаш қауымы таңдап көтерген саяси күрес жолы.

Сөйтіп, көлденеңнен қосылған жаңа тараудан соң «Қаһар» романы өзінің ең соңғы қалыбын тапқандай болып еді. Алайда, ең ақыры емес екен. Алда – ең қиын сүзгі тұрған. Главлит – (түп негізі – «Главное управление по делам литературы и издательств», бұл кезде «Комитет по охране государственной тайны в печати»), ауызекі тілде Лито – қандай да қиғаш пікірі ешқандай талас, даусыз қабылдануы шарт, құдіретті мекеме – мемлекеттік цензура, анығын айтсақ, КГБ-ның тежеусіз тіміскі, сөз полициясы, сонымен қатар, айыптаушы прокуратура, үкім шығарушы ғұзырлы сот.

15

Әдетте, кез келген кітап қолжазбасы бар мақұлдан өтіп, типографияға түсіп, тіпті, бірінші де емес, екінші терімнен кейін, жарыққа жетер алдында ғана Литоның ғұзырына тартылмақ. Біздің «Жазушы» баспасының өзіне тиесілі цензоры бар. Менің кабинетіме қарама-қарсы есік, дәп осындай, оңаша бөлмеде отыратын. Жасы қырықтың үстіндегі, аз-маз ақ кірген қалың, бұйра, жирен шашты, қызылсары кісі. Баспадан жылына шамамен екі жүз жиырма-екі жүз отыз кітап шығады. Есебі, әр жұмыс күні біреуден дерлік. Меншікті цензорымыз соның барлығын өз қолынан өткеруге тиіс. Кейбірін қарақты көзімен шолып шығатындай, бірақ көбіне-көп бастан-аяқ мұқият оқитын. Бұл – біршама кеңшілік заман. Әйтсе де, ұсақ-түйек ескертпелер болмай тұрмайды. Кейде әлденені анықтау қажет екен. Менің міндетті бір жұмысым – осы цензорға байланысты. Кейде өзі бас сұғады, кейде, кітап кешігіңкіреп жатқан жағдайда, өзім бара салам. Өйткені, бұл кісіміздің оқығыштығы сондай, ең қалың романның өзін үш күннен асырмай, байыптап шығады. Көбіне бір, екі күн және ай бойы, апта бойғы тынымсыз тінтінек. Шаршамайды, қажымайды, бар шаруасын бөгеліссіз атқарып жатқан тірі конвейер. Әуелде мен таңырқайтын едім, кейінде Ілекеңнің өзі қайран қалатын болды. «Мынаның денсаулығы өгіздей!» – дейтін. Расында да. Тек кей кезде осындай үздіксіз, ұзақ оқудан көзі қызарып кететіні бар. Күнделікті қатынасымыз – бейбіт сыйластық, біз тараптан аңыс аңдаған сақтық дәрежеде. Жалпы, ақылсыз кісі емес. Жан-жақты, білгір оқырман дер едім. Әзірше, менің бір жылдан астам ынтымақтас жұмысым кезінде үлкен шатақ та, айтарлықтай алауыздық та болмаған. Түкке тұрмайтын, «жау жағына» онсыз да мағлұм «ерекше құпиялар». Мәселен, Байқоңырдан космосқа ұшып жатқанымыз – бірақ «Төретам» деп айтуға болмайды екен. «Жолаушылар пойызы «Төретамға тоқтады», немесе әлдекім «Төретамда түсіп қалды», «Төретамға барды» дей алмайсыз. Мемлекеттік құпия. Сондай-ақ, лениншіл жас жігіт Аягөзде, Түлкібас, немесе Нарынқолда әскер қызметін өтеп жатыр десеңіз – нағыз арандату, сол жерлерде әскери бөлімдер барын жауға жариялап қойғаныңыз – «Отан алдындағы борышы» деңіз, «Алыс шекарадағы қызмет» деңіз, қай жер екені айтылмасын. Мұндай, цензорымыз ерекше мән беріп отырған, менімен арнайы сөйлескен жағдайына әуелде күлетін едім, кейін әбден үйрендім. Ешқандай дау-дамайсыз Төретамды да, Нарынқол мен Аягөзді де жұлып тастаймыз. Жып-жылмағай болды да шықты. Шындығында, цензордан ешқандай кінә жоқ, қолындағы нұсқаулық кітаптарында осылай жазылған. Сонымен қатар, идеялық қателерге назар аударады. Қате емес, екіұшты сөйлемдерге. Жиі болмаса да, ара-тұра ұшырасатын, зардапсыз кілтипан. Ең қиыны және болмасызы – өткендегі қазақ тарихы, оның ішінде ХХ ғасырдың басы, совет өкіметінің алғашқы жылдарындағы жағдаяттар. Әдетте, жекелеген тұлғалар есіміне байланысты. Алаш-Орда қайраткерлері тұрыпты ғой. Жамандап болса да айтуға тыйым салынған. Аты шығып, жалпы жұртқа жария болып кетпек. Бұл тарапта сөз жоқ. Әуелден белгілі жағдай. Белгісізі – өткен-кеткен кейбір ақын, жазушылардың айныма жағдайы. Мәселен, менің ежелгі ақын-жыраулар туралы монографиямда Шәкерімнің есімі аталатын, әлдебір тұста орайлы сілтеме жасалатын. Ешқандай тоқтаусыз өтті, кетті, басылды. Енді, арада екі жыл озғанда Шәкерімге қатаң тыйым салыныпты. Шығармасы не, атын атауға жол жоқ, тіпті, жамандай да алмайсыз. Әрқилы автордың бірнеше әдеби еңбектерінен алып тастауға тура келді. Сондай-ақ, көп ұзамай «жеке адамға табыну» айыпталмауға тиіс болды, репрессия мен оның құрбандары туралы айтуға қатаң тыйым салынған, тіпті, белгілі, белгісіз қаламгерлер өмірінде осындай оқиға болғаны еске алынбауы керек. Хош. Бұрынғылар кетті, кейінгі – тірілердің өзінің ғұмырбаянында мүлде көмескі қалады, аттап кетеміз. Мәселен, Мұхаметжан Қаратаев, Хамза Есенжанов, немесе Өтебай Тұрманжанов, Сәйділ Талжанов, және басқалар туралы таныстырма, дәйектеме мақалаларда, тіпті, жазушылар ғұмырбаяны, әрқилы анықтама кітаптарда 1937–1938 бен 1955–1956 жылдар аралығы үңірейіп қалады. Тақауда ғана ақталып, қайтадан қатарға қосылған, әуелде жазықсыз құрбан ретінде жоқталған Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер ешқандай жәбір-жапасыз-ақ, келтесінен үзіліп, белгісіз құрдымға батқандай, Міржақып, Мағжан дейтін асқар тұлғалар мүлде болмағандай, еңбегі мен қызметі не, есімдерін атаудың өзі қылмысқа парапар. Өзіміздің алыптар тұрыпты, орыстық, әлемдік тұлғалар да сүзгіге түсті. Бұл кезде жаппай айыпталып жатқан Пастернак пен Солженицын болса болмаса. Көп ұзамай Виктор Некрасов және біреулер қара тізімге ілінді. Кейде, тіпті, қисынсыз жағдайлар ұшырасатын. Француздың атақты жазушысы Луи Арагонға байланысты арандап қала жаздаппыз. Қапелімде Мұхтар Әуезовке қатысты жинаққа өтіп барады екен! Бұл Арагон – француз коммунистік партиясының жай ғана мүшесі емес, көрнекті басшыларының бірі, коммунистік «Леттр франсез» газетінің бас редакторы, қаламгер ретінде көзін ашқаннан бері коммунистік идеяларды насихаттап келеді, тіпті, «Коммунист» дейтін екі томдық эпопеясы бар. Бұл ғана емес. Шындығында кең өрісті қайраткер, Француз Гонкур академиясының академигі, әлемге танылған жазушы, оның ішінде Советтер Одағында том-том кітаптары шыққан. Ал 1957 жылы «Халықтар арасындағы бейбітшілікті нығайтқаны үшін» аталатын Халықаралық Лениндік сыйлық («Международная Ленинская премия «За укрепления мира между народами») лауреаты мәртебесін алған. Енді осы, талай сыннан өткен, дәріпті коммунист Арагон аяқ астынан жазықты болып қалыпты. (Нақты себебін кейіннен білдік. 1966 жылы Советтер шегінде үлкен дабыра туғызған Даниэль мен Синявский процесі кезінде аталмыш жазушыларды қорғап, дауыс көтереді. Арада көп ұзамай, 1968 жылы Совет бастаған Варшава соғыс одағы Чехословакияға басып кіргенде, өзінің наразылығын ғана емес, айыптау сөздерін жариялайды.) Бітті. Енді Арагоннан өткен жау жоқ. Кітаптарын шектеу тұрыпты, совет баспасөзінде атын атаудың өзіне тыйым салынады. Ал бізге Арагонның кітабы емес, өзі де емес, бір ауыз сөзі керек еді. Алдыңғы буын жақсы біледі, Луи Арагон өз кезінде Мұхтар Әуезовты «ХХ ғасырдың ұлы жазушыларының бірі» деп бағалаған. «Абай жолы» арқылы бүткіл қазақ атына «ер халық, мәрт халық» деп мадақ айтқан. Біздің Мұхаңның әлемдік даңққа жетуіне дәмесін болған ізгі тұлға. Енді, ғұмыр бойғы нанымды коммунистен бір-ақ сағатта «коммунизмнің қас жауына» айналған Арагон... Мұхтар Әуезовтың 70 жылдығына біздің баспа дайындаған атаулы кітаптан ысырылып қалды. Ұлы жазушымыз туралы ең бір асқақ, мәйекті, беделді, лепесті алып тастауға мәжбүр болдық. Мұхтар Әуезов туралы естеліктер кітабы Арагонсыз шықты. Бірақ ақыр соңы бұл емес екен. Бес-он жыл ма, жиырма жыл ма, түптің түбінде, басқа «халық жауларының» қатарында Арагон да «ақталуға» тиіс еді. Шынында да солай болды. Арада тоғыз жыл өткенде кешірім ғана емес, марапат тауыпты. 1977 жылы, Сексен жылдық мерейтойына сәйкес, «Халықтар достығы» ордені берілген. Осы мәртебелі «ақталумен» қатар, ендігі сөзіне абақты жоқ. Алайда... қазақ үшін Арагонның күні біткен екен. Бүгінгі жұрт білмейді. Арагонды естісе де, оның Мұхтар Әуезов туралы ұлағатты лепесінен бейхабар. Кейінде, 90 жылдыққа ма, 100 жылдыққа ма, манағы кітап толықтырылып, қайыра басылды. Сол әуелгідей, Арагонсыз. Тіпті, Мұхаң туралы соңғы кездегі зерттеулердің өзінде Арагон есімі ұшыраспайды. Манағы аталы сөз ғана емес, Луи Арагон мен Мұхтар Әуезов арасындағы шығармашылық байланыс, адамдық қатынас. Ең аяғы, Мұхаңның сол заманда Арагон досына Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» ұсынып, орыс-қырғыз жазушысының үлкен атағына жол ашқаны да ұмытылған. Бұл кезде мүлде күшейіп алған айныма Айтматовтың өзі де ұлы Мұхаңның осы бір ізгі, риясыз қолдауын ұмытып, мені алғаш рет бағалаған және француз тіліне аударылуыма септескен – Эльза Триоле болды деп жазған. Бұл Триоле – тумысы Ресейден, жойыт текті, біршама танымал француз жазушысы, ең бастысы – Луи Арагонның зайыбы. Арагон орысша тәуір білген, алайда, әуел баста, сен оқып көр деп, орыс тіліне әбден жетік әйелге тапсыруы мүмкін. Ал ол заманда ешкім білмейтін Айтматовтың повесі сонау қиырда жатқан Эльза Триолеге қалай жетпек. Бағзы бір кезде әуелгі қолдау – Әуезов тарабынан болғаны, Әуезовтың үміт күткен бауырын Луи Арагонға тапсырғаны баспасөз бетінде әлденеше жазылған, жалпыға мағлұм жағдаят еді. Хош. Мұхтар Әуезов Айтматовтың рақмет, алғысына қарап тұрған жоқ, онсыз да ұлы. Қырғыз текті орыс жазушысын ілмелеп отырғанымыз – Луи Арагон мен Мұхтар Әуезовтың сыйлас қатынасын, француз қаламгерінің тиесілі лепесінің қазақ әдебиеті тарихы үшін мәнді, маңызды дерек екенін еске салу ғана. Қосымша сөзіміз біздің замандағы Главлиттің құдірет-күшін бағамдаудан шығып кетіпті. Енді қотанымызға қайтып оралайық.

Қандай да Главлит өкілі эмоция дегенді білмейтін. Толық болмаса да, жарым-жартылай КГБ-ның өкілі. Сондай наным, сондай кісі. Қолындағы нұсқаулықтан тайқымайды. Илікпейді, көнбейді. Керек десеңіз, кей-кейде ауа жайылмақ, қиянат-зорлығын өзінің басындағы ұғым-түсінік шеңберіне келтірмек. Біздің баспаға байланған цензор да қызметіне берілген адам еді. Сөз жоқ, тиым салынған, халық жауы деп жарияланған Кенесары туралы романға әуел бастан-ақ күмәнмен қарамақ. Толайымен тоқтата алмаса да, аралықтан қаншама кінәрат таппақ. Сенім, наным ғана емес, өз басын пәле-жаладан арашалау үшін. Қуына, дауласа бастасаң, мәселе одан әрмен ушығуы анық.

Енді Ілекең бұл пәледен арылудың төтенше жолын іздепті. Төменнен емес, жоғарыдан бастамақ. Галвлит төрағасы Әбдірәшит Шалабаевтың өзімен жалғасты. Тәрізі, бұрнадан жақсы таныстығы бар. Бәлкім, бір замандағы дос-жар. «Келе бер», – депті. Үстеме тарау қосылып, ең соңғы түзетулер жасалғаннан соң арада екі-үш-ақ күн өткен. «Қаһардың» тазаланған бір данасын алып, Главлиттің бас кеңсесіне, төрағаның дәргейіне жеттік. Ілекең екеуіміз.

16

«Қаһардың» ендігі тағдыры тіреліп тұрған Әбдірәшит Шалабаев – министр дәрежесіндегі төре. Хатшы қызы хабарлаған соң бөгелмеді, ішке шақырған. Столының басынан тұрып, екі-үш аттап, ашық жүзбен қарсылады. Ілекеңмен жадырап, мені де жатсынбай, жылы амандасқан. Сұйқыл, аз-маз қылау түскен қоңыр шашын оң жағына қайырған, шықшытты, қой көз, қыр мұрын, қатқыл ерінді, қапсағай, қара-торы кісі екен. Екі қолын бірдей созып, отырыңыздар деген ишара жасады. Әлдебір папка, қолжазбалар, үлкенді-кішілі кітаптар самсап тұрған, бірақ бәрі де шеткері, рет-ретімен қойылған, жинақы, үлкен столының қарсы бетіне тірелген шағын столшаның екі жағына келіп отырдық. Мен үнемі ұстап жүретін әдемі, қызылсары портфелімнен «Қаһардың» қолжазбасын алып, Ілекеңнің алдына қойдым. Ілекең Кенесары ханның өзінен күш, көмек сұрағандай, қалың папканы үстінен баса ұстап, сәл-пәл бөгелді де, мені таныстырды. «Білем, білем, – деді Главлит төрағасы күтпеген жерден. – Кітабы шықты ғой. Қызыға оқыдым. Жыраулардың өлеңдері жойқын екен. Қашан шығады?» Яғни, зерттеуге жалғас мәтіндер. «Мұхтар баспаға дайындап жатыр, – деді Ілекең. – Келесі жылы өзіңнің алдыңа жетіп қалар». «Ескілікті мұралар Литодан өтпейді, – деді төраға. – Қазіргі тәртіп солай. Және мен ерекше жағдайда болмаса, шығармашылық жұмысқа араласпаймын. Бұл жолы Кене хан мен Ілияс екеуі қабаттанған соң... – Маған қарап, жымиып күлгендей кейіп танытты. Қайткенде өңі суық екен. – Әкел!..» – деді содан кейін. Ілекең орнынан көтеріліп, созылып барып, қолжазбаны оңынан қаратып, алдына қойды. Төраға енді шынымен жадырап күлді. «Әуелі, Кенесары хан туралы роман болғандықтан оқимын, – деді. – Оқырман деуші ме едіңдер қазір. Осы, оқырман, бұрынғы әдебиетші, журналист ретінде... Содан соң екінші қайтара... тіміскіленіп, – деді де, ыржия бере езуін жиып алды. – Қызмет бабымен және саған жеңілдік жасау үшін...» «Менің көңіліме қарама, – деді Ілекең. – Аямай айт. Кейінде кесел болатын ештеңе қалмасын. Бұл жағын бізден жақсы білесің...» «Мен бұзып-жарып ештеңеңді бүлдірмеймін, – деді төраға. – Тек ара-тұра, ауа жайылып кетсең, ең қажетті жерлерін. Онда да өзіңмен ақылдасып». «Түзетейін, алып, қосатын жерлері болса...» – деді Ілекең де жадырап. «Оны көреміз, – деді, мүлде момақан, бейтарап кейіпті Әбекең. – Ал әзірге...» Орнынан тұрып, бірер аттап стол басынан шығып, қолын ұсынды. «Мына Мұхтарды сол үшін ертіп әкелдім, – деді Ілекең, байқалып қалғандай, ежелгі досының оң қолын қос қолдай ұстап тұрып. – Мен анда-мында кетем, кейде ана жаққа шақырып... Бар сұрағыңды осы Мұхтар шешіп береді. Телефондары қолжазбаның екінші бетінде. Менің өзім деп біл...» Главлит төрағасы маған тағы да бажайлай қарады. Содан соң қолын ұсынған. «Келістік, – деді Ілекеңе. – Мен бір, асса екі аптадан қалдырмай, жауабымды айтам... Алғашқы сөзімді», – деді содан кейін нақтылап.

Шамасы он бес күннен соң Ілекең мені тағы да өзімен бірге жетеледі. «Әбдірәшит екі қайтара оқып шығыпты. Енді үшеулеп отырып ақылдасамыз», – деген. Жеңілейіп қалдым. Екеулеп барған жақсы. Оның үстіне, үкім емес, кеңес, талқы сияқты. Шынында да солай болды. «Қаһар» Әбекеңе қатты ұнапты. Бас көтермей, түн жамылып отырып, төрт күнде оқып шықтым, – деген. – Мейлінше елітіп, әуелде ештеңесін байқамағандай екем. Шамалап қана қойғам. Екінші қайырымда, одан соң үшінші мәрте сүзгенде... біраз кілтипанның шеті көрінді...» Төраға қоңырауын басып, хатшы қызын шақырды да, тақаудағы екі сағатта көлденең телефон соғылмауын, бейсауат ешкім үстіге кірмеуін тапсырды. Содан соң Ілекең екеуімізді кең кабинетте ұзынынан қойылған мәжіліс столына нұсқады, өзінің екі жағына отырғызып, «Қаһардың» басынан түсіп айта бастады. Біз ала келген үшінші дана қолжазба менің алдымда тұрған. Қажетті тұстарды түгел белгілеп алуға тиіспін.

Қауіп бар еді, бірақ үлкенінен күткенбіз. Кенесары ханға да, оның көтерілісіне де ешқандай қатер жоқ екен. Негізінен ұсақ-түйек. Ескертпелердің көпшілігі – Кене ханның жеке басының бағасына, ол бастаған қозғалыстың мән-мағнасына қатысты. Кенесарының ерлігі, мәрттігі, ақыл-парасаты туралы толғамдар автор тарабынан тікелей емес, онда да біршама жұмсартылып, өзінің қосшы серіктерінің атынан берілсе. Сондай-ақ, патшалық отарлау туралы толғамдар... ұлттық емес, таптық тұрғыда, еппен, жанамалап. Осы, «Қаһар» романының тағдыры және Ілияс Есенберлиннің өзінің жазушылық мерейі шешілген, үшжақты, ашық әңгімеде тағы не айтылғаны түгелдей жадымда жоқ. Тым жеңіл емес, сонымен қатар, өлесі ауыр да емес, қайткенде қажетті, амалсыз өзгерістерге Ілекең кейде ойланбай, кейде қиналыңқырап отырып, түгелдей дерлік келісті. Мен өзімдегі қолжазбаны ретіне қарай, төңкерістей аударып, бастан-аяқ белгілеп, кейбірін қысқаша таңбалап жатырмын. Бүгін-ертең Ілекеңмен бірге мұқият ақылдасып, төрт-бес күнде барлық түзету, қысқарту, үстемесімен, дайын қалпында әкеп беруге тиіспін. Бұл жолы екі сағаттан астам отырдық қой деймін. Түптеп келгенде, Главлит бастығы риза болды. Роман авторының да амалды, амалсыз келіспес жөні жоқ еді. Кеңесші қызметін атқарған біз де, кейбір сәтте ішіміз ауырғанымен, бәрі қисынды деп таптық. Ілекең, әлбетте, біршама қатер ойлап келген. Главлит төрағасы да шектеулі қызметтегі кісі, Кенесары туралы партиялық қатаң қаулы бар, мұндай кітап мүмкін емес, жауапкершілігіме ала алмаймын десе қайтер едік. Тас қамалды төбеңмен сүзіп өтесің бе. Өттік. Бұдан соң да қаншама ауырлық күтіп тұрған. Мүлде басқаша жазу керек. Жоқ, әуелгі тұрғы күшінде қалды. Ендігісі көп жеңіл шыққан. Десе де, бірталай ұтылыс бар. Алғашқы қатерден соң серпілген, әйткенмен қабағы салыңқы отырған Ілекең сыртқа шыққан соң, аздан кейін ғана жадырады. «Оңды болды», – деген. «Жақсы, сәтті, дұрыс» мағнасында осы бір сөзді жиі қолданатын еді. «Ойдағыдан артық», – дедім мен де.

Бес күннен соң, Әбдірәшит Шалабаевтың алдына өзім ғана бардым. Главлит төрағасы тиесілі беттердегі, әуелі алғашқы нұсқасында, одан соң түзетілген, қысқарған, немесе, үстеме жасалған тұстарды бір-бірлеп, мұқият қарап шықты да, түгелге жуық қабылдады, тек екі-үш ретте ғана жетіспей жатқанын ескерткен. Содан соң: «Ілекеңе айта бар, мен осы түзетулермен қоса, романды үшінші қайтара оқып шығам. Авторды араластырмай-ақ қоялық, бір аптадан соң хабарлас, жаңа түзетулерді сонда ала келерсің», – деген.

Оншақты күннен соң, тағы да алдына жеттім. Кейінгі, нақтыланған нұсқамызды қабыл көрді. Сонымен қатар, жаңадан тағы бірнеше, аса мәнді болмаса да ескерусіз қалмауға тиіс, қажетті дәйектемелер. Ілекеңнің тапсыруы бойынша, менің ғұзырым күшті. Арыға созбай, қолма-қол шешпек болды. Жекелеген сөз бен сөйлемдер ғой. Асса шумақ лепес. Тезінен келістік. Тек соңғы бір орамда Әбекең: «Болмас, мынау әжептәуір нәрсе, автордың өзімен ақылдасайық», – деген. Сол сәтінде, «вертушка» аталатын, бастықтар арасындағы тікелей телефонға жүгінді. Алай да былай деп айтып жатыр. Ілекең жауап қайырып үлгермеді, Шалабаев кенеттен даусын көтерген. «Әй, Ілияс, мына екеуара әңгімеге біреу көлденеңнен килікті ғой. Ой, әкесінің аузы. Әй, бұлар мына кәрі КГБ-шник менің өзімді де тексермек пе!? Трубканы қойшы, содан соң қайыра соқ...» – деген. Жағдай түсінікті еді. Бұл заманда тыңдалмайтын телефон жоқ. Ең аяғы, өкіметтік «Вертушканың» өзі қатаң бақылауда екен. Менің қайран қалғаным – мемлекеттік қызметкер, Главлит төрағасының шалт мінезі. Батыл, шешімтал кісі екенін әуелгі кездесуде аңдағам, енді міне, салпаңқұлақтың өзін сылқитып салды. Ресми тұрғыда, телефон, оның ішінде бастық атаулының жеке телефоны мұндай көлденең бақылауға түспеуге тиіс, сондықтан, КГБ-ның жаңағы өкілі «мен тыңдап едім» деп шағына алмайды, боқтық сол шарасыз үнсіздікпен бірге кетпек. Ілекең қолма-қол жалғасты. Екеуінің ендігі әңгімесі сыртқы бөгесінсіз, әрі жеңіл өтіп еді. Бұл жолы да мен айтқан межеде келістік. Шын мәнісінде бар шаруа бітті. Алайда, Әбекең де, Ілекең де асықпаған. Және бірер апта бөгелістен соң үшеуіміз соңғы рет, қайыра бас қостық. Бар кілтипан шешілген, жадырасып отырып шай ішістік. Айрылысар кезде Ілекең Әбдірәшит досын құшақтап, шын көңілден алғыс айтты. Өз кезегімен мен де, пайымы зор, – бұдан артық қайтпек, – жауапты, қытымыр қызметіне қарамастан, осыншама кеңшілік танытқан ағамды құшақтай алыппын. Ілияс Есенберлиннің ең қиын, ең күрделі, тақырыбы бұлағай «Қаһар» романының алдынан даңғыл жол ашылды.

Осы арада атап айтайын, кейінде әйгілі роман тәмам болып, мәшіңкеге түскеннен бастап, қашан толық редакцияланып біткенше, автордан соң жалғыз менің ғана қолымда болды. Көлденең ешкімге берілмеген. Тек Жазушылар одағындағы шартты, тілектес талқы қарсаңында Әди Шәріпов пен Нығмет Ғабдуллин толықтай, тағы бір-екі тілектес қаламгер жарым-жартылай ғана шолып, қарастырып шыққан. Осының бәрі қажетті сақтық шарасы. Жел оңынан тұрды. Көлденең дақпырт жоқ. Енді бар өткелектен өтіп, типографияға тапсырар алдында ғана қолжазбаның редакторы тағайындалған. Мен – жарты бастық, арнайы редактор ретінде қол қою – рәсімге қайшы, оның үстіне, баспаға ұсынылатын ғұзырлы, соңғы қол ретінде артқа сақталғам. Ілекең проза редакциясындағы жас жігіттердің бірі Тұтқабай Иманбековты таңдады. Осыдан біраз бұрын Сәуірбек Бақбергеновтың қолдауымен проза бөліміне қызметке алынған. Яғни, сенімді тегершігі бар. Оның үстіне, артық сөзі жоқ, ұстамды жігіт көрінген. Бастықтарының ыңғайынан бөтен ештеңе ойламайтындай. Өзіне бекітілген романды алғаш рет әуелгі терімнен ғана оқыса керек. Кейін ол да, мен түзетіп беріп едім деп мақтанған екен. Баспасөзге, әлде интернетке шыққан сияқты, нақтысын білмеймін. Анығы – бір сөзіне қолы тиген жоқ, редактор аталғанымен, екінші, тиянақтаушы корректор есепті болған еді.

Иә, Бас цензордың алдынан өткеннен кейін, үш-төрт күн орайында «Қаһар» романы Жазушы баспасының Үлкен редакциялық кеңесінде талқыланды. «Үлкен» дейтініміз, әрбір редакцияның өз ішінде өтетін Кіші кеңес бар. Ал Үлкен кеңес – директордың, немесе бас редактордың, көбіне бас редактор орынбасарының төралығымен өтеді және нәшірияттың елеулі кісілерімен қатар, сырттан тағы да беделді, білгір әдебиетшілер шақырылуы мүмкін. Ілекең өзінің романы талқыланатын жиынға қатыспау жөн деп тапты. Бас редактор Аманжол Шамкенов маған: «Бәрін өзің өткеріп жатырсың ғой, мен бармайын, өзің басқар», – деген. Сақтық. Кейін әлденендей шатақ шығып жатса, ешқандай қатынасы, кінәсі жоқ болып көрінбек. Сонымен, біз. Проза редкациясының кең бөлмесінде өткіздім. Өзімізден – басқа редакциядағы Сәуірбек Бақбергенов келген. Сырттан – «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы Нығмет Ғабдуллин, Одақтың Литфонд – Әдебиет қорының бастығы Әбдірашит Ахметов және Жазушылар одағында кеңесші болып жүрген тағы екі-үш жігіт. Айттық, мадақтадық, қостадық, көркемдігі жоғары дәрежеде, идеялық тұрғыдан бәрі жөн, ешқандай дүмбілезі жоқ. Баспаға ұсынылсын! Шартты дегенмен, қажетті процедура. Және үлкен қуаныш. Сол күні, әлде ертеңіне қолжазбаның бірінші бетіне төрт бұрышты үлкен мөр басылып, баспаға дайын деп, әуелі кітап редакторы Тұтқабай Иманбеков қол қойды, бұдан соң редакция меңгерушісі Амантай Байтанаевтың мақұл таңбасы, ең соңында рұқсат, баспаға тапсырылсын деп бекіткен біздің қолымыз – Мұхтар Мағауин. Нақты күні есімде жоқ, октябрь айының соңғы декадасы сияқты. 1968 жыл. Бар суреті дайын тұрған. Өндіріс бөлімі арғы аптаға жеткізбей, типографияға тапсырды. Ендігі жолы даңғыл болуға тиіс. Тәңірі көлденең пәле-жаладан сақтаса, Алаштың аруағы ақырына дейін қолдаса. Сақтады, қолдады, бәрі оңынан шықты.

Осы естелік жазбалар үстінде «Қаһар» романының Ілекеңнің өзінің қолтаңбасы бар алғашқы басылымын Алматыдан алғызған едім. Өндіріске 4 ноябрь күні тапсырылыпты. Есімде, әуелгі терім қырық күннен кейін келген. Тым шұғыл, тезінен. Екінші, басылымға қол қойылатын табақтары – «подписные листы» – жаңа жылдың алғашқы декадасында жетті. Бірер аптада оқылып, тексеріліп біткен. Мен бас редактордың алдына тартып едім. Рәсім жөнімен һәм кейінде көрмей қалдым деген сөз болмас үшін. Өткендегідей, тағы да өзіме сілтеді. Жөні де осы. Бөгеліссіз қол қойдық. 1969 жыл, 15 январь екен. Сол күні – әлденендей байыбы бар автор атаулы тітіреп тұратын қатал цензордың алдына тартылмақ. Әлбетте, бұл кісіге істің мән-жайы, яғни романды Главлит начальнигінің өзі мұқият оқып шығып, сөзсіз мақұлдағаны туралы еппен айтылған, жоғарыдан ескертілді ме, жоқ па, өзі де біліп отырған сияқты, сыпайылық үшін бір таң асырды да, ертеңіне – әрқайсы он алты парақ, шекесінен түйреп бекітілген, өлшемді он тоғыз табақтың сыртқы, таза беттеріне: «Разрешено Главлитом к выпуску в свет» – «Главлит жарыққа шығаруға рұқсат еткен» дейтін, таңбалы төрткіл мөрін басып, өзінің мүбәрак қолын қойып берді. Ауыл көшіп, жаңа қонысқа қонғанда қазақ айтатындай, «Ескі жұрттың қасқыры келген жоқ, – Жаңа жұрттың қасқыры білген жоқ» – теріс пиғылды қаскүнем атаулы бұл ғаламат роман туралы толық ақпар алып үлгермеген. Басында аңдамады, артынан, орта жолдан қуып жете алмады. Анығы – әуелден бейхабар. Туысқан партиямыздың Орталық Комитетінде отырған, қазақ мүддесіне, жаңа мен жақсыға қаны қас ағайынды екі балшабек – Имашев пен Есенәлиев, бірі мүлгіп, екіншісі басқа бір тарапқа алақтап отырып, темір торларының шіріп тозған бір жыртық тесігін байқамай қалыпты. Ақыры, азғана уақытта ғасырлық жол жүрген «Қаһар» романы қараңғыны қақ айырып, жарқырап шыға келді. 1969 жыл, июнь айының алғашқы бір күні екен... Осы арада, ол кезде емес, бүгінгі күн, естелік жазбалардың дәп осы парағында, менің көңілімде үлкен бір күмән туды. Жиыны жеті айлық жол. Аз да, көп те емес, кітаптың терімінен жарығына дейінгі табиғи аралық. Алайда... «Қаһар» айналасы екі ай ішінде терімнен өтіп, қайыра қаралып, 15 январь күні басылымға қол қойылған еді ғой. Бұдан соң кез келген қолжазба, әдетте екі-үш ай ішінде, тіпті, бірер айдан соң, кітап болып түптеліп, басылып шығуы керек. Ал мұнда аттай бес ай... Мүмкін емес дер едім. Директордың өзінің кітабы болса, ерекше бағымдағы. Яғни... көлденең бір кілтипан шыққан. Кемі бір, әйтпесе екі-үш ай бөгеліп тұрған. Кім, қалай? Тек шамалауға ғана болады. Сол Орталық Партия комитеті. Алайда, бұлар қаншама ғұзырлы болса да, әлі баспаханада жатқан кітаптың тағдырына араласудан тартынса керек. Госкомиздатқа нұсқау бермесе. Әйтпесе, КГБ-ның жымысқы әрекеті. Ақыры, азғана іркілістен соң, бәрі оңымен шешіліпті... Біздікі – долбар. Анығы – өндірістегі бөгеліс. Алайда, елбіреп отырған Ілекең соншама создырмауға тиіс. Ал әлгіндей төтенше жағдайда маған айтар еді. Жоқ, менен қайыр болмайды, көңілімді лайламас үшін айтпас еді... Азғана бас қатырып, төтенше кесел болмаған шығар деп түйдім. Ең бастысы – «Қаһар» барлық қиын өткелектен аман өтіп, аса мол – 60 мың тиражбен жарыққа жетті. Әуелгі төлбасы даналарына қол қойылып, түгел шығаруға, таратуға рұқсат берілгеннен соң, арада екі-үш күн өткенде Ілекең авторлық он данасын алдырып еді. Сол күні, сол сағатта типография бояуының біз үшін қашанда сүйкімді буы бұрқыраған жаңа кітабының бір данасын өз қолтаңбасымен алдыма тартты: «Аяулы інім Мұқтар! Осы кітәптің жазылуына өзімдей еңбегің сіңіп еді, шыққанына енді өзімдей қуансын деп, әдейі арнап тартып отырмын. І.Есенберлин. 15 июнь 1969 ж.» Қаншама заманнан соң қайыра оқығанда жүрекке жылу құяр мейірбан лепес. Әманда өзіне жасалған ілтипат, ықыласты артығымен бағалайтын Ілекем соншама көтермелеп айтыпты. Бұрнада жазғаным бар, осы естелік үстінде тағы қайталадым, менің «Қаһарға» қатысты барлық қызметім – кейбір күңгірт деректерді нақтылау, өткен тауарих төңірегіндегі кеңес жөнінен аспады, ең соңында небәрі іждағатты редактор болдым, және романды әрқилы алмағайып бөгесіндерден өткеру кезінде қарулас, жауынгер серік ретінде қажыр-қайратымды аямадым деп. Түптеп келгенде, Алаштың аруағы үшін, туған халқымыздың ұлттық санасы мен танымы, мың жылдық намысы мен мәңгілік мерейі үшін. Ең ғажабы – кейінгі ғұмырбаяндық шежіресінен көрінетіндей, Ілияс Есенберлиннің ең шатақ, ең күрделі және орталық, негізгі романының жарыққа жету жолы, бұдан соңғы, біршама бейкүнә тарихи романдарымен салыстыра қарағанда, әлдеқайда қитықсыз болыпты. Басылмауға, шықпауға тиіс кітап еді. Не керек, өкіметім мен партиям да, оның жандайшаптары мен теріс азу, арам пиғылды итаршылары да қапелімде Кенесары ханды ұстай алмай қалыпты. «Қаһар» туған халқына жетті! Ілекең бар мұратының үддесінен шыққандай, мерейлі, асқаралы қалыбын тауып еді. Ендігі жол біршама жеңілге түспек. Олай емес, ақыр түбінде еселеген ауыр тартыпты.

(жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар