Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)...

02.04.2018 5892

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы) - adebiportal.kz

Бірақ бұл – істің соңы емес еді. Мені біржола қаңғыртып жіберу үшін мойныма артылмақ 22 мың сом (дәлірек айтсақ, 22 мың және 1 жүз, ол кездің есебінде төрт-бес машинаның құны) салғырттың сорабын ескірту үшін Ілекең кітаптың қаншама бетін қиып, қайта жапсырамыз деген желеумен екі айдай созбұйдаға салып жүрді де, комитет қаулысы бекіп, іс аяғы көмескілене бастағанда, тиесілі қысқарту, түзетулермен «Алдаспанды» жаңадан бастыру туралы жарлық берді. Он жеті мың кітаптың баспахана қоймасынан тасылып үлгермеген, үлгерсе де кәмпескеге ілініп, қайта жиналған он бес мыңға тарта әуелгі басылымы пышаққа түсіп, макулатураға кетті. «Жөнделген», «тазарған» «Алдаспан» келер жылы ерте көктемде аман-есен жарыққа жеткен еді.

Шындығын айту керек, партиялық тұғыры берік, мінезі қатқыл, алайда ұлттық санадан арылмаған Мұхаметқали Сужиков, қайткенде де Имашевтің нұсқауын біржола мансұқ ете алмайтын, соған қарамастын, мәселені үлкен ақылмен, мейлінше жұмсартып, оңымен шешті деп білемін.

Алайда, Имашев пен Есенәлиев мұндай, «қан төгілмеген» қорытындыға қанағат қылмапты. «Алдаспанның» – ІІ басылымы жарияға шықты. Міне, осы кезде мәселе қайта ушығыпты. Бюроға жетер, жетпес, ескі жыраулар мұрасын су түбіне біржола жіберу талабымен біздің туысқан Компартия екінші мәрте шабуылға аттанған. Баспадан өткен, «жөнделген» кітаптың өзін құрту мәселесі күн тәртібіне қойылыпты. Кітабымен, кісісімен, тұқым-тұяғы, түп-тамырымен түгел құрту керек екен. Басқалар тоқтағандай болды, алпауыт коммунист, рушыл идеолог Имашев тоқтай алмаған.

Біз Ілекең екеуіміз қайтадан қатар түзеп, қайтпай ұрысарға бекіндік. Бұған дейінгі қарекет – қорғаныс, ақталу, түсіндіру, үгіттеу, жұмсарту, икемге, тым құрса мәмлеге келу тарабында болған. Енді біз де ашық кеттік. Шегінер жер қалмаған. Әрі амалсыз, әрі ең ұтымды тәсіл. Көлемі он бес беттей анықтама қатынас хаты жазылды. Тұпа-тура Дінмұхамед Қонаевтың атына. Екінші, көшірме данасы Имашевтің өзінің қолына тапсырылған.

Жазған – мен, қол қойған – баспаның ресми бірінші басшысы Ілияс Есенберлин. Қатынас қағаз Баспакомның 1970 жыл, 10-декабрь, Бірінші «Алдаспан» талқыланған коллегия мәжілісіндегі қарсы баяндамамның тезистері негізінде жасалыпты. Мұнда «Алдаспанға» тағылған барлық айып тармақтары және соның әрқайсысына біздің қарымта жауабымыз түгел қамтылған. Жалғыз осы хат арқылы ғана бар жанжалдың түйінін тануға болар еді. «Алдаспанның» қол жеткен жаңа басылымын сақтап қалу үшін, үйреншікті тәсіл, тиесілі әуенде жазылған, әдепкі, мекеме-аралық қатынас қағаз – заманалық құжат. Бір ерекшелік – біз ақталуды қойып, арашаны ұмытып, сес көрсетіппіз, қарсы шабуылға шығыппыз. Тіпті, осы ойранға ұйтқы болған, жоғары лауазымды кісілердің аты-жөніне дейін ашық айтылыпты. Шегінер жер қалмаған. Әрі амалсыз, әрі ұтымды тәсіл.

Майысқақ өтініштен гөрі өктем айыптауға ұқсас мәртебелі ғарыз-наманың ең соңғы сөзі:

«Біздің ойымызша, Баспасөз жөніндегі Мемлекеттік Комитеттің жоқтан-бардан құрап, орынсыз айыптар тағып, қатарынан он бетті жұлу туралы шешім қабылдауы – «Жазушы» баспасының басшылығына қалайда сөз келтіру мақсатында жасалған іс. Осының нәтижесінде бірер беті жұлынып, артық-ауыс шығынсыз оңай түзелетін кітаптың бар тиражын тұтас турауға жіберіп, жаңадан басуға тиіс болдық. Қазір «Алдаспан» антологиясы 17000 тиражбен қайта басылып шықты. Қайта бастыруға кеткен баспахана шығындары бір мың сом шамасында. Ал «Алдаспаннан» «Жазушы» баспасына түсетін таза табыс он үш мың сом шамасында болмақ. Сондықтан «Алдаспан» антологиясын шығару кезінде мемлекет қаржысына көп зиян келді деп, «Жазушы» баспасын кінәлап, орынсыз шу көтеруге болмайды. Керісінше, бұл реттегі барлық жауапкершілік осы мәселені ушықтырған жолдастарға жүктелуге тиіс».

Міне, солай! Жауапкершілігі – өздеріңде! Ақиқат шындық және қыстыққан ашу көрінісі. Ілекең – тәжірибелі күрескер ғана емес, дүниенің бар даналығын, бар сұмдығын танып білген, бір заманда өзі де Орталық Комитетте қызмет атқарған, ең аяғы, советтің түрмесін де өткерген көкжал. Қайырылып қабу – осы Ілекеңнің ақылы. Мен даяшы ғана болдым.

Осы екі тармақ қатынас қағаздан соң «Алдаспанды» қудалау тоқталды. Әңгіме бұдан ары ушықса, ақылға ғана емес, әдіс-амалға да жетік, жоғарыда үлкен сүйеніші бар Ілекең ештеңеден тайынбайтын еді. Шынында да, Компартия – Имашев пен Есенәлиевтің жекеменшігі емес қой, мүгедек майдангер Есенберлинге де қатысты. Есімде, сол жылы жаз ортасына таман болса керек, «Алдаспанның» дауы біршама басылған соң Ілияс Есенберлин ЦК секретары Имашевтің өз қолына, тікелей өзіне арналған, көлемі он екі бет наразылық хат тапсырды. «Сен былай етіп отырсың, алай етіп отырсың, қудалап отырсың, қысып отырсың, әлдекімдердің қолшоқпарына айналдың, партиялық этиканы ғана емес, партиялық тәртіпті де бұздың, мұндай, менің жеке басыма қарсы жолсыздықты тоқтатуды талап етемін» деп, өте қатты жазылған еді. Ашынған ғана емес, ашудан шыққан, дүлей, ұстамсыз ыза емес, ақылға, есепке құрылған қуатты қарсылық, қарсылық қана емес, қатал ескерту болатын.

Сонымен, ежелгі қазақ поэзиясының антологиясы «Алдаспан» екі жылда екі қайыра басылып, бүкіл алаш жұртына тарады. Қазақ хандығы дәуірінде жасаған асқаралы сөз зергерлері Қазтуған жырау, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау, Марғасқа жырау, Үмбетей жырау, Ақтамберді жырау алғаш рет жарыққа шықты, аңыздағы Асан Ата нақты бітімі бар Асан Қайғыға айналды, ол да аңыздағы Жиембет – батыр жырау ретінде әйгіленді, Бұқар жырау толығып, молығып, айқындалып, басқа тұрғыдан бағаланып, қайта туды, есімі емескі Шал ақын жинақталып, зорайып, тұлғалана көтерілді, осының бәрінің самсап шығып, салуалы қалыпта бүгінгі жұртшылық алдына тартылуы нәтижесінде Қазақ Ордасы заманындағы Ата мұра өзінің қалыпты аясын тапты, қазақ рухы, қазақ мәдениеті, қазақ әдебиеті өзінің ұлттық, мемлекеттік дәуірі – XV–XVІІІ ғасырдағы шынайы кейпімен тарихқа енді. Біржола, мәңгіге.

ХV–ХVІІІ ғасыр ақын, жырауларының көпшілігі ғылымға беймәлім, мүлде дерлік ұмытылған ғажайып нұсқаларын тірнектеп жинаған, атаулы кітапты құрастырып, ғылыми басылымын дайындаған – мен едім, ал оны жарыққа жеткізу, бұдан соңғы барлық қиындық пен өткелектен өткізу – Ілияс Есенберлиннің ұлтшылдық қазақы санасы мен ештеңеден қайтпайтын ерлігі арқасында ғана жүзеге асты. Егер Ілекең болмаса, бұл ғажайып мұра жуық арада толық, дәйекті қалыбында басылып шықпас еді, бәлкім, ұлттық қазынамыздағы өз орнын таппаған қалпында, тәуелсіздік заманға дейін шұбатылып жүрер еді. Сол, Қазақ Ордасы дәуіріндегі әдебиетті негіздеген «Қобыз сарыны» туралы да дәп осылай дер едім.

Алайда, «Алдаспанның» пәлелі, жалалы айқайы, оған жалғас шектеу шараларынан соң, мен бұрнада айтқандай, көне мұраның өрісі кесілді. Ұлт мәдениетіне қарсы қара күштер қайыра шабуылға шықты. Соның алғашқы бір көрінісі – мен баспа жоспарына енгізіп, суретіне дейін салғызып қойған тарихи ұлы жыр – «Еңсегей бойлы Ер Есім» тоқтатылды. Енді ежелгі мұра тарабындағы басқа талаптардан да бас тартуға тура келген. ЦК, КГБ, сол төңіректегі және соған сүйенген жандайшаптар жаппай күш алған алас-қапас, тұман-түнек заманда «Алдаспанды» алып шығуымыздың өзі ақыл сенгісіз жағдай екен. Соған шүкіршілік айттым.

Бұл кезде мен алдағы жылдан бастап ай сайын шығатын журналға айналуға тиіс «Жалын» альманағында бас редактордың міндетін атқарушы болып отырғам. 1970, март, әлде апрель айында ұсынылған едім және болашақ қызметімді толығымен көтеріп алғам. Әрине, мұншама ойбай, дабыра дүрлігуден соң бекімей қалдым. Енді Ілекеңнің алдынан өтіп, рұқсат, ризашылығынан кейін, Ғылым Академиясына ауысу жайын қарастыра бастадым.

21

«Алдаспанның» екінші басылымынан соң көп ұзамай-ақ Ілекеңнің «Алмас қылыш» романы да жарыққа жетті. Алайда бұл – Ілияс Есенберлиннің айдынды баспада отырып, өз қолынан өткерген соңғы кітабы болып шықты. Және ең үлкен даудың басы. Бар жарағы түгел – орталық және әдеби жалғыз баспа – дүйім қазақ сөзінің шешуші тұтқасын ұстап отырған Есенберлинге қарсы тынымсыз әрекет енді жаңа бір жол тапқан. Қайткенде баспадан кетіру шарт екен. Ақыры Имашев, тәрізі баспа төңірегіндегі дау, жан-жақтан анталаған арыздан жалыға бастаған Қонаевтың келісімін алып, Есенберлинді осы 1971 жылдың орта шенінде Жазушылар одағына ауыстырды. Жоғарыға жібермеген, алайда, біржола тұқырта да алмаған, енді екінші хатшы дәрежесінде. Бұл кезде Одақ басшысы болып Әнуар Әлімжанов бекіген еді. Ілекеңнің бұрынғы қызметінің ширегіне келмейді. Айтқанымыздай, орталық және жалғыз әдеби баспа – жамиғы қазақ руханиятының ұйытқысы есепті, директордың өкімі күшті, қазақ қаламгерлерінің барлық кітабы, әуелгі жоспардан бастап, соңғы жарығына дейін түгелдей алдынан өтеді, оның үстіне еселі, мол қаламақы – ақшалы қойманың кілтін ұстап отыр. Әлбетте, республиканың Бірінші басшысы ғана емес, КПСС Орталық Комитетінің бюро мүшесі, яғни, шартты түрде болса да, бүткіл Советтер Одағының ең жоғарғы билігінде саналатын Дінмұхамед Қонаев, бұл кезде зор атаққа жеткен жазушы Ілияс Есенберлинді қалай көтерсе де, ешкім тоқтау сала алмайтын. Әйтеуір, бірден құлатпай, уақытша болса да атаулы қызметке бұйырыпты. Ілекең болашақта қазіргіден де үлкен биіктерге жеткізер, ең бастысы – келесі кітаптарын артық шырғалаңсыз шығаруға мүмкіндік берер ең қуатты қаруынан айрылды, әйтсе де, әзірше мүлде құрқол емес, Одақтың екінші дәрежелі қызметінде отырып та, қадарынша ұтымды күресуге мүмкіндік бар. Осы арада Ілияс Есенберлиннің баспагерлік – мұқым қазақ руханияты үшін игілікті қызметі туралы, өткенімізді пысықтап, толықтырып, арнайы айта кету қажет сияқты. Айналасы төрт жыл – елу ай ішінде Ілекең «Жазушы» баспасын көтеріп қана қойған жоқ, барша қазақ әдебиетіне жаңа дем, айрықша тыныс әкеліп еді. Рухани тұрғыда, қаламгер қауымға сол заман үшін мүмкіндік шегіндегі еркіндік және тоқтаусыз басылым, кең құлаш, осыған орай, қалыпты тұрмыстық ахуал – күнкөріс қана емес, молшылыққа жақын қаржы-қаражат мәселесінде де.

Ілекеңнің алдындағы директор – шаруашылық жайына жетік, әрі әдебиет жоқшысы, адал ниетті Дүйсенбек Еркішев «Жазушы» баспасын ұзақ жылдар бойғы дотациядан құтқарып, өзін-өзі ақтайтын жағдайға жеткізген екен. Ақтау ғана емес, аз-мұз табыс, кіріске. Нақты есімде жоқ, жылына 200 мың сом мөлшерінде болса керек. Бұл табыстың негізгі, тіптен бірден-бір көзі – кітаптардың таралымына байланысты. Ілекең баспаға келе салысымен, осы жағына мейлінше күш салды. Республикада кітап тарату ісімен түбегейлі айналысатын екі мекеме бар: бірі – «Қазақкітап» аталатын, тек қана кітап саудасымен айналысатын ұйым, үлкен қалалар мен кіші-гірім кенттерде, аудан орталығы саналатын қыстақтарда арнайы дүкендері бар; екіншісі – «Казпотребсоюз», яғни Тұтынушылар одағы, жалпы тұрмыстық тауар, азық-түлік өнімдерімен қатар, кітап тарату жұмысына да қатысты, бұл сөздің мәнісі – кез-келген ауылдық дүкендердің бір бұрышында кітап сөрелері тұрмақ. Осындай екі жақты, әрі ұтымды тәсіл нәтижесінде қазақ тіліндегі көркем әдебиет атаулыны молынан таратуға мүмкіндік жасалған, ендігі кілтипан – баспаның өзінің азды-көпті өніміне байланысты. Алдағы жылдың тақырыптық жоспары бекіп, рекламалық кітабымыз шыға салысымен, осы екі үлкен мекеменің тиесілі басшылары және әрбір облыстан арнайы келген өкілдерімен кездесу – болашақ тауарымызды саудалайтын жәрмеңкеге барамыз. Жоспарға еніп, тиесілі аннотациялары жазылған атаулар кітапшасын басынан түсіп, талқылай бастаймыз. Анау шығарманың мәнісі мынандай, айрықша қызғылықты, өтімді, халыққа қажет, сондықтан көтеріңкі тираж керек, дейміз. Қарап тұрсаңыз, біз шығаратын кітаптардың бәрі де керемет, бірінен бірі өтеді. Яғни, көзге көрініп тұрмаса да, кәдімгі базардағы жайма саудаға жақын. Обалы қанша, қазақ аймақты, әсіресе Маңғыстау, Орал, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Торғай облыстары молынан қамтиды. Ал орыс басқан солтүстік тараптың ісі мен сөзіне қарап тұрсаң, отаршыл қауымның барлық арам, астам пиғылы қапысыз танылар еді. Мәселен, қазақ тіліндегі, шынында да айрықша мәнді, құнды, керекті, пәленбай деген кітап. Павлодар облысының өкілі – екі-ақ данаға заказ береді. Целиноград, яғни Ақмола – бір данаға. Сондай-ақ, Көкшетау – біреу, Қостанай – біреу. Солтүстік Қазақстан өкілі бізге қазақша кітаптың керегі жоқ деп, тұпа-тура мәлімдейді. Аналардікі – мазақ, мынанікі – қорлық, «Целинный крайда» да қазақ бар, олар ана тіліндегі кітапқа зәру деп дәлелдеп көр. Ақыры, қаншама даудан соң – Солтүстік Қазақстан бір дана алатын болды, қалғандары да бәсін көтеріп, әр облыс екеу-үшеуден, асса бес-алты кітаптан жазады. Қарап тұрып қияли боп кету оп-оңай. Мұндайда Ілекең атаулы жиыннан соң, әлгі мекемелердің үлкен бастығымен «вертушка» аталатын тікелей телефоннан сөйлесетін. Қазақтығының үстіне, үкімет пен партияның сонау Мәскеуден басталатын ұлт саясатын алға тартады. Ақыры, жинақтап келгенде әлгі облыстар, жоғарыдан түскен жарлық бойынша, әуелгі біреу-екеуді он-жиырмаға, кейде қырық-елуге көтермек. Бұл арада бар мәселе кітап таралымында емес, адамдық, ұлттық намысқа тірелетін. Әйтпесе, бізге қазақ облыстарынан түсетін заказдың өзі жетіп жатыр. Жетіп қана емес, артылып қалмақ. Мәселен, біздің тәуір деген, көлемді кітаптарымыз 60 мың таралыммен басылуға тиіс, ал жинама ұсыныс – 70, 80 мыңға шығып кететін. Осы сұрағанының өзін түгелдей бере алмаймыз. Қайткенде де ұтымды рекламалар, білгір, еппен жүргізілген кездесу-кеңестер нәтижесінде «Жазушы» баспасының негізгі кітаптарының жалпы тиражы өлшеусіз көтерілді. Ілекең өз жұмысының нақты нәтижесін көрген алғашқы, 1968 жылы – баспаның жинақты табысы – жарты миллионға жетті. Келесі жылдарда 800 мыңға жетіп еді. Өз өнімдеріміз арқылы ғана емес, орыс тілді «массовая литература», яғни жалпы жұрт, бүткіл Одақ оқырмандары үшін зәру әлемдік классика үлгілері және әрқилы детектив, фантастика тұрғысындағы қызғылықты нұсқалар. Осындай көлденең кітаптар арқылы мол түсімді одан әрмен көтере беру қиын емес екен. Ілекең бұдан артық қажеті жоқ деп, өзі шектеген.

Қосымша табысқа сай, баспа өнімдерінің жалпы көлемі де ұлғайды. Кітап саны бұрынғыша, алайда жинақты баспатабақ есебімен алғанда, өлшеусіз артқан. Бұл сөздің мәнісі – мәселен, көлемі 20 баспатабақ роман 10 мың таралыммен шықса, оның басылым-баспатабағы – 200 мың болмақ, ал осы кітап 50 мыңмен шыққан жағдайда, бес-алты есе ұлғайып, миллионнан асады. Шығыннан тыс кіріс осы үстеме өнімге байланысты. Тек баспаның табысы ғана емес. Осыншама түсімнен соң автор атаулыға мол қаламақы төлеуге мүмкіндік туған. Ілекең бастапқы жылдың өзінде, жаңылмасам, әуелгі, 600 мың сом қаламақыны 800 мыңға көтерді. Одан соң миллионға жеткізіп, соңғы жылы 1 миллион, 250 мыңға тіреп еді. Нәтижесінде, қазақ жазушылары бүгінгі арам замандағы шылқыған байлыққа батпаса да, сол кезең үшін аса мол, күнкөрісті толығымен қамтамасыз қылатын, бала-шағаның қарнын ашырмай, өзіне алаңсыз еңбек етуге мүмкіндік беретін ырысты жағдаятқа жеткен еді – жеке бір кісілердің игілігі ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің өрістеп, дамуының кепілі. (Баспаның жылдық өнімі артып, өскен ел, өркенді халық арқасында уақыт озған сайын қаламақы қоры көбейе берген екен, ақыры, мен баспаға екінші қайыра оралған 1984–1986 жылдары – жылдық қаламақы 1 миллион 750 мыңға тіреліпті, алайда, бізден соң, желтоқсан оқиғалары тұсында жаңадан келген, үнемшіл директор мен бас редактор «мынау тым көп екен» деп, «артық» 750 мың сомды қысқартып тастайды, «Байдың асын байғұс қызғанады» ғана емес, дәп өздеріндей қазақ жазушыларының, яғни жаңа қазақ әдебиетінің тиесілі, заңды несібесін алдынан жырып әкетіп, ай-далада шіріткен есепті. Бүгінгі күні осының өзі жоқ).

Ілекең жарықтықтың қолы ашық еді. Орынсыз шашылу, немесе алыс-жақындарына қарай емес. Үлкендер – еңбегіне лайықты еселі сыбаға алды. Кейінгілер де шығармаларының сапасына сәйкес табыс тапты. Ал жастарға мүмкіндігінше кеңшілік жасалған. Шөміштен қыспаған, өз дәрежесінде көтеріңкі қаламақы және жалғаса өтіп жатқан жаңа кітаптар. Ілекең баспаға келгеннен соң, қырық құлып астындағы қойманың барлық қақпасы қақырап бұзылғандай болды. Қазақ редакцияларында тіреліп тұрған қолжазбаларға кеңінен жол ашылды. Ешкімнің атақ-дәрежесіне, бұрынғы бары мен жоғына байланысты емес, жалпыға, әлбетте, жақсы атаулыға жасалған шарапат. Міне, қараңыз. Ілияс Есенберлин «Жазушы» баспасында директор болып отырған, айналасы төрт-бес жылда алғашқы кітаптарын шығарған, яғни әдебиет есігін ашқан прозаиктер: Қабдеш Жұмаділов, Төлен Әбдіков, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкеев, Әнес Сараев, Софы Сматаев, Ахат Жақсыбаев, Ілия Жақанов, Төлек Тілеуханов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Сатыбалды Нарымбетов... Ақындар: Төлеген Айбергенов, Ақұштап Бақтыгереева, Жарылқасын Аманов, Еслам Зікібаев, Есенбай Дүйсенбаев, Кәкімбек Салықов, Үмбетбай Уайдин, Жарасқан Әбдірәшев, М.Шаханов... Әдебиетші сыншылар: Хасен Әдібаев, Зейнолла Серікқалиев, Рымғали Нұрғалиев... Біз бұл арада жалпы жұрт емес, кейінгі қазақ әдебиетінің әр саласында өнімді қызмет атқарған, өз тұрғымыздан алғанда, ең елеулі дейтін қаламгер ағайындарды ғана айтып отырмыз. Әйтпесе, хал-қадарынша еңбек еткен жазармандар тізімі: Сейіт Кенжахметов, Қарауылбек Қазиев, Тұтқабай Иманбеков, Жеңіс Қашқынов, Ермек Қонарбаев, Сапарғали Ләмбеков, Сұлтан Қалиев, Шоқан Әлімбаев, Бекділдә Алдамжаров... болып, созыла берер еді. Менің өзім «Қобыз сарыны» монографиясы мен «Ақша қар» атты проза жинағын шығардым, және осыларға жалғас тағы екі кітап. Жалғыз мен ғана емес, әуелгі кітабын өткізген жас ақын, жазушылардың көпшілігі осы Ілекеңнің тұсында екінші, үшінші, тіпті, төртінші кітаптарын шығарып үлгерді. Осының бәрі – жаңа қазақ әдебиетінің Ілияс Есенберлин жол ашып, бата берген аса қуатты, өзгеше бір толқыны екен. (Әлбетте, үлкен кісі кейінгі талапкер атаулыны жаппай біле бермейді, осы ретте мен өзім тұстас, тұрғылас жастарды қатарға тартуда айрықша белсенді қызмет жасадым деп анықтап айтар едім.)

Бұрынғы жоқтар барға айналғанда, бұған дейін бірер кітабын жариялап үлгерген, екі-үш кітапқа қолы жетсе де, атаққа жаңа шыққан, немесе үлкен үміт жолында тұрған қаншама қаламгер бар. Бұлардың бәрінің де алдынан мол мүмкіндік ашылды. Мәселен, Мұқағали Мақатаев үш жыр жинағын және Дантенің «Тамұғы» мен Уитмен өлеңдерінің аудармасын, Тұманбай Молдағалиев жаңа үш топтамасын, Қадыр Мырзалиев үстемелеп, алты жыр жинағын, Жұмекен Нәжімеденов бес кітабын шығарыпты, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақов, Төлеген Айбергенов, Қайрат Жұмағалиев, Фариза Оңғарсынова, Зейнолла Шүкіров, Бекежан Тілегенов, Амантай Сатаев, Бек Тоғысбаев, Дулат Исабеков, Өтежан Нұрғалиев, Мағзом Сүндетов, Тобық Жармағамбетов және басқалар өз алдына – бір, екі, кейде үш кітаптан еншілеген. Яғни, Ілекең дарынды, қарымды жас қаламгер атаулының алдынан кең өріс ашыпты, қай-қайсын да мүмкіндік шегінде жарылқаған. Және әдебиетке еңбегі сіңген үлкендердің алдын кеспеген. Өзімен дауласып, дауласып қана емес, ашық жауласып жүрген Тахауи Ахтанов алты кітап шығарыпты, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясының кезекті томы мен жаңа басылымдары тоқтаусыз өтіп жатыр, Ғабит Мүсрепов болса-болмаса, өзін ұлтшыл зиянкес деп жариялаған Сәбит Мұқановтың Шоқан туралы шалағай романына кедергі жасалмады, сонымен қатар, он алты томдық «Шығармалар жинағының» алғашқы кітаптары басылды.

Және атап айту керек, кез келген үлкенді-кішілі қаламгер ағымдағы жылдық жоспарға шырғалаңсыз, көлденең қоңыраусыз енетін. Әлбетте, ешқандай тежеусіз, жапа-тармағай деген сөз емес. Жылдық жоспардың сыйымдылығына қарай, әркімнің қарым, қадамы, орайлы ретіне сай. Бұл шерудегі ең қиын бөгесін – Госкомиздат пен ЦеКа тарабынан туындауға мүмкін еді, мұндай жағдайдың өзінде Ілекең таныс-бейтаныс, алыс-жақын авторларын мейлінше қорғап бағатын. Бір жылдан ысырылып қалса, екінші жылы өткізбек.

Тағы бір ерекше жағдай – ерекше ештеңесі жоқ, бірақ Ілекеңнен соң тұтас он төрт жыл бойы бүткіл қазақ әдебиетін үркіткен төтенше террор – Әбілмәжін Жұмабаев пен Есет Әукебаев тұсындағы, «саяси» да емес, кешегі қызыл қырғынның қисынсыз, рухани жалғасы, қитар қырағылық, орайсыз қысас – Ілекеңнің тұсында ешқандай елес бермеген. Кез келген бейкүнә кітаптан қаншама «идеялық қате» табу, жекелеген беттерін жыртқызу, орта жолдан жарым-жартылай қайта бастыру, бірінші, көбіне екінші терімнен соң тұтас тарауларды алып тастау, тіпті, толығымен басылып, түптеліп тұрған 30 мың, 60 мың кітапты төтесінен тұтқындап, біржола жойып жіберу – ешкімнің түсіне де кірмеген. Осы ретте ескілікті, бес ғасырлық мұра, басқа да ежелгі әдеби нұсқалар, кейінгі Мұхтар Әуезовтың өзіне жасалған шабуыл тұрыпты, көзі тірі Әбділдә Тәжібаев, Өтебай Қанахин, Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынбек Кәкішев, Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази, Софы Сматаев, тіпті, күні кешегі директор, атақты қаламгер Ілияс Есенберлиннің өзі қаншама машақат шеккен, бұлардың кейбірі аяқ астынан инфаркт алып, жасы үлкендері мезгілінен бұрын ажал тапты. Әңгіме – барлық өткелектен озып, типографияда жатқан, немесе, басылып шыққан кітаптар туралы. Бұған дейінгі, кез келген қолжазбаны өндіріске әзірлеу үстіндегі қиянат пен зорлық өз алдына. Осы ретте, Есенберлин тұсында ойнап-күліп жүріп алты кітап, оның ішінде балаларға арналған көлемді бір томдығын шығарған Қадыр Мырзалиевтің жетіп-толған, азуы бекіген кезінде жаңа бір жинағын өткізе алмай, қалай пұшайман болғанын, ақыры жалынып, жағынып жүріп әрең тапсырғанын айттық. Жамандық үшін туған кісілер болады екен.

Ағылшында: «Лакей өзін сыйлаған кісіден жиіркенеді» – дейтін мақал бар көрінеді. Қазақ: «Құл – қорлағанды сүйеді» – деп тұжырған. Тексіз – басынан төпелеген таяқты ғана мойындамақ. Ілияс Есенберлиннің жеке бір дарындар ғана емес, барша қазақ әдебиеті үшін, қазақ руханияты, ұлт мерейі үшін, ешқандай сатымсыз, бұлдамай, шын ықылас-ниетімен жасаған еркін, кеңшілікті қызметін, мәрт мінезін ешкім де бағаламады. Келешек ұрпақтың жадында жүрсін деп, мына біз ғана ашығын айтып отырмыз.

Ілекең өзінің баспагерлік қызметінде бөлекше екі мәселеге және назар аударып еді. Мұның біріншісі – қазақ халқының ежелгі рухани мұрасына қатысты. Халық өзінің тарихымен қатар, бағзыдағы сөз қазынасының да қадір-қасиетін танып-білуге тиіс. ХV–ХVІІІ ғасырларда, яғни, Қазақ хандығы дәуірінде жасаған ақын-жыраулар мұрасы жинақталған «Алдаспан» антологиясы – осы ізгі ниеттің бір ғана көрінісі. «Алдаспанға» жалғас «Ақберен» жинағы шықты – ХІХ ғасыр, Батыс Қазақстан өңірінде ғұмыр кешкен, бұлар да көбіне белгісіз, ескілікті ақындар мұрасы. Сондай-ақ, «Дала уәлаяты газетінің» бетінде жарық көрген үлгілер таңдамасы – «Әдеби мұра», қазақ билерінің ұтымды нақыл, ғибрат сөздері топтастырылған «Шешендік сөздер» жинағы... Қазір бәрі оңай көрінбек, ол заманда мұндай атты кітапты жоспарға тықпалаудың өзі бір жошын, ал баспаға әзірлеу, жарияға шығару – қылмысқа парапар сұмдық. Бұдан сегіз-тоғыз жыл бұрын ғана қатарға қайта қосылған батырлар жыры мен басқадай нұсқалар жөнін айтпай-ақ қояйын. Соның өзі оңай шаруа емес-ті. Осы реттегі үлкен бір өкініш – 1971 жылдың тақырыптық жоспарына «Еңсегей бойлы Ер Есім» жыры енгізіліп қойған еді. Сыртқы безендіру, ішкі суреттеріне дейін дайын тұрған. Менің «Алдаспаннан» соңғы атқармақ үлкен бір мұратым. Енді бірер ай Академия архивінде отырып, Қазанғап Байболұлы деген данышпан қария қағазға түсірген 7000 жолдық тарихи жырды бастан-аяқ, мұқият көшіріп алуым қажет еді. Осы кезде «Алдаспанның» айқайы шықты. Енді Есім хан туралы құнды мұраны өткізу де мүмкін болмай қалған. Бәлкім, Ілекең осы орында отыра берсе, жайсыз әңгіменің аяғын сұйылтып, арада екі-үш жыл өткенде жүзеге асырар едік. Оның сәті келмеді. Жалғыз Есім хан дастаны ғана емес, ойда тұрған, әзірге жабық жатқан ХVІІІ ғасыр тарихи жырлары да сол қалпында қозғаусыз қалды. Уақытында жарыққа жетуге мүмкін тағы қаншама қазынамыз абақтыдан босай алмады. Енді қанша сарыларын кім білген. Ақыры, тәуелсіздік заманда халқымен шет жағалап әрең табысқандай.

Ілекең баспагер ретінде ерекше мән берген екінші бір шаруа – аудармаға қатысты. Қазақшаға аудару және қазақты аударту. Осы ретте әлем әдебиетінің озық үлгілерін ана тілімізде сөйлету алғы кезекте тұрған. Қазақ әдебиетінде бағзыдан қалыптасқан көркем аударма жұмысы енді өзгеше мағынаға ие болды. Орыс пен Батыстың озық үлгілері іріктеле бастаған. Аударма редакциясының меңгерушісі – Мұхамед Нұртазин деген ақсақал еді. Бұл бөлімде советтік каторгадан өтіп келген Әбітай Атығаев ақсақал да бар. Бұлардың өздері де тәжірибелі аудармашы, соған орай басқаға талабы да күшті.

Қазақ үшін қай жағынан да жаңалықты «Құдіретті комедия» мен «Фаустты» айттым. Енді арыдағы Байрон, Уитмен, Толстой, Достоевский, Тургенев, Тагор, Чехов, Куприн ғана емес, берідегі Хемингуэй, Ремарк, Бөлл, – бұрынғы-соңғы ағылшын, орыс, неміс тұрыпты, поляк, чех, балтық бойы, жаңарған Африка әдебиетінің үлгілі нұсқалары қазақша сөйледі. Қалай айтсақ та, сол кездегі ана тілінің өрісі кеңи түскен.

Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің тәуір үлгілерін орыс тіліне аудару жұмысы да біршама өріс тапты. Қазақшадан орысшаға өткеретін арнайы редакция бар. Меңгерушісі – Нүзет Умеров дейтін қырым татары. (КГБ тарабынан қатты қудаланады екен, соған қарамастан, Ілекең орнын сақтады, ақыры үш-төрт жылдан соң Өзбекстанға кетіп еді, одан ары ата жұртына оралыпты, менің кейінгі деректерім бойынша, әлі де аман-түгел, өз жұртында әжептәуір атаққа жеткен көрінеді.) Енді Ілекеңнің өзінен бастап, тұғырлас, өкшелес, тіпті, жаңадан көтерілген жастардың шығармалары шетінен аударыла бастады. Бұл орайда әуелден танымал, бұрнада Мәскеуге жол ашқан қаламгерлер, әрине, Есенберлиннің көмегіне қарап тұрған жоқ, бірақ айналып келгенде «Жазушы» баспасын аттап кете алмайды. Яғни, бәрі де көлемге және қосымша қаламақыға келіп тіреледі. Бұрнағы Нұрпейісов, Ахтановтардан соң Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази қатарлас және жалғас кейінгі толқын да ешқандай қағажу көрген жоқ. Орысша аудармалар тиражы әдетте 100 мыңнан кем болмайды және соған орай, бүткіл Советтер Одағына таралатын: Қиыр Шығыстан Балтық бойына дейін, түстікте Түркмен, Өзбектен терістікте Якутияға дейін. Мен өзім бұрынғы-соңғы әрқилы демалыс, жол-сапарлар кезінде біздің орыс тілді қазақ кітаптарын Москва мен Ленинград, Қырым мен Еділ бойы, ең аяғы Орел мен Курск, Рязань мен Владимир сияқты, орыстың ішкі, жиын өлкелерінде, кітап дүкендері мен вокзал, аэропорт киоскілерінен көрдім. Әлбетте, атаулы бір қаламгерлер ғана емес, қазақ әдебиетінің, қазақ руханиятының нақты куәгер, айғақтары.

Иә, ұмытып барады екенбіз, Ілияс Есенберлиннің «Жазушыдан» тыс, тағы бір баспагерлік қызметі болды. Баспагерлік қана емес, батагөйлік. Ілекең Москваның орталық «Советский писатель» баспасының редакциялық коллегия мүшесі болатын.

Яғни, Қазақстан тарабынан баратын кез келген кітапқа жауапкер сарапшы. Атақты баспаға жаңа авторлар туралы ақпар, олар ұсынбақ кітапқа жолдама жазу – міндетті бір қызметі. Содан соң, жыл сайынғы тақырыптық жоспардың Қазақстанға қатысты атаулары да Ілекеңнің ұсыныс, мақұлы арқылы бекитін. Менің өзімнің алғашқы прозалық аударма кітабым «Гибель борзого», яғни «Тазының өлімі» дейтін әңгіме және повестер жинағым осы Ілекемнің арнайы жолдамасымен қабылданды және өте тез, небәрі екі жыл ішінде аударылып, жоспарға еніп, сәтімен басылып шықты. Бұдан соңғы кезеңде «Советский писатель» баспасының тұрақты авторы саналдым. Соның өзінде «Змеиное лето» – «Жыланды жаз» жинағы да, әлбетте, Ілекеңнің демеуімен кезекті бір жылдың жоспарына қосылған еді. Бұл – жалғыз маған ғана қатысты кеп емес, баспа жұмысында қалыптасқан, үйреншікті рәсім. Ілекең қазақ әдебиеті кең өріске шығу үшін ең алдымен орыс тіліне аударылып, Алматыда, мүмкіндігіне қарай Мәскеуде де жарияланып, советтер шегінде кеңінен таралуы қажет деп есептейтін. Осы орайда қолда тұрған «Жазушыдан» кейінгі кезеңде, өзі коллегия мүшесі болып қалған «Советский писатель» баспасына кеңінен жол ашуға тырысты. Бастапқыда ғана емес, өмірінің ақырына дейін. Әлбетте, орталық нәшірияттың талабы қатты. Сондықтан, кім көрінгенді емес, ең лайықты қаламгерлерді ғана қолдайтын. Осы жылдарда Ілекеңнің демеуімен «Советский писатель» баспасынан Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов, Әзілхан Нұршайықов, Бекежан Тілегенов, Мұхаметжан Дүзенов, Дулат Исабеков, Адам Мекебаевтар проза кітаптарын, Тұрсынхан Әбдрахманова, Қадыр Мырзалиев, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтхожиналар өлең жинақтарын жариялады. Бұл – толық тізім болмаса керек. Иә, бауырлас ұйғыр жазушылары Зия Сәмәди мен Шәйім Шаваев бар. Бұл ретте, «осындай атақтыларымыз онсыз да шығатын еді» дейтін сөз жүрмейді. Қандай мықты болсаңыз да, бұл тарапта сөзі өтімді, беделді жазушы Есенберлиннің мақұлынсыз бір де кітап өтпес еді. Ілекең ешкімнің алдына тосқауыл қойған жоқ. Оның орнында басқа бір кісі болса, өзгені білмеймін, мен, мен ғана емес, тұрғылас тағы қаншама қаламгердің жолы келтесінен қиылары анық екен. Осы ретте бір-екі көрнекі мысал. 1970-жылдардың соңы. Москвадағы «Художественная литература» баспасы «Қазіргі қазақ әңгімелері» атты жинақ шығармақ екен. Құрастырушысы – біршама танымал әдебиетші И.Н.Крамов деген. Аралық делдал жігіттер арқылы мен де бір әңгіме ұсындым. Қабылданыпты. Сөйтсем, бұл жинаққа бейресми жауапкер, анығы – осы шаруаның Крамовқа жүктелуіне себепкер – өзіміздің Әбдіжәміл Нұрпейісов ақсақал екен. Тәрізі, Әбекең туралы хикаямда арнап жазармын, ұзын сөздің түйіні – ақыр түбінде менің «Архив хикаясы» деген классикалық әңгімем өтпей қалды. Менен төмен демейін, қайткенде артық емес Исабеков, Әбдіков, Мұратбеков, Ысқақов, Кекілбаев және кейінгі бір жігіттер – түгел кетті, ал мен жарамсыз деп танылдым. Жалпы жинақтағы орта көлемді жалғыз-ақ әңгіме. Соның өзі артық сыбаға көрінген. Кетпектей кітап болса қайтер еді. Бір емес, бірнеше кітап. Жылдар бойы қамалып жатар еді. Енді, орайы келіп тұрғанда іріксем мәкүрік болар, осыған жалғас жағдай. Бірде Шығыс Германияның «Фульк унд вельт» баспасының жауапты өкілі Алматыға келген екен. Авторлық құқұқ қорғау қоғамының жетекшісі Сағат Әшімбаев арқылы, менімен кездеспек ниетін айтады. Хош. Қазақ дәстүрімен үйге шақырайық. Лео Кошут, совет халықтары әдебиеті бөлімінің бастығы, қасында орыс тілінен маман аудармашы келіншек бар. Қабыл алдық. Мол дастарқан. Келісті әңгіме. Таныстық, білістік жөнінен соң, менің қайсыбір шығармаларымды неміс тіліне тәржімалау төңірегінде. Кенет... қоңыраулатып, үстімізге Әбдіжәміл Нұрпейісов ақсақалдың атаулы кісісі келіп жетті. Төтенше жағдай. Әлдебір жерде әлденендей маңызды кісілер күтіп отыр, шет елдік қонақтарды ерекше кездесуге шақырған, кейінге ысыруға болмайды екен. Немістеріміз аңырып, ыңғайсызданып, әйтсе де өздерін осы Қазақстанға арнайы келтірген Нұрпейісовтың өтініш-жарлығын терістей алмай, қайта-қайта кешірім сұрап, кете барды. Сол беті жоғалған. Біржола емес, келесі 1985 жылы Мәскеуде, Халықаралық кітап жәрмеңкесінде ұшырасып едік, мен амандаспадым. Ал осыншама бүлінген, ғаламат қатерден сақтанған Әбдіжәміл ақсақалмен кейін де жүздесіп жүрдік, менен қашпаған қашардың уызын қорғаштағаннан шыққан мүйізін көрмедім. Біздің де ойсыраған ештеңеміз жоқ. Қазаққа қызмет қылдық, қазаққа танылдық. Бұдан артық не керек. Ең бастысы – онда да, қазір де бар жазуымызға ешкім тоқтау сала алмайды. Бұл жазудың жер әлемге таралуы – сенің қауқарың емес, халқыңның құзірет, күшіне байланысты. Ақыры не болғанын енді жетпіс жеті жылдан соң көреміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар