Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Мұхтар Әуезов шағын прозасы хақында...

28.10.2019 22606

Мұхтар Әуезов шағын прозасы хақында 12+

Мұхтар Әуезов шағын прозасы хақында - adebiportal.kz

Мақалада қазақ әдебиетінің классигі М. Әуезовтің тұңғыш әңгімелеріндегі көркемдік-эстетикалық нысаналары, суреткерлік тұрғысы, шығармашылық ойлау даралығы әрі поэтикалық шеберліктен бастау алатын көркемдік үлгі-өнегелері мен стильдік ізденістері қарастырлады. М. Әуезов алғашқы шығармаларынан-ақ үлкен сурекерлік өнерпаздығын танытқан ірі қаламгер. 1910–1920 жылдардағы «Еңлік–Кебек», «Қарагөз», «Бәйбіше–тоқал», «Қорғансыздың күні», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Көксерек», «Қараш–Қараш оқиғасы», «Қилы заман» атты туындылары оның қаламгерлік қуатын, зор дарынын танытады. Жазушы шығармаларында қазақ ауылының тұрмысы мен өмірі, қорғансыз жандардың тағдыр-тауқыметі сияқты тақырыптың жаңа қырынан, тың мазмұнда, қаламгердің өзіне ғана тән қолтаңбасымен көрініс табады. Мақалада суреткердің «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу» әңгімелерінің тақырыптық-эстетикалық, тілдік-көркемдік ерекшеліктері жанрлық-стильдік ізденістермен әдеби үндестікте, рухани сабақтастықта айқындалады. «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі тау хронотопы («мекеншақ»), трагедиялық әсер мен жалғыздық, жатсыну сарыны талданады. Ұлы жазушы туындысында символикалық мәнге ие болған Арқалық тауының, қатал табиғаттың ызғарлы сипаты мен Күшікпай батыр туралы аңыздың көркемдік қызметі жан-жақты зерделінеді. «Қаралы сұлу» әңгімесіне модернистік сипат беретін «қаралы тор», «қара жыландар» мотивтері бірсыпыра мысалдар арқылы дәлелденеді. Мақалада болмысты бейнелеудің тәсілі ретінде мифопоэтикалық архетиптерді қолдану – М. Әуезов поэтикасы ерекшеліктерінің бірі екендігі тұжырымдалады. М. Әуезов, фольклорлық бейнелеу құралдарымен қатар, өмірді суреттеудің жаңа тәсілдерін де шебер игерген прозасы айрықша тереңдігімен, ауқымды психологиялық салмағымен дараланатын аса ірі суреткер. Сондықтан да жазушы әңгімелерінің поэтикасын, идеялық мазмұнын, тарихи-тақырыптық сипаттарын, ұлттық таным проблемаларын, образ жасау мен типтендіруін, авторлық позициясын, дүниетаным көзқарастарын, азаматтық әуенін, тілдік, стильдік ерекшеліктерін, бүгінгі ғылыми құндылығын саралау мен талдау кезек күттірмейтін мәселе екендігін ескере отырып, жазушының поэтикалық болмысын, парасатты ой-пайымдауларын, суреткерлік тұлғасын сомдаумен қатар танылу аясын зерделеу, зерттеу шараларын жүргізіп, дәйекті-дәлелді тұжырымдар айту – мақаламыздың басты зерттеу нысаны мен негізгі мақсаты болып табылады.

Кілттік сөздер: әңгіме, поэтикалық шеберлік, көркемдік-стильдік ізденіс, эстетикалық-көркемдік таным ерекшелігі, уақыт пен кеңістік, дәстүр мен жаңашылдық, мифологиялық архетип, хронотоп, мифопоэтикалық архетип, психологизм, модернистік бастау

Қазақ ұлтының рухани темірқазығының бірі Мұхтар Әуезов сияқты ұлы тұлғаның өмір сүрген тарихи кезеңі алыстаған сайын оның шығармашылық өмірбаяны мен мұрасының өзі де сол ұлттың рухани көркем шындығына айналады. Өйткені сол тұлғаның өмір сүруінің өзі құбылыс. Әр ұлттың рухани дамудың қандай дәрежесіне жеткені сол дана тұлғаларға деген көзқарас пен көркемдік өлшемнің деңгейі арқылы пайымдалады. Өйткені, шынайы алып тұлғалардың тағдырына «сананың сәулесін түсіру арқылы біз ұлтымыздың өткен тарихын талдап, бүгінгісін саралап, келер болашағын анықтаймыз. Сондықтан да даналардың тұлғасын саралау – сол ұлттың рухани қажеттілігі» (В. Ключевский) болып табылмақ. Қазақ ұлтының руханияты мен көркемдік жады және әдебиеті мен мәдениеті үшін М. Әуезов те сондай дара да күрделі тұлға. Оның «қат-қабатта», «шытырманда», «бел-белесте», «қияда», «тайғақта», «оқапта», «қақтығыста», «қоршауда», «құз-қияда», «қапада», «қастықта», «биікте» өткен мазасыз шығармашылық өмірі мен танымын түсіну – сол ұлттың рухани парызы. Өйткені, М. Әуезов бір ұлттың емес, мұқым бір қоғамдық құрылыс ауқымындағы «тарихи көркем ойлау жүйесін қалыптастырған» (А. Толстой), «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірін дүниеге әкелген» (Л. Арагон) сөз иесі. Әуезовтің даналық көркем ойының мәйегінің құнары – бірыңғай оның туындыларындағы қат-қабат тартыс жүйесінің тоғысуында, жеке тұлға мен қоғам арасындағы көзқарас тартысында ғана емес, үш формацияны тел еміп өскен тағдырының тамырында жатыр. Ал М. Әуезов – көркем творчествосымен қоса жеке өмірі арқылы көшпелілер әлемінің соңғы тұйыққа тірелу қасіретін, самодержавиенің отаршылдық езгісін, оның сана мен санатқа жасаған зорлығын, рухани тәуелділікті тудырған басыбайлы психологиясын, социализмнің «коммунистік-колонизаторлық» (С. Сәдуақасов) сұрқия пиғылы мен тобырлық кекшілдігін, заманалардың төңкерісіне қоса адамның тағдырын оймен екшеп берді. Көркем шындық арқылы тарихи шындықты адамзаттың назарына ұсынды. Бұл – М. Әуезовтің дүние мәдениетіне қосқан парасат пайымы. Сондықтан да оның өмірі мен шығармашылық жолына және көркемдік әлеміне арналған әр саладағы ғалымдар мен сыншылардың, әдебиет зерттеушілерінің библиографиялық тұрғыдан төрт мыңға жуық монографиялары мен ғылыми мақалаларының жарық көруі заңды.

М. Әуезов – әлемді сөз өнерімен, ала бөтен өрнек сырымен тәнті етіп, табындырған киелі есім. Адамгершілік пен арды тұғыр еткен тұлға, жан дүние жұмбақтығы тереңде жатқан өзгеше феномен... Оның қаламынан туған үлкенді-кішілі құнды дүниелер адамзаттың мәңгілік мәселелері хақында ой-толғаныстарға жетелейді. Сондықтан да алыстаған сайын биіктей беретін асқар алып таулар іспетті бүгінде Әуезов әлемі де сырлы сұлулығымен, ерекше сән-салтанатымен өзіне тарта түседі. Осы қасиеті қаламгер шығармашылығын зерделеуді мақсат тұтқан қатарының уақыт өткен сайын молайып, әуезовтану арналарының көбейіп, кеңейіп отыруына кілтипан болып келеді.

Қазақ халқының арына айналған М. Əуезовтің ХХ ғасырдағы қазақтың діни-философиялық, қоғамдық-саяси, əлеуметтік-психологиялық жəне моральдық- адамгершілік коллизиясын өзінің шығармаларында негізге ала отырып, оның рухани өсуіне керемет əсер еткені мәлім. Əуезовтің бай рухани мұрасы өз заманындағы ойшылдар мен идеологтардың, қоғам мен қалам қайраткерлердің санасына өзінің философиялық тереңдігімен, эстетикалық көпқырлылығымен, психологиялық қайшылықтарымен қозғау салып, өмірлік ақиқаттарға өзгерістер енгізді. Бұл ретте М. Əуезов шығармашылығының əр заман талабына сай интерпретациялануы аға буын мен өскелең ұрпағымызға ұғынықты болуы мен дүниетанымды кеңейтудегі философиялық құнарын жоғалтпаудың сара жолы. Сол себепті қаламгердің шығармашылығын әдеби философиялық тұрғыдан интерпретациялау – бүгінгі заманның рухани қажеттілігі.

М. Әуезов алғашқы шығармаларынан-ақ өзінің үлкен сурекер екенін көрсетті. 1910–1920 жылдардағы «Еңлік–Кебек», «Қарагөз», «Бәйбіше–тоқал», «Қорғансыздың күні», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Көксерек», «Қараш–Қараш оқиғасы», «Қилы заман» атты туындылары оның қаламгерлік қуатын, зор дарынын танытады. М. Әуезов шығармаларында сахара қазақтарының тұрмысы мен өмірі, қорғансыз жандардың тағдыр-талайы сынды көп жазылған тақырып жаңа қырынан, соны мазмұнда, қаламгердің өзіне ғана тән қолтаңбасымен көркемдік шешімін табады. Оның алғашқы әңгімелерінде романтикалық стиль айшықтары да байқалады. М. Әуезовтің 20-жылдарда жазылған әңгімелерінің романтикалық сипаты бар екенін ғалым Т. Кәкішұлы бірнеше зерттеу мақаласында атап өтеді. Әдебиетші ғалым Б. Майтанов М. Әуезовті реализм мен романтикалық эстетика талаптарын қатар ұстанатын жазушы санатына қосады.

М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім» т.б. шығармаларында даланың қысқы қатал аязы мен ақ боранының шеңгеліне түскен, азын-аулақ малынан да, жақынынан да айырылған қорғансыздар жандар мен жетімдердің аянышты тағдыры бейнеленеді. М. Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесі кеңес әдебиеттануында сыншыл реализм үлгісінде жазылған шығарма ретінде бағаланып келді. Әңгіменің көркемдік шешімін де кедейлердің мехнатты тұрмысы, болыстардың елге зорлығы, таптар тартысының қайшылығы суреттелген дегенге тіреді. Шындығында, «шығарма жер басқан адамдар ырқына бағынбайтын, белгісіз күштер үстемдік алып отыратын, соларды жеңуден жеңілуі көп заманалар, мәңгілік ақиқатқа ұқсас дилемма туралы толғандырады. Ақан мен Қалтай – зұлымдық пен зорлықтың, Ғазиза құрбандықтың таңбалық белгілері. Періштелер мен мақұлықтардың арасындағы көктегі күрестің жердегі көлеңкесі. Шындығына келгенде бұл – әлем әдебиетінің үздік үлгілерін терең меңгеру нәтижесіндегі жаңашыл қадам болып табылатын модернистік ыңғайдағы шығарма болатын» [1, 34-б], – деп профессор Б. Майтанов шығармаға әділ баға береді.

«Қорғансыздың күні» Ғазиза бейнесінің жасалу ерекшелігі турасында ғалым Ә. Қоңыратбаев орынды пікір айтады: «Әңгіме шыншыл, бірақ Ғазизаның тұлғасы, қажырлы арманы романтикаланған. Ақан, Қалтай сияқты тірі өліктер зұлымдық әлемі болса, Ғазиза – әділет дүниесі. Ғазиза әлсіз де болса күшті. Ол проза емес, поэзияның қызы» [2, 21-б]. Зерттеуші Ғазизаның басындағы трагедияны «элегия түрінде берілген мұңды поэзияға» теңейді.

Әңгіменің басталуында суреттелетін тау хронотопы трагедиялық әсер мен жалғыздық, жатсыну сарынынан емеурін танытады. Шығармада символикалық мәнге ие болған «бауыры көбінесе бораннан босамайтын», «бауырын жайлаған ел малын өлтіріп, өзге ел аман отырғанда, шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын» Арқалық тауының, Күшікпай зиратының қатыгез, ызғарлы сипаты өмірдің үрейлі де таусылмас қайшылығына, енді болатын сұмдық дүниеге әзірлейтіндей.

Шығарма шешімінде этносоциум заңдылықтарына қарсы дәрменсіз, қорғансыз Ғазизаның өлімімен тұстас долданған ақ түтек боранның үдей соғуы осы қасіреттің лейтмотиві секілді. Долы, мейірімсіз боран қуатсыз қыздың трагизмін күшейтуде көркемдік қызмет атқарады. Намысын, ар адалдығын биік қоятын Ғазизаның әкесі мен бауырының моласын құшақтап жатып жан тәсілім етуі ерлікке тең ажал. 20-жылдары жазылған әңгімелерінде романтикалық пейзаждың дара мақсатта қолданылуы, романтикалық трагизм, авторлық баяндаудың алуан түрлілігі М. Әуезовтің реалистік шеберлігін романтикалық эстетика нақыштарымен әрлендіре түседі. Жазушының трагизмді адам тіршілігінің ажырамас бөлігіндей қабылдайтын дүниетанымын аңғарамыз. М. Әуезов өз шығармаларында реализм мен романтикалық эстетика талаптарын қатар ұстанып, жеке әлемнің, жеке социумның ішкі мүмкіндіктеріне терең барлау жасайды.

Шығармада сюжеттік тұрғыда Күшікпай батыр туралы аңызға назар аудару, идеялық-эмоционалдық бояу беріп, батыр бейнесі мен оның ірі іс-әрекеттерін идеалдандыру – автордың аңызды әңгімеде бейнеленген нақты оқиғаларға қарсы қою ұстанымынан хабар береді. Мұндай салыстыру шығармаға терең, ауқымды психологиялық салмақ берген. Батырдың қаһармандық қимылдары мен оның ұрпақтарының – тірі адамдардың іс-әрекеттері үнемі салыстырылып отырады. Батырдың қаһармандық, ерлік өлімі – нақты өмірлік қақтығыстың мәнін тереңірек түсіндіретін эпикалық фон. Шығармада мәңгілікке болатын идеалды, эпикалық бастау мен күнделікті, реалды нақтылық салыстырылған. Әдебиеттанушы А. Жақсылықовтың пікірінше, «егер батыр эпикалық дәуірлерде өліммен бетпе-бет келіп тұрып, өзінің жауларын жеңген болса, оның тәкаппар рухын мұраға алған ұрпақтары мүскін тіршілік кешуде, олар өздерін зорлықшылардан қорғай алмайды, олардың көрген күні – ауыр естеліктер, олардың жеңістері – тек моральдық тұрғыда». Автор бүгінде батырдың қаһармандық іс-әрекеттері мүмкін емес, тек олар туралы естелік қана бүгінгі күннің қақтығыстарына трагедия қосып, оны тереңдететін әлеуметтік-тарихи нақтылыққа сипаттама жасайды [3, 34-б].

М. Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» мақаласында жазғанындай, «Қаралы сұлу» – «ішінде тіршіліктің суреті, әңгімесі аз болса да, ішкі өмірдің сыры көп, адамды өз ішіне үңілтетін мұң мен шердің сарыны бар» шығарма. Мұнда басты нәрсе – сезім күйі. «Қаралы сұлу» әңгімесінің негізінде әйел драмасы жатыр. Шығарма тақырыбындағы бір-бірімен сәйкес келмейтін сөздердің тіркесуі болашақ трагедиялық ахуалдан емеурін танытады. Шығарма сюжеті жас Қарагөздің күйеуінен айырылып, жесір қалған қайғылы тағдырынан сыр шертеді. Өмірдің өзі жас әйел үшін мәнін жоғалтқандай. Алайда алты жылдан соң жүректегі жарасы біртіндеп жазыла бастағандай. Қайғының орнын біртіндеп әйелдің жар сүюге деген табиғи талабы, сезім ұмтылысы, сезім күйі басады. Қарагөз қаралы халіне іштей қарсылық білдіріп, қаһарман өміріндегі трагедия драмаға ұласады. Махаббат аңсап, өмір үніне қарсы тұра алмаған арудың ішкі қарама-қайшылықтарының азабы шеберлікпен бейнеленген. Қарагөздің өзімен өзінің күресуі, ақылы мен сезімінің, ел алдындағы парызы мен бойын билеген құштарлықтың майданы шығармадағы драмалық қақтығыстың өзегіне айналады.

Қарама-қарсылық ұстанымы шығарманың құрылымдық, уақыт пен кеңістіктік, тілдік ерекшеліктерінен де танылады. Антитеза шығарма басталғаннан-ақ көрінеді. Қарагөз «сансыз көп күндер өтіп жатса да не бір үміт әкеліп сергіткен, не болмаса жүдеу көңілді бір сағатқа болса да селт еткізіп алаңдатқан мезгіл болған емес». Ал «бүгін тау аса қонбақшы болған ауыл қалың таудың ішімен жартасты, тоғайлы шалғынды өзекпен шұбатылған шұбар топ болып... дабырлап, шулап келе жатты...» [4, 115-б]. Мұндай қарама-қарсылықта кейіпкердің жатсынуы сезіледі. Әңгіменің ішкі динамикасы сұлудың осы жатсынудың – өзінің қаралы күйіне, парызына бас июі мен оның құмарлық тілекпен қарсыласқан санасындағы жатсынудың қайшылығы арқылы дамиды. Әңгімедегі баяндау кейіпкердің кереғар ыңғайдағы сезімдерінің, эмоционалдық ахуалының күресін беруге құрылған. Жаны жалғыз, көңілі жүдеу, жабырқаған Қарагөзді өмір заңдылығы өз ырқына ыңғайлай береді.

Әңгіме концепциясында «адамды қызық думанға, сағымды түспен зор тілекке қол бұлғап шақырып тұратын» көктемнің көркем бейнесі, Әзімхан мен Қарагөздің махаббатының, бақытының баламасына айналған өткен күндерді идеалдандыру және хронотоптың ерекше функциясы, қатар жатқан қос желі: алты жыл бұрынғы көктем мен бүгінгі, кейіпкер басындағы түйінді оқиға тұсындағы көктем маңызды орын алады. Уақыт өткен мен бүгінгі күннің оқиғаларына романтикалық мән үстейді.

«Қаралы сұлу» әңгімесінде модернистік бастаудың көзі ретінде Қарагөз бойындағы жарық дүниеге шыққысы келген құмарлық, құштарлық көрінеді. Шығарманың идеялық мәні – махаббаттың, құштарлықтың догманы, қасаң қалыпты жеңуінде жатыр. Кейіпкерлердің өзгешелігі, жағдайдан жоғары тұрған төтенше тағдырларының оқшаулығы, сүйіктісінің трагедиялық өлімі, махаббатты эстетикаландыру – романдық эпос поэтикасының белгілерінен. Уақыттың (көктем, алты жыл), кеңістіктің (Әзімханның өлімі туралы хабар тиген Қайыңдыға қайтып келуі) айналмалы қасиеті әңгімеге романтикалық мазмұн дарытқан.

Әңгімеде бас кейіпкерге қатысты «жыландар» бірнеше рет қайталанады. «Ішінде тіршілікке ұмтылған, жарық дүниеге шыққысы келген өмір ұрығы» бар жас, қайратты арудың драмалық жағдайы ыстық «қара жыландардың» метафоралық бейнесі арқылы айшықталады. Жыландармен арпалысу мотиві – әңгімеде негізгі құрылым түзуші мотивтің біріне айналады. Зерттеушілер оны көп халықта кездесетін архаикалық эпикалық сюжеттің тұрақты типологиялық белгісі ретінде анықтайды. Денесін ысытатын «қара жыландар» кейіпкердің өз бойындағы құмарлық тілекпен күресіне драматизм дарытады.

Әңгіме поэтикасында «қара жыландар» мотиві тұтқындық мотивімен өзара байланысқа түседі. Жалпы байқасақ, «Қаралы сұлу» шығармасында «қара» сөзі ерекше экспрессивті қызмет атқарады. Ол ауыр әсерге бөлейді. Қарагөз – «қаралы тор бұлбұлындай», «қаралы тор тұтқыны». Авторлық концепция бойынша «қаралы тордың» тұтқыны», «қаралы тор бұлбұлы» метафоралары Қарагөздің табиғат заңдылығына сай емес, жат күйін бейнелейді. Дала жыршысы кішкене еркін бұлбұл да «Қарагөз жүрегінің қайғысын айтқандай болып, ұзақ мұңмен ырғалып, шұбатылып тамылжиды» [4, 125-б]. Мұнда пейзаж да психологиялық талдаудың бір тәсіліне айналады.

Шығармаға модернистік бояу қосқан кейіпкердің тұтқын күйіне – «тіршілікке ұмтылған, сыртқа, еркіндікке жарыққа, шыққысы келген» сезім күй мотиві қарсы қойылған. Әңгіме шешімі төтенше оқиға, күтпегендей тосын жаймен аяқталады. Арудың ақылын махаббат аңсаған ырықсыз сезім күйі жеңіп кетеді. Қарагөздің өз-өзімен болған қайшылықты күресі трагедиялық, философиялық мән алып, жалпыадамзаттық деңгейге дейін ұлғаяды. Бас кейіпкердің сезім қайшылығының адам бойында бастаулардың, ақыл мен табиғи сезімнің, табиғаттың ежелгі күресінен тамыр тартып жатқанын бағамдаймыз. Біздің ойымызша, көш салтанаты мен қайғы жұтқан оқшау жанның антитезасы, күтпеген шешім, оқыс оқиға, жазушының табиғи сезімді дәріптеуі – әңгімедегі романтикалық әуендердің құлақ күйін келтіргендей. Шығарма сюжеті кейіпкердің ерекше, құпия тағдырын, сезімнің алып асаулығын, күштілігін суреттеуге құрылған. Осы арқылы лирикалық бастаудың күшею тенденциясы М. Әуезов поэтикасында модернистік бастауды жүзеге асыру тәсіліне айналған.

Болмысты бейнелеудің тәсілі ретінде мифопоэтикалық архетиптерді қолдану – М. Әуезов поэтикасы ерекшеліктерінің бірі. М. Әуезов стилінің басты ерекшелігінің бірі мифологиялық және эстетикалық бастаулардың бірлігінде жатыр. Қазақ көркем сөз өнерінің хас шебері М. Әуезовтің алғашқы туындыларындағы эпикалық метафоризм 1960–70 жылдары Ә. Кекілбаев, Д. Исабеков, М. Мағауин, Д. Досжанов, О. Бөкеев, С. Санбаевтың прозалық туындыларында ежелгі фольклорлық-мифологиялық мәдениетпен сабақтастығын, байланысын жалғастырып, қайта жаңғырады. Қазақ прозасындағы мифологизм М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, т.б. қаламгерлер туындыларынан нәр ала көктеп, көркемдік көкжиегін кеңейтті, қазіргі қазақ әдебиетіндегі мифопоэтикалық формаларды қолдану дәстүрі күрделене түсті. 1960–70 жылдардан бастап қазақ суреткерлері фольклорлық мұраларға, сол арқылы мифопоэтикалық архетиптерге жиі назар салатын, алайда әлеуметтік-тарихи контексттің сан алуан болуына байланысты ол да түрлі сипат алып отырды.

Әдебиеттер тізімі:

1. Майтанов Б. М. Әуезов және болмысты сезіну мен саралау // М.О. Әуезовтің көркемдік-дүниетанымдық ізденістері (1920–30 жылдар). – Алматы: М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, 2006. – ББ. 3–54.

2. Қоңыратбаев Ә. Шеберлік сырлары. – Алматы: «Жазушы», 1979. – 150 б.

3. Жаксылыков А.Ж. Проза М.О. Ауэзова 20-х и 30-х годов (психологизм, конфликт, повествовательные формы): дис. канд.филол.наук. – Алма-Ата, 1984. – 169 с.

4. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: «Ғылым», 1998. – 3-т. – 392 б.

Аян Қажыбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар