Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)...

10.04.2018 5576

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы) - adebiportal.kz

Сонымен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Алматы облысының бірінші басшысы Асанбай Асқаровтың сөзінен соң барлық кілтипан шешілді. Ақыры, қорытынды сөзінде Орталық Комитеттің Екінші хатшысы В.Месяц бүгінгі отырыстың айрықша пайдалы болғанын атап көрсетіп, Одақ басшылығының жұмысына оңды баға беріпті. Кемшіліктер бар, бірақ бағыт-бағдары дұрыс. Сонымен қатар, жалпы жұрттың райына қарап, алдағы уақытта бірігіп, ынтымақты жұмыс жасауға үндейді, осыған орай, жазушылар қауымының жаңа, сапалы шығармалар жазуына тілек білдіріп, ұзақ жиналысты тәмам қылды дейді.

Сонымен, 1972 жылдың алғашқы жарымын дабылдатқан, ойбай-аттанды, жалалы, пәлелі дау-дамай байсалды шешім тапты. Ең алдымен, Есенберлинге қатысты кеп. Біржола тоқталмаса да, тыншығандай көрінді. Арыдағы Орталық Партия Комитеті, яғни Имашев пен Есенәлиев, берідегі ұраншыл жария һәм бүркемелі балшабектер келесі бір қолайлы сәтті күткен екен. Бұл кезде Ілекең «Жанталас» романын жазып жатқан.

24

Қазақ хандығының төрт ғасырлық толымды тарихындағы ең ауыр, шынында да жанталас кезең туралы романды өткізу – Ілекеңнің өзінің қаламгерлік ғұмырында шын мәнісіндегі жанталас жылдардың басы болды. Бұрын қалай қысаса да, қиын өткелектерден өтіп жарыққа шыққан, халқына жеткен шығармалардың кәдімгі, оңды-солды талқысы болатын. Жүйкеге салмақ түсер, бірақ бар дүниені жоққа айналдыра алмайды. Енді дайын романды баспадан өткізу тарабындағы қиян-кескі күрес. «Жанталас» романының қолжазбасы – ортасынан озып көтерілген Ілияс Есенберлинге ғана емес, бүткіл қазақ тарихына қарсы әшшады, жәдігөй, әккі және дүлей күштердің аяусыз қақпақылына түскен еді.

Әлбетте, Орталық Партия Комитеті – Имашев пен Есенәлиевтен нұсқау алып, қолдау тапқан Әбілмәжін Жұмабаев пен Есет Әукебаев ешбір уәжге тоқтамаған. Мұқият тексеріліп, баспаға қол қойылған роман төтеден бөгеледі, қаншама шырғалаңнан соң қайтадан мақұлданады, келер айда тағы да қиялай тартқан көкпарға түседі. Одан да өтсін. Алайда, ешбір пәтуа жоқ, бүгін рұқсат дейді, ертең тағы анау-мынау, арғы күні бері иілсе, одан соңғы аптада қайтадан әлденендей ілгішек. Арсыз, құнсыз жандардың тынымсыз жымысқы әрекеті Ілекеңді мейлінше қажытқан еді. Біз бұл оқиғалардың басы-қасында болмадық, тікелей куәгер емеспіз, әйтсе де, бар жағдайды Ілекеңнің өзінен естіп-біліп отырған едім. Ақыры, 1984 жылы 1 ноябрьде «Жазушы» баспасына бас редактор болып қайыра оралған кезімде, алдыңғы әріптесім Есет Әукебаевтан мұра қалған әрқилы құжаттар арасынан «Жанталас» романы туралы да мол мағлұмат ұшыраттым. Кітап редакторының мақұл пікірінен бастап, әуелгі редакциялық кеңес, Госкомиздатпен арадағы қатынас қағаздар, осы жоғарғы мекеменің көлденең араласы, нәтижесінде қайыра өткерілген жаңа талқылар, әр тараптан түскен әрқилы жарлық, нұсқау... Бәрін жинақтап, ретімен тізбелеп алған едім. Ақыры, әлейім-тәлейім 1986 жылдың желтоқсанында қызметімнен кеттім, алайда, арада бір жарым жыл өткенде «Жұлдыз» журналына бас редактор болып сайландым. Көп ұзамай-ақ, тәуелсіздік елесі әзірше анық байқалмаса да, «Қайта құру» аталған аз-мұз кеңшілік заманда осы құжаттарды тұтасымен, сол қалпында бастырған едім – «Жұлдыз» журналы, 1990, №1. «Жанталас. Тарихи романның жарыққа шығу тарихы» деген тақырып, шағын алғысөзбен. Аса құнды, жинақты деректер жарияға жеткеннен соң, ғұзырлы кісілердің қолдары қойылған бланк қағаздарға басылған, төртбұрыш, дөңгелек мөрлермен бекітілген түпнұсқа құжаттарды Ілекеңнің Музейіне тапсырдым. Біздің Ілияс Есенберлин туралы бүгінгі жазбаларымыз – өзіміз көзбен көріп, нақты куә болған естелік тұрғысында; қаламгердің ғұмырбаянын байыптаған, шығармаларын бағалап, талдаған зерттеу еңбек емес. Сондықтан, Ілекеңнің жазушылық жолына қатысты, сонымен қатар, советтер билігі тұсындағы идеологиялық өткелек, кітап шығару ісінің өзіндік ерекшелігін айқындайтын шынайы шежіренің егжей-тегжейін түгендемей-ақ қояйын. Тек роман баспаханаға барар жолдағы жойдасыз шырғалаңның негізгі сұлбасын ғана қайталап шығамыз.

«Жанталас» романы бүгінде бізге белгісіз сыртқы рецензиялардан соң, алдынала, ауызша келісім бойынша баспа тағайындаған редактор Қабдеш Жұмаділовтың қолынан өтіп, 1972 жыл, 8 декабрь күні проза бөлімінің кіші редакциялық кеңесіне түседі. Кіші аталғанымен, сарапшылар құрамы толымды: сырттан, автордан басқа І.Жарылғапов, С.Бақбергенов, М.Дүзенов, Жайсаңбек Молдағалиев, А.Сатаев, Қ.Ысқақов қатарлы белгілі қаламгерлер қатысыпты. Кітап редакторының арнайы ақпар-баяндамасынан кейін, аталмыш кісілер түгелдей және баспа қызметкерлерінің көпшілігі сөйлепті. Нәтижесінде: «Жазушы Ілияс Есенберлиннің «Жанталас» романы өндіріске ұсынылсын», – деген қаулы алынады. Осыдан соң, 12 декабрь күні қолжазбаның сыртқы, бірінші бетіне рәсімді төрткіл мөр басылып, редактор Қ.Жұмаділов пен редакция меңгерушісі М.Сүндетов кітап терімге ұсынылады деген қолдарын қояды және ертеңінде, 13 декабрь күні бас редактордың орынбасары А.Байтанаев бұл шешімді біржола бекітіпті. Алайда, қолжазба өндіріске тапсырылмайды, орта жолдан бас редактор Әукебаев бөгеп қалған екен. Ақыры, айдан астам ұстап, 1973 жыл, 24 январь күні терістеме пікір жазып, «жөндеуге, өңдеуге, идеялық және басқа да тұрғыдағы қателерінен арылтып» түбегейлі қарастыру үшін авторға қайтарып береді және баспа қызметкерлеріне қатаң ескерту жасапты. Сонымен қатар, бұл «идеялық тұғыры шатқаяқ, шикі қолжазба» бұрнада Госкомиздаттың қосымша тексерісіне жіберілген екен. 6 февраль күні «Жазушы» баспасының директоры Ә.Жұмабаевтың атына, Госкомиздат төрағасының орынбасары В.Скоробогатовтың «сөзсіз орындалсын» деген жарлығымен қоса, «Жанталас» романы туралы кең көлемді рецензия келіп түсіпті. Бас редакцияның атынан жазылған қорытынды пікір кімнің қолынан шыққаны белгісіз, әйтсе де осы кездегі бас редактор Нұрғазы Шәкеевке барып тіреледі. Қаншама айып, ақыл, кеңес, бұйрық. Әрине, бұл айтылған пікірлердің көпшілігі есепке алынады. Тағы да жөндеу, қысқарту, және шығарманың идеялық тұрғысын айқындай түсетін жаңа қосымшалар. Ақыры, бәрі де орнына келгендей көрінеді. Баспа тәжірибесінде болмаған жағдай – кітап редакторы Қабдеш Жұмаділов бұрнада мақұлдаған романға «түзелді, жөнделді» деп, екінші қайтара пікір жазады – 6 март 1973, және қолжазбаны өндіріске тапсыру туралы қол қояды. Бұл ұсынысты редакция меңгерушісі М.Сүндетов үш аптадан соң мақұлдапты – 29 март, ал бас редактордың орынбасары А.Байтанаев 1 апрель күні терімге бекітеді. Бұдан соң тағы да бөгеліс – М.Сүндетов пен Қ.Жұмаділов 15 май күні және бір, қосымша қорытынды жазуға мәжбүр болған екен. Ізінше Е.Әукебаев «Жанталастың» жаңа нұсқасын Госкомиздатқа екінші қайыра жолдапты. Енді өте сирек, төтенше жағдай – роман Госкомиздаттың Бас редакциясында талқыға түседі – 23 май. Тағы да жаппай жұлмалау. «Редакциялық советте айтылған пікірлер бойынша автор мен редактор қолжазбаны тағы бір қарап шықсын» дейтін қатқыл қаулы. Осы арада айта кету керек, «Жанталастың» және бұдан соңғы «Алтын Орданың» бөгесіні мен қиянатында, бұғып отырып, барлық жылмысқы шаруасын бітіріп жатқан Әбілмәжін Жұмабаевты айтпасақ, бас жендет Есет Әукебаевқа жалғас зодыр белсенді – Нұрғазы Шәкеев болып шықты. Хош. Қайта қаралды. Яғни, бұрынғыдан әрмен бүлдірілді. Көп ұзамай, 18 июнь күні Госкомиздаттың Бас редакциясында екінші мәрте талқы жасалады. Тағы да қаншама қосымша мін, атаулы нұсқаулар.

Біз қысқаша, сырттай шолып өткен неше мәрте талқы: бас редактор Есет Әукебаевтың қорытынды пікірі, Госкомиздаттың арнайы рецензиясы, осы жетекші мекемедегі екі қайыра мәжіліс – жеті айға жуық сүргі мен тоқпақтың ең негізгі айып, үкімдерін жинақтап жинақтап айтсақ: «Жанталас» романында бұрынғы өткен қазақ хандары түгелдей дерлік орынсыз мадақталады екен, оның ішінде Абылай хан тіпті көтеріңкі бейнеленген; бұқара халықтың ауыр тұрмыс-тіршілігі ашып көрсетілмеген; бүгінде советтер шегінде, коммунистік заманда тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп отырған қалмақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, башқұрт халықтарының арасында бір заманда орын алған келіспеушілік пен ұрыс-соғыстар жайын қазбалай беріп керегі қанша; романда өткен тарихқа таптық көзқарас жоқ; ең сұмдығы – Қазақстанның Россияға қосылуының прогрестік сыпаты жеткілікті ашылмаған, ал осы реттегі «отаршылдық мақсат» – мүлде орынсыз... Бұл – негізгі бағдар, жүйелі, кесек кемшіліктер. Ал әрбір сөйлемге, жекелеген сурет, ой-толғамдарға қатысты ескертпелер қисапсыз көп, мұның кейбірі айрықша сорақы: мәселен, «Россия Сібір мен Қиыр Шығысты жаулап алды» деуі қалай? Сібір мен Қиыр Шығыс Россияның ежелгі жері емес пе!» немесе: «Қасым ханның қасқа жолы... Тәуке! Қазақ елі оны бостан босқа «Әз-Тәуке хан» демесе керек-ті»; «халқыңның аузында жақсы атың қалса. Одан артық арман бар ма!» – дейді Абылай хан. Осы мысалдардың бәрінде хандар мадақталып жатыр...» «Қазақ хандарын Шыңғыс ханның ұрпағы деп айтудың қанша қажеті бар?» Немесе: «Қазақ сияқты шағын халықтың өз ішінде бірлік, татулық керегі туралы сөздер екіұшты мағна туғызады, бірлік – үлкенді-кішілі барлық жұртқа қажет...» Міне, өстіп кете береді. Ілекең айтысады, қарысады, ақыры, қажетті кітаптың түп негізін алып шығу үшін, амалсыздан бәріне дерлік көнеді. Нәтижесінде, жекелеген сөз, сөйлемдер қысқартылумен қатар, тұтас бір эпизодтар қайыра жасалады, жайдақ, орынсыз қосымшалар енгізіледі, ойсыраған ең үлкен зорлық – үш бөлімді тарихи романның бірінші бөлімі түгелімен қысқартуға түседі. Жинақтап келгенде, әуелгі нұсқасында 500 беттік романның тұтас 100 беті жойылыпты. Осыдан әрі: «Жоғарыда айтылған ескертпелер түзетілгеннен кейін «Жанталас» романының қолжазбасы өндіріске тапсырылсын» деген шешім жасалған екен. Әлбетте, бұл жолғы қисынсыз түзетулер мен қысқартулар да түгелдей жүзеге асырылады. Ақыры, 1973 жыл, 25 июнь күні кітап редакторының бұрынғы мақұлына қоса, редакция меңгерушісі М.Сүндетов, бас редактордың орынбасары А.Байтанаев, осымен үшінші, әлде төртінші мәрте, «Жанталас» романын өндіріске тапсыру туралы ең соңғы қолдарын қойыпты. Ізінше баспа директоры Ә.Жұмабаевтың сәйкес жарлығы. Алайда, 1973 жылдың тақырыптық жоспарында тұрған роман, уақыты кең болса да, тағы қаншама бөгеліп, 1974 жылы ғана жарыққа жетті.

Осыншама қысталаң жағдай, жан-жақтан анталаған шапқын, әділетсіз айқай, сыпыра зорлыққа қарамастан, Ілекең жазу-сызуын тоқтатпады. Әуелгі «Қаһардан» соң, «Алмас қылыш» пен «Жанталасқа» қабаттаса, кейінгі заман тақырыбын қамтитын «Алтын құс», «Көлеңкеңмен қорғай жүр» романдары жазылды, бұл үрдіс келесі кезеңде де тоқталмады, «Маңғыстау майданы», «Аманат», «Махаббат мейрамы», «Алыстағы аралдар», «Аққу құстың қуанышы» романдары жазылып, ертелі-кеш, атаулы бөгесінсіз жарияланып жатты. Бұл кезде Ілекең екінші бір мәнді шаруа – осы тарихи трилогиясын һәм одан бұрынырақ және тұстас кезеңде жазылған заманалық шығармаларын орыс тіліне тәржімалау мәселесін шындап қолға алды. Бұл жауапты іске белгілі қаламгерлер тартылған еді. Ең алдымен «Айқас» және «Қатерлі өткел» аударылды – «Схватка», «Опасная переправа»; бұл қажетті, әрі сапалы жұмысты ол кезде советтер тарабында тұмшаланып тұрса да әлемге танылып үлгерген, XX ғасырдағы орыс әдебиетінің классигі Юрий Домбровский жүзеге асырған еді. Ғұмырбаяны Алматымен байланысты, жарым өмірін сталиндік қапас лагерьлерде өткерген, өзгеше тағдырлы қаламгер. Қашан, қалай табысқанын білмеймін, Ілекеңмен ежелден дос-жар, түсіністі тұлға. Кейінірек «Көшпенділер» дейтін ортақ атау алған үштік роман «Кочевники» – «Хан Кене», «Заговоренный меч», «Отчаяние» болып тәржімаланып, ол да өз тұрғысында Шығыс тарихынан ойлы, сапалы роман, хикаяттар жазған, ақыр түбінде жалпыға танылған Морис Симашконың қолынан шыққан еді.

Ілкіде айтқанымдай, бұл кезде менің Ілекеңмен бұрынғыдай күнделікті байланысым азайған, бірақ арамыз алыстамаған. Зәуде бір Одаққа кіріп шығам, көбіне апта аралатпай телефондасып тұрамыз. Баяғы «Қаһардың» кезіндегі кеңес жоқ, менің әлі баспада жүрген кезімдегі «Алмас қылышқа» да, Ілекең Одаққа кеткеннен кейінгі «Жанталасқа» да ешқандай қатысым болмады. Бұл екі кітаптың да бастапқы редакторы міндетін Қабдеш Жұмаділов атқарды. (Және қаншама сөгіс арқалап, ақыр түбінде жұмыстан шығарылған.) Сондай-ақ, «Алмас қылыштан» кейінгі талқы мен дау-дамайға да араласым жоқ. Айтқанымдай, Ілекеңнен алыстағаным емес, орайы келмегеннен. Иә, бір рет қол ұшын жалғаппын. Ілекең баспадан кетті, әлде кету қарсаңында, мен де сол төңіректе болсам керек, – 1971, әлде 1972 жылдың басы. «Алмас қылыштың» орысша аудармасы қазақша басылымынан соң көп ұзамай-ақ дайын болған. Әдепкі әңгімелеріміздің бір тұсында романның орысша нұсқасына белді бір тарихшының мақаласы қажет болар дейтін сөз шығып қалды. Анығы – 1972, апрель-май айларындағы әйгілі, жалғас дау-дабырдан соң. Ілекең айтты ғой деймін. Мен мақұл көріп, басқа емес, Марғұлан оңды болар дедім. Және мойныма алмасам да, байқастап көрмекпін. Атақты академиктің мінезі кіді, таным-көзқарасы тұрақты, анау-мынауға аяқ атап баспайды. Алайда мен аспирант кезімнен-ақ Әлекеңмен тым жақын едім, үйіне жиі барам және арамызда тыйым тақырып жоқ. Кейде арғы-бергі тарих, бағзыдағы рухани өмірге қатысты кеңеспен ұзақ отырамыз. Бұл әңгіме көбіне түскі, немесе кешкілік дастарқанға жалғасады. Қатардағы шәкірт емес, кенже ұлы сияқты едім. Әлекемнің Есенберлинге оң көзқарасы әуелден-ақ нақты танылған. Енді, кезекті бір барыс, түскі шай үстіндегі мажыра әңгіме кезінде «Қаһардың» «Хан Кене» деген атпен орысшаға аударылып шыққанын, келесі тарихи роман «Алмас қылыштың» да тәржімасы дайын тұрғанын айттым. Анада, дау-дамай тұсында жақтап сөйледіңіз, сол лепесіңіз қағазға түссе, осы роман ғана емес, қазақ тарихы үшін де айрықша мәнді еңбек болар еді, дедім. Әлекең әлденеден секем алғандай, маған одырая қарады. «Қай тұрғыда?» – деген. Мәселен, романның орысша басылымына шағын алғысөз ретінде. Тамағын кенеді. Алайда, терістемеген. Яғни, мақұлға тақау. Болған жағдайды Ілекеңе баяндадым. Ақсақал илігіп тұр, бірақ өзіңіз де сөйлесе салған теріс болмас еді деп. Ілекең сол арада төте, әрі ұтымды жол тапты. Өзім сұранып жатқан ыңғайсыз болар, Жазушылар одағы – бірінші басшы Әнуар Әлімжановтың атынан хат жазармыз, деді. Көп ұзамай, келесі бір барғанымда Әлекең екеуіміздің әңгімеміз тарихтан озып, тарихи романдар жайына ауысқан. Жазушылар одағының сұранысы бойынша, Есенберлиннің романы туралы пікір жазып жатырмын деді. Келер аптада бітіп қалар, өзің апарып бересің, деген. Шынында да солай болды. Әлкей Марғұланның «Алмас қылыш» қана емес, өткендегі қазақ тарихына қатысты беделді мақаласы әуелде романның Алматыдағы 1973 жылғы басылымына Соңғысөз ретінде, кейінірек, 1974 жыл ғой деймін, «Молодая гвардия» баспасынан шыққанда Алғысөз ретінде беріліп еді. Бұл екі аралықта, немесе Алматы басылымының өзінің қарсаңында толықтырылып, қайтадан жазылған сияқты еді, анығы есімде жоқ. Ақыры, тұтас трилогияның Мәскеуде: 1978 жылы «Советский писатель» баспасында – Алғысөз, 1983 жылы «Художественная литература» баспасында – Соңғысөз, осыған жалғас 1986 жылғы Алматы басылымында тағы да Соңғысөз ретінде қайыра жарияланған еді.

Кейінгі бір зерттеушілер Ілияс Есенберлин әйгілі трилогиясын жазарда және нақты жұмыс үстінде жекелеген тарихшылармен кеңескен шығар, оның ішінде Әлкей Марғұланмен ақылдасуы, тақырыпты талқылауы ықтимал дегендей жорамал айтады. Ондай жағдай болған жоқ. Үш жолғы жазуда да қажетті тарихи деректер – атаулы кітап, арнайы зерттеу жұмыстары өзінің қолында тұр. «Қаһардың» тұсындағы ахуалды айттым. Бұдан соңғы кезеңде ешкіммен ақылдасқан жоқ. Кенесары ханға қатысты әңгіме де үлкен тарих турасында емес, кейбір қосымша, әдеби, фольклорлық дәйектемелер, әрқилы аңыз, халық жадындағы хикаялар жөнінен ұзамаған. Ал Әлкей Марғұланмен жақындығы, көлденең араласы болмады, Әлекеңнің «Көшпенділер» трилогиясына нақты көмегі – жаңа айтқанымыздай. Көтерме, сүйемел, себесін мақала.

Қаншама қиындыққа түссе де, жолай бұзылып, бұрмаланып, жарыққа жол табу үшін қажетті, шын мәнісінде кері тартқан лебіздер жамалса да, ақыр түбі жарияға шығып, жалпы жұрттың қазынасына айналған «Көшпенділер» трилогиясынан соң Ілияс Есенберлин қазақ тарихының арғы бір бастауына қалам тартуға ниет қылды. Алтын Орда. Көлденең, дүбара жұрттың аузына іліне беретіндей, бұл жолы да ешкімнен жәрдем сұраған жоқ. Алтын Орда тарихына қатысты деректер мен зерттеулер бар тарихта лықып тұр. Мәселе, ұшан-теңіз мағлұматты қалай игеріп, қай тұрғыдан қарастыруда ғана. Ілекең әдепкі бір кездесуімізде енді «Алтын Ордаға» кіріспегін айтып еді. 1979 жыл болса керек. Ақыры, 1980 жылдың жаз ортасында Бірінші кітабын бітірген сияқты. 1981 жылдың соңына таман Екінші кітап, ізінше, 1983 жылдың басында Үшінші кітап тәмам болған. Алғашқы том – екі жылға тақау, қаншама шырғалаңнан кейін 1982 жылы әрең басылды, ал мүлде бөгеліп қалған Екінші, Үшінші кітаптар Ілекең дүниеден өткен соң, 1983–1984 жылдар тоғысында жарыққа жетіпті. Бұл «Алтын Орда» трилогиясына менің де аз-мұз қатысым болды дер едім. Дайындық және жазу барысында емес, кітап ауыр өткелектерден өтер кезеңде. Неге екені белгісіз, «Жазушы» баспасы үш кітаптың да сыртқы рецензиясын маған тапсырған. Әлбетте, жалғыз мен болмауым керек. Десе де, шетін жағдай. Тәрізі, тепе-теңдік үшін, қасақана. Алғашқы кітапқа рецензия – 1981 жылы, 8 ноябрь күні жазылыпты. Екінші және Үшінші кітаптарға, біріккен, дәйекті пікір – 1983 жыл, 1 март. Бұл екі, бейресми, алайда қажетті, мәнді мақала – менің он үш томдық жинағымның тоғызыншы томында, сол әуелгі, қаз-қалпында берілген. Екі жолғы мақала да «Алтын Орданың» көркем шығарма ретіндегі бағасы емес, Атаулы сөз – трилогияның тарихи негіздері, идеялық бағыт-бағдары төңірегінде болыпты. Әлбетте, бәрі мақұл. Жетекші сарын – «Алтын Орданың» мақсат-мұраты мен шынайы негіздерін бүркемелеу. «Қан мен тер» деген роман жазылса, автор – қанға құмартқан екен деп ешкім айтпайды. «Алтын Орда» атауы да сол сияқты. Алтын Орданы мадақтау емес», – деп бұлдыратамыз және шығармада бүгінгі советтік саясатқа, халықтар достығына қайшы әуендердің жоқтығын куәландырамыз. Соған қарамастан, үш кітапқа да біраз сын айтылғандай көрінеді. Шындығында, сын емес, мін емес, ұсақ-түйек кінәрат. Осыншама үлкен тақырыпты қолға алғанда, бірді-екілі шалағай деректер, аңдаусыз кеткен жаңсақ жайыттар ұшырасуы – заңды. Осы орайдағы түзетулер. Баспаға бәрібір, автор үшін қажетті, нақтылы, бірталай ескертпе. Түптеп келгенде, үлкен әдебиеттің пайдасы. Ақырғы бағамыз: «Бәрі орнында. Баспа үшін, басқа үшін, автор үшін «шатағы, ылаң, пәлекеті» шығар ештеңе көрмедік... Біз байқаған кінәраттардың түзелуі тез, орнына келуі оңай болса керек. Тұтастай алғанда, автор өзінің алға қойған мақсатына жеткен. Қалың қауым кәдесіне жарар пайдалы кітап ұсынып отыр. Жарыққа шықсын. Осыған қол қоямыз», – деп түйіндеген екенбіз.

25

«Жанталастан» соң, «Алтын Ордадан» көп бұрын, 1975 жылы көкек айында Ілияс Есенберлин соңғы қызмет орны – Жазушылар одағынан да ысырылды. Мүлде жалаң, қарусыз қалмағы үшін. Ілекең бұл кезде Қырымда, кезекті еңбек демалысында жүр екен. Әлбетте, азғана тыныс, көп жазу. Одақтың шұғыл пленумы үкімін сыртынан айтыпты. Бірінші басшы Әнуар Әлімжанов өзіне сүйесін болып отырған ақсақалды сатып кетті дер едік. Әрине, жоғарыдан жарлық түсті. Бірақ тым құрса бес-он күн күтіп, атаулы алғысын айтпаса да, рәсім жөнімен, сыпайылап шығарып салуға болар еді. Осы арада Есенберлин тағдырындағы Қонаев мәселесіне тағы бір рет оралып соғу қажет сияқты. Етене таныстық, бәлкім пенделік жақындық қашаннан, қалай жалғасып келсе де, дәп осы соңғы жылдарда аралары алыстауы күмәнсіз. Республика басшысы әуелде қатты қолдады, жазушылар қауымы үшін ең мәнді, үлкен қызметке көтерді. Бұдан соң... осы орында тағы бірнеше жыл отыра берсе қайтер еді. Ілекеңнен кейінгі, біз көрген Әбілмәжін Жұмабаев, заманның қаншама құбылғанына қарамастан, «Жазушы» баспасын тура он төрт жыл басқарды. Есенберлиннің межесі бес жылға да толмайды. Бұдан соңғы қызметі – Одақтың хатшысы. Бірінші емес, екінші. Оның өзі көп көрініп, айналасы төрт жылмен шектеліпті. Әрине, Имашев пен Есенәлиев және солардың шылауындағы партноменклатура һәм бұларға селбес қана емес, күш беруші, «ұлтшылдыққа», қазақ тарихи романына қарсы аяусыз күрес ашқан ақсақал-қарасақал жазармандар қауымы. Десе де, жоғарыдан төменге дейін, барлығы да Қонаевтың райына қарар еді. Ең алдымен – Имашев. Олай болмады. Ілекең бар қызметінен шеттеп, жау бетінде жалғыз өзі, мүлде қорғансыз қалды.

Әйтсе де, бұл кезде атағы көтеріліп кеткен. Республика ғана емес, Советтер көлемінде. Және Ілекеңнің қажыр-қайраты қайтпаған кез. Екі тарап – бүгінгі күн тақырыбы және тарихи тұрғыдағы жаңа шығармалар жазылып жатты. Көп ұзамай, Димекеңмен арадағы қатынасын да қайыра оңдап алған сияқты. Шұғыл отырып, «Мұхиттан өткен қайық» атты көлемді романын аяқтады. Басты кейіпкер – есім-сойы өзгертілген Дінмұхамед Қонаев. Советтік кемеңгер басшының бейнесі тұлғаланыпты. Оның іскерлігі мен адамгершілігі, елдің өндірістік және шаруашылық өміріндегі ұтымды, білгір қызметі. Бір сөзбен айтқанда, идеалға жақын партиялық кейіпкер. Жазушы өзінің басты тұлғасын жалаң қалыпта алмаған. Сол арқылы қазақ халқының ұлттық мұратын да әйгілемек. Руханият саласындағы келеңсіз жағдайлар көрініс тапқан. Тақау тарихтағы орны толмас шығындар дәйектеліп, Мағжан, Шәкерім қатарлы қаламгерлер есімі жаңғыра көтерілуге тиіс. Расында да осылай кейіптеді. Әйткенмен, өзара қабыспас екі тақырып. Және тұпа-тура Қонаев туралы деп танылған роман қайткенде жарыққа шықпас еді. Мұндағы қырағы көздер өз алдына, тиесілі ақпар жетпек Мәскеудің өзі рұқсат бермейді. Жалаға ұшыраған, жабық жатқан есімдерді көтеру тағы да мүмкін емес. Яғни, «Мұхиттан өткен қайық» әуел бастан-ақ жолы кесілген шығарма болатын. Саясатқа жетік Есенберлин мүлде байыптамады деп ойлаудың өзі қисынсыз. Білді, біле тұра іркілмеді. Меніңше, екі түрлі толғам бар еді. Мұның әуелгісі – қайткенде Қонаевтың ығын алу. Мүмкін, ғайыптан басылып кетер. Шындығында, орталық қаһарман – прототипі кім десек те, советтік саясат ұраншысы, партиялық үлгілі қайраткер. Екіншісі – ерте ме, кеш пе, бұл шығарманың жарыққа жетеріне сенім. Ұлттың ұлы тұлғалары, қазақ руханияты туралы оңды лепес ешқашан ұмытылмақ емес, ақыр түбі қайтадан көтерілмек. Екі есеп, бір қисап. Мұның әуелгісі іске аспады, ал соңғысы көлеңкеде қалған. Қайткенде Қонаев тікелей нұсқау бере алмайды, одан кейінгілер де нақты шешім шығармайды – мұндағы Үлкен кісіні арандату сияқты көрінбек, әрі Мәскеуге жақпай қалуы анық. Сонымен, «Мұхиттан өткен қайық», шарасыз авторы қанша тыпырласа да, жарияға жол таба алмады. Ілекең дүниеден көшіп, арада жеті-сегіз жыл өткеннен соң, «Жұлдыз» журналында отырған кезімде, осы бір істі өз қолыма алып едім. Бұл кезде «заманымыздың ақыл-ойы, бастаушы, бағыттаушы» компартияның қарасы батпаса да, осының алдында ғана сөз полициясы цензура жойылған, қандай да тақырыпқа тыйым жоқ еді. Мен «Мұхиттан өткен қайық» романының бағзыда Ілекең өзіме сыйлаған қолжазба данасын қайыра, мұқият қарап шығып, төтенше шешімге келдім. Осы естелік жазбалардың басында, көркем шығармаларды редакциялау тәжірибесінде әлем әдебиетінде орын алған өзгеше бір үрдіс туралы айттым. Оның ішінде Американың классик жазушысы Томас Вульфтің әйгілі романдары автордың көзі тірісінде, өзінің ризашылығымен қалай қысқарғаны, аударылып, төңкеріліп, нәтижесінде бүгінгі қалыбына түскені турасында. Ол да өз жұртының классик жазушысы және баянсыз дүниеде сеніскен, қимас ағам Ілекеңнің аруағына ойша бағып, манағы Томас Вульфтің әйгілі редакторлары сияқты еркін қимылдап едім. Романдағы идеялық партия қайраткері, оның өндіріс, шаруашылық саласындағы үлгілі қызметі, осы орайдан туындайтын барлық оқиғалар мен тиесілі сарындар – түгелдей, өзінен өзі сыпырылып түсті. Енді осы, замана ыңғайымен көтерілген жария тақырыптың көлеңкесінде өтіп кетуге мүмкін ұлттық идеялар алға шыққан. Отыз баспа табақ қалың романның он баспа табағы. Есебі, үлкен мәтінді басы артық мүшелерден тазартып, романның асыл нұсқасы, мәйегін ғана қалдырдым. Тек жаңа құрылымға байланысты, бір жерде ғана тараулардың орны алмасты. Қазіргі заман үлгісіндегі ғажайып роман болып шықты. Менің шағын алғысөзіммен «Жұлдыз» журналының 1991 жылғы әуелгі санында жарыққа жеткен. Және журналды Ілекеңнің музейі, туған ұлының қолына апарып бергенде, «Мұхиттан өткен қайық» алдағы заманда осы үлгіде басылып шыққаны ұтымды болар деп едім. Алайда, кейінірек роман әуелгі, толық нұсқасында жарияланыпты. Бұл да жөн шығар. Сонымен қатар, болашақта «Жұлдыз» нұсқасы қатарласа басылып жатса несі бар. Тіпті жақсы болар еді. Ең бастысы – осы қалыбында орысшаға аударылса.

Хош. Ілекең, сөз жоқ, ойша шамалап, нық сенгендей, бұл шығармасы да ақыр түбі өз жолын тауыпты. Кейінгі бір жазармандар Ілекеңнің жүйкесін құртып кеткен осы роман деп біледі. Олай емес. «Мұхиттан өткен қайық» – жеңіл жазылды, кейінгі дауы біршама ұзаққа созылып, аяқсыз қалғанымен, Ілекең үшін сейіл-серуен есепті ойын еді. Әрине, қандай да туынды, жазылып қалғаннан соң жарыққа жетуі керек, алайда, дәп осы ретте Ілекеңнің айрықша күйзелгенін көрмедім. Шын қиындық, торығу мен шарасыз дағдарыс – «Алтын Орда» тұсында болды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар