Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар Мағауин. Ләйла апай Әуезова

02.11.2021 943

Мұхтар Мағауин. Ләйла апай Әуезова 12+

Мұхтар Әуезовтің сүйікті перзенті Ләйла апай туралы мен алғаш рет 1961 жылы, ұлы жазушыны Ташкент зиратына жерлеу кезінде естідім. Үлкен-кіші, әсіресе ұстаздың алдын көрген студенттер қауымы – бәріміздің де көңіліміз жабырқау, табыт қабірге түсірілгеннен соң, бір шеттегі жұрт шоғырланып қалған, Мұхаңның қызы талықсып кеткен екен, деп жатты. Әрине, әкеден айрылу оңай емес, оның үстіне бұл әке қазақ тұрыпты, бүткіл Советтер Одағы, қала берді жарым дүниеге даңқы кеткен ұлы тұлға болса. Қайткенде, күтпеген, өте ауыр жағдай. Бұдан соңғы кезеңде сырттай, әрқилы үстірт ақпар. 1963 жылы Мұхаңның Әдеби-мемориалдық музейі ашылды, Ләйла Мұхтарқызы осы мұрағат жайын жабдықтаушы, ұйымдастырушы ғана емес, жетекші – директор тағайындалған. Бұл Музей – Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы он жылы өткен, тұрмыстық, ғұмырбаяндық нысан, әрі әйдік жазушының шығармашылық жолын зерттейтін ғылыми орталыққа айналған екен һәм Ғылым академиясы, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының бір бөлімі есепті. Ал Ләйла Мұхтарқызы – Москва университетін бітірген, тарих ғылымының кандидаты, енді байыптаушы, басшылық жұмыстармен қатар, өзі де ұлы жазушының шығармашылық құпияларын зерттеуге бет бұрыпты: «Абай жолы» эпопеясының тарихи негіздерін зерттеуге кіріскен – болашақ докторлық диссертация. Осы орайда, өзі де атаулы Музейде аға ғылыми қызметкер болып істейтін, Ләйла қарындасымен бірге архив ақтаруға Омбыға, Ленинградқа барып қайтқан жақын туыс ағам Мұратбек Бөжеевтен естіген едім.

Ұлы ұстаздың өзіне тартқан өзгеше қызын, шамасы 1970 жылы көрдім. Түс ауған мезет, әлдебір шаруамен Ғылым академиясының кітапханасына бара жатқам. Трамбайдан түсіп, Шевченко, Карл Маркс (қазірде Қонаев) көшесіне тақай барған кезім еді, денелері аса ірі екі әйел қарсы келе жатыр екен. Дәп бұрышта, тротуардың тым жақын қос қапталында жуан екі емен өсіп тұрған, әлгі екеуі, дәп сол жерге келгенде, тар өткелекке қатарынан сыймай, сығылыса, кезектесіп өтті, мен жол беріп, әрі қызықтай қарап, бөгеліп қалған едім. Екеудің бірі – филология докторы Евгения Лизунова екен, осыдан азғана бұрын баспада Мұхтар Әуезов туралы монографиясын қолымнан өткергем, мені ұмытпапты, күліп амандасты. Екінші әйел – бұрын көрмесем де бірден таныдым – ұлы Мұхаңның қызы Ләйла екен. Бұл Ләйла апайым да, жылы жүзбен, бас изеп ишарат жасаған. Мен ашық алаңдағы атаусыз қақпа сияқты қосар еменнен өтіп, алға оза бере кері бұрылып, арттарынан қарап қалыппын. Лизунова ұзын бойлы, әрі толық кісі болатын. Ал Мұхаңның қызының бітіс-болмысы сонымен қарайлас, бірақ етжеңділік емес, сүйегінің ірілігінен. Кейін талай көргенде әуелгі әсерім беки түсті, Ләйла Мұхтарқызының бүткіл тұрпаты, жүрген жүріс, отырған отырыс, сөйлеген сөзінен түгелдей артықша тумысы, асыл тұқымы айқын аңдалып тұрады екен.

1971 жылдың ақырында менің өзім де Ғылым академиясы, Әдебиет институтына келдім. Әдебиет тарихы бөліміне, аға ғылыми қызметкер ретінде. Арада екі апта өтпеді, Әдебиеттердің өзара байланысы бөлімін басқаратын Лизунова маған өзгеше бір ұсыныс айтып еді, Лейла Мухтаровнаның тапсырмасы, деген. Алдында, Ғылыми кеңесте көріскенбіз. Институт директоры Әди Шәріпов мені жалпы жұртқа таныстырып, содан соң Мәлік аға Ғабдуллин бейресми түрде мен туралы бірер ауыз жылы лебіз білдірген. Жиын соңында біраз жұртпен қатар Ләйла апай да менің қолымды алып, құттықтап еді. Енді міне, Музейге қызметке шақырады. Күтпеген жағдай. Лизунова мені өте жақсы білген. Әлгі, «Мастерство Мухтара Ауэзова» – «Мұхтар Әуезовтің шеберлігі» аталатын кітаптың ең соңғы сатысында, ұзағынан екі мәрте кеңескенбіз. Әуелде менің әрқилы ескертпелерім, қысқарту, үстеме, нақтылама; содан соң, жасалған жұмысты дәйектеу. Көбіне риясыз қабылдағанымен, кейкейде қарсы уәжі бар, бірақ мен үнемі өз сөзімді өткізіп отырғам. Ренішсіз, бәлкім амалсыз көніп еді. Яғни, менің танымым мен білігім жайынан біршама хабардар. Ләйла досына ой салған өзі болуы да. «Евгения Васильевна, мен жиырма секунд ойланайын, – дедім. – Ғафу етіңіз, осы арада тұра тұрыңыз», – деп, ұзын, кең дәліздің арғы шетіне өттім, азғана бөгеліп, қалт бұрылып, кері қайттым. Жиырма емес, асса он бес секунд. Содан соң айттым: «Ұлы Әуезовтің Музей-үйінде қызмет атқару – мен үшін үлкен мәртебе болар еді, бірақ бара алмаймын, мен мына Әдебиет тарихы бөлімінде докторлық диссертациямды аяқтауым керек, Ләйла апайға көп рахмет, мені түсінсін, ренжімесін», – деп едім. «Иә, иә, Сіздің еркіңіз», – деді Лизунова. Мүлде күтпеген жағдай сияқты. Әрине, Ләйла апай үшін одан да әрмен.

Бірақ Мұхаңның өзі шақырып тұрса да келіспейді екем. Осы он бес жиырма секунд ішінде менің өмірімді мүлде басқа арнаға бұруға мүмкін жағдаятты жарқ-жұрқ, шұғыл байыптаған едім. Пайдалы жағы: Музей – өз алдына жеке бір мекеме сияқты, бар болмысы дербес, сенің тіршілігің де оқшау, жұмысың нақты; бұл жақтағы докторлық диссертация тақырыбы – әлі де күмәнді, ал анда барған соң, айналасы екі жылда Мұхтар Әуезов туралы түбегейлі монография жазып шығам және ешқандай кедергісіз қорғаймын; сол сәтте ойладым, әлде кейінгі байып – Ләйла апайымның қарауына барсам, тым көп ұзамай, үлкен отбасымызға тарлық жасап тұрған қазіргі пәтерімді кеңейтуге мүмкіндік туады. Осыншама пенделік ұтыспен қатар ұтылыс та біршама екен: мен жарым жартылай патриархалдық санада қалыптасқан қазақпын, Әуезовтің қызы болса да, әйел адамның қарауында жұмыс жасау – кемшілік сияқты көрінер еді, оның үстіне мінезін білмеймін, өзі Қонаевтың келіні, кейінде өктемдігін көтере алмай қалуым мүмкін; мұндағы екі шығармашылық күн, және қалған міндетті үш күндегі еркіндік – жиыны апта бойғы азат жүрістен тыйыласың; докторлық диссертация – сол кездегі басты мұрат емес, негізгі мақсат – көркем проза саласында, яғни, уақытың азайған соң, өрісің де мейлінше тарылмақ; естіп, біліп отырмын, Музей аясында Мұхаңның жиырма томдық академиялық басылымы дайындалмақ, Ләйла апайымның маған жүктемек негізгі жұмысы да осы тарапта болуға тиіс, ал менің жең ұшынан, атүсті жұмыс жасайтын әдетім жоқ, оның үстіне көрнекі, әрі маңызды шаруа, яғни, абыройлы десеңіз де, өте ауыр, текстологиялық және күрделі баспагерлік бейнеттен қолым босамауға тиіс, Әуезов қаншама ұлы болғанымен, біздің өзіміздің де кең өрісіміз бар, өзімді өзім жартылай тұтқынға матап бермеуге тиіс едім... Айтқанымдай, сол сәтінде егжей-тегжейлі байыптамасам да, жалпы сұлбасын толық аңдасам керек, қайткенде де Мұхаңның қызметіне жегіле алмайды екем. Әдебиет тарихы бөліміндегі докторлық жұмыс тек қана орайлы сылтау болатын. Басқасын былай қойғанда, мен әуелі газетте, одан соң баспада отырған алты жылдан астам ұзақ уақыт ішінде ағымдағы күнделікті, беймаза шаруалар үстіне, тынымсыз дау-дамай, қуғын-сүргіннен қажыған едім. «Қазақ әдебиетінде» өзімізге жол аштық, «Жазушыда» түбегейлі қалыптанып, тұғырымызды бекіттік, бәрі жөн, бәрі де игілікті, алайда жаңа шығармалар жазуға мүмкіндік аз, уақыт тапшы ғана емес, мүлде дерлік жоқ, мәселен, сол замандағы ең елеулі шығармам «Тазының өлімі» хикаяты кезінде аптадағы екі демалыс күніне қоса, үнемі таңғы сағат бес жарымда тұрып, сегіз жарымға дейін үш сағат отырар едім, енді ғана қолың жүре бастағанда жұмысқа кету керек болады, сөйтіп, небәрі елу беттік хикаятты елу күн жаздым. Үлкен есепте тым ұзақ емес, тіпті, уақытылы көрінуі, алайда, негізгі қиындық – жазудың үзілмелі сыпатында тұрған. Осы ретпен, үш-төрт күн, асса бір апталық, орташа көлемді әңгіме – тұтас бір айға созылар еді. Біздің қаламгер ағайындардың бәрінің басындағы ахуал, алайда, университетте еркін жүрген, ал аспирантурада мүлде бұла болған мен үшін мейлінше қолайсыз жағдай. Қайткенде үйрене алмағам, қатты қиналдым десе де болғандай. Енді кең жайлауға шыққан кезімде алдағы қыруар жазу тұрыпты, ең әуелі ес жиып, тыныс табуым қажет-ті.

Ләйла апай менің шегінісім туралы естіген сәтте, әрине, аз-мұз дағдарды, бірақ өкпе де, кінә де жоқ, түсініспен қараған сияқты, көп ұзамай, әлде Ғылыми кеңес, әлде жалпыға міндетті Кәсіподақ жиналысында ұшырасқанда ашық раймен, күліп амандасты. Бұдан соң да, мен Академия қабырғасында қызмет атқарған бес жылға тақау ұзақ уақыт ішінде жылы жүзінен айныған емес.

Айттым, Ләйла Мұхтарқызының бойы еңсегей, тым толық емес, бірақ сүйекті, ірі болатын. Кескін-кейпі әкесіне біршама ұқсас. Бар тұрпатынан бекзаттық аңдалып тұрар еді. Мейірбан, кең. Өзінің тумыс табиғатын мейлінше түйсінген, жарасымды тәкаппарлық бар, бірақ кекірт астамшылық жоқ, мейлінше кішіпейіл. Және бұл майда мінез – жасандылықтан тыс, өзінің артықшылығын туа таныған, қалыпты, табиғи болмыс еді. Астамшылықтан ада кірпияз бітім және үлкен мәдениет көрінісі. Әрі жан дүниесі мейлінше таза болса керек. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің қызы, Қазақстан көсемі, КПСС Саяси Бюросының мүшесі Дінмұхамед Қонаевтың келіні! Әркім-ақ сын көзімен қарар еді. Ал Ләйла апай қашанда бір қалыбынан айныған емес.

Күндердің күнінде өзінің тағдыр қосқан зайыбы Қонаев Асқар Ғылым академиясының вице-президенті болып сайланды. Әлдебір жалпы жиыннан соң, біздің жұрт түгел жапырламаса да, жекелеген бір кісілер сыпайы құттықтап жатыр. Ләйла апай қатты қысылып еді. Тіпті, қызарып кетті. «Иә, иә... рақмет... тек көлденең, әрқилы сөз болмаса екен...» – дегені есімде. Туған әкесі атақтың ең үлкеніне жеткен, Қазақстанды билеп отырған қайнағасы анау, енді өз жұбайының күтпеген мансабын артық көріп тұр. Алайда, Асекең жездеміз үшін бұл – бар көтерменің басы ғана екен. Кейінде Академия президенті болды, Одақтық үлкен Академияның қазақта, баяғы Қаныш Сәтбаевтан кейінгі жалғыз академигі дәрежесіне жетті, бәрі де еселі сыбаға тартқан ғұзырлы ағаның арқасы, алайда Ләйла Мұхтарқызы осы орынсыз мансап, асыра мәртебелердің ешқайсына шын көңілден қуанды дей алмас едім, оның дәлелі – манағы, өзім куә болған жағдаят. Ақыры бұл артықша қолпаш ешкімге құт болып жабыспады, осы інісі үшін Қонаев әуелде жалпы жұрт ренішіне қалса, кейінде партиялық тұрғыдан қатаң сын естіген.

Мен көргенде, әрине, сырттай байыптауым, Ләйла апай бір қалыпты, байыпты, әрі ашық-жарқын күн кешті. Әлбетте, ұлы жазушының қызы, Үлкен кісінің келіні, көлденеңде әрқилы әңгімелер айтылып жатса керек, соның бір пұшпағы – Мұхаңның басқа әйелден туған баласына қатысты. Өз анасына көлеңке түсірмеу үшін шетке қағыпты, жақсы көрмепті, деген тұрғыда. Бәрі бекер. Шешесі бөлек болса да әкесі ортақ және заңды перзент саналған Мұратты сырттай бағып, қадарынша қамқорлық жасап жүргені күмәнсіз. Осы ретте мен өзім нақты куә болған жағдаят. Бір күні, ай аралатпай өтіп тұратын Ғылыми кеңес, әлде басқа бір жиыннан соң мені оңашалап алып еді. «Мұратты білесіз ғой, – деді, қысыла, қымырыла. – Әуезов Мұрат...» «Иә, жақсы білем, біз Жазушылар үйінде, бір даланда тұрдық...» Бетінің ұшы аз-маз қызарған Ләйла апай оқыстан жеңілейіп, сөзін одан әрі жалғастырды. «Міне, осы Мұрат, мен білмеймін, әйелінен ажырасыпты. Оның үстіне, міне, бір айдан асты, із-түзсіз жоғалып кетті, ешқандай хабары жоқ. Әлдене... бірдеңеге ұшырап қалмағай деп, қатты уайымдап жүрмін...» Іс мәнісі түсінікті еді. «Ләйла апай, ешқандай қам жемеңіз, аман-есен болуға тиіс. Бәлкім, өзі оқыған ежелгі қытай философтары сияқты, оқшау бір жерде ойланып, толғанып жатқан шығар, – дедім күліп. – Мен сұрастырып, нақты хабарын алып берем Сізге...» – дедім. Абыржып тұрған Ләйла апай, қысыла жымиып, бір түрлі көтеріліп қалғандай еді. Сыпайы рақметін айтып жатыр. «Екі-үш күн ішінде жақсы хабарын жеткізем, алаң болмаңыз», – деп едім. Айтқанымдай, сол күні реті келмей, ертеңіне Жазушылар одағы, Олжасқа барып, мән-жайды айттым. «Ләйла апайымыз қатты мазасызданып жүр, тіпті, бауыры қиялданып кете ме деген қауіп-қатері бар», – деп едім, Олжекең жадырап күлді. «Ешқайда кеткен жоқ, Алтын-Емел жақта, бір орманшының саяжайында жатыр», – дегені. Және нақты адресін берді. Мен ертеңіне Музейге барып, Ләйла апайымды мейлінше қуантқан едім. Артынан кісі жіберді ме, әлде аманшылық хабарынан соң тәуба айтып, тыншыды ма – нақты білмеймін.

Екінші бір ерекше жағдай. Мұратпен көрші тұрдық дедім ғой, бір даланда. Біз үшінші қабат, Мұраттар дәп үстімізде, төртінші қабат. Келіншегі Хорлан – баяғы Кенесары ханның атақты Жанайдар батырының тікелей ұрпағы, Жанайдардан соңғы алпауыт Мейрамнан тарайды, өз әкесі Мәтен Рақымбеков – Қарағанды кеніштерінде бірнеше мәрте шахта директоры болған, Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне сайланған. Бір сөзбен айтқанда, Хорлан келін – қазақтағы асыл әулеттердің бірінен шыққан екен, өзі де қатарынан озық, Москва университетін бітірген, сол Москвада кандидаттық қорғаған, өңді және әдемі дауысы бар. Мұрат екеуінің ортасындағы жалғыз бала – Зифа-Алуа дейтін, аппақ, томпиған қыз, Жамбыл көшесіндегі Жазушылар үйіне алғаш көшіп қонғанымызда алты жаста болатын, біздің үлкеніміз Үмітке тетелес, екеуі бірден-ақ тіл табысып кетті. Тіл табысқанда, Зифа қазақшаға жоқ, Үміт орысша білмейді, алайда екеуі алаңсыз ойнайтын, көп ұзамай Зифа қазақшаға жетікті, Үміт орысша үйреніп шықты. Бұл Зифа кейінде үлкен ғалым болды, Махмұд Қашғаридың атақты «Диуани лұғат ат-Түрік» кітабын орыс тіліне тұңғыш рет аударып, бастырып шығарды. Осы Зифа қаршадайынан айрықша ақылды еді. Мектептен өзі келеді. Үйінің кілті бізде. Бақытжамал апасы есігін ашып, дайын тамағын жылытып береді. Асын ішіп, сабағын дайындап болған соң төмен түседі, немесе, ол да сабағын бітірген Үміт жоғары көтеріледі. Көбіне-көп жалғыз қалмас еді. Міне, Зифа Мұратқызы Әуезова осылай өсіп жатқан. Жазғы демалыста Қарағандыға – нағашыларына барса керек. Бұл кісілерді де көрдік, дәмдес болдық. Ол кезде Мұрат кетіп қалған. Хорлан әуелде қатты қамыққан еді, көп ұзамай, жалғыз қызының қуанышымен қайта көтерілді. Кейде шайға шақырамыз. Әңгімелесіп отырамыз. Хорлан әлі жас, өңі де қайтпаған. Зифа екеуі жалғыз тұрып жатыр. Ара-тұра Мәскеуде бірге, қатарлас оқыған қыздар мен жігіттер бас қосады, артық дырдусыз, көңілді отырыс. Зәуде, көрші ретінде біз де орталарына түсеміз. Мен осы дастарқанда Кенесары ханның шөбересі, қазақтағы қудалаудан ығысып, өзбекте пана тапқан үлкен ғалым Натай Кенесариннің екі қызын көрдім, және басқа балалар да түгел әдемі, парасатты болатын. Яғни, Хорланның Мұраттан соңғы жақын ортасы. Күндердің күнінде Хорланның көңілі тым түсіңкі екені байқалды. Табиғи жағдай, бірақ бізден қайран жоқ. Өзі ештеңе айтпайды. Бұл кезде Зифа төртінші, бесінші класқа жетсе керек. Ақыры, бізде отырған Зифаны алуға келген бір күні шайға шақырып едік. Көңілсіз қалыпта, тұрмыс жағдайы мен қызметі туралы айтты. Әуелден-ақ Академияның Химия институтында жұмыстайды. Неше жылдан бері небәрі кіші ғылыми қызметкер екен. Москвада бітірген, Москвада қорғаған, анда және мұнда ғылыми басылымдарда жарияланған бірталай еңбегі бар, алайда, бөлім бастығы ұнатпайды, тежеп, шектеп отыруға тырысады, ол да ғылым кандидаты және осында, қолдан жасалған сияқты, есесіне белгілі бір жазушының жұбайы екен, сондықтан да бастық, өзіне бақталас санай ма, аға ғылыми қызметкер дәрежесіне жібермей қойыпты, ең сұмдығы – бүткіл бөлім болып, әлгі кісінің докторлық диссертациясын жасап шығуға тиіспіз... Айлығым небәрі жүз елу сом, ештеңеге жетпейді, әке-шешемнің көмегі болмаса, күнкөрістің өзі тым қиынға түсер еді деген, мүлде жабырқап.

«Хорлан, осының бәрі оп-оңай, – дедім мен. – Мына Зифа – Мұхтар Әуезовтің туған немересі. Әуезова Зифа. Тағы бір Әуезова, үлкен Әуезова – Ләйла Мұхтарқызы – Қазақстандағы екінші леди. Дінмұхамед Қонаевтың келіні. Ұқтың ба? Қарапайым, мейірбан кісі. Сен осы Ләйла Әуезованың кіші сіңілісін тәрбиелеп отырсың арнап, алдына бару керек...» Хорланның көзі атыздай болған. «Қалай, қалайша?» Мен іс мәнісін ұғындырып бердім. Мұхтар Әуезовтің Музейіне барасың. Көбіне таңертеңгі сағат он, он бірлерде орнында отырады. Бір жолы болмаса, екінші жолы. Бардың, сыпайы амандастың, содан соң өзіңнің келін екеніңді, племянницасын – Мұраттың қызын тәрбиелеп отырғаныңды айтасың. Басқа емес, Әуезова – Зифа Әуезова! Ақыры, бар жағдайыңды. Қазақстандағы екінші леди дедім ғой. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің қызы, құдіретті Қонаевтың келіні, күйеуі – Ғылым академиясының президенті. Тек апайыңның алдынан өту керек, арада ай озбай, Химия институтының аға ғылыми қызметкері боласың да шығасың!..» «Мен Химия институтында, қазіргі бастығыммен қатар жұмыс жасағым келмейді!...» – деген. «Солай деп айт. КазГУ-ге, кез келген институтқа орналастырады», – дедім. Мұндайда әйелге әйелдің сөзі өтімдірек келеді. Біздің Бақыт та үгіттеп жатыр. «Мына ағаңның айтуынша, өте қарапайым, мейірбан кісі көрінеді. Анау жылы Мұрат жоғалып кеткенде қатты алаңдап, іздетіп тауыпты», – деді. «Бару керек. Ешқандай сөкеті жоқ, – дедім. – Өзің үшін емес, Әуезова Зифа үшін!»

Хорлан біржола келісті. «Барам. Тек ыңғайсыздау...» «Шын ыңғайсыз жағдай – сенің осындай кезде, әлі күнге бармай жүргенің, – дедім. – Енді ең соңғы инструкция. Ләйла апаң, қалай дегенде де, орысша тәрбие алған кісі. Қазақшасы жоққа тән. Бірақ қазақы мінезі де бар. Сен қалай сөйлесесің? Ләйла Мұхтаровна деп пе? Білесің ғой, дүңк еткізіп, атаңның атын айтуға болмайды.» «Енді қалай!» – деген қазақшаға жетік Хорлан. «Білмей тұрмын. Тәрізі, «Ләйла апай» деп сөйлескен қауіпсіз болар. Тіпті, атын да атамай, «Апай» деп қана...» Осыған келістік.

Арада апта өткенде Хорлан біздің үйге жайраңдап кірген. «Как родная старшая сестра... – деген орысшалап. – Туған әпкемдей қарсы алды...» – деді қазақша. Бәрі жөн, тек қана мен ескерткендей, бұрынырақ келу керек еді, депті. Енді осы бірер ай ішінде шешіп бермек. Айтқанындай, көп ұзамай-ақ Хорлан Ауыл-шаруашылық институтына ауысты. Әзірше аға оқытушы, бірақ жалақысы кандидаттық дәрежесіне сәйкес, жоғары деңгейде. Дәп қазір мәнісі шамалы доценттік атақ та көп ұзамауға тиіс.

Міне, Ләйла апайдың өзім тікелей куә болған және мен ғана білетін екі реткі ізгілігі.

1976 жылы жазға қарсы Ғылым академиясынан кеттім, бұдан соңғы кезеңде Ләйла апаймен жиі ұшыраспаған сияқтымыз, алайда, бар хабары жетіп тұрған, әлбетте, Мұхаңның Әдеби-мемориалдық музейіне қатысты. Жиырма томдық рет-ретімен дайындалып жатыр. 1980, 1982 жылдары «Жазушы» баспасы үшін Сегізінші және Он екінші том қолжазбаларына рецензия жазыппын. 1984 жылы бас нәшіриятқа қайтып оралғаннан кейін Жиырма томдықтың соңғы кітаптарын қолымнан өткердім. Енді қолжазбалардың дайындалу сапасын бұрнағы сырт көз рецензиялар арқылы емес, тікелей қарастырып, қадағалаған едім. Оның ішінде соңғы томдағы мәні шамалы және әрқилы басшы қызметтегі кісілерге әртүрлі жағдайда жазған хаттарына тоқтау салдым. Мұндай жөндем жазбалардан Мұхтар Әуезов азаймаса, көбеймейтіні анық-ты. Нақтысын білмеймін, кейінгі академиялық елу томдыққа енсе керек.

Бұл кезде Мұхаңның Әдеби-мемориалдық музейі шын мәнісінде Әуезовтану ғылымының орталығына айналған еді. Музей аясында Рахманқұл Бердібаев ұйымдастырып, бастап жүргізген Халық университетінің ағартушылық дәрістері өз алдына. Осының бәрі, түптеп келгенде, Ләйла Әуезованың игілікті қызметінің нақты көріністері болатын.

Ләйла апай 1993 – алпыс төрт, тура әкесінің жасында дүниеден өтті. Қалыпқа қойылған музей жұмысы одан әрі жалғасқан. Алайда, Мұхаңның сүйікті перзенті әлі де, тым құрса бес-алты жыл жасай тұрса, көп дүние басқаша, қазіргіден көп озық шығуы күмәнсіз. Бірақ осы, атқарып кеткен бар ісі – тарихи еңбек есепті. Әкесінің үмітін ақтады. Қалауынша ғұмыр кешіпті. Артында ержеткен, Елдар, Дияр дейтін екі ұл қалыпты. Сойлары – Қонаев, алайда ұлы Мұхаңның өзегінен жаралған және ата жолын сақтаған, ұстамды, парасатты балалар. Пайғамбар әулеті де қыздың тұқымы арқылы жалғасты. Ұлы Мұхаңның екі тарабы бірдей. Өткен адам ұрпағымен жасайды деген. Біздің орайда осыған қоса, мәңгілік шығармалары тұр.

21–22.ІІІ.2018,

Күміс Бұлақ, Мэриленд, АҚШ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар