Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар Шахановтың бір күні

20.09.2017 17571

Мұхтар Шахановтың бір күні

Қазіргі көзі тірі аңыз ақындардың бірі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғыз Республикасының халық ақыны, Түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының иегері Мұхтар Шаханов. Оның бағы да сол шығар, қай қазақты тоқтатып сұрасаң да, Шаханов өлеңдерінен кем дегенде бір шумақ оқып берер. Ол туралы фин жазушысы Юкка Маллинен “Әлемдік парасат биігіне Орта Азия ежелден өзінің ұлы ойшылдары мен ақындары арқылы көтеріліп отырған. Заманауи поэзияда М.Шаханов – сол бабалар рухының ғасырлар аралатып жарқ еткен бірегей жұлдызы. Әлемнің екінші Аристотелі атанған, Отырардан шыққан философ Әбу Насыр әл-Фарабидей ұлы бабасы секілді М.Шаханов қазіргі өркениеттің жайын әрі соншама батыл, әрі соншама ауқымды парасат биігінде талқылайды. Заманымыздың осы көреген ақынын оқыған шақта өз басым ерекше толғанысқа түстім” деп толғанса, күні кеше дүниеден өткен орыс ақыны Евгений Евтушенко “Мұхтар, сен үшін мен бақыттымын, себебі сен – кең құшақты дархан тұлғасың. Сен Қазақстанға да, Ресейге де және бүкіл адамзатқа да бірдей ұлтжандылық ете аласың. Сен – қара қылды қақ жарған әділетті адамсың және болашақтың қазағысың!” деп баға берген еді.

Шаханов десе, оның поэзиясынан бөлек азаматтық позициясы қатар көз алдымызға келеді. Желтоқсан. Наурыз. Тіл. Қазақстандық ұлт. Қай жерде де шырылдап, екі қолын кезексіз сермеп, өлең оқып тұрған немесе қазақ тілі туралы тереңнен тебіреніп, шабыттана сөйлеп тұрған Шаханов…

Міне, біз бүгін замандастары “болашақтың қазағы” атаған азамат ақынның жанында бір күн жүріп, тау тұлғаның күнделікті тіршілігіне жақыннан, жанынан куә болмақпыз.

Мұхтар ағаға “бір күнін” түсіретініміз туралы айтып хабарласқанымда, ерте тұратынын, азанмен Есентай өзенінің жағасында серуендейтінін, сондықтан таңғы алтыда келуім керектігін айтты. Әдетте өзге қаламгерлермен күн арқан бойы көтеріліп, жұрт тіршілігіне кіріскен сәтте бастауды үйренген мен алғашында абыржып қалдым. “Аға, шынымен серуендеуіңіз маңызды емес, бірер кадр түсіріп алсақ болды, оған көп уақыт кетпейді. Сәл кешірек бастасақ та болады”, - деп қоямын. Ақиқатты ту еткен ақын оған көнсін бе?! Ақыры таңмен таласа Есентай өзенінің жағасында ақынды серуендеп жүрген күйі таптық.

Мұхтар аға, 75 жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Өміріңіздегі үлкен белес ретінде, халыққа жақын азамат ақын ретінде кең көлемде атап өту ойыңызда бар ма?

– Құдайдың мұнысына мың да бір шүкір. Қазақтың қаншама айтулы тұлғалары менің жасыма жете алмады. Мәселен, Төлеген Айбергенов 30 жасында дүниеден озды, Саттар Ерубаев 23 жыл ғана ғұмыр кешті. Сондай тұлғалардың өмірімен салыстыра қарасақ, бұл – әрине, Алланың бізге қарасқаны. Мен өзі даңғаза, дабыраға жоқ адаммын. Бірақ қазірдің өзінде ғаламтордан көріп жатырмын, республикамыздағы көптеген мектептер, кейбір білім ордалары, кейбір қоғамдық ұйымдар менің мерейтойымды өздерінше атап өтіп жатыр екен. Оның барлығына рақмет. Біз, бір жағынан, елдік, ұлттық мүддені, екінші жағынан, қазақтың тілін көтереміз деп біреулер үшін ХЖ-ға, яғни халық жауына айнала бастағанда, олардың мұнысы азаматтық екені даусыз.

Құттықтауымызды, лебізімізді тыңдаған ақын күнделікті режимін әңгімелеуге көшті. Жазғы күндері 5.30-дан басталатын серуен, 7.00-ге дейін жалғасады екен. “Су, табиғат ойымды тазалауға көмектеседі, жаңа идеялардың келуіне себепші болады” дейді, Мұхтар аға.

Жағалауда ары-бері біраз жүрген соң, ақын бізді жақын маңдағы үйіне қарай бастады.

Табалдырықтан аттағаннан үйдің іші музей секілді әсер қалдырды. Айналаның бәрі картина, естелік сыйлықтар.

Ақынның кабинетіне қарай өттік. Қос қабырға самсап тұрған кітап.

Ақын таңғы серуеннен кейін жұмыс үстелі басында қағазға көміліп отырып бір уақыт шығармашылықпен айналысады.

Ақынның әкесі Досбол Шаханов білімді, ескіше молдалығы бар адам болған екен. Біреудің ала жібін аттамаған адал, тазалығы өз алдына бөлек әңгіме. Мұхтар ағаның ол туралы “Әкем бір күні Ұзынарық деген ауылға барып келу үшін біреудің есегін сұрап алыпты. Бірақ тек баратынын айтып, қайтуы жөнінде ескертпеген екен. Сол үшін Ұзынарыққа есекке мініп барып, қайтарда есекті мінбей, жетектеп қайтып келіпті”, - деп еске алады. Тазалық, адалдық ақынға әке қанымен дарыса керек. Әрі Мұхтар Әуезовтің “Абай жолын” оқыған әке жазушыға ұқсасын деген ниетпен ұлын “Мұхтар” атапты. Әке үміті ақталды. Бүгінде ақынның жыр жинақтары Әуезов кітаптары тұрған сөреде қатар жиналып тұр...

Қаншайым жеңгей сапарда екен. Таңғы асты бізге балдызы дайындап әкелді. Дастархан басына жайғасқан соң Мұхтар аға “Менің тағы бір атым – Қапшықбай. Осыны кішірейтемін деп, бір ай болды, режим ұстанып жүрмін” деп қарнын меңзеп сұлы ботқасын алдына алды.

Бірдеңе жегізгісі келсе “Марфуға, мына өрік саған қарап тұр ғой!” деп қолымен нұсқай қояды. Осылай емен-жарқын әңгіме айтып отырып, көмекшісі Зәмзәгүл апай үшеуміз таңғы асты да іштік. Арасында ақын сұрақтарымызға да жауап беріп отырды.

Аға, күні кеше Астана қаласында дүниежүзі қазақтарының басын қосқан құрылтай өтті. Құрылтайға шақырылғаныңызды айтқан едіңіз. Кейін бармай қалғаныңыз белгілі болды. Неліктен?

– Құрылтай өтерден бір апта бұрын ұйымдастырушылар: “Сіз құрылтайға шақырылдыңыз. Пәлен күні пойыз жүреді. Екі адамдық купеге билетіңіз де дайын” деп хабарласты. Ал жол жүретінге бір күн қалғанда қайта телефон соғып “Жоғарыдан сізді бекітпей тастады. Бармайтын болдыңыз”, – деп тұр. Солай бармай қалдым. Неден қорыққандарын білмеймін, тіпті түсінбеймін. Айтпақшы, менің атымнан фейсбукте 56 адам парақша ашып алыпты. Солардың біреуі менің атымнан “Көсемнің (Назарбаев) пәлен жерде үйі бар, түген жерде үйі бар” деп жазыпты. Түрлі видеоларды менің атымнан жариялап тұрады екен. Солай 56 адам беттері бүлк етпей, бәрі Мұхтар Шаханов боп жүр. Тіпті сол парақшалар арқылы ұрыларды қолдап жүр екенмін. Шымкентте үлкен бір ұры ұсталды ғой, мен соны қолдап жазыппын. Ол “атаңа нәлеттің” түрін де білмеймін, көрген адамым емес. Билік әлде, осындай жазбаларды оқып, шынымен мен деп ойлап жүр ме екен...

– Жалпы ел ішінде «Сізге көп қысым жасалады, кездесулеріңізді өткізбей тастайды, өлеңдеріңізді оқытпайды» деген секілді түсінік бар. Шынымен сондай жағдайлар жиі орын ала ма? Сізден не үшін қорқады? Жұрт білмейтін бірдеңені білесіз бе?

Шындықты айтып қояды деп қорықса керек. Көсемге тіл тигізеді деп ойлайтын шығар. Қайбір жылы «американдық ұлт» секілді «қазақстандық ұлт» атанамыз дегенде, мен тоқтатқанмын. Аштық жарияладым. Мені 4000-нан астам адам қолдады. Бүкіл халық көтеріліп кететін болған соң билік қорқып, тоқтатты. Егер мен солай жасамағанда осы күні «Мен – қазақпын» деп айта алмай жүретін едіңіздер. Мен көлгірсуді білмеймін, үнемі шындықты айтамын. Сондықтан болар, халық менімен кездесуді тосып жүреді. Жиі хабарласып жатады. Жыр кештерімді өткізгілері келеді. Ал менің алдымнан жаңағыдай кедергілер шыға береді. ЮНЕСКО өзінің арғы-бергі тарихында менен өзге бірде-бір адамды көзі тірісінде қарамаған екен. Олар менің өлеңдерімді «әлемдік поэзияның ең биігі» деп таныды. Ал мені ЮНЕСКО-ның қабылдауынан келгенімде екі-ақ адам қарсы алды. Әйелім мен шопырым.

Сіздің өлеңдер өзге ақындардан несімен ерекшеленді екен?

– Көптеген ақындардың өлеңдері аударылған кезде поэзияларының басқа елдердікінен айырмашылығы болмай шығады. Өлеңдері негізінен лирикаға құрылады. Маңызды нәрселер айтылмайды. Ал менде азаматтық үн басым. Айналамдағы қазір атымды атауға қорқатын қаптаған ақын-жазушылар бүгін бағаламаса да, ертең мен өлгеннен кейін естелік айту үшін барлығы кезекке тұратын болады.

Қазіргі ақын-жазушылардың арасынан пікірлеріңізге қолдау білдіріп, өлеңдеріңізге бағасын беріп отыратын жақын достарыңыз бар ма?

Менің үлкен бір жақсы досым бар еді. Ол – Евгений Евтушенко. Биыл өмірден өтті. Маған қазақтан көп жақсылық жасады. Ол туралы «Евтушенко менің ақындық тағдырымда» деген үлкен мақала жаздым. Дағыстанның ұлы ақыны Расул Ғамзатов та жақын досым еді. Ал ерекше досым Шыңғыс Айтматов болатын. Менің «Қонаевтың дара махаббаты» деген өлеңім бар. Онда «Егер біз махаббатты Эверест шыңына теңесек, сол шыңға шыққандар саусақпен санарлық. Жұрттың бәрі үйленіп, тұрмыс құра береді. Бірақ оның бәрі махаббат емес. 100 адамның ішінен 1-2 адам ғана махаббатқа жақындауы мүмкін» деген ой айтамын. Менің «Қонаевтың дара махаббаты» деген өлеңім бар. Өзім Қонаевпен жақсы араластым. Мен оның үйіне баратынмын, ол маған келетін. Зухра деген әйелі бар еді. Татардың қызы болатын. Басында мен де «Татардан алғаны несі?» деп ойладым. Екеуінің арасында бала болмады. Ауылының қариялары бір күні жиналып Қонаевқа келіпті. «Мына әйелден (Зухра) бала болмады, біз сенен ұрпақ алып қалуымыз керек. 20 жасар қызды дайындап отырмыз», – дейді. Әйелі Зухра ақсақалдарға «Өздеріңіз біліңіздер. Димекең қалай шешсе, солай болсын», – деп жауап беріпті. Ал Димекең: «Жоқ, маған Зухрадан басқа әйел керек жоқ», – деген көрінеді. Димекең Мәскеуге, Ленинградқа барғанда міндетті түрде күрделі кітаптар әкеледі екен. Оны Димекеңнен кейін Зухра да оқып шығады. Сосын екеуі талқылайды, әрқайсысы өз ойларын айтады. Кейде сондай талқылаулармен таң атырады екен. Димеңең бірде маған: «Ғашықтық ғаламаты» деген өлеңіңізді талқылап, бір кешті сіздің поэзияңызға арнадық», – деді. Сонда олар кез-келген тақырыпта ой алмасатын болып тұр ғой. Димекең: «Еш уақытта бір-бірімізден зерігіп көрген емеспіз», – дейді. Димекең әр үйіне барғанымда «Зухраның өмірден кеткеніне 2 ай, 10 күн болды. 3 ай 18 күн болды» деп айтып отыратын. Сағынатын. Ал қазір жастар үйленеді, сосын орталарындағы әңгіме «Бала қалай? Анау қалай? Мынау қалай? Ақшаны қайда жібердің?» деген төңіректе болады да, жаңағыдай әңгіме жайына қалады. Бір-бірін байыту, толықтыру деген атымен жоқ. Сондықтан үйленудің бәрін махаббат деуге болмайды. Махаббат дегеніміз – екі парасатты, пайымды адамның сана биігінде жолығуы. Мұндай махаббат – тек ұлы тұлғаларда ғана болады.

Ал сіздің өміріңізде ше? Махаббат болды ма?

Маған да сондай сана биігінде жолыққан адам болған жоқ. Мына «Скажиматов» деген ағаң – «Айт» деген «Скажи» ғой. Өзіне де әзілдеп кейде осылай айтатынмын. Сол екеуміз кездескенде Айтматов атақты қырғыз бишісі Бүбісара Бейшенәлиеваны жиі еске алатын. «Бүбісара маған былай деп еді. Екеуміз мынандай тақырыпта әңгімелесіп едік» деп отыратын. Міне, осы екі тұлғаның арасындағыны махаббат десе болады. Жақында Айтматов досыма арнап «Қырғыз Эвересі» деген кітап жаздым.

Бұл «Құз басындағы аңшының зарынан» бөлек кітап па?

Иә, бұл – басқа кітап. Айтматов дүниеден өткеннен кейін жазылған туынды.

– Сіздің Шыңғыс Айтматовпен достығыңыз жөнінде алып-қашпа пікірлер көп. Ақиқатында достықтарыңыз қай кезден басталған еді?

– 1968 жылы Мәскеуде Кеңес Одағы жас ақындарының үлкен жиыны болды. Сол жиында менің досым – қырғыз ақыны Жолон Мамытов Шыңғыс Айтматовпен таныстырды. Осы күннен бастап қашан ол о дүниеге кеткенше арамыз үзілген жоқ. Шыңғыс екеуміз сана биігінде жолықтық. Екі адамның бірлесіп кітап жазуы да үлкен шаруа. «Ғасыр айрығындағы сырласу. Құз басындағы аңшының зары» деген кітап жаздық. «Сократты еске алу түні» атты пьесамыз дүниеге келді. Ол қазірге дейін 12-13 мемлекетте қойылды. Дүниежүзінің көптеген тілдеріне аударылды. Кейіннен жазылған «Қырғыз Эвересінің» ішінде де өте күрделі мәселелер бар.

Осы кезде үйге кірген кісілерді Мұхтар аға бізге таныстыра бастады. «Мынау менің әкемнің әйелінің келінінің күйеуінің баласы», – деді. Ал түсініп көр! Менің аңырап тұрып қалғанымды байқаған ақын, мақсаты орындалғандай миығынан бір күліп алды да: «Сәлем беруге келген Қуаныш деген балам мен Меңтай атты келінім ғой», – деді. Ақынның осылай қызық сөйлейтінін бұрын да сұхбаттасқанымызда байқағанбыз. Жұмбақтап немесе орысша араластырып сөйлеу – әдеті. Қымызды “айғырдың әйелінің сүті” десе, тауық етін “қораздың әйелінің еті” деп, кейде мені “Фуғамар” деп шақырып, Шәмші туралы айтарда “Қалғантабақов” деп қалады. Кейінгі сұхбат барысында да мұндай “қызық сөздер” жиі қайталанып отырды.

Мұхтар аға, үйіңізден бай кітапханаңыз барын байқап отырмын. Сізді кітапты көп оқитын ақындардың қатарына қосуға бола ма?

Керекті кітаптарды оқимын. Қазір адамдардың барлығы ата-анасы, туған-туысқандары жөнінде кітап шығарып жатыр. Сондықтан ең маңызды кітаптарды таңдай білу – санаулы адамдардың ғана қолынан келеді. Мен солай таңдап оқимын. Кез келген кітапты оқымаймын және кез келген кітапты үйіме әкелмеуге тырысамын.

Сүйікті авторларыңыз кімдер?

Мен оқитын, мен қадірлейтін авторлар Қазақстанда жоқ.

Өткен жазушылардан бар шығар?

Иә, тағы бір ерекше құрметтейтін адамым болды, ол – Ғабит Мүсірепов. Ғабит Мүсірепов мен дегенде ішкен асын жерге қоятын. Сол кездің өзінде маған ұлы ақын ретінде баға беріп қойды. Қазір Қазақстан Жазушылар одағының 800 мүшесі бар. Соның елдік, ұлттық мүдде күресінде 8-і ғана бізбен бірге екен. Қалғанының барлығы кітабында «Ұлтты сақтауымыз керек, елді сақтауымыз қажет, сол үшін күресуіміз керек» деп жазады. Ал іске келгенде солардың барлығы үстелдің астына кіріп кетеді немесе бұғып қалады. Ал Ғабит Мүсірепов ерекше адам болды. Шындықты айтқан жан. 1924 жылдан 1933 жылға дейін бес миллионнан астам халық қырылды. Солардың бәрі тірі болғанда қазір біздің халқымыздың саны 50 миллион боп тұрар еді. Голощекин халықты әдейі аштан қырды. Соны бірде-бір адам айтпай, бәрі бұғып қалғанда, үш-ақ адам үн қатты. Олар – Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов және Ғабит Мүсірепов. Одан басқа да күрескен азаматтар бар. Міне, сондықтан жазушылардың ішінде Ғабит Мүсіреповті ерекше бағалаймын. Мүсірепов өлердегі ең соңғы “Туған елге соңғы сөз” деген хатын маған айтып жаздырған.

Сағат тілі 9.00-ға таяғанда сыртқа шықтық. Ақынның жұмыс орнына, яғни “Жалын” журналының редакциясына бармақпыз. Темір тұлпар тізгіні бір кездері тракторшы болған Мұхтар ағамыздың өзінде екен.

Ағамыздың жанына жайғасып, журналистігіме салып, сұрақтарымды қойып қалып жатырмын.

– Сонау бала кезіңізден осы уақытқа дейін ұстанып келе жатқан өмірлік қағидаларыңыз бар ма?

– Бала кезімде өзіме етене жақын үш досым болды. Оның бірі – Рысбек Тұрысбеков. Екеуміз бірге трактордың тіркеушісі болдық, кейін трактордың оқуына бірге бардық. Қаншама жыл бірге трактор айдадық. Бір қыстыгүні менің тракторым 20 градус аязда Бадам өзенінің ортасына барып тұрып қалды. Су трактордың астын қазып, жылжытып әкетіп бара жатты. Аязға қарамастан, суды кешіп өтіп, басқа жақтан трактор әкеліп, өз тракторымды сүйретіп шығардым. Сол кезде аяғымнан оңбай суық өтіп кеткен екен. Күні бүгінге дейін жылы бөлмеде еден үстінде жалаңаяқ жүре алмаймын. Суық бірден миымнан шығады. Сол кезеңнен қалған бір естелігім осы.

Қазақстанның үш ауданы түгелдей Өзбекстанға берілетін болды. Редактор шақырып алып, осыған байланысты өлең жазуымды тапсырды. Газеттің алғашқы бетіне айқайлатып тұрып береміз, соған орын қалдырып отырмыз" деді. Бірақ мен жазудан бас тарттым, аудандарды беруге қарсылығымды айттым. Редактор табан астында Жұмабек Еділбаев деген ақынды шақыртты. Оған: “Үш ауданымызды туысқан халыққа сыйлап жатырмыз. Соған байланысты өлең керек”, – деп еді, ол қанша жол қажеттігін сұрап алып, таңертеңгі тоғызда тапсыратынын айтып, қуана басып шығып кетті. Сосын редакторым маған бұрылып: “Міне, ақын деген осындай болуы керек”, – деді. Кейін Шәмші Қалдаяқов екеуміз сол үш ауданды араладық. Сонда жұрттың көбі Еділбаев ақын туралы өте ыңғайсыз пікір білдірді. Ұлттық мүддеге қарсы шыққандарға сол кезден жаным қас еді, әлі сол бағытымнан тайған жоқпын. Сол уақытта достарыммен бірге “Күн сайын бір адамға жақсылық жасау керек деген ұстанымды алға тарттық. Кейде қалада жақсылық жасайтын адам табылмайды. Адасып жүрген адам кезіксе, жол көрсетпекке ұмтылатынбыз. Қалада адасып жүрген адам да жиі жолыға қоймайды. Алайда амалын тауып, міндетімізді орындауға тырысатынбыз. Содан кейін біз арақ ішпедік, темекі тартпадық. Бала кезден қалыптасқан қағидам сол – күні бүгінге дейін ішкілік ішпеймін. Ішкілікке жоламауыма нағашым да себеп болды. Ол өмірден өтерінің алдында маған: “Қарағым, ерніңе әлі ішкілік тиген жоқ қой. Бұдан былай да ішпей-ақ қойсаң қайтеді?” – деді өтініш жасап. Нағашыма уәде бердім.

Сізбен замандас ақындардың арасында ішкілікке әуес болмағандары сирек сияқты. Сонда сіз нағашыңыздың өсиетін орындап, осы уақытқа дейін мүлдем татып алмадыңыз ба?

– Қырғызстанда елші болған тұсымда кейбір жағдайларға байланысты құрғақ шарап құйылған рөмкені ерніме тигізген сәттер болғанын жасырмаймын. Сосын қайбір жылы Евгений Евтушенко 50-ге толып, Абхазияда үлкен кездесулер өтті. Оларда “Көп жасағандар ансамблі” деген бар екен. Сол ансамбль біздің алдымызда концерт қойды. Артынан банкет болып, шалдармен әңгімелесіп отырдық, өзімізше сырластық. Сонда Абхазияның басшысы қасымызда жүрді. Ол: “Ансамбль құрамындағы шалдардың ең жасы – жүзде. Араларындағы ең үлкені 117 жаста. Елімізде керемет дауысы бар 95 жастағы шал бар еді. Сол шалды осы ансамбльге кіргізбекші болып күш салдым, мына шалдар “Сіз бізге қайдағы бір “молокососты” қосып бермексіз бе?” деп қабылдамай қойды”, – деді. Ал жаңағы шалдар билегенде, ән айтқанда таңғалмау мүмкін емес. Ол жақта дәстүр бойынша шарапты сиырдың мүйізінен жасалған ыдысқа құйып ішеді екен. Біреуінің ішіне бір жарым, екі литрге жуық шарап сыяды. Сол шалдар топтасып келді де, “қонағымызсың ғой” деп, маған шарап толы сиырдың мүйізінен жасалған ыдысты ұсынды. Мен ішпейтінімді айтып, Евтушенкоға қарадым. Ол: “Ішпесең, шалдар қатты ренжиді. Не болса да бір жолға ішпесең болмайды”, – деп өтініп тұрып алды. Содан екі литрге жуық шарапты сіміре бастадым. Шалдар жан-жағымнан қоршап алып, “у-у-у” деп әндетіп тұрды. Бұл да өздерінің дәстүрі екен. Шарапты әрең бітіргенімде, басымның айналып бара жатқанын сездім. Одан арғысы есімде жоқ. Таңертең оянсам, Евтушенконың саяжайында жатыр екенмін. Осылай өмірімде тұңғыш әрі соңғы рет мас болғаным бар.

Мұхтар аға көлікті жылдам жүргізеді екен. Қызылға болмаса да, кейде сарыға басып кеп жібереді. Ондайда ағаның біразға келіп қалған жасын ойлап, зәре-құтым қалмайды. Жол полицияларының көп жағдайда ақынды танып, айыппұл салмай, жібере салатыны туралы еститінмін. Абырой болғанда, Пушкин-Райымбек көшелерінің қиылысынан орын тепкен “Жалын” журналының редакциясына жылдам келіп те қалдық.

Мұнда да ақынның кітап толы кабинеті бар. Келе сала баспадан келген журналдың жаңа нөмірін парақтап шықты.

– Аға, өзіңіз басқарып отырған “Жалын” журналының бүгінгі жай-күйі қалай?

– Жай-күйі жақсы. Айлық алмағанымызға 10-ақ ай болды. Оның үстіне біраз адамдар жұмыстан кетті, 3-4-ақ адам қалдық. Олардың бәрі тегін жұмыс істеп жатыр. Сонысына ризамын. Журналды жекешелендіріп алуға тырысып жатырмын. Біз отырған мына офисті де бір “ұры” алып қойыпты. 2003 жылы келген редакциямыз еді...

Юмормен, әзілмен жауап беру ақынның әдеті екен. Жарық көрген кітаптарының ішінен “Қалаған кітабыңды таңдап ал” деген соң, тартынамын ба, бақандай 6 кітабына қолтаңба жаздырып алдым. Соның ішінде “МКБЖ” деген тілегі ерекше есімде қалыпты. Бастапқыда түсінбедім, тарқатып айтып берген тағы да ақынның өзі. “Мықты күйеубала жолықсын” деген тілек. Сөздердің орнын ауыстырып сөйлегені секілді Мұхтар аға қысқартып сөйлегенді де ұнатады. Әсіресе, ол кісінің “ТЖ” яғни “туфлижалағыштар” деген тіркесін халық жақсы біледі.

– Күніне бір адамға жақсылық жасау ұстанымы қазіргі күнде қаншалықты жалғасын тауып жатыр?

– Күніне маған келіп-кетіп жататын адамдарда есеп жоқ. Кейде бір күнде 20-30 адам қабылдаймын. Әрқайсысы әртүрлі шаруамен келеді. Солардың барлығына мүмкіндігімше, қолымнан келгенше жәрдем беруге тырысамын. КСРО халық депутаты болғанымда қаншама адамның үйлі болуына жәрдем бердім. Кеше ғана көшеде бір адам кездесіп қалып, “Кезінде сіз маған үй алуға көмектесіп едіңіз. Сол кезде алғысымды білдіре алмап едім” деп рақметін айтып жатты. Өмір дегеннің өзі осы ғой, мүмкіндігімізше өзгелерге сәулемізді түсіруіміз қажет.

Қазір не жазып жүрсіз? Соңғы кездері жаңа өлеңдеріңізді оқымадық. Әлде өлең жазуға азаматтық істермен қолыңыз тимей кетті ме? Қандай жоспарларыңыз бар? Солармен бөліссеңіз?

– Әдеби тарихымыздың кейбір мәселелері жөнінде бастап қойған дүниелерім бар, солар әлі аяқталған жоқ. Онда жұрт білмейтін біраз мәселелер сөз болады. Сонымен қатар, “Шәмшінің ғұмырлық геометриясы” атты Қалдаяқов туралы эссе кітабым шықты. Кезінде мен үш үлкен шығарма жазуды жоспарлағанмын. Оның бірі – “Өркениеттің адасуы”, екіншісі – “Жазагер жады космоформуласы”, үшіншісі – “Атлантиданы қиратқан алма”. Кейінгі кітап тоқтап қалды. Ол да үлкен рухани проблемаларға құрылған, осы заманның, өткен тарихтың күрделі мәселелерін көтеретін шығарма. Ара-тұра соған кірісіп қоямын. Оған уақыт та бола бермейді. Ұлттық мүдде төңірегінде күрес көп уақытымды жеп жатыр.

Қазір қандай күрес жүріп жатыр?

– Латын әліпбиіне көшуге 247 пайыз қарсымын. Көшетін болсақ, бүкіл республика болып көшуге болады. Ол ойымды баяғыда да айтқанмын. Бұлар тек қазақ тілін көшірмекші. Бүгінгі таңда қазақтың 65-75 пайызға жуығы өз ана тілінде оқи алмайды, жаза алмайды. 30 пайызға жуық қазақты көшіргеннен ешқандай пайда жоқ. Арғы-бергі тарихымыздың барлығы кириллицада қалады. Қазір бір кітап басып шығаруға үкіметтің ақшасы жетпейді. Миллионға жуық кітаптар қалып кетеді. Кейінгі жас буын олардан хабарсыз болады. Өзінің тарихын ұмытады. Бұл – ұлтты жоюдың жақсы жолдарының бірі.

Ағаның телефонына да тыным жоқ екен. Қоңырауға жауап беріп, келген хатты оқығаны болмаса, жауап жаза алмайды. Бір уақыт телефонға үңілген сәтінде жаңа ғана айтқан сөзінің дәлеліндей қызметкері ақыннан көмек сұрап жазған кезекті хатты алып келді.

Сағат 12.00-ге редакция қызметкерлеріне жиналыс белгіленген екен. Жиналысты журналдың жұмысынан бастаған ақын соңын ұлттық рух, азаматтық сана жөніндегі ойларымен аяқтады.

Өлең де оқылмай қалған жоқ:

Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі,

Тек сол үшін оны ардақтау – жөнсіздеу һәм күлкілі.

Дәуіріне, билігіне саналғанмен алымды,

Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды…

Нағыз ақын әр кезеңде өзін қағып үлестен,

Ұлттық рухи мүдде шыңы – шындық үшін күрескен.

Шындық кәусар ақындыққа болу керек асыл ән,

Шындықты айтып ер Махамбет айырылған басынан.

Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған,

Десек-тағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?

Ел, ұлт жайлы сырларымен,

Жыры биік тұрғанымен,

Ісі үшін мен Махамбетті

биік қоям Абайдан!

Бұл ақындық ұстанымым қалыптасқан талайдан…

Түскі 15.00-ге Қаскелең ауданындағы Үштерек орта мектебінде ақынмен кездесу ұйымдастырылыпты. Редакциядан шығып, мектепті бетке алдық.

Ақынды гүлмен күтіп алған мектеп қызметкерлері кездесуге өте жоғары деңгейде дайындалған.

Кіреберістен қазақша киінген әжелер күтіп алды.

Оқушылар ғана емес, ауыл тұрғындары да сүйікті ақындарын бір көріп қалмаққа ұмтылған көрінеді. Зал лық толы.

Оқушылар Шаханов өлеңдерін жатқа оқыды.

Бір бөлігі махаббат лирикасына тоқталса, енді бір бөлігі ұлттық рух төңірегіндегі жырларын оқып, көрерменді тәнті етті.

Әжелер Шаханов әндерінен попурри орындады.

Кеш соңында сөз алған ақынға мектеп директоры Айдымбаева Анар алғысын білдіріп, Мұхаңнан өлең сұрады.

Жырдан шашу шашып қана қоймай, ұлттық мәселені сөз еткен ақынды қаншалық жақсы көретінін көрерменнің әрбірінің көзінен байқауға болатын. Асылының әр сөзін қалт жіберіп алмайын дегендей, телефонға жазып отырғандар да көп еді.

Шығармашылық кештерінің бірінде жанына келіп амандасқан бір жігіт Шахановқа: «Көке, мені танымадыңыз ба?» – деген көрінеді. Еліміздің әр жерінде тілеулестері, оқырмандары көп Мұхаң: «Інім, айыпқа бұйыра көрме, есіме түсіре алмай тұрмын, бірақ жүзің таныс», – дегені сол еді, әлгі жігіт: «Көке, қалай есіңізден шығып кеттім? Баяғыда Шымкенттегі педагогикалық институттың акт залында сіздің студенттермен кездесуіңіз өтті. Сонда акт залы толып отырды. Мен ең соңында кірдім, сонда сіз маған қарап едіңіз ғой», – депті. Жігіттің мұнысына ақын: «Е-е-е... Сол сен бе едің?» – деп тапқырлық танытқан деседі. Бүгінгі кеш те ақынның талай оқырманының көңілінде, әсіресе оқушылардың есінде мәңгілікке қалғаны анық.

Бүгін жыр оқыған талай өрімдей жас ертең жасамыс тартқанда "Ақынның алдында өлең оқып, батасын алғам, көзін көргем" деп мақтанар...

Ақын мектептегі кездесуден көңілі шалқып қайтты. Өскелең ұрпақтың өз өлеңдерін жатқа оқығаны көңілін қуантқан болар. Алмарасанға бағыт бұрған көлікте келе жатып, ақыннан қарттықтың жайын сұрадым.

– «Қымыз және қарттық шақ, Малайзия королі мен оның жұбайы немесе Айтматов неге өкпеледі?» деген өлеңіңізде:

Жастық рухты сақтап қалу ерлікпен тең ұққанға,

Көп жыл бұрын Айтматов жетпіс жасқа шыққанда:

– Шалым, қарттық шақпен, міне, келіп тұрсыз бетпе-бет, –

Деп ем үш күн сәлемдеспей жүрді маған өкпелеп, – деген екенсіз. Өзіңіз жетпіс бесті қандай жас деп бағалайсыз? Шынымен, қарттық шақпен бетпе-бет келу ме екен?

– Менің ұғымымша, адам өзінің қарттығын мойындамауы тиіс. Бір өлеңімде мынадай жолдар бар:

Жер бетінде жел өшірген із аз ба,

Жігерсіздің өрісі әркез тар болған.

Отызында кемпір болған қыз аз ба,

Жігіт аз ба, отыз бесте шал болған?!

Біздің ауылда бір кісі бар еді. Түріне қарасаң, мәужіреген шал көрінетін. Сөйтсек, оның жасы сол кезде 37-де ғана екен. Ал қайбір жылы мені Малайзияның королі ХII Туанку Сайед Сираджудуддин ибни Аль-Маркум Туанку Сайед Путра Джамглайл қабылдады. Қасыма еріп жүрген Қазақстанның елшісі жақында елден қымыз алдырған екен. Соны корольге ала барып, әйелі екеуіне құйып берді. Олар рөмкеге еріндерін тигізді де қойды. Сонда мен корольден: “Король мырза, біздің қазақта Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай, тіпті Жүзбай деген аттар бар. Оның себебі, қазақтың ақсақалдары 70-80 жасқа келгенде жас әйелі ұл туады. Соған орай баласын Жетпісбай, Сексенбай немесе Тоқсанбай атайды. Ал сіздердің елдеріңізде 70-80-ге келгенде ұл тудыратын еркектер бар ма?” – деп сұрадым. Екеуі де: “Жоқ, бізде ондайлар болмайды”, – деді. “Ал бізде болады. Себебі олар мынадай қымыз ішеді. Қымыз 60-тан астам ауруға ем және мұның еркектің рухын көтеретін қасиеті бар”, – дедім. Әйелінің көзі жайнап кетіп, күйеуін “іш, іш” деп түртпектеп, ақырында екеуі де қымызды тартып-тартып жіберді.

Шынында да, біздің елімізде сондай қариялар көп болған. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 57 жасқа қараған әйел қошқардай ұл туыпты. Сөйтсек, ол қыста да қымызды үзбей ішетіндерден екен.

Иә, қарттықты мойындамау – ердің басты құралы,

Жастық кімде? Бақыт соған қайсар мойнын бұрады.

Қайсар, шыншыл еркек қана – елдік мүдде шынары.

Өмір мені Айтматовқа іні етіп сынады.

Қазір жасым ұлғайса да, сөнбей өрлік құмары,

Біреу «шал» деп айта ма деп зәрем ұшып тұрады...

Қарттық, көп жағдайда, адамның өзіне байланысты. Абхазиядағы 117 жасқа келгеніне қарамастан, билеп, ән салып жүрген жігерлі қарттарды көрген мен өзіме қарттық келді деп ойламаймын. Құдайға шүкір, әлі де біраз жігіттерді жолда қалдыратындай мүмкіндігіміз бар сияқты... Қарттық үлкен парасат биігінде тұруы тиіс. Өйткені жұрт қарттарға байыпты, парасатты адам ретінде, үлгі тұту ниетімен қарайды. Ал біздің қарттарымыздың көбінің мінезі өзгеріп, ТЖ-ға айналып кетті. Қазір мен шындығын жоғалтып алған адамдарды азамат деп те, ақын деп те есептемеймін. Сондықтан да мен Махамбетті Абайдан биік қоямын. Рас, Абай – үлкен ақын. Бірақ Махамбет – сөзі мен ісінің арасына айырма салмаған қазақтың дара перзенті. Қоғамдық мүддені ысырып, жеке өзінің мүддесін ғана ойлаған адам – адам емес.

Әңгіменің қызығымен Алмарасанға жеткенімізді де білмей қалыппыз. Мұнда ақынды Сәлім, Әлім деген ағайынды жігіттер күтіп алды. Өлеңді ерекше жақсы көретін, әсіресе Мұхтар Шахановтың жырларын жатқа оқитын Сәлім аға немересінің тұсауын кестірмекке ақынды арнайы шақырыпты.

"Шалкөде" демалыс орнының табиғаты да сондай әдемі екен.

Тау бөктеріне тігілген киіз үйде ақынға арналған мол дастарқан жаюлы.

Төрден орын тепкен Мұхтар ағаға қарап отырып, осыдан біраз уақыт бұрын орын алған жұбайы Қаншайым Шахановамен әңгімемді еске алдым. Ол кісіден ақынның тамақтануы туралы сұраған болатынмын. Қаншайым апай: "Негізі, Мұхаң ас талғамайды. Не дайындап берсең де риза болады. Алдына ас келгенше өз бетімен тоңазытқыштың есігін ашатын адам емес. Ең сүйікті асы анасының Мұхаңа арнап пісіретін жұқпасы еді. Қазір енді өзім жұқпаны марқұм анасындай етіп дайындауға тырысамын. Әр пісірген сайын Мұхаң: "Міне, анамның пісірген жұқпасына енді жақындап қалды", – деп отырады. Ол кісінің анасымен де жақсы тіл табыстым. Ризашылығын, батасын алдым. Анамыз өте қасиетті, жаны кіршіксіз таза адам еді", - деп жауап берген еді.

Ал бүгін сыйлы қонақтың сыбағасы ретінде ақынға арнап қой сойылыпты.

Мұхаң ерекше жақсы көретін "айғырдың әйелінің сүті" мен "түйенің әйелінің сүті" де осында.

Шәй ішіп отырып, Шаханов туралы жұрт аңыз ғып айтатын "Кесе лақтыру" оқиғасына да куә болдық. Бұл туралы жазушы Құдияр Біләл: "Мұхаң – жалғыз өзі отырып тамақ жей алмайтын адам. Жұмыс орнында да дастарқанымыз жиылмайды. Кім келсе де, Мұхаңмен бірге отырып бір кесе шай ішпей кетпейді. Шәй үстінде Мұхаң босаған кесесін шай құйып отырған қызға қарата әуелете лақтырып жібереді. Ол қыз кесені лып еткізіп қағып алады. Бұл – бізде күнде қайталанатын үйреншікті жайт. Ал алғаш көрген адамның тіпті есі шығып кетеді. Оларға Мұхаң: "Егер қойшы баққан қойын қасқыр шапқандай етіп арагідік үркітіп отырса, қойы күйлі болады екен. Мен де өз қызметкерлерімді осылай ширатып отырамын. Оған бәрі үйренген", – дейді. Шынында да, әлі күнге дейін Мұхаң лақтырған бірде-бір кесе жерге түсіп сынған емес", - деп жазған еді.

Расымен солай екен. Ағаның бұл қасиетін алғаш көрген Ғабиден Жәкей: "Басында елес екен деп ойладым. Кейін ғана шын лақтырып жатқанын түсіндім", - дейді. Біз де басында таңғалып қарағанымызбен, келесісін суретке түсіріп алдық.

Ағаның айналасындағы қыздар шәй ішіп, кесе босатқанын бақылап отырады екен. Еш ескертусіз кесені лақтырып қалғанда, осылай қағып ала қояды.

Шәй үстінде ақынның Шәмші Қалдаяқовпен достығы жөнінде әңгіме болды.

Жақында аға-досыңыз Шәмші Қалдаяқов туралы “Ән аға” атты телехикая экранға шықты. Арасынан сіздің бейнеңізді де байқап қалдық. Фильмде көрсетілген дүниелер өмірден алынған ба?

– Шәмші екеуміз ағалы-інілі болдық. Өзің айтпақшы, жуырда жарық көрген фильмде мен де бармын. Менің рөлімді бойы екі метрдей жігіт ойнайды. Шәмшінің рөлінде де бойшаң жігіт екен. Мен орта бойлы ғана адаммын, ал Шәмші менің құлағымнан ғана келетін. Фильмде мені Шәмшімен “Шымкенттен бір керемет жас ақын шығыпты, осында Алматыға келіп қалып еді” деп Мұқағали Мақатаев таныстырады. Бұл да өтірік. Онда Шәмшінің әйелі Жәмиләні керемет әйел етіп көрсетеді. Егер ол керемет әйел болса, Шәмші 30 жыл басқа жақта жүре ме? Бір ғана біздің үйде 10 шақты жыл тұрды. Бір кездесуде менен «Жәмиләға қалай қарайсыз?» деп сұрады. Мен: «Жәмиләға өте үлкен құрметпен қараймын. Себебі, ол 10 ауыз сөз сөйлесе, соның 7-ақ ауызын орысша айтады. Балаларын түгелдей орысша тәрбиеледі», – деп мысқылмен жауап бердім. Шәмшінің бір үлкен жиыны кезінде екі ауыз қазақша сөз айтып бере алмады. Балаларына да «үйренсеңдерші» деп талай рет ұрыстым.

Менің анам – 13 бала туған жан. Сол 13 баладан мен ғана тірі қалғанмын. Бірақ анамнан “Қанша балаңыз бар?” деп сұрағанда, ол үнемі: “Үш балам бар. Үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – Мұхтар Шаханов”, – дейтін еді. Шәмші де, Төлеген де дүниеден өткендерінше менің шешеме ерекше құрметпен қарап кетті. Менен Шәмші 12 жас үлкен болды. Төлеген Айбергенов 5 жас үлкен еді. Соған қарамастан, арамызда достық серті бар. Бұл ұсынысты Төлеген: «Өмірдің соқтықпалы, соқпақты бұралаң жолдарында, бір-бірімізге шетсіз, шексіз адал болуымыз үшін ылғи да бір-біріміздің шыншыл істерімізді қолдап, сыртқы пенде көздерден қорғап, қуаттап жүруіміз үшін, кеудемізге кеудемізді түйістіріп, оң қолдарымызды бірінің үстіне бірін міңгестіре, бір жұдырыққа айналдырып, серттесуіміз керек!» – деді. Шәмші де, мен де Төкеңнің бұл ұсынысын қуана қолдадық. Көйлектерімізді шешіп, өзара кеуде тоғыстырдық. Оң алақандарымызды бірінің үстіне бірін қойып, ортақ жұдырық жасап, барлық кезде бір-бірімізге жұдырықтай жұмылып, адал болатынымызды айтып серттестік. Анам көзіне жас ала отырып, алма-кезек үшеуміздің бетімізден сүйді. Сорымызға қарай Төлеген 30 жасында тіршілікпен қоштасты. Сол жылдары Төлеген туралы:

Бірімізді біріміз қуат көріп,

Бірімізден біріміз шуақ көріп,

Бір-бірімізге пана болып,

Мен іні боп, сен қимас аға болып,

Дарқан көңілің шалқитын дала болып.

Кәусарынан достықтың қанып ішіп,

Бір тілектің бойынан табылысып,

Сәл көрмесек сабылып, сағынысып,

Жолығуға асықтық алып-ұшып.

Көз жазбаған перзент ең ұлы ағыннан,

Неге түстің ертерек пырағыңнан?

Жылдар тұра қалса да арамызға,

Қыран даусың кетпейді құлағымнан.

Шын достықтың қашанда арманы асыл,

Асыл ниет қалайша самғамасын?

Сен бар жердің бәрінде мен жүремін,

Мен бар жердің бәрінде сен боласың! – деп толғандым. Осы өлеңнің үш-төрт шумағын Шәкең де жатқа білетін. Рас, кейін Шәмші екеуміздің арамызда салқындық тудырған оқиға болды. Ол Шәкеңнің қатты ішіп жүрген шағы еді. Сондықтан оған уақыт талабына сай сәл-пәл кешіріммен де қарау керек шығар. Ол Төлеген өмірден өткен соң оның әйелі Үрнисаға үйленіп алды. Өз басым қабылдай алмадым. Алматыға телефон соғып, бұл істі қолдамайтынымды айтып: «Баяғыда бір-бірімізге адал боламыз деп серттескен едік қой. Оны бұзғаның несі? Одан басқа әйел құрып қалды ма? Ертең мен өлсем, менің де әйеліме үйленіп аласың ба?» – деп қатты ренжідім. Ештеңені түсінгім келмейтінін айтып, телефон тұтқасын тастай салдым. Арада екі-үш ай өткенде таңалагеуімде Шымкенттегі өзім тұратын үйдің қоңырауы шылдырады. Ашсам, Шәмші мен Үрниса. Қолдарында үлкен қолсандығы бар. Шәкең мені құшақтап сүюге ұмтыла беріп еді, қолымды көлденең тұттым. «Осымен ара қатынасымызға нүкте қойылды. Сау болыңыздар!» деп есікті тарс жауып, үйге кіргізбедім. Ол екеуінің жұбайлық өмірі үш жылға ғана созылды. Кейін Шәмші арнайы келіп, «Төлегеннің балаларына қол ұшын беру үшін Үрнисаға үйлендім» дегенім сылтау екен. Оларға қарасып тұра алмадым. Төлегеннің аруағынан да кешірім сұраймын» деп кешірім сұрады. Көңілде «әттеген-ай» болғанымен, араластығымыз қайта басталды. Одан кейін де бірлесіп жазылған талай ән дүниеге келді.

Осы Сәлім ағаның әкесі кезінде ауылдарына келген жас ақын Мұхтар Шахановтан кітабына автограф жаздырып алған екен. Бүгінде талай жыл мектепте ұстаздық еткен ақсақал өлеңсүйер баласына ақын атасынан арнайы тілек жаздырып алды. Ақынға деген құрмет, сүйіспеншілік ұрпақтан ұрпаққа осылай жетіп отыр. Әрі дәл бүгін сүйікті ақынына немересінің тұсауын кестірмек.

Ақынның жанында жүрген осы бір күнде қарапайым халықтың Мұхаңды ерекше жақсы көретінін байқадық. Жырлары отты, өзі бала секілді аңғал, ісінен батырлықтың лебі есетін ақын туралы ел ішіне тарап кеткен, замандастары жыр ғып айтатын қызық оқиғалары да осы сәтте ойыма орала кетті. Бұл ақынның Қырғызстанда елші боп жүрген тұсы екен. Өзі Қырғызстанның Ішкі істер және Сыртқы істер министрлігімен жақсы қарым-қатынаста болыпты. Қырғыз тілінде Ішкі істер «Ішкі іштер», Сыртқы істер «Тышқы іштер» деп айтылады екен. Бір күні жиналыс болып, сахнаға шыққан Мұхаң зал ішіне көз жүгіртіп: «Келеміз деп еді ғой, әлгі «ішкіштер» мен «тышқыштар» министрлігінің өкілдері қайда?» – деген көрінеді. Оны естіген біздікілер қыран-топан күлкінің астында қалыпты. Сондай-ақ Мұхаңның Қырғызстанның сол кездегі президенті Асқар Ақаевқа сенім грамотасын тапсыруы да ел ішінде аңызға айналып кеткен. Мұхаң Асқар Ақаевқа сенім грамотасын тапсыруға асығып бармай ма?! Арғы беттен президент шығады, бергі жақтан Мұхаң қарсы жүреді. Енді сенім грамотасын тапсырайын десе, ол құрғыр үйінде қалып қойыпты. Сасып қалған Мұхаң: «Ойбүу, грамота үйде қалып қойыпты. Барып, әкеле қояйын», – дегенде, президент күліп жіберіп, грамота тапсыру салтанатын басқа күнге ауыстырыпты деседі. Мүмкін бұл әңгімелер шын емес те шығар. Халық өзі жақсы көретін адамының әрекеттерін аңызға айналдыруға шебер емес пе?!

Мұхаң құрдасы, жазушы Дулат Исабековпен де жиі қалжыңдасады екен. Ақын туралы жазушы Дулат: "1986 жылдың «батырлары» көп. Алайда ол кезде, Мұхтардың сөзімен айтқанда, бәрі де үстелдің астына кіріп кеткен болатын. Сол уақыттағы «ерліктерін» айтып, «батырлар» енді шыға бастады. Мен олардың ешқайсысына сенбеймін. Себебі мен де сол оқиғаның ішінде жүрдім, бәрін көзім көрді. Мұхтардай ерлік жасаған ешкім жоқ. Тіпті ондай ерлік жасағандардың қатарында мен де жоқпын. Мұхтар «болмайды» деп тыйым салынған нәрсенің өзіне қарсы жүре беретін. Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры Александр Матросовтың жалаңаш кеудесін пулемет оғына төсеген ерлігі есіңізде болар, Мұхтардың да ерліктерін осыған балар едім. Ақыры Мұхтар барлығын жеңіп шықты. Әйтсе де қазір елімізде Мұхтар сияқты өте абыройлы ақын сирек. Мұхтар поэзияның қас шебері, өмірдің қас батыры болғанымен, мінезі ала-құла. «Қой» десең де, сөзге құлақ аспайтын кездері болады. Өлімнің, астың, мерейтойдың кезінде де өзге әңгімені қозғап кететіні бар", - дейді.

Дәл осы Дулат аға Шахановтың «Кімде-кім қазақ тілінде сөйлемесе, кімде-кім қазақ тілін қорғамаса, кімде-кім «мен қазақпын» демей, «қазақстандықпын» дейтін болса, онда сендердің бәрің – малсың», – дегеніне: «Мал демей, тым болмаса «ұлттың патриоты емессіңдер» деп айтсаңшы", - дейді екен. Бірақ оған тоқтайтын Шаханов па?! Жеті-ақ сынып бітіргенін, жоғары оқу орнында білім алмағанын алға тартады да, "сендер-ақ мәдениетті болыңдар" деп айналасындағыларды сөзбен сойып салатын көрінеді.

Дулат Исабеков Мұхтар Шахановтың өлеңдеріне өзінше пародия да жасап жүреді екен. Мысалы, "Жігерлендіру немесе өзін бақытсызбын деп есептеген жігітке жауап" атты өлеңіндегі:

Кім айтты саған:

Тұлпарды сүрінбейді деп,

Асауды мінілмейді деп,

Ақ көйлек кірлемейді деп,

Қара ешкі мүжіген ағаш

Қайтадан гүлдемейді деп? – деген жолдарына келтірген Дулат Исабеков:

Кім айтты саған:

Күн қайта шықпайды деп,

Кім айтты саған:

Күн қайта батпайды деп, – деп әзіл өлең шығарған көрінеді. Оны естіген Мұхаң ренжімейді, қайта балаша мәз болады.

Қарапайым тіршілікте жұмсақ, бауырмал, аңғал ақын ұлттық мәселеге келгенде батыл, батыр, қайсар. Тұяғымен жер тарпыған тұлпар сынды ауыздығымен алысқан тұлпар сынды, шаршы топтың алдында сөз сөйлегеніне талай куә болдық қой. Ал біз бүгін таныған ақынның болмысы мүлде басқа еді. Оның батырдай аңғалдығын білетін жұрт көп жағдайда, әсіресе саяси мәселелерде пайдаланып кететін де көрінеді.

Барлық рәсімдер бітіп, қас қарайып қайтамыз деген тұста ақжарқын ақын: "Жігіттер, аттарың бар ма? Мініп алып шаппаймын ба? Мыналар түсіріп алсын", - деп бізді мәз қылды.

Қазақ емес пе, жетпістен асқан жасына қарамастан Мұхаң аттың құлағында ойнайды екен. Сонадайда шауып келе жатқан ақынның бейнесі көз алдымызға жауға атойлап қойып бара жатқан бұрынғының батырын елестетті...

Расымен Мұхтар Шахановты бір Желтоқсандағы ерлігі үшін "ХХІ ғасыр батыры" десек кім дау айтар?!...

Марфуға ШАПИЯН,

фотосуреттерді түсірген Әйгерім БЕГІМБЕТ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар