Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Мұнайдар Балмолда. Бөрінің өлімі (әңгіме)...

16.07.2018 11717

Мұнайдар Балмолда. Бөрінің өлімі (әңгіме) 12+

Мұнайдар Балмолда. Бөрінің өлімі (әңгіме) - adebiportal.kz

Танауынан буы бұрқырап, омбы қарға бауырын сызған жирен қасқаны қамшылағаннан түк өнбесін түсінген Қуат: «Өй, әкеңнің...» деп бір боқтап, алға ентелей жаяу тартты. Тапауға шыққанша бейәдеп сөздің бірінен соң бірін босатты. Есті жануарға қамшыдан гөрі осынысы қатты бататындай иесі зекіген сайын пысқырып, басын жұлқиды.

Ат тізгінін білегіне іле салған аңшы келер сәтте: «Ә, міне, міне... Менен құтылмассың!..» деп қар бетіндегі әлдебір аңның қанға бөккен ізіне шұқшиып, жерден жеті қоян тапқандай қуанды. «Әуселең белгілі болды. Шойнағым, ұзай қоймассың!..»

Бұл қақпанға түскен артқы сирағын қырқып тастап, қанжоса күйі ұзай берген арланның ізі болатын. Қасқыр соғып аты шыққан Қуатқа да керегі осы із. Ендігі шаруа оңай. Жаманауызды қару жұмсамай-ақ бір жағына шығарады.

Аңшы жігіт осыған шейін де қандыауыздың бірнешеуін тірілей ұстап, ит төбелестіргіштерге сатып, дәнікті. Бірақ мына бір үш аяқты арланнан не қайыр, ит таласқа шыдамай, бірден құрбан болары кәдік. Жә, не болса да алдымен өзін көріп алайын деген пиғылдағы аңшы қимылын ширатты. Ізден жаңылмай індете қуып, арланды ақыры тығырыққа тіреді. Айналасына қамыс қаулаған, шағын алаңқайлы тұйықтық алдағы арпалыстың межелі орнындай сыбдырсыз тына қалыпты.

Қуат атын қаңтарып, әудемде бауырын жерге төсеп, «келсең-кел» деп жатқан көкжалдан көзін айырмай шегіншектей берді. Оған енді ұзақ қуғыннан сілесі қатып, мойны қарысқан қасқырды арт жағынан келіп бас салу ғана қалды. Оны мұндай батылдыққа итермелеген бір жағынан ерлік тілеген жастығы болса, екінші жағынан тірі қасқыр сатып алушылардың ғаламторды да жаулаған жөн-жосықсыз жарнамасы. Заманы түлкі болса қайтеді, тазы боп шалуға бұл дайын. Тірі қасқыр сатып та тым тәуір қаражат жинауға болатынына соңғы екі-үш жылда Қуаттың көзі әбден жетті. Қазір Атырау, Ақтау, Ақтөбе жағынан мұны әдейі іздеп келіп, тірі қасқырға сұраныс беріп кететіндер баршылық. Кейбірі алдын ала ақшасын да төлеп, пысықтық танытады.

Қуат – табиғатынан қарулы жігіт. Ауыл намысын қорғап боз кілемнің шаңын қағып, талай жүлденің басын қайырған жиырма бестегі нағыз жас перінің өзі. Оның аңшылыққа келуі әуесқойлықтан емес, өзіндік тарихы бар шерлі хикая...

Осыдан біраз жыл бұрын ауылға қасқыр шапты. Түз тағылары таңғы алагеуімде шағын ауылдың қанталапайын шығарып, итінен бастап, қорадағы малын тамақтап, тысқа шыққан бірнеше адамды жаралап кетті. Солардың ішінде сиыр саууға шыққан Айбарша да бар. Айбарша көрші үйдің қызы. Қуат екеуінің сөзі жарасып, бір-біріне бауыр басып қалған болатын. Қыздың әкесі Мырзаның қаладан келген аңшыларға жол көрсетіп, ара кідік дала кезіп, жоғалып кететінін түгел ауыл білетін. Оған үлкендер жағы: «Бұл кәсібіңді қойсаң қайтеді, мұның түбі жақсылыққа апармайды» деп әлденеше ескерткен. Бірақ қалалық достары ақшамен алдап, нәпсісін билеп алған Мырзаға ондай сөздер шыбын шаққан құрлы әсер етпейтін. Өзі білгенін істеді. Жұмыс жоқтығын сылтауратып, үйренген қаскерлік кәсібін тастамады. Ақыры ауыл үлкендерінің сәуегейлігі айнымай келді.

Күздің бір сәрісінде ауылдың ызы-қиқысы шықты. Бөлтірігін жоқтаған тағылар Айбаршаны да талап тастады. Қорғансыз қызды тамақтай салу қасқырға бұйым ба, бірақ тиіскендердің барлығының да бет-жүзін тырналап, сойқанды із қалдырып кете барған. Олардың бұл әрекетіне мән беріп жатқан ешкім болмады. Асылы мұнда: «Ей, адамдар! Сендер біздің бөлтірігімізді ұрладыңдар. Сендерде ұят жоқ. Бетсіздер...» дегендей ишара бардай...

Байғұс қыз өз-өзінен үркек, үрейленгіш болды. Ата-анасы оны емдетеміз деп қалаға әкетті, сол кеткеннен мол кетті, ғашық жігіттің арманы алыстап, үміті үзілді. Мұның бәріне – қасқыр кінәлі. Ол осылай деп түйді. «Ендігі ісім сендермен болсын» деген шемен кегі барған сайын өршіп, бітіспес өшпенділікке айналды.

Әуелгі кезде бірлі жарым жыртқышты сойылмен соғып, айызы қанғанша басын мылжалап, терісін сыпырып, түзге тастап кетіп жүрді. Бір қызығы жылдың қай мезгілі болмасын итқұстың өлімтігіне ешбір аң да құс та жуымайды екен, ең құрығанда шыбын мен құрт-құмырсқаға жем болып жатар деген, онысы да бекерге шықты. Терісінің түгі түтіліп, қалғаны қатып-семіп, қара жерге сіңіп жоғалатындай. Мұны көрген Қуат қатты қайран қалды, қасқырдың өзі ойлағандай жай ғана жыртқыш емес, болмысы бөлек, жұмбақ жаратылыс екенін іштей мойындады. Мойындай тұрып, ыза-кегі өлшеусіз артты.

Уақыт өте келе бұл істеп жүргенін де азсынып, басқаша амал ойлады, ақыры оны да тапты. Оған итқұсты қарумен алу кез-келген аңшының қолынан келетін ең оңай жол көрінді, содан елден ерек әдісті әлденеше қайтара тәжірибеден өткізіп, «өзінікі қылып» алды. Оның бұлай аң аулау тәсілін астындағы атынан басқа білмейді. Бәлкім бұл бұған шейінде табылған әдіс-айла шығар, онымен хабары жоқ, білетіні өзінікі өзіне жаңалық.

Иә, қасқырды тірідей ұстап, сазайын беру, итке талатып, әбден қорлау, өшін алу – бәрі Айбаршасы үшін. Қуат өзін кімнің алдында да осылай ақтап аламын деген ойдың құрсауында ұстады және осы іс-әрекетінің дұрыстығына тастай сенді.

Көкжал қансырап, әбден титықтаған. Соңына түскен қуғыншының қайратты, әккі екенін сезетіндей. Азу тісі ақсиып, қарсы бетте қарайған аттан көзін айырмай аңдыс кейіпке енген. Бар күшін жиып, жауына атылғалы жатыр.

Қуат қасқырдың ту сыртынан келді. Қалың қамыстың қорысын шығара, жан-жағына жайпай із салған ескі қабан сүрлеумен мысықтабандай жылжып, көздеген тұсынан дәл шықты. Он қадамдай қашықта арлан жатыр. Қос бүйірі бүлк-бүлк етіп, ауыр тыныстайды. Қақпан қапқан сирағының жарымы жоқ, қалғаны құр салақтап қапты. Үстінің түгі көксұр, тұрқы дырау нағыз көкжалдың өзі екен. Әзірге ештеңе сезбейтінге ұқсайды. Қуат тез бойын жиып, ақырғы, шешуші қимылға көшуге ыңғайланды. Ол өзінің әдісі мен қара күшіне сенеді. Бірақ қашанғыдай жүрегі дүрсілдеп, кеудесіне сыймай барады. Болды. Енді кешіксе өзін-өзі ұстап береді. Сәл ағат қимыл – орны толмас өкініш. Қуат қонышына тыққан кездігі мен жіпті бір тексеріп алып, еңкейген күйі алға бірер қадам жасады. Сосын қабыландай атылып барып, арланның үстіне төнді. Мойнын бұруға шамасын келтірмей алқымынан алып, сығымдап, салмағын салып, баса түсті. «Ырр-гүр» еткен сондай үрейлі дыбыс шығарған көкжал жер тырналап қалды. Жігіттің әлуетті қолы ұстаған жерін мытып барады. Астында жыртқыш емес, құдды күреске түскен қарсы палуан жатқандай әр қимылын есеппен істеп, асықпады. Қонышынан қылдан ескен жіп суыра бергені сол еді арлан аунақшып кетіп, алдыңғы аяғымен мұның бетінен осып жіберді. Бетін жуған қанға қарамастан, жанталаса қимылдап, арланның тұмсығын, сирағын мықтап байлап, табандап тастады. Сосын ғана барып жерден қар алып, бетіне басып ұзақ отырды. Құлақшынын қисайта киіп, жарақатын бастырған болды. Бойын ашу кернеді. Дереу арланның байлаусыз қалған жарты сирағына кездігін батыра шұқып көрген, көкжал бұлқынып қалды, суыққа тоңазып, дегди бастаған жарақаттан шып-шып қан ақты. Біраз аққан соң Қуат мойыншарын шешіп, жараны таңып, демін алды.

«Һе, енді тең болдық. Әйтпесе, мұндайыңды күтпеп едім. Сен де мені бұлай аспаннан түседі демедің-ау, ә?» деп кеңкілдей күліп, өз ісінің барынша ойлағандай біткеніне масайраған Қуаттың көзі арлан көзіне түсті. От жасыл шарада болған іске сенер-сенбесін білмеген, қара басып, қапы қалған аңғал батырдың бітіміндей өкініш тұныпты. Не деген өткір? Бұл шыдамай көзін тайдырып әкетті. Байлаулы көкжал ырылдап жатыр...

«Тұтқынды» әкету көп күшке түсті, аяғын бос қойып, жетекке алуға батпады, ал байлаулы күйі атқа артайын десе, аты үркіп, маңына жолатпай қойды. Бұған шейінгілерді қалай әкетіп жүрген, барлығын осы жирен қасқаның арқасына салып, салақтатып апаратын, бұл жолғысының басқадан қандай айырмасы бар, бұл да қасқыр. Иә, зау, азуы алты қарыстың өзі. Қуат тақымында қыстырулы жүретін жолқапшығын алып, бөрінің басына кигізді, сөйтіп жүріп ат арқасына асып, ауылға бет түзеді. Ауыл шеті қарайғанда алдынан інісі шықты.

- Аға, қанжығаңыз майланыпты ғой! Өзі де анау-мынау емес ірі екен, ә? Арлан шығар,-деп Абат сұрақтарын боратып, сондай бір мақтанышпен лепіре сөйледі,- Мырза аға да мана келген, оның құрған бір қақпаны

на қасқыр түскен екен, алайда сытылып кетіпті. Мынау сол болмасын?..

- Оны итім біліп пе? Бұл маңда Мырзадан басқасы қақпан құрмайды ма екен, о несі-ай, Мырза, Мырза деп... Абат, мә, бос сөзді қой, онанда атқа ие бол,- деп арланды түсіріп, байлауын шешіп, тек мойын жібін мықтап, сүйрей жөнелді. Басы тұмшалаулы, жаралы қасқыр неде болса көріп алдым дегендей бұл қорлыққа да көнді.

Ауылға бұрын жеткен Абаттан құлақтанып, жарыса жеткен тентектер алдын кес-кестеп: «Қуат аға қасқыр ұстапты, нағыз көкжал» десіп жатыр. Біреулері төбеттерін ілестіре шығыпты. Итқұстың иісін сезген аталастар үруді ұмытқандай, қыңсылай ұлып, иесінің артына тығылып, әбігерге түскен. «Өй, Тарзан, сен не, шойнақ қасқырдан қорқып...» деп иттөбелестіргіштің бірі Құмар дейтін жігіт қаралай ұялып жатыр. Оның төңірегіндегілердің де кейпі сол, етегіне оралған иттері Қуат жетегіндегі арлан қастарынан ұзағанда барып, шәуілдеп, әншейінде қайқы тұратын құйрықтарын бұттарына қысып, жым болған. «Әй, мыналарға не болған? Әзірейілді көргендей ғой, өздері, ә?», «Қуат, ана пәлеңнің басындағысын сыпырып тасташы, түрін көрейік...», «Сөйтші, не өзі, шын итқұс па, әлде басқа бір пәле ме әкелгенің?»,- десті даурыққан көп.

- Қойыңдар-ей, егер басындағы қапты сыпырсам, онда сендердің де жақтарың қарысар, осылай көргеніңе шүкір етіңдер!

- Недейіт?.. Көрсет, албасты болса да!..

- Ей, аңшы, бетіңе не болған? Қан қатып, кәдімгідей тыртық боп қапты ғо!..

- Замир, менің бетімді неғыласың, онан да Алабайыңды бапта, мынаның түрін көрсе, мақтаулы сырттаның бұтын көтерместен сиіп жіберер. Өзің де мықты бол. Ха-ха!..

- Қуат, олай зықыма тиме, босқа лепіргенше сүлдесін сүйреткен итқұсыңды алаңға дайында, менің «Чемпионым» талап тастамаса құлағымды кесіп берйін!..

- Сенің қалқаң құлағыңның керегі шамалы, ал алаң мәселесін көре жатармыз, аз күн мұрсат бер, күйімізге келіп алайық,-деп Қуат арланды жетектеген күйі ұзай берді.

Жігіттің бұл жолғы ерлігіне сүйсінгендер түгел көшеге шыққанға ұқсайды, арасында кемпір-шал да жүр. Аузы ішімдіктен құрғамайтын Қуаттың құрдасы Роман бір тұста жетіп келіп, арланға кигізген қапты жұлып алды да тырағайлап қаша жөнелді. Арлан «ырр» еткенде сүрініп кетіп, етпетінен түсті. Жұрт қыран-топан күлкіге батты. Басын төмен салып, ауыр қозғалған көкжалға балалар тас лақтырып, үлкендер үрейлене, таңырқай қарасқан. Баяғыда ауылға қасқыр шапқан оқиға естеріне түскендері таяқпен нұқып, боқтап, әйтеуір бір өштерін осыдан алып қалғысы келгендей қызынған. Оларға Қуат та бөгет бола алмады, бірақ ауылға тірі қасқырды итке ұқсатып жеткетеп кірген мұны батырға теңеп, қайран қалғандар қатары көше сайын артты. Өз үйінің ауласына еніп, көзден таса болғанша Қуат өзін бәріне ортақ жауды қолға түсірген қас батырдай сезінді, жан жақтан ағылған мақтау сөзден арқасы қозып, балпаңдай басып, түпкі қораға таяды.

- Абат, шынжырды тарқат, құлыпты әкел!- деп бұйыра сөйледі. Інісі бәрін әзірлеп қойған екен, екеулеп жүріп көкжалды темір торлы шоланға кіргізіп, жуан қазыққа көгендеді. Сырт есігіне құлып салды. Бар шаруаны тындырып, қорадан шыққанда інісіне жолығып жатқан Қасымды көрді. Қасым – ауылдың ұстасы. Үйі де шеберханасы да көптен шеткері орналасқан. Абаттың ағаш, сүйек, темірден істеген бұйымдарын көріп, қолының епсектілігін айтып, мақтап жүретін, дәуде болса бұл жолы да сондай шаруамен жүргенге ұқсайды. Қолында әлдебір заты бар. Онымен араластығы жоқ болса да Қуат бұл жолы қол беріп амандасып жатып:

- Қасым, сен де кәсібіңді өзгерткенбісің? Қолыңдағы не, қақпан ба? – деп мысқылдай сұрады.

- Жоға. Бұл қақпан емес. Әшекей салатын қорап. Іншегіңнің жұмысы. Әлі біткен жоқ. Соны Абатжанмен ақылдаса келгем. Айтпақшы, естіп жатырмын, жұрт сені арлан ұстады дейді ме? Қақпанның көкесі сенде болды ғой,- дегенді естігенде Қуат манадан бері бойын тырыстырған тәкаппар күйін жоғалтты, талағы тарс айырылды:

- Қайдағы қақпан айтып тұрғаның! Мына жалаң қолыммен ұстадым!- деп саусақтарын баржитып, Қасымның алқымынан алардай қалшылдай төніп кеп, өзін әрең ұстап, әрмен асты.

- Абатжан, ағаң түз тағыларымен айқасамын деп өзі де тағыға айналып кетпесе жарады. Түрі жаман. Сен...

- Қасым аға, қайтесіз. Оның қайта осылай аңшы болғаны жақсы. Әйтпесе, есіңізде ме, бір жылдары ішкілікке салынып кете жаздағанын. Өз-өзімен күйініп... Ағамның қасқыр десе өші бар. Өзінің айтуы бойынша осыған шейін он шақты итқұсты жайратыпты. Өлтіріп, далаға тастап жүре беретін көрінеді. Оның үстіне қаншасын сатып жатыр...

- Иә, қазір кімнің аң, кімнің адам екенін айыру қиын...

- Не дедіңіз аға?

- Ә, жай әшейін. Арланға не болғанын айтарсың. Көп ұстамас, сататын болар?

- Білмедім. Оны маған айтпайды ғой. Жақсы аға, сау болыңыз. Хабарласам ғой.

Кешкі ас үстінде үйге көрші Мырза келді. Сәлем-сауқат сұрасып жатпай бірден шаруасына көшті.

- Қуат, олжалы оралыпсың. Бірақ маған тиесіліні ұстадың. Қақпан менікі, ал қас...

- Көрші, онымен не айтқыңыз келеді. Сіздің қақпанға іліксе, сол жерде жатпас па, мен оны қуып жүріп ұстадым, мына жалаң қолыммен... Осыны бас-басыңа тәптіштеп жатуым керек пе? Сізді ұқпадым...

- Жоға, жай әшейін айтқаным ғо... Көңіліңе алма, батырым. Жұрт сенің бұл ерлігіңді көпсінеді, көре алмайтындар да табылар. Иә, айтарға жоқ сенің аңшылығың төтен, сау қасқырды қарусыз-ақ аласың. Оныңа таң қалмауға болмайды, менің айтпағым сол, қолға түскен олжаңды өз көзіммен көрейін деп едім. Жұрт шулап жатыр: « Қуат пәлен, Қуат түген» деп... Арланды ауылға жетелеп кіргізді дейді ме, сирағын жұлдырған итті кім сүйремесін... көрейінші өзін...

- Көріңіз... Қараңғы түсті, күндіз келіңіз, жарықта қанша уақыт көремін десеңіз де еркіңіз. Сіздің ашуыңыз әлі тарқамаған-ау, ауылға шапқан қасқырды ақыры атып, басын кесіп, дәрігерлік тексеруге берген өзіңіз емес пе едіңіз? Ондағы арлан ешқандай да құтырмаған боп шықты. Негізі сізді көздеген ғой, бірақ кесірі қызыңызға тиді. Ал бұл мүлдем басқа тағы,- деп Қуат тістене жауап қатты.

- Қуат-ай, ел айтқанды сен де қайталадың-ау. Көршім деп жүрсем. Жә, солай болса, болар. Сол бір сұмдық оқиғадан бері кімнің ашуы тарқады дейсің, қызымның бетіне ота жасап, емдегенмен айдай Айбаршам қатарынан қалды. Ауылдан безді. Қазір Астанада, апа-жездесінің үйінде. «Ауылға келмейсің бе, бізді сағынбадың ба?» десем, үндемейді. Пәк көңілі әбден зәрезап болған. Солай, бұл итқұс малды қойып, адамға шапты, сәбиді қорқытты... Кек қайтуы керек!.. Ерте ме, кеш пе кек...- деп ызбарланды.

- Иә, солай аға...-деп Қуат төмен қарап, көзіне іркілген жасты көрсетпеуге тырысты.

- Жарайды ендеше, уәде – уәде, ертең келемін, яғни желтоқсанның екісінде,- деп орнынан түрегелген Мырза қабырғадағы күнтізбеге үңіліп, сыртқа беттеді.

- Мәссаған, қараша да бітіп, желтоқсанға да еніп кеттік десеңші, біз мынаның бетін ауыстыруды да ұмытыппыз,-деп Ұлпаш шешей күнтізбеге қол созды.

Күн аяз, бірақ шолақ ғұмырлы ақ шуағымен айналаны ерекше күйге бөлеген. Малды жайлап, өзі де ауқаттанып алған аңшы жігіт итаяққа су құйып, бір кесек шикі ет ұстай шыққан, түп қораға таяғанда бұған шейін қолға түсіп, күстәнә күй кешкен қасқырда болмаған көрініске тап кеп, аз-кем тосылып қалды. Ызалы арлан бар өшін шынжырдан алып, езуінен қан аққанша шайналап жатыр екен. Қуат мырс етті: «Һе, азуыңды сындырып алма, мә, оданда сүйікті етіңді же...» деп әкелгенін таяқпен түртіп, алдына таман жылжытты. Қасқыр арс етіп, таяқты қауып, итаяқты ақтарып тастады. Етке қараған да жоқ. «Өй, пәтшағар, қайтеді өзі, ә... Ендеше өлем қап!..»

- Оу, батырым, жыртқышың мінез көрсетіп жатыр ма?

- Ә, Мырза аға, сіз бе, - деп қол алысып амандасып,- қашаннан аш екенін білмеймін, ет жемейді... шойнақ!..

- Қашанға шыдар дейсің, «Аюды үйреткен таяқ» дейтін бе еді, аз күн өтсін, әлі-ақ сүйек кемірген иттей болады. Қане, өзін жөндеп көрейінші, өй, пәлі, мынадай азулыны тірідей ұстап жүрген сенің де жүрегіңнің түгі бар екен, Қуат! Мынау азу емес, қанжар ғой!

- Қойыңызшы, мұның да атасы ит қой! Оның үстіне өзіңіз айтқан бір сирағын алдырған, ұстау онша қиынға соқпады.

- Жоқ. Олай қателеспе. Қайта осы ғой иттің атасы. Мен бірдеңе білсем, тіпті ит бөлек, бұлар бөлек. Бөріні бәрінен айрықша жаратқан. Оған көзім жетті. Қақпанға да түспейді ғой, мұның шалынып жүргені сенің қыр соңынан қалмай, әбден жаналқымнан алып, тығырыққа тіреген соң шоқ басқаны. Әйтпесе төрт аяқтының ақылдысы, айлалысының жортар жолына мың қақпан құр, түспейді. Түскен күннің өзінде әлгі, қырқып тастап жорта береді. Қуат, мұны не істемек ойың бар, сатасың ба?

- Әзірге білмедім. Шойнақ қой, алушы табылмас...

- Бірақ солай... Дей тұрғанмен өзі зау көкжал екен. Бұл осы үш аяғымен де біраз иттің қан сілікпесін шығарады. Ендеше өзіміз қызығын көрейік. Осыған кеткен өшіміз бар, атасына нәлет, ауылдың иттерімен төбелестіреміз. Әрине, ақшаға.

- Һмм... болады. Тек «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» демекші, бұны біраз әлдендіріп алайын, әйтпесе әлгі Замир сияқты деліқұлылардың итіне таланып, шынымен де жерге қарармын. Тым құрыса, сол «Чемпионды» жайратсын. Одан кейінгісі бәрібір...

- Ендеше келістік. Сен мынаған етті тықпалай берме, бұл қазір ашулы, шамалы уақыт өтсін, әлі-ақ итаяғыңды жалап-жұқтап өліп кетеді. Қыңсылақ иттей болады. Көрде тұр. Ха-ха-ха... Солай істе... Сосын арасында былай шұқып, ұрып қоюды да ұмытпа,-деп сүйеулі айырды ала салып, тордың ашығынан сұғып, бөрінің аш бүйіріне қатты-қатты нұқып жіберді. Қасқыр «ырр» етіп, қазықты жұлып алардай, мойнындағы шынжыр керілгенше қарсы шапты. Қанталаған көзінен от шашқандай өршеленеді.

- Қарай гөр өзін. Әлі күшті,-деп Мырза есікке беттеді,- Қуат, айтқанымды бұлжытпа, «Жауды аяған жаралы» деген, мұны еш аяушы болма!

Арада үш-төрт күн өткенде Замир жетті, жанында «Чемпионды» жетекке алған бірнеше жігіті және бар. Жүні жылтыраған тайыншадай иті кезекті құрбандығын сезгендей аула ішіне ұмсына қарап, үріп-үріп қояды.

- Қуат, оу, Қуат, бармысың?

- Бармын, бармын. Бермен келіңдер. Есік ашық. Немене, «Чемпионыңнан» құтыла алмай жүрсің бе,-деп күлімсіреген Қуат қар аршуды тоқтатып, қонақтарының алдынан шықты.

- Ринг дайындап жатсың ба? Өзіңнің де түрің әбден келісіп қапты. Мына бетіңе түскен тыртық саған сондай сұс беріп тұр. Тыртығыңның сырын ашып айтпадың-ау осы.

- Қойшы ей. Оны қайтесің. Болар іс болды. «Тыртық – ер жігіттің сәні» дейтін бе еді, әні, тайдан таяқ жеген Жәміштің маңдайын қара, ай қадағандай әп-әсем. Жұрт оны «Ай маңдай Жәміш» деп кеткелі қашан? Өзіне туа біткендей сондай жарасады. Ал сенің қалқиған қос құлағыңнан басқа бетіңде бір сызат жоқ. Сен де...

- Сөзді көбейтпе. Шойнағың қайда?

- Қайда болсын, торда. Сенің құлағыңды жегісі кеп ерегесіп жатыр. Көрмеймісің, тамақтың орнына шынжыр шайнап, жалтыратып, татынан арылтқанын. Сенің итіңнің үргенін естіп, сәл тынышталғандай болды. Шамасы, итіңді де құлағыңа қосып, бір асамақ.

- Қайда ондай күштілік. Керсінше менің «Чемпионымнан» қорқып жатыр десеңші, қане, шығар ортаға!..

- Жігіттер, біз былай істейік, мен қазір қасқырды шығарам, сендер қораға кіріп, терезеден қараңдар, ал сен Замир, итіңді осында қалдыр да өзің де қораға кір... Шойнақ дегенмен бұл бір бөлек жыртқыш... Темірге ауыз салған дүлейден сақтанбаса болмас.

Бәрі келісілгендей істелді. Қуат бөріні аулаға шыға алатындай етіп босатты. Бірақ мойын шынжырын мүлдем алып тастамады. Ұзын арқан, кең тұсау бостандық көкжалдың жүріп-тұруын ауырлатса да пәлендей кедергі еместей.

Замирдің итінің де алдыңғы екпіні басылып қалған ба, тор ішіндегі қасқырға бата алмай, сыртынан ырылдап, айбат шегіп тұр. Арада бірнеше минут сырғыды. Жігіттерде шыдам таусылып: «Чемпион! Чемпион!» деп айқайлап, итті арланға қарсы айтақтап-ақ жатыр. «Чемпион» да осы айтақтан күш алды ма, торға таяп, «арс-арс» үрді. Көп өтпей шынжырын сүйретіп көкжал ашыққа шықты. Ит байлаулы, әрі шойнаңдай басқан қарсыласын көрген бойда тарпа бас салды. Ұмар-жұмар айқаста қайсысының басым түсіп жатқаны белгісіз. Бірақ көп өтпеді, итті алқымнан алып, бірер қайтара азуын батырған арлан: «Бұл ойын маған қызықсыз» дегендей шынжырын сүйретіп торға еніп кетті. Қуат дереу есікті жапты, жігіттер қорадан атып-атып шығып, қимылсыз жатқан итті түрткіледі.

- Ей, мынаны... не қылды? Шынымен жанын суырып алды ма?

- Солай сияқты, қыбыр етпейді ғой. Не істеп жіберді? Түсінбей қалдық қо...

- Мәссаған!.. «Чемпионды» да жеңетін ит бар екен ғой, ә, жігіттер?

- Қайдағы ит, қасқыр, көкжал де...

Замирде үн жоқ. Итінің осылай өлерін де ойламаған ол бойы солбырайып, ауладан шығып бара жатты.

- Ә, жігіттер, өлімтіктеріңді алып кетіңдер, арт жақта шұңқыр бар, соған салыңдар,-деп Қуат алқымынан жылымшы қан аққан, былқ-сылқ еткен «Чемпионды» есікке қарай сүйреп тастады. Роман таяп кеп: «Құрдас, мә, ұста!» деп тиесілі теңгесін қолына асығыс қыстыра беріп, көзін қысты. Онысы: «Айып етпе, бірер мыңды өзімде қалдырдым» дегені. Сөйтті де далбалақтап, серіктерінің соңынан тұра жүгірді. Аулада оңаша қалған Қуат кеудесін кере тыныстап: « Жарадың шойнағым!» деп дауыстап жіберді.

Ауылдың алпауыт итін жеңген шойнақ көкжалды көрігісі келетіндердің қатары бірден артты. Қуаттың қорасы зоопарк сияқтанды.

- Қуат, бұнымен тоқтамалық. Басқа да иттерімен төбелестірелік. Ақша тігейік, шойнағың жеңсе жиналған қазына сенікі, ал егер жеңілсе, онда да оқасы жоқ. Не болса да қызық болады. Ешкім ұтылмайды. Бас тартпа, - деген Мырзаның сөзін көпшілік қолдады.

- Тартынып отырғам жоқ, бірақ енді онымен таласқа түсетін дүрегей бұл ауылдан табыла қояр ма екен, ә? Бұл біз ойлағандай болмады. Сау арланнан асып түспесе, кем соқпады. Мықты иттерің бар ма? Маған соны айтыңдаршы,-деп ауылдастарына сынай қараған Қуатқа ешқайсысы жауап қата алмай қиналды. Өзара күбірлесіп, ауылдың иттерін түгендеп кетті.

- Кімнің иті ше, әлгі «Боран», былтыр қасқыр алыпты дейді сонымен.

- Одан гөрі Жолдастың «Вулканы» мықты. Соны алдыру керек. Ол қырда. Жолдастың құлағына тисе, итін алып жетіп келеді. Ақша десе ол өледі.

- Екеуін де алдырайық.

- Сөйтейік ендеше...

- Білем оның «Вулканын», бірақ ол жалғыз өзі қасқырға шаба қоймас, қасына тағы біреуі керек... Серіктің «Тайсонын» қоссақ қайтеді? Ол аз десеңдер «Боранды» да қосамыз.

- Дұрыс. Табылған ақыл. «Тайсон» нағыз айтақтың иті. Тек иттер бірін-бірі білмейді...

- Ит те болса, жау келгенде бірігеді бұлар. Алдымен «Вулканды» саламыз, төбелес қыза бере екінші бір тұстан «Тайсонды» қосамыз. Міне, сонда қып-қызыл қырқыстың көкесі болады!.. Қуат, сен бұған қалай қарайсың?

- Өзі аш, өзі шойнақ, қамаудағы қасқырға қарсы екі дүлей итті қосу обал емес пе? Ай, бірақ... Түбінде маған да осы итқұстың өмірі емес, өлімі керек... Мен енді мұны сатып пайда таппаспын, сендердің дегендерің болсын. Келістік.

- Әп, бәрекелде, әкел қолды! Ендеше былай істейік, бұл шойнақ Замирдің «Чемпионын» жайратқан пәле емес пе, оның азуын қағып тастау керек. Әйтпесе...

- Қалжыңың ба? Жоқ жігіттер. Бұларың артық. Бір емес, бірнеше төбетке талаттырады екенсіңдер, оның енді азусыз қалдырсақ не болады? Таза қиянат қой... Оның бар сенген қаруы сол... Өйтсек, төбелестіріп те қажеті жоқ. Тіккен ақшаларың өздеріңе.

- Қуат, қайдағы қиянат, ол қасқыр емес пе? Біз соның ақшасын төлейміз. Қанша тұрады екі азуы, төлейміз, тек қақын айт. «Чемпионды» жеңген шойнаққа екі-үш ит бұйым болмас.

- Ха-ха!.. Жақсы. Көрерміз. Бұл шойнақ маған пайда әкелсе, несін аяймын. Дегендерің болсын. Оның азуын қағып аламын да Замирдің мойнына тағамын. Итін өлтірген арланды ұмытпасын... Ха-ха...- бұл әзілге жиналғандар жабыла күлді.

Ертесіне жігіттер ойға алғанды жүзеге асыруға кірісті. Талай ит таластан жеңімпаз болған дүр төбеттерді ауылға алдырды. Бұл кезде Қуат қасына екі жігітті алып, көгендегі арланның азу тісін мұқауға кіріскен. Жабылып жүріп қанша тырысса да қасқырдың қос азуы темір құралға болмады. Езуі қызыл қанға боялған жыртқыш ырылдады да жатты.

- Ей, мынаның тісі темір ме, не өзі, қалай-қалай біткен? Қысқаш сынатын болды.

- Жағымен тұтасып қалған ба, қозғалмайды. Егеумен егеп, не аралап тастасақ қайтеді?

- Жігіттер, айтпақшы мен естідім, қасқырдың азуын тек өлтіріп барып алу керек, онда да жағын қазанға салып ұзақ қайнату қажет.

- Қойшы ей, оны кімнен естіп жүрсің сен?

- Қайырдан.

- Суретші Қайырдан ба?

- Иә, ол бір жерден қасқырдың бас сүйегін тауыпты. Соның тісін алайын деп әбігерге түсіпті. Тіпті болмаған соң басты қазанға салып бәлен сағат қайнатыпты.

- Алып па?

- Онысын білмедім. Әйтеуір азудың жақпен бітісіп жатқандай мықтылығын байқапты. Алған шығар. Қайыр да біздің қасқыр ғой. Өнер десе өліп кетеді. Соны өзінен сұрау керек екен. Алған шығар...- деп жігіттер арланды әбден қинады. Кенет дәл құлақ түбінен «гүрс» еткен мылтық дауысы бәрін сасқалақтатып тастады. Ауланың ортасында қос ауызды бұларға кезей ұстап Абат тұр.

- Ей, иттің ғана баласы, сенің есің дұрыспа, қолыңдағы қаруың не?- деп Қуат тұра ұмтылған, ұңғысын ағасына тура бұрған Абат:

- Атамын! Жақындама маған. Аға, доғар қорлауыңды. Ақша-ақша деп обалды ұмыттың! – деп кәдімгідей ашуға мінген інісінің ештеңеден тайынбас түрін таныған Қуат даусын жұмсартып:

- Болды-болды Абатжан. Қой енді. Онсыз да бұл жұмыс оңбады. Пәленің азуы азу емес, көк темір екен. Жігіттер, қане, байлауын шешпей торға енгізейік. Сосын көрерміз,-деп інісіне жалтақтай қарап, көкжалды ішке сүйрей жөнелген екі серігіне болысты.

Күн суық. Арланның қамауда жатқанына оныншы күн.

Бүйірі жабысардай аш болса да кісі келгенде жүнін қомпайтып, ырылдап-гүрілдеп, шынжырын сүйретіп қазықты шыр көбелек айнала береді. Ыза-кегінің күштілігі сондай, тоң жерді тырналап, топырағын шығарып тастаған. Өзінің де денесін, әсіресе « бәрі сенің кесірің» дегендей қақпан шалған шолақ сирағын аяусыз тістеп, қанын судай ағызады. Қуат еті мол сүйекті қуыстан ішке ысырды.

- Өз-өзіңді де аямайсың. Мә, жей ғой. Ертең сен үшін ең ауыр күн болғалы тұр. Жақсылап қоректеніп ал. Екі бірдей дүлейге төтеп бере алар ма екенсің? Өлер сәтің таяды білем, - дей бергенде мұның сөзін ұққандай көкжал тұмсығын көтеріп, ұлыды-ай дейсің келіп. Төбе құйқаңды шымырлатқандай ащы зар қобыздан төгілген күйдей әділ естен тандырып алып барады.

- Өй, өшір үніңді! Қара басыңа көрінгір!..-деп Қуат айырды ала салып, тесіктен сұққылады. Аш бүйіріне істік кірген қасқыр қайырыла беріп өзіне шаптықты,- жат ендеше осылай, саған тамақ тасып жүрген мен ақымақ,-деп аңшы етті айырмен іліп кері суырды.

Айтулы күн. Жолдас дүр төбетін аулаға кіргізгенде жиналып қалған топ кері шегінді. Ауыл арасындағы ит біткеннен тұрқы бөлек, дала кезіп, түз тағысымен тартысқан «Вулкан» өзіне сенімді, ештеңеден тайсалмайтын нағыз кер ауыздың өзі көрінеді. Бұл араға не үшін келгенін де білетіндей бірден арлан тұрған торға айбат шеге ұмтылды.

- Қуат, бол, аш есікті. Менікі шыдайтын емес. Құрбандығының итқұс екеніне қуанышты. Аш, құрып кеткір есікті!

- Итіңді әрмен тарт, мен қазір... - дегенше болмады алаңқайдағылар төбеге мініп, қораға тығылып, айқасты аңдыды. Арлан да күттірмеді. Орта ұмар-жұмар төбелес. Қар беті жұлынған жүн мен шашыраған қанға боялды.

- Серік, Серік! «Тайсон» қайда? Қоссаңшы енді. Әлгі «Боран» атты ит ше?

- Жоқ! Әлі ерте. «Вулканның» өзі-ақ жайратар.

- Ей, мына пәлінің мықтысын-ай, әл берер емес.

- Атасы жыртқыш емес пе? Азуын бір іліктірсе болды, «Вулканыңның» тәші бітеді. Әні, айттым ғой, алқымынан алды, әні, қара!..

- Вулкан! Вулкан!

- Арлан! Шойнақ! Көкжал!

- Вулкан!..- деп айтақтаған көптің көзінше өзінен дырау итті бұрышқа тығып тастаған арланның десіне таң қалғандар аңшы жігітті кінәлады.

- Ей, Қуат, сен арланның азуын қағып тастамап па едің? Мынаныкі қанжардай жарқ-жұрқ етеді ғой. Біз кеше саған не үшін ақша бердік. Алдайын дедің бе?

- Болмады ғо, ақша ма, қайтып ал, жігіттер көрді, алмақ түгілі орнынан қозғасақ қане? Замир, айтсаңшы...

- Иә, солай. Жағымен тұтас біткені рас шығар... азуын қаға алмадық сайтанның... Әрі қырсыққанда мына кім,- деп Абатқа көзімен ата қарады. Бірақ сөзінің аяғын айтпай жұтып қойды.

- Ә, солай ма, ендеше Серік, Өтеп, иттеріңді қосыңдар!-деп алдыңғы жігіттің бұйыруы мұң екен, қос қапталдан екі төбет арсылдай ұмтылды. Бірақ «Вулканды» жеңіп, жуан мойнын әрең бұрып: «Сен шәуілдектер маған не істей қоясыңдар?» дегендей азуын ақсита гүжілдеген көкжалға таяғанда екпіндеген қос төбет жарға соғылғандай кері шегінді. Бір-біріне қарайлап: «Алдымен сен шап, сен» десіп, құр абалап тұрып алды.

- Тайсон, үр соқ! Тайсон! Соқ!

- Тайсон! Көрсет көзіне көкесін. Ұр!

Қарайған адамның айтағына қозды ма екі ит екпін алды. Бөріні талап тастардай бұрышқа тықсырып берді. Бірақ қансыраған көкшулан таланып жатып-ақ ұрымтал тұста дәу қара төбеттің тұмсығынан ала кетті. Тайсон күшіктей қыңсылап, жер бауырлап қалды. Екінші төбеттің де әлгіндегі тәсі қайтқан, арпылдай үріп, көткеншектей шегінген. Қызық қуғандар бір-біріне қарасып, ит іздесіп әбігерленді. Жетекке алған мақтаулысын қосуға жүрегі дауалар тәуекелдің адамы табылмады. Соны сезгендей көкжал: «Мен жеңдім! Тағы қайсысың барсың?» дегендей қазықтың қасына барып шоқиып отыра кетіп, тұмсығын көкке сүзе ұлып кеп жіберді. Бұл жолы оған «Үніңді өшір!» деген жан болмады. Қызыққұмар көптің көмейіне құм құйылған. Тәңірімен тілдескендей көкбөрі бір сілкінді. Жеңімпаз рух үні көкке әуеледі.

Ауыл-аумаққа арланның жеңісі аңыз боп тарады. Маңайдан оған қарсылас таппай, мысы құрығандар алыс-алысқа хабар салды. Иттөбелестің де нарқы өсті. Ақыры шет ауылдан арланға салар төбет табылып, соны әкелмекші болып жатқанда тосын хабар желіккен жұртты тежеді. Арлан жантәсілім болыпты. Жансыз көздегі өшпеген ызаның, қайтпаған кектің табы тіріні тіксінткендей екен. Жиналған көптің көзінше бөрінің қарысып қалған жағынан темір кісенді әрең ажыратқан Қуат:

- Бүгін нешесі өзі?-деп төңірегіне көз жүгірте сұраған, тұрғандар даурыға жөнелді.

- Он жетісі.

- Желтоқсанның он жетісі. Оны неге сұрадың?

- Солай ма, он жетісі дейсің... Естеріңде ме, жоқ па, мен бұны осыдан тура он жеті күн бұрын қолға түсіргенмін. Содан бері шайнам ет жеген емес...

- Қойшы ей? Қате шығар?

- Мүмкін емес. Тесік тамақ кімде жоқ.

- Ендеше нағыз қасқыр екен өзі!..

- Бөрі десейші!..

- Бөрінің бөрісі!..

- Нағыздың өзі екен!..

- Он жеті күн?!. Өткендегі ұзақ ұлығаны соңғы бір серпілгені, тәңіріне шаққан арызы екен-ау...

- Сонда қалай, ауылдың бүкіл алабай-далабайларымен бұл аш күйі айқасқан ба, а?..

- Солай болып тұр ғой... Соншама күн ашығып, нәпсіге берік екен өзі.

- Міне, бөрі деп осыны айт. Аштығын да білдірмей кетті-ау сабазың! Өлетін күнін де біліпті. Желтоқсанның... бүгін несі ғой әлгі, мейрам...

- Қайдағы мейрам? Қасіретті күн, сондай рухтың құрбан болған күні десейші... мейрам дейді ғо...

- Күнтізбеде солай. Теледидар, радио, бәрі де айтып, жазып жатыр...

- Оның бұған қандай қатысы бар?

- Білмеймін ғо... Жай есіме түсті... Сосын айта салдым.

- Қойшыға итқұстың да өлгені мейрам. Дұрыс айттың «Ай маңдай Жәміш», бүгін бізде мейрам!

- Сендер емеусіреткен мейрам да қанмен келген. «Желтоқсан», «Жаңаөзен»... Кеше де, бүгін де рух опат болды. Ең қорқыныштысы осы. Бұрынғы өткен ата-бабамыз байрағына тектен-тек бөріні түсірмеген болар. Оның осындай мықты рухына, қайтпас қайсарлығына сүйсініп, төбесіне ту ғып көтерген ғой шамасы?!. Біз болсақ көкбөріні кие тұтудың орнына темірге көгендеп, итаяқтан ас береміз. Мына көкжал он жеті күн бойы не үшін азап тартты? Не үшін? Осыны ойлаған кім бар? Бұлай азаптайтындай біз кімбіз? Құдаймыз ба, а, біз кімбіз?.. Айтыңдаршы!

- Екіленбе Қасым. Сен де айтасың-ау, бұл қойың былай тұрсын, өзіңе қарсы шапқан жыртқыш емес пе? Сенің есің дұрыс емес осы. Қақпағыңды ашып қарау керек.

- Жыртқыш болса болсын. Оны солай қылған да бәлкім өзіміз...

- «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан». Осымен бәрі айтылған. Бітті.

- Кім білген, кім білген... неде болса бұл бөрінің ажалы ой салады. Қас батырдың өліміндей өлім көрдік. Обалына қалмадық па деп қорқам...

- Ей, Абатжан, сен немене, жылап тұрмысың? Қасқырға бола босап... Кеше азуына араша түсіп, бізді қырып кетердей болып едің... Тәйт әрі! Доғар! Жамандық шақырма. Көрген жұрттан ұят, аңшының інісі жылапты деген... Өй, ынжық неме!.. Бәрі бос сөз. Ағаларың айта береді, бұл хайуанда ешқандай кие де қасиет те жоқ. Мұның ауылға шапқанын, Айбарша апаңды талап тастағанын ұмыттың ба?.. Ұмытсаң қасыңда есіңе салар Мырза ағаң тұр. Өй!.. Міне, арланың өлді де қалды. Тиісті сазайын тартты. Аяп керегі жоқ.

- Жөн сөз. Итқұсты аяуға болмайды. Мұны түгін де қалдырмай өртеп жіберу керек.

- Өртеу керек!

- Иә-иә, жанармай құйып, жағып жіберу керек!

- Қуат, ауылыңа қасқыр шапса бір себебі болған, ал бұл бөрі сенің қай малыңа шапты? Айдалада жүрген жерінен азаптап, ауылға әкелдің, итке талатып, аштан қатырып, ақыры қинап өлтірдің. Осы ма сенің аңшылығың? Осы ма сенің ерлігің?

- Итаяқ бір күн де астан босаған емес. Оны мен емес өлтірген, өзінің қасиетсіз қасқырлығы.

- Иә, оны өлтірген сен емес. Намысы! Тектілігі! Кие-қасиетсіз деуің тіптен бекер. Асылық айтпа Қуатжан. Енді мұның терісін сыдырып алып, төріңе іліп қой. Аңызға лайық арланның бір обалын осылай көтеріп ал. Басқа қолдан не келеді. Болар іс болды, бояуы сіңді. Балаларыңа айтар бірдеңе қалсын. Ал інің Абатты текке жазғырма. Оданда көкжалдың терісін іре, ендігі қалған шаруа осы. Мұнымен Мырза да, басқаларың да келісерсің...- дегенде Қуаттың қолы бетіндегі тыртыққа еріксіз барып қалды.

- Жоқ Қасым, соны саған байладым. Оның ит біткенді жайратып, осы қалдырған ылаңы да жетер. Маған салса жер бетіндегі қасқыр атаулынының тұқымын тұздай құртар едім! Маған, Мырза көршіме, осы тұрған барлығымызға ол – дұшпан. Бітіспес жау. Біз сен сияқты пәлсапа соға алмаймыз. Иә, мойындаймын, мықтылығына сөзім жоқ, мұндай жанкештіні өз басым өмірі көрген емен. Бірақ қанша жерден ескінің жырын айтып, бас айналдырсаң да мен саған Абат емеспін, Қуатпын! Қасқырды жалаң қолмен алатын Қуатпын!.. Қаласаң қандыауыздың терісін апарып төбеңе қада, әйтпесе қазір өртеймін!.. Абат, шырпы, жанармай әкел, бол!

- Бопты. Ашуланба. Сен өз дегеніңе жеттің. Жұрт та қызық көріп, бір-бірінің қалталарын қағысып қалды. Саған да аз пайда түспеді білем. Осы қызыққа батқандарың да жетер.

- Ақша тікпегеніңе опынасың-ау. Қасым, сол шеберханаңда отыра бермейсің бе? Бұл араға қай құдай сені айдап келген? Менің таңым бар, сені кім мұнда шақырған?

- Бөрінің өлімін естіп...

- Ә, солай ма? Не ол сенің туысың ба? Кімге көңіл айтпақ ең? Бұл жерде аза емес, Жәміш айтқан – мейрам. Манадан қайдағы жоқты айтып басымызды қатырғаның да жетер. Мейрамның шырқын бұзба. Алар теріңді ал да, жоғал! Әйтпесе, өртеймін! Абат!..

- «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген, менің-ақ төрімде тұрсын, қас бөрінің ең болмағанда киесін құрмет тұталық,- деп жасы қырықтың шамасындағы мығым денелі азамат бөрінің денесін шанжырдан босатып, ауланың ашығына сүйреп әкеліп, қонышынан жарқ еткізіп мүйіз сапты пышағын суырғанда көпшілік сырт айнала берді...

«Біссіміллә... Кездік салар аң емес едің... Жасаған, өзің кеш бұл бір ісімізді...»

Мұнайдар Балмолда

Шілде, 2012 жыл.

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар