Қай кезден, қай заманнан әйел ана атанды, сол заманнан күні бүгінге дейін құрсағын жарып шыққан ұрпағына мейірімін төгіп, шуағын шашып келеді. Инстинктердің ішінде әйел затының аналық инстинкті алдында еркек біткеннің еркектігі, ерлігі тізе бүгеді.
Жақында ғана ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында көзіміз көрмесе де, құлағымыз көп еститін ананың, ана болғанда шынашақтай ғана жанның көз алдымызда қалай алып анаға, қандай зор тұлғалы қайраткерге айналып шыға келгеніне куә болып қайтқанымыз бар еді.
Бір емес талай аламанда бақ сынаған әйел көп, бір емес талай жинаққа нәзіктігін өрнектеген әйел көп, бір емес талай бала тауып, ана атанған әйел көп, бірақ, аламанға да қатысып, кітабын да шығарып, баланы да өсірген, өсіргенде ел қатарлы әр ауылда кездесетін алтын құрсақты аналар емес, әр баласын сайдың тасындай етіп өнерлі де жігерлі, ол аз десеңіз қазақ қалай болуға тиісті дегенде «қазақ міне» осындай болу керек дегізетіндей ұрпақ өсірген асыл ана – Егеухан Мұқамәдиқызы.
«Баланың жақсы болмағы нағашыдан» дегендей, атаның қанымен келген, ананың ақ сүтімен дарыған қазақ айтатын тектілік осы Егеухан Мұқамәдиқызы апамыздың бойында бар екенін сексен бес жылдық ғұмыры дәлел, ғұмырының жалғасы болған ұрпақтарының өнегелі өнерлері дәлел. Кейде өзіне бітіп ұрпағына жалғаспайтын өнер, білім, тектілік болады. Егеухан апамыз жастайынан мұз жарған кемедей қазақ өнерінде болсын, қазақы өмірде болсын қалай талмай келеді, соңынан ерген ұрпағы да бір мысқал кем соқпай, сексен беске келген аналарының даңқын асырмаса, кеміткен емес. Замандас, құрбысы Алтыншаш Жағанова айтқандай: «Мұндай ана Қазақстанда жоқ!» - дегені ардагер ақынға берген шын асыл бағасы еді.
Ардақты басын сыйлаған, алқаулы өнеріне бас қойған жоғары саяси мінберде отырған ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, тіпті Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің, Абай облысының әкімі Берік Уәлидің, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің, Абай облысы Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаевтің құттықтау хаттары жаңбырша жауып, алқалы жиынға қатысқан зиялы қауым, қоғам қайраткерлері алдында асыл ананың, ақын ананың мерейін өсіріп, көңілін тасытты.
Алғашқы құттықтау сөз ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хатымен басталды.
«Құрметті Егеухан Мұқамәдиқызы, Сізді мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Өзіңізді руханиятымыздың көшін бастаған қайраткер тұлға, ақтаңгер ақын, ардақты ана, этнограф жазушы ретінде де жақсы білеміз, әрі құрметтейміз. Өнегелі өмір жолыңызды, алыстағы ағайынның аманаты мен бай мұрасын ата жұртқа жеткізіп, рухын үндестіре алдыңыз. Ұлт мәдениеттің дамуына қосқан үлесіңіз бен ұлт мәдениетіндегі сөз өнеріне салған құнды қазынаңызды ерекше бағалаймыз. Сіздің өресі биік айтыстарыңыздан бөлек, «Таң арайы», «Қобда өзен толқыны», «Қайтқан қаз», «Қос ішек» қатарлы тұшымды туындыларыңыз әдебиетімізге қосылған баға жетпес олжа деп білеміз. Бүгінде ұлтымыздың терең тамырлы этнографиялық барысын ұрпақ санасына сіңіріп, ата-бабаларымыздың мирас болған қазыналы дүниелерді ұлықтауда өлшеусіз еңбек сіңіріп келесіз. Осы бағыттағы ізденісіңізбен елге үлгі болатын істеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да рухани байлығыңызды дәріптейтін игілікті істеріңіздің басында жүріп, халықтың ыстық ықыласына бөлене беріңіз. Сізге шығармашылық табыс, мықты денсаулық пен отбасыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!»
Ақын ананың кешін жүргізген, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хатын былай деп жеткізді.
«Құрметті Егеухан Мұқамәдиқызы, мерейлі жасыңыз құтты болсын! Жұртшылық Өзіңізді белгілі айтыскер, әрі жазба ақын ретінде жақсы біледі. Сіз қазақ поэзиясына және айтыс өнеріне жаңа леп әкеліп, халықтың ыстық ықыласына бөлендіңіз. Әуелі Монғолияның, кейін Қазақстанның мәдениетін өркендетуге елеулі үлес қостыңыз. Екі елдің де жазушылар одағының мүшесі атануыңыз соның айқын дәлелі. Сіз ел тарихындағы асыл әжелердің сара жолын жалғастырып, алтын қаламды ақын ғана емес, алтын алқалы ана атандыңыз. Тағылымды тәрбие беріп өсірген ұл-қыздарыңыз ұлттық өнеріміздің әр саласындағы майталман маманға айналып, төл құндылықтарымызды дәріптеуге белсенді ат салысып жүр. Төл әдебиетімізге сіңірген еселі еңбегіңіз үшін зор алғыс айтамыз. Ғибратты ғұмырыңыз өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі, өнеге болары сөзсіз. Мерейіңіз үстем, мәртебеміз биік болсын, зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!»
Келесі кезекте ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет құттықтау хатын оқып, ақынның кеудесіне медаль тақты.
«Құрметті Егеухан Мұқамәдиқызы, Сізді ТҮРКСОЙ Жазушылар одағы атынан сексен бес жасқа толған мерей тойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сіз қазақ поэзиясына өлшеусіз үлес қосып, айтыс өнерінің көкжиегін кеңейткен және сол арқылы түркі әлемінің рухани жан дүниесін байытқан дара дарын иесісіз. Арғы атамекен Бай-Өлкеден бастап туған халқыңыздың сөз өнеріне өміріңізді арнап, өшпес із қалдырдыңыз. Көркем поэзиядағы нәзік лирикаңыз, сахнадағы аламан айтыстарыңыз тек қазақ жұртына ғана емес, барша түркі халықтарға ортақ рухани қазына. Түркі тілдес елдер арасындағы мәдени байланысын тереңдетуге қызмет еткен шығармаларыңыз бүгінгі ұрпақ үшін үлгі, өзге ертеңгі тарих үшін мұра. Сіз ақындық парызыңызды абыроймен атқара жүріп, құдай қосқан қосағыңыз ақын Кәп Құмарұлымен бірге он бала тәрбиелеп өсіріп, алтын алқалы абзал ана атандыңыз. Моңғол елінің «Даңқты ана» орденімен марапатталып, ата жұртыңыз Үржар ауданының жетпіс жылдық тойында «Ана қыран ақын» атағына ие болдыңыз. Балаларымыздың жерде қалғаны жоқ. Барлығы да қазақ қоғамында танымал, ардақты адамдар болып қалыптасты. Олардың әрқайсысы өмірдің лайықты өз орындарының табылуына аяулы ана ретінде зор еңбек сіңірдіңіз. Қымбатты Егеухан Мұқамәдиқызы, түрік дүниесінде сіңірген сүбелі еңбектеріңіз бағаланып, ұлы Абай атамыздың алдағы жүз сексен жылдық мерекесіне орай, бүгін Сіз ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының «Хәкім Абай» медалімен марапатталып отырсыз. Халықаралық ұйымның атынан мерейтойыңыз бен жаңа марапатыңызбен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, сарқылмас шабыт, амандық пен биік баянды ғұмыр тілейміз!»
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай айтыскер ақын туралы былай деп пікір білдірді.
«Егеухан апамыздың есімін мен алғаш рет сексенінші жылдардың басында шыққан «Бозінген» атты жинақтан оқыдым. Бұл кітапты Соян Қажыбайұлы деген азамат құрастырған болатын. Монғолия қазақтарының өлең-жырларын қамтыған сол жинақта Кәп ағамызбен, Егеухан апамыздың да өлеңдері бар еді. Жалпы сол жинақты жиі-жиі оқып тұрамын. Осы күнге дейін кітапханамда сақтаулы тұр.
Расында, бұл әулет – екі формацияны, екі ғасырды жалғап, ұлт руханиятын бірге арқалап келе жатқан бір көш керуендей. Қасиетті де киелі әулет деп айтуға толық негіз бар. Қазір «ұлттық код», «жаһандану», «тамырымыздан ажырап қалмайық», - деп айтып жатырмыз. Тек сөзбен емес, тұрмыс-тіршілігімен, болмыс-бітімімен дәлелдеп отырған осындай әулеттер – нағыз рухани үлгі.
Бұл әулет – өздерінің қазақы болмысымен, өнерімен, қолөнерімен, сырмағымен, құртымен, ірімшігімен, өлеңімен, айтысымен қазақы рухты алып келген әулет. Сондықтан бүгінгі күнді мен жай ғана бір мерекелік жиын емес, ананың тойы, ұлттың тойы деп қабылдасақ болатын той дегім келеді», - деп ойын аяқтады.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы:
«Егеухан Мұхамедиқызы туралы айтқанда, ең алдымен қазақтың «Алтын құрсақты ана» деген қасиетті сөзі еске түседі. Бұл кісі – тура мағынасындағы алтын құрсақты ана. Он шақты ұл-қыз тәрбиелеп, соларды жеткізіп, қазақтың бүкіл жақсы қасиетін бойларына сіңіре білген. Бұл жолда Кәп ақсақал екеуі нағыз ұлттық құндылықтарды ұрпақ бойына дарыта алған өнегелі әулет, үлгілі ата-ана.
Бүгінгі кеш – Егеухан апамыздың 85 жасына арналып отыр. Бұл жай ғана мерейтой емес, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық болмыс, мәдениет, руханият жөнінде ойлануға себеп болатын тағылымды кеш.
Қазіргі қазақ қоғамы, әсіресе соңғы ғасырда, ерікті-еріксіз түрде өзге мәдениеттердің ықпалына көбірек ұрынып келеді. Әлихан Бөкейхан айтқандай: «жетекшіл түйе» сияқты өзге елдің жетегіне еріп кете беретін ерме ұлтқа айналдық. Осындай кезде ұлттық қалпымызды сақтап, қазақы салт-дәстүрді отбасында көрсете отырып, балаларына өнеге ретінде ұсыну – үлкен ерлік. Егеухан апамыз осыны іспен дәлелдеген жан.
Айтыскер апамыз – тек өлең жазатын, шығармашылықпен айналысатын тұлға ғана емес, сонымен қатар көрпесін көктеп, оюын ойып, қымызын құйып, қолөнерін жасай жүріп ұрпағын тәрбиелеген нағыз қазақ анасы. Өзінің жеке өмірімен, іс-әрекетімен қазақ мәдениетінің тірі бейнесіне айналды.
Бұл кісінің ерекшелігі – екі елдің мәдениетін көріп, екі елде де мойындалып, соның ішінде өз ұлтының болмысын жоғалтпай, қайта байытып, еселеп отырғанында. Монғолиядан көшіп келгеннен кейін де қазақ қоғамына, мәдениетіне, әдебиетіне айрықша еңбек сіңіріп келеді», - деп профессор сөзін қорытындылады.
Осылай сөйлете берсек, ақын ананың нарқын асырар ақ тілектер көп. Қазақстанның Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орден иегері, Қазақстан мен Монғолияның Жазушылар одағының мүшесі болған, ардақты ана, айтулы айтыскер ақын Егеухан Мұқамәдиқызы осылай елінің алқауында 85 жасқа толған мерейтойын рухани ортада жоғары деңгейде атап өтті.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.