Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұрат Әуес. Айналып барады өмір ертегіге...

06.03.2021 1107

Мұрат Әуес. Айналып барады өмір ертегіге... 12+

Атамның өлеңі

Біздің ауыл Қаражон етегінде,

Бала күнгі бағзы бір мекенімде.

Кешегі игі жақсылар кеткен жаққа,

Дәм-тұз бітсе, дариға-ай, кетемін де.

Біреуі жүр түсімде, елін сұрап,

Ал біреуі ырысты жерін сұрап…

Күнге осы жұма ма,

Немене еді,

Құран оқып қояйын, келін шырақ.

«Табанымда тұрғанда бұл Қаражон,

Көкке жақын басқадан бір дәрежем!»-

Дейтұғын-ды ер көңіл, жомарт мінез,

Көкжалды да бақанмен ұрған әжең…

Жетім қалған балаға ұсады ма-

Діндар шалы қасқа атын тұсады да,

Кемпірінің жанына жөнеп берді,

Тіршіліктің бұ да бір мысалы да.

Дастарқаның жая ғой, шырақ келін,

Не ызың ол,

Радионы бұрап па едің?!

(Өзің рақым ете гөр, йә, Аллам,

Әруақтарға мекен қып жұмақ төрін).

Нұрландырып жүруші ед атырабын,

Еске түсіп апаң да жатыр, әні…

Құлағымда бір үн бар,

Құдай біледі,

Мені-дағы сол кемпір шақырады.

«Біздің ауыл Қаражон етегінде…»

* * *

Қазанғаптың күйлерін еске салып,

Қаражонда кіл қоңыр кеш батады.

Қаладағы жалғыз ұл кеп қалар деп,

Қара кемпір аямай етті асады.

Бір қалыппен қайнайды қара қазан,

Ал, астына түсердей ана мазаң.

Мұртын көкке шаншылтып моржа-ақын,

Оқиды кеп және бір жаңа ғазал.

Мазаң ана ағарған әр самайды,

Жаулығының ұшымен қалқалайды.

Бір бітпейтін шаруасын қамдап жүріп,

Қара жолға қараудан шаршамайды…

Тәңіртаудың бөктерлеп мол сілемін,

Сол жирен күн сүйретіп сол шідерін-

Қырдан әрмен асқанда,

Шалын жұмсап

Шақыратын қонаққа көршілерін.

Кілең көрші бір-бірін арқа біліп,

Ыстық-ыстық сорпаны сарқады үріп.

Мазаң ана жанары мұңға лайық,

Тілек тілер табағын тарта жүріп.

«Қош келіпсің, тәңірдей тәмам көршім,

Бақыт, байлық бәрі де саған қонсын»-

Күбірлейтін сонан соң ара айналып,

«Әйтеуір сол жаман ұл аман болсын»!

… Қаражонда тағы бір кеш батады.

* * *

Қаражон.

Құралай шақ.

Іңір.

Ауыл.
Кеш – қоңыр, аспан – алыс, құбыла – нұр.

Күн ұзын Күнікеймен гүл терем де,

Кешкісін өз ойыма қыдырамын.


Жартыкеш ай туады имегі бар...

Мен бе екем онда тегі күйге құмар?!

Түн бойы құрқылдайды ауық-ауық,

Апамның сабасында үйрегі бар!..


Жапырып қарабұлақ жапырағын,

Той болған көрші ауылда нөпір ағын.

Алдына ат салмаған Сарбауыр тұр,

Бозүйдің белдеуінде оқыранып.


Ай нұры мелдеп қалған...

Іргеде мал.

Жабықтан сығалайды сүмбе жанар.

Апамның омырауына басым тығып,

Батамын тәтті ұйқыға – «күндегі амал».


Желкілдеп жетегінде желген күннің,

Мен сәби-қиялдарға тербелдім мың.

...Сонда апам омырауынан аңқушы еді-ау,

Жұпары Күнікеймен де терген гүлдің.


Ол кезге енді қайтып бармасам да,

Әлде бір ескі елеспен жалғасам да -

Апамның иісін аңсап...

Мұңға батам,

Сағынам Күнікейді анда-санда.

Кіндікжұрт


Қазанында ежігей құрт қайнаулы,

Желісінде мама бие байлаулы.

Қаражонда біздің Жалғызқарағай-

Онда нағыз жәннаты еді жайлаудың.

Күлік өңшең жігіттердің мінгені,

Қашан көрсең, жарқылдасып жүргені!

Шамырқанып алатұғын шалдар да,

Көрші ауылға көкпар кеткен күндері!

Қазақы ер – басы еді мүлкінің,

Онсыз тіпті өтпейтұғын бір күні.

Жататұғын шұрқырасып, табысып,

Жусауындай ғұмыр кешіп жылқының.

Жүздерінен тамып жұрттың иманы,

Бірлігіне, тірлігіне риза-ды.

Шешелерден көріп өскен ізеттік-

Бойжеткеннің жүкпен қоса жиғаны.


Көше қалса көлікті еді артқаны,

Жарлысы да жалғыз айыл тартпады.

Бүкіл ауыл бір құлақ боп тыңдайтын,

Сөз бастаса пайғамбардай қарттары.


Тойбастарда әуелейтін ән-күйі,

Домбыраға көрген емес шаң тиіп!

Көз де салмай көлденең көк аттыға,

Маң төбеттер жатушы еді маңқиып.

Тағдыр мені сол ауылға матады,

Бір сағыныш жанға ауыр батады.

... Түсімде ылғи жүген-құрық тимеген,

Сайгүліктер ағып бара жатады.

Қаражон. Наурыз айы…

Қар кете Қаражонда көк қылтиды,

Қайнарда ескі шалам – шөп кілкиді.

Қайыс бау қара домбыраны қолына алып,

Қарт күйші тартты бүгін тек бір күйді.

Келтіріп бабына әбден құлақ күйді,

Әуезді шашау шыққан бұрап тыйды.

Ал, сосын тоғыз тарау асау бұлап,

Жамырап көл-шанаққа құлап құйды.

Күй басы қыз-көктемнің көйлегі боп,

Баратты бірте-бірте ой легі үдеп.

Сүйегін ұт балқытып балбыраған,

Қайыс бау қара домбыра сөйледі кеп.

Қоңыр үн қой ішектен қоздап ағып,

Қанатын жатты құстар жазға малып.

Жөңкіген топан селге тоғытылды,

Торы ала тоғыз перне тозған арып.

Тыншытпай көбең көңіл – жан асауын,

Қыр кезіп жүйткіді кеп бала-сағым.

Шарбақта боталаған тұмса інгеннің,

Көзінде сәуле ойнайды ала-шабыр.

Көп тентек тапап қуып «таз баланы»,

Ұрланып асық атып... мәз болады.

Түстікте кәрі көкірек Тәңіртаудың,

Қаракөл бұйра бөркі қозғалады.

Осы қарт – қисайғанда сүйенерім,

Осы күй – тағдырыма ие менің.

Қарт күйші дегенім ол –

Қаражон ғой,

Әз наурыз –

Сонда тартқан күйі еді оның.

Қаракөз түн – ғашығым

Жалған десін қалайша жалған мұны,

Маған онсыз жалғанның арзан мұңы.

Мен онымен кезіккем жалғыз мәрте,

Сөлкебайы үзіліп қалған күні...

Ол жылаған: тағдырға налып, бекіп;

Мен күлгем: шайтан түртіп шабытты етіп.

Сонда оның қара зер омырауынан,

Жұлдыз моншақ тұрды әнтек тамып кетіп...

«Біз, тегі, осы сәтті тілемей ме ек,

Қарағым, қаракөзім, міне ғой!» деп-

Мен оны бастан-көзден сүйе бергем,

Сүйе бергем мен оны сілемейлеп.

Шыдамай бойда қаным тасығанға,

(Мен, сірә, әлде неге асығам да) -

Ернінен, тамағынан өпкем оны,

Жұпар иісі аңқыған шашынан да...

Сәлден соң көк шалғынға құлағанбыз,

(Бұған дейін қалайша шыдағанбыз)?!

Ол мені ұйқысырап қысып қойды,

Әзірше қоштасудан дін-аманбыз.

Төсеніш ол – торқадай топырақтан,

Жамылғымыз жап-жасыл жапырақтан.

... Қалғып кетсем керек-ті.

Алдымда тұр

Аузы-басы қисаймай ақымақ таң!

Жалған десін қалайша жалған мұны,

Сөлкебайын жоғалтып алған күні-

Оның барлық қуаныш-қайғысының

Жанарыма жазылып қалған мұңы.

* * *

Мезгілдің жеміріліп желкеніне,

Айналып барады өмір ертегіге.

Сені де мұжима әр кез осы уайым,

Неге-дүр мұңаясың, еркем, Іле?!

Алтынжал арнаң лықсып тасымайды,

Ол неге жан жарамды қасымайды?!

Жағаңда үнсіз ғана батам мұңға,

Маған да, білесің бе, осы – қайғы.

Айнала бұлақ құйған ару Іле,

Дертіне бар тірліктің дәру Іле,

Құлқыны құрдым болған қу заманның,

Не десек рауа енді «зәруіне»?!

Таусылар тағдырдың да мың сынағы,

Бар шығар төзімнің де бір шыдамы.

Соны ойлап... Көкірегімде іштен тынып,

Менің де армандарым тұншығады.

Еркем Іле,

Өкініш өкінтті не, өртеді не?!-

Бәрібір... Ғасырлардан ағып өтіп,

Біз де айналып кетеміз ертегіге.

Қара да тұр!

Наурызкөк

«Ежелден ықтап қонған бауымыз»- деп,

Әдеиі қыран-қазақ тауын іздеп-

Қондырып жас көктемді қанатыңа,

Хош келдің, айналайын наурызкөк!

...Қыс тоқсан бу боп ұшып белден белге,

Қыбырлап жан кіретін ел мен жерге.

Нар адым күн де ұзарып қалатұғын,

Құйттай құс, құлдыраңдап сен келгенде.

Сенімен бірге қағып жыл қанатын,

Серпіліп сеңдей ауыр мұңнан ақын,

Жүз үміт мың кеудеге ұя салып,

Дүркіреп дүн-дүние нұрланатын.

Жанында жас келіннің келі тулап,

Шопанның күйек түспей төлі шулап,

Үйіккен өлекшіндей ұлитын кеп,

Боз таңнан бүлкілдеген бөрі сырғақ.

Үрпек ай ұясынан тыста қапы-

Үрпиіп үркер ауған тұсқа батып...

Аспаннан түскен мың-сан періштедей,

Жауатын жапалақтап Құсқанаты!

...Сен келдің сеніміме сеп болғандай,

Деміңнен табиғатқа леп қонғандай.

Менің де кеуде тұсым бір солқ етті-ау,

Оралмас балалығым кеп қалғандай!..

Тірліктің несібелі дәмін іздеп,

Хош келдің, айналайын наурызкөк.

Сенем мен:

Қара тас та балқиды енді,

Шалқиды ел ырысы ақ уыз боп!

Домбыра

Сен туралы әлі айтылар аңыз көп...

Көкірегіңе кімдер қандай тамызды от?!-

Мен білмеймін.

Бірақ, мына жалғаннан

Таба алмас ем сенсіз мағына, мән іздеп.

Екі шегің – екі дүние мысалы,

Бірінен нұр, бірінен мұң ұшады...

Сенсіз мүлде бос қалатын еді ғой,

Қазекеңнің күйге толы құшағы!

Керексе етіп бар байлықты, бар бақты,

Ата-қазақ сені мықтап қармапты...

Ел басына екіталай күн туса,

Ермен бірге сен көтердің салмақты!

Сондықтан да өнерге етіп иелік,

Күмбір қағып өскен халық күй еміп-

Армай жетті алмағайып заманнан,

Сенің нәзік тиегіңе сүйеніп...

Күй ақтарып, зияттанып сөйлесең,

Сенде нағыз арман – азат , ой – көсем.

Кешір мені!..

Сондай сәтте қызынып-

«Айда!»- десем,

Есерленіп «сой!»- десем.

Қүдіреті-ай сенің қоңыр үніңнің,

Қоңырайсам, соны тыңдап жылындым.

Құдайдан соң,

Құдая-шын,

Домбыра,

Сенің ғана құлақкесті құлыңмын!

Бір қазақтай мен де сені сүйемін,

Бір басымды саған ғана иемін!

Қос ішекпен қоңыр елді тербеген,

Сен аман бол, бейіс лептім, киелім!!!

Қадыр-хикмет

Тұрқы тұлпар мүсінді,

Сырты сұңқар пішінді,

Хикметтей кісіңді,

Жұрт та солай түсінді.


Ол сүйреді өлеңді,

Дәуір оны көтерді.

Еңбегі де

Беу, енді

Құмырысқадан бетер-ді!


Петефиден, Назымнан

Тәржімалап терледі.

Және өзі жазудан

Елге “есе” бермеді.


Жүмекенге таңғалып,

«Талант!»деді,
«Ер!» деді.

Атақ- даңқты

«Аңғалың»-

Көре тұрып, көрмеді.


Заманының балына

Батырмады бармағын.

Арманының жалынан

Ажырамады-ау саңлағың!


Қыдырғанмен қырымға,

Ұстамады шөлмекті.

Ұмсынбады шылымға,

Уақыты өлмек-ті.


Бір жүрекпен толғана,

Мың жүректі тербеді.

"Аз” боп тұрды сонда да

Берерінен бергені!


Көрмей білген тысыңды,

Айтпай сезген ішіңді,

Асықтай-ақ кісіңді,

Ақын деді ел күші ырғын.


Қызмет пен тұрмысқа

Шегелену – сол шемен,

Жазу дейтін “қылмысқа” -

Батты ол солай белшеден!


Жатпады жыр күй тілеп,

Жаңа парақ – әр ақ таң.

Осы – «қадыр-хикмет»,

Ақын өзі жаратқан!

Жирен атты Жұматай


Сіздей ақын тумайды енді адамнан,

Сіздей аға болмайды енді өлеңде…

Гүлнәр Салықбай


…Ондай аға болмайды енді өлеңде,

Өмірде де болмайды ондай Ләйла қыз...

Жердің бетін кетті шарлап дегенмен,

Жирен атты ақын қазақ жайлы аңыз.


Домбырадан күйлер төгіп не ғажап,

Өмірден кіл бегзат-өлең есіпті.

Жүз жылда бір туатұғын со қазақ,

Асқақ, сұлу, мөлдір ғұмыр кешіпті.

Әй, өзі де жошын екен тұқымды-

«Күйші сұлтан, тарихшы бек жиені».

Бақтыбайдың домбырасы сықылды

Онікі де бопты дейді киелі…

Мәжнүн болып құзырына Ләйланың-

Жүз қаралы төлеңгітін жаудырып,

Тіптен қайтпай қойыпты.

Үйде

Зайданың

Айлап, жылдап алиіндігін аудырып…


Сөйткен ақын кетті күліп ғарышқа,

Кіл кещенің тірлігіне шыдамай…

Өр рухы болашаққа қарыштап,

Қалды мұнда бес күн дәурен бұлағай.

Мен күніне сол ағаны сағынам,

Жүрегімде қорғасындай мұң ұйып.

… Әне, анау құсжолының жанынан,

Жарқырап тұр қара алмас көз жымиып…


Таңдарымды бүлдеге орап күн арай,

Сен де бастан өтерсің-ау, беу, жазым!

... Нағыз ақын жирен атты Жұматай,

Ал, музаны ару Ләйла деу ләзім.

Қызыл жыңғыл

(Элегия)

Қызыл жыңғыл!..

Дариға-ай, қызыл жыңғыл,

Нарттай болып жайнайды жүзің гүл-гүл.

...Бір әуенді ойда жоқ бастап алып,

Әрі қарай айта алмай... үзілдім құр.

Ұлы дала керуені кенерелеп-

Келген бойда тастапты-ау сені өрелеп.

Қосыларсың қай күні-

Запы болған

Онсыз-дағы боздауық келеңе кеп?!.

Өркен жайдың қасқайып құба құмға,

Құба құмда құмығып жыладың ба?!

Сені көріп

Жаңғырып тұрып алды-ау,

Бір мұңды зар сыңсып кеп құлағымда.

Сол адасқақ зарлы әуен,

(Неге керек) -

Жүрегімді жатқандай селебелеп...

Бейпіл кеткен бедеу құм безереді,

«Тағдырыңа ендігі мен еге!»- деп.

Көрмегендей ал, сенің көзің бұлау,

Қырмызыдай құлпырған кезің мынау.

Осыныңа аң-таң қап әлі тұрмын,

Үндемейсің, оу неге, төзімдім-ау!..

Құлжа

Азамат боп қосылам деп қатарға

Қаражоннан шыққам жалғыз сапарға.

Менің балаң армандарым бүр жарды,

Құлжа дейтін шайыр өсер шаһарда.

Он алтыдан асқан онда өндір ем,

Шатағы жоқ шекпендімен, шендімен.

Ойда-жоқта өзегіме от түсті,

Жанары нұр, жамалы гүл меңліден.

Мақтымқұлы мақамындай көк тілген,

Меңліге арнап жырлар жазып от тілмен,

Жүректі алғаш дір еткізген сол қыз бен-

Құлжаны да құлай сүйіп кеттім мен!

Осы қала болған солай жыр-таған,

Кездерімде бұрқаған да, шырқаған-

Достар ара ішкен аздап шараппен,

Шындыққа да жақын тұрдық бір табан.

Құлжа дейтін шайыр өсер шаһарда,

Ақын болып қосылғасын қатарға-

Анда-санда Қаражонды бетке алып,

Шығам жалғыз сағынышты сапарға.

Дәулеткерей. «Құдаша»

Күз күні қырдан асып нартқа оранды,

Жапанда мүлгиді кеп қарт тораңғы.

Бапастың домбырасы бауырын жазды,

«Құдаша-ау, жастық дәурен артта қалды!..

Алатын әзілден әр, көрік дудан,

Апырмай, қайда сол кез желік қуған?!

Асығып арман-атпен алға озғанда,

Жеріміз осы ма еді келіп тынған?!

Күйімді тартқызбай-ақ білер, телім,

Сырымды айтқызбай-ақ жүрер, теңім.

Кешегі жалт ойнаған жанарыңды,

Қалайша жаба қалған кіреуке-мұң?!

Жан едім жалғаныңа мұңаймаған,

Мол берді қалауымды құдай маған.

Жалғыз-ақ, жас дәуреннің жәрмеңкесі-

Мұндай тез тарқайды деп кім ойлаған?!

Өткіздік алуа таң мен кешті керім,

Бір арман көкейімді тесті менің.

Шығармай күйден шашау жүрген шақта,

Білсемші сұлулықтың ескірерін...

Міне, енді өзектегі бұлқынысты-

Өрттей боп өкініштің бұлты қысты.

Кеудеме кетпестей боп ұя салған,

Жастықтың жасыл құсы үркіп ұшты!

О, жастық!

Қайран жастық!..

Мәңгі жаса,

... Мен бүгін айта алмаспын әңгіме аса.

Сондықтан, бұлғақтаған бұла күннен,

Арнаған күйім осы, жан құдаша!..»

«Көзқарасу» – ойын аты

Білмейміз кім жағынан мойындалды,

Сол жылдар сондай да бір ойын бар-ды...

Құрбы қыз ойда-жоқта бастап беріп,

Жап-жақсы «Ханталапай» жайын қалды!

Отырмыз шарт жүгініп қызға қарап,

Әркім-ақ өзін қайсар құзға балап.

Әуелі шартын айтқан

Сық-сық күліп,

Сылқым қыз сыр бермейді сыздана қап.

Боранбай дөң-қабағын салқын түйсе,

Бақтияр сергіп салған аңшы итінше.

Онсыз да жұмылуға шақ қап отыр,

Кеңестің “кәріс көзі” сәл кілтисе.

Мен де бір дүрмекке ұшқан “соқыр қарға”,

Күдігім жанарымнан от ұрлауда...

Ойынды ұрыншақ қыз кетті бастап,

Осылай әрі-сәрі отырғанда:

- Мың қойым бар, бағасың ба?

- Йә, бағам!

- Қасқыр келсе, қорқасың ба?

- Жоқ...

- Кәні, пу у-уу!

- !..

О баста-ақ жеңілмеуді мақсат біліп,

Намысын бөріктінің жатсақ та ұғып-

Бір-бірлеп біздер шетке шыққан сайын,

Сайтан қыз мәз болады сақ-сақ күліп.

Біз солай бұзып жаттық “сертімізді”,

Ойынның онан сайын көркі қызды.

Әйтеуір, қысылғанда-

Құдай оңдап,

Боранбай қорғап қалды бөркімізді!..

Бауырында жарқ-жұрқ етіп өмір аунап,

Алға озды уақыт-тұлпар омыраулап.

Міне, енді сол күндер де алыстаған,

Қу қыздың күлкісіндей қоңыраулап.

* * *

Сам жамырап келеді, сам жамырап,

Жымяды жұлдыздар жанданып ап.

Күнде мұңға шөлдеген, түнде нұрға,

әлдеқайдан сыңсиды ән-маңырақ.

Әлдеқайдан сыңсиды маңырақ-ән,

Еркіңнен тыс жаныңды жадылаған.

Сай сүйегің сырқырар сұмдық үні,

Сиқырлайды бойыңды тағы жаман.

Сыңсиды кеп тылсым үн,

Сиқырлайды,

Кейде кенет кілт тоқтап, тың тыңдайды.

Шыңырауға шым батып...

Сосын қайта

Бебеулейді,

Безілдеп тұр-тұрлайды.

Сам жамырап келеді, сам жамырап,

Әлденені аңсайды жан қаңырап.

Екі көзі қанталап,

Талқысыған

Беймаза түн түреді таңға құлақ.

Сам жамырап келеді...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар