Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Мұрат Әуезов туралы он дерек...

28.06.2018 21743

Мұрат Әуезов туралы он дерек

Мұрат Әуезов туралы он дерек - adebiportal.kz

1.Мұрат Мұхтарұлы Әуезов – 1943 жылы қаңтар айының 1 жұлдызында Жамбыл облысы, Меркі кентінде дүниеге келген.

2.Ол – мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тарлан сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, ҚР Журналистика академиясының академигі, заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің баласы.

3. Ғалымның туған жері Меркі ауданы — Жамбыл облысының 10 ауданының бірі. Қазақстан Республикасының оңтүстік шығысында, Алатаудың бөктерінде орналасқан. Шығысында Қырғызстан Республикасының Шу облысының Жайыл ауданымен, солтүстік-шығысында облыстың Шу, солтүстігінде Мойынқұм, оңтүстік-батысында Рысқұлов (бұрынғы Луговой) аудандарымен шектеседі.

4.Ғалым М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітірді. КСРО Ғылым Академиясының Әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты дәрежесі үшінгі диссертацияны қорғады. Қазақстан Журналистика Академиясының 27.02.2007 жылғы жалпы жиналысы арқылы академияның толық мүшесі болып сайланды.

5.Мұрат Әуезов «Қазақфильм» киностудиясында бас редакторы (1981-1987), Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі Алқасын басшысы (1988-1990), Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі (1990), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Кеңес Президумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі Комитеттің төрағасы (1990), Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры (2003-2006) секілді жоғары қызметтерді атқарды.

6. Мұхтар Әуезовтің қолтаңбасы, түскен барлық құжат, көркем мәтіндер, жазбалары қазақ үшін асыл құндылық екені белгілі. Сондықтан, кемеңгер жазушының сүйікті ұлына деген өлшеусіз махаббатын мәлім­дейтін бір-екі мәтінді ұсынуды жөн көрдік. Мұхтар Әуезов баласына жазған хатында: «…Мұратай! Айналайын жақсы балам. Тілі тәтті, өзі тәтті Мұратайым. Сен мені сағындың ба, мен сені көп ойлап, көп сағынам. Қашан тағы көрер екем деп ойлаймын. Енді көргенде Мұратайым маған тағы қандай әндер айтып берер екен деп ойлаймын. Сен әнді жақсы айтушы едің. Осы күнде тіпті көп өлең, ертегі білетін болған шығарсың.Үйрене бер. Ең болмаса харіптер үйрен. Тәтеңе айтып маған өзің де хат жаз. Жаздыгүні мен саған велосипед әперем, алдамаймын, айналайын жаным. Ал, бетіңнен, көзіңнен сүйдім. Хат жазған ағаң. 4.ІІ.48 ж», – десе, енді бір хатында: «…Айналайын, Мұратайым! Сенің тәтеңе ерік бермей, маған хат жазғызғаныңа мен соншалықты қуанамын. Сен ақылды болып келесің. Ағаңды ойлағаның сол ақылды болғандығыңнан. Енді бұдан былай аз аздап сабақ та оқи беру керек. Тәтең саған жеңіл, жеңіл кітаптар оқып беретін болсын…», – деген сөздерінің өзі даналықтың дәнегіндей, тағлым мен тәрбиенің төресіндей.

7. Мұрат Әуезовтің жастарға айтқан ақылы: «Ұлтжандылық деген бұл – Ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұр­ландырып, жігерлендіріп жібереді. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек. Ол үшін нағыз білім болуы керек. Тек диплом алу үшін білім қуудың қажеті жоқ, білімнің ұшан-теңіз тереңіне бойлай білуіміз керек. Алаштың азаматтары «Сегіз қырлы, бір сырлы» болған. Сыры - осы ұлтжандылық. Олар нағыз қазақ бола білді. Біз қазақтығымызды жүрегімізбен сезінуге тиіспіз. Өйткені заман – қатал».

8. Қаламгердің «Өнегелі өмір» сериясымен жарыққа шыққан кітабында өмірбаяндық мәліметтер, таңдаулы туындылар, замандастары мен әріптестерінің естеліктері, сонымен қатар мұрағаттық деректер мен әр жылдағы суреттер көрініс тапқан.

9. Кітаптары: «Ділім», «Үлкен жол», «Гүл іспеттес жол», т.б. деректі фильмдердің, «Времен связующая нить», «Иппокрена. Хождение к колодцам времен».

10. Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолын кеңінен насихаттау үшін заманауи көзқарасқа сай жан-жақты зерттелген шығармаларға қажеттілік туындайды. Қазақ және түрік әдебиеттанушыларының бірігіп жүргізетін зерттеу жұмыстары бұл кемшіліктерді азайтып қана қоймай, Мұхтар Әуезов және оның әдеби шығармашылығының сапалы түрде аударылып, жариялануына септігі тиер еді. Осы тұрғыдан алғанда Мұрат Әуезовтің түрлі философиялық ой-пікірлері мен тұжырымдамалары бүгінгі таңда өзекті болып тұр. Асылдың сынығы ретінде ол кісінің әрбір сөзі мен ісі жас ұрпаққа үлгі болуы тиіс.

Әзірлеген БІРЖАН АХМЕР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар